АқИҚат пен аңыз роман-диалог бірінші диалог I



Pdf көрінісі
бет31/32
Дата29.09.2022
өлшемі1,61 Mb.
#40875
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
(pdf) Әзілхан Нұршайықов — Ақиқат пен аңыз

«Аса құрметті жолдас армия генералы!
Осы айда Ұлттық Халық армиясының барлық қызметкерлері саяси
сабақ ретінде Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын
міндетті түрде оқып тауысуға тиіс еді.
Империалистік агрессорлар қару жұмсай қалған жағдайда біздің
солдаттарымыз өз міндеттерін осы тамаша кітапта суреттелген Ұлы
Отан соғысы кезіндегі жағдайдай нақты білуі үшін бұл кітап жайында
барлық топтарда семинарлар мен əңгімелер өткізіледі.
Осыған байланысты мен Сізден Александр Бек жолдасқа, Бауыржан
Момышұлы жолдасқа, осы кітаптың тірі қалған тағы бірер қаһарманына
бізге келіп, Ұлттық Халық армиясы қызметкерлерінің Ұлы Отан
соғысының сабақтары жайында əңгімелеріне қатысуға менің шын
жүректен шақыруымды жеткізуіңізді өтінемін.
Социалистік сəлеммен адмирал Фернер».
Берлинге Бек кетті де, Бауыржан бармай қалды. Оның есесіне ол ешбір
нөкерсіз, шақырусыз, ешкімге хабар салмастан мұхиттың ар жағындағы
алыс Кубаға жападан-жалғыз тартты да кетті. Шетел тұрғай, шеткері
ауданға баруға да жүрексінесің. Өзіңді тани ма, танымай ма, қалай қарсы
алады деп қауіптенесің. Ал, алшаңдап Алматыда жүрген Баукең аяқ
астынан аспанға самғай көтеріліп, 1963 жылғы ноябрьдің бесінде сонау
Гавана аэропортынан бір-ақ шығады. Орны самолеттің алдыңғы жағында
болғандықтан, ол ең соңда шығушылардың бірі болады. Гавананың


шілдедей шыжып тұрған шағы болса керек. Костюмінің ішінен түйе жүн
жемпір, сыртынан макинтош киген, басында жылы сусар бөркі бар Баукең
самолет есігіне қарай аяңдайды. Сонда серіктерінің бірі:
— Қап, бағана самолет ішінде шешініп, жеңіл киініп алмаған екенсіз.
Мына жер жанып тұр ғой, — дейді.
— Оқасы жоқ, ата-бабам жазғы шілдеде қабат-қабат тон киген қазақ
емеспін бе, — деп жауап берді Баукең.
Трапқа табаны тиісімен Баукең оң қолын жоғары көтеріп, аэропорт
басына жиналған жұртқа ізет білдіреді. Содан кейін:
— Сəлем саған, қаһарман Куба! — деп қазақ тілінде саңқ етіп үн қатып,
қолын қылыштай бір сермеп тастайды.
Киген киімі, келбет-бейнесі, саңқ еткен үні аэродром басына жиналған
жұрттың назарын бірден аударады. Аэровокзалда Совет Одағынан келген
туристердің документтерін тексеріп отырған үш əскери адам Момышұлын
танып, орындарынан тұрып, ізет білдіреді.
— Компаньеро Коронел — жолдас полковник Момышұлы, біз Сіздің
жайыңызды кітаптан оқып білгенбіз, жауынгерлік істеріңізге əбден
қанықпыз, — дейді.
Сөйтіп, Кубаға келген көп туристер ішінен жалғыз Момышұлы ғана
танымал болып шығады.
Міне, əскери тактика тəріздес осы қылық, жүріс-тұрыстан мен
мұндалап тұрған Бауыржан характері танылады. Ол характер Кубаның ол
кездегі Қарулы күштер министрі Рауль Кастро Руспен кездесу кезіндегі
əзіл-қалжың түріндегі сайыстарда одан сайын айқындала түседі. Ол
тұстарда оқушы: апырай, Баукең бірдеңені бүлдіріп алмаса жарар еді деп
іштей сасқалақтап та отырады. Бірақ санасы биік, саясатта салиқалы
Баукеңнің өршеленген сайын өрісі кеңейе береді.
Газеттерде Момышұлының интервьюі жарияланып, оның Кубаға
келгені жалпақ жұртқа мəлім болады. Сол кезде Баукең Бас штабқа
шақырылады. Оның басшыларының бірі коменданте Кауссе Қарулы
күштер министрі Рауль Кастроның басқа қаладан телефон соғып,


Момышұлынан Куба мемлекетінің қонағы болып, бірнеше күн қала тұруды
өтінген сəлемін жеткізе отырып:
— Хабардар болмағандықтан аэродромда өзін ешкім қарсы алмағанына
полковник ренжіген жоқ па екен? — деп сұрайды.
— Мен мұнда өз бетіммен келген адаммын. Турист ретінде бізді халық
қарсы алды. Өте разымын. Ешбір өкпем жоқ, — дейді Баукең.
— Полковник тым кішіпейіл, жуас екен, — дейді коменданте Кауссе.
— «Жуастан жуан шығады» деген қазақ мақалы бар. Коменданте мені
ерте мақтамасын, артынан опық жеп жүрер, — деді Бауыржан.
Ал
екі-үш
сағат
Рауль
Кастроның
қабылдауында
болғанда
Момышұлының характері одан сайын айқындала түседі. Баукеңдер
министр кабинетінің қабылдау бөлмесіне келіп кіргенде іштен есік жаққа
қарай дауыстап испанша айтылған бірер сөз естіледі. Аудармашы Баукеңе
министр Сізге кірсін деп жатыр дейді. Баукең ол сөзді естімеген болып тұра
береді. Бұлар қабылдау бөлмесінде тұрып қалғаннан кейін іштен 33-34
жастағы жігіт шығып, Баукеңе қолын беріп, ішке кіріңіз деп кабинеттің
есігін өзі ашады. Бұл министр Рауль Кастроның өзі еді. Баукең сонда ғана
кабинетке кіреді.
— Сіздің осында сөйлеген сөздеріңіздің тезистері жөнінде маған
хабарлаған еді, — дейді министр кабинетке кіріп жайғасқаннан кейін
Баукеңе. — Бізге, əсіресе, Сіздің достық туралы айтқан пікіріңіз ұнады.
— Команданте, ол менің сөзім емес, менің халқымның сөзі, — дейді
Бауыржан.
Бір сөздің ретінде Рауль Кастро:
— Біздің заманымызда дүние пиғылсыз болып отыр емес пе? — дейді
Бауыржанға.
— Мен Сізбен келіспеймін, команданте, — дейді Бауыржан министрге.
— Дүние пиғылды-ақ. Пиғылсыздық жеке адамдардың қыңырлығынан,
оларды шешелері солай қатеден тапқан.


