Адам өмірінің мән-мағынасы жөнінде арнайы еңбек жазып, құнды пікірлер айтқан ХХ ғ. өмір сүрген австриялық ұлы ойшыл В.Франкл болды. Ол бүгінгі адамның өмір ахуалына тоқтала келе, оның қиындығы жайында сыр шертеді. Бүгінгі адам жануарлар сияқты түйсіктің, кешегі қоғамдағы сияқты әдет-ғұрыптың талабына сай өмір сүре алмайды. Сондықтан ол басқалар сияқты болғысы келеді (конформизм), немесе басқалардың айтқанын істейді (тоталитаризм). Ол оның рухани дағдарыста екенін, өмірдің мән-мағынасын әлі таба алмағанын көрсетеді. Нәтижесінде, адам «экзистенциалдық вакуумға» (өмір сүрудегі мәнсіздікке) келіп тіреледі. Ондай адам әлеуметтік ауытқушылыққа ұшырауы мүмкін. Олар: нашақорлық, ішімдікке салыну, қылмыстыққа бару, құдайды іздеу жолына түсу, өз-өзін өлтіру т.с.с. Батыс қоғамында кең тараған жалған көзқарас ретінде В.Франкл өмір мәнін байлықтан іздеуді келтіреді. Мысалы, әке-шешесі өз баласына барлық жағдайды жасап, не қалағанын алып береді де, оның алдындағы өз борышын орындағандай сезінеді. Ал ол баланың ішкі жан дүниесі қандай, кім болғысы келеді, нені қиялдайды т.с.с. – оған көңіл бөлуге олардың қолдары да тимейді. Ақырында, киімі көк, тамағы тоқ бала көзді ашып-жұмғанша ересектік сатыға келеді. Балалық қиялдарының бәрі артта, ерекше тұлғалық дәрежеге көтерілген жоқ, өмірден өз орнын таба алмай қалды. Не істеу керек? Бұл сұраққа ол жауап бере алмайды. Бұл қиын ахуал кездейсоқ біреудің есірткі ұсынуымен аяқталады. Ол оны қабылдап, өз армандарын орындаған сияқты тәтті сезімге бөленеді. Ішімдік – аз уақыт болса да «ащы шындықтан қашуға» тең нәрсе. Мұндай сараптауды жалғастыра беруге болар еді.. Әңгіменің қиындығы – өмірдің мән-мағынасын тудыруға, жасауға болмайды, оны тұлға өзі іздеп тауып алуы керек. Бұл дүниеде өмірге келген әр адамның өз орны бар, сондықтан әркімнің өмірінің мән-мағынасы да өзгеше. В.Франклдің айтуынша, бұл өмірде әр адамға өзіне керек іс тауып, қайсыбір ахуалдың шеңберінде өмірлік мән-мағынаны ашуға болады. Біреу өмірінің мән-мағынасын балаларын жеткізуден, екінші – табиғи дарынын ашудан, үшінші сүйген адамы үшін өмір сүруден т.с.с. көруі мүмкін. В.Франклдің ойынша, жалпылай келе, өмірлік мән-мағынаны үлкен үш топқа бөлуге болады. Оның ең биігі – шығармашылық құндылықтарға жету, яғни тарихта бұрын-соңды болмаған жаңаны тудыру. Ол үшін, әрине, табиғи дарыннан тыс, сол саланы толығынан игеріп, шыңына жету керек. Ол, негізінен, дегдар топтарға тән нәрсе. Бірақ, кең түрде алғанда, шығармашылық – адамның тектік қасиеті. Сондықтан әр адам өзінше шығармашылық сатысына көтеріледі. Мысалы, талай жылдар гүл өсіріп, осы істі сүйетін адам күндердің бір күнінде гүлдің бір жаңа түрін тудырмай қоймайды. Киім тоқитын көп балалы әйел журналдағы көп өрнектерді игереді де, күндердің бір күнінде өз өрнегін ойлап шығаруы мүмкін. Бәлкім, ол өрнек сән журналында басылмас, бірақ ол шығармашылық деңгейге көтерілді емес пе?! Егер қайсыбір нәрсені бұрынғыдай емес, жаңа жолмен, әдіспен жасасаңыз, ол да шығармашылықтың нышаны болмай ма? Көп жағдайда өз өміріңнің мән-мағынасын жоғалтып алмас үшін, белгілі бір алдыңа қойған мақсатқа жете алмасаң да, соған деген көзқарасыңды өзгертсең болғаны. Оны В.Франкл «құндылықтарға деген көзқарас» деген ұғыммен береді.