ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР ШЫҒУ ТАРИХЫ
Мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Сондықтан да оны жұртшылық жадына сақтап, өзінің күнделікті өмірінде, өзара қарым-қатынасында пайдаланады. Мақал мен мәтелге бай халықтың бірі – қазақ халқы. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінің шығу тегі жөнінде айтар болсақ, А.Байтұрсынұлы: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады»,─ деп көрсеткен болатын. Демек, мақалда тұрмыста қолданылып жүрген сөздеріміз шындықпен астасып келіп, мақалдап, шешен тілмен айтылатын сөздер болса, ал мәтелде тұрмыста қолданылатын сөздердің шындыққа жанаса қоймай, кесегімен айтылатын сөздердің қатарына жатқызуға болады. Қазақ мақал-мәтелдерінің бастау көзі сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Мысалы: Орхон жазбаларында: «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң, кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білекке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» дейтін мақал-мәтелдерді байқауға болады. Бұл деректерге сүйене отырсақ, мақал-мәтелдердің бастауы сонау көне ескерткіштерден бастау алып, шығармалардың тілінде қолданыста болғанына көз жеткіземіз.
Мақал-мәтелдер негізінен халық аузында ауызша сақталған. Ал, оларды нақты жинап, қағаз бетіне түсіру, баспасөз беттерінде жариялау – XVIII ғасырдың II жартысынан басталады.Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың «Таңдамалы шығармалар» еңбегіндегі біршама мақал-мәтелдер әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келді. Ш.Ахметовтың құрастыруымен шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясында» бірнеше тақырыптағы мақал-мәтелдер берілген. Сонымен қоса, қазақ мақал-мәтелдерін жинап, жариялауда:Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, И.Гродеков, А.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ә.Ә.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Пантусов, В.В.Катаринский, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Ә.Нұршайықов, Н.Төреқұловтарды атап көрсетуге болады.
Қазақ халық ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиетте 1879 жылы Орынборда шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ы.Алтынсариннің хрестоматиясының алатын орны ерекше.
Жоғарыда аталған жинақтарда берілген түсінік дәрежесіндегі бірен-саран шағын алғы сөздерде, жалпы халық ауыз әдебиеті жайында жазылған шолу мақалаларда айтылғаны болмаса, қазақ мақал-мәтелдері қырқыншы жылдарға дейін арнайы сөз болып зерттелген емес. Бұл кезеңдерде М.Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихында» С.Сейфуллиннің «Таңдамалы шығармалар» жинағында мақал-мәтелдер қазақ халық ауыз әдебиетінің бір саласы ретіне аталып, топтап мысалдар келтірілген. Мұнда Сәкен Сейфуллин мақал-мәтелдерді шешендік сөздердің бір саласы ретінде қарастырған. М.Әуезов 1940 жылдардың басында «Қазақ халқының эпосы және фольклоры» атты зерттеуінде қазақтың мақалдары мен мәтелдерінің тұлғасы өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне көңіл бөлген. Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ әдебиетінің тарихында» басылған Б.Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми очеркінен басталады (Алматы, 1948). Кеңес дәуіріндегі мақал-мәтелдерді жинау, жариялау жұмысы, әсіресе 50-жылдары әбден қанат жая бастады. Мақал-мәтел осыған дейін, көбінесе республикалық газеттер бетінде ғана жарияланып келсе, енді «Қызыл ту», «Оңтүстік Қазақстан», «Ленин жолы», «Есіл правдасы», «Коммунизм жолы» сияқты облыстық газеттерде де жиі жарияланды.
Мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп талдағандардың бірі – Мәлік Ғабдуллин. Ол «Қазақ халық ауыз әдебиеті» атты еңбегінде қазақ мақал-мәтелдерін жинап, бастырушыларды атай кетіп, оның жанрлық табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін анықтайды. Н.Төреқұловтың 1957 жылы шыққан «Қанатты сөздер» атты жинағына бірнеше мақал-мәтелдер енген. Соңғы кезеңдерде балаларға арналып шығарылған жинақтарда мақал-мәтелдер көптеп кездеседі деп айтуға боларлықтай. Оларға М.Жаманбалиновтың, Қ.Баянбайдың, Е.Елубаевтың, С.Қалиевтің, Е.Ерботинның, Б.Кірісбаевтың т.б. жинақтарын атап көрсетуге болады.
http://www.rusnauka.com/9_SNP_2015/Philologia/7_189999.doc.htm
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір күні шәкірттерімен сұхбат құрып отырып:
– Мұхамбет пайғамбар миғражға көтерілген сапарында Алламен дидарласып, тілдескен екен. Сол кездесуде тоқсан тоғыз мың түрлі сөз айтылыпты. Оның отыз үш мыңы шариғат, отыз үш мыңы тариқат, отыз үш мыңы хақиқат екен. Мұнша көп сөз бір кітапқа сыймаған. Сол себепті де халық арасына кеңінен таралмапты. Сендер бүгін осы жерде әрқайсысың бір ауыз аталы сөзден айтыңдар. Мағынасы Құран аяты мен пайғамбар хадисімен үндесіп жатсын. Бұл асыл сөздер кейінгі ұрпаққа жәдігер болып қаларлық болсын. Сендердің сөздерің миғраждағы сұхбаттың көлеңкесі сияқты боп, жұрт аузында қалсын, – дейді. Шәкірттері олай болса ол сөздерді қалай етіп қалдырсақ дұрыс болар, – деп Әзірет Сұлтанның өзінен сұрайды.
Ясауи ұстаз:
– «Мақал» деп айтылатын сөз болсын. Шаруа көшсе байиды, дәруіш кешсе байиды. Уақытсыз ерден, бақытсыз ұрғашы артық, – дейді.
Сонда бір шәкірті:
– Ақылды ерден иман қашып құтылмас, – десе, және біреуі іліп әкетіп:
– Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар, – депті. Тағы біреуі іркілместен:
– Дінде жүріп дос ізде, дұшпан өзі-ақ табылады, – дейді. Келесі отырғаны:
– Ер азаматтың кеудесі жүкті болмаса әйелі әулие тумас, – дейді. Енді бірі:
– Азамат ердің ішіне ат басындай шер өсер, – депті. Осылайша кезегімен мынадай мақалдар айтылып кете барыпты:
– Байқамаса жүрек те кірленеді, кірленсе қара тастай түрге енеді.
– Жігіттің де жігітін ниетінен байқаңдар, ниеті қалыс жігіттің кеудесінде сайтан бар.
– Ниет етсең, шөптен де жақсылық табасың.
– Отбасы ала болса кереге басы сайын пәле болады.
– Әулиеге екі дүние бір қадам.
– Пәлегі таза қауынның түйнегі жақсы болар, жүрегі таза адамның түйгені жақсы болар.
– Қолы ашықтың жолы ашық.
– Аллаға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады.
– Елдің ынтымағын ойламаған адам, Алланы бір деп біле алмайды.
– Қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бірі уәли болар.
– Жұдырығы қаттыдан, жүрегі қатты жаман.
– Астан кедей қылса да, бастан кедей қылмасын.
– Күпірлік қылсаң, иығыңды зіл басар. Шүкірлік қылсаң, көкірегіңнен жын қашар.
– Ниеті тәуір жігіттің жүрісінде мін болмас, айтқанында зіл болмас, көңілінде кір болмас.
– Ер жігітке өлім барда қорлық жоқ.
– Бидайдың кеудесін көтергені дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені ақылының жоқтығы.
– Адамды күншіл қылатын – құштарлық пен іштарлық.
– Жетектесе ұятың, жетегінде жүре бер.
– Ұғымы жоқтың – жұғымы жоқ.
– Көкірегі көр болса, екі көзден пайда кем.
– Жетесінде жоқ болса, айтқан сөзден пайда кем.
– Қарт болуға бала кезден дайындал.
– Тонын айналдырсаң жүні шығады, ішін айналдырсаң жыны шығады, әйтеуір айналдыра берсең, періштенің де міні шығады.
– Есті білімін көтереді, надан көкірегін көтереді, ақымақ тұмсығын көтереді.
– Адам кейде азаптан ғибрат алады, рақаттан зақымданады.
– Шүкір қылған адамның, төрт жағы да – құбыла, айналасы – шұғыла.
– Ең алдымен нәпсі қуды жүгенде, содан кейін бар-жоғыңды түгенде.
– Жүрегі таза болса адамның, періштеден айырмасы болмайды.
– Қарыздың ең ауыры да, ең үлкені де – уәде.
– Опасызбен жолдас болма, дәміңді татып та кетеді, үйіңде жатып та кетеді, бәлеге шатып та кетеді, тар жерде сатып та кетеді.
– Қыз баланың қымбаты мен қимасы – ұяты мен ибасы.
– Әдепсіз әйелдің қолында әдепті қыз өспейді.
– Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол.
Олардың қызметін қылып жүрген біреуі, сөз таба алмай отырып қалыпты. Содан шәкірттер жиналып:
– Егер жанымызда жүрген қуыс кеуде болатын болса, мұны ертіп не қыламыз? Қол-аяғын байлап суға тастайық, – деп, оған жабыла кетеді. Сонда қорқып кеткен ол:
– Ей, Алла терең батырып, көп қорқытады екен-ау. Өзің құтқар, – деп шыңғырып жібереді. Құрдастары:
– Болды босатайық. Бұл да бір ғибратты сөз айтты, – депті.
Шәкірттердің айтқан сөздері «мақал-мәтел» деп, Құран мен хадистің астарлы сыры айтылған жер кейін келе Сырдария аталыпты.
http://kerey.kz/?p=4101
Мақал-мәтелдің пайда болуы мен шығу тарихын дөп басып айту қиын. «Даналық сөзден дән ізде» дегендей, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болатын мақал-мәтел кез келген шығарманы кестелеп, мағынасын аша түседі. Қазақтың мақалымен кісіні ұялтып, күлдіріп, қуантып, жылатып алуға да болады.
Мақал арқылы күрделі ойды бейнелеу мүмкіндігі зор. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жүйкені жай таптырады. Жұртты ұйытып, әсерлі сөйлеген адамды тыңдай бергің келеді.
Түсіне білгенге дұрыс, орынды сөйлей білу де өнер. Қазақтың: «Аталы сөз – баталы сөз» дегені дұрыс сөйлеу мен орынды сөйлеуді меңзейді. «Темірді қызған кезде соқ», «Сырын білмес аттың сыртынан жүрме», «Қалауын тапса қар жанар» дегендей, мақал-мәтелдер сөйлем мағынасын аша түседі.
Баяғыда даңқы елге жайылған бір хан қалың жұртқа жар салып: «Әрқайсың жаңа мақал не мәтел сөз тауып келесіңдер», деген бұйрық беріпті. Сонда бір қарапайым кедей адам мақал таба алмапты. Бірде-бір мақал таба алмаған кедейді: «Хан жарлығын орындамадың», – деп жазаға бұйырыпты. Хан: «Мақал-мәтел тауып айта алмаған сорлы кедейді суға батырып, тұншықтырып өлтіріңдер»! – деп жендеттеріне бұйырыпты. Жаны мұрнының ұшына келіп, қорыққан кедей дірілдеп тұрып: «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы екен ғой», – депті. Сонда уәзірі: «Мына кедей қорыққанынан жаңа мақал айтып жіберді, енді мұны өлім жазасынан құтқару керек», – деген екен. Осылайша әлгі кедей тосыннан мақал айтып, өлімнен аман қалған деседі.
«Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарай кісіні ал» демекші, кісі сөйлеген сөзінен танылады. Халықтың ауыз әдебиетін, әсіресе мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді көп білу, оларды орынды қолданып, мән-мағынасын тани білу қазақ тілінің өлшеусіз байлығын дұрыс игергендік болар еді. Мақал-мәтел жайдан-жай пайда болмаған. Шынайы өмірден алынған философиялық тұжырымдар атадан балаға беріліп, біздің дәуірге жеткен. Халқымыздың осынау мол мұрасын орынды қолдану – біздің қасиетті парызымыз.
Достарыңызбен бөлісу: |