Байланысты: А.Байтұрсынұлы аудармаларындағы көркемдік қолданыс
2 А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ АУДАРМАЛАРЫ 2.1 Тәржімадан туған төл туынды
Мысал — қай халықтың болса да өміріне ыңғайлы ескіден келе жатқан ауызекі әңгімеде, фольклорлық дүниелерде көп кездесетін түр. Өйткені ол —өмірдің қат-қабат құбылыстарын пернелеп жеткізетін өміршең жанр.
Мысал қара сөз түрінде де, өлең формасында да жазыла береді. Әлемдік әдебиет тарихында олар қатарласа дамып, мысалшылардың талант-дарынына қарай кейде прозалық, кейде поэзиялық түрлері көркемдік биіктерге жетіп отырды [7; 1226].
Орыс тілінен қазақ тіліне аударудың алғашқы дәстүрі Ыбырай Алтынсариннен басталады. 1892 жылы Ыбырай аударған "Қарға мен түлкі" ("Ворона и Лисица") атты И.А.Крыловтың мысалы шықты. Осынау аударма И.А.Крылов мысал шығармаларын қазақ оқырмандарына таныстырудың басы болды да, іле-шала қазақ ақындары оның кеп сыр түйген өлең жолдарына көңіл аудара бастады. 1898 жылдары ұлы ақынымыз Абай "Емен мен шілік","Қазаға ұрынған қарашекпен", "Жарлы бай", "Шегіртке мен құмырсқа", "Ала қойлар", "Қарға мен түлкі", "Бақа мен өгіз", "Піл мен канден" атты мысалдарын өз мүлкіміз етті. Бұдан басқа И.А.Крылов шығармашылығына қазақ ақын-жазушыларының ерекше назар аударуының бір дерегі "Дала уалаяты" газетінде кездеседі. "Дала уалаятынын" 1894жылғы 32-санында басылған "Инелік пен құмырсқа" ("Стрекоза и Муравей") мысалын А. Құрманбаев "Құмырсқа мен шегіртке" деп аударып бастырған. 1895жылы 49-санында "Пустынник и медведь" мысалын аударып, оны "Аю мен жапан дүзді мекен қылған жалғыз адамның әңгімесі" деген тақырыппен жарияланған. Міне, осынау жарияланымдар қазақ жазба әдебиетінде мысал жанрының туып, қалыптаса бастауына игі әсер етті.
Қазақ ақын-жазушыларын өзіне тартып, ерекше қызықтырған И.А.Крылов XIX ғасыр басындағы орыс әдебиетінің көрнекті өкілі еді. XIXғасырдың басындағы әдебиетте реалистік желінің өкілі ретінде көрінген, реализм талабына толық жауап беретін шыншылдығы өте басым мысалдарымен әдеби өрісте жаңа қадам жасап, жауап берген Крылов болды. Ол өз шығармашылығы арқылы орыс әдебиетіндегі реалистік тенденцияның берік орын тебуіне игі әсер етті. Крыловтың реалистігі неден көрініс тапты деген сұраққа В. Г. Белинский былай деп жауап береді: "В баснях Крылова сатира делается вполне художественную, натурализм становится отличительною чертою его поэзии. Это был первый натуралист в нашей поэзии" [8; 200 б]. Бұл жердегі сыншының натурализм деген термині өмір шындығын көрсетуін меңзеуі деп ұғынуымыз керек. Жалпы Крылов өз мысалдарында орыс халқының өмірін, орыс адамының характері мен іс-әрекеттерін шынайы суреттей алды. Өмірдің сан қилы қиыншылықтарын қоғамдық қатынастардың жетімсіз дамуымен тікелей байланыста көрсете білді, әр түрлі әлеуметтіктоптарға кіретін адамдардың мінез-құлқы арқылы типтендірілген образдар сомдады. Сонымен қатар, көптеген мысалдарында дворяндық қоғамның тұрмысы мен әлеуметтік идеологиясын, олардың өмір дамуынан артта қалған көзқарасын аяусыз сынады.
Крылов мысалдарының қоғамдық-әлеуметтік мәні бұл жанрдың оқырман арасына кеңірек тарап, қарапайым оқырманға түсінікті де қызықты, астарлы болып келуімен арта түсті. Осынау шағын жанр - ой жеткізудің шағын формасы үлкен мағынаны сыйдырарлық құдіретке ие еді. Сондықтан да: "Басқаларға ұқсап, мысалды тек мысал шеңберінде қалдырмай, оған өткір сатиралық мән берген нағыз данышпан адам И. А. Крылов" [9; 719 б] дейді Белинский Крылов шығармашылығын қорыта келе.
Міне, Крылов мысалдарының осы қасиеттері қазақтың ақын-жазушыларын өзіне тартты.
Мысал жанрының ғасырдан-ғасырға созылған ұзақ өмірінде екі түрлі даму жолынан өткендігі белгілі. "...басня по происхождению своему несомненно двойственна, что ее дидактическая и описательная часть, иначе говоря, поэтическая и прозаическая, часто боролись друг с другом и в историческом развитии побеждала то одна, то другая. ...все время мы имеем в басне два параллельных течения, басня прозаическая и поэтическая продолжают существовать все время как два разных литературных жанра.
К прозаическим басням следует басни Эзопа, Лессинга, Толстого и других. К басням поэтическим Лафонтена, Крылова и их школы" [10; 122 б] дейді өнер психологиясын зерттеуші А. С. Выготский.
Біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда грек халқының көптеген мысалдарын қара сезбен жазып кеткен грек мысалшысы Эзоп десек, оның көптеген мысалдарын біздің дәуіріміздің I ғасырында римдік Федр, II ғасырында Бабрий (ол да римдік) дамытса, XVII ғасырда өмір сүрген француз Лафонтен, XIX ғасырда орыс мысалшысы Крылов бірін-бірі дамыта байытып, бір-бірінен үйрене отырып, өз халқында барды алып және жанынан қоса отырып, мысалдың сюжетін дамытып, арнасын кеңейтті. И. А. Крылов өзінің 33 мысалының таза аударма екенін ашық мойындайды. Ал жоғарыда аты аталған мысал жазушылар мысалдарындағы сюжет ортақтылығы көп дәлелді қажетсінбейді. Мәселен "Түлкі мен жүзім'', "Өгіз бен бақа", "Сүйек тістеген ит" т.б. мысалдарда Эзоп, Федр, Бабрий, Лафонтен, Крыловтарда ортақ бір сюжет болғанымен, белгілі өзіндік шешім, өзіндік реңк бар.
Ахмет Байтұрсынұлы мысалдарын қарастырған кезде біз оның өзіндік ерекшеліктерін тануға ден қоюымыз керек. Ахаңның Крылов мысалдарына ерекше назар аударып, жеке жинақ етіп шығаруы мысалдың ұлттық салт-дәстүрде, ауыз әдебиетінде терең із тастауында жатса керек. Эзоптан калған дейтін ("Түлкі мен жүзім" атты) мысалдың қазақ арасында өзгеше бір нұсқасы бар. "Шаңырақта асулы тұрған етке мысықтың аузы жетпей мысы құриды, сонда ол: "Өзі жасық, өзі сасық, осы етті кім жесін" деп, менсінбей жүріп кетеді. Бұл тәрізді прозалық мысал үлгілері қазақ арасында жиі кездеседі. Олардың көбі кейін аңыз әңгімеге айналып, өзінің алғашқы мысалдық өткірлігін жойып та алады. Мәселен, түйенің бойына сеніп жылдан қалуы қазір андар арасында жылға таласу негізінде сақталса, алғашында түйенің аңқаулығына негізделген мысал ретінде өмірге келгенін аңғару қиын емес. Кейде мысал өзінің дидактикалық, моральдық мәніне қатысты ең қысқа нақтылыққа жеткізіліп, қанатты сөзге, мақал-мәтелге айналып кетіп отырады. Мысалы, "Аспандағы еттің сасығы-ай", "Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты" деген мәтелдер айтылған сәтте, тыңдаушы оның арғы түкпірінде қандай оқиға бар екенін, неге қатысты айтылғанын бірден ұға қояды.
Мысалдың теориялық негізін салушылардың бірі Лессинг "Қысқалық — мысалдың ұтымдылығы" деп, прозалық мысалдың бір ерекшелігі оның қысқалығында жатқанын анықтап кетеді.
Прозалық түрде дамыған мысал табиғатын поэзиялық нұсқаға түсіріп, шартын алғаш бұзған — Федр. Ол өз мысалдарын римдіктерге тән қысқалықпен жаза отырып, өлең жолдарымен жеткізді. Ал мысалды өзгеше поэтикалық жанр ретінде қалыптастырған және дамытқан Лафонтен мен Крылов болды. Бірақ мны кейбір зерттеушілер, мәселен Лессинг пен Потебня, аса құптай қоймайды. "У древних басня принадлежала к области философии, и отсюда ее заимствовали учителя риторики. ...Лафонтену удалось сделать басни приятной поэтической игрушкой..." деген Лессингтің ойын "...И в самом деле — басня, бывшая некогда могущественным политическим памфлетом, во всяком случае сильным публицистическим орудием, и которая, несмотря на свою цель, благодаря даже своей цели, оставалась вполне поэтическим произведением, басня, которая играла такую видную роль в мысли, сведена на ничто, на негодную игрушку" [11; 25-26 бб] деп Потебня бекіте түседі. Бұл қос пікір екі ұлы мысалшының шығармашылығына қатысты айтылған. Алғашқысы Лафонтенге, соңғысы Крыловқа бағытталған. Бұл, әрине, екі зерттеушінің көбіне-көп прозалық мысалға баса назар аударғандығынан туындаған пікір екендігі даусыз. Жоғарыда біз Выготскийдің мысалдың ғасырлар бойы прозалық және поэзиялық үлгіде алмаса дамыл, қатар келе жатқандығын дәлелдеген пікірін келтірген болатынбыз. Ендеше, поэзиялық үлгінің мысал жанрындағы күрт белең алуы Лафонтен, одан соң Крылов шығармашылығындағы белгілі бір жетістіктерге байланысты. Ол жетістік мынада: "Лафонтен создал новый по сравнению со своими пред-шественниками тип басен, в котором "объективный" басенный морализм был вытеснен выражением личной точки зрения рассказчика" [12; 113 б]. Яғни поэтикалық мысадда ақын-мысалшының өзіндік көзқарасы нақты айқындала бастады. Ақынның ішкі жан-дүниесі өлең өрнегі бойынан көзге айқын шалынып, оның мысалдан жасалар қорытындыға деген қатынасы анықтала түсті. Міне, поэзиялық мысалдың осы қасиеті Крылов поэзиясын жоғары биікке көтеріп, оның мысалдары өз тұсындағы қоғамдық құрылысты сынаудың өткір қаруына айналды. Сондықтан, Белинский: "Басня как нравоучительный род поэзии, в наше время — действительно ложный род; ...Но басня как сатира, есть истинный род поэзии" деп, Крылов мысалдарының осы бір түп негізіне баса назар аударып, поэзиялық мысалдың басты қасиетін теориялық тұрғыдан тұжырымдап, және оның басты бағытын айқындап берді.
Ендеше, Ыбырай, Абай бастаған қазақ ағартушыларын да, одан кейінгі Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет Баржақсин, Есет Өтетілеуов, Спандияр Көбеев, Сәбит Донентаев сыйды ояну дәуірінің төңкерісшіл рухтағы ақын-жазушыларын да өзіне тартты. Олардың Крылов мысалдарына қайта-қайта айналып соғып отыруының мәні "тілге жеңіл", ойға терең мысалдың Крылов негіздеген поэзиялық қасиетінде жатса керек.
Ұлы Абайдан кейін Крылов мысалдарынан ой асылын теріп, өз халқының наным-түсінігіне, тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы етіп аударып, өзінің төл туындысындай қабылдатқан, Крылов мысалдарының қат-қабат астарына терең бойлай білген бірден-бір аудармашы Ахмет Байтұрсынұлы. Ол жанр табиғатын терең таныды. Отарлық езгідегі бұратана халықтың ауыр өмірін, мұң-зарын суреттеумен жеткізуде, одан құтылудың жолын меңзеуде мысал таптырмайтын құрал болатын-ды. Сондықтан да, жанымен ұғып, ойымен түйсініп барып Ахаң тудырған мысал өлеңдердің қазақ жазба әдебиетінде мысал жанрының қалыптасуына тигізген игі әсері айрықша.
