Екі мембраналы органоидтар: Митохондрия ұзындығы 1,0 – 7 мкм болатын, клеткадағы саны 50 – 1500 - ге дейін жететін ұсақ денешіктер. Митохондрия қабығы екі қабат мембранадан тұрады. Ішкі мембрана митохондрияның ішкі қуысына қарай бағытталған көптеген қатпарлар мен өсінділерден түзіледі. Бұл қатпарлар кристалар деп аталады, (латынша “криста” - өсінді). Митохондрияның құрамында ақуыздар (65—70% құрғақ салмағының) липидтер (25—30%), нуклеин қышқылдары (ДНҚ, РНҚ) витаминдер және т. б. енеді. Митохондрияның құрамына енетін ақуыздардың көпшілігі — тотығу процесін қамтамасыз ететін, матриксінде және ішкі мембраналарында орналасқан ферменттер. Митохондриядағы ферменттер жасушаның тыныс алуына қажетті ферменттер болып табылады. Митохондрияның матриксінде «Кребс» цикліне қатысатын ферменттер шоғырланады. Ішкі мембранасында электрондарды тасымалдайтын тізбек және фосфорландыру процесіне қатысатын тасымалдау ферменттері орналасады. Митохондрияда органикалық субстраттардың тотығуы және АДФ фосфорлануы нәтижесінде АТФ синтезделеді, сондықтан да митохондрияны жасушаның күш беретін станциясы деп атайды.
Пластидтер тек өсімдік клеткасының цитоплазмасында болады. Бір клеткада 20 – 100 – ге дейін пластидтер болады және олар таяқша, қабыршақ немесе түйіршік тәрізді болады. Мөлшері 1 – 12 мкм аралығынд болады. Пластидтер балдырлардан бастап жоғары сатыдағы өсімдіктерге дейін тән органоид. Пластидтердің клеткада орналасуы, пішіні, көлем, саны, оларға түс беретін пигменттердің құрамы, олардың органикалық заттар түзу қабілеті клеткалардың ерекшеліктері мен өсімдіктердің даму сатысына байланысты.
Пластидтердің негізгі қызметі - өсімдіктерге түрлі түс беру.
Пластидтер:
Хлоропласт – өсімдікке жасыл түс береді. Олар өсімдіктер жапырақтары мен басқа да жасыл мүшелерінде болады.
Хромопласт – өсімдікке түрлі түс береді. Олар өсімдіктердің гүлінің, жемісінің, сабағы және жапырақ клеткаларының цитоплазмасыда болады.
Лейкопласт – өсімдіктің түссіз бөліктерінде: сабақ, тамыр, түйнек клеткаларының цитоплазмасында болады.