— Иə, Хауананың өзі де күнəкар ғой, — дейді Рауль күрсініп.
— Өзіміздің барлық күнəларымызды Хауанаға жаба бермейік,
коменданте, — дейді тағы да Бауыржан. — Ол — қасиетті. Ол бізді өмірге
əкелді.
— Сіздің Момышұлы екеніңіз көрініп-ақ тұр, — дейді министр күліп.
— Сізге рақмет, коронел. Біз Сізбен оңашада біраз сайысып көрдік. Енді,
рұқсат етсеңіз, жұрт алдында сайысайық. Үкімет қабылдауына келген
адамдарды шақырайық. Біздің əңгімелерімізді олар да тыңдасын.
— Солай болсын, — дейді Баукең міз бақпастан. — Мен ешқашан да
құпия соғысып көрген емеспін.
— Сіз сайысқа шеберсіз ғой, мені аяйтын боларсыз, — дейді Рауль
күліп.
— Жоқ. «Күш атасын танымайды», — дейді Баукең түсін суытып...
— Сіз мені өлтіріп кеттіңіз, — дейді министр Момышұлынан
жеңілгенін мойындап.
— Мен өзімнің жауларымды ғана өлтіретін едім, — дейді тағы да
Баукең міз бақпастан.
— Сіз əдебиетке қалай келдіңіз, коронел?
— Мен əдебиетке соғыстың буксирінде отырып келдім, команданте.
Министр енді Баукеңнің өзінің творчествосы туралы. Александр Бекпен
ара қатынасы, Қазақстан хақында айтуды жəне əскери мəселелер жайында
кеңес беруді өтінеді.
Баукең мұндай өте көп мəселелер жайында сөйлеуге əзірленбегенін
айтады.
Сонда басқа генералдар да Баукеңе тілек білдіреді, Сізге арнайы
əзірліктің керегі жоқ көрінеді, қолма-қол айтқан сөздеріңіздің өзіне-ақ разы
болар едік деседі. Сонда Баукең:


— Жарайды, мен жауға ешқашан берілген жоқ едім, достарыма берілдім
міне, — деп екі қолын көтереді.
Мұны бəрі Баукеңнің характеріне байланысты сөз. Менің ойлап
отырғаным оның əскери тарихқа қажет пікірлері.
Ал осы пікірлерді Баукең Кубаның əскери-саяси училищесінде, əскери
академияда сөйлеген сөздерінде айтқан.
— Менің мамандығым əскери қызмет, — деп бастаған ол академиядағы
сөзін, — Біздің Конституциямызда: Отанды қорғау СССР-дің əрбір
азаматтарының борышы деп жазылған. Менің ұлтым қазақ мен Совет
Одағының азаматымын. Қазір елудің ішіндемін. Соның жиырма бес жылын
армия қатарындағы қызметке бердім. Армияда қызмет ету оңай емес,
онымен ажырасу да оңай емес. Ұзақ жылдық əскери еңбегімнің есесіне мен
запастағы полковник ретінде қайғысыз-қамсыз жата беруіме болар еді.
Бірақ запастағы азамат ретінде тып-тыныш жата беруіме арым төзбеді.
Менің
шығармаларым
өз
басымның
естеліктеріне,
ерекше
эпизодтардың ең елеулі көріністеріне негізделген. Оларда ойдан
шығарылған оқиғалар да, ойдан шығарылған адамдар да жоқ. Менің
тақырыптарымның түйіні мынадай:
1) СССР азаматы тұлғасындағы қазақтардың қалыптасу процесі.
2)
Жауынгердің
қалыптасуы
жəне
жауынгерлік
характердің
қалыптасуы. Барлық кітаптарымда өз басымнан кешкен қателерімді де
əңгімелеп отырамын. Ондағы мақсатым менің қателерімді кейінгі толқын
жастар қайталамасын дегендік.
Өлім деген сөзсіз нəрсе, бұлтару жоқ! Ол біреуге ерте, біреуге кеш
келеді. Өлімнен қорқуға болмайды. Енбекке қабілеттіліктен айрылудан
қорқу керек. Өмірден қайткенде көп алу дегеніміз — тоғышарлық, ал
қоғамға қайткенде көп беру — бұл күрескердің ісі. Өмірдің қуанышы да
көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тəжірибеңді халыққа
таратуыңда.
Мінеки, сөзін осылай бастаған Баукең енді əскери адамдардың əскери
тақырыпқа қойған сан алуан сұрақтарына жүйелеп жауап береді. Əскери
трактат түріндегі ол жауаптар мынадай:


Мен қайткенде де қоғамға пайдамды тигізсем, Совет Одағына ақырғы
демім біткенше еңбек етсем деп арман еттім.
Армия — азаматтық зор мектеп.
Менің армияда алға қойған міндетім Отанды жаудан қорғау еді,
қорғадым; жазушылық ісінде алға қойған мақсатым аға буынның ерлік
істерінің үлгісін дəріптеу, жастарды советтік патриотизм рухында
тəрбиелеп, ерлікке үйрету еді, оны да орындап келемін.
Жеке солдаттың тəжірибесі — жақсы мектеп. Ал бүтін взводтың
тəжрибесі — университет.
Менің өз кітабымның шекесіне жазатын эпиграфым мынадай: «Бұл
жазбаларымда мен тек жақсы тəжірибемді ғана ортаға салмақ емеспін,
өзімнің басымнан кешкен қателерімді де əңгіме етпекпін. Бауыржан
Момышұлы».
Егер менің кітабымның елге берер жемісі болса, онда еңбегімнің
өтелгені.
Кездесулерде менен Панфилов туралы көп сұрайды, қандай адам еді? —
дейді. Генерал Панфилов жауынгерлік еңбегі үлкен, əскери атағы жоғары
бола тұра кішіпейіл, ақжарқын, талап қойғыш та қамқор жан еді, нағыз
орыстық, интернационалдық мінездің адамы болатын.
Өзіне өзі сынмен қарау — оңай іс емес.
Өзінің қателерінен сабақ алу əркімнің қолынан келе бермейді.
Үлкен бастықтың оңдырмай сөккенінен адамды өз арының сөккені əлде
қайда күшті.
Москва түбіндегі ұрыстардың бірінен соң өзімнің онша сəтті болмаған
бір шешімімді генерал Панфиловқа баян еттім. Уставтың кейбір
тармақтарына негіздеп қабылдаған ол шешімнің ойдағыдай боп
шықпағанын айттым.
— Бірінші Петр алдымен былай деп жазған екен, — деді генерал маған
ойлана жауап қатып. — «Соқырдың қабырғаны сипалағаны сияқты, уставқа


жабысып қалма. Өйткені онда тəртіп жөні тізілген, ал мезет пен мезгіл,
болар оқиға жазылмаған». Содан кейін Бірінші Петр сəл ойланыпты да,
артынша мына сөздерді қосыпты: «Кімде-кім уставты орындамаса,
қамшымен орындаттыру керек».
— Бірінші Петр жақсы айтқан, жолдас генерал, — дедім мен.
Панфиловтың сөзін бөліп.
— Жақсы айтуын жақсы айтқан, — деді Панфилов, — Оған дау жоқ.
Алайда, ол Сізді қамшымен осқылар еді, ал менің өйтуіме Совет өкіметі
рұқсат етпейді. Уставты біледі екенсіз, оны қолданба демеймін. Бірақ оның
тармақтарын орнымен қолданған жөн, нақты жағдай не айтады, соны
есепке алып, ретіне қарай қайрат жасау керек. Уставты жаттанды
қолдануға, əрпіне жабысып қалуға тыйым саламын.
Генерал Панфиловтың осы сөзін өмір бойы жадымда сақтап келемін.
Соғыс уақытындағы қиын-қыстау кездерде, одан кейін де сан рет
генералды есіме алып, оның маған ақыл айтқан сол сəтін көз алдыма
келтірдім. Тіпті қазір, өзім қартайып, генералдың жасынан асып кеткен
шақта да, оны көз алдыма əкеліп, «ақылдасып» аламын, содан кейін сабама
түсемін. (Қарт кісілер ашушаң келеді ғой.)
Устав — бейбіт күнде заң, соғыста творчество. Ал творчество тек
ақылмен, терең оймен ғана жүзеге асады.
Бұйрық халық, Отан атынан беріледі, берілген соң оны орындаушы
адамның тағдырына айналады.
Əскерлер командир үшін емес, командирлер əскер үшін керек.
Командирлік өнердің басты міндеті — көптің көңілін ашар кілтті табу.
Соғысатын — адам, ал техника дегеніміз — оның қолындағы күрес
құралы. Өзінің қолындағы техниканы, дастархан үстінде қасықты
жұмсағанындай, жақсы игеріп, жұмсай алатын саналы, намыскер,
инициативты, белсенді жауынгер — міне нағыз жауынгер тұлға осы.
Бейбіт күнде де, соғыста да əскерлердің саяси-моральдық факторының
шешуші маңызы бар.


Саяси бөлім — əскерлердің рухани штабы.
Ерлік істелмесе — ешкім де қалам тербемейді.
Армияда
саяси
жұмысты
ұйымдастыру
жауынгерлік
əзірлікті
ұйымдастырудан əлдеқайда күрделі.
Ұрыста саяси жұмысты ұйымдастырудың жай-күйі командир шешімінің
белгілі бір буынын жасап алудан бір де кем емес.
Ұрыста командир шешімін саяси жағынан қамтамасыз ету — ұрысты
материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуден бір де кем емес.
Қарулы күштер дегеніміз Отанның бостандығы мен тəуелсіздігін
қорғауды,
революцияның
жеңістерін
сақтап
қалуды,
мемлекеттік
мүдделерді сақтауды жəне халықтың жемісті бейбіт еңбегін қамтамасыз
етуді көздейді, сол үшін жасақталады.
Əскери қызмет дегеніміз — дені сау əрбір азаматтың асыл парызы,
ардақты борышы.
Кімде-кім əскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес.
Армия өмірінің басты негізі — қатаң əскери тəртіп. Қатаң əскери тəртіп
саяси биік саналылыққа, патриоттық сезімге, əр жауынгердің өзінің əскери
борышын терең түсінуіне негізделеді.
Əрбір жауынгер тəртіпті болуға, өз қолындағы қарудың тетігін əбден
игеріп, сақтай білуге, өз білімін үнемі көтеруге, өзінің əскери коллективін
құрмет тұтуға, барлық істе өз жолдастарына көмектесуге, өз жолдастарын
лайықсыз қадамдардан сақтандыруға жəне өз командиріне сөзсіз бағынуға
міндетті.
Əскери тəртіпті нығайтудың негізгі əдісі — сендіру, қосалқы əдісі —
көндіру. Командир көндіру əдісін тəртіпсізді тəрбиелеудің ең соңғы шарасы
ретінде ғана қолданады.
Командир өз бағыныштыларын ашумен емес, ақылмен тəрбиелеп
үйретуі тиіс.


