АқИҚат пен аңыз роман-диалог бірінші диалог I



Pdf көрінісі
бет10/32
Дата29.09.2022
өлшемі1,61 Mb.
#40875
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32
Байланысты:
(pdf) Әзілхан Нұршайықов — Ақиқат пен аңыз

АЛТЫНШЫ ДИАЛОГ
І
Автор. Сіз Иван Михайлович Чистяков деген кісіні білесіз ғой?
Бауыржан. Білемін. Генерал-полковник, Совет Одағының Батыры.
Автор. Сол кісі «Дружба народов» журналында жарияланған естелік
кітабының бір жерінде былай деп жазыпты. Оқуға рұқсат етіңіз.
Бауыржан. Оқығын.
Автор. «1073-ші атқыштар полкының командирі майор Бауыржан
Момышұлын мен соғыстан бұрын білетінмін. Біз Қиыр Шығыста бірге
қызмет еткенбіз. Ол қазақ ұлтынан шыққан, алған бетінен қайтпайтын,
қатал мінезді, сымбатты келген жас командир болатын.
Оны ерекше ерлігі мен тапқырлығы үшін Панфиловтың өзгеше жақсы


көргенін де білетінмін. Москва түбінде оның батальоны полктан хабар-
ошарсыз күйде, бірнеше күн қоршауда қалып, қалың жаумен қиян-кескі
ұрыс жүргізген. Екі тəулікке созылған қырғын соғыста гвардияшылар төрт
жүзден астам фашистердің көзін жойып, олардың Волоколам тасжолы
арқылы жасаған шабуылын тырп еткізбей бөгеп тастаған. Содан кейін
орман ішінде маневр жасай отырып, өздерін қоршаған жау шеңберін тас-
талқан етіп бұзып шығып, полкке келіп қосылған болатын.
Осы ұрыстан кейін Панфилов Момышұлының батальонын өзінің
резерві етіп ұстап, оны ең қиын-қыстау жерлердегі ұрыстарға жіберіп
отырды. Соның бəрінде де батальон үздіксіз жеңіске ие болды.
Бұлардан басқа Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті
болатын, ол оның шыншылдығы еді. Мен оның қанша қиын болса да, тіпті
өзіне содан зиян келсе де тек қана шындықты айтатынын білуші едім.
Өзінің бағыныштыларынан да ол осыны талап ететін».
Міне осылай деген...
Бауыржан. Мұны неғыл дейсің?
«Мұны неғыл дейсің?» Сондай сөз бола ма екен? Бұған мен қуанамын,
шаттанамын, мақтанамын! Кеше бейбіт күнде бірге болған, одан соң ел
басына ауыр күн туған қаһарлы жылдарда қатар жүріп қабырғадан қан
кешкен қарт генерал сені мақтап отыр. Сенің ерлігіңді, өрлігіңді айтады.
Атақты Панфиловтың өзіңді жанындай жақсы көргенін баяндайды. Тіпті
сенің жас шағындағы сымбатыңды да сүйсіне сөз етеді. «Иір бұтақты емен
шынар болуға құмар болмайды» деп өзің айтқандай, сенің егде тартқандағы
мынау емендей қалпыңа қызығамын мен. Сенің бойыңдағы саф алтындай
сақталып келе жатқан генерал айтқан шыншылдыққа сүйсінемін. Мен ғана
емес, бүкіл ел сүйсінеді саған. Сондықтан да бала күнгі досың Əбділда
ақын сенің қазіргі күйіңді былай деп суреттеді:
Ойласа от күндерді, қан майданды,
Қамықпай, қасіретсіз сөз айта алмайды.
Елестеп қансыраған қайран достар,
Соларға: «Қайдасың?» деп айқайлайды...


Тарылып күйкі тартқан көк кеудесі,
Секілді тозған тұлға көлеңкесі.
Ойласа от күндерді алады өксіп,
Қазақтың ай мүйізді ақ серкесі
Неғыл дейін мен? Генерал мен ақынның сенің өр тұлғаңды суреттеген
сөзі мен жырын мақтаныш етемін мен! Сондықтан да оны, жерден жеті
қоян тапқандай болып, қуана айтып отырмын саған. Немене, мұртың
едірейіп соншама шұқшия қалдың маған?
Əрине, Баукеңе мен бұл сөздерді айтқаным жоқ. Айтпайтыным ол өзін
мақтағанды ұнатпайды. Ал өзге кейбір жолдастарды мақтаған аузыңнан
титтей сөз шықса-ақ болды, олар сені тоқтатып қойып, өздерін өздері
мақтай жөнелгенде сен аңырайып аузыңды ашасың да қаласың... Баукең
олай емес. Өзін мактай бастасаң ол сенің сөзіңді естімеген кісі сияқтанып,
түсін суытып үнсіз қалады. Сенің айтқанының шын-өтірігін сараптап,
сынап отырған сияқтанады. Содан кейін: «Тит-та-тит-та-ти-тата!» деп
басын бір жағына қарай бұрып кеп жібереді. Онысы саған: «От-та-от-та-от-
тай бер» деген сияқты боп сезіледі де, сен шайнамай жұтқан астай ғып,
мақтау сөзіңді кілт тоқтатуға мəжбүр боласың.
Чистяковтың сөзін алғаш оқи бастағанымда Баукең көңілді сияқты еді.
«Мен ол кезде жас болғанмын» деп арасында əзіл де айтып қалды. Сол
ыңғаймен мен де генералдың сөзін аяқтап, Баукеңнің бетіне көңілдене
қарағанымда: «Мұны неғыл дейсің?» деп ол бірден гүр ете қалды. Осы
кезде менің көз алдыма тағы да арыстан елестеп кетті. Цирктың аренасына
шыққан арыстан алғашқы екі-үш номерді бұлжытпай орындайды.
Арыстанның «тіл алғыштығына» үйретуші де, көрерменде де қуанып,
көңілденіп қалады. Сөйтіп жүргенде аң патшасы кенет арс ете түсіп, келесі
номерлерді орындаудан бастартады. Үйретуші ұзын таяғын сермеп,
арыстанды ырқына көндіре алмай əлек боп қалады. Арыстан таяқты
тістелеп ырылдағанда зал толы жұрттың төбе құйқасы шымырлап, иманы
қасым болады. Ол бірақ ырғып барып анау таяғын шошаңдатқан үйретуші
сорлының парша-паршасын шығармаса игі еді деп зəресі кетеді. Мен
Бауыржанның қасында отырғанда бірнеше рет осындай сезімде болдым —
арыстанмен бір клетканың ішінде бетпе-бет қалған үйретуші іспеттендім.


Үйретушінің əртүрлі əдіс-айла, қару-құралдары бар шығар. Менде ол жоқ
қой... Бауыржанның арыстандікіндей тісі мен тырнағы жоқ екенін, тіпті
оның арыстан емес екенін біле тұрсам да, ол гүр етіп бетіме қарап, жалт-
жұлт еткен көзі мен жыбырлаған мұртына көзім түскенде сасқалақтап
өзімнің адамның үйінде немесе арыстанның клеткасында тұрғанымды
аңғара алмай қалған əлденеше сəттерім болды. Мұны мен қыздырманың
қызыл сөзі үшін айтып отырғаным жоқ. Бауыржанды барлық адам
баласынан өзгеше жаралған жан етіп көрсету ниетінен де аулақпын. Мұны
мен əңгімелесуші екі адамның арасындағы психологиялық байланысты
көрсету үшін ғана айтып отырмын.
Сөйтіп, жаңа ғана əзіл айтқан Баукеңнің мен үш-төрт абзацты оқып
шыққанша өзгере қалғанын білгеннен кейін, өзім де көңілді күйден
ауысып, бірден салмақты бола қалдым.
ІІ
Автор. Генерал Чистяковпен Сіздің алғаш қалай танысқаныңызды
сұрайын деп едім. Жəне өзіңіздің Қиыр Шығыс əңгімесін кейін толық етіп
баяндап беремін деген уəдеңіз де бар еді.
Бауыржан. Солай ма еді? Онда айтуға болады. Иван Михайлович
Чистяковпен мен Қиыр Шығыста кездестім... Қиыр Шығыс! — Бауыржан
мойнын ырғай бұрып, маған үдірейе қарады. Оның мойнын бұлай бұрғаны
əлденеге өкініп, бас шайқағаны сияқты да боп көрінді. Сол бұрылған
қалпында сəл отырды да, сөзін əрі қарай жалғады. — Қиыр Шығыс — жас
адамды шынықтырып, шындайтын, езді — ер, егдені — кемеңгер етіп
ширататын өлке ғой, шіркін! Темір соғатын жерді не дейді, ұста дүкені дей
ме? Ауылда аяқ астында жатқан ұсақ-түйек темірді жинап сол дүкенге алып
келіп көріктің отына салсаң, ол төстен таға болып тапталып, шеге болып
ширатылып шығып жатпаушы ма еді? Егер олпы-солпы адамды көк мұзға
кірш-кірш қадалатын құрыш емшекті тағадай иіп, шегедей шымыр етіп
шығаратын да дүкен болады деп есептесек, мен ондай дүкенді Қиыр
Шығыс жері, соның табиғаты дер едім. Қиыр Шығыстың қыстағы алпыс
градус аязы мен жаздағы жетпіс градус ыстығы адамды шыңдалмас еркіне
қоймайды-ау, шіркін! Ит тұмсығы өткісіз ну орман, көк аспанға
шаншылардай боп шырқай өскен қалың қарағай, түзу терек, тіп-тік
қайыңдар, олардың арасындағы шалғыны салт атты адамның белуарынан
келетін жасыл шөпті алаңдар, сылдыраған бұлақ, сарқыраған өзендер,


жұтқан сайын көкірегіңді кернеп, көңіліңді сергіте түсетін шипалы ауа!..
Ғажап қой, ғажап Қиыр Шығыс табиғаты. Оны саған суреттеп беруге тілім
жетпейді менің. Айналаның бəрі көркем, бəрі көрікті, бəрі ғибрат аларлық.
Табиғаттың өзі-ақ адамға алуан түрлі сабақ беріп тұрған тəрізденеді.
Қарағайдың түзулігі саған екі иығыңды салбыратпай тік жүруді үйретеді.
Аспанға шапши атылған ақ сүттей ақ қайындар сені адалдық пен пəктікке
шақырады. Аузын арандай ашқан аш айдаһардың жұтқыншағындай ми
батпағы өлім дегеннің не екенін көз алдына елестетіп, өмір үшін жанталаса
күресудің тəсілін жəне ұқтырады. Қиыр Шығыстың өрттей жазы сені ұста
көрігінің отына көмілген темірдей қыздырса, оның ақырған аязы сол ыстық
темірді шыңдау үшін суық суға малғандай шыжылдатады. Өз басым сол
Қиыр Шығыс табиғатының тамаша дүкенінде соғылған шегемін деп
есептеймін. Қиыр Шығыс дүкенінде мыңдаған «шегелер» соғылды. Мен
солардың бірі ғанамын. Ұстасыз ұста дүкені болмайды ғой. Мені, менің
тұстастарымды болат «шеге» етіп, сомдап соққан ұста Блюхер болатын!
Мен өз өмірімнен Қиыр Шығысты бір минут бөліп тастай алмаймын.
Осылай деп ол сөзін тоқтатты да, «ы-ы-ым...» деп менің бетіме қарады.
Онысы маған «сен менің бұл сөздерімді ұғасың ба, түсінесің бе?» — деген
сияқты боп көрінді. Сөйткенше болған жоқ, ол бірден мынадай сұрақ
қойды.
— Сен өзің Блюхерді білесің бе? — деді.
Мен қапелімде не білемін, не білмеймін дей алмай үнсіз қалдым.
Өйтетін себебім баяғыда, туған ауылым «Ақбұзау» орталау мектебінің
жетінші класында оқып жүрген бала күнімде біз оқитын класс бөлмесінің
қабырғасында бес маршалдың үлкен портреттері тұрушы еді. Ол
портреттер терезе жақтағы парталардың тұсына ілінгендіктен кейбір
балалар: «Мен Ворошиловпын», «Мен Буденныймын», «Мен Блюхермін»
деп мақтанып, кеуделерін қағып жүретін. Біреу Егоров, біреу Тухачевский
боп жəне шыға келетін. Өз тұсымда ешқандай сурет болмағандықтан мен
«маршал» дəрежесіне жете алмай қалдым. Қайырбек, Қылышхан, Байеділ,
Берікхан, Нұршилан деген достарым «бес маршал» атанды. Атақ деген
киын ғой, шіркін! Өзің болып алғаннан кейін өзгені болдырғың, өз шеніңе
жақындатқың
келе
ме?
Олар
да
бізді
«маршалдық»
партаға
жақындатпайтын, қанша жалынсақ та қастарына отырғызбайтын еді. Бірақ
обалы не керек, Ұлы Отан соғысы басталғанда сол «бес маршал» біздің
ауылдан ең бірінші боп неміс-фашистерімен шайқасты. Бесеуі де, бала


