МАХАББАТ МАШАҺАТЫ
...Сылаң қаққан сары қыз, бидай өңді,
Қанша сөзім ішіме сыймай өлді.
Қоянның қолға түскен көжегіндей,
Соңымда сен қалдың-ау қимай енді.
Қолдарына бір-бірден пышақ алған,
Аман қалдым әйтеуір үш ағаңнан!
Көрсем-ау деп келіп ем, көру қайда,
Со кездерден кеудемде құса қалған.
Батырмын деп барсам да болмайды екен,
Ақынмын деп барсам да оңбайды екем.
Сартап болған сағыныш – сол қайғы екен!
Көріп қалып құртты ғой, ойбай, көкең!
Сағындырған сәулем-ай, саяқ бүгін,
Ақ сезімді жүрсің бе аяп, гүлім?..
Риза болдым, дегенмен, үш ағаңа,
Бір қуантты және желаяқтығым!
КІТАПХАНАДАҒЫ ҚЫЗ
Көк қаршыға - көңіл самғап,
О, қайда?!
Жүрегіңнің қалауына жоқ айла!
Көп кітаптың ортасында тұрдың сен,
Қойбүлдірген іздегендей тоғайда.
- Не іздедің?- деп сұрап ем,
(Төзім кем)
- Сезім жайлы кітап,- дедің.
Сезінгем...
Сезім жайлы шығарманы ең ұлы,
Қалай ғана байқамадың көзімнен?
***
Майда жаңбыр жауып өтіп себелеп,
Кемпірқосақ керіледі керемет!
Көкірегім мыңсайрам боп хош иістен,
Отыр едім көк шатырды шегелеп.
Анда-санда шолам мұқым маңайды,
Күйбеңдеп жүр анау көрші шал әйгі.
Шұрық-шұрық мен жамаймын шатырды,
Сызаты көп жанымды кім жамайды...
Ән ысқырып отырған ем аңдамай.
Тұла бойы тамылжыған таңғы арай,
Жеңіл басып көне жолдың кеудесін,
Жанарымды бір сары қыз арбады-ай!
Шыға келді құлын мүше қайдан қыз!?
Жирен шашы – жанып тұрған айман күз!
Төмендегі аңғарғандай інім де,
(Оған не жоқ)
Таң-тамаша қайранбыз!
Жағылмаған ешбір бояу, далабы,
Ажарын-ай...
Аппақ аққу тамағы...
Таңғы шықтай беу, табиғи сұлулық,
Көзімізді қарықтырып барады!
Сүйкімді ару, үрлеп қойып кекілді,
Қапелімде сабырымды кетірді.
Мода қуған қуыршақтар жаныңда,
Күлге аунаған қотыр тайлақ секілді.
Кірпігімен қытықтайды күш мені,
Жайыменен қалды шатыр, іс тегі.
Көлеңкеде көрпе оранған кәрі әжем:
-Шыбыным-ау, шай ішейік түс,- деді.
Мұндай кезде шай өте ме өңештен?
Айналайын, есімің кім деместен,
Көзбен баяу ұзатамын мен оны,
Көңілімді жеткізердей жел ескен.
Шекемізді шуақ өбіп тарады,
Беу, табиғи сұлулық-ай, жан әні!
Қыркүйектің көшесіне өң беріп,
Көз ұшында Көктем кетіп барады!.
ШӨЛ
Тамыздың ыстығы ма?
Елестейді су толы қыш құмыра.
Шөлдеп келем, аяулым, шөлдеп келем,
Қарасаңшы ұйпалаң ұсқыныма!
Тұмасын тостағандап еміп қырдың,
Тоқырауынды тауыстым!
Еріп тұр күн.
Балқашты балығымен қоса жұттым,
Сонда да шөлім қанбай келіп тұрмын!
Сыраға да мен, байғұс, үйір емен,
Қазанның тұтқышындай күйіп өлем!
Ботам-ай, бал тіліңнен татпасам бір,
Басқа түк те таппадым дүниеден!
***
Уылжыса таңдайда шекер-үміт,
Өкпе менен наланың өтерін ұқ.
Өзіңді ойлап отырам оңашада,
Көл-көңілде қос аққу көтеріліп.
Көзім алды өзіңсіз – ауа, сағым,
Табиғатпен сен үшін таласамын.
Жайқаласың қырмызы қызғалдағым,
Жарып шығып көктемнің қауашағын.
Сыйламайды, білемін, мұң аса бақ,
Сен дегенде жүрегім тым осал-ақ.
Иіскегім кеп тұрады маңдайыңнан,
Сүюді де бетіңнен күнә санап.
Шырын сезім сусатып тұнық қатты,
Кірпіктерім айқаспай түн ұрттаты.
Өлтіретін болды өзі бойыңдағы,
Қызықтырып керемет қылық тәтті.
Сағыныштың ұшқыны шоққа айналып,
Бара жатыр жанымды оттай қарып.
Менің мөлдір жеткізсін сезімімді,
Жаңбырлы көш аулаңа тоқтай қалып.
***
Махаббаттың елі мынау,
Біз баратын басқа ауыл жоқ.
Еріткенсің, елігім-ау,
Кеткенімде тасбауыр боп.
Жалғыз арша сияқты едім,
Бұлтқа оранған биіктегі.
Өріктей боп ұятты өңің,
Сүйікті еттің сүйіп мені.
Қазық қылып бір өзіңді,
Жыл он екі ай жаныңдамын.
Құдай берген мінезімді,
Құлай сүйіп қабылдадың.
Барып келіп бұрынғыға,
Айта берем енді несін?
Жырымды да,
Жынымды да,
Бәрін-бәрін сен білесің.
Түнгі аспанға тығылайық,
Ырық бермей ақылға аса.
Таң атқанша қыдырайық,
Шешең іздеп шақырмаса.
Достарыңызбен бөлісу: |