Командир қара қылды қақ жарған əділ болуға, біреуді шектен тыс
мақтауға да немесе біреуді жазықсыз жазғыруға да бармауы керек.
Талап қою дегеніміз — заң, қаталдық дегеніміз — заңсыздық.
Қаталдық, басқа да заңсыздықтар сияқты, жауынгерді қорлайды, езеді,
ызасын қоздырады.
Саяси саналылықтың, жауынгерлік дəстүр мен озат тəжрибенің
тəртіпсіздікке төзбеушілік көзқарастың негізінде жауынгер намыскер адам
болып тəрбиеленіп, үйренуі керек.
Намыскер емес адам — ерлік жасауға қабілетсіз.
Ерлік — табиғат сыйы емес, ұзаққа созылған тəрбиенің жемісі.
Ешкім де генерал болып тумайды. Генералдар солдаттардан өсіп
шығады.
Ауыстыруға болмайтын адамдар жоқ.
Еш нəрсе нормадан не кем, не артық болмауы керек.
Соғыс жорығы — саяхат емес, ұрыс даласы — курорт емес.
Командирдің қасына оны үнемі қолдай беретін пір еріп жүрмейді. Оның
ойына, аспаннан сап етіп, ақыл түспейді. Ол мойнына өзінің барлық істерін
сəттілікке сая беретін бойтұмар тағып жүрмейді. Тіпті командирді устав
ережелері де, оны қаншама жатқа білгенмен, қолдай бермейді. Командир
творчество адамы. Əр жағдай командирді əртүрлі ойлатады, əртүрлі
толқытады, əр арнадан, əр саладан оны іздендіреді. Бір жағдайдағы
келісімді нəрсе екінші жағдайда сəтсіздікке ұшырауы мүмкін... «Уставта
былай делінген екен, мен де солай істейін» деп устав əріптерін талисман
ретінде ұстаушылар шаблонистер. Уставты оқи білу өз алдына, оны ұғына,
астарына түсіне білу өз алдына.
Мінеки, Баукеңнің Кубада айтқан əскери ойларының ұзын ырғасы
осындай. Революциялық Куба армиясының солдаттары мен командирлері
бұл сөздерді разылықпен, ілтипатпен тыңдады. Өзіміз үйренер өнеге деп
қабылдады. Куба Үкіметі мен Қарулы күштері генералитетінің совет


полковнигі Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған қабылдау
мəжілісінде сол кездегі Қарулы күштер министрі коменданте Рауль Кастро
былай деді:
— Құрметті коронел Момышұлы! Біз бұрын Сізді Александр Бектің
кітабы жəне өз кітаптарыңыз бойынша білуші едік. Енді өзіңізді көріп, өз
аузыңыздан сөзіңізді естіп отырмыз. Сіздің көп бейнет кешкен тəжірибеңіз
біздер үшін, жас жауынгерлер үшін (Сіз, əрине, біздің жастығымызды
мойындамай, жаспыз деп айтып қалғанымыз үшін сөксеңіз де) айнымас
қағида болды жəне бола да береді. Біз Сізбен өз жерімізде, Американың
азат аралында кездескенімізге қуаныштымыз. Сіз əскери адам, жазушы,
ғалым ретінде біздің ортақ ісімізге көп пайдаңызды тигізе аласыз. Сіздің
біздің елге келуіңіз біз үшін ерекше көрініс болып табылады. Сіз өзіңіздің
халықтардың патриоттық жəне достық əдебиетінің əлемінде істеп жатқан
игілікті еңбектеріңізбен қолыңыздың бос еместігіне қарамай, біздің елге
келуге мүмкіндік таптыңыз... Елімізде болған аз уақыттың ішінде. Сіз
үлкен саяси жұмыс жүргізіп, бізге өз тəжрибеңізді айтып беруіңіз, өзіңіздің
жіберген қателеріңіз болса, оны да алға салдыңыз. Мұның бəрі біз үшін өте
бағалы, коронел! Біздің республикамыздың ішкі жəне сыртқы жағдайы
қазіргі уақытта өте күрделі болып отыр. Сіз, əрине, көре білетін адам,
əскери жəне қоғамдық қайраткер болғандықтан мұны өзіңіз де аңғармай
өткен жоқсыз. Біз жалпыға бірдей міндетті əскери тəртіп туралы заңның
жобасын бүкіл халықтың талқылауына беріп отырмыз. Мен Фидельдің
тапсырмасы бойынша Москвада болғанымда, біздің елші арқылы, Сіз
жөнінде анықтама алып та көрген едім. Кейіннен біздің елші хабар етті: Сіз
аман-есен, Алматыда тұрады, кітап жазады дегенді айтты. Содан кейін
тиісті каналдар арқылы, Сіздің бізге келуіңізді өтінген едік... Сіз өзіңіздің
келетініңізді күнілгері білдірмегеннен кейін, біз, тиісті түрде, лайықты
қарсы алуды ұйымдастыра алмадық. Бұл үшін мен Сізден ғапу өтінемін...
Сіз риза болсаңыз, коронел, біз ризамыз. Бұл қабылдаудың өзі де біздің
премьер-министрдің — Фидель Кастроның — арнайы нұсқауы бойынша
өткізіліп отыр. Өзіңіз көріп отырғандай мұнда министрлер жəне біздің
қарулы күштердің əскер түрлерінің бас командашылары отыр. Фидельдің
өзі шұғыл жұмыспен тездетіп Ориентаға кетті. Маған Сіздің алдыңызда
ғапу өтінуді сұрап еді... .
Құрметті ұстазымыз коронелдің денсаулығына, бұл кісі, бұдан былай да
ойымызға ой қоса беруіне, бұл кісінің семьясының бақытты болуына, бұл
кісінің балалары жақсы ата мұрагерлері болуына тілектестік білдіріп, осы


тосты түрегеп тұрып ішейік.
Рауль Кастроның бұл сөзінен кейін рюмкаларын көтеріп, табандарынан
тік тұрады.
Осылай, бөтен жерге жалғыз өзі барып, бүкіл бір елді аузына қаратып
дүрілдетіп қайту Баукең сияқты ердің ерінің ғана қолынан келер. Бөтен
елдің министрлері мен генералдарына өзіңді танытып, сөзіңе бас
шұлғытып, олардың құрметі мен сүйіспеншілігіне ие болу үшін қаншама
күш, қайрат, ақыл, шешендік, даналық керек десеңші. Бауыржанның
бойында Исатайдың ақкөздігі, Махамбеттің ақындығы, Аманкелдінің
өрлігі, Чапаевтың ерлігі, Қажмұқанның қайраты бар. Баукең осы бес
батырдың тоғысқан нүктесі. Ұлтымыздағы əскери, əдеби, саяси даналық
бір басына тоғысқан тұлға осы!
Мен осылай деп ойладым.
— Немене, ұйықтап кеткен жоқсың ба? — деді Баукең мен ұзақ үнсіз
қалғаннан кейін еңсесін көтеріп.
— Жоқ, Бауке, ұйықтағаным жоқ.
Х
Баукең əңгімесін қайтадан жалғады.
— Сонымен мен Москва — Алматы поезының халықаралық вагонында
келе жатырмын. Поезд вагон ішіндегі мені тербетеді, мен өз ішімдегі ойды
тербеймін. Москвадан Алматыға қарай тартылып келе жатқан жаңа
өмірімнің жағдайын ойлаймын.
Алматыға келдім.
— Шынымен келдің бе? — деп əйелім бетіме ұзақ қарады.
Содан кейін қасыма Бақытжанды алып, елге кеттім. Мен тек
бəйбішемнен ғана екі перзент көрген кісімін ғой. Шолпан деген қызым
ертерек қайтыс боп кетті. Жанымның жалғыз қабығы болып Бақытжан ғана
қалған. Оның ер жетіп, қазір жұрт білетін-жазушы болғаны өзіңе белгілі.


Баламды қасыма ертіп, балалық шағым өткен жерлерді аралап, Жамбыл
мен Шымкентте үш-төрт айдай жүрдім. Елмен, ағайын-туыстармен
кездесіп, мауқымды бастым.
Сөйтіп Алматыға қайтып келсем военкомат мені іздеп, шала бүлініп
жатыр екен. Ол кезде Маршал Жуков Қорғаныс министрі болатын. Ол кісі
өзі Алматыға телефон соғып, полковник Момышұлы денсаулығына
байланысты əскерден босап, Алматыға кетті. Сол кісіні қызметке
орналастырып, пəтер бергізіп, артынан маған хабарлаңдар депті.
Военкоматтағылар Алматыдан мені сұрастырып таба алмайды. Министрге
жауап беру керек. Олар соған сасқалақтап отыр екен.
— Министрге полковник Момышұлына қызметтің керегі жоқ. Ол əдеби
енбекпен шұғылданатын болады. Пəтерге орналастырудың да қажеті жоқ.
Оның өз пəтері бар деп айтыңыздар, — дедім.
Маршал Жуков аса əділетті кісі еді. Тіпті күні кешеге дейін мен оның
есінде екенмін. Былтыр Москвада өткен Отан соғысы ардагерлерінің
жиналысында ол Қазақстан делегациясына келіп. Момышұлы қайда деп
сұрапты. «Ол ауырып жатыр» дедік деп Снегин айтып келді. Өз басым
маршал Жуковқа өте разымын. Жұрт Жуковты қатал болды деседі. Дей
берсін. Қаһармандық қаталдықтан туады. Жұмсақтан жолбарыс шықпайды.
Понятно тебе?
Москвадан Алматыға келіп екінші өмірімді бастағанда мен қазақ
əдебиетінің
Мұхтар,
Сəбит,
Ғабит
сияқты
генералдары
бола
алмайтынымды білдім: Енді мен баяғыдай банк қызметкері де бола
алмаймын. Партия, совет қызметкері болу қолымнан келмейді. Мен ол
кезде жалпақ жайлауда жағалай отырған ауылдарға ат аздырып, тон
тоздырып шеттен көшіп келген кірме сияқты едім. Қай ауыл қоңсыға
жайлы болар екен, қай үйдің іргесіне арбамның дертесін тіресем екен деп
ойладым. Келгенді кет демейтін кең қолтық жазушылар ауылы жаққа
жалтақтап көп қарадым. Көкорай шалғынның төріне қонған ол ауылдың
ордалары көзіме жылы ұшырай берді. Сəкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар,
Сəбит, Ғабит үйлерін қоршалай қонған ақ отаулардың түндіктері тынымсыз
желпілдеп жатты.
Мен сол ауылдың шетіне тоқтап, əскери лашығымды тігетін орын
іздедім. Кездестіре алмадым. Тау жақ қиядан, үлкендігі шөккен атандай