күнгі армандарын ақтап, ерлік өліммен қаза тапты. Сонау бала күнімде,
«маршалдық» дəрежеге көтеріле алмағандықтан ба, əйтеуір, мен
маршалдардың
өмірбаянына
ықыласты
болғаным
жоқ.
Баукеңнің
«Блюхерді білесің бе» деген сұрағына үндей алмай қалғаным сондықтан
еді.


Менен жауап болмаған соң ол:
— «Каховка» деген атақты əнді білесің бе? — деп маған қайтадан сұрақ
қойды.
— Білемін, — дедім мен. — Heге білмейін, Ұлы Отан соғысының
қарсаңында «Каховка, Каховка! Родная винтовка!» деп талай шырқаған
əніміз еді ғой ол біздің.
— Ал Перекоп пен Волочаевканы есітуің бар ма?
— Бар, — дедім тағы да. — Неге естімейін, азамат соғысы кезінде
Отанның оңтүстігі мен Қиыр Шығысында Қызыл Армия ерлігінің ең биікке
лаулаған екі жалыны емес пе еді ол екеуі!
— Əскерде жүргенде «Дальневосточная» деген əнді айтушы ма
едіңдер?
— Айтатынбыз, — дедім мен. — Оның мынадай қайырмасы əлі есімде:
Стоим на страже
Всегда, всегда,
Но если скажет
Страна труда:
— Прицелом точным
Врагу в упор!
Дальневосточная,
Даешь отпор!
— Мұның кейіннен өзгертілген нұсқасы ғой, — деді Баукең, маған
басын изеп. — Бұрын бұл қайырманы біз ылғи былай деп айтушы едік:
Стоим на страже


Всегда, всегда,
Но если скажет
Страна труда:
Винтовку в руки!
В карьер!
В упор!
Товарищ Блюхер,
Даешь отпор!..
Отыз алтыншы жылдың мартында мен қайтадан əскерге алындым.
Ташкенттен поезға отырып, Қиыр Шығысқа кеттім деп едім ғой. Поезд
тоқтамастан он төрт күн жүйткіді, оны да айтқан шығармын. Сөйтіп мен
Қызылтулы Дербес Қиыр Шығыс Армиясының (орысша қысқартып
ОКДВА деп атайтын) қарамағына келдім. Онда ОКДВА-ның да, оның
командашасы Василий Константинович Блюхердің де атағы жер жарып
тұрған болатын. Сол кезде айтылатын бүкіл Совет Армиясының гимніне
айналған жаңағы «Дальневосточная» мен «Если завтра война» əндері жəне
басқа жырлар тікелей Қиыр Шығыс Армиясына арналып шығарылған еді.
Олай болатын себебі ол кезде Отанға қауіп үнемі шығыс жақтан төніп
тұрды. Орыс ақ гвардияшыларымен ауыз жаласқан қытай милитаристтері
бұрыннан келісіп, шартпен пайдаланып отырған КВЖД-ға шабуыл жасады.
Жапондар жарбаңдап, Хасан көліне қарай жүгірді. Сөйтіп олар СССР-ға
қарсы соғыс ашпақ болды. Бірақ Блюхер бастаған даңқты Қиыр Шығыс
Армиясының қаһарына ұшырағаннан кейін олар к..... қысты. Түсінікті ме
саған бұл сөз?.. Ал Блюхер аты əнмен шырқалатын нағыз ерлердің бірі
болатын. Біз командашымыздың өмірбаянын бес саусағымыздай білуші
едік. Ол шаруа семьясынан шыққан, өзі жұмысшы боп өскен кісі еді.
Дүниежүзілік бірінші соғысқа солдат боп қатысып, ауыр жараланған.
Жарасының ауырлығы сонша, оны екі рет өлді деп есептеп лазареттен
шығарып, мəйітханаға апарып тастаған. Бірақ ол екі ретте де есі кіргеннен
кейін, моргтағы өліктердің арасынан шығып, қайтадан лазаретке барған.
Өмірде темірден қатты, болаттан берік адамдар болады. Василий
Константинович сондай жандардың бірі еді. Сөйтіп ол жиырма бес


жасында армиядан босатылады, қайтадан жұмысшы боп істейді. Партияға
өтеді. Елде Совет өкіметін орнатуға жан-тəнімен ат салысады. Ол кісінің
бұдан кейінгі ересен ерліктерін айтып жеткізу қиын. Василий
Константиновичтың өмірі жай өмір емес, тек қана ерліктен тұратын өмір
еді. Оның он сегізінші жылы дутовшыларды талқандағаннан кейін,
бүлікшіл Чехословакия корпусы мен ақ бандалардың қоршауында қалған
совет əскерін бастап, бір жарым мың километр жол жүріп, Орал тауынан
өтіп Қызыл Армияға қосылуының өзі өзгеше жыр. Осы ерлігі үшін ол ата
орденмен наградталды. Ата орден дегеннің не екенін түсінесің бе?
Түсінбесең тыңда, Совет Одағында тұңғыш шығарылған Қызыл Ту ордені.
Ол азамат соғысының майданында қаһармандық ерлік көрсеткен Қызыл
Армия жауынгерлерін наградтау үшін шығарылды. 1918 жылы 30
сентябрьде ВЦИК мəжілісінде Қызыл Ту орденін кімге бірінші беру туралы
мəселе қаралады. Сонда Яков Михайлович Свердлов орнынан тұрып, ең
бірінші советтік орденді Блюхерге беру жайында ұсыныс жасайды. Одан
екі жыл кейін, 1920 жылы Еңбек Қызыл Ту ордені, ал 1930 жылы Ленин
ордені мен Қызыл Жұлдыз ордені, 1935 жылы «Құрмет белгісі» ордені
шығарылды. Одан кейінгі ордендер Отан соғысы кезінде шықты. Қызыл Ту
еліміздегі ең тұңғыш орден болса, Блюхерге оның ең біріншісі берілсе,
сонда ол ата орденмен наградталған бола ма, жоқ па? Өзің ойлашы, кəне.
Одан кейін сол Қызыл Ту орденімен ол тағы төрт рет наградталды. Ал
Қызыл Жұлдыз орденімен елімізде ең бірінші боп наградталғанның кім
екенін білесің бе? Білмесең — ол да Блюхер. Бұл орден оған Қызылтулы
Дербес Қиыр Шығыс Армиясының шекара күзетіндегі жауынгерлік
табыстары үшін берілді. Сөйтіп, 1930 жылы майда Блюхер бес Қызыл Ту
ордені мен Қызыл Жұлдыз орденінің еліміздегі ең тұңғыш кавалері болды.
Ол кезде Қызыл Ту орденімен бір рет наградталудың өзі Совет Одағының
Батыры атағын алғаннан кем емес-ті. Жаңа мен сенен Каховка, Перекоп,
Волочаевканы білесін бе деп сұрадым ғой. Сұраған себебім Василий
Константинович сол жерлердегі ұрыстарға тікелей басшылық етіп, Қызыл
Армияның даңқын көкке көтерген кісі. Ол Совет мемлекетінің қас жауы
Колчактың əскерлерін талқандаушылардың бірі. Партия қайда жұмсаса
сонда барды. Сунь Ят-сен бастаған Қытайдың революциялық үкіметінің
əскери бас кеңесшісі де болды. Он бір жыл ОКДВА-ны басқарып, Қиыр
Шығыстың Отанымыздың берік қамалына айналуына бар күшін жұмсады.
Сондықтан да ол тағы да екі рет Ленин орденімен наградталды. Отыз
бесінші жылы оған С. М. Буденный, Қ. Е. Ворошилов, А. И. Егоров жəне
М. Н. Тухачевскиймен бірге Совет Одағының маршалы атағы берілді.
Сөйтіп ол ең алғашқы бес маршалдың бірі болды...


ІІІ
Менің көз алдыма ауыл мектебі класс бөлмесінің қабырғасында ілулі
тұрған бес маршалдың суреті елестеді. Ол кезде бес маршалдың суреттегі
түрі-түсін біз бес саусағымыздай білуші едік. В. К. Блюхердің портреті
үшінші боп тұратын. Омырауы орденге толы, кең маңдайлы, қою қасты,
қоңқақ мұрын кісі еді. Портупейдің не екенін білмейтін біз оның он
иығындағы жалпақ сызықты біреуіміз аспа белбеу деп, екіншіміз
қылыштың бауы деп таласатынбыз..:
Автор. Бала күнімде Блюхердің портретін көрген едім.
Бауыржан. Ол талантты, қатал қолбасшылығының үстіне ойшыл,
шешен, сондай бір сүйкімді де жан еді. Сен суретін көрсең мен оның өзің
көрген кісімін, қарағым. Василий Константиновичтың қолынан сыйлық
алғанмын.
Автор. Соны айта кетпейсіз бе?
Бауыржан. Айтайын. — Баукең темекі алып тұтатты да, бұрқ еткізіп
түтін шығарып, түтінге ілестіре сөзін жалғады. — Үйде қадірлейтінің де,
қорқатының да əкең болса, солдаттың əскердегі əкесі — командирі. Үйде
əйеліңді қандай ардақтасаң, əскерде қаруыңды сондай мəпелеп ұстауға
тиіссің. Бұл — бұлжымайтын заң. Бұл заңға біз де бағынғамыз, басқалар да
бағынады. Ол кезде біз Ворошилов, Буденный, Блюхер сияқты
маршалдарды құдайдай көруші едік. Ал өзімізбен істес, ұстаз
командирлерімізді жауынгерлік жəне саяси əзірліктегі үздік ісімізбен
қуантуға тырысатынбыз.
Біздің тұсымызда армияда винтовканың культі күшті болды. Əскери əн
мен жырдың қайсысын алсаң да пісміллəсі винтовкадан келетін. Əлгі
айтқан «Каховкаң» да винтовкадан басталатын. «С юга Урала ты со мной
шагала» деп басталатын тағы бір əн бар емес пе еді. Оның аяғы былай
аяқталатын:
Эх, бей, винтовка, метко, ловко,
Без пошады по врагу!
Я тебе, моя винтовка,


Острой саблей помогу!
Осылай деп артынан оған қылышты қосақтап қоятын. Кейінірек барып
танк, артиллерия, линкорлар туралы да жырлар шыға бастады ғой. Мен
винтовкамен бұрыннан дос болатынмын. Сонау Термезде винтовкадан үш
минутта отыз екі оқ шығарып, оның жиырма екісін нысанаға тигізген
мергендігім үшін генерал Когосовтан алғыс алғанмын. Айтайын деп
отырғаным қылышпен қалай көңілдес болғаным жəне оның мені қалай
күлкіге ұшыратқаны жайында.
Өзің білесің, қылыш атты əскердің қаруы ғой. Жаяу əскерге қылыш та
бір қырғыш та бір. Мен Қиыр Шығысқа келгеннен кейін полктық
батареяның басқару взводының командирі болып тағайындалдым. Бұрын
банкте есеп-қисап қызметінде болғанымды ескеріп, Коваленко мені осы
жұмысқа жіберді. Басқару взводы да батареяның нағыз есеп-қисапты керек
қылатын жері. Түсінуші ме едің оны? — «Мен «əбден түсінемін» деген
ишарамен екі-үш рет басымды изеп қалып, жазуымды жаза бердім. — Əй,
шыбындаған атша басыңды неге изейсің? Тілін бар емес пе, айтпаймысың
дұрыстап? — Мен Баукеңнің қолма-қол тиісті теңеу таба қоятынына разы
боп күлдім де, бұрын өзімнің де артиллерист болғанымды айттым. «Синус,
косинустың нағыз керек жері сол ғой» дедім. — Е, бəсе, солай деп анда-
санда үніңді шығарып қойсаңшы. Əйтпесе əңгімеңді қасындағы кісіге
емес, қара тасқа айтып отырғандай болады екенсің.
Мен тағы да жымидым. Өзінің əке жүзіндей мейірімді күлкісімен,
танауы жалпайып, Баукең де күлді. Баукеңнің күлетін орны бар еді:
мүдірместен мергеннің оғындай қадап, қатарынан екі теңеу айтып тастау
жазушы адам үшін аз олжа емес қой. Мен оны объектім есебінде мысықша
аңдып отырмын десем де, мысықтың желкесінде тырнағы сойдиған
арыстан тұрғанын аңғармаппын. Өз басым əңгіме айтқанда, оған сонша
беріліп кетемін де, тыңдаушыға бақылау жасай алмай қаламын. Ал Баукең
болса əңгімесін де тиянақтап айтады, тырп еткізбестен тыңдаушыны да
бағып отырады. Бұл бір мезгілде əрі əңгіме айтып, əрі шығарма жазып
отырғанмен пара-пар. Бүйтіп екі жұмысты бірден атқару екінің бірінің
қолынан келе бермейтін іс. Баукеңнің басқамыздан артықшылығының бірі
осы қасиеті болар деп ойладым.
— Ол кезде зеңбіректерді атқа жегіп сүйрейтінбіз. Сондықтан
артиллеристер тегіс қоқаңдап атқа мініп жүретінбіз. Ал қазақ үшін атқа


міну — аспанда құс боп самғау екенін өзің де білесің ғой. Батареяға
берілген көп жылқының ішінен мен өзіме сүттей əппақ, сүліктей жіңішке,
екі құлағы тас төбесіне шаншылған, қаракөз атты таңдап алдым. Бала
күнінде өзіне арналған тайының жүгенін таңертең көйлегінің сыртынан
қоса киіп, жылқыға қарай жүгіріп өскен қазақ баласы Қамбар атаның
тұлпарын қалай таңдауды біледі ғой. Ақбоз атым айтулы жылқы болды. Ол
желгенде желге мініп келе жатқандай желпінесің. Оның шабысын
көлденеңнен қарағанда алыс орманға ат емес, ақ найза сүңгіп бара
жатқандай əсер аласың. Ал аяңы, Абай айтқандай, «тымақты алшы
кигізгендей» еді. Астымда Ақбоз ат көсіле аяңдап келе жатқанда
басымдағы
шлемімнің
шошағы
сан
рет
ұзарып
Қиыр
Шығыс
қарағайларының төбесімен талай рет таласқан болар деп ойлаймын. 
Армияда спортқа ерекше мəн беріледі. Бұл өзі өте дұрыс нəрсе. Мен ат
спортымен де, жаяу спортпен де қатты шұғылданатынмын. Жалғыз мен
ғана емес, менен əлдеқайда үлкен батальон, полк, дивизия командирлері де
спортпен
қабағат
айналысатын.
Спортсмен
болу
Қызыл
Армия
командирлеріне қажет қасиеттердің бірі боп есептелетін. Үлкен
командирлер өйткен соң біз қалысамыз ба? Бізден көргенді қызыл əскерлер
қабылдамай ма? Ал менің спортшы ретіндегі атымды шығарған сол ақ боз
ат болды. Ақбоз ат манежға шыққанда ұршықтай үйіріліп, əртүрлі
кедергілерден ор қояндай орғушы еді.
Дивизияда бірнеше полк бар. Біздікі 306-шы полк болатын. Бір күні
менің манежде Ақбоз атпен орғытып жүргенімді полковник Коваленко
көріп қалып, қасына шақырды. Құйғытып жетіп бардым.
— Атты əскер ойындарының бəрін де білесің бе? — деді ол тізгінін
жұлқып тықыршық атқан астымдағы Ақбоз ат пен маған кезек қарап.
— Үйрендім, жолдас полковник.
— Мылтықта мерген екеніңді білемін, ал қылыштан қалайсың? — деді
белімдегі қылышты иегімен нұсқап.
— Оны да сілтеймін, жолдас полковник.
— Онда сені полктағы ат спорты командасының капитаны етіп
тағайындаймын.


— Құп болады! — деп он қолымды шекеме қойып, Ақбоз аттың тізгінін
тартып кеп қалып едім, ол аспанға тік қарғып, найзадай шаншыла қалды.
Мұны атты əскерлердің тілінде «свечка» деп атайды. Қазақша «майшам»
деген сөз ғой. Ақбоз ат аспанға секіргенде шынында да лаулап жанып
тұрған майшам тəрізді боп көрінуші еді.
Сөйтіп мен команда капитаны болдым. Барлық батальондардан таңдап
жүріп, атымен отыз адам іріктеп алдым. Əскери əзірліктен кейін тынбастан
əртүрлі жаттығулар жасаймыз. Оңды-солды қылыш сілтеп, бар пəрменімен
шауып келе жатқан аттың екі жағына қадалған жас шыбықты шиқ-шиқ
қиямыз. Неше алуан кедергілерден ат қарғытамыз. Кейбір кедергілерден ат
секірткенде иманың қасым болады: не атың жалтарады, не өз жүрегін
дауаламайды. Бірақ қалай да кедергіні алуың керек, өйтпесең сен
буденновші емессің: онда арғымақ аттың белін қайыстырмай, жаяу жүруің
керек. Жауынгер аттың үстінде жау жүрек жігіт қана отыруға тиіс. Ат
спортының қағидасы осы.
IV
Бір күні Коваленко мені штабқа шақыртып алды да, дивизия бойынша
аса жауапты жарыс өткізіледі. Соған жақсылап əзірленіңдер. Біздің полкке
баға сенің командаң арқылы беріледі. Сендер жақсы болсаңдар, полк те
жақсы, сендер сүрінсеңдер полктың да сүрінгені, — деді. Содан кейін
ойланып отырды да:
— Есіңде болсын, бұл байқауға командашының өзі келіп қалуы мүмкін,
— деді. — Енді сендердің жаттығуларыңды күн ара өзім барып, бақылап
отырамын!
Командашы келеді дегеннен кейін бізде ес қалған жоқ. Аты жер жарған
атақты қолбасының алдынан сүрінбей өтсек, оны сыртынан да болса бір
көрсек дейміз. Бір ай бойы тынбастан аттарымызды жаратып, өзіміз
атымызбен қосыла жарап, қатты даярлық жасадық. Кедергінің қандайын да
болса аламыз деген сенімде болдық.
Сонымен, байқау өтетін күн де жетті. Полктардың құрама батальондары
лек-лек боп сапқа тізіліп, əн шырқап, аяқтарын нақ-нақ басып, дивизия
ипподромына қарай ағылды. Спорт жарысына қатысатын командалар
ипподромға ертерек келіп, өзіміз алуға тиісті кедергілерді көріп, жер


жағдайымен танысып алғанбыз. Содан кейін дивизияның жиналуын күтіп
тұрып, мен колонналардың шырқап келе жатқан əндеріне құлақ тостым.
Бұл бір ғажап көрініс екен. Əр колоннаның əні əртүрлі. Бір жақтағы топ
«Каховканы» айтып келе жатса, екінші бір топ «По долинам и по взгорьям»
деп бастап (бұл жерде Бауыржан əндете жөнелді):
Этих лет не смолкнет слава,
Не померкнет никогда.
Партизанские отряды
Занимали города.
И останутся, как сказка,
Как маячные огни.
Штурмовые ночи
Спасска, Волочаевские дни,—
деп шырқайды. Енді бір топ:
Стоим на страже Всегда, всегда, Но если скажет Страна труда: —
Винтовку в руки! Карьер! В упор! Товарищ Блюхер, Даешь отпор! —
деп құйқылжытады. Басқа бір колонна: «По военной дороге, шел в
борьбе и тревоге боевой восемнадцатый год» деп, атты əскер жырын
ағытып келе жатса, оған ілесе келе жатқан екінші топ:
На границе тучи ходят хмуро,
Край суровый тишиной объят.
У высоких берегов Амура
Часовые Родины стоят, —
деп «Үш танкист» əнін заулатады. Енді бір бүйірден артиллеристер əні
естіледі.


Артиллеристы! Точней прицел! Разведчик — зорок, наводчик — смел!
Врагу мы скажем: «Нашу Родину не тронь — Не то откроем
сокрушительный огонь!»
деп дік-дік басып, жер солқылдатып олар келеді. Тағы бір колонна
күмпілдеген оркестрге қосылып, дүниені жаңғырта жəне шырқайды:
Если завтра война, если враг нападет,
Если темная сила нагрянет
— Как один человек, весь советский народ
За свободную Родину встанет!
На Земле, в небесах и на море
Наш напев и могуч, и суров:
— Если завтра война,
Если завтра в поход,
Будь сегодня к походу готов!
Жүздеген жалынды жас азаматтардың күміс көмекейлерінен төгілген
бұл қуатты əндер, адамның жанын жанитын жігерлі сөздер тыңдаушының
төбе құйқасын шымырлатып, тебірентіп жіберерлік еді. Өйткені əн
сөздерінің барлығы жай сөздер емес, ол сөздер біздің Отанымыздың,
армиямыздың тарихы болатын. Ол сөздерде халық жүрегінің қасиетті
патриотизмі жатқан-ды. Сол патриотизмнің арқасында кейін Отанға
опасыздықпен шабуыл жасаған неміс фашистерін күл-талқан етіп жеңіп
шықтық емес пе біз.
Сонымен, бір кезде бізге сигналмен «əзірленіңдер» деген команда
берілді. Дивизиямыздың командирі комбриг Дотоль деген кісі еді. Өзі
бұрынғы кавалерист болатын. Командыны сол кісінің өзі беріп тұрды.
Мінбеде онымен қатар тұрған төртбақ кісі командарм болар деп ойлап,
қайта-қайта соған қарай көз тігеміз.


Ең алдымен басқа екі полктың командалары өтті. Əскер тілінде
«конкур-иппик» деп аталатын термин бар. Бұл ат спорты жарыстарында
алынуға тиіс ең ауыр кедергілер. Оның өзі біресе құзар биіктен қарғитын,
біресе жалпақ ордан орғитын қиын-қиын он үш кедергіден тұрады.
Команда тегіс соның он үшінен бірдей мүдірмей өтуге тиіс.
Алғы екі команда кедергілердің орта тұсына дейін топтасып, жақсы
барғандарымен, жетінші, сегізінші кедергілерден-ақ қожырай бастады.
Біреудің өзі қорқып, біреудің аты үркіп, қиын кедергілерден секіре алмай,
бұрылып кетіп жатты. Ат кедергіден қарғығанда тақымы босап кетіп, оның
үстінен ұшып түсіп жатқандар да бар. Ертоқым аттың арқасына қандай
қабысып тұрса, тақым да ер-тоқымға сондай жабысып жатуы керек.
Тақымың сəл босап кетсе болды, аттың екпінімен кеулеген жел екі тізеңді
екі жаққа керіп кетеді де қатты желде ыққа қарай ұшқан қарғаға ұқсап,
қалбаң ете түсесің. Олардың құлағандарын көріп, өз жігіттеріме
тақымдарыңды мықтап ұстаңдар деп ескертіп мен тұрмын. Ақыры ол екі
командадан ешкім де ең соңғы он үшінші бөгетті ала алмады.
Бір кезде:
— 306-полк командасының капитаны алаңға шық! — деген команда
естілді.
Ақбоз атты екпіндете құйғытып манежға мен шықтым. Тəртіп бойынша
команда капитаны атын шоқырақтатып отырып, манежды бір айналып
шығуы керек. Манежге кіре Ақбоздың екпінін тежеп, адуын шоқыраққа
салдым да, өзім, тырнақтарымен тұғырын бүрген қаршығадай қаздиып, ер-
тоқым үстінде қаттым да қалдым. Өйтетін себебім ат шоқырақ шабысқа
көшкенде кейбіреулердің құйрығы қолбаңдап, ерді солқ-солқ соғып
отырады. Ол атқа ауыр тиеді жəне оның белін кетіреді. Сондықтан мұндай
кезде ат үстіндегі адамның құйрығы ердің артқы қасына винттеп
тастағандай боп қозғалмастан қатып қалуы керек. Сонда шауып келе
жатқан атқа арқасындағы адамның салмағы өз денесінің салмағындай
көрініп, ентікпей еркін көсіледі. Өстіп, құйрығымды ердің артқы қасына
берік қып «винттеп» алдым да, бастықтар тұрған трибуна жаққа көз
жібердім.
Комбриг Дотольдің он жағындағы қырықпа мұртты төртбақ адамның
маршал
Блюхер
екенін
бірден
аңғардым.
Екі
қолымен
бірдей


портупеясынан ұстап, маған шаншыла қарап тұр екен. Сол сəтте мен
маршалдың қос қарашығы ішінде титімдей ақ ноқат болып өтіп бара
жатқан болармын деп ойладым. Маршал көзінің қарашығына іліну солдат
үшін өзгеше бақыт қой, шіркін!
Содан кейін мен командамды ертіп, аренаға тарттым. Командадан менің
оқ бойы алда отыруым керек. Оныншы кедергіден өткенше артыма
қарағаным жоқ. Өйткені ол кедергілерді менің жігіттерім мүдіртпей алуға
тиіс. Əр кедергінің тұсындағы топ-топ түскен ат тұяғының дүбірінен-ақ
олардың жұп жазбай келе жатқанын мөлшерлеп отырдым.
Он бірінші кедергі жалпақ ордан секіру еді. «Атаң Тайбурыл Қазан
қаласын айнала қоршаған жеті қабат ордан секіріп еді, Атаңа тартқан ат
болсаң ырғы, айналайын» деп Ақбоздың бүйіріне шпорды сонда салдым.
Ақбоз ор қояндай ырғып, ордың ар жағына барып дік ете түсті. «Атаңнан
айналайын, жануар!» деп, Ақбозды жалынан бір қағып қалдым да, он
екінші бөгетке қарай ұмтылдым. Ұмтыла бере артыма көз салып едім, екі
жігітім ар жақта қалып қойыпты да, өзгелері ордың бер жағына дік-дік
түсіп, содан соң қатарласа қайтадан менің соңымнан салды. Он екінші
кедергі онша қиын емес еді. Қалғанымыз одан да тегіс өттік. Енді ең соңғы
кедергіге қарай лап қойдық. Бұл ең қиын кедергі еді. Биіктігі үш метр
жардан секіруге аттың аты, жігіттің жігіті ғана шыдайды. Оған тақағанда
аттары жарқ беріп, талай адам жерде домалап жатады. Ақбоз ат қанша
сенімді болса да, он үшінші бөгетке қарай шапқанда оның тізгінін тас қып
ұстап алдым. Биік жарға жақындаған сайын атым тайсалақтай бастады.
«Жоқ, мені тастап кете алмайсың, — дедім мен оған. — Секіреміз, құласақ
бірге кетеміз!» Ат көнді. Содан кейін құйындай зымырап келді де,
садақтың оғындай созылып, бөгеттің үстінен қалқыды. Секіріс кезінде ат
үстіндегі адам құйрықты ерден қозғамай, ноқаттан-ноқат аудармай қатып
қалуы керек. Əйтпесе ат құлайды. Ордан орғыған, биіктен қарғыған ат
үстінде тастай қатып, тапжылмай отыру үшін де жігер, қайрат, ұстамдылық
керек! Ал, ат жалына жармасқан екенсің, ондай қасиетті өз бойыңнан
табуға тиіссің. Атымның төрт тұяғы найзадай шаншылып кеп, жерге кірш
ете қатар қадалғанда ғана ол қасиеттердің өз бойымда бар екенін аңғардым.
Үш метр биіктен созыла секіріп, жерге топ ете түскенде жануарым
мысықтай боп кішірейіп кеткен сияқты еді. Табаны топыраққа тигеннен
кейін ол орғи секіріп, қайтадан биіктеп шыға келді. Бүкіл ипподром
шартылдата шапалақ соқты. Жоқ, ондай жігер, қайрат жалғыз менде ғана
емес, менің командамдағы жігіттерде де бар екен. Төрт жігітім тағы да


бөгеттен топ етіп асып, соңымнан ілесті. Оларға да ду етіп алақан тағы да
соғылды.
Сөйтіп командамдағы он бес адамның бесеуі он үш бөгеттен бірдей
мүдірмей етті. Он үші он екі кедергіні мінсіз алды. Сол аққан бойда
командамды тегіс жинап, сапқа тізіп алдым да, əскери бөкен желіспен
аренаны бір айналып шықтық. Трибунағa тақағанда бəріміз бір кісідей ат
үстінде қаздиып тік тұра қалып, қолымызды шекемізге қойып, салют
бердік. Содан соң ер-тоқымға қайтадан отыра қалып, аренаның сыртына
шығып тұрдық.
Бір кезде репродуктордан саңқылдап, комдивтің үні естілді.
— Үздік əзірлігі үшін 306-шы полктың бүкіл командасына алғыс
жариялаймын. Ал, команда капитаны лейтенант Момышұлына сыйлыққа
сағат беріледі. Оны командарм, Совет Одағының Маршалы Василий
Константинович Блюхер өз қолынан тапсырады.
Оркестр «да-да-да-дат» деп қошемет көрсетіп, бүкіл ипподром тағы да
қол соқты. Тағы да Дотольдің командасы естілді.
— 306-шы полк командасының капитаны мінбеге келсін!
Тақымды қысып кеп қалып едім, Ақбоз ат алға қарай ақ найзадай
шаншыла сілтеді. Мен тағы да жарқ етіп трибунаның қарсысынан шыға
келдім. Оған он метр қалғанда атымның басын тартып кеп қалып едім,
құйрық-жалы шашырап, ол аспанға ақ фонтан болып атылды. Трибунадағы
бастықтарға осылай сəлем бердім де, көкке шапшыған ақбоздың алдыңғы
екі аяғы жерге түскенше мен де оның үстінен төмен қарай ырғыдым.
Екеуіміздің аяғымыз дік етіп топыраққа қатар тиді. Бұл да Ақбоз ат екеуіміз
ғана жасай алатын өзгеше приемдардың бірі еді. Содан кейін «Еңкей» деп,
Ақбоз атқа команда бердім. Ол алдыңғы екі аяғын бүгіп, тізесімен жер
басып, трибунаға қарай үш рет шұлғыды. Сəлден кейін, менен бұйрық
күтіп тұрған атыма «Тұр!» дедім. Атым қарғып тұрды да, қос құлағын
төбесіне шаншып, тіп-тік бола қалды. Ат пен солдат екеуміз қаздиып қатар
тұрмыз. Мөлшерлі секундтар өткеннен кейін мен қылышымды жарқ еткізіп
қынабынан суырып алып, маңдайыма көтере ұстап, əскери адыммен дік-дік
басып, шпорларым зың-зың етіп трибунаның алдына келіп маршалға салют
бердім. Қарасам комбриг Дотольдің де, полковник Коваленконың да


қуанғаннан естері шығып кетіпті. Екі езулері құлақтарына жетіп, маған
қарап бастарын изей береді. Командарм сағатты қолына ұстап, қою қара
мұртының астынан жұмсақ қана жымиып тұр екен. Қылышымды қынабына
салдым да, лыпып трибунаға көтерілдім.
— Сіздің команданың өнеріне өте қуаныштымын. Сіздің зор табысқа
жетуіңізге тілектеспін, жолдас лейтенант. Жігіттеріңізге менен де алғыс
айтуыңызды өтінемін, — деп командарм менің қолымды қысты да, екінші
қолындағы сағатты берді. Маршалдың түсі сонша суық болғанымен, сөзі
сондай жылы екен. Бетіңе жымия қарай сөйлегенде тура туған əкеңнің
лебізін тыңдап тұрғандай рухтанады екенсің.
— Совет Одағына қызмет етемін! Командама Сіздің алғысыңызды да
айтып барамын, жолдас маршал, — деп оң қолымды шекеме көтердім де,
мен мінбеден түстім. Сөйтіп мен маршал Блюхерге қылышпен салют беріп,
оның қолынан сағат алған кісімін, қарағым. Қазір «Ешкім де
ұмытылмайды, ешкім да ескерусіз қалмайды» деген ұран бар ғой. Ендеше
біз солдаттан бастап маршалға дейін ұмытпауымыз керек. Бұл детальді мен
саған сондықтан айтып жатырмын.
V
Осылай деп Баукең бір бөгелді де, темекісіне қол созды. Пачкадан бір
сигарет алып, оны асықпай ұзын ақ мүштігіне сұғындыра бастады. Оның
етсіз салалы саусақтарына қарай отырып, мен аренада Ақбоз атпен
шапқылап жүрген жиырма жеті жасар жігіт Бауыржанды көз алдыма
елестеттім. Ақбоз аттан қарғып түсіп, алдымен атына «сəлем» бердіріп,
артынан өзінің аяғын дік-дік басып, шпорлары сыңғыр-сыңғыр етіп келіп
қылышын жарқ еткізіп, маршалға салют бергеніне сүйсіндім.
Осы арада Баукеңнің 1956 жылы армиядан босап, Алматыға келген
бетінде көрсеткен бір мінезі туралы жұрт аузында жүрген əңгіме есіме
түсті. Бір күні Бауыржан маузерін тағып, қылышын асынып, ақсақал
жазушыларға сəлем беру үшін полковник формасымен Жазушылар одағына
келеді. Келсе председательдің бөлмесінде креслоға шірене шалқайып,
тығыршықтай қара домалақ біреу телефонмен сөйлесіп отырады. Ол екі
сөзінің бірінде «О, собаковод» деп қойып, қарқ-қарқ күліп, ұзақ сөйлеседі.
Оң қолымен үстел үстінде жатқан көзілдірігін иіріп жəне ойнап отырады.
Бауыржан оның қарсысына келіп, үн-түні қаққан қазықтай боп қақаяды да