Әрбір жазушы даралығына қарай аударатын шығармасының жанрын таңдап ала білсе, оның нәтижесі де сәтті болады. Жалпы мысал жанрына тән өзіндік ерекшеліктер қандай деген өткір сұрақ төңірегінде зерттеушілер бірнеше нақты белгілер жиынтығында ой тоқайластырады. Көбіне ең басты белгі ретінде аллегория аталады. Мысал жанрында аллегорияның қызметі жайлы қазақ топырағында алғаш пікір айтқан да А. Байтұрсынұлының өзі. 1926 жылы Қызылордада шыққан "Әдебиет танытқыш" деген еңбегінде аллегорияны "пернелеу" деп алып: "Бір нәрсенің, көбінесе адамның мінезін, құлқын, ғамалын екінші нәрсенің мысалында көрсетіп айту —пернелеу болады. Қазақтың бернемен сөйлеп отыр дегені — осы бернелеу... Бернелеудің өзінің де, баяндауының да сынына үлгі болуға жарарлық "Қырық мысалдағы" "Иттың достығы" деген сөз..." [13; 161-163 б.б] деп анықтама беріп, мысал келтіреді. Теориялық тұрғыдан осынау ойды профессор Қ. Жұмалиев нақтылай түсіп: "Аллегория... астарлап, пернелеп сөйлегенде дерексіз ұғымдарды деректі, тұжырымды образға айналдырады. Мысалы, қулық, сұмдық, айла, өділдік, жауыздық, қастық, достық — бәрі де, жеке алғанда, дерексіз жалпы ұғымдар. Адамдардың араларында болатын қарым-қатынас, күрес-хартыстар белгілі бір жағдайда оларды деректі заттай-ақ сездіреді" [14; 124 б] деп тұжы-рымдайды.
Мысалдың екінші белгісі көбіне-көп жан-жануарлардың, кейде жансыз заттардың, өте сирек адамдар бейнесінің алынуы болып табылады. Жан-жануарлардың мысалдарда көбірек пайдалануын Лессинг: "Олардың мінез-құлқындағы бәрімізге белгілі нақтылығында" деп таниды. Себебі, мысалдағы қолданылған жан-жануар белгілі бір бейнені айқындайды, қасқыр — күшті, зорлықшыл адамды еске салса, түлкі — керісінше, қу, айлакер кісіні көз алдымызға әкеледі. Украин зерттеушісі Потебня бұл пікірді айқындай түсіп, былай дейді: "...свойство образа басни, вытекающее из ее назначения, это то, что она, чтобы не останавливаться додго на характеристике лиц, берет такие лица, которые одним своим названием достаточно определяются для слушателей, служат готовым понятием. Как известно, в басне пользуются для этого животными" [15; 58 б]
Мысалда кейде адам образы да кездесіп қалады, мұның себебін профессор Т. Қожакеев былайша тусіндіреді: "Кейде мысал бір адамның басындағы хикая деп те жазыла береді. Бірақ мұндай адам туралы жазғанымыз мысал болу үшін оның екінші мағынасы, астарлы пікірі болу керек, ...адам туралы жазылған мысалдарда пікір дәл сол адамның өзі туралы емес, басқа біреулер, басқа типтер туралы болады. Осылайша пікірді астарлап, мысалдап айтқандықтан, олар да мысалдар деп саналады" [15; 12б].
Мысалда тек аңдар мен адам бейнелері ғана емес, жансыз заттардың да орын алатыны белгілі. Мәселен, "Екі бөшке" мысалы. Мұның себеп-салдарын өнер зерттеушісі А.С.Выготский орынды дәлелдейді: "...Животные привлекаются к поэтической басне, не потому, что они наделены каким-нибудь определенным характером, заранее известным читателю... Причина заключается в том, что каждое животное представляет заранее известный способ действия, поступка, оно есть раньше всего действующее лицо не в силу того или иного характера, а в силу общих свойств своей жизни. Тогда для нас станет совершенно понятным, почему бритва, топор, бочка могут стать наряду с этими героями — потому что они тоже суть преимущественно носителей действия... именно потому ...такие орудия, как топор, бритва и т.п., могут вполне с успехом заменить басенных зверей" [16; 138 б].
Келесі бір белгі мысал шығармада сюжет болуға тиіс, яғни онда адамды еліктірерлік оқиға, адамның жағынан мысал... екі бөлім, екі құрылымнан тұруға тиіс. Бірінші бөлімде, оқиға біртіндеп дамып, одан шарықтап барып, шешілуге, персонаждар тағдыры айқындалуға, айтпақ ой, жасамақ қорытындыға негіз берілуге тиіс. Екінші бөлімде алғашқы суреттелген оқиғадан, баяндалған хикаядан түйін жасауға, мораль шығарылуға қажет" [17; 13 б]. Ал мораль мысалдың негізгі ерекшелігіне жатады. Мейлі поэзиялық, мейлі прозалық мысал болсын, мораль үнемі танылып тұрады. Бірақ та прозалық мысалдағы мораль айқын, анық көрінсе, поэзиялық мысалда ол көбіне-көп астарлы түрде беріліп, көркемдік тәсілдік рел атқарып кетіп отырады. Меселен жоғарыдағы "Мысық пен ет" жайлы мысалда айтар ғибрат анық. "Қолың жетпесті кінәлама". "Сарышымшық" атты мысалда оқырман өзі таңдап алар екі түрлі мағына-ғибрат бар. Ақынның сынайын, окырманды сақтандырайын деп отырғаны Сарышымшық секілділердің мақтаншақтық мінезі ме, әлде мақтаншақтың сөзіне иланып, күймес теңіздің күйгенін көруге жиналған надан жұрттың дабыра сүйгіштігі ме? Бүл оқырманның талғам таразысына, қабылдап-ұғынуына байланысты. Поэзиялық мысалдарда кейде мораль тікелей берілмей, оқырманның еркіне қалдырып кету кездесіп отырады.
Жоғарыда айтылған мысал жанрының ерекшеліктерін жетік білгенде ғана мысал-шығарма жазуды еркін итеріп, оның атқарар міндетін толық пайдалануға болады. "Мысалдап жазу, ойды тұспалдап айту, идеяны аллегориялық формада беру ашық сынаудан қорыққандық емес, ол — айтар ойды өткір, әсерлі етіп жеткізіп берудің тиімді әдісі" [18; 16 б].
Міне, А. Байтұрсынұлы мысалдың осынау қасиеттерін халықты ағарту, отаршылдықты әшкерелеу ісінде өткір құрал ретінде өтімді пайдалана білді. Ол "Қырық мысал" жинағына жазған "Замандастарыма" деген кіріспесінде мысалдарды аударудағы көздеген мүдде-мақсатын айта келе, өзінің осынау қиын-қыстау күндерде атқарған ісінде ізбасарға жарарлық жаңа талаптың, жаңа таланттың табыларына сенім білдіреді:
Бабы жоқ жумыстағы мен бір арық,
Күй қайда үздік шығар топты жарып?
Ат тұрмас аяғында желі болса,
Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып.
Бар болса сондай жүйрік қызар деймін,
Естілсе құлағына дүбір барып.
Әйтпесе арық шауып ондыра ма,
Жүргенде қамыт басып, қажып-талып [17; 47 б]?!
Ахмет Байтұрсынұлының 1989 жылы басылып шыққан шығармалар жинағына (дайындап шығарған С. Дәуітов) жазған алғысөзінде Ш. Сөтбаева "Қырық мысал" жинағына қырық бір мысал енгендігін айтады. "Оның қырқы И.А.Крыловтан, біреуі орыс әдебиетінде осы жанрды қалыптастырушылардын бірі И. И. Хемницердің "Ат пен Есек" мысалы [19; 18 б]. Осыған байланысты біздің айтарымыз тағы бір мысал — "Екі шыбын" Крыловтан емес, И.И.Дмитриевтен алынған. Ол — А.П.Сумароков, И.И.Хемницер, И.А.Крыловтар секілді орыс әдебиетінде мысал жанрын өркендетуге үлкен үлес қосқан мысалшы. Бұл мысалшы туралы орыс әдебиетінде әр түрлі пікірлер бар. Зерттеуші А.Н.Соколов: "Народность и реализм басен Крылова глубоко отличают их от басенного творчества поэта-карамзиниста И.И.Дмитриева, у которого и басня нередко принимает салонный характер. Из предшественников Крылова ему был ближе баснописец конца XVIII века Хемницер" [20; 90 б] деп түйіп, оның Крылов деңгейіне жете қоймағындығын атап өтеді. Ал ұлы сыншы Белинскийдің сөзіне жүгінсек, Лафонтеннің "Емен мен Шілігі" ("Дуб и Трость"), "Екі көгершін" ("Два голубя") Крыловтан гөрі, "Дмитриевтің аудармасында жақсы шыққан" [21; 711 б]. Сонымен, жоғарыда аталған "Екі шыбын" атты мысал Крыловта жоқ, мұны А.Байтұрсынұлының И.Дмитриевтен алғаны анық.
Ахмет Байтұрсынұлы "Қырық мысалдың" алғашқы басылымында бұл жинаққа енген мысалдарды 1901—1904 жылдары аударғанын ескертіп өтеді. Бірақ Ахаң Крылов мысалдарына үнемі айналып соғып отырған. Онын 1911жылы Орынборда "Маса" өлеңдер жинағы жеке кітап болып басылып шыққандығы белгілі. Осы жинағына да Крыловтан аударған үш мысалы енген, олар — "Сорлы болған мұжық" ("Крестьянин в беде"), "Қаздар" ("Гуси"), "Есек пен үкі" ("Филин и Осел").
Жалпы И.А.Крылов мысалдары тоғыз кітаптан тұрады. Ұлы сыншы Белинский Крылов жөніндегі әйгілі мақаласында: "Крылов дана адам есебінде, мысалдың эстетикалық заңдарын ой-жобамен аңғарған" дей отырып, Крылов мысалдарын көркемдік қуаты мен саяси идеялық салмағына қарай басты-басты үш топқа беледі. "Бірінші топтағы мысалдарда оқиғаны баяндап қана шығып, ақыл айтумен шектеліп отырады. Бұл ретте ол ақын-моралист ретінде көрінеді, яғни Хемницер, Дмитриев салған дәстүрден ұзай қоймайды. Екінші топтағы мысалдарда — ақыл айтуды поэзия жеңе бастайды. Ал үшінші топтағы мысалдар — нағыз сатиралық, поэзиялық шығармалар" [16; 71 б].
А. Байтұрсынұлы Белинский жіктеген осы үш топтан да мысалдар аударған. Бірінші топтан — он, екінші топтан — жиырма, үшінші топтан сегіз мысал аударған. Оның бұлай етуіне себеп те жоқ емес. Ахмехтің сол кезде алдына қойған екі мақсаты болды. Біріншісі — әлі де болса қараңғылықтың қалың ұйқысында мүлгіген өз халқына ой тастап, білімге ұмтылуға шақыру, өзінің езгіде қалу себебін, оның басты кесапттарын керсету. Сондықтан ол мысалдардың қазақ ұғымына, тыныс-тіршілігіне сай, көркемдігі басым, ғибраты мол түрлерін таңдауға тырысты. Сол арқылы тек жаттанды ақыл, құрғақ үндеумен емес, ой-сананы оятар, жұғымды да етімді, үлгілі өлең жолдарымен әсер етуге ұмтылды. Сондықтан да мысал текстінің толық сақталуына емес, оның өлеңдік қуатына, поэтикалық әсерлігіне басты назар аударды.
Белинский Крыловқа берген бір бағасында мысалды өркендетудегі еңбегін анықтай келіп, "Тәрбиелік мәні басым мысалдарды сатираға айналдыра отырып, "таза орыс мысалын" жасады" [16; 716 б] дейді. Ендеше, әрбір мысалшы өз шығармашылығында ежелден келе жатқан мысал үлгілерін "таза ұлттық" өте білгенде ғана және сол мысалдар арқылы өз ұлтының ділгір мәселелерін қозғай алғанда ғана идеялық-көркемдік биіктікке көтерілмекші.
Ахмет Байтұрсынұлының алдына қойған екінші мақсаты — халықты қоғамдық-әлеуметтік көкейкесті мәселелерді танып білуге үндей отыра, азаттықтың жолын аңғарту, бостандық күнге ұмтылуға жөн сілтеу. "Қырық мысалдағы" бұл астарды кезінде өз замандастары да жіті аңғарған. "Қырық мысал" калың қазақ жұртының алғаш естіген төңкеріс рухындағы сөзі еді" (6) дейді М. Әуезов. Осы тұрғыдан алғанда Ахмет Крыловтың екінші және үшінші топтағы қоғамдық-саяси сипаттағы мәселелерді көтерген мысалдарына айрықша мән бергенін байқау қиын емес.
"Қырық мысал" жинағы үш рет басылып жарық көрді. Алғаш 1909жылы Петербург қаласында, 1913 жылы Орынборда, 1922 жылы Қазанда басылып шықты. Мұның өзі "...И.А.Крылов шығармаларының қазақ тілінде, тіпті, Орта Азияда десе де артық емес, тұңғыш жеке кітап болып бастырылуы еді" [8; 17 б]. Біз осы кітаптағы мысалдарды талдау барысында негізінен 1922 жылы Қазанда басылып шыққан "Қырық мысалға" сүйендік. Мұның себебі 1989 жылғы шығармалар жинағында мысалдар мен төл өлеңдері жеке-жеке топталып берілген. Яғни, Ахаң жүйелеген мақсатты құрылым бұзылған. Ал "Ақ жол" жинағында (Алматы, 1991) мысалдар 1909 жылғы Петербург басылымы бойынша берілген. 1922 жылғы көзі тірісінде шыққан соңғы жинаққа біраз түзетулер енгізілгенін ескерсек, әзірше осы басылымды негізге алған жөн. Ал А.Байтұрсынұлының 5 томдық шығармалар жинағының мысалдар енген 1-томы, біз жазған еңбектен көп кейін шыққанын ескерте кеткіміз келеді.
"Қырық мысалдағы" шығармаларды тақырыбы жағынан үлкен екі топқа бөлуге болады. Олардың бір тобы оқу-білімге, адамдық-адалдыққа үндеу, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, адамдық, азаматтық қасиеттерді сақтау, елді ынтымақ-бірлікке шақыруға негізделсе, келесі тобы елдің елдігін сақтау, езгіде қалған елді азаттыққа, бостандық жолында күресуге үндеу болып келеді.
Ел бостандығын аңсаған, оған қол жеткізудің жолын іздеген Ахмет үшін Крылов мысалдарын аудару таптырмас тәсіл еді. Отаршылдық саясаттың озбырлығын сезе тұра, патшалық өкімдердің қанаушылық қаныпезерлігін көре тұра үндемей қалуды жөн көрмей, өзегіне запыран болып жиналған ащы шындықты қалайда сыртқа шығаруға тырысқан Ахаң Крыловтан өзі екшеген "40 мысалға" жүгінді.
Абай аудармаларын жан-жақты терең қарастырған М.Әуезов, ақын аудармасының ерекшелігі туралы былайша ой түйеді: "Алдыңғы ақын сезіміне, әңгімесіне, ой толғауына сүйене отырып, өз ішінде де соған үндес қоғамдық сыр шығарып, қосыла күңіреніп, қатар шабыттанып кетеді. Сондықтан бұл алуандас ақындық құр аударма деп қарамай, Пушкин, Лермонтов. Байрон сарынымен жазылған шығармалар деп тану керек" [5; 56 б]. Міне, осы бір пікір Ахмет шығармашылығын қарастырғанда да негізге алынуға тиіс. Ахмет Крыловты аударуды мақсат тұтпай, ондағы тақырыпты, ой-өзекті ғана алып өзінше еркін жырлауға, қазақ өміріне тығыз байланыстыра отырып, ой айтуға ұмтылтан. Ол, әсіресе, қазақ өміріне қатысты ділтір де дертті мәселелерге келгенде өзіндік бағыт ұстанып, негізгі желіні дамыта отырып, жаңғыртып, өз уақытына сай мысалдың өткірлігін арттыра түсуді мақсат еткенін аңғару қиын емес.
Осы тұрғыдан алғанда "Қырық мысал" жинағының "Аққу, шортан һәм шаян" мысалымен ашылуы Ахмет үшін белгілі бір мақсаткерлікті танытардай. Ахаң осы мысал арқылы негізгі көздеген мақсатын жайып салып. "Аққу, шортан һәм шаян" арқылы сол кездегі қазақ өміріндегі ең бір келеңсіз жайды — ауыз бірліктің жоқ екендігін аса бір дертті мәселе ретінде көтерген. Ақын "Бас-басына хан болған", "'ортақ егізден оңаша бұзауды артық көріп", аз ғана елінің басын қоспай, бытыратып жүрген ел басшыларының кесірінен қазақтың мүшкіл халге түскен өміріне назаланады.
Крыловта негізгі ой моральдық түйін арқылы мысалдың алғашқы бөлігінде беріледі:
Когда в товарищах согласья нет
На лад их дело не пойдет
И выйдет из него не дело — только мука [5; 176].
Крылов мысалының жолдастық, достыққа, келісіп іс істеуге үндейтіні осы жолдардан-ақ көрініп тұр. Ал Ахаңда белгілі бір істегі келісім емес, саяси астарлы мәні бар бірлікке үндеу сарыны сезіледі. А.Байтұрсынұлы Крыловтың мысалындағы тоғыз жолдық негізгі бөліміндегі ойды сегіз жолдық алғашқы екі шұмаққа сыйғызып, өз жанынан бір шумақ қосқан, және де ой салмағы осы жолдарда жатыр:
Оншама ол жүк артық ауыр емес,
Құр сыртынан пәлен деу тәуір емес.
Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,
Бірыңғай тартпаған соң бәрі тегіс [5; 6 б].
Крылов жүктің қозғалуын олардың іс-қимылын көрсетумен ғана білдірсе. Ахмет "бірыңғай тартпаған соң бәрі тегіс" деп қадай айтып, себеп-салдарына оқырманның назарын аударады. Айтар ой, түйер қорытындыны, моральді соңғы шумақта өз көзқарасы ретінде баяндайды.
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас. —
деп, елді тұтастыққа, ынтымақ туының астына ашық шақырады, басты идея айқындала түседі.
"Үлес" мысалы да елдің бірлігін көздеген мақсат-тілектен өрбиді. Мұнда бірнеше адам ортақтасып, үй салып, дүкен ашып, саудасы жүріп, байып, көңілдері көтеріліп, үлесті бөліп отырғанда "Үйлерің жанып барады" деген хабар шығады. Олар өртті сөндіріп, дүние-мүлікті аман алып қалудың орнына өздерінің үлесін алуға жанығады.
Крыловта (Раздел):
"Мне только тысячу мою сперва додайтс", —
"Мнс две не додано, а вот тут счеты ясны", —
деп қаннен қаперсіз отырса, аудармада:
Айтады екіншісі: "Мын сомым кем,
Тоқтаңдар, соны әуелі санайық", — деп
"Кем, — деді, — екі мыңым, — және бірі, —
Қарандар, ап-анық тұр кемі, міні!" —
деп шуласады.
Аударма түпнұсқадан алыс кетпейді. Әрі оны сөзбе-сөз аударып сірестірмейді. Ол түпнұсқаның идеясын, рухын, көркемдік қасиеттерін сақтай отырып. ондағы образдар мен көріністерді жаңғыртып, қайта тудырады. Мысалдағы текке шулап, үлестен құр қалып, дүние-мүлкі өртке шалдыққан "қаперсіздерге" ақын өз позициясын былайша анық көрсетіп, терең әлеуметтік ой толғайды:
Бүл белгі табылып тұр біздің жұрттан,
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арадағы дау-шарына,
Қатерден қапері жоқ келер сырттан.
Крыловта айтылған ой Ахмет тұжырымымен астаса келіп, қазақ өмірінің ең бір қатерлі мәселесіне назар аударылады, ішкі "дау-шардан" "сыртқы қатерді" көрмейтін көрсоқырлыққа айтылған өткір үкім болып шығады.
Осы топтағы біраз мысалдар адам болмысына тән жаман қасиеттерді: мақтаншықтық, тәкәппарлық, менменшілдікті сынап-мінеуге арналған. Бұған "Шымшық пен көгершін", "Егіннің бастары", "Қарға мен түлкі", "Кісі мен арыстан", "Қаздар", "Екі шыбын" мысалдарын жатқызамыз. Бұлардың бәрінде де менмендігі асқан дүниенің бәрін өзіміз ұстап тұрмыз деп ойлайтын надандардың бейнелері берілген.
"Шымшық пен Көгершінде" торға түсіп сорлап отырған шымшыққа көмек берудің орнына, жығылған үстіне жұдырық деп, көгершін оны былай деп табалайды:
"Не қара басты торға түсіп? - деді,
Тал түсте торды көрмей, сокыр ма едің?
Еселаң, акылың жоқ, күшік", - деді.
Осылайша ақылгөйсіп отырып, ол өзі торға түсіп қалады.
Крыловта бұл мысал тоғыз-ақ жол. Ахметте 32 жолдық толымды, өзіндік шығарма. Ахаң түпнұсқадағы оқиғаны өз ойына тиек етіп қана алып, оқиғаны қара өлең үлгісіне түсіріп, әсерлі етіп, ұзағырақ баяндайды. Крылов бұл мысалының оқиға желісін Федрдің "Торғай мен қоян" мысалынан алған. Крылов мысалының толық нұсқасы мынадай:
Чижа захлопнула злодейка-западня;
Бедняжка в ней и рвался, и метался,
А голубь молодой над ним же издевался,
"Не стыдно ль, — говорит, средь бела дня
Попался!
Не провели бы так меня,
За это я ручаюсь смело"
Ан смотришь, тут же сам запутался в силок.
И дело!
Вперед чужой беде не смейся, Голубок [9; 205 б].
Ахмет осы мысалдың сюжеттік желісін алғанменен, оны өте тартымды және толыққанды етіп шығарған. Ахаң нұсқасында, өсіресе, жас көгершіннің шымшықты ондырмай ұзақ сөгуі өзінше жырланады. Көгершіннің сөз жүйесінен лепірме жастық, асық айтып, артық кетер, кеуде соғар мақтаншақтық лебі сезіледі. Абайсызда торға түскен шымшыққа ол нендей теңеу таппайды десеңізші! "Не қара басты", "Соқыр ма едің?", "Есалаң, ақылыңжоқ күшік", "Бостығыңа сен жаманның". Міне, шымшықты осынша қорлап, ұзақ сөйлеген Көгершіннің қыл тұзаққа түсуі өте тез. Ақын мақтаншақты әбден лепіртіп алып, тұзаққа түсуін тез қайырады:
Пысықсып Көгершінім отырғанда,
Қалыпты өзі түсіп қыл тұзаққа.
Сонша бөскен Көгершіннің қыл тұзаққа тез түсуі еріксіз езу тарттырады. Айтары — "күлме досқа, келер басқа", берер ғибраты — өзіңді өзгеден артық корме.
Дмитриевтен аударған "Екі шыбынға" назар салайық.
Күні бойы сабан тартып, шаршап келе жатқан егіздің мүйізінде отырған қара шыбынға бір "танысы" кез болып, қайдан жүрсің деп сауал тастағанда мүйізде отырған шыбын маңғазданып, танауын көкке көтеріп:
Жер жыртып күні бойы шаршап келем,
Мазалап сұрап саған не керегі? [5; 24 б] —
деп шіренеді.
Бұл мысалдың сюжеті Лафонтеннен тартылады. Лафонтен мысалын Крылов "Муха и дорожные" деген атпен аударады. Ал А.Байтұрсынұлы Дмитриев нұсқасын өз ойына жақын тұтып, соның "Муха" мысалын аударған. Дмитриев мысалы қысқа диалогтан тұрса, Ахмет оқиғаға құрады. Ахаң мысалы шағын болса да, әдемі, айшықты суреттерге толы. "Мүйізінде қара шыбын отыр еді" мен "Астында өгізі бар сабан тартқан" деген екі жолда бір-бірін әсірелеп, айқындап тұрған әдемі ирония бар. "Сонда ол мұрнын көкке көтереді, адамсып маңғазданып жөтеледі" — өмірдің өзінен қаз-қалпында көшіріп бере салғандай әдемі сурет, образға жан бітіріп, еріксіз назарыңды аудартады. Сол сәтте көз алдыңа шыбын орнына адам бейнесі келе қалғандай. Өзінің ғибратты тұжырымында мұны одан әрі нақтылай түседі:
Адамды кейбір түрлі алып еске,
Қарасаң, ғибрат бар бұл кеңесте.
Біреудің я қайратын, я дәулетін
Өзімсіп жүретіндср бар емес пе?
Мысалдардың енді бір шоғыры көрсоқыр, надандарды сақтандыруға бағытталған. Бұлардың қатарында "Бұлбұл мен есек", "Маймыл мен көзілдірік", "Екі бөшке", "Иттің достығы", "Адам мен аю". "Айна мен маймыл", "Жарлы бай", "Малшы мен маса", "Еменнің түбіндегі шошқа", "Есек пен үкі" т.б. жатады. Бұл мысалдардьщ бәрінде де оралымсыз істерімен көзге түсетін олақ жандардың бейнесі жасалған.
Ағаштың басындағы дәнін жеп, түбін қопаратын шошқа, жақсылық істеймін деп досын өлтіріп алатын аю, сары жезді саф алтыннан айырмай. бұлбұлға әтештен ән үйренуге ақыл қосқан Есек — бәрі-бәрі қай заманда болмасын, қоғамның өзі тудырған бейнелерді аңғартады.
"Қырық мысалдағы" біраз мысалдар адамдардың бойындағы күншілдік, іштарлық туралы. Бұларды зер сала отырып оқығанда, өз халқын осынау жаман қасиеттерден арылтуды арман етіп, мақсат тұтқан азаматтың жан толғанысын, үздіксіз ұмтылысын айқын сезінеміз. Мұндай мысалдарға "Жүргіншілер мен иттер", "Маймыл", "Ағаш", "Өгіз бен бақа" т.б. жатады.
Біз жоғарыда жалпы ұлттық мәселелерді көтерген мысалдарда Ахмет көбіне өзгеше жазуға тырысатынын айтқан едік. Ал енді жеке адамдар турасындағы тәрбиелік мәні бар, жағымсыз қасиеттерден арылтуға шақыратын ұлы мысалшылар жүйеге салған аңғардан ауытқымайды. Өйткені ол жаман әдеттер адамның ұлтына, қоғамдық қатынастарға тәуелді емес, адамзат баласының кейбірінің бойында бар ортақ дерттер.
Мәселен, "Жүргіншшер мен иттер" мысалында мынандай шумақ бар:
Күндесін, шуылдасып, қылсын өсек,
Етпелік сөйлеп жүр деп сөзін есеп,
Иттердей үріп-үріп тарап кеткен,
Қояды шулап-шулап, үндемесек [13; 56-57 б.б].
Крыловта бұл былай берілген:
Завистники, на что ни взглянут,
Подымут вечно лай;
А ты себе своей дорогою ступай:
Полаят да отстанут [22; 109 б]
Ахаң бұл мысалды сол қалпында түп нұсқадан ауытқымай аударған, мысалдағы оқиға мазмұны түгелдей сақталып, ғибратты тұжырымы да Крыловпен астасып жатады.
Әтсе де, Ахаң нұсқасында осы соңғы ғибрат-шумақтың мағынасы кең сипатқа ие сияқты. Орысша нұсқасында пікір жеке бір адамға айтылған: "А ты себе своей дорогою ступай..." деп келсе, А.Байтұрсынұлы өз мысалында мәселенің кеңірек, өткірлеу қойылуын көздей отырып, бүкіл халыққа арнайы сөйлегенін аңғарамыз. Бұдан мысал жүгінің салмағы артып, әсерлілігі күшейе түскен. Крылов мысалы 1814 жылы 11 январьда жазылып. 1815 жылы жарияланған. Бұл мысал — Крыловтың төл туындысы. Ұлы мысалшының мысалдар жинағына сын айтқан И.Т.Каченовскийге арнап жазған шығармасы. Сондықтан Крылов мысалыңда сөз тікелей жеке адамға бағытталған.
Бұл мысалда Ахметтің тәржімашылық шеберлігі айрықша көзге түседі. Түпнұсқаны дәлме-дәл, сөзбе-сөз аударып, іс-әрекет, оқиға өрбуін айнытпай береді. Әсіресе, екі адам арасындағы диалог сөзбе-сөз түпнұсқадағыдай қайталанып отырылады. Мұнан Ахметтің орыс тілінің қыр-сырын жете меңгерген білімпаздығы, қазақ тілінің мол байлығын жете меңгерген ақындық алымы аңғарылады. Пікіріміз дәлелді болу үшін салыстыра кетелік:
Один было уже Прохожий камень взял.
"И полно, братец! — тут другой ему сказал, —
Собак ты не уймешь от лаю,
Лишь пущевсю раздразнишь стаю;
Пойдем вперед: я их натуру лучшс знаю", —
деген Крылов шумағын А. Байтұрсынұлы:
Біреуі жүргіншінің сонда тұрып,
Ойлады қуалауға таспеп ұрып.
Жолдасы жанындағы оған айтты:
Қарама, неғыласың мойның бұрып.
Өшігер олар қайта мұнан жаман,
Тыймассың кесек атып лақтырып.
Үндемей жайыңызбен жүре берсек,
Өздері қояр әлі-ақ үріп-үріп", —
деп аударған.
Осы сипаттағы "Маймыл" /"Обезьяна"/ мысалында өзгенің еңбегін, сол еңбекке деген лайықты жылы лебізді көре алмай, "бұдан да асып түсем" деп тыраштанып, ақыр аяғында өзі күлкіге душар болатын іші тар бейшаралардың бейнесі берілген. Мысалда мақтан үшін еңбек етудің қажет еместігі түжырымдалып, пайдасыз тірлік келемежденеді.
Орынды болса еткен мехнатың,
Халықтың түсірерсің ілтипатын.
"Пәленше, бәрекелді, жарайды!" - деп,
Шығады сол уақытта жақсы атың? —
деп, халық игілігі үшін қызмет еткен адамның әрдайым абыройлы болатынын ескертеді.
Бұл мысал сюжетінің негізгі желісі Сумараковтың "Пахарь и Обезьяна" мысалынан алынған. Мазмұны ортақ болғанымен Сумароков пен Крылов мысалдарының оқиға өрімінде, оқиға кейіпкерлері арасында біршама айырмашылық бар. Осы айырмашылықтарды ескере отырып, орыс зерттеушілері әр ақынның мысалын да өзіндік туынды деп таниды. А.Байтұрсынұлы да мысалды дәл аудармай, өз халқының таным-түйсігінің аясына сай, айтар ойын дамыта, өрбіте баяндайды. Сол арқылы өзіндік соны сипатқа ие болған жаңа дүние жасайды. Оның "Асырап қатын-бала еңбегімен, кісі еді күшін жегіп ауқат еткен" деген жолдарында шаруаның өмір-тұрмысы қазақылық тұрмыспен үйлестіре суреттелсе, "мақтауды маймыл түгіл сүйеді адам" немесе "Маймылдың көзі түсті тамашаға, енді жұрт қалсын, — деді, — тамашаға!" деген сияқты өткір әжуа, жұмсақ әзілінен қазақы қуақылықтың иісі есіп, оқырманын еліктіре түскендей. Сонымен қатар Ахаң мысалында: "Секілді осы маймыл адамдар көп, көрсетіп неғылайын ашып түсін", — деп әжуа-мысқылдың кімге арналғанын нақтылай кету бар. Ал Крыловта мұндай сілтеме жоқ. Бұл — ақынның айқын мақсатынан туындаған тәсіл. Бұл тәсіл соңғы түйінде тағы бір жалт етіп көзге түседі:
Мақсұтқа ойыңа алған жете алмайсың,
Мал шашып құр далаға тепкенменен.
Пайдалы істен алар абыройың,
Кетпейді кейіп қарай тепкенменен.
Міне, ақын ойы енді айқындала түскендей, осыдан кейін мысалдағы кейіпкерді айқынырақ тани түсеміз. "Мал шашып" адам болғысы, төре болғысы келіп жүргендердің адасқан арманын, текке шашқан малын аяйсың. Аяйсың да, еңбексіз ел иесі болғысы келгендердің дапақтаған берекесіздігінен жиренесің. Ахмет мысалы уақыт үніне сәйкес діттеген жеріне тиеді.
Ахмет мысалдарының екінші үлкен тобы — біздіңше, ең негізгі қасиеттерін, өзіндік табиғатын айқындайтын мысалдар тобы. Бұл топтағы "Қасқыр мен тырна", "Қасқыр мен қозы", "Аңдарға келген міндет", "Қасқыр мен мысық", "Ала қойлар", "Қара шекпен мен қой", "Түлкі мен қара шекпен" мысалдарында Ахаң зорлықты, озбырлықты сынай отырып, патша отаршылдығының зиянды мақсатын әшкерелеп, мысал бойына саяси терең мән беріп, ойын астарлай жеткізеді. Мұнда әккі саясат әшкереленіп қана қоймай, халықты оятуға ұмтылыс, оның өзінің қор күйінен сілкінер бұлқыныстың көзін ашар өзгеше сарьш, төңкерісшілік қуат-күштің лебі өседі.
Енді осы мысалдардың біразын түпнұсқамен салыстырмалы түрде талдап, пікірімізге тірек боларлық мысалдар келтіріп көрелік. "Қасқыр мен тырнада" сүйекке қақалып өлгелі тұрған жерінен жақсылық жасап, құтқарған тырнаға қасқыр алғыс айтудың орнына өктемдік көрсетеді. Бұл — ежелгі Эзоптың осы аттас мысалынан жалғасын тапқан мысалшыларды кеп қызықтырған сюжеттің бірі.
Жалпы, қандай да бір мысал болмасын ондағы сюжет ұқсастығы, ой бірлестігі көптеген мысалшыларға ортақ болғанымен, олардың әрқайсысы мысалды өзінше жазуға, жанрға өзіндік реңк беріп, өз бағытын айкындауға тырысқан. Мәселен, осы "Қасқыр мен тырнада" он тоғыз жолдық Крылов мысалы былай басталады:
Что волки жадны, всякий знает:
Волк, евши, никогда
Костей не разбирает,
Зато на одного из них пришла беда:
Он костью чуть не подавился [12; 256 б]
Ахаңда бұдан өзгешелеу:
Бір қасқыр сапар шекті елден жырақ,
Неше күн таппай азық, қалды жарап.
Жемтіктің жақын жерде исін сезіп,
Қасекең келе жатыр соған қарап,
Қасқырдың кім білмейді комағайын,
Көңілден, жемтік көріп, кетті уайым.
Келді де бір сүйекті салды ауызға,
Шетінде бәлегірек жатқан дайын [12; 18 б].
А.Байтұрсынұлы мысалы — 76 жолдан тұратын өзіндік шығарма. Екі автордың мысалын салыстыра қарасақ, басталуының өзінде-ақ ерекшелік пен өзіндік сипат аңғарылып тұр. Крылов оқиғаға бірден кірісіп кетеді. Мұның себебі халық аңыздарында қасқырдың қалыптасқан образы бар екенін білетін ақын жалпы қасқырлар мінез-құлқын нақты айқындап алып, сол характер негізінде оқиғадағы қасқырдың сүйекке қақалу себебінің сырын аша кетеді. Сондықтан да "Что волки жадны, всякий знает" деп қаскырдың "қомағайлығына, ашкөздігіне" баса назар аударып, қасқырға тән характер беру арқылы образға үстеме сипат береді.
А. Байтұрсынұлының мысалының жоғарыдағы мысалдан сюжеттік айырмашылығы — оқиға ұзақ кіріспеден басталады. Мұның өзіндік сыры да жоқ емес. Крылов қасқырдың комағайлығын алға тартса, Ахмет бұл образды одан ары жетілдіре түсіп, кіріспеде қасқырдың аштығын тілге тиек етеді. Сондықтан да қасқырдың жолда жатқан сүйекті "кемірмей, сол қалпында жұтып" жібермегі нанымды шыққан. Мысалдағы қажетті бір көркемдік шарт нанымдылық десек, Крылов пен Ахмет варианттарында ол орынды қолданыс тапқан.
Бұл тәсілді А. Байтұрсынұлы дамыта отырып, осы нақты мысалдың табиғатынан туындайтын қасқырдың тырнаға арнаған мақтау-монологын өз жанынан қосады. Қасқырдың сөзіне майдай еріген тырна, қасқырдың жауыздығын біле тұра, оған көмекке келеді. А. Байтұрсынұлының бұл мысалы шартты түрде 4 бөліктен тұрады: оқиғаға кіріспе, қасқырдың пәлеге душар болуы, қасқырдың мақтауы мен тырнаның көмекке келуі, қасқырдың "алғысы". Крыловта мұндай бөліктер жоқ, қысқа қайырылған. Әрине, Лессинг айтқан "қысқалық — мысалдың ұтымдылығы" деген пікірдің орындылығын естен шығармастан, егер нанымдылықты арттыру үшін және өзіне дейінгі ұлттық әдебиет дәстүрін ескере отырып жазылған мысал өзіне қойылар талап үддесінен шығары талассыз. Және жоғарыдағы Лессинг пікірі прозалық мысалға арналғанын естен шығармайық.
Крылов пен Байтұрсынұлы мысалдарының аяқталуында да әртүрлі мағына, екі түрлі астар бар. Крылов мысалы еңбегінің ақысын сұраған тырнаға қасқырдың берген жауабымен:
...А это ничего, что свой ты долгий нос
И сглупой головой из горла цел унес!
Поди же, приятель, убирайся.
Да берегись: вперед ты мне не попадайся, —
деп аяқталады.
Крыловта тұжырым жасалған қорытынды мораль жоқ. Орыс ақыны мысалдағы оқиғаға өз қатынасын жасырын ұстайды. Бұл әдіс сол кездегі орыс зиялы қауымына түсінікті болғанымен, қарапайым қазақ оқырманына ұғынықтырақ болу үшін, өзінің оқиғаға авторлық көзқарасын таныту үшін Ахмет Байтұрсынұлы төрт шумақтан тұратын түйін жасайды. Және соңғы түйінде әлеуметтік астары терең ой айтып, "қасқырдай қара жүрек залымдардың, жүрмеңдер түсіп кетіп тамағына" деп, өз отандастарын сақтандырып, мысалдағы аллегориялық астарды айқындап, дерексіздіктен деректілікке жетелейді. Қасқырды "кара жүректі" адам бейнесіне жақындата түседі, яғни аллегориялық астар ашылып, Ахаң меңзеген зорлықшылдың шынайы бейнесін танимыз.
Осы тұрғыдан алғанда "Ала қойлар" мысалының көтерер жүгі ерекше. Ахаң бұл мысалында жадағай зорлық-зомбылықты ғана емес, отаршылдық саясаттың бет-пердесін сыпырып, зұлымдық сұмдығын ашқан.
Крылов 1922 жылы жазған "Пестрые овцы" мысалы Петербург университетінің маңдайалды профессорларының қуылуына байланысты туған [6; 42 б]. Ұлы мысалшының тірісінде цензура басуға рұксат етпегені де белгілі. А. Байтұрсынұлы Крыловтағы берілген сюжетті еркін аударма тәсілімен аудара отырып, оған тыңнан жолдар қосып, өз мақсатына сай мағына үстейді. Крыловтың 38 жолдық мысалын 64 жолға жеткізіп аударуға Ахаң сөз көбейту, жол көбейтуді мақсат еткендіктен емес, өзінің айтар ойын оқырманның тереңірек ұғынуына жол ашу үшін барған.
"Ала қойларда" Ахаң ақ патшаның құлқын құмар саясатын, отар елдерді қандай айлалы тәсілмен қанап отырғандығын суреттейді. Онда Арыстан — орыстың ақ патшасы, Аю мен Түлкі — жақын кеңесшілері, Ала қойлар — бұратана халық кейпінде суреттеледі. "Әділ" патша "Ала қойларды"көргенде көңілі бұзылып, көзі қарауытып кететінін айтып, олардан құтылудың жолын "кеңесшілерімен" ақылдасады.
Жазықсыз қан текті деп айтпастай ғып,
Әр түрлі бұған керек амал таппақ, -
деп аярланады. Сонда "күшке мықты, ойға олақ" Аю:
Бәрін де ала қойдың қырсаң, тақсыр,
Тұқымын не бар құртып, жоймайтұғын?! [5; 77 б] —
деп, жауыздық ойын қарадүрсін жеткізеді. Оның бұл ойын Арыстан құп ала қоймайды. "Ала қойларды" аяп отырған жоқ, әрине, өзінің зымиян саясатын ың-шыңсыз жүзеге асырып, "жаманатқа" қалмай, қамқоршы ретінде танылуды көздеп отыр. Сонда саясатқа шебер, сұм Түлкі ақыл айтады. Ол қойларды шөбі шүйгін жайылымға жіберіп, қасқырға бақтыруды ұсынады. Зұлымдығы белгілі қойшы Қасқыр қойларды бағып жүріп, көздерін жойсын, жеп тауыссын."Табылған ақылды" Арыстан тез қабыл алады. Қойларды Қасқыр бағып оңдырар ма? Ақыры "Қасқыр баққан қойдан ала түгіл, ағы да аз қалды". Бірақ қойлардың құрып бара жатқанын ешкім Арыстаннан көрмейді.
Мысалдың түйінінде Ахаң өсиет айтып, пікір білдіріп жатпайды. Ақынның ойы, сюжеттің іштей ширығуы мен кейіпкерлердің мінез-құлқынан, өзіне тән іс-әрекетінен, диалогтарынан танылады.
Бұл сөзге дегенім жоқ жылар-күлср,
Адам аз алдын болжап, анық білер.
Көкжалдар қойшы болса, кім біледі,
Береке ала қойға кірсе, кірер, —
деп мысқылды да салмақты ой тастайды. Сол кезіндегі цензураның "көрегендігін" білетін ақын бұдан түйер негізгі ойды оқырманның өзіне тастап, аң бейнесіндегі зұлымдарды танып алуды елдің ақыл-таразысына салады. Ахметті Крылов сюжетінің ең бір қатты қызықтырғаны да, назарын аударғаны да "Ала қойлар" тағдыры еді.
Крылов творчествосын зерттеушілер осы мысалдағы Арыстан бейнесін Александр І, Түлкі мен Аю бейнесін оны қоршаған Сарай қызметкерлері деп таниды. Ала қойларды академиядан қуылған орыс оқымыстылары деп біледі [14; 43 б]. А.Байтұрсынұлы Ала қойларды басқа контексте, патша тепкісін керген бұратана, оның ішінде қазақ халқы деп түсіндіруге талаптанған. Ахаң Крылов мысалын қазақ халқының тағдырындағы ділгір мәселені көтеруге пайдаланған. Ғалым Р.Нұрғалидің пікірінше: "Аудармашы негізгі түпнұсқаға орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын —әуез қосып отырады" [11; 15 б]. Ахаң сөйтіп таза қазақи төл туынды жасаған. Потебняның мысал әр кезеңде жаңғырып, "үнемі жаңа қолданыс тауып отырады" [16; 71 б] деп жазғаны белгілі.
Осындай саяси мәнге ие, өткір жазылған мысалдардың бірі — "Қасқыр мен қозы". Крылов мысалы ә дегеннен моральдан басталады, оның түйіні: "У сильного всегда бессильный виноват". Ахаң оқиғаға бірден тікелей кірісіп кетіп, өсиет-түйінді соңынан береді. Осы түйінді екі шумақтың алғашқысында Крылов айтқан ойды беріп, екіншісінде өз жанынан сөз қосып, зорлықшылды анықтай түседі. Мәселен, бірінші шумақта:
Орманға Қасқыр кетті Қозыны алып,
Белгілі етер ісі алып барып,
Осындай жазықсызды жазғыратын
Әр жерде күштілерде бар ғой қалып,—
деп бір түйіп алып, екіншісінде:
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,
Ойлаймын — оны мақтар шықпас кісі.
Нашарды талай адам талап жеп жүр, Бөріден артық дейміз оның несі [15; 33 б], —
деп ойын нақтылай түседі.
Ахаң аудармаларын теориялық-практикалық тұрғыдан жете зерттеп жүрген Ж. Ысмағұлов Ахаңның Крыловтан аударуда екі принципті ұстанғанын айта келе, екінші принципі былай деп көрсетеді: "Бұл шығармаларды Ахаң түп-түгел қазақ ортасына алып келеді де, ғибраттық тұжырымдарын тұп-тура қазақ қауымының шындығына бейімдеп, айтар үкімін өз тарапынан айтады. Кейде тіпті түпнұсқадағы оқиғаны қз ойына тиек етіп қана алады. Сондықтан мұндай еңбекті аударма деуден гөрі ұқсас сюжетке құрылған төл туынды деп айтуға болар еді".
Міне, осы принципке негізделген аударманың бірі — осы "Қасқыр мен қозы". Мысалдың ен бойынан қазақ салт-тұрмысының, қазақи ойлау жүйесінің, жан-жануар туралы аңыз, ертегі, әңгімелердің табиғаты белгі беріп тұрады.
Бұлаққа су ішуге келген қозыны қасқыр ұстап алып, кінә тағып, сол кінәсі үшін жеп қоймақ болады. Қозы өзінің кінәсіздігін қанша дәлелдесе де, қасқыр оны көтеріп алып жөнеледі. Түпнұсқадағы 36 жолдық мысал Ахметте 68 жолдық төл туындыға айналған. А.Байтұрсынұлының бұл мысалдағы өзіндік өрнегі мысалдың басталуы мен аяқталуындағы әр түрлі өзгешеліктерінен айқын байқалады.
Ягненок в жаркий день зашел к ручыо напиться
И надобно ж беде случиться,
Что около тех мест голодный рыскал Волк
Ягненка видит он, на добычу стремится [14; 70 б].
Ахмет мұны былай береді:
Бұлаққа су ішуге келді Қозы,
Жанында серігі жоқ жалғыз өзі,
"Бөрі жоқ десең, шығар бөрік астынан",
Пәле мен қаза алыс па келсе кезі.
Қаңғырып тамақ іздеп бір аш бөрі
Қозыға жетіп келді жайнап көзі.
Жемекке кінә қойып сол арада,
Жалатып, міне, қасқыр айтқан сөзі [14; 30 б]...
Ахмет мысалындағы "Бөріжоқ десең, шығар бөрік астынан" деген жол осы кіріспе шумаққа ерекше өң беріп, мысалдың таза ұлттық тынысын аңғартқандай. Крылов мысалының басындағы "У сильного всегда бессильный виноват" деген қағидасынан кейін қасқырдың қозыға кінә тағуы сенімсіздеу көрінеді. Ол ай-шайға қарамай жеп қоюы тиіс еді. Яғни, Крыловтың мысалдың басында айтқан тұжырымы мен оның сюжеттік дамуы — қасқырдың қозыға кінә тағып барып жеуінің арасында сәл де болса қарама-қайшылық бар. Осыны сезе білген Ахмет ғибратты кейінге қалдырып, оқиғадағы тартысты, яғни қасқыр мен қозы айтысын суреттеп кетеді. Озбыр мен кінәсіздің айтысында қозы жеңеді. Қасқырдың әрбір кінә қоюына Қозының қайтарған жауаптарынан кейін оқушы қозының құтылуына тілектес болып отырады. Сондықтан да, мысал оқуға жеңіл, ә дегенде-ақ өзіне тартып әкетеді. Қойылған барлық кінәдан қозы ақталып шыққан соң, қасқыр тағы бір "бұлтартпас" кінә тағады:
Алыпсың жаман әдет қарсыласып,
Сенімен тұрамын ба мен мылжыңдасып,
Айтайын, білгің келсе, қозым саған,
Кінәң сол — жегім кеп тұр қарным ашып [14; 30 б].
Крыловта оқиғаның қалай аяқталары о дегенде-ақ белгілі болса, Ахмет оқиға дамуына өзіндік әдіс қолданып, мысал кілтін соңына дейін сақтайды. Айналып келгенде, қасқырдың кінә тағуы арыдан ойлаған аярлық болып шығады. Бұған дейін өзінің адалдығына сеніп, әділет күтіп тұрған қозы өзінің "басты кінәсін" білгенде ғана шарасыздығынан тағдырына мойын ұсынады:
Шошиды Қозы байқұс құлқын танып,
Құтылар білгенменен онан нағып?!.
Ахмет мысалынан патшалық Россияның өктем озбырлығын айна-қатесіз тануға болады. Отаршылдық құрсауындағы халықтың "басты кінәсі" де қозы тағдырына ұқсас, бұратана халық, әлсіз ел болуында. "Қасқыр мен қозы" мысалында ақын осыны меңзеп, отаршылардан ешқандай әділет жолын күтпеуді ғибрат етеді.
Ендеше, "Мысалдап жазу, ойды тұспалдап айту, идеяны аллегориялық формада беру ашық сынаудан қорыққандық емес, ол — айтар ойды өткір, әсерлі етіп жеткізіп берудің тиімді әдісі" [19; 16 б] екендігіне дау болмаса керек. Ахмет мысалдың осы бір қасиетін терең түйсінген.
Жоғарыда сөз болған мысалдардағы ортақ ой, терең мағына өзінің туған халқының аянышты күйіне жаны ашыған ақын осынау дертті мәселенің негізгі күнәһарын танытуға, сол арқылы халқын оятып, санасын сапаландыруға талпынған. Отарлық бұғауды үзбей, өрлеу, өсу мүмкін емес.
Ахмет елді оянуға шақырып, қазақ оқырмандарына ой салу мақсатын көздей отырып, мысалдарына неғұрлым саяси-әлеуметтік мән-мазмұн беруге тырысты. Сондықтан да Крылов мысалдарындағы өмірден алынған, шымырлаған шындық, ой мен идея Ахаңның қиялын тербеп, ойына ой қосып, аудармадан туған төл туындысында заманалық, уақыт мінбесінен айтылған өткір де өміршең ойларын жыр жолдарына түсіруге жетеледі.
А.Байтұрсынұлы Крыловтың 197 мысалынан [20; 245 б] әдейі 38 мысалын іріктеп алған. Екі мысалды ("Ат пен есек", "Екі шыбын") И.Хемницер мен И.Дмитриевтен аударған. Оларды эстетикалық заңдылықтарға бағындырып, тұтас дүние етіп шығаруға тырысқан. Кітап қазақ халқын ауызбірлікке шақырды ("Аққу, шортан һәм шаян"), надандықты сынады, қауіп-қатердің қайда екенін бағдарлап, ұйқыдан оятуды көздеді ("Малшы мен маса"). Бар шығармаға желі боп тартылған асыл ой — "оян, қазақ", "серпіл, қазақ", "тендікке ұмтыл", "азаттыққа қадам бас!"
