Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі


Пайғамбардың үйін торуылдау



бет95/107
Дата21.12.2023
өлшемі1,26 Mb.
#142185
1   ...   91   92   93   94   95   96   97   98   ...   107
Пайғамбардың үйін торуылдау
Алдын – ала жоспарлағандай, әр рудан таңдалған тепсе темір үзетін мықтылар түн ортасы ауғанда ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйін қоршап, торуылдауға кірісті. Араларында Әбу Жәһил, Әбу Ләһаб және Умаййа ибн Халаф сияқты азулылар да бар болатын. Қаскөйлер таңның рауандап атуын, Хазіреті Мұхаммедтің үйінен шығуын күтіп, кірпік қақпастан күзетті. Әдеттері бойынша біреуді үйінде жатқан жерінде өлтіру қорқақтықтың ең масқара түріне жататын.
Мұхаммед (с.а.у.) дұшпан үйінің айналасына мықтап орныққан сәтте сыртқа шықты. Табалдырықтан аттар-аттамас жерден бір уыс топырақ алды да, күзетші қаныпезерлерге шашып жіберіп, “Ясин” сүресінің алғашқы сегіз аятын оқыды. Екі көзі төрт боп түні бойы пайғамбардың үйінен шығуын күткендердің бірде – біреуі оны көре алмады.
Біраз уақыт өткенде қастарына жақтастарының бірі келіп:
“Неғып отырсыңдар, сақадай сайланып? Көздеріңді шел басқаннан сау ма? Мұхаммед (с.а.у.) әлдеқашан бастарыңа топырақ шашып, көз алдарыңда осы үйден шығып кетті”-деді.
Не болғанын түсінбеген мүшріктер бір -біріне қарап, шаң-шаң болған шаштарын қақты. Сонан соң әлгінің айтқанына сенер-сенбестерін білмей, үйге кіреді. Төсекте ұйықтап жатқан адамды көріп:
“Қайдағы шыққан, әне ұйықтап жатыр әлі”-деп, сыртқа шығып таң атқанша тағы күтеді.
Таңертең Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) орнынан Хазіреті Әлидің тұрғанын көргенде қандары бастарына теуіп, ашуын кімнен шығарарын білмей, әбден ызаланады.
“Мұхаммед (с.а.у.) қайда?” деген сұрақтарына Хазіреті Әлидің “мен қайдан білейін, оянғаным жаңа ғана емес пе” деп жауап беруі оларды тіпті ашуландырады.
Хақ Тағала осы оқиғаға қатысты “Әнфал” сүресінің отызыншы аятын түсірген:
Бір кездері сені тұтқындау үшін, өлтіру үшін, сені зорлап еліңнен қуу үшін тұзақ құрған еді. Олар тұзақ құрған сайын Аллаh Тағала олардың тұзақ, айлаларын бұзып отырды. Аллаh – айла жасап, тұзақ құрғандарға қарсылық берушілердің қайырлысы.”

Сәуір үңгірінде
Аллаһ Расулына келер болсақ, өне бойы өнегеге толы тұлға үйінен шыққан беті асығыс Хазіреті Әбу Бәкірге келіп, жағдайды түсіндірді де, апыл-ғұпыл жол азығы мен зәру заттарын алып, жолға шықты.
Бет алыстары – Меккенің төменгі тұсындағы, яғни оңтүстік батысындағы қалаға үш сағат қашықтықтағы Сәуір тауы.
Сыддық досты Аллаһ Елшісінің біресе алдын орағытып, біресе кейін қалып, алаңдап келеді. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.):
“Уа, Әбу Бәкір! Неге менімен қатар жүрмейсің?”- дегенде әзіз жолдас:
“Алды-артыңа көз тігіп, сені қорғап жүрмесем кім болғаным?”- деп, сауалға сауалмен жауап берді.
Екеуі Сәуір үңгіріне жетті. Жұманың түні.
Үңгір айналасында қыбырлаған жәндік жоқ, тып-тыныш көрінді. Бірінші болып қараңғы үңгірге Хазіреті Әбу Бәкір кірді. Ішін тазалап, қиыршық тастарды лақтырып, отыратын орын әзірледі. Үңгірдің майда тесіктерін бел орамалын жыртып бітеген болды. Қалған бір тесікке аяғын тіреді. Сонан соң Пайғамбарымызды (с.а.у.) шақырды.
Мұхаммед (с.а.у.) үңгірге еніп, досының тізесіне басын қойған күйі көзі ілініп кетті…
Біраздан соң Хазіреті Әбу Бәкірдің қуысқа таяған аяғы удай ашыды. Жылан шаққанын білсе де аяулы жанның ұйқысын бұзбайын деген ниетпен тістенген күйі қыбыр етпеді. Бірақ жылан зәрі жанын сыздатқаны сондай, көзінен ыршып кеткен ащы жас тәтті ұйқыдағы Пайғамбарымыз- дың (с.а.у.) бетіне тамып кетті. Сол уақытта шырт ұйқыдан оянған Хазіреті Мұхаммед:
“Не болды саған досым?”- деп, басын көтеріп алды.
“Анам-әкем сенің жолыңда құрбан болсын, уа Расулаллаһ, мазасызданатын ештеңе жоқ. Аяғымды жылан шақты ғой деймін, удай ашып кетті”- деді Хазіреті Әбу Бәкір.
Расулаллаһ мүбәрак түкірігін Хазіреті Әбу Бәкірдің аяғына жағуы мұң екен, Аллаhтың құдіретімен айығып шыға келді.
Мұнан соң Аллаhтың әмірімен үңгірдің қуысына бір өрмекші келіп, өрмек құра бастады. Тура кіре беріске бір көгершін ұшып келіп, ұя салды. Бұлар Расулаллаһ пен оның досы Хазіреті Әбу Бәкірді құрайыштық дұшпандардан қорғауды өз мойындарына алып, күзетке тұрғандай еді.
Сәуір үңгіріне таяу келген мүшріктер:
“Осы үңгірді тінтіп шықсақ қайтеді?”-деді.
Олардың айтқандары үңгірдің ішіндегілерге анық естіліп тұрды.
Жауыздардың бірі үңгірдің аузына жақын келіп, сәл тұрды да, қайтадан кері бұрылды.
“Ішіне үңілсең етті, ақыры қасына барған соң”- деген жолдастарының сөзіне:
“Кіре берісінде жабайы көгершіндер ұя салыпты. Кешелі-бүгінді салынғанға ұқсамайды. Бұл жерге адам қалай кіреді? Ұя бұзылуы керек еді ғой”- деп жауап берді.
Умаййа ибн Халаф та ашуланып:
“Неғып үңгірдің айналасынан шықпай қалдыңдар? Көздерің жоқ па, ана өрмекшінің торына қарасаңдаршы. Атам заманғы өрмек қой ол. Мұхаммед (с.а.у.) тумастан бұрын бар шығар”- деді.
Мүшріктер үңгір маңынан алыстай берді.
Осылайша Аллаһ Тағала жаратқан жәндіктерін – өрмекші мен көгершінді сүйікті құлына күзетшілікке пайдаланғандай еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   91   92   93   94   95   96   97   98   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет