Негізгі бөлім.
1.1 Мақал-мәтелдер – халық ауыз
әдебиетінің аз зерттелген салаларының бірі.
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Ш.Ш. Уәлиханов пен И.Н.Березин архивтерінде XIX ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтел сақталған. Солардың ішінде күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Ақыл – дария, көңіл – дүлдүл»; «Тоты құс бойын көріп зорланады, аяғын көріп қорланады» деген секілді ондаған мақал-мәтелдер бар. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері әр түрлі жинақтарда, кітаптарда жарияланып келеді. Қазақ фольклорының басқа түрлерімен бірге оны жинап жариялаушылар: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютш және тағы да басқалар болды.
Мақал-мәтел көшпелі елдің тұрмысынан туып, сол халық өмірінің барлық саласын қамтитынын, бейнелейтінін көрсете келіп С.Сейфуллин жалпы ауыз әдебиетіне ортақ бір ой тастайды. “Ауыз әдебиетінің қай бөлімі болса да,- дейді ол,- сол заманның тұрмысының қандай болғанын, тұрмыстың әсерімен ол тұрмысқа ұқсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет болғанын көрсетеді. «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі»; «Сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» деген ереже сөздер әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманның салт-санасына, сол заманның тұрмысына, ол заман тұрмысынан туған мұратына ұқсай туды” деген сөзді қуаттайды. Демек, әдеби мұра оны тудырған уақытпен, қоғам мүддесімен, мұратымен тығыз байланыста қаралып, бағалануға тиіс.
М.Әуезов 1940 жылдардың басында жазылған “Қазақ халқының эпосы мен фольклоры” дейтін зерттеуінде қазақтың мақалдары мен мәтелдерінің пішіні өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне назар аударған. Оның мазмұнына, көркемдігіне қарап автор мынадай қорытынды жасайды: “Мақал-мәтелдердің молдығы, олардың тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде берілген терең, тіпті философиялық мән-мағынасы – осындай тамаша үздік шығармалар тудырған қазақ халқының өзінің де асқан ақындық дарынының, оның сарқылмас даналығының анық айғағы”.
М.Ғабдуллин “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” атты жоғары оқу орындарына арналған оқулығында мақал-мәтелдерді жұмбақтармен бірге дербес тарау етіп қарастырады. Ғалым алдымен қазақ мақал-мәтелдерін жинап бастырушыларды ілтипатпен атай келіп, бұл жанрдың табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін ашады. “Ең алдымен әлеуметтік жағынан алғанда мақал – үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді, - дейді профессор М.Ғабдуллин, - ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде, қоғамдық жағдайларда кездесетін құбылыстарға, тарихи оқиғаларға берілген даналық баға, байсалды тұжырым есебінде қолданылады. М.Горкийдің “Мақал мен мәтел еңбекші халықтың тарихын, әлеуметтік, барлық өмір тәжірибелерін үлгілі, қысқа түрде айтып береді” деуі де содан”.
Фольклордың басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер – халық оқулығы, өсиеті. Олар жастарды тәрбиелейді, жамандықтан сақтандырады. Ең алдымен қарапайымдылыққа, қайырымдылыққа, ұйымшылдыққа мегзейді, еңбекке, ерлікке баулиды. Адалдықты, адамгершілікті мақтап, насихаттай отырып, оған қарама-қарсы арамдық, қараулық, өтірік-өсек, жалқаулық, ұрлық, екі жүзділік секілді жарамсыз мінез-құлықтар сыналады. Халық тұрмысының айнасы мақал-мәтелдерде қоғамдық топтардың, таптардың арасындағы қарым-қатынастар, қайшылықтар, тартыстар бейнеленеді. М.Ғабдуллиннің монографиясында осының бәрі талданған, қорытылған. Автор өзінің педагогикалық ой-пікірлеріне лайық парасаттылықты, мәдениеттілікті, саналылықты уағыздайтын, өнер-білімге, ерлік-еңбекке, бірлік-ынтымаққа шақыратын мақал-мәтелдердің мағынасын ашып насихаттауға ерекше көңіл бөлген, мақал-мәтелдердің әдеби-эстетикалық мәнін айқындай түскен.
Мақалдар мен мәтелдер – мағынасы да, тұлғасы да әлдеқашан қалыптасқан, тез өзгере қоймайтын жанр. Фольклорлық мұраны, соның ішінде мақал-мәтелдерді зерттегенде бұл ерекшелікті елемеуге болмайды.
Мақалдар-мәтел – халықтың сан ғасырлық көрген-білгенінен, бастан кешкен оқиғаларынан қорытқан ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы; табиғатта, өмірде үнемі қайталанып отыратын оқиғалармен, құбылыстармен байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
Әр халықтың мақалы мен мәтелі – сол халықтың өзі жасап алған логикалық формуласы, ережесі. Ол кез келген оқиғаның, мәселенің тұсында еске түседі, тілге оралады. Сөйтіп көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек ететін қиын нәрсені жеп-жеңіл, оп-оңай, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді, ұғындырады. Туған елдің қадір-қасиеті туралы балаға ұзақ әңгімелемей-ақ: «Ел іші – алтын бесік»; «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» деп екі-үш ауыз сөзбен-ақ Отан қадірін ұғындыруға болады.
Соңғы жылдары дидактикалық шағын жанрларға әдебиет қауымы назар аудара бастады. әдеби қорымызды байытатын бірнеше аударма жинақтар мен зерттеулер жарық көрді. Солардың ішінде М.Әлімбаевтің “Өрнекті сөз – ортақ қазына” атты зерттеуі аударма мәселесіне арналған. Еңбекте қазақ мақал-мәтелдерінің шығу тарихы, өмір танытқыштық мәні, қолданылуы және жаңа мақалдардың жасалу жолдары жайында автор бағалы пікірлер айтқан, мақал-мәтелдерді орыс тілінен қазақ тіліне аударудағы өз тәжірибелерін ұсынған. Еңбек мақала, очерк стилінде жазылған. Поэтикалық аудармаға бой ұру, аллитерация-ассонанс қуу, жанынан төлеу сөз қосуға әуестену сияқты кейбір даулы пікірлеріне қарамастан очерк қазақ мақал-мәтелдерін зерттеуге қосылған елеулі үлес болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |