ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКА УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ КАФЕДРАСЫ
РЕФЕРАТ
БӨЖ №1
Мамандығы: B016 Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау
Пәні: Халық ауыз әдебиеті
Тобы: 108 (3 жылдық)
Тақырыбы: Мақал-мәтелдер
Орындаған: Амандых Ахмарал
Тексерген: Мәжиева Н.А
Алматы, 2022 ж.
Жоспар:
1.Кіріспе
Мақал-сөз мәйегі
2.Негізгі бөлім
1.1.Мақал-мәтелдер – халық ауыз
әдебиетінің аз зерттелген салаларының бірі.
1.2.Мақал-мәтелдердің қазақтың рухани
мәдениетінде алатын орны.
1.3. Мақал-мәтелдің даму көздерінің бірі – басқа
халықтардан ауысу.
1.4.Мақал-мәтелдердің жасалуы мен қалыптасуы.
3.Қорытынды
Мақал-мәтелдер – халық мұрасы,
халық даналығы, рухани қазына.
Кіріспе.
Мақал – сөз мәйегі
Қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде мақал мен мәтел көлемі шағын, мазмұны бай, тілі көркем жанрға жатады. Мақал-мәтелдер өзін жасаушы халықпен бірге жасайды, біреулері ескіріп қолданудан шығады, екіншілері жасарып, жаңадан туындап жатады.
Халық шығармасының басқа түрлері сияқты мақал мен мәтелдерді де әуел баста жеке адамдар шығарады, оны біреуден біреу естіп, жаттап айта жүреді, өңдейді, өзгертеді, сөйтіп олар бірте-бірте жалпы халықтық мұраға айналады. Демек, мақал-мәтелді белгілі бір халықтың өмірде көрген-білгенін жасаған қорытындысы, ақыл-ой түйіні деуге болады.
Мақал мен мәтелдердің өміршеңдігі – тілінің көркемдігі мен мазмұнының тереңдігінде, аз сөзбен көп мағына беретіндігінде, еске сақтауға қолайлылығында.
Мақал-мәтел адам тұрмысындағы алуан түрлі оқиғаларды, қарым-қатынастарды қысқа, тұжырымды тілмен түсіндіреді; айтылмас ойды ажарлайды, әрі анықтайды. Сондықтан да халық «Сөздің көркі – мақал» деп бағалаған.
Мақал мен мәтел халықтың өзі жасап алған заңы, өмірде болатын әр түрлі жағдайларды ұғындыратын, түсіндіретін оқу құралы іспетті. Мақал-мәтелде, көбінесе, ортақ ой, жалпы ереже, анықталған қағидалар айтылыды, формасы жағынан тілге жеңіл, құлаққа жағымды дыбысқа, ырғақ-ұйқасқа құрылады, көбінесе көркем тілмен - өлеңмен жасалады. Сол себепті де, тыњдаушыны еркін баурап алады.
Мақал-мәтел – қос мағыналы шығарма, онда көбінесе тура мағынамен қатар астарлы мағына да болады. Тура мағына мысал ретінде алынады да негізгі ой астарлап айтылады. Мысалы, «Тырнадан қарауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпес».
Мақал-мәтел, әдетте, бүкіл адамзат баласына ортақ. Сондықтан бір халықтың мақалын екінші халық төл шығармасындай қабылдай береді. Көптеген мақал-мәтелдер көнермей көп жасайды, әлденеше ұрпаққа, қоғамға қызмет етеді. «Малым жаным садағасы, жаным арым садағасы»; «Қоянды қамыс өлтірер, ерді намыс өлтірер» дейтін ежелгі халық мақалдары Ұлы Отан соғысы кезінде де ел аузынан түскен жоқ, елдегі еңбеккерлерді, майдандағы жауынгерлерді жігерлендіретін құдіретті сөзге, ұранға айналды.
Мақал-мәтелдердің шығу, даму тарихын қоғам өмірінен, әлеуметтік ой-сананың өсуінен бөліп қарауға болмайды. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін»; «Ісіңнің ағына қарама, маңдайыңның бағына қара» дейтін мақалдар өткен қоғамның санасынан елес берсе, «Талапты ерге нұр жауар»; «Еңбек етсең, емерсің» дейтін мақалдар халық сана-сезімінің өскен кезін бейнелейді. Ал «Оқу - өмір шырағы, кітап – білім бұлағы»; «Отан үшін отқа түс – күймейсің» дейтін мақалдар жаңа заманның, біздің қоғамның ой-санасынан туған.
Мақал-мәтелдер ауызекі сөзді көркейту үшін ғана емес, көркем шығармаларда да көп қолданылады. Ақын-жазушылар шығармаларында халық даналығын пайдаланумен бірге, сол үлгімен өздері де жаңа мақал-мәтелдер жасайды. Ыбырай Алтынсариннің «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дейтін сөзі мақалға айналып кеткені белгілі. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Ішінде ит өлігі жатқан» дейтін өлең жолы арам ойлы зымиян адамдарды бейнелейтін мәтел болып кеткен. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романындағы «Күйі бірдің күні бір» деген сөзін де жаңа мақалға жатқызуға болады.
Ақын-жазушылар ғана емес, ана тілінде таза сөйлеп жаза білетін әрбір мәдениетті адам мақал-мәтелді қолданып қана қоймайды, сонымен бірге оны өңдейді, өз жанынан да жаңа мақал-мәтелдер шығарады, сөйтіп халықтың даналық қоры байып отырады.
Мақал-мәтелдер – ертегі, аңыз әңгіме, батырлық-ғашықтық жырлар, қара өлеңдер секілді халық шығармаларымен қатар жасап келе жатқан көне жанр. Олай дейтініміз ХII – XIII ғасырлардан сақталған сирек жазба деректерде де мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Орхон жазуларында: «Жырақ болса жаман сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер»; «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» (Күлтегіннен); «Жұқаны тастау оңай, жіңішкені үзу оңай»; «Өлімнен ұят күшті» (Тоныкөктен) деген мақалдарды оқи аламыз. Ал Махмұт Қашқаридің “Дивани лұғат ат-түрік” сөздігінен: «Ұлық болсаң кішік бол…»; «Тай ат болса – ат тынар, ұл ер болса – ата тынар»; «Күз болары көктемнен мәлім»; «Бейнет түбі – зейнет» сияқты мақалдарды; Баласағұнның “Құтадғу білік” дастанынан: «Біліп сөйлесең білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр»; «Ауыздан бірде от, бірде су шығар, бірі жанса, бірі сөндірер»; «Аққан су ол –жақсы сөз, ол қайда ақса сонда су өсер» дейтін мақалдарды кездестіреміз.
Алайда ертедегі құлпытастарда, ескі кітаптарда жазылған осы секілді бірен-саран деректер болмаса, қазақ мақалдары мен мәтелдері қағазда емес, халық жадында сақталған. Оларды жинап, жазып қағаз бетіне түсіру, баспасөз арқылы жариялау XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады.
Достарыңызбен бөлісу: |