тұрады. Тығыршық қара əрең дегенде сөзін бітіріп, трубканы жаба
бергенде, Бауыржан:
— Встать! — деп ақырып кеп қалады.
Ана жігіт сасқалақтап орнынан атып тұрады. Жалма-жан көзілдірігін
киіп, алдында тұрған айбынды полковникке, кешірім сұрағандай, жалтақ-
жалтақ қарайды.
— Сен кімсің? — деп Бауыржан сұстана үн қатады.
— Мен Жазушылар одағының секретары боламын, — дейді ол.
— Сен секретарь болсаң... — деп ол кезде мұрты жоқ Бауыржан ерні
жыбырлап, құлағын қайшылаған тістеуік жылқыға ұқсап, иегін көтеріп кеп
қалады. Содан кейін шпорын сыңғырлата екі аяғын сарт еткізеді де,
қылышын қынабынан суырып кеп алады. Оны жарқ-жұрқ еткізіп, жоғары
қарай енді көтере бергенде секретарь сасқанынан сып беріп үстелдің
астына кіріп кеп кетеді.
— Мен Бауыржан Момышұлымын! — деп Бауыржан қылышын салют
берген атты əскер тəртібінше серт ұстап, қаздиып тұра қалады.
— Ойбай... Бауке... Кешіріңіз... Сіз екеніңізді... байқамай қалдым, —
дейді зəресі ұшып кеткен бастық əр сөзін əрең айтып. — Ғафу етіңіз.
— Шық бері, — дейді Бауыржан.
— Қылышыңыздан қорқамын, — дейді анау.
— Өй, неге қорқасын? Мен саған Жазушылар одағының генералы деп
салют беріп тұрмын ғой, — дейді бұл.
Секретарь буыны дірілдеп, қапелімде орнынан тұра алмайды.
— Шіреніп отырғанға батыр ма десем, бала екенсің ғой! — деп
Бауыржан қылышын сарт еткізіп қынабына салады да, кейін бұрылып,
етігіндегі шпоры зың-зың етіп, есікке қарай аяңдайды. Ауыз бөлмедегі
хатшы қыз бен оның қасында тұрғандарға сұқ саусағын шошайтып:


— Мына кабинеттегі үстелдеріңнің астында бір бала жатыр. Соны
тұрғызып алыңдар, — деп шығып жүре береді.
Бұл сол кездегі бір жас басшы мен Бауыржан арасында болған жай еді.
Ол жігіттің Баукеңнің қылышынан қорқып, стол астына кіріп кеткені тағы
да көз алдыма елестеп, бұрын талай көзден жас шыққанша күлген бұл
оқиғаға тағы да бір жымиып алдым. Содан соң: «Е, Баукеңнің онысы
біреуді шауып тастау үшін емес, есіне түсіп кеткен ескі дағдысы екен ғой.
Тегі, бар қаруын тағынып, Жазушылар одағына барарда қазақ əдебиетінің
маршалы деп Сəбит Мұқановқа қылышпен салют беру ойында болған-ау.
Одақта Сəбит болмаған соң, «қорықса қорықсын, қорықпаса» Бауыржан
маған честь берді» деп мақтанып жүрсін деп, оның орнында шіреніп
отырған қорқақ жігітті қалжақ етіп өте шыққан ғой Баукен» деп ойладым.
Бауыржан. Айта берейін бе, əлде бірдеңені ойлап отырсың ба?
Автор. Құлағым Сізде, Бауке.
Бауыржан. Содан менің шабандоз атым жайылып кетті. Ақбоз ат
екеуміздің атағымыз аспанға шықты. Əсіресе өзі кавалерист Дотоль
байғұстың қуанышында шек болған жоқ. «Командаңмен тегіс шауып бара
жатқан ат үстінде тік тұрып честь бергендерің, өз атыңа тізерлетіп «сəлем»
жасатқаның — бəрі тамаша, бəрі төтенше болды. Бұл екі номер дағдылы ат
ойындарына қосқан сенің өз жаңалығың. Өзіңе тапсырылған істі
əрқашанда осылай творчестволықпен атқара біл. Бұл командирге қажетті ең
тамаша қасиет» деп талай рет айтып жүрді. Содан кейін комдив мені барлау
взводының командирінен таулы жерде атқа теңдеп жүретін батареяның
командирі етіп жоғарылатты. Бұрынғыша 306-шы полктың ат спорты
командасының капитаны болып қала бердім. Бұл мəселеде полковник
Коваленко маған бүтіндей сеніп алды.
Сөйтіп, Отан аясында Қиыр Шығыстың ғажап табиғатының құшағында
əскери əзірлігімізді арттырып, шынығып, ширап жүріп жаттық. Күн сайын
денеміз шымыр тартып, ойымыз өсе түсті. Отан деген ұғымымыз ұлғайып,
оған деген махаббатымыз арта берді. Өйткені шешеңді де туған күннен
бастап емес, есейіп, ержеткеннен кейін ғана жақсы көресің ғой. Отан да сол
сияқты. Оның да қадірін өз үйіңнен ұзап шыққанда ғана білесің. Оның
ұлылығын да сонда танисың. Сондықтан жас азаматтарды əскер қатарына
алғанда оларды өз ауылынан алысқа апарып тəрбиелеген дұрыс деп


ойлаймын. Əскери қызметті алысқа өтеген азамат Отан деген туған үй,
тұрған қалаң ғана емес екенін жан-тəнімен, бүкіл тіршілік болмысымен
түсінеді. Ал ауылынан ұзап шықпаған жастың Отан туралы ұғымы теория
тұрғысында ғана болады. Алыста жүріп, жүрегін сағыныш кернемесе ол өз
ауылының да қадірін білмейді. Қиыр Шығыс менің ауылымның,
ағайынның қадірін білдірген, Отанымның ойы қырын танытқан, оның көп
ұлтты
ұрпағының
өкілдерімен
туыстастырып,
достастырған
ұлы
университетім, мектебім болды. Өмірдің қилы-қилы қиыншылықтарынан
жан-жақты сабақ беріп шыңдаған ұстазым да сол Қиыр Шығыс дер едім.
Өзгесін былай қойғанда, оның табиғатының өзі бір мектеп қой.
Оңтүстіктің жылы жаз, жылымшы қысына үйренген адам алғашында,
Қиыр Шығыстың күз бен қысына көндіге алмай қиналады. Ал оған
көндіктің-ақ құрыштай болып шыңдалып шықтым дей бер. Ал жазының өзі
жаңбырдан көз аштырмайды. Майдан бастап августке дейін төрт ай
төбеңнен сорғалаған су сүйегіңнен өтеді. Соған қарамастан солдат жорықта
жүреді. Күні бойы толарсақтан саз кешіп келіп, кешке, жаңбырдың астында
отырып, жорық қазанынан ас ішеді. Түнде, жаңбырдың астында жатып,
тынығып ұйықтайды Таңертең, желдірте айдаған топты түйедей боп
төбеңнен жөңкілген бұлттардың жер ызған шудаларынан ұстап, немесе
жантая жауған жаңбырдың керегесін тепкілеп, тағы да ілгері тартасың. Тап
берген жаудан Отанды қорғау үшін осылай əзірленесің. Егер төрт ай бойы
кендір арқанды суға салып қойсаң ол шіріп кетеді. Ал адам шынығып,
ширай береді екен. Ол үшін адам өзінің бір жібін іштен үнемі ширатып
отыруы керек. «Жауын — жаздың сілекейі», «Жауыннан қорыққан жауға
жем болады» деп, қажымай қайраттана беруі қажет.
Ал Қиыр Шығыстың қысы қандай десеңші! Су қосылмаған таза спирт
ішіп көргенің бар ма өзіңнің? Болса ең алғаш соның жүз граммын байқамай
тартып жібергенде тыныс орның бітеліп қалған сияқтанып, сасқалақтамап
па едің? Дəл сондай болып, Қиыр Шығыс аязы тынысыңды тарылтып, дем
алдырмай, апшыңды қуыра кеп жөнелгенде жаныңды қоярға жер
таппайсың ғой, шіркін. Бірақ ол алғашқы күндерде ғана солай боп көрінеді,
артынан оған да үйреніп кетесің.
VI
Бірде батареяны бастап, тактикалық сабақ өткізу үшін қалың орманға
қарай кіріп келе жаттым. Айнала аппақ қар, аяз алпыс градусқа жуық еді.


Аяқ астынан күн күркіреген сияқтанып, бір нəрсе шатыр ете қалды. Жазғы
жауында аспанды қақ жарып өтіп, жақын тұсқа найзағай келіп түскендей
болды. Дүрсілдеген дыбысы дүниені солқылдатып жіберді. Атым да жарқ
берді, өзімнің де зəрем ұшып кетті. Қысты күні күн күркіремейді. Ол кезде
бомбаның жарылысын естігеміз жоқ. Сондықтан жер жарылған екен деп,
айналама алақтай қарап, атымның тізгінін тарта бердім. Ондағы ойым жер
жарылса атым алып қашқан күйі сол жарыққа қойып кетпесін дегенім.
Сөйтсем оң жақта, жүз. метрдей жерде аппақ қар аспанға құйындай
шаншылып тұр екен. Жерден лап етіп ақ түтін көтеріліп, сол көтерілген
жеріне төмендеп, қайтадан шөге бастағанға ұқсады. Оның айналасындағы
ағаштар сатырлап, біріне-бірі үн қатқан іспеттенді. Сатыр-сұтыр бірдеңелер
біздің жанымызға да тақау келіп, ақ қарға сүңгіп жатты. «Ананың біреуін
алып кел деп ат қосшымды жұмсап едім, ағаштың бармақтай-бармақтай
екі-үш сынығын алып келді... Сөйтсек ол аяздың қысымынан бытшыт боп
жарылып кеткен үлкен қарағай екен. Шауып барып оның орнын көрдік. Тек
арса-арса болып ағарып, созсаң құшағың əрең жетерлік түбір ғана жатыр.
Оның қаздиған қырық метрлік тұлғасынан түк те қалмаған, аяз қысымымен
шрапнельше шашырап жан-жаққа ұшқан да кеткен. Маған алғашында
аспанға көтерілген ақ құйынға ұқсап, одан соң шөгіп бара жатқан ақ түтін
тəрізденіп көрінген сол жарылған қарағайдың бұтақтарының қары екен.
Діңгегі опат болған бұтақ бейшаралар жақындағы ағаштарға асыла
салбырап қалыпты.
Бұдан кейін де біз талай ағаштың ажалы аяздан келгендігінің куəсі
болдық. Қарағайлардың аязға шыдамай сан рет аспанға ракеташа
атылғанын көрдік. Одан бұрын күзде дауыл құлатып, жерге бас ұрып,
көлденеңдеп сұлап жатқан талай бəйтеректерді кездестіруші едік.
Жығылған ағаш жолымызды бөгеп, оларды айналып өтіп, əлек болатынбыз.
Соған қарағанда бұл ешкімге иілместен тік тұрып опат болған əсем өлім
екен-ау деп сан ойлағаным бар. Ұмытпасам, дəптерлерімнің бірінде қатты
аязда тік тұрып өлген қарағайды мадақтаған өлеңім де болса керек. Бірақ
оның қай дəптерде екенін саған қазір тауып көрсете алмаймын мен.
Сонымен бірге Қиыр Шығыстың қыста соққан ызғырық желі жəне
есімнен кетпейді. Жаяу жүрген адам желдің өтіне онша ұрынбайды. Оның
үстіне ол өз қимылымен өзі жылынып отырады. Көресіні ат үстіндегі адам
көреді. Атқа жеккен зеңбіректеріңді сүйретіп, расчеттарды оған жаяу
ілестіріп жорықта жүргенінде, колоннаның басында ат үстінде келе жатқан
саған алдыңнан соққан ызғырық кеудеңнен найзадай қадалады-ау келіп.


Қырық найза бірден сұққылап жатқандай болады. Шинель мен фуфайканың
аязға əлі келгенімен, ызғырыққа шамасы жетпейді.
Өстіп қиналып жүргенде бір күні полк магазинінде шиыршықтаулы
клеенкаға көзім түсті. Кəдуілгі дастарқан етіп столғa жабатын көк ала
шақпақты клеенка. Содан бір бес метрін сатып алып келдім де, атқосшым
екеуіміз сертек тігуге кірістік. Келесі жолы сол сертекті гимнастерканың
сыртынан киіп алып едік, көзің жамандық көрмесін, рақат болды да қалды.
Клеенка дегеніңіз ызғырық желдің найзасын денеге дарытпайтын ежелгі
батырлардың ақ сауытынан, немесе хандар киген кіреукеден кем емес екен.
Содан соң магазиндегі қалған клеенканы өз ақшама сатып əкелдім де,
сертек етіп тігіп, іштеріңнен киіп алыңдар деп, батареяның зеңбірек атына
мінетін жігіттерге үлестіріп бердім. Осыдан кейін күні бойы жүрсек те мен
ат үстінен түспеймін. Басқа командирлер алдан соққан желге шыдамай,
аттарынан қайта-қайта домалап түсіп, жаяу жүгіреді.
Бір күні командирлердің бірі:
— Бауыржан, сен үнемі шаншылып ат үстінде отырасың. Мына
ызғырық желдің өтіне қалай шыдайсың? — деп сұрады. — Сенін бойында
өзгеше құр құпия күш бар ма осы?
— Бар, — дедім мен. — Ол құпияны мен саған казармаға барған соң
көрсетемін.
— Рас па?
— Рас
Казармаға келген соң мен оған ішімдегі клеенка сертекті көрсеттім.
Содан кейін өзге офицерлер де іштерінен клеенка сертек киіп жүретін
болды.
Біз Сібірдің аязында осылай шыңдалдық қарағым. Кейін, Москва
түбіндегі соғыстарда сол шыңдалудың шапағатын сан рет көрдім. Қиыр
Шығыстың қатты аяздарында шыныққан майлы Москва түбіндегі суықтар
өзіміздің оңтүстіктің жылымық қысы сияқты ғана боп қалды. Мен онда
қолымды биялайға сұқпастан аяғыма ылғи хром етік киіп жүрдім. Мəселе
етікте немесе қолғапта емес. Менің бүкіл ісімде, мінезімде барша əрекет,
қимыл-қайратымда, титтей де болса, сол шыңдалудың ізі, əсері жатты. Жаз


бойы жауатын жауындар да, өкпеге найзадай қадалған қатты желдер де, тік
тұрып «өлген» қарағайлар да есіме түсті. Соның бəрі маған берген табиғат
мектебінің сабағы екен-ау деп, мені қиындыққа көнбіс етіп тəрбиелеген бір
ұстазымның Қиыр Шығыс болғанын мақтаныш етіп жүрдім. Ал Орта
Азияның жылы жағында өсіп, Қазақстан мен Сібірдің суығын көрмеген
жігіттердің қыста қалай бүрсеңдегендерін майданда сен өзің де талай рет
көрген шығарсың. Менің əскерге алынған жылы жақтың азаматтарын суық
жақта шыңдау керек дейтінімнің мəнісі, міне, осы, қарағым.
— Ал енді сен кішкене дем ала тұрғын. Мен қазір келейін, — деп
Баукең орнынан тұрып, есікке қарай беттеді. Денесі əлі де тіп-тік. Тек
тебіндеп шыққан бурыл шашты басын ғана сəл еңкейте ұстап барады.
Иығы да қушимаған, бойы да шөкпеген. Шынында да, осының бəрі əскери
тəрбиенің арқасы-ау деп ойладым ішімнен. Осы арада ертеректе естіген
«Бойы бар бізден гөрі биігірек» деген өлең жолы есіме түсе кетті. Бұл
Баукең туралы өлең еді. Оны шығарған қазақтың ардагер ақыны Қасым
Аманжолов болатын. Ол өлеңді біз сəті түсіп ақынның өз аузынан естіп,
қолма-қол көшіріп алғанбыз.
VII
1948 жылы август айынын ішінде «Қазақстан пионері» газетінің
редакторы Москваға бір жылдық оқуға кетіп, оның орнына Амантай
Байтанаев қалды. Амантай, КазГУ-де бірге оқитын таныстығы бойынша,
мені газеттің пионер жəне мектеп бөліміне меңгеруші етіп қабылдады. Ол
жаңа оқу жылы басталуға он шақты күндей қалған уақыт еді. Амантай мені
қабылдай сала бұйрық берді. Газеттің бірінші сентябрьде шығатын
номеріне бір жақсы ақынның жақсы өлеңін əзірле, бүгіннен бастап заказ
бер деді.
Бөлімде менен басқа Алмабек дейтін қолағаштай мұрнының астына
текшелеп мұрт қойған тағы бір жігіт бар екен. Соған келіп ақылдасып,
өлеңді кімге заказ береміз деп едім, ол бірден Қасымға беру керек деді. Өзі
де өлең жазатын Алмабек, Қасыммен таныс болуы керек, ол өлеңді
ақынның үйіне барып, ертең жаздырып əкелемін деп маған уəде етті. Бірақ
ертеңінде ақынның өлеңін емес, уəдесін əкелді. Сендердің газеттерің
балалардың газеті ғой, бала ұғымына лайықтап бір өлең жазып,
редакцияларына өзім апарып берейін депті. Бауыржан туралы бір керемет
өлең жазған екен, Қасым маған оқып берді деп, Алмабектің аузының суы


құрып отырды.
Келесі күні бөлмемізге Қасым кіріп келді. Ол кезде редакцияның екі
бөлмесі ғана болатын да, оның бірінді оңаша редактор, екіншісінде
машинисткамен қоса барлық қалған аппарат отыратын. Қасымды сыртынан
жақсы білетін біз орнымыздан тегіс атып тұрдық. Ақын сыпайы ғана бас
изеп, бəрімізбен амандасты. Содан соң басқаларымыздың бəрімізге бір-бір
қарап алып, бірден Алмабекке қарай аяңдады. Оның қасына отырып,
əкелген елеңін оқуға кірісті. Біз тым-тырыс боп тыңдай қалдық. Үш
шумақтан тұратын өлеңнің мазмұны мынадай екен. Жетпістегі шал жеті
жасар немересін жетектеп мектепке қарай əкеле жатады. Мектепке
жеткенше асығып шал сүрініп, бала жүгіріп келеді. Мектептің қасына
тоқтай қалып атасы немересіне тағы да ақылын айтады: жақсы оқы,
ақылды бол дейді. Мектептен келер заман шуындай болып, жас
балдырғандардың дүбірі естіледі. Немере атасының қолынан сытылып,
жүгіріп барып соларға қосылады. «Жеті кетті жүгіріп, жетпіс қалды үңіліп»
деп өлең аяқталады.Ақын өлеңін өзінің жіңішке даусымен асықпай
мақамдап оқып шықты да, «жетпіс қалды үңіліп» дегеннен кейін, сол
шалдың бейнесін біздің көз алдымызға елестеткісі келгендей, мойнын соза
түсіп, біздің бетімізге тағы да бір-бір қарап өтті.
— Өлең осы. Сендерге бұл ұнай ма, ұнамай ма, білмеймін, — деді ол
содан соң.
— Ұнайды.
— Өте жақсы.
— Нағыз біздің газетке лайық өлең, — дестік біз.
— Ақын шабыттанып қалды.
— Ендеше алыңдар, — деп машинкаға басылған нұсқасын ұсынды.
— Өлеңді ақынның қолынан алып жатып Алмабек:
— Аға, кешегі «Бауыржан» деген өлеңіңізді оқып беріңізші бізге ,— деп
қолқа салды.
Қасым бəлсінген жоқ. Костюмнің ішкі қалтасына қолын сұғып, төрт


бүктеулі қағаз алып, оны жазып алдына қойды да, жаңағыдан өзгеше
интонация, өзгеше пафоспен оқи жөнелді. Біз бұрын Бауыржанды көрмеген
едік. Өлең оқылып болғанда Бауыржан қасымызда тұрғандай боп көрінді..
Өлеңнің күші біздің тілімізді буып тастағандай болып, қапелімде
ешқайсымыз лəм дей алмай қалдық. Жастық батылсыздығымыздан ба, əлде
тəжірибесіз шалалығымыздан ба, кім білсін, бұл өлеңді қашан, қалай
шығардыңыз, Бауыржанды көріп пе едіңіз? — деп те сұрай алмаппыз. Тек
«Рахмет, аға!» деуге ғана шамамыз келді. Ақындық қуатының əсерін анық
сезінген Қасым оқып болғаннан кейін қағаздарын қайта бүктеді де:
— Мə, осы дананы саған сыйладым, — деп Алмабекке берді. Содан
кенін ақын қырандай қомданып орнынан тұрды да:
— Қош болыңдар деп, кеудесін тік ұстап бөлмеден шығып кетті.
Қасымның «Қазақстан пионерінің» өтінішімен жазып əкелген өлеңінің
аты «Жетпіс пен жеті» еді. Үш шумақтан тұратын сол өлең үш бөлімнен
құралған картина сияқты болып, мəңгі менің көз алдымда қалды. Ылғи
бірінші сентябрьде мектепке бара жатқан балаларды көрген сайын менің
ойыма жетпістегі шал мен жеті жасар бала түсетін. Көз алдыма редакция
бөлмесінен шығып бара жатқан ақын елестейтін... Ал Қасым кетісімен біз
оның Бауыржан туралы өлеңін бірнеше дана етіп машинкаға бастырып,
қолма-қол жаттап алған болатынбыз.
— Баукең бөлмеге қайта келіп кіргенше, мен ол өлеңді шумақ-
шумағымен есіме түсіріп өттім.
— Ол өлең мынадай еді:
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін, Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып Ер жазды өз қанымен жүрген ізін!
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін, Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып: «Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.
Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар, Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн даусын Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар!
Қан майдан қаталатып шөлдегенде, Кез болдым жалтылдаған екі көлге
Көл емес, көздері ғой Бауыржанның, Елестеп мың көрінер бір көргенге.


Бойы бар бізден гөрі биігірек, Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Топ жара көрінсін деп екі иығы, Туған жер жаратыпты оны ірірек.
Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын, Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын. Кешегі өзі кешкен оқиғаның.
Кейде ол көк семсерлі генералдай, Кейде ол күй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне Өресі өрен ойдың тартылғандай.
Жан ұқпас жұмбақ емес бір жасырын, Айтады ол тіке қарап жұртқа
сырын. Жаратпас жамап-жасқап жұрт ескісін, Соғады өз дүкені сөз асылын.
Ойы бар қиялының қанатында, Адаспас апарып бір салсаң тыңға... Бір
дəурен ойнап-күліп отырғаны, Жалтылдап екі көзі қарсы алдында.
Батырым — Бауыржаным!» дейді халқым, Алып ұш ақын жүрек ердің
данқын Келешек келе жатыр көремін деп, Тік басып туған жерде жүрген
қалпын.
Ағамыз атағына асқар тау тең. Жау келсе — жау бүйректей етер жəукем
Емендей ерегесер сұрапылымен, Басымен бұлтты жайпап біздің Баукең!
Бұл өлең бөлмеде оңаша отырған мені едəуір ойға қалдырды. Қасым
ақын Бауыржанның Отан соғысы кезіндегі ерлігін, өзі көрген келбетін
тамаша етіп суреттеп кеткен. Сонымен бірге ол: «Келешек келе жатыр
көремін деп, тік басып туған жерге жүрген қалпын» деп, өзгелерге де
міндет артқан. Батырдың өмірінің əрбір сəтін қалт жібермей қадағалап, өзі
сияқты етіп, қағазға түсіріп кетуді басқаларға парыз еткен. Ол ақын жоқ
бүгін. Ол батыр ортамызда жүр қазір. Бірақ басқалар кеткен жаққа батыр да
кетеді. Халық үшін қалтқысыз қызмет еткен Бауыржанның өзі үшін оғаш
басқан жерлері көп. Біреуге ұнаған, біреуге жақпаған жайлары бар.
Батырдың батыл өмірінің ұзын ұрға, жеке детальдарын жұртқа жеткізу
жөніндегі ауыр міндетке мен арқамды тосыппын. Ол жүкті тиісті жерге
жеткізе аламын ба? Баукеңнің көбіне түзу, кейде шалыс басқан іздерін
қуалаймын деп жүріп сүрініп кетпеймін бе? Сонда: «Қолың көтере
алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма» деп біреулер азу тісін ақсита
көрсетіп тұрмай ма маған? Бұл өлеңді «Қазақстан пионері» газетінің аядай
бөлмесінде құдіретті ұлы ақын Аманжоловтың өз аузынан естіген сəтте
содан жиырма бес жыл кейін мен де Баукең туралы бірдеңе жазармын деп


ойлаппын ба, сірə. Алғашында бұл шағын очерк жазу үшін ғана колға
алынған іс еді. Бірақ сол мақсаттан туған дүние очерктің бесігіне сыймады.
Одан аумақтырақ нəрсе жазу қажет болды. Осы ниетпен Баукеңмен бірге
өскен, қатар қызмет еткен көптеген адамдармен сөйлестім. Оның туып
өскен жерін де іздеп барып көрдім. Замандастарының аузынан шыққан
əрбір сөзді, Баукең жайындағы ел ішіндегі əрбір аңызды бірін
қалдырмастан қағазға түртіп алып отырдым. Сонда менің көзім жеткені
Баукең туралы аңыз деп айтылып жүргендердің бəрі де шындық: болған
оқиға, істелген іс, айтылған сөздер екен. Жəне бұл аңыздардың барлығы да
Баукеңнің əскерден босағаннан кейінгі немесе оның əскерде жүріп ел
арасына келген кездегі мінез-қылықтарына байланысты. Сонда біздің бұл
кітапты шүу басында «Ақиқат пен аңыз» деп атағанымыз дұрыс бопты.
Ақиқат батырдың əскердегі өмірі де, аңыз — оның азаматтық өмірі яғни ел
ішіндегі еркелік қылықтары екен. Осы ақиқат пен аңызды анықтай,
толықтай түсу мақсатымен, мінеки, Баукеңе бүгін тағы келдім.
VIII
Мен осылай деп отырғанда ауыз бөлмеден Баукең кіріп келе жатты.
Қасым: «Ағамыз атағына асқар тау тең, жау келсе — жаубүйректей етер
жəукем!» деп жазған кезде бұл кісі отыз сегіз жаста еді. Ол шақта
Баукеңнің тұла бойы толған қайрат болатын. Қазір осы кісінің бойында
маған «Встать!», «Молчать!» деп ақырғаннан басқа не қалды екен деп,
ақырын оның бетіне қарадым. Оның едірейген шашы, тікірейген мұрты,
шаншыла қараған көзі қарт батырдың бой қайраты азайса да, ой қайраты
əлі де мол екенін танытқандай еді. Ол орнына отырып жатып, былай деп
маған үн қатты.
Бауыржан. Сенің ендігі аңдып отырғанын менің Чистяковпен ең алғаш
қалай кездескенім ғой.
Автор. Иə, Бауке.
Бауыржан. Ендеше ары қарай тыңдағын... Əскердің алуан түрлі ойынын
ойнап, Отанның тыныштық қамын ойлап жүріп жаттық дедім ғой. «Шекара
құлыпта» деген қанатты сөз біздің Қиыр Шығыс армиясының колбасы
Блюхердің аузынан шыққан сөз еді. Василий Константинович ол сөзді
партияның он жетінші съезінде айтқан болатын. ОКДВА-ның даңқты
тарихы да, жауынгерлік ісі де шындыққа айналған осы екі сөзбен


бейнеленді. Сондықтан да оны құттықтап, Сталиннің өзі телеграмма берді.
Ал Қорғаныс Халық Комиссары Климент Ефремович Ворошилов арнайы
сапармен Қиыр Шығысқа келіп қайтты. Хабаровск қалалық советінің
салтанатты мəжілісінде сөйлеген сөзінде ол Блюхер жолдастың
басшылығымен дербес Қиыр Шығыс армиясы өзіне жүктелген міндетті
ойдағыдай ақтап шықты деген болатын. Сол жолы Ворошилов адал еңбегі
үшін, революция ісіне шексіз берілгендігі үшін, барлық қаһармандық
қызметі үшін деп атап-атап айтып, Блюхердің кеудесіне өз қолымен Ленин
орденін қадаған тұғын. Ол 1931 жылы августа болатын. Ал 1938 жылы
августа Хасан көлінде шекараны бұзған жапон əскерлерін тас-талқан етіп,
ОКДВА өзін тағы да өшпес даңққа бөледі... Бірақ сол жылдың күзінде
Блюхер қайғылы қазаға душар болды...
Ал, саған бұл əңгіме Қиыр Шығыстың емес, Блюхердің жыры боп
көрініп отырған болар. Сөзімнің бас жағында мен Қиыр Шығысты
Блюхерсіз көз алдыма елестете алмаймын деп едім ғой. Сол айтқаным
айтқан. Бұл тек Блюхердің жыры ғана емес, адамгершіліктің де жыры.
Сонымен бірге бұл менің саған айтып отырған сырым да. Сен жазушысың,
мен объектімін. Ал сен шын жазушы болсаң онда менің жан
тебіреністерімді де білуің керек. Өйткені:
Тағдыр маған дарытпады көктемін. Ұқтым бəрін, өмір деген — от
дедім! Дұшпандардан көп атылды маған оқ! Тағдыр əділ — менің оған
өкпем жоқ!
Түсінікті ме саған?
Автор. Түсінікті, Бауке.
Бауыржан. Түсінікті болса сол!.. Содан бір күні тағы да біз — ат
спортының командалары аренаға шықтық. Бұл жолғы жарыс рубкадан
өтетін болды. Рубка деп шауып келе жатқан ат үстінен қылышты оңды-
солды сермеп, жолға шанышқан шыбықтарды шауып түсіруді айтады.
Шаншылатын шыбықтың саны он үш. Бұл жарыста сол он үш шыбықты
тегіс қиып түсірген ғана озады.
Бұрын мұндай жарыстарда команданы кəнігі кавалерист Дотольдің өзі
беруші еді. Бұл жолы бізге команданы дивизияның штаб бастығы бере
бастады.


— Комбриг қайда? — дедім мен қасымдағы командирлердің біріне.
— Комбриг Дотоль кеше қызметінен босады. Оның орнына Чистяков
деген майор комондир келіпті, — деді ол.
Төбемнен тағы да бір шелек суық суды құйып жібергендей болды.
Өйткені Дотольді соның алдында ғана көрген болатынмын. Штабқа
жиналған бөлімше командирлеріне ағалық ақылын айтып таратқан еді. Бұл
жолғы сөзін ол, Хасан көлінің тəжірибесіне негіздеп, қызыл əскерлердің
жорық пен шабуылдан басқа əрбір бос минутың окоп пен ор қазуға
жұмсауы керектігін қатты ескертті. Оның сонда айтқан: «Окоп — алынбас
қамал», «Ордағыға оқ тимейді» деген нақыл іспеттес екі сөзі ерекше есімде
қалған болатын. Сол екі сөз, тіпті, өмір бойы есімнен шыққан емес.
Мінеки, осындай ұстаз, ақылшы командиріңнен айрылсаң қалай
қамықпассың...
Бір кезде біздің кезегіміз келді. Өз адамдарымды бастап, мен аренаға
тарттым. Ақбоз аттың тізгінін тарта ұстап, шыбықтарды сарт-сұрт отап
келемін. Өзің қылыш ұстап көріп пе едің? Оны қалай сілтеуді білесің бе?
Білмесең оның да толып жатқан тəсілдері бар. Алдымен сен бір метр ұзын
қылыштың ұшынан бастап тұтқасына дейін, шалғы орақтікі сияқты,
қылпылдап тұрған жүз екен деп ойлама. Олай емес, қылыштың «өткір
ұшы» деп аталатын бір қарыс басы ғана өткір. Шабатын нəрсеңе сол жерін
дəл келтіре сілтеуің керек. Жəне қылыштың нысананы қырқып түсуі тек
шабушының қол күшіне ғана байланысты емес. Оған үш фактор керек.
Оның біріншісі — аттың екпіні, екіншісі — аттың дене ауырлығы, үшіншісі
— қылыш сілтеушінің қол қайраты. Бұл үшеуі бір-біріне тығыз
байланысты. Шауып келе жатып сілтеген қылышпен адамды айқара тіліп
түсуге болады. Өйткені онда жоғарыда айтылған үш фактор бірдей
ұштасады. Ал аяндап келе жатқан ат үстінен қылышыңды қандай
құшырланып сілтесең де жаяу жауды орып түсе алмайсың жаралы етіп
қалдырасың. Себебі онда аттың шабыс екпіні мен дене салмағы қатыспай,
сыртта қалады. Ат, əрқашанда өз денесін өзі жоғары серпи шабады.
Секіргеннен кейін оның табаны жерге тиерге дейінгі төмен қарай басатын
салмағы бар емес пе? Міне, шапқан аттың сол төмен түсіп келе жатқандағы
салмағы мен қылышты сілтеу күші қатар келуі керек. Сонда сен
шаншылған шыбықты да шик еткізесің, жаудың жаяу əскерін де тіліп
түсесің. Түсінікті ме енді саған? Түсінікті болса мен Ақбоз атпен ызғытып,
жас шыбықты жаудай отап келе жаттым. Аренаның орта тұсына келе


бергенде көзімнің қалай трибунаға қарай бұрылып кеткенін білмеймін.
Жаңа комдив аласалау адам екен. Ал Дотоль ұзын бойлы кісі еді. Оның
жоқтығын бірден сездім де, көңілім біртүрлі болып кетті. Дереу өзімді өзім
қатайтып, келесі шыбықты шабуға ыңғайлана атымның қос бүйіріне
шпорды қадап кеп қалдым. Осының бəрі қас қаққанша болды. Ілезде
қылышым да күнге шағылыса жарқ ете түсті. Сол-ақ екен ипподром толы
жұрт ду күлді. Не боп қалды деп жалма-жан екі жағыма кезек қарадым.
Сөйтсем, комдивтің қайғысына күйініп, шпорды қаттырақ басып жіберсем
керек, ат құйрығын шошаң еткізгенде мен құйыршықтың дəл ұшын
шыбықпен қоса орып жіберіппін. Əрине, мұндай жарыстар кезінде аттың
құйрығын, құлағын шауып алу деген үлкен масқара. Сол масқара болған
қалпымда мен қалған шыбықтарды да тегіс мінсіз отап түсірдім. Бірақ ол
есепке алынбады.
ІХ
Сол күннің ертеңінде біздің 306 полктың командирі полковник
Коваленко да ауысып кетті. Оның орнына Журавлев деген майор келді.
Сөйтіп, біздің 105 атқыштар дивизиясы майорлар басқарған дивизияға
айналды.
Осы күндердің бірінде мен дивизия штабына шақырылдым. Чистяковқа
барасың деді.
Бұл тегін шақыру болмады деп ойладым. Баяғыда бір жеңгеміз ағамыз
ұрайын деп шоқпарын ала жүгіргенде: «Өйбу к...... тисе көндік, басқа тисе
өлдік қой енді» деп басын қорғап, бөксесін тоса берген екен дейді. Сол
жеңгеміз айтқан екінің бірі болар дедім де, құйрығының кішкентай
жарасын мықтап танып тастаған Ақбоз атқа ер салдым. «Е, жануар, —
дедім оған ішімнен, — үш жыл жан серігім болып едің, менің саған өкпем
жоқ. Осы ойдан кейін Ақбоз ат ішін тартып, күрсінетін шығар деп едім. Ол
өйтпеді. Екі көзі шоқтай жайнап, басын қайта-қайта шұлғып, менің тез
арқасына шығуымды тілегендей, тықыршық атты. Атам қазақ емес пе,
атымның бұл мінезін жақсылыққа жорып, дивизия штабы қайдасың деп,
жорыта кеп жөнелдім.
Бірақ ол ат та, мен адаммын ғой. Адам болған соң ойлауға міндеттісің.
Біраздан кейін ақ боздың басын тежеп, аяңға көшірдім де, қалың ойға
кеттім.


Өстіп желе-жортып келе жатқанда ең алдымен мен Қиыр Шығысқа
аттанарда алақанын жайып, ақ сақалы желкілдеп ақ батасын берген əкем
еске түсті. Одан кейін Қаратау мен Алатау кезек көз алдыма келді.
Бұлақтары сылдыраған, ағаштарының жапырақтары сыбдыраған Алматы
елестеді. Осындай екі ұдай оймен штабқа жеттім.
Майор Чистяков көзің кісіге шүйіре қарайтын, үшкір тұмсық үшкір
иекті төртбақ сары кісі екен. Ол мені не ашулы, не ашусыз емес күйде
қарсы алды. Мен бұйрық бойынша келгенімді айтып, рапорт бергеннен
кейін, бас-аяғыма байыппен қарап алды да, отыруға рұқсат етті. Комдивтің
столынан бүйректеу екінші столдың басында бір аға лейтенант отырды.
— Өткен жолғы жарыста аттың құйрығын шапқан батыр сізсіз ғой? —
деді Чистяков содан соң.
— Дəл солай.
— Мен сонда сізді жаяу əскерге жіберейін деген ойға келіп едім.
— Ықтияр өзіңізде, жолдас майор.
— Бірақ сіз атқа міне біледі екенсіз. Бұрынғы жарыстарда жаман баға
алмапсыз.
Е, бұл менің Блюхерден сағат алғанымды бетіме басайын деп отыр екен
дəл ойладым да:
— Дəл солай, — дедім тағы да.
— Дегенмен, сіз сияқты кəнігі кавалеристке ат құйрығын шауып тастау
деген кездейсоқ іс емес қой. Шыныңызды айтыңызшы сол сəтте бір нəрсе
ойлаған жоқ па едіңіз?
— Дəл солай, жолдас майор.
— Не ойлап едіңіз? Тек қана шыныңызды айтыңыз. — Майор маған
тесіле қарады. Аспандай мөлдір көкшіл көзінде тұнып тұрған ой бар екен.
«Шынымды айтсам, шынымды шынжыр ғып байлап аласың-ау» деп
бөгеліп қалдым. Осы кезде ойыма əкемнің екі сөзінің бірінде «Өлсең де
өтірік айтпа» деп жиі айтып отыратын өсиеті түсті.


— Командирлерім есіме түсіп кетіп еді, — дедім мен де оған тіке қарап.
— Оларды жақсы көретін бе едіңіз?
— Иə.
— Не үшін жақсы көрдіңіз?
— Əділдігі үшін, əскери өнерге жетіктігі үшін, жауынгердің жанын ұға
білетін зерделілігі үшін, — дедім мен əр сөзімді нақтылай айтып.
— Зерделілігі үшін, — деді ол менің ең соңғы сөзімді, не кекеткені, не
мақұлдағаны белгісіз, қайталап айтып.
— Білемін, жолдас майор. Сіз шыныңызды айт деген соң айтып тұрмын.
Жəне менің халқымда «Өлсең де өтірік айтпа» деген мақал, өсиет сөз бар.
— Халқыңыздың тағы қандай мақалдарын білесіз?
— «Жан — арымның садағасы», «Өз елімнің басы болмасам да,
сайының тасы болайын», «Ел жаусыз болмайды, жер таусыз болмайды» т.
б., жолдас майор. Менің халқымның мақал-мəтелдерін түгел жинап
бастырса, бес томнан асады. Бірақ оның бəрі тегіс хатқа түспеген.
— Уставты да халқыңыздың мақалындай білесіз бе?
— Армия менің екінші анам, жолдас майор. Ананың əлдиін білмеген —
ұл болмайды, Уставты білмеген — солдат болмайды.
— Мен сіздің шыншылдығыңызды сыйлаймын, — деді ойланып
отырып майор. — Бірақ бұдан былай тіліңізді тісіңізбен құлыптап ұстаңыз.
— Содан кейін ол түсін суытып, маған сұқ саусағын безеді.
— Түсінікті, жолдас майор.
— Ал сізді аттың құйрығын шауып алғаныңыз үшін мен жазалауға
тиіспін. Атыңызды лазаретке өткізесіз. Оның құйрығы жазылғанша өзіңіз
жаяу жүресіз.
— Құп, жолдас майор.


— Немен келдіңіз?
— Сол атпен, жолдас комдив.
— Осы арадан сіздің полкқа дейін неше шақырым жер?
— Он шақырым.
— Соған дейін атыңызды жетектеп жаяу баратын боласыз. Аяқ
артпайсыз.
— Құп.
Күн жауын, жер батпақ еді. Атымды шылбырынан жетектеп,
толарсақтан саз кешіп, шаршап-шалдығып полкке келдім. Мені аңдып,
артымнан еріп отырған ешкім де жоқ, штабтан былай шыға атыма мініп
алуыма да болатын еді. Бірақ мен Ақбозға аяқ артпадым. Ол менің
қорыққандығым да, қуанғандығым да емес. Қанға сіңген əділдіктің,
адалдықтың заңы солай еді. Міне Чистяковпен мен ең алғаш осылай
танысқанмын. Оның кісіге шүйіле қарайтын өткір көзі, үшкір тұмсығы мен
үшкірлеу иегі көз алдымда сақталып қалды.
Содан кейін ол бір күні біздің полкқа келді. Полктың офицерлер
құрамымен танысты. Өзі жиырма жылға жуық жаяу əскер сапында
тəрбиеленген кісі ғой: турник, снарядтың барып тұрған шебері екен. Бізге
емтиханды да содан бастады.
Полк командирі Журавлев бір-бірлеп офицерлердің фамилиясын, шенін,
қызметін айтып тұрады. Чистяков кезегі келген офицерді не турникке, не
брусқа шақырады. Алдына ет жеңділеу біреу келсе, оны сағатына қарап
тұрып жаяу жүгіртеді.
Бір кезде Журавлев:
— Лейтенант Момышұлы, батарея командирі, — деп менің аты-жөнімді
атады. Табаныммен жерді тесердей тепкілеп, əскери адыммен майорға үш
адым қарсы келіп тоқтадым. Чистяков бетіме қарап сəл тұрды да:
— Лейтенант, анада полкқа дейін жаяу келдіңіз бе? — деді сəл
күлімсіреп.


— Дəл солай! — дедім мен күлместен.
— Мен сізге сенемін, — деді майор басын изеп. — Жай сұрап
жатырмын.
Содан кейін ол турникке қарай иегін нұсқады да:
— Күнше дөңгеле!— деп бұйырды маған.
Майордың «мен сізге сенемін!» деген сөзіне рухтанып кеттім де,
жолбарыстай ырғып турникке секірдім. Сарт етіп екі қолым темірге
тиісімен екі аяғымды біріктіріп, ұзын денемді алға қарай найзадай сілтеп
кеп қалдым. Содан доң, көзді ашып жұмғанша лып етіп турникке
көтерілдім де, күн боп дөңгелендім. Солнце жасағанда бірақ рет айналу
керек. Өйткені ол ауыр номер. Ал мен турникте машинаның дөңгелегіндей
зырылдадым. Содан соң қарғып жерге түстім де:
— Мен Сіздің айтқаныңызды орындадым, жолдас майор, — дедім.
— Өте жақсы, — деді майор.
Көп ұзамай Чистяков мені қайтадан дивизия штабына шақыртты.
Бардым.
— Атыңның құйрығы жазылды ма? — болды оның маған бірінші
қойған сұрағы.
— Дəл солай, — дедім мен қысқаша жауап беріп.
— Демек, ескі жара бітті деген сөз ғой?
— Мал дəрігері солай дейді, жолдас майор.
— Онда мал дəрігеріне рақмет. Ал əңгіме былай, — деді комдив түсін
жылыта сөйлеп. — Сен артиллерияны жақсы біліп алдың, басқару
взводында болдың, батарея командирісің. Сен сияқты жас командирлердің
артиллерияның ғана емес, жаяу əскердің де жүйе-жүйесін білуі қажет. Сол
себептен сені батальон штабының бастығы етіп, 267-іш полкқа жібергелі
отырмын. Қарсы емеспісің?


— Қарсы емеспін, — дедім мен. «Өнерді үйрен де — жирен» жəне
«Керек тастың ауырлығы жоқ» деген қазақ мақалы бар. Артиллерист өнерін
үйренгенім рас. Артиллерияда жүріп кавалерист те болдым. Енді бұны да
білуге ықыластымын. Отан қорғау үшін керек өнердің бəрін де білуіміз
абзал ғой.
— Дұрыс айтасың, — деді Чистяков қуана күлімсіреп. — Сен менің
ойымды дəл түсініп тұрсың. Штаб өнері армиядағы ең үлкен өнер. Мен
сені сол өнерді үйренуге жіберіп отырмын. Саған əзірге көрсететін қолма-
қол көмегім мынау ғана. — Ол столының тартпасын ашып, маған Б. М.
Шапошниковтың «Армияның миы» дейтін атақты кітабын ұсынды. —
Осыны оқып, артынан маған қайтарып бергін.
— Сеніміңізге рақмет, — деп басымды изедім де, комдив ұсынған
кітапты алдым.
Иван Михайлович мені екінші бөлмеге өзімен бірге шай ішуге
шақырды. Шай үстінде ол өз өмірінен, өз тəжірибесінен біраз жайларды
əңгіме етіп айтты. Мен оның өзіме байланысты қойған сұрақтарына қысқа
ғана жауап беріп отырдым.
Сөйтіп, мен батальон штабының бастығы болып жоғарыладым.
Сенбесең мына куəлікті оқы, — деп Баукең қасындағы папкадан бір
қағазды суырып алып, менің қолыма ұстатты да, өзі қайтадан шылым
тартуға кірісті.
Мен қағазды алып, оқып шықтым. Машинкаға басылған куəлікте былай
деп жазылыпты:
КУƏЛІК


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет