Мысалы «Жасуша құрамындағы бейорганикалық заттар» тақырыбын өткен кезде тұздардың ағза үшін маңызы зор екендігін айта келіп, қазақ халқы «Тұз - астың атасы»деп, нанмен қатар қастерлеген. Тұзға байланысты көптеген ырымдар бар. «Шыр» етіп дүние есігін ашқан сәбиді тұзға түсіреді. Тұз денені ширатып, өскенде жара шықпауына көмектеседі. Малдың көптеген індеттерін тұзбен, тұз ерітіндісімен емдеген. «Еңбегі - еш, тұзы - сор», «Қызды сөкпе, тұзды төкпе», «Татар дәм - тұзымыз таусылмасын», мақалдарының мағынасы өте зор. «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма» мақалының шығуы жайлы айтуға болады. Сонымен бірге осы тақырыпта су туралы «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Су - ырыстың көзі, еңбек - кірістің көзі». «Сұмның ырымы жаман, судың шірігі жаман». тәрбиелік мәні бар, суды үнемдеу жайлы мақалдарды айтуға болады.
Көшпелі елдің барлық тіршілік болмысы табиғатта және табиғатпен бітене қайнасып отырады. Ұлы далада көшпелі өмір сүруге бейімделген олар өзі мекен еткен кеңістіктің барша қадір қасиетін танып, біліп сол кеңістіктегі құрбыластарды уақыты мен зерделеуге, теңдестіруге, пайымдауға машықтанған. Сабақ мазмұнымен байланыстырып, ата - бабамыздың тарихи дамуы барысындағы айналадағы құбылыстар жөніндегі дүние таныммен оқушыларды таныстырып отырған жөн. Ертедегі қазақ халқы қоршаған ортаның бір - бірімен оқшау тұрған заттар мен құрбыластардың ретсіз жиынтығы емес, тұтастай байланысты бірліктегі дүние деп танығандығы жөнінде «Тіршіліктің жер бетінде пайда болуы туралы алғашқы көзқарастар» тақырыбында айтуға болады.
Адамзат баласының даму эволюциясына байланысты дүниетаным деңгейі де өсіп күрделене түседі. Өйткені адамның дүниені тануы табиғат туралы білімдердің жиынтығының сол кездегі өмір сүрген қоғам арасындағы байланысты негізінде өрбиді. Адамның ой - өрісі өзін қоршаған табиғат, ондағы құбылыстар туралы білімдерді неғұрлым толыққан сайын, дүниетанымы да соғұрлым байып тұрақтанғандығын «Эволюциялық идеялардың даму тарихы» тақырыбы кезінде айтуға болады. Тарихи зерттеулер тас дәуірден бері өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының арғы ұрпақтарының малмен, егіншілікпен айналысып, жартылай көшпелі өмір сүргенін тұқым қуалау заңдылықтарының негізін білмей тұрып оны өз өмірінде пайдаланғандығын, қолдарындағы малдарының сүттісін, еттісін алып қалып сұрыптау жүргізгендігін «Селекция» тақырыптарында айтуға болады.
Ертедегі ата - бабаларымыз табиғатпен біте қайнаса тіршілік етіп, табиғатта жүретін құбылыстарды сезінді, әлі келгенінше пайдаланды. «Ертедегі және осы заманғы алғашқы адамдар» тақырыбында отты ерекше қадірлегендігін, отты қорлауға болмайды деп әртүрлі тыйымдар салғандығын мысалы: «отқа түкіруге болмайды», «оттан аттауға», «отты кесуге» болмайды деп отты қадірлеген, жас нәрестені бесікке саларда бесікті отпен аластау, жас келін үйге алғаш енгенде табалдырықтан отқа табындыру сияқты ырымдар бар екендігін айта кеткен жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |