Алаш көсемсөЗІ: тіл мәселесі көптомдық 2 том Қайрат сақ



Pdf көрінісі
бет28/38
Дата30.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#3031
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   38

Оқу жайы
Бұл  күнде  оқудың  керек  екеніне  ешкімнің  таласы  жоқ.  Қай  жұрт 
болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқу-
дың кемдігінен екенінен көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса 
да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына 
көшпекші.  Мұның  себебі  –  ойлап  қараса,  біздің  қазаққа  мағлұмсыз 
емес. Бұл заманда не нәрсе машинаға айналды. Қазақ биыл 5 теңгеге 
сатқан  нәрсесін  келер  жылы  өзі  10  теңгеге  қайта  сатып  алады.  10-11 
сомға алып отырған былғары – былтырғы 4-5 сомға өзі сатқан терісі. 
Кезі 5-6 сомдық шұғалар, торқалар – қазақтың бір пұтына 3-4 сом алып, 
сатқан малының жүні.

280
Қазақтың  осы  күні  сатып  алмайтын  нәрсесі  жоқ,  сол  алған  нәр-
селерінің бірін де қазақ өзі істеген емес. Қазақ пайдаланып отырған шөп 
шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, 
ыдыс-айақ  бәрі  де  зауыт,  пабрикаларда  істеліп  шыққан.  Бұл  істеліп 
шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат. Бұлай болғанда, 
қазақ  басқа  жұрттың  өнерін  қымбатқа  сатып  алып  отыр.  Мұнан  20-25 
жыл  бұрын  қазақ  Бұқар,  Ташкентке  түйемен  кіре  салып  қанша  пайда 
қылушы еді. Теміржол түскен соң ол пайда да қазақ қолынан кетті. Басқа 
жұрттарда  өздерінің  істеген  нәрселері  өз  ішінде  сатылып,  жұмсаған 
ақша  өз  елдерінде  қалып,  шетке  кетпейтін  болса,  оны  жұртқа  шығын 
деп есептемейді, тек бірінен-біріне ауысқанға санайды. Қазақ малының 
басқаларға  кетпейтін  орны  жоқ.  Жоғарыда  айтылған  шаруа  туралы 
болсын,  партиаға  мүбталла  болсын,  бәрінде  де  қазақтың  байлығы  осы 
көлденеңге, көк аттыларға түсіп, соларға жем болады. 
Қазақтың  шаруасына  бір  жақтан  надандығынан  кемшілік  келгенде, 
екінші  жағынан  білімсіздігін  көріп  тұрғандар  басынып,  елдіктен,  тең-
діктен  қалдырып,  тиісті  сыбағасын  қианат  етіп  тұрғаны  санасы  бар 
қазаққа  ескерерлік  іс  еді.  Бұл  заманда  қолы  жетпегендерді  теңдікке 
жеткізетін,  әлсіздерге  күш  беретін  өнер-білім,  сол  өнер-білімге  мезгілі 
өтпей  тұрғанда  үйренсек  тұрмысымызды  түзетіп,  басқалардың  аяқ 
астында  жаншылмас  едік,  біз  де  өз  алдымызға  бір  жұрт  екендігімізді 
білдірер едік. 
Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылған. 
Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. 
Дүниенің  бір  шеті  мен  бір  шетіне  шапшаң  хабар  алғызып  тұрған  – 
ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым. Осыларды істеп отырған 
жұрттың бәрі де сондай болмаған. Бұлар да басында біздей, қатта бізден 
де өнерсіз болған.  Халық жүре, оқи, талаптана келе осыншаға жеткен. 
Әуелгі заманда жұрт шақар дегенді білмейді екен, далада аңша өсіп-өніп 
жүріпті, араларында «менікі-сенікі» болмапты, аңның терісін киім, етін 
тамақ, тарамысын жіп, сүйегін ине қылды, екі ағашты біріне-бірін үйкеп 
от шығарды. Жазу-сызуды көпке шейін білмеді, соңынан оны да ойлап 
тауып, басында аңның терісіне жазып жүріпті. Сөйткен жұрттар осы күні 
қандай тамаша іс қылып тұр! 
Енді біздің қазақта оқудың көп-азын мөлшерлеу үшін мынау есепті 
көрсетеміз.  Әр  жердегі  қазақтың  өнер-білімі  қаралас,  сол  себепті  бір 
облыс, иаки бір уез елдегі оқудың таралуын көрсетсек, күллі қазақтағы 
оқуды шамалауға болады. 
Торғай  облысында  1912-нші  жыл  бірінші  ғинуарға  шейін  570  мың 
109 қазақ тұрған, қазақ баласы оқитын 132 школ болған. Бұлай болғанда, 
әрбір 3 мың 561 кісіге бір школдан ғана келеді екен. 

281
Қостанай  уезінде  1909-ншы  жылғы  есеп  бойынша  60  мың  594 
еркек, 52 мың 63 әйел – барлығы 112 мың 657 қазақ болған. Бұлардан 
қазақша оқыған (қат танитын) еркек 6 мың 65, орысша қат танитын 690. 
Қазақша қат танитын әйел 379, орысша қат танитын әйел 29. Бұл есептен 
көрінеді: Қостанай уезінде қазақша қат танитын еркек әр бір жүз кісіден 
алтау, орысша қат танитын әйел әр бір үш жүз кісіден біреу, орысша қат 
танитын  әр бір төрт  мыңнан  біреу екен.  Бұл  сипырлар қазақта оқудың 
тіпті  аздығын  көрсетеді.  Қостанай  қазағынан  кейбір  жерлердің  қазақ-
тары кем оқиды. 
Қазақта  орысша  болсын,  қазақша  болсын  оқу  ісі  жақсы  тәртіпке 
қойылмаған.  Қостанай  уезіндегі  132  школдың  109-ы  ауылнай  школ. 
Қай  жерде  болса  да  қазақ  үшін  ашылған  школдардың  көбі  ауылнай 
школ. Сонда оқыған балалар ілгері школдарға келіп оқымаса, тіршілікке 
пайдалы  білім  алып  шыға  алмайды.  Азғантай  үйренген  орысша  жазу-
сызуынан  қарайып,  тілін  тіпті  ұмытып  қалады.  Қазақ  баласы  тәуірірек 
оқырлық  школдарда  қазыналық  орын  аз,  өз  күшімен  оқытуға  әркімнің 
шамасы келе бермейді. Екі класты школдар әр уезде бір-екеуден, оларға 
30-дан  артық  қазақ  баласын  алмайды.  Орта  әм  жоғарғы  школдарда 
қазыналық  орын  бұл  кезде  жоқтың  қасында.  Әр  облыстың  қазақтары 
үшін  университет,  институттерден  2-3-тен  артық  орын  жоқ.  Бұрынғы 
ашылған орындар әр түрлі сылтаумен кеміген. Сүйтіп, тәуірірек оқитын 
орындардың қазақ үшін есігі бекіп, жолы жабылған. 
Қазақша  оқу  әлі  бір  белгілі  тәртіпке  келіп  жеткен  жоқ,  кемшілігі 
есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді, тәртіппен 
оқытарлық мұғалімдері аз, оқу проғырамы жоқ, белгілі оқу жылы жоқ, 
салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық ақы жоқ, қазақша 
оқуды  аймаққа  бірдей  жеткілікті  етерлік  жасалған  өрнек  жоқ,  оқыту 
ғылымын үйрететін даримұғаллимин (педутшилише) жоқ. 
Орысша әм қазақша оқудың екеуінен де керегінше пайдалану үшін, 
қазақ әуелі әр нәрсенің асылына түсініп іс етерге керек. Күкімет қазаққа 
қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді. 
Сондықтан мектептерімізді тәртіпке қойу, қазақша оқуды қалыққа тарату 
– өз міндетіміз. 
Жалпақ  жұрттың  қолы  орысша  оқуға  түгел  жетсін,  оқымаған  жан 
қалмасын, орта әм жоғарғы школдардан көбірек оқылсын десек, қазақтан 
қазынаға  деп  жиылған  ақшалардың  нендей  орынға,  оның  ішінде  оқу 
жолына  қанша  жұмсалатынын,  күкіметтің  осы  күні  қазақты  оқытуға 
жұмсап отырғаны бізден жиылып тұрған ақшадан артық па, кем бе – соны 
білу  керек.  Егер  кем  болса,  кінәлі  күкіметке  аудармай,  кемін  толтыру 
керек,  ақшаны  артық  төлеп,  пайдасын  кем  көретін  болсақ,  лайықты 
жолымен  есептесіп,  школдарды  көбейттіріп  әм  жоғарғы  школдардан 
молырақ орын аштыру тиіс. 

282
Қазақ қалқында бұл күндегі орысша әм қазақша оқу жайы осы. Мұнан 
былай оқу әм оқыту мәселесі «Қазақ»-та түгел жазылып тұрмақшы. 
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет  Байтұрсынұлы  (Әліппелер  мен  мақалалар).  Бес.  том.  шығ.  жин.  Құраст.: 
А.Ісімақова., Р.Имаханбетова., Алматы: «Алаш», 2006, 4 том, 288-291 б.
Тіл қисыны
(яки лұғат қисыны)
Тіл қисыны дегеніміз асыл сөздің асыл болатын заңдарын, шарттарын 
танытатын  ғылым.  Лебіз  ғылымының  мақсаты  асыл  сөздердің  асыл 
болатын  заңдарын  білдіріп,  түрлерін  танытып,  әдебиет  жүзіндегі 
өнерпаздардың  шығарған  сөздерінің  үлгі-өнегелерімен  таныстырып, 
сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатынын көрсету.  
Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға 
мәселен, түрлі зат керек. Ол керек зат – топырақ болса, оны біріктіріп 
илейді, илеген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй 
қылып  шығарады.  Үйдің  жақсы-жаман  болып  шығуы  балшығынан  да, 
кірпішінен де болады. Бірақ көбінесе кірпіштерінің қалауынан болады. 
Кірпіш қандай жерде қалай қаланып, қандай үй болып шығуы жасаған 
жобаға қарай болады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы қиялға 
бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті, әдемі болып шықпақ. 
Сөзден  құрастырып  пікірлі  әңгіме  шығару  үшін  жұмсалатын  зат  – 
сөздер. Топырақтан иленіп кірпіш жасалған сияқты, дыбыстан құралып 
сөз  жасалған.  Кірпіштен  қалап  түрлі  үй  жасау  сияқты,  сөзден  бірігіп, 
түрлі  әңгімелер  айтылады.  Үйдің  түрлі  болып  шығуы  балшығынан, 
кірпішінен, әсіресе қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып 
шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен. Балшық 
жаман болса, кірпіші жақсы болмайды, кірпіш жақсы болмаса, үй жақсы 
болып шықпайды. Бұл рас. Бірақ кірпіш жақсы болса да, қалауы жаман 
болса,  онан  жақсы  үй  шықпайды.  Сол  сияқты  тілдің  дыбысы  жаман 
болса, дыбыстың қосылуы жақсы болмаса, сөз құлаққа жағымды болып 
шықпайтыны  рас.  Бірақ  тізуі  жаман  болса,  дыбысы  жақсы  сөздерден 
де  жақсы  әңгіме  шықпайды.  Сондықтан  мәнісінің  зоры  кірпіштің 
қалауында, жобаның жасауында болған сияқты, әңгіменің әдемі болып 
шығуы  сөздің  тізілуі  мен  әңгіме  айтушының  пікірлеуінде.  Неғұрлым 
сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым үй де сәулетті әдемі болып 
шығатыны сияқты, неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, 
соғұрлым шығарған сөз пікірлі, әсерлі, әдемі болып шықпақ. Жақсылап 

283
үй сала білу үшін сәулет өнерпазы үй салуға ұсталатын заттардың сыр-
сипатын, қасиетін жақсы білуі тиіс: кірпіштің түрлі қалауларын жақсы 
біліп,  белгілеген  жобамен  үйдің  түрін  келістіріп  шығару  жағын  жақсы 
білуі тиіс. Мұның бәрін жақсы білу үшін сәулет өнерінің ғылымын жақсы 
білу  керек.  Сондай-ақ  тіліндегі  сөзден  құрастырып  қисынын  келтіріп, 
жақсылап  бір  нәрсе  шығару  үшін  сөз  өнерінің  ғылымын  жақсы  білу 
керек. Дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сипатын тану, заңдарын білу – 
бұл үйге керек заттардың сыр –сипатын білу сияқты нәрсе. Керек затарын 
сайлап алып, үй салуға кірісу – дыбыстың, сөздің, сөйлемнің жайын біліп 
алып,  солардың  әрқайсысын  дұрыстап  орнына  жұмсап,  пікірлі  әңгіме 
шығаруға  кіріскен  сияқты  болады.  Айтушы  ойын  өзі  үшін  айтпайды. 
Өзге  үшін  айтады.  Сондықтан  ол  ойын  өзгелер  қиналмай  түсінетін 
қылып  айту  керек.  Оның  үшін  айтушы  сөйлейтін  тілін  жақсы  қолдана 
білу тиіс. Яғни әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап сөйлемді тізе 
білуі тиіс. Адам ана тілін жасынан естуінше үлкендерден үйренеді. Сонан 
соң  тіл  танытқыш  кітаптардан  таниды.  Онан  әрі  үлгілі  жазушылардың 
шығарған  сөздерін  оқып,  өзі  іс  жүзінде  иә  ауызша  айтып,  иә  жазып 
қолданумен біледі. Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін 
қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп – айтатын ойға 
сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне 
орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы 
бәріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бәрі бірдей пайдаланбайды. Әркім 
әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады. Бүтін пікір айтып шығатын 
әңгіме ішінде түгіл, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де әркім әртүрлі сөз 
қолданады. Мәселен, біреу «амансыз ба?» деп, біреу «есенсіз бе?» деп, 
біреу  «сәлемет  жүрсіз  бе?»  деп,  біреу  «күйлі,  қуатты  барсыз  ба?»  деп 
амандасады. Бәрінің де ой мақсаты бір. Бәрінікі де амандық білу, амандық 
сұрау,  бірақ  әркім  әр  түрлі  сөз  қолданып  сұрайды.  Сол  сияқты  әркім 
пікірін сөз қылып шығарғанда да ана тіліндегі сөздердің әрқайсысын әр 
түрлі қолданады. Қысқасын айтқанда, әркім сөзді өз қалауынша алып, өзі 
оңтайлы көруінше тұтынады. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша 
алып тұтынған сөз сол адамның тілі болады. 
Сөздің келісті болатын заңдарын, шарттарын біліп тізу – тіл қисыны 
деп айтылады. 
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (Әліппелер мен мақалалар). Әдебиет танытқыш. Бес. том. шығ. 
жин. Құраст.: А.Ісімақова., Р.Имаханбетова., Алматы: «Алаш», 2003, 1 том, 176-178 б.

284
Сөз талғау
Шығарма тілі екі түрлі болатындығы жоғарыда айтылған еді. Оның 
бірі  ақын  тілі  деп,  екіншісі  әншейін  тіл  деп  аталады  деп  едік.  Бұл 
екі  тілдің  арасындағы  айырмасы  мынау:  әншейін  тіл  көбінесе  сөздің 
дұрыстығын, анықтығын, тазалығын, дәлдігін талдайды. Ақын тілі сөздің 
дұрыстығының,  тазалығының,  дәлдігінің  үстіне,  көрнекті,  әуезді  болу 
жағын да талғайды. Шығарма сөз өңді, ұнамды болу туралы талғаудың 
қоятын жалпы шарттары мынау:
1. Сөз дұрыстығы
Сөз  дұрыс  айтылуы  деп  әр  сөздің,  әр  сөйлемнің  дұрыс  күйінде 
жұмсалуы айтылады. Олай болу үшін керек: 
1) Сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, 
жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына тұтыну.
2)  Сөйлем  ішіндегі  сөзді  дұрыс  септеп,  дұрыс  көптеп,  дұрыс  ымы-
раластыру. 
3) Сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаласты-
рып, дұрыс орналастыру. 
2.Тіл тазалығы
Тіл  тазалығы  дейтініміз  –  ана  тілдің  сөзін  басқа  тілдің  сөзімен 
шұбарламау.  Басқа  тілден  сөз  тұтыну  қажет  болса,  жұртқа  сіңісіп, 
құлақтарына  үйір  болған,  мағынасы  халыққа  түсінікті  сөздерді  алу. 
Орыстың  жақсы  жазушыларын  алсақ,  олар  көбінесе  мынау  түрлі 
сөздерден қашқан: 
а. ескірген сөздерге жоламаған.
ә. жаңадан шыққан сөздерден қашқан.
б. өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашқан.
В. жергілікті сөздерге, яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын 
сөздерге жоламаған. 
Қазақ  әдебиеті  қатып-пісіп,  жетпеген  уақытта  біз  қазақ  сөзін  ескі, 
жаңа деп талғамаймыз, жергілікті сөз екен деп, ол жағынан қатал қарап, 
қашып тұрмаймыз. Жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз жатшылдық 
(жат сөзшілдік).
Біз  сияқты  мәдениет  жемісіне  жаңа  ауызы  тиген  жұрт,  өз  тілінде 
жоқ  деп  мәдени  жұрттардың  тіліндегі  даяр  сөздерді  алғыштап,  ана 
тілі  мен  жат  тілдің  сөздерін  араластыра-араластыра  ақырында  ана 
тілінің  қайда  кеткенін  білмей  айырылып  қалуы  ықтимал.  Сондықтан, 
мәдени  жұрттардың  тіліндегі  әдебиеттерін,  ғылым  кітаптарын  қазақ 
тіліне  аударғанда  пән  сөздердің  даярлығына  қызықпай,  ана  тілімізден 
қарастырып  сөз  табуымыз  керек.  Сонда  біздің  әдебиетіміздің  тілі  таза 
болып, жоғарыда айтылған талғау салтының салты орындалған болады. 

285
3. Тіл (лұғат) анықтығы
Айтылған  лебіз  ашық  мағыналы,  түсінуге  жеңіл,  көңілді  күдіктен-
дірмейтін  болса,  тіл  анықтығы  дегеніміз  сол  болады.  Лебіз  ашық 
мағыналы болу үшін айтушы айтатын нәрсесін анық танитын болу керек. 
Адам анық танитын нәрсесін анық атайды да, көмескі танитын нәрсесін 
көмескі, күңгірт атайды. Сондықтан біреудің айтқан сөзін анық түсінеміз 
де,  біреудің  сөзін  анық  түсінбей,  жорамалдап,  жорып,  ұйғарып  қана 
қоямыз.
Лебіз анық болуына мынандай орындарда кемшілік келмек: 
а) Лебіз мағынасы екіұшты ұғарлық болып айтылғанда.
Мысал:
Жаман қатын алсаңыз,
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай, 
Тең құрбысы келгенде, 
Жөнді жауап айта алмай
Жалғанда қор болады.
Мұнда  «жалғанда  қор  болады»  дегенді  екі  түрлі  ұғуға  болады: 
«Төркініне бере алмай, төсегіне жата алмай» байы «қор болады» деп те 
ұғуға болады. «Тең құрбысы келгенде жөнді жауап айта алмай» қатыны 
«қор болады» деп те ұғуға болады.
Сол сияқты, мынау да екіұшты лебіз:
«Абай ұрыға қас еді, ұры ауылының маңына жолмаушы еді». 
Мұнда «ұры ауылының маңына» Абай «жоламаушы еді» деп те ұғуға 
болады.  «Ұры  Абай  ауылының  маңына  жоламаушы  еді»  деп  те  ұғуға 
болады.
Абайдың мына сөзін де екі түрлі ұғуға болады:
«Қисық болса, закон бар, судьяға беруге, ол да уезднай емес қой, алуға 
теңдік сенуге». 
ә)  Сөйлемдер  шұбалыңқы  айтылып,  бір  басыңқы  қасында  көп 
бағыныңқы  сөйлем  болса,  немесе  сөйлемдердің  құралуы,  құрмаласу, 
сабақтасулары шатақ түрде болса, әйтпесе, тыныстар орнына қойылмаса.
Мысал: 
1) «Өз  әкесі  Құнанбай...  уақытындағы  елдің  құр  мұсылманмын  де-
геннен  басқа,  діннің  не  екенін  білмей  қан  жеп,  неше  түрлі  ырымдарға 
табынып жүргеніне қатты тыю салып, анық шариғат қоспаған істі қылған 
ғайырғы бұзықшылық іс қылғандарға бек ауыр жаза салып, халыққа ауыл 
басы молда ұстатып, қадары қал ғылымның жолын көрсетіп, үлгі салған 
еді».
2) Соңғы уақытта Абай өзі өлеңінің өнер екенін біліп жаза бастаған 
соң  бұрынғы  ақындар  надандықпен  өлеңді  өнер  орнына  ғибрат  үшін 

286
айтпай  тіленшілік  орнына  айтқандықтан  ақындықтың  да,  өлеңнің  де 
қазақ ордасында бағасы кеткендігін айтып, өзін олардың ретінен басқа 
қылып, алмақ пайда үшін емес, халықты ұмтылтып, көңіл көзін ашпаққа 
ғибрат үшін жазғанын білдіріп, өлең шығарған. 
3) Сол  себепті  жазушылықтың  өзі  де  екінші  дәрежеде  қалып  салақ 
болып,  берірек  ұлғайыңқыраған  кезінде,  өкініш  түсіп,  жасында  ғылым 
жолында болмай, қазақтың айқайымен жүргендіктен, кешірген өмірінің, 
жазған  өлеңінің  ретсіз  болып,  яки  ғибрат  алмаққа  жарамайтындығын, 
ақылға  сыйымсыз  жері  болса,  кейінгі  замандағы  сынаушы  жастардан 
өзінің  тәрбиесіз,  үлгісіз  өткен  өмірін  айтып,  надан  елдің  ішінде  неше 
түрлі машақат, әурешілікпен бойды ыза кернеп, өткен қатам болса аяп, аз 
сөге көріңдер деп жазғаны – «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма...».
4) Сөздер өз мағынасында жұмсалмай, басқа мағынада жұмсалғанда 
меңзеу, өрескел болса, мәселе: 
Таулардан бұлақ ағар сарқыраған,
Күмістей  сәуле  беріп  жарқыраған,  -  дегеннің  орнына,  «таулардан 
сарқырап, жарқырап, ақ күміс ағады» десе...
5) Адас  сөздерді  аңдап  айтпаса,  мәселе,  «ол  едің  адамының  бәрі 
азулы»  дегенде,  адамның  бәрі  азып  болғанын  айтқаны  ма?  Болмаса, 
«Адамының бәрі мықты, азулы айғырдай» дегені ме? Анық емес. 
6) Сөз орынға қойылғанда, мәселен, күндерде бір күн Сатемір далада 
ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп жан-жағына 
қарап жатса, бір аяғы ақсақ құмырысқа тамның төбесіне қарай домалап 
барады да, орта шеніне барғанда құлап түседі. 
Мұнда «бір аяғы ақсақ құмырысқа деген сөз құмырысқаның бір аяғы 
ақсақ  екендігін  көрсете  ме,  болмаса  аяғы  ақсақ  бір  құмырысқа  деген 
мағына ма – белгісіз.
4. Тіл дәлдігі
Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады. 
Ұғымға сөз дәл келу үшін сөздің мағынасын дұрыс айыра білу керек. Тіл 
дәлдігін бұзатын амәндес сөздер. 
Амәндес  сөз  деп  мағынасы  жақын  сөздер  айтылады.  Мәселен, 
батырлық, ерлік, батылдық, өткірлік, өжеттік деген сияқты сөздер. Мұ-
ның  жүректілікті  көрсеткенімен,  әрқайсысының  өз  алдына  өңі  бар. 
Өңін танымай, яки аңғармай, бірін бірінің орнына айтса, лұғат дәлдігіне 
кемшілік келтіреді. Және де тіл дәлдігіне мынадай орындарда кемшілік 
келеді. 
1) Сөйлем ішінде орын алып, оралғы болудан басқа қажеті жоқ сөздер 
кірсе.
Мысал:
а) Кейбіреулер дүние қуғыш, мал жиғыш, пайда қылғыш келеді.

287
ә) Өз көзімен көріп. Көз алдымнан атқарып келіп отырмын.
б) Оның қалыптанған ерте тұратын әдеті бар еді.
Бұл үш мысалдың ішінде алып тастаса орны ойсырамайтын сөздер: 
«мал жиғыш», «пайда тапқыш», «көз алдымнан атқарып», «қалыптанған» 
деген  лебіздер.  Бұлар  сөйлем  ішінде  тұрғанда  ғана  толық  болуына 
келтіріп тұрған пайдасы жоқ.
 2) Ойы қарайлас сөйлемдер қатар айтылғанда, мәселен:
 3) «Мен қартайған шағымда, байы жоқ деп баққан жоқ, күйі жоқ деп 
күйген жоқ, қайраты жоқ деп қарасқан жоқ, әлі жоқ деп асырған жоқ» 
деген  сияқты.  Бұлай  айтудың  сырты  көркем  сияқты  көрінсе  де,  ішкі 
мағынасы пікірді толықтырмай, тек сөздің сөйлемнің қарасын көбейтеді. 
5. Тіл көрнектілігі
Сөздің  дұрыс,  таза,  анық,  дәл  айтылуының  үстінде  талғау  сөздің 
көрнекі  болуын  да  керек  қылады.  Адамға  дерексіз  заттан  гөрі  деректі 
зат  түсініктірек,  жансыз  затың  күйінен  жанды  заттың  күйі  танысырақ. 
Сондықтан  адам  сөйлегенде  сөзі  толық  түсінікі  болу  үшін  дерексіз 
заттарды  деректі  затша,  бернесіз  заттарды  бернелі  затша  сипаттайды, 
жансыз  затты  жанды  заттай  ғамалайды.  Ақ  көңіл,  шолақ  ақыл,  арам 
ой деу, яки күн бүркіп тұр, найзағай ойнады, су қайтты деу, я болмаса, 
қазанның  құлағы,  ошақтың  бұты,  үйдің  төбесі  деу  дерексіз  заттарды 
деректі  затша,  жансыз  заттарды  жанды  затша,  бейнесіз  затты  бейнелі 
затша  қалыптау,  ғамалдау,  бернелеуден  шығып,  әдетті  сөзге  айналып 
кеткен. Мұндай сөздер жалғыз әдетті түрінде емес, әдейі де айтылады. 
Мәселен, Мағжанның «Толқын» деген өлеңінде толқынның толқығанын 
бернелеп, түсінікті түрде көрсету үшін әдейі жанды нәрседей ғамалдап, 
былай дейді: 
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады
Толқын мен толқын жарысад;
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен.
* * *
Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып,
Толқынға толқын еркелеп,
Меруерт көбікке оранып, 
Жыландай жүзге бұралып, 
Жарға жетер ентелеп.
......................................................
Осы сияқты өң берілген сөздер, көрнекі тіл делінеді. Тіл көрнекі болу 

288
үшін  дерексіз  нәрсе  деректі  нәрседей,  жансыз  нәрсе  жанды  нәрседей 
суреттеліп, адамның сана-саңлауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек. 
Қалыпты түріндегі ондай дәрежеге жету үшін түрлі әдістер істеледі. Ол 
әдістер негізгі түріне қарай үш топқа бөлінеді: 
1)  көріктеу,
2)  меңзеу,
3)  әсерлеу. 
Ахмет Байтұрсынұлы
(Әліппелер  мен  мақалалар).  Әдебиет  танытқыш.  Бес.  том.  шығ.  жин.  Құраст.: 
А.Ісімақова., Р.Имаханбетова., Алматы: «Алаш», 2003, 1 том, 179-184 б.
жалқылау (айырыңқы) әдіс
Жалқылау әдіс – жалпылау әдіске қарсы жөндегі әдіс. Жалпылаудың 
асылы ұсақтан ірілету болса, жалқылаудың асылы – іріден ұсақтату. 
Жалқылау  әдістің  жалпылау  әдістен  артықтығын  қуалайтын  пікір 
18-ғасырдың  аяғында  туады.  Бастап  туған  жері  –  Франция.  Бастап 
қуаттаушылар  бұл  әдістің  артықшылығын  былайша  дәлелдеген:  бір 
нәрсемен  баланы  таныстырғанда,  оның  бөлімдерінен  бастап  таныс-
тырмаймыз,  тұтас  тұрған  тұлғасында  таныстырамыз.  Мәселен,  шапан-
мен  таныстырғанда  жеңінен,  жағасынан,  етегінен,  өңірінен  бастап 
таныстырмаймыз,  шапанның  өзін  алып  көрсетіп  таныстырамыз.  Оқу 
үйреткенде  де  сөзді  әріптен,  буыннан  бастамай,  сөздің  тұтас  тұрған 
тұлғасынан бастап үйрету керек дейді. 
Бұларша оқу үйрету үшін әліп-би кітабы болсын, басқа кітабы болсын 
–  бірі  де  керек  емес,  түсінікті  сөздерді  алып  балаларға  түсіндірумен 
балалар  сөздерді  танып,  оқып  кетеді.  Мағынасыз  әріптерді,  ежіктерді 
жаттаудан мағыналы сөздерді жаттау балаларға жеңіл де болады, көңілді 
де болады дейді. 
Францияда  мұндай  пікір  туып  тарай  бастағанда,  немістерде  де  осы 
пікірге келушілер болды. 
Неміс әлімі Гедике деген жалқылау әдісін қуаттаушының бірі болып 
пікір  таратады.  Ол  қуаттағанда  былай  дәлелдейді:  дүние  танып,  білім 
білуіміздің  бәрі  жалқылау  әдіс  жолымен  болады?  Дерексіз  заттардан 
деректі  затты  бұрын  танимыз,  мүшелерін  тұтас  тұлғасынан  бұрын 
танимыз.  Балаға  оқу  үйрету  де  сол  жолмен  болу  тиіс,  оқу  үйрету 
балаларға түсініксіз әріп сияқты дерегі кем нәрседен басталмай, түсінікті 
тұтас сөзден басталу керек дейді. 
1791 жылы Гедике тұтас сөзбен үйрететін әліп-би кітабын шығарады. 
Бес жасар қызын сонымен үйретіп үш айда сауатын ашып, кітап оқитын 

289
етеді. Үш айда сауат ашып, кез келген сөзді оқи білерлік ету – о заманда 
болмайтын оқиға. 
Бір әріпті үйрету үшін бір Гекдике неше сөз алады? Мәселен: «а»- ны 
үйрету үшін бізше болғанда мынадай сөздерді алған: ар, азық, арғын, ас, 
ақыл
Кітаптың  бірінші  бетіндегі  бірінші  жолдағы  сөздер  осылар  болмақ. 
Басқа  жолдардағы  сөздер  басқа  болмақ,  бірақ  олардың  ішіндегі  «а» 
әрпі болмақ. Бұлардың «а-сы» басында келмейді, ортасында, аяғңында 
келеді. Басында «а» келетін ату сөздер өз алдарына бір жол болып екі-
үш жолдан кейін қайта-қайта келіп отырады. Елеулі болу үшін «а» әрпі 
бірде  қызыл,  бірде  қара  бояумен  басылған.  Үйрету  тұтас  сөзді  оқудан 
басталады.  Мұғалім  1-жолдағы  сөздерді  бір-бірлеп  көрсетеді,  оқиды; 
балалар  көрсеткеніне  қарап,  мұғалімнің  айтқанын  олар  да  айтады, 
солай  етумен  балалар  әлгі  алған  бір  жолдағы  бес  сөзді  бірден  танып 
көрсеткенде айтарлық, айтқанда көрсетерлік дәрежеге жеткенде, сөздің 
буынын қайыруға түседі: онан әрі буынның әріптерін айыруға түседі. 
Оны былай істегені мұғалім бірінші сөзді алып, «а-р» екеуін қоспай 
жіктерін ашып айтады да, неше бөлініп, айтылып тұр деп сұрайды, сонан 
соң әр бөлімін бөлек айтқызады. 2-ші, 3-ші, 4-ші, 5-ші сөздерді де солай 
етеді. Бәріні де басындағы дыбысы бірдей болып, басқаларынікі ондай 
болмаған соң «а» дыбысы айрықша болып шығады. Сонда бұл дыбыстың 
әрпі мынау деп, «а» әрпін көрсетеді. басқа сөздерге де басқа әріптермен 
таныстырғанда істейтін әдісі осылай болған. Балалар бір беттегі сөздерді 
танып, оқырлық даражаға жеткенде, 2-ші беттегі сөздерге түскен. 
Мұның  тәсілі  жеке  балаларды  оқытуға  жараса  да,  мектепте  көп 
баланы оқытуға жарамсыз болып шыққан. Негізгі кемшілігі сөзді жаттау, 
сөз әріптен, буыннан мағыналы, балаларға түсінікті болғанымен, не үшін 
бұлай «ат» етіп сызған нәрсе ат болып оқылуға тиісті, онысы балаларға 
түсініксіз, сондықтан бұл әдіс те іске асып жарымайды, бірақ жалқылау 
әдіс пікірі өшпейді. 
Жалпылау әдіске жан беріп, күшейткен атақты француз оқытушысы 
–  Жакото.  Жакото  үйрету  –  асылында  үйренуге  дағдыландыру  дейді. 
Баланың үйрену талабын қоздырса, білімнің бәрін басқаның көмегінсіз 
өзі-ақ алады. Балаға талаптық тәрбие беру үшін басынан табиғат жолымен 
үйрету керек. Табиғат жаратқан нәрсесін тұтас түрінде жаратады. Табиғат 
нәрсесін әуелі адам да тұтас түрінде түйеді. Бала оқытушы дәйім осыны 
есіне  сақтау  керек.  Балаға  ән  үйретпек  болсақ,  әуелі  дауыстың  түрін 
(нотасын), дауыстың даражасын (тонын), сонан соң барып әнін үйретер 
ме  едік.  Әуелі  әннен  бастап  үйретер  ме  едік  дейді.  Баланы  өсімдікпен 
таныстырсақ, гүлінен, жапырағынан бастап таныстырамыз ба? Айуанмен 
таныстырсақ  сүйегінен  бастап  таныстырамыз  ба?  Тұлға  түрінде  алып 

290
таныстырамыз ғой. Бала үйреткенде сол жолмен үйрету керек. Нәрсенің 
бөлшегінен бастап үйретпей, тұтас тұлғасынан бастап үйрету – дерексіз 
заттан бұрын деректі затты алып таныстыру дейді. 
Мұның  да  дәлелі  алдыңғылардікіндей,  бұ  да  әліп-би  кітабы  керек 
емес дейді. Бала үйретуге арықша кітаптың керегі жоқ, кез келген кітап 
жарайды.  Кез  келген  кітаптың  бір  бетін  алып,  ішіндегі  сөйлемдерді 
оқытып,  оларды  сөзге  бөліп  оқытып,  сөздерді  буынға  бөліп  оқытып, 
буындарды әріпке бөліп оқытып таныстырса, сонымен бала оқуды үйреніп 
алады, өйткені әліп-би әрпінің бәрі кітаптың бір бетінен табылады дейді. 
Жакотаның әдісін өзгертіңкіреп осы күнде де қолданып отырған да 
бар. Американ әдісі деп айтылып жүрген әдістің негізі – Жакотанікі. 
Жакоташа үйрету реті былай болмақ:
Кітаптың алған бетіндегі әуел келетін, мәселен, мынадай сөйлем екен 
– «қалаға жақын жердің бәрі жиын». 
Осы сөйлемді мұғалім кеспе әріптен жасап, тақтай бетіне тізіп қойып, 
дауыстап  әрі  сөзін  қолымен  көрсетіп  оқиды.  Сонан  соң  оны  балалар 
оқығанда, бәрі дауыс қосып көптеп те, жеке де оқиды жаңа да қалыпта 
ретпен оқымай, сөздерді есе қосып былайша оқиды. 
Қалаға
Қалаға жақын
Қалаға жақын жердің 
Қалаға жақын жердің бәрі
Қалаға жақын жердің бәрі жиын.
Осылай оқу балалар сөйлемнің ішіндегі кез келген сөзді танып ала-
тын болғанша істеледі. 
Содан  кейін  мұғалім  басындағы  сөзді  алып,  кеспе  әріптен  буынға 
бөлген  түрде  бөлек  шығарып  қояды  да  буын-буынға  бөлгілеп  оқиды. 
Балаларға  да  осылайша  оқытып,  сөз  бірнеше  бөлініп  айтылатынын 
айтады. Сөздің бәрін осылай оқытып, солай айттырып болғаннан кейін, 
пәлен буынды, түген буынды көрсет дейді. Пәлен буын қай сөзде, түген 
буын қай сөзде деп сұрайды. Пәлен буыны бар, түген буыны бар сөзді 
көрсет дейді. Пәлен сөздің бас буыны, аяқ буыны қайсысы деген сұраулар 
болады. 
Сөйтіп  бір  сөйлемнің  өзінде  балалар  буынның  бірнеше  түрімен 
танысып қалады. 
Әріппен  таныстыру  үшін  де  істейтін  тәсілі  осы.  Бір  буынды  алып, 
мәселен,  «ла»-ны  алып,  екі  арасын  ашып  қойып,  арасын  бөліп  оқиды, 
балаларға  оқытады.  Неше  бөлініп  айтылатынын  сұрайды.  Басындағы, 
аяғындағы  әріп  әрқайсысы  не  деп  аталатындығын  айтады,  оқығанда 
қалай айтылатынын айтады. Содан соң білген әріптерін басқа сөздерден 
тапқызады. Содан әрпі екінші, үшінші тағысын тағы буындарды алып, 
істейтін ісінің реті бәрі осылайша болады. 

291
Бір  сөйлемді  солайша  үйреніп  болғаннан  кейін  басқаларын  алып, 
бұлайша  үйретеді.  Жалғыз  қойылатын  шарт  –  1)  балалар  үйренген 
нәрсесін  нық  білу,  ол  үшін  оқу  сабағын  дәйім  басына  бірінші  сөйлем-
нен бірінші сөйлемнен бастап отыру, 2) жаңа сөйлемді оқытуға алғанда 
ішінде келетін бұрынғы таныс буындар мен таныс әріптерді балалардың 
өздері көрсетуі керек. 
Сөйтіп,  он  шақты  сөйлемді  оқи  білген  кезде  балалар  бір  жағынан 
әріптерді,  бір  жағынан  буын  түрлерін  танып  алып,  бір  жағынан  оқуға 
жаттығып, әрмен қарай өз беттерімен оқуға жараған.
Жакото оқытуға ұста, әдісінде шеберлік толық болғанмен, Гедикенің 
әдісіндегі  кемшіліктен  бұл  да  құтыла  алмаған.  Ол  кемшілік  –  оқыған 
сөздерін  неге  солай  оқылатынын  білместен  жаттау.  Ол  кемшілігіне 
қаламай Жакотоның әдісі тәуір-ақ жайылған. Немістер Жакото әдісінің 
мәніне түсінгеннен кейін, Жакотоның әріпті әдісін дыбысты әріпке аудару 
шарасын қарастырады. Сөйтіп, бір заманда дыбысты жалқылау әдіс пен 
дыбысты  жалпылау  әдіс  –  екеуі  қатар  өркендеп  күшейген  кезі  болған. 
Онан әрі барып екеуі қосылып бір әдіс түріне түскен, онысы жалқылау-
жалпылау әдіс. Ол келесі жолы сөз болмақ. 
А.Байтұрсынов
А.Байтұрсынов  Тіл  тағылымы  (қазақ  тілі  мен  оқу-ағартуға  қатысты  еңбектері). 
Алматы: «Ана тілі», 1992, 364-367 б.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет