«Мәңгі алау» мотиві оттың құдыретіне сенгеннен қалған таным деп түсінеміз. Бұл – шамандық дәуірлерден бүгінгі күнге дейін жеткен әдет-ғұрып. Соғыста шейіт болған кісілерге арнап қойылған ескерткіштердің алдында тұратын мәңгілік алаудың да мән-мағынасында елі үшін қаза болған батырлардың ерлігін мәңгілік жадымызда сақтау мақсатын көздейді.
Отпен емдеу, отпен аластау, күйе жағу да көне замандардан осы күнге дейінгі қазақтың салт-санасында сақталып қалған. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі қазақ халқының өмір жолында отқа қатысты түсініктер көп. Тіпті қайтыс болған кісі жатқан бөлмеге қырық күнге дейін шырақ жағу, қазіргі таңда электр шамын жағып қою жоралғысы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұл жөнінде Ш.Уәлиханов «Адам өлгенде аруағына арнап, қырық күнге дейін, әр күн бір шырақтан жағады немесе төрт күн шырақ жағады. Шырақты босағаның [оң жағына] жағады, себебі өлген кісінің аруға қырық күнге дейін үйге келіп, балалардың жай-күйін біліп жүреді. Сол үшін күн батып, шырақ жағылғанша, іңірде есікті ашып, тостағанға қымыз құйып, босағаға ақ киіз төсейді, осылай өлген адамның аруағын күтеді. Үйдегілер өлген адамға Құран оқып, тостағанға қымыз қойып шырақ жағады» [53, б. 181]. Көне таным-түсінік пен салт-дәстүрлер замана ағымына ілесіп, негізгі мазмұнының өзгертпей осы күнге жетуінің өзі ғажап, таңқаларлық дүние. Арада ондаған ғасырларда жерімізге ислам діні келді, одан кейінгі дәуірлерде өзге елге бодан болды, қайта түлеп егеменді ел болдық осындай толып жатқан тарихи кезеңде ұмыт болып қалмай, дәстүрлі діни сеніммен біте қайнасып жаһандану дәуіріне дейін жетті. Демек түркілердің мәңгілікке құштарлығының артында жақсылық пен ізгілік, имандылық пен парасаттылықта жатыр деп тұжырымдаймыз.
Көне түркі әдебиетіндегі мәңгілікке бағытталған мотивтер жүйесі мағыналық тереңдігін байқатады.
Достарыңызбен бөлісу: |