129-бап. Жеткізу
1. Жеткізу – адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы.
2. Адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бары расталған жағдайда, қылмыстық қудалау органы осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен ұстап алуды жүзеге асыруға құқылы, бұл ретте жеткізу мерзімі осы Кодекстің 131-бабының төртінші бөлігінде көзделген ұстап алудың жалпы мерзіміне қосылады.
3. Жеткізу мерзімі аяқталған соң, бұдан әрі процестік ұстап алу жағдайларын қоспағанда, адамға жеткізілгендігі туралы дереу анықтама беріледі.
131-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды процестік ұстап алу тәртiбi
1. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлайды, оған қорғаушы шақыру құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екендігін түсіндіреді.
Егер ұстап алынған адам қазақ және (немесе) орыс тiлдерiн бiлмесе не ұстап алу кезінде алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйде не психосоматикалық ауру жағдайында өзіне түсіндірілген құқықтарын барабар қабылдай алмаса, онда күдіктінің құқықтарын түсiндiру одан күдiктi ретiнде жауап алу басталғанға дейiн тиісінше аудармашының (қажет болған кезде) және (немесе) қорғаушының қатысуымен жүзеге асырылады, бұл туралы жауап алу хаттамасында белгi жасалады.
2. Анықтау органының лауазымды адамы, анықтаушы, тергеуші осы Кодекстің 129-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде ұстап алу хаттамасын жасайды.
Ұстап алу хаттамасында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) күдіктінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
2) күдіктіні кімнің ұстап алғаны, ұстап алу негізі, уәждері, орны, нақты ұстап алу және жеткізу уақыты (сағаты мен минуты көрсетіле отырып);
3) күдіктінің құқықтары түсіндірілгені туралы мәліметтер;
4) жеке тінту нәтижелері;
5) ұстап алынған адамның денсаулық жағдайы туралы мәліметтер;
6) хаттаманың жасалған уақыты мен орны;
7) ұстап алу мерзімі.
Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, күдікті және қорғаушы (ол қатысқан кезде) қол қояды.
Хаттамаға медициналық куәландыру қорытындысы қоса беріледі.
Адам қылмыс жасады деген күдік бойынша – қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алынуы мүмкін.
Аса ауыр қылмыстар үшін 72 сағат
Достарыңызбен бөлісу: |