***
Спит вода...
К.Паустовский
Толқын ұрмай, жартасты тепкілемей,
Қабарасың қара айдын, екпін емей.
Жағаңа кеп жоғалған ізді көрдім,
Суыңа кеп суынған, көп түнемей.
Не сұмдықты жасырдың, бұзбас қалып?
Көп ұзамай мүлгисің мұз жастанып.
Жағалаудан іздеймін жаз-аруды,
Суға сіңіп жоғалған күз басталып.
Салқын ұрып суалған ізгі нұрдай,
Қатыгездеу деді ме бізді мұндай?
Қашып келіп сүймейтін адамынан,
Жардан суға секірген қыз-ғұмырдай.
Толқын ұрмай, жартасты тепкілемей,
Қабарасың қара айдын, екпін емей.
Тілін жұтқан,
Безерген,
Бетпақ,
Сайқал,
Мына күзге өзімді еттім өгей.
Қара желмен қалың бұлт көше берді,
Жаздың соңғы деміндей еседі енді.
...Қайдан бара қалып ем жағалауға?
Қайдан жаза қойып ем осы өлеңді?..
ГАЛЛЮЦИНАЦИЯ
Мың құмырсқа өріп мидың ішінде,
Дел-сал күйім түнгі бір жай үшін бе?
Жоримысың түс түлкінің қиы деп,
Мама, мені ит талады түсімде.
Ауласында (түсімде ғой) там үйдің,
Сол там үйді сенсең маған танимын.
Атып тұрсам – тістің ізі балақта,
Шыныменен өңім бе бұл?
Налимын.
Есеңгіреп, бұл беймаза еселеп,
Кәлиманы қайталадым неше көп.
Енді кімге сенерімді сен айтшы,
Қабырғамның астындағы кесек ет.
Мейлі, мұны сандырақ деп есепте,
Тобықтай мұң, алқынады қос өкпе.
Жалғыз бөлме,
Жалғыздық-ай,
Жексенбі...
Дәрімді ішіп қайта жаттым төсекке.
БАЛДЫРҒАН
Ол ойлайтын,
Ертөстіктей ертерек өссем-ау деп,
Көк тіреген тауларға көшсем-ау деп.
Мейірімнің мөлдірін елден алған
Елге қайтып төксем деп, еш санау жоқ.
Ең тап-таза жан еді, ең бағалы,
Көрмегенін көрсетті-ау жолдар әні.
Айнадан байқап қалам анда-санда,
Айға да барсам дейтін сол баланы.
Өкіне ме, не пайда өкінгеннен,
Сағына ма пәк күнін, кекіл бөлген.
Бүктейтіні бар еді қағаз ұшақ,
Қозының жауырыны секілденген.
Қағаз ұшақ жасайтын – ол арман деп,
Қарашығын қытықтап сонар маң көк.
Сомадай боп бір күні сол балдырған,
Балқаштан кетті-дағы... оралған жоқ.
ӘЗІЛ
«Арғы жағы, Еділдің, бергі жағы,
Жағасында жайқалған жапырағы.»
Осы әнді айтсам әйтеуір кейбір адам,
Арғы бетке асықпа дейді маған.
Сайлап қойған жоқ менің бір көлігім,
Әйтпесе өтіп кетер ем түнде бүгін.
Өкпең түсіп қалса да ұнатпай бұл,
Көрінеді арғы бет Жұмақтай бір.
Бір ағама, үнменен жай байсалды,
Кеттік деп ем менімен, ойбай салды!
Сүңгісем бе өзімді кит сезініп,
Әлде өтіп кетсем бе итше жүзіп?
Тыныштықтан кейде осы жалығамын.
Жазығым – жақсы көрем халық әнін.
Күлкіңді күзетпесең тонайды өмір.
Ұйқың тыныш болсыншы тек әйтеуір...
***
Құстар қанатымен ұшады,
Бірақ ылғи құйрығымен қонбайды.
(Біреу айтса сенбес едім сол жайлы)
Қалбалақтап құлап түсті алдыма,
Басы жоқ құс, көріп пе едің ондайды?
Басы жоқ құс, жалп етті кеп жасылға,
Батырхан бар қасымда.
Басын сипап аспан жаққа қарайды ол,
Басымды ұстап, таңырқаймын расында.
Сұңқар іліп кетті ме?
Сым тартылып тоқтың күші тепті ме?
Сенделдік-ау, сең көшкендей көп сұрақ,
«Басқа түссе – баспақшылсың» деп міне.
Қауақ басым көк тірердей бөрікпен,
Қай-қайдағы ой келеді желіккен.
Содан бері көшелерде басы жоқ
сұлбаларды көп көремін.
Неліктен?
Достарыңызбен бөлісу: |