ОНЫНШЫ ДИАЛОГ
І
Автор. Енді 1943 жылдың Сіздің өміріңізге қатысты жағын əңгіме
етейік, Бауке.
Бауыржан. Мақұл. Сөйтіп біздің 3-ші екпінді армияның екпінді тобы
жаумен Великие Луки, Невель шайқастарын жүргізді. Бұл кезде армияның
үш дивизиясы — біреуі біздің 8-ші гвардиялық дивизия, — үш бригадасы,
екі танк батальоны Холм түбінде қорғаныста қалды дедім ғой.
Қорғаныстағы бұл топқа Ловать өзенін бойлай тартылған бекініс шебінен
Торопецке қарай дұшпанды өткізбеу, сөйтіп оларды алдымен Великие
Лукиге, одан кейін Невельге шабуыл жасап жатқан əскерлердің желкесіне
шығармау міндеті жүктелді. Бұл міндетті біз де айтарлықтай етіп
орындадық. Немістер шебімізді бұзбақ болып, бірнеше рет əрекет етті.
Əсіресе, Великие Лукиден айрылғаннан кейін, ауылға күнде шауып маза
бермейтін күшігін алдырған қасқырдай боп, аласұрды. Бірақ біз қасқырды
тұмсықтан соғып, тілін салақтатып кейін қайтарып отырдық.
1943 жылдың апрелінде біздің 2-гвардиялық атқыштар корпусы
Калинин
майданынан
Солтүстік-батыс
майданының
қарамағына
ауыстырылды. Енді біз 3-ші екпінді армияның құрамынан шығып, генерал-
лейтенант В. А. Юшкевич басқаратын 22-ші армияның қол астына қарадық.
Бірақ басқа майданға ауысып, басқа армияның құрамына кіргенімізбен
корпусқа, дивизияға жүктелетін міндет бұрынғы күйінде қалды.
Автор. Сіздің өмірбаяныңызға байланысты барлық документтермен
танысқаннан кейін, Бауке, мен мынадай қорытындыға келдім. Қазақтардың
тіршілігінде ең ауыр жыл қоян жылы деп есептелсе, сіздің тағдырыңыздағы
бір қоян 1943 жыл ма деп қалдым.
Бауыржан. Ол не деген сөз?
Автор. Төрт жыл соғыста күн сайын, сағат сайын, тіпті минут сайын
төбеңізден төніп тұрған қауіп пен қатерді айтпаймын, Бауке. 1943 жылы бір
генерал қолына жарық алып Сіздің соңыңызға түскен екен.
Бауыржан. Кімді айтасың?
Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның Серебряковтан кейінгі командирі
генерал-майор Ч-ны айтамын.
Бауыржан. Ым-м-м!..
Автор. Бір жеріңіз ауырып отыр ма?
Бауыржан. Жоқ, айта бер.
Автор. Панфилов дивизиясы жайында «Красная звезда» газетінде ең
алдымен хабар жазған,артынан 28 батырдың ізіне түсіп, олардың кім екенін
анықтап очерк жариялаған, содан кейін де өмір бойы сол дивизиямен
байланысын үзбеген Александр Кривицкийдің «Не забуду вовек» деген
кітабында «Генерал Ч-мен əңгіме» деген тарау бар екенін өзіңіз білесіз. Ол
тарауда жазушы Москва түбіндегі шайқастан кейін бірсыпыра уақыт өткен
соң Калинин облысының жерінде, «батпақ пен орманның ортасында»
тұрған
8-ші
гвардиялық
дивизияны
іздеп
барып,
оның
соңғы
командирлерінің бірі генерал Ч-мен қалай кездескенін былай баяндайды:
«Генерал Ч-мен кездесу көңілсіз болды. Жол бойы Панфилов туралы
босқа ойлап, Корнейчуктың «Майдан» пьесасын тектен-текке есіме
алмаппын. Генерал Ч. (атын айтпай отырған себебім ол дивизияға ұзақ
командир бола алған жоқ жəне оның армиядан кетіп қалғанына да талай
жыл болды) барып тұрған горловшылдың өзі болып шықты. Өзінің қандай
дивизияға басшы болғанын, қолына таяқ емес, қылшылдаған əскери қару
ұстап отырғанын түсінбейтін болса керек. Ол дивизияның ұлттық
ерекшелігін де ұғынбапты. Адамдардың бұрынғы жауынгерлік еңбектерін
қадірлеуді қойыпты. Дивизияның дəстүрін бағаламайтын болыпты. Сөз
арасында мен Панфиловты аузыма алып едім, оның түсі біржолата
бұзылып кетті».
Кривицкий кітабындағы, генерал Ч-ның кім екеніне бұрын мен мəн
бермеген едім. Жақында генерал Ч-ның Сіздің үстіңізден жазған
қағаздарын оқыдым. Əрине, ол жоғарыға жолдаған жауынгерлік мінездеме
түрінде болып келеді. Сондықтан ол алдымен Момышұлының партия мен
Отанға адал берілген азамат екендігін, саяси-моральдық жағынан
беріктігін, тəртіптілігін тəптіштеп айтып алады. Содан кейін бір-екі ауыр
кінəні оның мойнына арта салады да, ең соңында Момышұлы полк
командирі болуға лайық адам деп шыға келеді.
Əрине, бұл Капров пен Мұхамедияровтың, Панфилов пен Егоровтың,
Чистяков пен Егоровтың, Серебряков пен Лобовтың, Галицкий мен
Литвиновтың Сізге берген бұрынғы, соңғы мінездемелеріне мүлде қарама-
қайшы.
Бауыржан. Ер шекіспей бекіспейді, есер шетінеспей кетіспейді. Ер
басқа, есер басқа. Екеуіміздің қайсымыз ер, қайсымыз есер екенімізді кім
білсін. Əйтеуір бір жолы аттай тебісіп, айғырдай шайнасып қалғанымыз
рас.
Автор. Əйтеуір, бір жақсысы сегіз айдың ішінде Сіздің үстіңізден Ч.
жазған бесінші мінездемені, 22-ші армияның командашасы Юшкевич пен
соғыс советінің мүшесі Катков екеуі бекітпей тастапты.
Бауыржан. Рас, солай болды. 1943 жылдың 15 ноябріндегі ұрыста мен
тағы да жараландым. Сен маған қалай соғысқаныңды, ұрыс картиналарын
айтпа. Оны Александр Бек пен Бауыржан Момышұлы жазды, мен оларға
тоқталмаймын деп едің ғой.
Автор. Иə, Бауке. Менің мақсатым Сіздің өміріңіздің ұзын-ұрғасын
қағазға түсіру. Соғыс суреттерін сіздерден, Бек екеуіңізден артық етіп
жеткізе алмайтын болғандықтан, оған соқпау.
Бауыржан. Бір жарым айдай госпитальда жаттым.
Автор. Сөйтіп Сіздің қоян жылыңыз жаралануыңызбен аяқталды ғой
ақыры.
Бауыржан. Иə. Госпитальдан шыққаннан кейін маған екі айлық демалыс
берілді. Декабрьдің соңғы күндерінде мен Алматыға келдім.
Автор. Мен Сіздің ол келгеніңізді архивтен алдырып, «Советтік
Қазақстан» киножурналының 1944 жылғы бірінші номерінің лентасынан
көрдім, Бауке. Журнал басталғанда Сіз бір жұпыны бөлмеде, қалың
дəптердің бетіне сыпылдатып орысша жазып жаттыңыз. Мен ол бөлме
өзіңіз документтеріңізде үй əдірісім: Алматы қаласы, Фурманов көшесі, 94,
квартира 22, деп көрсететін пəтеріңіз болар деп ойладым. Бір кезде Сіз
басыңызды көтеріп, көрермендерге тіке қарап, 1944 жана жылмен
құттықтап сөз сөйледіңіз. Көзіңіз шүңірейген, жағыңыз суалыңқы, арық
екенсіз. Бірақ дауысыңыз жігерлі, қимылыңыз өте ширақ екен. Сөзіңіздің
басында 28 гвардияшы панфиловшылар жайында айта келіп, генерал
Панфилов туралы тебірене толғанып сыр шерттіңіз. Егер мен өзіміздің
генерал туралы жаза қалсам, онда бұл шығармамды мынадай тарауларға
бөлер едім: парасатты генерал, логикалы генерал, кең толғамды генерал,
əдіс-айлалы генерал, қажырлы генерал, саспайтын салқын қанды генерал,
кішіпейіл генерал, дегеніне жетпей тынбайтын генерал дер едім дедіңіз.
1941 жылы Москва түбінде бір гвардияшының гитлершіл алты қарақшыға
қарсы тұрғанын айттыңыз. Соғыстағы солдаттың баласын, əйелін, əке-
шешесін сағынатынын, жолдастары қаза болғанда көзінен жас шығып
жылайтынын айта келіп сөзіңізді былай деп бітірдіңіз:
— Жаңа жыл құтты болсын! Жаңа жылда жаңа бақытқа жетейік,
майдандағы қымбатты жолдастар! Мен қазір əзірше сіздердің араңызда
емеспін, мен Қиырдағы туған елім Қазақстандамын. Мен жерлестерім —
қазақстандықтарды сіздердің атыңыздан жаңа жылмен — 1944 жылда
құттықтаймын.
Сіздің
сол
құттықтау
сөзіңіз
«Социалистік
Қазақстан»
мен
«Казахстанская правданың» сол 1944 жылғы 1 январь күнгі номерлерінде
басылыпты.
ІІІ
Бауыржан. Сол келген жолымда мені Екінші Алматының теміржол
вокзалында Қазақстан Жазушылар одағының председателі Сəбит Мұқанов
бастаған бір топ жазушылар жəне басқа да беделді, белгілі деген өнер
қайраткерлері қарсы алды. Аты аңызға айналған үлкен жазушымен тұңғыш
дидарласуым осылай басталды.
Сол жолы Сəбең үйіне шақырды. Бұл қонақасыда қазақ əдебиеті мен
өнерінің, мəдениетінің белгілі қайраткерлері де бірге болды. Тап сол күні
Мұхтар Əуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсрепов, өзімнің кластас
досым, сонау 1928 жылдары Шымкентте бірге оқыған жолдасым Əбділда
Тəжібаев,
Əлжаппар
Əбішев
сияқты
қазақтың
қадірлі
қалам
қайраткерлерімен, Күлəш пен Қанабек Байсейітовтар сияқты өнер
ардагерлерімен тұнғыш рет Сəбең дастарқанының басында дидарластым.
(Əбділда, Əлжаппар, Ғабиден үшеуі майданға келіп қайтқан болатын.) Осы
сапарымда Сəбең қазақтың жақсылары мен жайсаңдардың танып-білуіме,
сыйлас болуыма көп себін тигізді. Сəбеңнің арқасында сол жолы ғұлама
ғалым Қаныш Сəтбаевпен де мəжілістес, пікірлес болып қайттым. Сол
екеуінің ұйымдастыруымен Ғылым академиясында отыз алты сағат лекция
оқуыма да тура келді.
Автор. Жаңағы журналда өзіңіз айтқан адамдардың барлығы да түсіпті.
Айтылмағандардан генералдың жұбайы Мария Ивановна Панфилова мен
ақын Иса Байзақовты да көзім шалып қалды.
Одан кейінгі бір кадрда өз қол астыңызда болған саяси жетекші,
ержүрек азамат Жолтай Бозжановтың үйіне барғаныңыз бейнеленіпті.
Жолтайдың туған ағасы Нұрмұхамед Бозжановтың балалы-шағалы үлкен
семьясының ортасында əңгіме шертіп отырсыз. Тегі Жолтай жайында
баяндап отырған боларсыз деп ойладым.
Енді бір кадрда Сіз «Эмка» қара машинасымен 28 панфиловшылар
атындағы парктің алдына келіп тоқтадыңыз да, парк ішінде сапқа тізіліп
тұрған қалың əскермен сəлемдестіңіз. Əскерлерді аралап көріп, оларға
арнап сөз сөйледіңіз. Журнал осымен аяқталады екен.
Сол жолы Сізбен жүздескен адамдардың ішінен Қазақ ССР-інің халық
артисі Серке Қожамқұловпен сөйлесіп, сол кісінің естелігін жазып алып
едім, Бауке. Соны оқып берсем қайтеді Сізге?
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Сераған былай деді: «1943 жылдың аяғында Бауыржан
майданнан келді. Март айына дейін Алматыда болды. Екі жерде —
Академияда жəне театрда лекция оқыды. Волоколамда болғанын, қоршауда
қалғанын айтты. Панфилов туралы көп айтты. Генералдың адамгершілігі
туралы айтқанда бүкіл зал тебіреніп отырды. Оны туған əке, ағамыздай
көрдік деді. Ол біздің бойымыздағы ерлікті жанып отыратын еді деді.
Мынау менің қойын дəптерім, соғыс басталғаннан бергі көрген-білгенімді
осыған жазып келемін. Осыны аманат етіп Сізге тапсырамын, Қанеке, —
деп дəптерін Қаныш Сəтбаевқа берді...»
Бауыржан. Рас. Соғыста жазғандарымның бəрін Сəтбаевтың сейфына
тастап кеттім деп бұрын саған айтқан болатынмын.
Автор. Айтқансыз, Бауке.
Бауыржан . Ары қарай оқи бергін.
Автор. Бұрын жұрт лекция үстінде кіріп-шыға беруші еді. Бауыржан
өйттірмеді. Лекцияға бір минут қалғанда ешкімді кіргізбейді екен. Үлкен-
кішіңе қарамайды, есікті жаптырып тастайды. Сондықтан оның əр
лекциясына 15—20 минут ерте барып отыратын болдық.
Біздің театрдан Бауыржан «Ақан сері», «Еңлік — Кебек», «Намыс
гвардиясын» көрді. Бірақ спектакльден кейін ешқандай талдау, əңгіме
болған жоқ. Жұрт оны кезектесіп, театрдан кейін қолма-қол үйіне қонаққа
əкетіп отырды. Кешкі, түнгі уақыттары шақырылудан босаған жоқ.
Лекция оқығанда, кейбір қонақтарда болғанда айтқан сөздері, ойлары,
ерлік тұлғасы есімде қалды. Қазір Бауыржан туралы сөз бола қалса, мен
алдымен қырық үш-қырық төртінші жылғы Бауыржанды көз алдыма
елестетемін. Бауыржан сөзді өте тауып сөйлейді екен. Əттен арасына
«встаты» мен «молчаты» кіріп кетеді.
Өз басым сонысын сөлекеттеу көрдім. Бауыржанды ең алғаш көргенім
жайында есімдегілер осы ғана.
Бауыржан. Ым-м-м...
Автор. Екі ай демалысыңыз біткеннен кейін Алматыдан бірден
майданға қайттыңыз ба, Бауке?
Бауыржан. Екі айдан асыңқырап қайттым. Жолда Жуалыға соқтым.
Одан бұрын, енді бірер күнде қайтамын деп əзірленіп жүргенімде бір күні
Сəбит:
— Əй, Бауыржан, мен бір білместік істеп алыппын, кешір, ұятай, ұят
болды, — деді сол үйден түстік ішіп отырғанымызда.
— Не боп қалды, Сəке?
— Біз бүгін кешке қарай Жамбыл қарттың ауылына барып келейік.
Жəкеңнің алдын көріп, сəлем беріп қайтқаның орынды болады.
— Жарайды.
Сол күні кешке Ұзынағашқа бардық. Жамбылдың үйіне кіріп, бір
бөлмесінде жантайып жатқан жұдырықтай ақсақалға сəлем бердік.
— Тəте, баяғы Ғазіреті Ғали сияқты, майданда жауды жайпап жүрген
Бауыржан деген батыр балаңыз осы, — деді Сəбит Жамбылдың құлағына
дауыстап. — Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері.
Соғыстан келіп еді, енді соғысына қайта кеткелі жатыр. Сізге сəлем
беріп, батаңызды алып кетемін деп келді.
Жамбыл менің бетіме сығырая қарады. Оның сынап отырғанын байқап,
мен де қабағымды түйіп, оған ежірейе қалдым. Содан соң Жамбыл Сəбитке
қарай мойнын бұрды да:
— Мына қызыңды... түсі тым суық екен, батыр болса болар! — деді.
Сəбит оған қарқ болып күліп жатыр. Менде үн жоқ. Жамбыл күлместен
маған қайта қарады.
— Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы,
— деді.
Мен ойланбастан жауап бердім.
— Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан
су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің
ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен — оттың ұшқыны, судың
тамшысы ғанамын, Жəке, — дедім.
Жəкеңнің өлеңінде өзі айтатын «борға малған» сақалы шошаң-шошаң
етіп қалды. Ол атамыздың күлгені екен. Енді көзі шырадай жайнап, жылы
ұшқын шашып, тағы да Сəбитке қарады.
— Əй, Балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар
екен, қоныңдар, — деді. Жəкең Сəбитті мол денесіне байланысты ылғи
осылай, Балуан Шолақ деп атайды екен. Жамбыл «Балуан Шолақ!» десе,
Сəбит: «Ау, тəте» деп жауап береді.
Біз жайғаса бастадық. Сырт киімдерімізді шешініп жатқанымызда
шалдың сақалы, су бетіне секірген ақ қайрандай болып, бір жарқ ете қалған
еді. Енді жайланып отыра бергенімізде ай мүйізді ақ қошқардың үстіне
салт мінген біреу, шабуылға шығатын кавалеристей екпіндетіп келіп,
табалдырық алдына тоқтай қалды да:
— Əумин, — деп алақанын жайды.
Малдас құрып отырған Жəкең мойнын бұрды да:
— Əй, Балуан Шолақ, өзің жасаушы ма едің, əлде батырың беруші ме
еді батаны? — деді.
— Ойбай, тəте, өзіңіз жасаңыз, — деді Сəбит.
Жамбыл алақанын жайды да:
Батырдың жолы болсын!
Самсаған қолы болсын!
Түсі де суық екен,
Ісі де долы болсын, аллаəкпар! —
деп бетін сипады.
Ақ қошқар ауыз үйде сойылып жатты. Бір кезде ішек-қарын аршыған
əйелдердің де дыбысы естіле бастады. Олардың үстіне сырт жақтан
мұрнынан міңгірлей сөйлеп тағы біреу келді.
— Екіндіде елге сүйкімді қонақ келеді деуші еді. Бір кəдірлі қонақ
келген-ау тегі... Ойбай-ай, шарбысын-ай ақтарылып жатқан. Тура бір тегене
май түсіпті ғой... Өй, мыналарын Жəкемнің ең сыйлы қонаққа соямын деп
жүрген ай мүйізді ақ қошқары ғой, қарақтарым-ау. Кім келгенін
айтсаңдаршы өздерің!..
Осылай деп есіктен төртбақ денелі жалпақ бет біреу кіріп келді. Келді
де:
— Ой, айналайын, жүрген жері құт Сəбитімнің өзі екен ғой. Əйтпесе
Жəкем ай мүйізді ақ қошқарды кімге союшы еді? Өзім де біліп едім-ау! —
деп қос қолдап келіп Сəбиттің алақанын алды. Содан соң бұрылып маған
қарады да:
— Мына литенант жігіт кім? — деді Сəбитке. «Лейтенанттың» да бір
əрпін қымқырып жіберді деп ойладым ішімнен.
— Ой, Ғали, қара бассын сені, — деді Сəбит. — Лейтенант емес,
полковник Бауыржан Момышұлы ғой.
— Ойбай, қалқам, атыңа қанықпын. Тек мынау жұлдызға ғана
шорқақпын. Келші бері бетіңнен сүйейін, — деп бетімнен сүйді. Сөйтсем
ол Жамбылдың сол кездегі əдеби хатшысы атақты ақын Ғали Орманов
екен.
Ауыл адамдары жиналып, солармен əңгімелесіп, Жəкеңнің соғыс,
майдан жайындағы əртүрлі сұрақтарына жауап беріп, ұзақ отырдық. Түннің
бір кезінде алдымызға ет келді.
— Ал, балуан, ал ,батыр, сыбағаларыңа қол созыңдар, — деді Жамбыл
табақты нұсқап.
Сəбит пен Ғали етті шеңгелдеп асай бастады. Мен табаққа қол созбай
отырып қалдым.
— Делбе болған жылқыдай, мына қыз табағын неғып отыр ет жемей, —
деді Жамбыл Сəбитке, сақалын шошаң еткізе, мені иегімен нұсқап.
— Əй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың! — деп Сəбит
табаққа қайтадан қол соза бастады.
— Жемеймін! — дедім мен қатаң үнмен.
Сəбит табақтан қолын тартып алып, менің бетіме қарады.
— Əй, Бауыржан, саған не болды? — деді ол үні одан сайын қарлыға
шығып.
— Мен мұнда сыбаға жеу үшін келгенім жоқ, — дедім Сəбитке
дауысымды қаттырақ шығарып. — Сыбағаны немістерді жеңгеннен кейін
жеймін. Ал мұнда ұлы Жамбылдың, соғыстағы бар солдаттың ұлы əкесінің
сарқытын ішуге келдім. Ол үшін Жəкең анау тұздыққа сақалын батырып
ұрттасын да, қалғанын табақтың үстіне құйсын...
Мен етті сонда ғана жеймін. Жəне барлық солдаттарға Жəкеңнің
сарқытын ішкенімді айтып барамын!
— Əй, мынауың дұрыс екен! — деп Сəбит қарқылдап кеп күлді. Содан
кейін Жамбылдың құлағына еңкейіп, менің сөздерімнің бірін қалдырмай
айтып берді.
— Бұл қызталақтың мұнысы да жөн екен, — деп Жамбыл басын изеп,
анадай тұрған тұздыққа қарай қолын созды. — Бірақ сақалымды батыратын
мен суға еңкейген теке емеспін, мұртымды тигізейін. Мына батырыңа
түсіндіріп айт.
Жəкең осылай деп Сəбитке қарап, құтыңдап иек қақты. Қарт ақынның
бұл тапқырлығына біз қыран күлкіге баттық.
Сөйтіп Жəкеңнің жүзін көріп, қолынан дəм татып, төрінде жатып, қонақ
болып аттандым. Ертеңінде поезға мініп, майданға қарай бет түзедім.
Автор. Сіз Ұзынағаштан аттанып кеткен күні Ғали ақын өзіңізге арнап
«Полковник» деген өлең шығарды. Əрине, оны майданға аттанарда Сіз ести
алған жоқсыз. Бəлкім, кейін де оқымаған боларсыз.
Бауыржан. Жоқ,
Автор. Онда мен ол өлеңді оқып берейін.
Бауыржан. Оқығын.
Автор.
Кеңесіп көп отырдым полковникпен.
Бұлдырап еске түсті өткен-кеткен.
Қадалып қабағына көп қарадым,
Тұрғандай тұрпатында қазақ біткен.
Бірде тік, бірде сынық, бірде қатты,
Жайдары көңілі түссе махаббатты.
Жалғанның жазы, қысы қабағында,
Батырын кім сүймесін бұл сымбатты!
Тарынса табиғаты бір-ақ уыс,
Еткендей тал бойынан аңғардым күш.
Тік өскен туған жерге қара емендей.
Халқымның қалағаны сондай туыс!
Қоштастым құрмет етіп полковникпен,
Қазақтың бір ұлысың үміт еткен.
«Бауыржан!» десе барлық үлкен-кіші,
Елеңдеп құлақ түріп, көзін тіккен.
Бауыржан. Рақмет. Алматыдан қайттым дедім ғой. Жолда Жуалыға
соғып, Момынқұл көкемнің орнына құран оқытып аттандым.
IV
Автор. Сіздің туған жеріңізді көріп қайту үшін жетпіс үшінші жылдың
январында мен де Жуалыға бардым, Бауке. Момынқұл көкеңіздің баласы
Əбділда ауылда жоқ екен. Бурныйдың басынан Əтін, Рақымжан
Орынбаевтар деген туыстарыңызды таптырып алдым. Əтінді Сіз ертіп
апарып, отыз төртінші жылы Шымкенттегі өзіңіз оқыған қазіргі Сыпатаев
атындағы мектепке түсірген екенсіз. Əтін мен Рақымжан екеуі кезектесіп
отырып, маған Сіз туралы есте қалғандарын айтып берді.
Бауыржан. Қандай?
Автор. Қырық төртінші жылдың басында, Алматыдан соғысқа қайтып
бара жатқан жолында Бауыржан көкем ауылға келді, — деді Рақымжан. —
Бауыржан көкем келер алдында ауданнан атты кісілер келіп, көкемнің
келетінін хабарлады. Қайтыс болған Момынқұл атамның үйінде қой
сойылып, бауырсақ пісіріліп жатты. Көкемдер Бурныйдан шығардың
алдында ауылдағы еркек кіндікті дегендердің бəрін Момынқұл атамның
үйінің қасына шақырды. Соғыстан келген 3 - 4 мүгедек, он-он үш жастағы
он шақты ауыл балалары — барлығымыз он бес шақты еркек жиналдық.
Балалардың қолына бір-бір таяқ ұстатып, Момынқұл атамның үйін жағалай
сыртқа қойғызды да, соғыстан келген ағалар келген кісілердің аттарын
ұстайтын болып, соған əзірленіп тұрды. Əйелдер жиналып іште отырды.
Бір кезде 5 - 6 салт атты шығып, «Ой, бауырымдап!» ауылға қарай шапты.
Алдымен Бауыржан көкем келді. Сыртта тұрған бəрімізбен көрісіп ішке
кірді.
Бауыржан көкем не істесе, басқалар да соны істеп жатты. Іштерінде бір
орыс кісі бар екен. Ол да бізбен құшақтасып жатқанда мен күліп жібердім.
Біраздан кейін Бауыржан көкем сыртқа шығып, таяққа сүйеніп тұрған
бізге келді де:
— Қарақтарым, таяқтарыңды тастап, енді ойнай беріңдер, — деді.
Біз қуанып кеттік. Таяқтарымызды тастай сала, бірімізді біріміз итере
топырлап үйге кірдік. Келген кісілер төр алдында, қаптаған ауыл
əйелдерінің ортасында отыр екен. Есіктен кіре бере Бауыржан көкемнің
сөйлеп отырғанын естіп, жым бола қалдық. Бауыржан көкем үй
ішіндегілермен көрісіп болып, енді майданнан келгендерге көңіл айтып
отыр екен.
— Аюбай, — деді ол солардың біріне қарай бұрылып, — Отан
соғысында сен де бір аяғыңнан айрылыпсың. Аяғыңның арт жақсылығын
берсін, бауырым. Ауылдың нардай тракторист азаматы едің. Енді міне
ақсақ боп шоқаңдап қалғаныңды көргенде ішім удай ашыды. Жарайды,
мойыма. Біріміз аяғымызды, біріміз қолымызды берсек те, біріміз
жанымызды қисақ та, Отанды аман сақтап қалсақ болды ғой. Сақталады
Отан! Бəріңнің де жақындарың жауды жеңіп келеді. Бірақ кімнің қандай
күйде келетінін білмеймін.
— Рас.
— Рас.
— Айтқаның келсін!
— Қандай боп келсе де кеудесінде құр жаны болса болды, — десіп
əйелдер дабырласып кетті.
Бауыржан. Ал, Əтін не айтты?
Автор. Əтін Сізден сегіз жас кіші екен. Ол кісі ертерек кезден бір деталь
айтып берді. Сіз ауаткомде секретарь боп жүрген уақытта сатушы боп
жүрген Ыстықұлов Оспан деген ағайындарыңыз істі болып, сасқанынан
Сізге барыпты.
— Мені соттайтын болды, көмектес, — депті Оспан Сізге.
— Неге соттайды? — деп сұрапсыз Сіз.
— Ақша кем дейді.
— Қайда кетті?
— Бірсыпырасын жаратып қойып едім.
— Онда маған ақылдастың ба?
— Жоқ.
— Ендеше менің саған беретін көмегім жоқ, — деп Сіз туысыңызды
кабинеттен қуып жіберген екенсіз.
Əтін осыны айтты.
Бауыржан. Ə, ол оқиға менің есімнен шығып кеткен екен.
Автор. Содан кейін мен шана жектіріп, Сіздің ескі ауылдың жұртына
бардым. Қар қалың боп түседі екен. Пар ат омбылап, əрең жеттік. Əр
жерлерден бұрқыраған бу шығып жатты. Ол Мыңбұлақ, Кеңбұлақ,
Əділбұлақ, Момышбұлақ деген қыста қатпайтын жылы бұлақтар екен. Сол
бұлақтардан басталатын кең жазық Ақсай, Көксай, Тобышақты сайы дейтін
сайлармен ұштасып қырғыз Алатауына тіреледі екен. Қырғыз Алатауының
Манас шоқысы үнемі мен мұндалап, көз алдында тұрады. Ежелден Манас
шоқысының ар жағын қырғыздар, бер жағын қазақтар жайлайтын болса
керек. Соғыстың ауыр жылдарында бұл екі ел осы сайлар арқылы
жалғасып, бір-біріне азық-түлік жағынан үзбей көмектесіп отырыпты.
Осы үлкен жазықта соғыстан бұрын «Талапты», «Қайрат», «Орақ-
Балға» деген шағын-шағын колхоздар болыпты. Қазір ол колхоздардың
орны үлкен қорыққа айналдырылып, Карл Маркс атындағы совхозға
қарайтын болыпты.
Біз Момышбұлақтың басына келдік. Əтін мен Рақымжан қатар
салынған Момыш пен Момынқұл үйлерінің орнын көрсетті. Мен оларға:
— Баукең отыз үшінші жылы алғаш əскерден қайтқанда боранды күні
кеште осы үйдің терезесіне келген. Қарт əке баласын танып, қоңылтаяқ
етікті аяғына сұға салып, қораға жүгіріп шығып есік ашқан. Қарт əке
қақаған аязға қарамастан баласын бауырына басып, емірене құшақтап
тұрып қалған. Сол кезде мына үйге хабар жетіп, Баукеңнің Момынқұл
көкесі мен Сарагүл жеңгесі бірін-бірі жетектей жүгіріп, осы үйге келген, —
дедім.
— Рас. Сіз солай деп жаздыңыз. Біз оны «Жұлдыз» бен «Жалыннан»
оқыдық, — деді Əтін мен Рақымжан қабаттаса сөйлеп. — Міне, бұл сол
үйлердің орны.
— Момыш атам бұлағының басы жайқалған тал болушы еді, — деді
Рақымжан содан соң. — Соның бəрін, жарықтық, ерінбей-жалықпай
жалғыз өзі отырғызған екен. Біз, кішкентай балалар жүгіріп келіп:
— Ата, ат берші, — деуші едік.
— Қандайы керек: жорғасы ма, жүйрігі ме? — деуші еді атам күліп.
Біріміз «жорғасын», біріміз «жүйрігін» сұрайтынбыз. Атам бізге бір-бір
шыбық кесіп беретін. Момыш атам менің тоғыз жасымда дүниеден қайтты.
Ол кісінің бізге ұрыспай, бір-бір ат мінгізіп жіберетінін осы күнге дейін
ұмытпаймын. Сол талдың бəрін жұрт соғыс кезінде күрекке сапқа, отынға
кесіп əкетті...
Сіздің туып, өскен, балалық шағыңызды өткерген жерді көріп, мен
қатты қуанып едім, Бауке. Бірақ сол күні бойыма суық тигізіп алыппын.
Қатты ауырып, ертеңінде Шымкент ауруханасына түстім. Онда он бес күн
жатып, Алматыға келдім. Үйге келген соң дəрігер тағыда бір ай
қозғалтпастан жəне жатқызып қойды.
Бауыржан. Өй, сен өзің менің ауылыма барамын деп бейнет көріп,
қиналып қалған екенсің ғой. Неге айтпадың бұрын?
Автор. Оның несін айтамын. Жалғыз бір жолғы ауырған ғана емес,
Сізбен сөйлесемін деп, ауырғаннан кем қиналмаған күндер де болды ғой,
Бауке. Қиналмасаң — кітап туа ма?
Бауыржан. Ол сенін жұмысың.
Автор. Ал, Бауке, енді Жуалыдан шығып, соғысқа қарай бет қоймайсыз
ба?
Бауыржан.
Қойдым.
Жолда
Москваға
соғып,
Отан
Қорғау
Комиссариатына кірсем, менің К. Е. Ворошилов атындағы Жоғары əскери
академияның жанындағы «Выстрел» деп аталатын білім жетілдіру курсына
қабылданғаным туралы бұйрық шыққан екен. Бейбіт кезде мерзімі бір
жылдық бұл курстың оқуы соғыс кезінде алты айға қысқартылған болатын.
Оқу 3 майда басталады екен. Оған дейін мен ГУК-тың қарамағында қалып,
сонда бір ай қызмет істедім.
Автор. ГУК дегеніңіз не, Бауке?
Бауыржан. Кадрлар бас басқармасы, Қорғаныс министрлігіне қарайды.
Майдың 3-нен октябрьдің 23-іне дейін сол курста оқыдым. Онда қалай
оқып, не бітіргенімді мына документтен оқып, керек болса көшіріп ал. Сен
ылғи мені сөйлете бергенше, документтерге сөз берсеңші. Документтер де
мен ғой.
V
Баукең осылай деп темекі тартуға кетті. Мен асықпай отырып, ол кісі
берген документті түгелдей көшіріп алдым.
Достарыңызбен бөлісу: |