Бұл тұрғыдан алғанда "Малшы мен масадағы" шымырлаған шындық жинақтау концепциясын түгелдей өз бойына жинақтаған.
Крыловтың тоғыз кітабының бесінші кітабының ортан белінен орын алып, тоғызыншы мысал болып енген "Комар и пастух" ("Малшы мен маса") 1914 жылы жазылып, тұнғыш рет 1916 жылы "Новые басни" жинағында басылып шыққан. Крыловты зерттеушілер бұл мысалдың негізін б.э.д. алғашқы ғасырдағы Вергилийдің "Комар" атты латын поэмасының алғашқы эпизодынан алған деп есептейді. Яғни, бұл мысал — Крыловтың төл туындысы. Қазақтан алғаш аударған А.Байтұрсынұлы. Крыловтағы жеңіл әжуа, мін-мысқыл әлді наданның әлсіз жаксылық иесін мерт еткен ісін әжуалайды. Бар болғаны осы. Крылов зерттеушілері бұл мысалға онша назар аудара қоймайды.
Ахметті қызықтырған, кітабының қорытынды "нүктесі" етуіне ден қойдырған не нәрсе? Мұның мәнін анықтау үшін мысал соңындағы Ахаңның ғибрат сөзінен үзінді келтірелік:
Мысалы, қазақ малшы ұйықтап жатқан,
Жыланды пәле делік андып баққан.
Пәленің түрін көрген мен сары маса
Халықты оянсын деп сөзбсн шыққан [21; 96 б].
Міне, ақынды осы мысалды аударуға итермелеген қазақ тұрмысын, қайғы-қасіретін шынайы көрсетер образдардың бедерлі бейнесі екен. Крыловта оқиға көлемі 9 жол, Аханда — 18 жол. Әңгіме өлең жолдарының айырмашылығында емес, ортақ сюжеттегі айтылар ойдың, берер ғақлияның өр алуандығында. Крылов мысалында малшы көлеңкеде ұйықтап жатқанда, жылан шағуға жақындайды, сол кезде Маса малшыны шағып оятады. Оянған Малшы Масаны тұрмастай өтіп қағып түсіріп, Жыланды сонан соң аңғарып, оны да өлтіреді. Бұл оқиғадан шығар қорытындыны Крылов былай береді:
Таких примеров есть немало:
Коль слабый сильному, хоть движимый добром.
Открыть глаза на правду покусится,
Того и жди, что то же с ним случится,
Что с Комаром [24; 215 б].
Қос мысалшының соңғы ой-тұжырымдарынан аңғарылатындай оқиға бір, ой алшақ, мақсат өзге. Сюжеттегі оқиға желісінде де ептеген айырмашылық бар. Салыстырып көрелік. Крыловта:
Пастух под тенью спал, надеялся на псов,
Приметя то, змея из-под кустов
Ползет к нему, вон высунувши жало;
Байтұрсынұлында:
Бір малшы көлеңкеге келіп жатып,
Қасқырдан иттеріне сеніп жатып,
Үстінде көк шалғынның самал жерде
Тырайып қалды сабаз ұйықтап қатып.
Келеді қара жылан шағайын деп,
Қапысын ұйықтағанда табайын деп...
Қарап отырсақ, Крыловта оқиға дамуы қарапайым, бір сарынды. Ахмет Крыловтың қара сөз тектес, әңгімелеу стиліндегі жолдарын әсерлі өлең жолдарына түсіре отырып, көркемдігін арттырған. Жетекші оймен шебер үйлесім тапқан өлең жолдары кейіпкер характерін аша түсіп, ерекшеліктерін айқындай түседі. "Тырайып қалды сабаз ұйықтап қатып" деген жолдарда Малшының қаннен-қаперсіз, бейқам күйінің әдемі суреті жасалған. Осылай ойнақы басталған өлең жолдары келесі сәтте адамның жүрегін дір еткізеді: "Келеді қара жылан шағайын деп, капысын ұйықтағанда табайын деп". Ақын оқиғадағы іс-әрекет дамуын бірте-бірте ширатпай, кілт өзгертіп жіберіп және үдете үстемелей дамытады. Крыловтағы көп жыланның бірі ретінде алына салған Жылан Ахаңда Қара жылан болып, заһар шашса, "қапысын ұйықтағанда табайын деген" ойы одан әрі зерлендіре түседі. Ахаңның оқиғаны күрт өрбітіп, көркемдік суретті қоюландыра түсуінің себебі түсінікті. Ұйқыдан мәңгілік оянбауын діттеген, соны жүзеге асыруды көздеген қатерлі жаудың қасқой әрекеті мен зұлым ойын халқына жеткізу. Оның қаншалықты қауіпті екендігін ұғындыру.
Крылов мысалы Малшыға Жыланды өлтіртсе, Байтұрсынұлы оқиғаны Малшының екінішімен аяқтайды. Мұның себебі Ахмет назары бейқам ұйықтап жатқан Малшыны қатерден құтқарған Сары маса тағдырына түскен, Жебеушісін танымай, достықты қастық керген ұйқыдағы малшы наданның ісіне налыса, жөн сілтеп, қатерді көрсеткен әлсіз болса да адал достың аянышты халіне қабырғасы қайысады. Сондықтан да ол:
Сөзімнің сөкпеңіздер шолақтығын,
Демеңдер сөз жазуға олақтығын.
Жыланды Малшы көріп болғаннан соң,
Келмеді бір-біріне жолатқызғым, —
деп доғарады.
Ақын Сары маса мен Малшы оқиғасынан өз заманының шыншыл суретін танып, "Пәленің түрін көрген мен Сары маса, халықты оянсын деп сөзбен шаққан" деп түйеді.
"Қырық мысалда" жазған "Сары маса-хикая" ақынның кейінгі кітабының атын алып, оның тынымсыз тірлігі сол кітаптағы бүкіл идеяның алтын тамырына айналды.
Ахмет туындыларын төл дүниеміз ретінде тануымызға толық хақымыз бар. Өйткені олардың мазмұны Крыловтікі болғанымен, ой сонылығы, баяндау әдісі, құрылысы, табиғаты тыңнан табылған төл шығармадай етіп жазылған. Осы тұста ежелгі орыс әдебиетін зерттеуші академик Д.Лихачевтің өзге жұрттан ауысқан аударма жәдігерлерді орыс мәдениетінің ірге ажырамас бір бөлшегі ретінде қарастыруын еске ала кеткен орынды. Ол былай деп жазады: "Аударма әдебиет деп жүргеніміз ұлттық әдебиеттің құрамдас бөлігі, ол ешқашан төл әдебиеттен бөлінер шекарасын айқындаған емес, аудармашылар мен көшірушілер көбіне мәтіннің екінші авторлары болып келді" [11; 44 б].
Крылов мысалдары түпнұсқада поэзиялық шығарма емес. Ол жайында М.Әуезов былай дейді: "Орыс әдебиетінде мысал /басня/өлең/стих/ емес. Ол өзі бөлекше жанр. Оның жол өлшеулері өлеңге тән өзгешеліктей болып, шумаққа да бөлінбейді. Әр кезде сөйлеп айтатын ауызша әңгіме, халықтық әңгіменің нақышты, ырғақты, қара сөзіне бейім келеді. Қысқа қайырылған, өте мазмұнды жауаптасу, қағысулар оқиғалы желіге құрылады" [12; 216 б] .
Осы ерекшеліктерді орыс зерттеушілері деп атап өтеді: "Мысалды Крылов тыңдарманға бағытталған, көпшілікке арналған ауызекі жанр деп қараған. П. Вяземский Дмитриев өз мысалдарын жазады, Крылов оларды әңгімелейді деген болатын" [25; 30 б].
Ал Крыловты аударған қазақ аудармашыларының бәрі, оның ішінде А.Байтұрсынұлы да, оның осы ерекшелігін сақтамаған. Аударған сәтте орыс әдебиетінің өзіндік ерекшелігі бар жанры қазақша бөлекше сипат алып шыға келеді, тіпті баяндау, жеткізілу формасының өзі өзгеріске ұшыраған.
Ол жайында пікір толғаған сыншы Белинский Крыловтың мысалдарын ешқандай да шет жұрт тіліне аудару мүмкін емес, оларды тек кайта жасауға болады деп білген [26; 714 б].
Демек, Эзоп, Федр, Бабрий, Лафонтен, соның ішінде Крылов мысалдары аударылғанда сол халықтың төл туындысына айналып кетіп отырады. Осы тұста Белинскийдің Крылов туралы тағы да бір пікірін келтіре кетейік: "Ол өзінің кейбір мысалдарының мазмұнын Лафонтеннен алғанымен, оны аудармашы деуге болмайды, өйткені оның таза орыстық табиғаты барлығын орыстық түрге қайта өндеп, орыстық рухтан өткізген" [25; 151 б] дейді. Ендеше, Белинскийдің осы пікірі Крылов мысалдарын аударған Ахметке де қатысты айтылғандай. Ахмет мысалдарды қазақы даналыққа толы ой-сана сүзгісінен өткізіп, өзіне дейінгі әдебиет үлгілерінің бай дәстүрінің ең ыңғайлы, ең өтімді формасымен жырлаған. Сондықтан да Ахмет — ақын, Крылов мысалдарын қазақтың төрт жолдан тұратын он бір буынды қара өлеңімен қайта жазып шығарған. Яғни, Крыловтық әңгімелеу, диалогтық құрылымға поэзиялық әр беріп, образға жан бітірген.
Екіншіден, Байтұрсынұлы өз аудармаларында Крылов ұсынған композицияларды сақтай бермейді. Бұл әсіресе мысалдың басталуы мен аяқталуынан айқын кезге шалынады. Сондықтан да Ахмет мысалдарында жалпы ой жетекке алынып, сақталынғанымен, сипаттау, баяндау тәсілі өзгеше. Оған нақты дәлел — "Кісі мен аю" мысалы. Жол сандары да қарайлас, Крыловта — 61, Ахметте — 68. Оқиғаның дамуы, шарықтауы, шешімі, аяқталуы — бәрі ұқсас. Бірақ Байтұрсынұлы мысалының басты екі айырмашылығы бар. Алдымен, мысал мазмұнын қазақ құлағына сіңісті ертегі тектес уақиға етіп жеткізеді.
Бір адам айдалада елден жырақ,
Жеке — тақ, жапан түзде қылды тұрақ.
Жаяулық, жалаңаштық жақсы емес қой,
Жалғыздық олардан да қиынырақ.
Көк шалғын, ағаш, бұтақ — бәрі жақсы
Болмайды нақ адамдай берік бірақ.
Сөйлесіп іштің шерін тарқата алмай,
Жеке-тақ қапаланды жалғызсырап [15; 53 б].
Егер Ахмет Крыловтан аудардым демесе, еш қазақ жатырқамастан өз дүниесіндей қабылдары хақ.
Екінші айырмашылық оқиғаны Крыловша өрбіткенімен, сөзден сурет сала отырып, ажарландыра түседі. Крыловта "человек" болса, Аханда "Жеке-тақ". Ә дегенде бұл жай айтыла салған атау болып көрінгенімен, Аюдың адамға қарап сойлеуінде ерекше рөл атқарып, аңқау Аюдың досына деген жылылығы мен мейірімінің шуағы осы сөзге оранып жатқандай.
Сонда оған Аю айтты: "Жеке-тақжан! Айтайын мен бір ақыл, құлағыңды сал! Күзетіп жан жолатпай мен тұрайын Сен ұйықтап, біразырақ тынығып ал!"
"Жеке-тақжан!" бірауыз сөз бүкіл мысалдың өн бойынан Аюдың досына деген жылылық мейірімін төгіп тұр. Міне, осылайша жанындай жақсы көрген досын Аю шыбыннан қорғамақ боп, таспен ұрып өлтіргенде, оның надандығына қайран қаласың. Шығарманың өне бойынан қазақы сөз оралымдар, қалыптасқан тіркестердің молынан көрініс табуы мысалдың поэзиялық ажарын өрлендіре түскен.
Крыловпен замандас Жуковскийдің "Переводчик в прозе есть раб; переводчик в стихах — соперник" [23; 75 б] деген пікірі осындай озық сипаттағы аудармаларға бағытталса керек.
Крылов мысалдарында көбіне қорытынды мораль жеке бөлініп айтылмайды. Ахмет әрбір мысалдың соңынан үнемі ой-пікірін тұжырымдап, ғибрат айтып отырады. Осы құбылысқа ойлана қарасақ, Ахмет мысалдарының екі болімнен тұратындығын байқаймыз. Біріншісінде оқиға бағдары, кейіпкер әрекеті баяндалса, екіншісінде қорытынды түйін, мораль беріледі. Сондықтанда әрбір мысалға ақындық катынас, шығарушының мақсаты айқындала түседі. Мұның өзі Ахмет мысалдарының бірін-бірі толықтырар, бір-бірімен сабақтас екі бөліктен тұрар толыққанды дүние екіндігін танытса керек. Атақты Лафонтен де осыны жақтаған. Оның "Тело есть басня, душа — мораль" [24; 57 б] деп кесіп пікір айтуы бұған куә.
Крылов мысалдарының Ахмет аудармасын төл туындымыз деуге үшінші негіз — олар қазақ өміріне бейімделіп, сахара тіршілігіне үйлестірілуінде. Қазақ тұрмысына сай емес образдар мен есімдер халқымызға тән бейнелермен ауыстырылған. Бұған дәлел өте көп.
Ал "Қасқыр мен мысық" мысалында адам аты қазақшаланып қана қоймай, сол адамдардың характерін ашатындай, адамдық қасиеттерін айқындайтындай етіп алынған.
Крыловтың "Волк и кот" мысалында аңшылар қуып келе жатқан Қасқыр деревняға кіріп, қайда тығыларын білмей, Мысықтан ақыл сұрап, жақсы бір адамның үйін нұсқап жіберуін өтінеді. Сонда Мысық:
— "Проси скорей Степана:
Мужик предобрый он",
- Кот Васька говорит.
"То так: да у него я ободрал барана", —
"Ну попытайся ж у Демьяна" —
"Боюсь, что на меня и он сердит:
Я у него унес козленка"
"Беги же, вон там живет Трофим", —
"К Трофиму? Нет, боюсь и встретиться с ним:
Он на меня с весны грозится за ягненка!"
"Ну плохо ж! Но авось тебя укроет Клим?",
"Ох, Вася, у него зарезал я теленка!"
Осылайша, бұл деревняда ешкімге береке таптырмаған Қасқырға Мысық ешкім жасыра алмайтынын айтады. Қорытынды мораль мысық аузымен былай беріледі:
"И правы, — сам себя вини: Что ты посеял, то и жни".
Крыловтың 30 жолдық мысалын Ахмет 46 жолға өсіріп, еркін аударады. Және Мысық пен Қасқыр диалогын жалпақ тілді қазақша сөз қағысу желісінде кеңінен толтап, көсіле баяндайды. Сөйтіп, мысалдың қазақылық табиғатын байыта түседі. Енді Ахаң мысалына кезек берелік:
"Мысықжан, бұл жердегі жұрттар қандай?
Айта гөр қайырымды ер бар болса,
Тасалап мені жаудан құтқарғандай".
"Бара ғой, — Мысық айтты Қоянкөзге,
Жігіт кем ер кеңілді онан өзге!
Адамды анау-мынау тоқтатарлық,
Өзінің ебі де бар сөйлер сөзге".
"Оны қой, — Қасқыр айтты, — ол жасырмас,
Жеп едім бір ту қойын өткен күзде".
Барып кел олай болса, Құрамысқа,
Адам жоқ жасыруға онан ұста,
Шамасы өзі асқан жақсы жігіт,
Жалғыз-ақ тоны келте, қолы қыска".
"Мысықжан, оны да қой, өзгесін айт,
Жеп едім бір лағын былтыр қыста".
"Иесі анау үйдің Кепберген бай,
Жақсылық, жамандықты көп көрген бай,
Қонақжай, өзі асқан дәулетті адам,
Жатсаң да ауырламас бірнеше ай".
Баруға, Қасқыр айтты, — жүрексінем,
Оның да қозыларын жеп ем талай".
Білмеймін сілтерімді енді қайда!
Барып көр Қисықбасқа анау сайда!
Болғанмен, басы қисық, өнері көп,
Әр түрлі табылады онан хайла!
"Мысықжан, оны да айтып, әуре болма,
Жеп едім бір бұзауын өткен айда".
Мұншама ұзақ үзінді келтіргендегі мақсатымыз —
Ахаң мысалының өзіндік ұлттық бояуын таныту. А. Байтұрсынұлы мұнда тек кісі аттарын ғана өзгертіп қана қоймай, оған үлкен мән-мағына беріп, Қасқырдың бүкіл болмысын ашады. Қорқауға жақсы да, жаман да, жалғыз атты кедей де, мыңды айдаған бай да бір, ақ-қарасын айырмай залагерлік көрсеткен Қасқырға айтылар үкім де еш күмән туғызбайды.
А. Байтұрсынұлының "Қырық мысалы" түгелімен қазақ тілінің көрігінен өткізілген. Ол мысалдардың халықтығын танытатын да, туған халқының бай тілін молынан пайдаланып, бар мүмкіндігін мейлінше шебер қолдануы. Аз сөзбен көп мағына білдіретін ұтымдылығы да Ахаң мысалынан бой көрсетіп, із тастап отырады. Ақын халқының тілдік қорындағы бай ұлттық өрнек, көркемдік айшықтарды өлең оралымдарына түсіріп, ұлттық санаға сай түйіндер, тұжырым-қорытындылар жасап отырған.
Ахаң мысалдары белгілі бір тапқа немесе қоғамдық топтарға арнап жазылмаған, бүкіл халыққа, қазақ деген ұлтты бөлмей-жармай жазылған шығармалар. Сондықтан оның сөздері халық тілінің қорынан қайнап шығып, сауатты оқығандардың да, сауаты жоқ тыңдаушы шаруақор қауымның да жүрегіне жол тауып, санасына әсер етіп жатады.
Ахаң мысалдарының Крылов мысалдарындағыдай белгілі бір әңгімелесушіге қарап айтылмай, жалпақ қауымға, жалпы елге арнап жазылуының сыры да осында. Байтұрсынұлы мысалдарындағы өлең жолдары "бөтен сөзбен былғанбаған". Онда араб, парсы, татар тілдерімен шұбарлау мүлде кездеспейді. Ахаңның ең ұлы мақсаты - ана тілінің абыройын арттырып, мерейін биікке асқақтату. Сондықтан да қай мысалды алсаңыз да онда халықтық тілдің, ұлттық поэзияның бейнелі бедері, халық даналығының ақыл-ой мәйегі, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер айтар ойдың, коркем суреттің, қажетті детальдің ажарын аша түседі. Олар мысалдардың негізгі бөлігінде де, ғибратты ой-тұжырымдарында да кездесіп отырады. Мысалдағы оқиғаға қатысушы кейіпкерлер: аң, құс, жан-жануарлар, адам, зат болсын бір-бірімен тек қазақша, қазақ салтымен, қазақ сөз саптауымен тіл қатысады, іс-әрекеттері де қазақы ұғымға сай баяндалады.
Мәселен, менменсінген Емен Қамысқа:
"Жаратқан мені Құдай сонша артық,
Мықты, — деп, — жер жарылады дабысыма!" —
деп өктем сөйлесе, сабырлы Қамыс:
"Құлақ сал, Емен батыр, тоқта азырақ!
Есімі пақырлықтың менен жырақ", —
деп жауап қайтарады. Зорлықшыл бейнесін көз алдымызға келтірер Қасқырдын өзіне тән мінезін "Қасқыр мен қозы" мысалындағы мына сөздерден бірден танимыз:
"Әкенді алдындағы танимысың? —
Балам, сен байқап қара, ашып көзің
Жөдігөй қу түлкінің "Қайырымды Түлкі" мысалында тілінен бал тама сайрауынан қазақ ертегілеріндегі өзімізге таныс қу түлкінің бейнесін бірден аңғаруға жол ашады:
Алда сорлы, мүсәпір балалар-ай!
Жасынан өлгсн екен аналары-ай!
Көбелек, шыбын аулап күн көретін
Жоқ екен пақырлардың шамалары-ай!
Надан маймыл өз түрін айнадан көріп, өзіне-өзі айтқан теңеулері еріксіз күлкі шақыртады:
"Бері қара! Бұ кім өзі мынау перің?
Білмеймін, қайдан шыққан мұндай көрім?!"
"Иттің достығы" мысалындағы екі иттің бір-бірін достыққа шақырудағы сөздерінен мысалдың қазақылық табиғаты айқын аңғарылады:
Дос болсаң құшақтасып, жанға балап,
Сөз айтсаң бір-біріңе "шырақ-қарақ".
Алты күн ашаршылық көрседағы,
Жемесең бірің жоқта, бірің тамақ...
Мұндай іс арасында болған емес,
Кез салсақ бұрынғы өткен бабамызға.
Атаның жолын қумай лаққанда,
Тура жол сонан артық табамыз ба?
Бұл мысалдардағы өктемшіл Емен сөзі тек қазақ ұғымында кездесер сөз тіркестері арқылы берілсе, Қамыстың: "Құлақ сал, Емен батыр, тоқта азырақ!" деуі қазақ фольклорындағы жауаптасу сарынын еске салады. Қасқырдың "Балам, сен байқап қара, ашып көзің" деп күш көрсетуі — таза қазақы сөз саптау. Ал маймылдың "перің, "көрім" деген теңеулері қазақ ұғымына ғана сай теңеулер. Иттердің тіл қатысуындағы "шырақ-қарақ", "алты күн ашаршылық көрсеңдағы", "көз салсақ бұрынғы өткен бабамызға", "атаның жолын қимай лаққанда, тура жол содан артық табамыз ба?" деген жолдардан қазақы салт-дәстүрдің, тәрбиелік қағидалардың қолданысқа түскенін аңғарамыз.
Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы кейіпкерлердің іс-әрекетін суреттеуде, баяндауда қазақ тұрмыс-тіршілігіне таныс суреттеулер қолданады. Және олар қазақтың тілдік қорынан ойып алғандай бейнелі сөздермен беріледі. Мысалы, маймылдың мағынасыз еңбегін суреттегенде:
Томармен домалайды ойға өрден,
Біресе арқалайды алып жерден,
Өкпесін шапқан аттай баса алмайды,
Денесі көрінбейді аққан терден.
Мұнда әбден шаршаған маймылды "өкпесін шапқан аттай баса алмайды" деп сипаттаса, сайдан қарғып өткен киікті "зырқырап атқан оқтай ете шықты" деп суреттейді. Болмаса фразеологиялық тіркестерді қат-қабат беру арқылы торға түскен Шымшыктың мүшкіл халін керемет дәл көрсете білді:
Бір Шымшық торға түсті соры қайнап,
Барды ма, кім біледі, ажал айдап.
Пәлені қаза менен қайда деме,
Ғаріп боп, отыр сорлы көзі жайнап!
Мұндағы "соры қайнап, "ажал айдап", "көзі жайнап" тұрақты фразеологиялық тіркестердің қатар келуі арқылы Шымшықтың қасіретті күйіне, "мүшкіл халіне" деген аяушылық күшейе түседі.
Ахаң мысалдарында тек қазақтық ұғымға тән, сол халықтың ғана ойлау жүйесіне сыйымды қимыл-әрекеттер көрініп отырады.
Орманнан бір шал қайтты отын алып,
Бүкшеңдеп, көтере алмай, өліп-талып,
Отынын жерге қойып, бір азырақ,
Қисайып жатты байғұс ойға қалып. ("Шал мен ажал")
Мұндағы "Қисайып жатты байғұс ойға қалып" деген жолдардың басқа тілге тура аударыла қоюы қиын. Өйткені шаршаған адамның қисайып жата кетуі қазақы ұғымға тән шынайы сурет, бейнелі көрініс. Осының Крыловта қалай берілгендігін көрсете кетелік:
Нес, нес он их и утомился,
Остановился,
На землю с плеч спустил дрова долой,
Присел на них, вздохнул и думал сам собой:
Кейде белгілі бір кейіпкер болмысын ашуда, қарапайым жалпақ тілде, ауызекі сөйлеуде қолданылатын тіркестерді ойната отырып, керемет өткір ой айтады:
Құдай да, құран да оған жалғыз қарын,
Сол үшін қара жерге көмген арын. ("Сорлы болған мұжық")
Ахаң мысалдарының тілін сөз еткенде, онда кеңінен қолданыс тапқан қазақ мақал-мәтелдері мен қанатты сөздерін айтпай кетуте болмайды. Олар мысалдардың негізгі бөлімінде де, ғибрат сөздерінде де орнын тауып қолданылып, кейде тура күйінде, кейде өлең жүйесінің ыңғайына қарай мәнін сақтап, сөз орындары ауыстырылып беріліп отырады. "Жазмыштан — озмыш", "Алланың адам басы добы". "Әлін білмеген әлек", "Залымдар айран ішіп, аман кетіп, момындар тұтылып түр шелек жалап", "Жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса, — деген, — досқа істеңіз", "Болады асыл таста, өнер — жаста", "Ұялған тек тұрмайды", "Біреуге күлме, келер өз басыңа", "Сыйға — сый", "Садаға бастан құлақ", "Боларсың дұшпан түгіл досқа күлкі", "Алды — жөн адасқанның деген сөз ғой", "Нені ексең, соны орарсың", "Өзі тойса, көз тоймай", "Аузыңды құрғақ қасық босқа қажар", "Халық айтса, қалып айтпайды", "Қанағат азға, — деген, — жоққа сабыр".
Сонымен қатар, Ахаң мысалында қанатты сөзге, нақылға айналардай өзіндік тіркестер де жоқ емес, солар арқылы көп мағынаны аз сөзге сыйдырып, халық тілінін қадір-қасиетін арттырып, ұткырлығын таныта түседі. "Кейбіреу зор бейнетке тап болады, кей уақыт аз бейнеттен қашамын деп" ("Ат пен есек"), "Шығар ма тасқа егін еккенменен?" ("Маймыл"), "Болмаса қайратыңа ебің серік, опа жоқ құр айласыз мықтылықтан" ("Емен мен қамыс"), "Сар жезден саф алтынды айырмайтын" (''Бұлбұл мен есек"), ''Досың көп тірлік пенен амандықта" ("Арыстан, күшік һәм түлкі"), "Ағайын бірі — пана, бірі — қару" ("Ағаш"), "Бақ қонса сыйлар алаш ағайын да" ("Қартайған арыстан"), "Досыңнан, надан болса, артық дұшпан" ("Кісі мен аю"), "Бұзықтық бай-жарлыға бірдей нәрсе, пиғылды түзетпейді дәулет пен бақ" ("Түлкі мен қара шекпен"), "Бетіне көрдегінің күнін ұстап, деп жүрген көріктімін қазақтар көп" ("Қаздар"), "Жақсыны жақсы деген мақтау емес, жаманды жаман десең, болмайды өсек" және "Ғылымсыз надан адам соқырға есеп" ("Есек пен үкі"), "Істеген ынтымақсыз ісің оңбас" ("Аққу, шортан һәм шаян").
Осынау мысалдардан көрініп отырғандай, тек қана қазақ халқының сөз қолданысына тән нақысты сөйлемдер мен бейнелі оралымдар Байтұрсынұлы дүниелерінің өзіндік төл туынды екендігінің тағы бір белгісі болып табылса керек.
Ахаң аудармашылығының тағы бір ерекшелігі бар. Ол Ахмет Байтұрсынұлы тек Крыловтан ғана аударып қоймай, классикалық үлгідегі ақындар өлеңдерін де аударғандығы. Ахаң Крыловтан кейін Пушкиннен, ол арқылы Вольтерден, сондай-ақ Лермонтовтан, Ю. Жадовскаядан, С.Надсоннан бірсыпыра дүниелер аударған. Бұл тұстағы тәржімалық тәжірибені жинақтай айтар болсақ, оларға тән бір ерекшелік ретінде, ең алдымен, ақынның шығармашылық принціпінің жоғарыдағы мысал аудармаларынан өзгешеліктерін байқауға болады. "Маса" жинағының 1911 жылғы алғашқы басылымында Пушкиннен аударылған "Ат", "Данышпан Аликтің ажалы" атты өлеңдер және «Балықшы мен балық", "Алтын әтеш" ертегілері енгізілген. Бұлардың бәрі де анық романтикалық сарында жазылған өлеңдер мен аңыз, ертегілер. Ю.Жадовскаядан, С.Надсоннан аударған аудармалары да осы 1911 жылғы "Маса" жинағына енген. Ал Лермонтовтан аударған "Мцыри" — бұлардан кейінірек аударылып, 1922 жылғы жинағына енгізілген "Мцыри" поэмасының үзіндісі. Осылармен іштей үндесіп жатқанын аңғару қиын емес. Мәселен, Пушкиннің "Ат" дейтін шығармасы — славян аңыздарына құрылған, төл туындысы. Мазмұнында жауынгерлік жорықты аңсаған асқақ сезім бар. Пушкинде:
Что ты ржешь, мой конь ретивый,
Что ты шею опустил,
Не потряхиваешь гривой,
Не грызешь своих удил?
Али я тебя не холю?
Али ешь овса не вволю?
Али сбруя не красна?
Аль поводья не шелковы,
Не серебряны подковы,
Не мечены стремена? [28; 303 б]
Осындағы Ахаң аудармасында сипатталған тұлпар бейнесін алайық.
— Сен неге, тұлпар атым, кісінейсің?
Жабығып недсн кеңілің, түсті еңсең
Ерігіп, ауыздығың қарш-қарш шайнап,
Бұ қалай бұрынғыдай сілкінбейсің?
Әлде мен бабың тауып, бақпадым ба?
Болмаса жемнен қысып, сақтадым ба?
Әйтпесе, әбзелдерің сәнді емес пе?
Жібектен тізгінінді тақпадым ба?
Малдырып саф алтынға үзеңгінді,
Тағаңды шыл күмістен қақпадым ба? [23; 108 б].
Ахаңның аудару шеберлігі сондай, егер оқырман түпнұсқамен таныс болмаса, онда шығарманың өзге әдебиеттен екенін аңғармай қалар еді. Жолма-жол аударманың шебер жасалғаны соншалық түпнұсқамен салыстыратын болсақ, әуелде кім-кімнен аударғанын аңғару қиынға соғар еді. Айырмашылық сол өлең түпнұсқада орыс тілінде, аудармада қазақ тілінде. Тіпті Пушкинде де 26 жол, Ахаңда да 26 жолдан тұратын шығарма. Бұл жай аудару емес, өнер жарыстыра творчестволықпен жеткізу. Аударма тілі жатықтығы соншалық, тілге жұмсақ, жеңіл оқылады.
Тағы мысал ретінде "Данышпан Аликтің ажалы" өлеңінің басынан мысал келтірейік:
Жар салып, жасақ жияр білімді Алек,
Білімсіз хұзарлардан алмаққа кек,
Қаласын, егіндерін ызасы үшін,
От пепен қойған арнап, қылышқа деп.
Пушкинде:
Как ныне сбирается вещий Олег
Отметить неразумным хазарам:
Их семе и нивы за буйный набег
Обрек он мечам и пожарам.
Ахаң бұл өлеңді он бір буынды қара өлең ұйқасымен береді. Орыс тіліндегі, жер-су адам аттарын өлеңнің сюжетін толық сақтай отырып қазақ тілінде бере алған шығарма деп тұжырымдауға болады. Шығарма тілі еркін аударылған түсініктілігімен ерекшеленеді.
Ахаң шығармаларының сырт пішіні шебер үйлесім тапқан. Өлең аудармалары қарапайым, оқуға жеңіл, сазды, сөздері үйлесімді, ұйқасы ұтымды болып келеді. Көркем шығарманың пішіні туралы өз өлеңінде:
Оюын ойып, орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке,
Қиығанан қиып,
Қиырдан жиып
Құрап сөзді термекке, —
деп қалай жазса, аудармаларын солай орындауға ұмтылған. Ал Пушкиннің ойы, жоғарыда аталған екі ертегісінің мазмұны барша жұртқа мәлім болғандықтан, олардың аудармадағы көркемдік дәрежесі сол ұлы ақын мұрасының деңгейінде шыққаынын ғана айтып шектелген жөн болмас. Өйткені Ахаң аудармасындағы шығарма нәзік сезім, терең оймен жазылған, оқушының жан-дуниесін шымырлатып, іштей тебірентіп, буырқандырады. Кілең бір жақсылыққа, ақ ниеттілікке, өнер-білімге жетелейді. Екі жүзділікті, жазықсыз жанды жәбірлеушілікті қатты сынап-мінеп, әсіресе арызқойшылықты жаны түршіге жазып отырған. Ахаң аударған Пушкиннің "Балықшы мен балық" ертегісінің көтерген мәселесі өте күрделі. Зер сала қарасақ, оның ішіндегі қатпар-қатпар күрделі оқиғаға душар болған адам тағдырына жолығып, оқиғалар желісі бірден-бірге жалғасып, бірте-бірте қиындап, бірінен-бірі туындай отырып, ширыққан шиеленісте өрбиді. Барған сайын кейіпкерлер қақтығысы күшейіп, асқына түседі, айбын-дана береді. Мұнда екі адам мен балық арасындағы қарым-қатынас сөз болып, бар оқиға ағынан жарылған ақ пейіл шалдың атынан баяндалады. Қария қаншалықты еңбеққор, адал болса, кемпірі соншалықты жалқау әрі арам ниет. Ойлайтыны мансап, дүние, байлық. Ақын шығарманы бастан аяқ аударып шыққан, орыс тіліндегі сюжет қазақ тілінде сол қалпында беріледі. Айырмашылық сол түпнұсқадағы кейбір сөздерді ақын қазақшаландырып, түсінікті тілмен қазақ оқырманына жақындатады. Мәселен, орысшадағы:
Жил старик со свосю старухой
У самого синего моря:
Они жили в ветхой землянке
Ровно тридцать лет и три года, —
делінсе, Ахаң бұл жолдарды қазақ әлеуметтік тұрмысына жақындата, түсінікті тілмен: "Болмапты төрт түліктен ырымға мал" деген тіркесті қолданады.
Теңіздің жағасында кемпір мен шал
Тұрыпты отыз үш жыл нақ дәлме-дәл.
Күн керген бейшаралар балық аулап,
Болмапты төрт түліктен ырымға мал.
Аударманы оқып отырып ақын қолданған мұндай таза қазақы тіркестерді көптеп келтіруге болады "Жанымды бір шыбындай қи, ақсақал!", "Қалмайын несіне алып", — дейді", "Ақымақ! — дейді, алжыған, "кеткен есің", Көп нәрсе әкеліпсің, адырағал!", "Ағына сақалының кім қарайды?", "Түсіріп таз кебіне бір-ақ күнде", "Қойыпты қу қақпасты құдай ұрып", — сияқты түпнұсқада жоқ, қазақ тұрмысында, қолданылатын тіркестермен береді. Және осы ең соңғы екі жолмен ертегі өлеңді тұжырымдайды.
Бір қызығы алтын балықтың іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, уәдеде тұруы, жақсылыққа мейірім-шапағатпен жауап беруі, бәрі де адам бейнесінде алынған. Осындай көркемдік ерекшеліктеріне қарай Ахаңның аударған бұл туындысы — қазақ тіліне тұңғыш рет тәржімалануымен де, түпнұсқаға жақындығымен де, кейіпкерлердің бітім-болмысы, характерлерінің даралануымен де әдебиетімізде ерекше орын алары сөзсіз. Ақынның Пушкиннен аударған, Абайдың алты аяғының үлгісімен біркелкі таза поэзиялық қасиетін жоғалтпай орындаған "Алтын әтеш" ертегісінің аудармасында да көп-көп төржімалық тағылым бар екенін айтуға болады. Пушкиннің бұл ертегісін ақын сюжетін толық сақтай отырып, бастан аяқ еркін аударып шыққан.
Түпнұсқадағы оқиғалар, кейіпкерлер аттары сол күйінде қазақша нұсқада беріледі. Мысалы, орысшадағы:
Негде, в тридевятом царстве,
В тридесятом государстве,
Жил-был славный царь Дадон
Смолоду был грозен он
И соседям то и дно
Наносил обиды смело, —
деген жолдарды таза қазақы сөз саптаумен:
Беріде емес, әріде,
Пәлен жұрттың жерінде
Болған жақсы хан Дадан
Талай көріп қауіпті,
Талай жұртты шауыпты.
Жасында боп бек мазаң, —
деп бастап жолма-жол оқиға өрімін сақтай отырып, Ахаң еркін аударады. Орыс тіліндегі ертегіні аударғанда, таза қазақ ертегісіндей бастап, жалғастырып дамытып әкетеді. Мұндай ерекшелікті Ахаңның Жадовскаядан аударған өлеңінен көруге болады. Мысалы:
Лучший перл таится
В глубине морской.
Зрест мысль святая.
В глубине души
Надо сильно буре
Море взволновать,
Чтоб оно, в борепьи
Выбросило перя.
Надо сильно чувству
Душу потрясти,
Чтоб она, в восторге,
Выразила мысль, —
деген өлең жолдарын ақын:
Мінсіз таза меруерт
Су түбінде жатады.
Мінсіз таза асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан зат
Жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады, —
деп еркін, қысқа әрі көркем аударма жасайды. Орыс тілінде он екі жолдан тұратын өлеңді Ахаң асқан шеберлікпен өлеңнің айтайын деген ой-пікірін, мағынасын сақтай отырып сегіз жолмен береді. Ахаң аудармада тек Пушкинмен шектелмей, Лермонтовтен да аударған, оның шығармаларының ішінде "Мцыри" поэмасына айрықша назар аударған. Түгел тәржімеледі ме, жоқ, әлде қазір бізге мәлім болып отырған үзіндімен шектелді ме — ол арасы әзірше беймәлімдеу.