кедір-бұдыр тасы көп бос орын таптым. Ол ешкімге керегі жоқ, ақ орда
сыймайтын, ақ отаула ешкім қажет қылмайтын, бос бұрыш екен. Мен сол
жерге, құз жартастың басына əскери шатырымды орнатып, əдебиет аулына
қоңсы қондым.
Əскерден босаған соң, Жамбыл, Шымкенттен оралып, үйге тізе бүгіп
жайғасқаннан кейін, ендігі генералдарыма сəлем берейін деп, жаңа
мундирлерімді киіп, қылыш, маузерімді асынып, Пролетар көшесі, 11-ші
үйдегі Жазушылар одағына бардым. Барсам басшылардан ешкім жоқ. Бір
кабинетте көзəйнегі жарқырап жас секретарь отыр екен. Полковник
Момышұлы əскерден босап, əдебиет полкының қарамағына келді. Енді осы
одақтың əскери жазушысы боламын деген рапортымды соған беруіме тура
келді. Осылай деп Бауыржан кеңкілдеп күліп алды.
Автор. Неге күлдіңіз, Бауке?
Бауыржан. Рапорт берердегі менің қылышымнан қорқып жас
секретарьдың сонда стол астына кіріп кеткені ойыма түсіп, соған күліп
отырмын.
Сөйтіп мен қазақ əдебиетінде ең алғаш əскери тақырыпты бастадым.
Менің бұрын азын-аулақ соғыс тақырыбына қалам тартқан жазушылардан
өзгешелігім өзімнің соғысқа қатысып келгендігім еді. Менің екінші
өмірімнің бақыты əшейін жазушы емес, əскери жазушы болғандығым.
Содан бері не жазып, не қойғанымды жоғарыда айттым. Жұрт біледі. Мен
əскерде де, əдебиетте де полковник дəрежесінде қалдым. Генерал болу
менің пешенеме жазылмаған. Бірақ, қырық алты жасымда басталған екінші
өмірімді алғашқы өмірімнің дəрежесіне жеткізгенімді мен өз басыма
қонған өзгеше бақыт деп білемін. Бұл сұрағыңның жауабы осы, қарағым.
ХІ
Автор. Енді ең соңғы сұрағымды қоюға рұқсат етіңіз, Бауке.
Бауыржан. Қойғын.
Автор. Бұрынғы мен бүгінгіні, онымен болашақты салыстыра отырып,
арт пен алға көз жібере келіп, жас ұрпаққа қандай ақыл айтар едіңіз?
Бауыржан. Алдымен Россияның адамзат алдындағы баға жетпес еңбегін


əрқашан еске алып отыру қажет дер едім. Ол ең алдымен татар-монғол
шапқыншыларын талқандап, Шығыс Европа, Орта Азия, Кавказ елдеріне
азаттық əперді, ал Батыс Европаның қалаларын біздің Отырар, Құмкент
сияқты жермен-жексен етілуден сақтап қалды. Содан үш жүз жылдан кейін
бүкіл Орталық жəне Шығыс Европаны басып алмақ болған швед королі
Карл ХІІ-ні Россия Полтава шайқасында жəне қиратып шықты. Содан жүз
жыл кейін бүкіл Батыс Европаны табанының астына салып алып,
«Европаның бар халқынан тұтас бір халық жасап, Парижді барша дүниенің
кіндігі жасаймын» деп əлемге жар салған əйгілі Наполеонды да Россия
талқандады. Сол сияқты Батыс Европаны түгел басып алып, «Барбарос»
жоспарын төбесіне ту етіп көтеріп, шығысқа қарай өрттей қаулап келе
жатқан Гитлерді де Россия құртты. Осылайша ол Орталық жəне Оңтүстік
шығыс Европаның халықтарына жəне азаттық əперді. Соңғы бес ғасырдың
ішінде Европа мен Азияның халқын жəне қалаларын Россия төрт рет
қырғын мен күйреуден сақтап қалды.
Міне осыны ұмытпау керек. Бұл бір.
Европаның Англия, Франция жəне Германия сияқты ірі мемлекеттерінің
бірде-бірі адамзат үшін орыс мемлекетіндей еңбек еткен емес. Ендеше оны
да ойдан шығармау керек. Орыстар өздігінен өзгеге тимейтін ең ұстамды
халық. Егер өзіне жау тисе жеңбей тынбайтын ең ер халық. Ер халықпен
еншілес болу ерекше бақыт.
1812 жылғы Отан соғысына қазақ халқы елеулі үлес қоса алмады. Ол
соғысқа украиндар 60 мың адам, Дон қазақтары 26 полк, башқұрттар — 20,
қалмақтар 2 полк берсе, қазақтардың қосындары бір көпе шөптің ішіне
түскен инедей ғана болды. Ал 1941—1945 жылдардағы Ұлы Отан
соғысына қазақтар белсене ат салысты. Бұдан жүз отыз жыл бұрын
Наполеонға қарсы тұтас бір батальон қоса алмаған Қазақстан бұл соғысқа
өз қолымен жасақтап бірнеше дивизия мен бригада аттандырды. Сөйтіп,
Совет Армиясының берік жауынгерлік сапында қазақ солдаттары Европа
мен Азиядай екі материкті азаттық сапарымен еркін шарлады.
Оларды Отан лайықты наградтады. Бес жүзге жуық қазақстандық
солдаттар мен офицерлерге, олардың ішінде тоқсан сегіз қазаққа Совет
Одағының Батыры атағы берілді. Қазір қазақтан шыққан он шақты
генералымыз бар. Олар: Шəкір Жексенбаев, Бердіғали Игіліков, Нұрлы
Байкенов, Сағадат Нұрмағамбетов, Камал Бошаев, Есет Əлібеков,


