1. Ресей демократиялық Федеративтік Республика болуы керек, оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз әрекет етеді. 2. Қазақтар тұратын аймақтардан құралған автономия Ресей Федеративтік Республикасының құрамды бөлігі болып табылады... 3. Ресей Республикасында тең праволылық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар еріктілігі болады. 4. Дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең праволы... қазақтардың өзіндік муфтийлігі болуы керек... 5. Билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажетті, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі міндетті... 6. Білім алу — барлығының ортақ игілігі. Бүкіл оқу орындарында білім алу — тегін. Қазақтардың өз тіліндегі орта және жоғары оқу орындары, университеттері де болуы керек. Бұл бағдарлама 5—12 желтоқсанда өткен Бүкілқазақтық екінші съезде құпталынып, осы құрылтайда ұйымдастырылған Алашорда үкіметінің негізгі заңына айналды. Сонымен 1917 жылдың аяғына таман Қазақстан прогресс жолында талай жетістіктерге жетті және ұлттық төл мәдениетті дамытуға мүмкіндік алды. Қазақ рухани мәдениетінің сол тұстағы деңгейінде «Алаш» қайраткерлері алдыңғы қатарда тұрды. Кейін тоталитарлық жүйе оларға әдейі «контрреволюцияшыл-ұлтшылдар» деп жала жапқан. Алайда большевиктер орнатқан тоталитарлық жүйе қазақ халқының (Ресейдің басқа халықтарының да) азаттық алу, мәдени өркендеу мүмкіндіктерін құлдыратып жіберді. XX ғасырдағы ең сұмдық қылмыстардың бірі Кеңес Одағында жасалды. Тоталитарлық жүйе өз халқына қырғын салып (геноцид), оның этномәдени тұтастануына орасан зиян келтірді. Адамзаттың бүкіл тарихында ешбір саяси өзгеріс нақ осындай сүргінге әкелген жоқ. XX ғасырдағы екі социалистік эксперимент (фашистік ұлттық-социализм және коммунизм) 100 миллионнан астам адамды қырды. Этнобірігу және мәдени эволюцияны бекерге шығаратын большевиктік идеология мен практика бұрынғы Ресей империясы топырағындағы халықтардың ғасырлар бойы жинақталған мәдени құндылықтарын талан-таражға салды. Бұл, әсіресе, қазақ тағдырынан анық көрінеді. Ұлттық-мәдени тұтастануға кеселін тигізген төмендегідей большевиктік тәжірибелерді атап өтейік:
1. Демографиялық геноцид. Белгілі демограф Мақаш Тәтімовтың есептеуі бойынша, тоталитарлық жүйе кезінде қазақтар шетелдерге біржолата көшіп кеткендерін қоса санағанда 4,5 миллион адамынан айрылған, яғни бүкіл халқының үштен екісін жоғалтқан. «Проценттік қатынаста, — дейді М. Тәтімов, — Қазақстан қасіреті Батыс Армения қасіретінен, Еуропадағы фашизмнің еврейлерді жоюынан, Камбоджадағы зұлматтан да асып түсті». (Демографиялық кескін — Қазақ, 66—67-бет). 2. Этномәдени экспанция. Патшалық Ресей империясы бастаған миграциялық саясатты Кеңес өкіметі де дәйекті жүргізді. Геноцид нәтижесінде қаңырап бос қалған кең дала келімсектермен толтырылды. XIX ғасырдың ортасында өз жерінде 92%-ін құраған жергілікті ұлт өкілдері 1959 жылғы санақ бойынша 29%-ке дейін төмендеді. Мұның өзі 1916 жылғы қырғынның, азамат соғысының, Ф. Голощекин жүргізген «Кіші Октябрь» саясатының, 30-жылдардағы аштықтың, тың және тыңайған жерлерді игеруге сырттан жүз мыңдаған бөгделердің келуінің салдары екені белгілі. Этномәдени экспанция: «феодализмнен социализмге бірден секіру» үшін аймақты индустрияландыру қажет, ал бұрынғы көшпелілер техникаға жетік емес, сондықтан орталық аудандардан кәсібилерді шақыру керек дегенді желеу еткен. Мигранттардың көптеп көшіп келуі қазақтардың дәстүрлі мәдениетін шайқалтып, оның өрісін тарылтты. Әрине, этномәдени экспанцияның жағымды жақтары да болды (білімділік деңгейінің көтерілуі, экономикалық даму, мәдени диалог т.б.). Алайда таразының екі басы тең емес еді. .