Баһадұрбек Байтасов, Самұрат Сыртанов жəне Жансам Кереев. Бұлар
əскери генералдар. Ал Шырақбек Қабылбаев пен Əбдіманап Тілеулиев
бастатқан Ішкі істер қызметі мен мемлекет қауіпсіздігі қызметінің
генералдары өз алдына бір төбе. Бұлар біздің халқымыздың тарихындағы
түңғыш генералдарымыз. Сол себептен де мен оларды санамалап толық
атап отырмын. Мұны білудің оқырмандарға да артықтығы жоқ. Түсінікті ме
саған?
Мінеки, орыстар өзінің жалпы адамзаттық төртінші ұлы миссиясын
атқарғанда — Европаны Гитлердің қанды шынжырынан құтқарып
қалғанда, барлық басқа да совет халықтары сияқты, қазақтардың онымен
бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге болуы — біздің мəңгілік
ұлттық мақтанышымыз. Міне бұл — екі.
Одан кейінгі айтатын сөз мынау.
— Ей, бүгінгі жас қауым, бейтаныс арғы ұрпақ!
Əр əке балам бақытты болса екен, үрім-бұтағым үзілмесе екен, өшпесе
екен деп тілейді. Осы мақсатпен жиырмасыншы ғасырдың басында
əкелеріміз бізге қаралы жексенбілерде қан кешіп жүріп, коммунистік қоғам
орнатып, кең байтақ социалистік Отан жасап берді. Олар бізге: құрылыс
жақсы болса — тұрмыс жақсы, бірлік мықты болса — тірлік күшті. Осы
құрылыс пен бірлікті көздің қарашығындай сақтаңдар деп өсиет етті. Біз
бұл өсиетті абыроймен орындап, социалистік Отанымызды Гитлер сияқты
ең жауыз жаудан сақтап қалдық. Туысқандық бірлігімізге титтей де дақ
түсірмедік.
Сөйтіп, Ұлы Отан соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп, біз де
сендерге бақыт əпердік, жас ұрпақ. Ол — қазіргі кең жазира Отаның сенің.
Өйткені — Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ. Соны көздің қарашығындай
сақтаңдар. Соңғы үш ғасырда дүниеге үш жалмауыз берген адамзат жауыз
ұлға қысыр боп қалмас.
Бір ғасырда бір Наполеон, екі жүз жылда есуас Гитлер тумай қоймас.
Ондай жауыздардан елді, жерді, социалисты қоғамды сақтап қалу — сенің
борышың, алғы ұрпақ.
Ұзын бой қысқарады, үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол —
табиғат заңы. Адам өлгенімен оның еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, ол


атқарған ұлы іс өлмейді. Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа
деген құрметтен, осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады.
Өткен Отан соғысында он тоғыз — жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік
көрсетті. Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған əрқашан да
əзір болу керек.
Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық — əр адамға керекті ең
ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын
ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің
өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам отаншыл
болады. Өйткені өз əке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын
құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист
болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын
қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны
ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар
ажырата білуі шарт.
Намыс — азаматтың алтын туы. Əке-шешесін сыйлаған балада ғана
намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем
өлейін,.. бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді. Ер
жігіттің елі — ата-анасы, Отаны — өз үйі.
Патриотизм — «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуғa əзірмін»
деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол — формализм. Елді, жерді,
Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дəлелде. Ата-анасын сыйлаған
шəкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тəртібін де дұрыс ұстайды,
шаруакер, адал, əділ болып өседі. Іс деген осы, патриотизм осыдан
басталады.
Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы — адамгершіліктің
ең асыл парызы. Ал еңбекшілдік, білімділік, тəртіптілік, тəлімділік,
шыдамдылық — армия үшін ең қажетті қасиет. Əскерде басбұзарлыққа
орын жоқ! Өйткені оның қолында елдің тағдыры — қуатты техника бар. Ал
жауынгердің ол техниканы тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып,
қаңғып кетуіне болмайды.
Жастар
араққа
үйір
болмауы
керек.
Арақ
адамгершіліктің,
азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Араққа бір
үйреніп алсаң одан қашып құтыла алмайсың. Ең алдымен осыдан сақтану


керек. Арақ — адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды техниканың күшімен
құртуға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайсың.
Нəпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің
де шамасы жетпейді.
Ей, жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ,
жұрағат, жас ұрпақ! Естисің бе менің үнімді, жете ме саған менің дауысым.
Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көп ұлтты социалистік Отанымыздың
барлық, болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол — Отанды
сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! —деген сөз. Ол — халықтар
достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар! — деген сөз.
Ұлы Октябрь революциясы салып берген даңғыл жолымда маған
тамаша орыс адамдары, орыс қолбасылары кездесті. Егер менің сонау
Николай Рединнен бастап, Панфилов, Чистяков, Серебряков, Рокоссовский,
Жуков сияқты ұстаздарым болмаса, онда мен дүние жүзіне əйгілі
полковник Момышұлы болмас едім. Егер орыс халқы болмаса, оның
Толстой мен Тургенев, Чехов пен Горький сияқты қаламгерлерінің
еңбектерінен үлгі алып өспесем, онда мен жазушы Момышұлы болмас
едім.
Анада, Азия-Африка жазушыларының Алматыда өткен бесінші
конференциясының соңында біздің республикамызды аралап көрген бір топ
шетел жазушыларының алдында мен былай деп сөз сөйледім.
Қадірлі қонақтар!
Қымбатты москвалықтар!
Ардақты жерлестерім менің!
Бұл жерде менің ағалы-інілі адамдар жайында екі-ақ ауыз сөз айтқым
келеді.
Егер сен шамасы аз, шағын денелі бала болсаң, онда саған арқа
тұтарлық əлуетті аға керек. Сонда ғана саған ешкім бата алмайды; біреу-
міреу көзін алартқанымен, қолын жұмсай алмайды...
Дəл осындай алып аға кішкентай халықтарға да қажет. Өйткені
халықтар да жер шарының сəбиі, бала болғандықтан оларға да қорған


керек.
Біз, Советтер елін мекендейтін аз халықтар, өзіміздің үлкен ағамыз
орыс халқын мақтан тұтамыз. Мақтан тұтатын себебіміз ол шын мəніндегі
ұлы халық. Мен оны дүние жүзіндегі көп санды халықтардың бірі
болғандықтан ұлы деп атап тұрғаным жоқ. Тек сан жағынан ғана басым
халықтарды шетінен ұлы деп атай беруге болмайды. Адамдарға азаттық,
бейбітшілік, теңдік, туысқандық, достық əкелуші көп санды халықтың ғана
ұлы деп аталуға қақысы бар. Өзімен отандас аз халықтарға қалтқысыз
көмек беріп, оның экономикасы мен мəдениетінің, ана тілі мен əдебиетінің,
ғылымы мен өнерінің өркендеуіне үнемі қамқор болып отыратын көп
санды халықты ғана ұлы деп атай аламыз. Ал орыс халқы дəл сондай
халық. Орыс халқын біз осы үшін шексіз сүйеміз.
Біз орыс халқын дүние жүзіне тамаша революционерлер, халық бақыты
үшін көптеген табанды күрескерлер бергені үшін сүйеміз. Идеясы дүние
жүзінің барлық езілген халықтарының компасы болған Лениндей
данышпан орыс халқының көкірегін жарып шыққандықтан да біз оны одан
сайын жақсы көреміз.
Орыс халқын шексіз сүйіп, жақсы көретін себебіміз ол — туыс халық,
ол — дос халық, ол — əке халық. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, дүние
жүзіндегі көп санды халықтардың орыстан басқа қайсысы аз халықтардың
Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатов, Юрий Рытхэу, Юван Шесталов, Əнуар
Əлімжанов сияқты талантты өкілдерін алақандарына салып, əкедей
əлпештеп, зор мақтанышпен дүние жүзіне танытып отыр?!
Мен бұл тосты рақымды, мейірбан, əділ, адал, турашыл, еңбекшіл,
интернационалдық, коммунисты ұлы орыс халқы үшін көтеремін.
Біздің орыс халқын осылай ақ пейілмен, адал көңілмен шексіз
сүйетінімізге дүние жүзінін басқа халықтарының қызығуына да,
қызғануына да болады.
Ал кімде-кім қызығатын болса, онда ол бұл халықтың адал досы
болсын да, біздің мызғымас достық берік саптан орын алсын. Ұлы орыс
халқының үлкен жүрегінен дүние жүзіндегі барлық халықтарға мекен
табылады.
Бұл ой, бұл сөздер — менің жан жырым, менің халқымның жүрек


жыры. Бұл жырды мен бар дауыспен барлық жерде айта аламын,
қонақтардың достардың, менің халқымның жауларының алдында да
шырқаймын!..
Міне, мен Азия мен Африка елдері жазушыларының алдында осылай
дедім. Өлсем — өсиетім осы. Өле-өлгенше аузымнан тастамай алыс, жақын
ағайынға айта жүрер сырым мен шыным осы, қарағым. Мұның жастарға да
қатысы бар.
Автор. Сіз бен біз ұзақ əңгімелестік, Бауке. Көп рақмет.
Бауыржан. Кəдеңе жараса сол айтылғанның бəрі сенікі.
Автор. Жарата алсаң деңіз.
Бауыржан. Оны өзің білесің. Менің шаруам жоқ.
Автор. Біз бұл əңгімемізді Жеңістің отыз жылдығы қарсаңында
аяқтағалы отырмыз-ау, Бауке.
Бауыржан. Оның рас. Жеңіске жеткен қуанышқа кенелді, жетпеген
арманда кетті. Отан соғысында өлгендерді ұмытпайық. Өзіміз өлгенше
олардың аттарын аузымыздан түсірмей, жазғанымызда қағаздан қалдырмай
халыққа айта берейік. Оларға біздің дұғамыз осы болсын! Өлгенді ардақтай
білген ғана тіріні құрметтей алады. Өлгенге бақыт керек емес. Өлінің
бақыты тірінің тірілігінде. Ал тірілер бір-бірімізді шын жүректен
құттықтайық, сыйлайық, қадірлейік.
Осылай деп əңгімесін аяқтап, Баукең үн-түнсіз отырып қалды. Баукең
туралы жазылған жаңа өлеңдердің бірі есіме түсті.
Біреуді асау дейді, тентек дейді,
Біреуді қыз мінезді еркек дейді.
Əркімді өз орнына əділ қойып,
Бəрібір уақыт əжем жетектейді.
Жаманды біржолата құлыптайды,


Жақсыны ел əлпештеп ұмытпайды,
Кеудесін кейбіреулер көтергенмен
Ақымақты ардагерге жуытпайды.
Туған ел: бүгінгі салт-сəні жақсы,
Қуанам — айналамның бəрі жақсы!
Көрсетер шаңырақты шартарапқа
Батыр ұл — Бауыржандар бары жақсы.
Терең ой, меруерт сөз табындырар,
Солардай болғай-ақ бір ағындылар.
Жүргенде ортамызда ардақтайық,
Бір күні бəрімізді сағындырар.
Қазақ ақындарының кейінгі буынының бір өкілі Кəкімбек Салықов
жақында шыққан жинағына кірген бір өлеңінде осылай деген екен.
Осы ғасырдың басынан бергі ақындарымыздың жеті толқыны сені тегіс
жыр етті. Сонау Сəбит Мұқанов, Мұхтар Əуезов, Қаныш Сəтбаевтан
бастап, бүгінгі ұрпаққа дейінгі қазақтың жүзге тарта ақын, жазушы,
журналист, ғалымдары саған өлең очерк, мақала, зерттеулер арнап,
сүйіспеншілік лебіз білдіріпті, Бауке. Халық өлмейді. Отан тағдырының
əрқилы тарихи кезеңінде ел үшін жан аямай қызмет еткен ардагер ұлдар
мен асыл қыздар халықпен бірге мəңгі өмір сүреді. Халықпен қоса
жасайтын адал перзенттердің бірі сенсің, Бауыржан!
Ерен ерлігімен есіміңді елге жайып, айдай əлемге паш еткен
Бауыржандай батыр ұлың бар сен қандай бақытты едің туған халқым.
Көзіңнің тірісінде атыңды аңызға айналдыра ардақтап, аузынан түсірмей
жыр етіп келе жатқан абзал халқың бар сен де бақытты екенсің, есіл ер.
Сенімен замандас, сыйлас, сырлас болған біз де бақытты екенбіз, асыл аға.


Сенен айналайын! Сенің халқыңнан айналайын!
дедім мен оған іштей.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет