2.2 Жыр-дастандардағы мифтік таным мен мотивтердің «Мәңгілік Ел» идеясын танытуы
Әлем халықтарының мифологиясы мен байырғы діни кітаптарының берер деректерінен он сегіз мың ғаламды Жаратушының жер бетіндегі барлық жан иесін жаратқанда, солардың күнін көріп, өмір сүруіне және ұрпақ өсіріп, өркен жаюына мүмкіндік беретіндей етіп, әрқайсысына өзіне лайықты қарым-қабілет, сана-сезім, тіл бергені мәлім. Жаратушы тек адамзат баласын ғана басқалардың бәрінен ерекшелеп, бірге ойласып іс тындыруға жетерлік ақыл мен сөйлесуге икемді ғажайып тіл беріп, айрықша махаббатқа бөлеген. Құдай берген осы артықшылықты адам баласы қаз басып, қатарға қосылысымен, адамдық ортақ қалыпты жетілдіруге пайдаланбай, пенделік тоғышарлықтың жетегінде кетіп, жер бетінде қыбырлаған өзге жан иелерінің бәріне қожалық жасауға, өзінің өзгеден артықшылығын пайдалануға жұмсаған өзімшілдігінен басталған сыңайлы.
Түрлі қиындықтарды бастан өткеріп, түрлі асуларды игеру арқылы өзіндік тәжірибе жинаған адамдар енді өзгелерді былай қойып, өзді-өздері, біріне бірі үстемдік жасауға кіріскені байқалады. Жаратушының әуелде адамзат баласының бәрін бірдей етіп, жаратқанымен, олардың болмыс-бітімін, күш-қуатын, сана-сезімін бір деңгейде бірдей етіп қалыптастырмағанның септігі көп. Адам бойындағы қарым-қабілетті айқындайтын әртүрлілікті, ең алдымен, қара күштің, яғни дене күшінің өз пайдасына шешіп, үстемдікке ие болғаны, соған сай алғашқыда әлсіздердің әлділерді сағалап, соларды пана тұтқаны шындық. Біреудің өзіндей, бірақ өзінен күші басым біреуге бағыныштылығы туындаған.
Осы мәселе төңірегінде тарихшы ғалым Қ. Салғараұлы «Бұл адамның эволюциялық дамуының бастапқы кезеңінде пайда болып, кейін оның табиғи заңдылыққа айналуының бастапқы бір көрінісі еді. Тіршілік керуені толассыз алға жылжи берді. Алға жылжыған сайын өмір сүру де күрделене түсті. Осы күрделілік қара күшті кері серпіп, енді тарих сахнасына ақылдыларды шығарды. Ақылдылардың біртіндеп күштілерді де, әлсіздерді де бірдей игеріп, оларға өз қалауларын орындату мақсатында саналы түрде түрлі айла-амалдар қолданғанын көреміз. Осылардың арасынан қайраты артып, ақылы асқандары дараланып біртіндеп өз топтарының көсеміне айналып, үстемдік билігінің тізгінін тікелей өз қолдарына алып, өзгелерді өз дегенінің талабына сай жүргізе бастайды» [45, б. 5] - деп өзінің зерттеу еңбектерінде адамның санасы мен таным болмысының бір деңгейден екінші деңгейге ауысу күйіне гипотезалық тұжырым жасап, жаратылыстың пайда болуы мен адам эволюциясының дамуына қатысты тың ойларын атап өтеді.
Адамзаттың шығу төркіні бір десек, жаратылыстың пайда болуы туралы тұжырымдар да бір-біріне ұқсас болуы заңдылық. Тарихтың жұмбақ сырын ашуға жол сілтейтін көне түркілердің тасқа қашап жазған мұралары – осы күнге жеткен тарихи шындық. Көне түріктер жырларындағы оқиғалар желісін, яғни сюжеттер құрамын талдау – бүгінгі әдебиеттану ғылымының алдында тұрған міндеттердің бірі. Бірінші тарауда біз елдікті сақтау, жорыққа шығу, батырлар тұлғасы туралы мотивтерді батырлық жырлармен салыстыра талдадық. Енді осы бөлімде жаратылыс, дін, салт-жоралғылардың ерекшелігіндегі сюжеттердің мотивтерін қарастырсақ дейміз.
Кез келген әдеби, тарихи, діни туындылар болмасын, барлығында дерлік жаратылыстың қалай жаралғаны туралы пікірлер айтылады. Әрине, жоқтан бар пайда болмайды. Жаратылмайтын, пайда болмайтын – ол тек Алла. Сондықтан қалғанның бәрі жаратылған, яғни жасалған. Әр халықтың танымына, болмысына байланысты жаратылыс туралы түсініктер әртүрлі. Әйтеуір бір тылсым күштің негізінде пайда болғаны туралы айтылады. Солар секілді тастағы жырларда да жаратылыс туралы ұғым, түсініктер айтылған.
Дүниедегі халықтардың бәрі де өзінің фольклорында әлемнің қалай жаралғаны, жер бетінде тіршіліктің қалай пайда болғаны, адамдардың қайдан шыққаны туралы әңгімелеп, алуан түрлі мифтер мен әпсана-хикаяттар, аңыздар шығарған. Мифтерден тіршіліктің, адамзаттың қалай жаралғаны туралы ақпарат аламыз.
Бұл жөнінде академик С.А. Қасқабасов «Жаназық» зерттеулер еңбегінде әлемнің пайда болуы туралы төмендегідей тұжырымдар жасайды. «Дүниедегі халықтардың бәрі де өзінің фольклорында әлемнің қалай жаралғаны, жер бетінде тіршіліктің қалай пайда болғаны, адамдардың қайдан шыққаны туралы әңгімелеп, алуан түрлі мифтер мен әпсана-хикаяттар, аңыздар шығарған. Олардың көпшілігінде дүниенің адамнан әлдейқайда бұрын пайда болғаны жайлы айтылады, аспан мен жер, көктегі жұлдыздар мен жердегі тау-тастар, өзен-сулар, сондай-ақ жануарлар мен жәндіктер дүниеге қалай және қандай жағдайда келгені жайында баяндалады. Бір ғажабы, барлық елдің мифінде дүние ең әуелде түпсіз тұңғиықтан (зияющая бездан), шетсіз де шексіз ғаламнан (пустата), түбі жоқ, жағасы жоқ телегей-теңізден, қараңғылықтан, тұманнан жаралған болып келеді....» [35, б. 294].
Фольклордағыдай жаратылыстын қалай жаралғаны туралы жан-жақты баяндалмаса да, көне түркі әдеби жәдігерлерінде қысқаша айтылады: «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған» [32, б. 69]. Көне түркі жазба ескерткіштерінде жаратылыс туралы, өздерінің бөрі ұрпағы, тәңірге табынғандығы туралы ақпарат айтылады. Түріктердің көк бөріден тарағандығы жайлы аңыздардың бірнеше нұсқасы бар. Ел аузында жүргендерін қысқаша тоқталып өтсек.
Бір елді көршілері астан-кестенін шығарып жаулап алады. Тек бір тоғыз жасар бала ғана аман қалады. Жаулар оның да қол-аяғын шауып, саздаққа лақтыра салады. Сол арада одан бір бөрінің қаншығы ұрықтанады. Алайда оны баланың дұшпандары өлтіреді де, қаншық қасқыр Алтайға қашып барып, сонда он бала табады. Бұл әулет бірте-бірте өсіп-өніп көбейіп, «арада бірнеше буын өткесін, әулеттің үлкені бүкіл ұлысымен үңгірден шығады да, өздерін бір елдің ханының бағынушысы деп мойындайды. Мистикалық жолмен, қаншық қасқырдың араласуымен пайда болған ұлт кейін ұлы империяға айналады. Осыдан түрктер өздерін көк бөрінің ұрпағымыз деп тотемдік таным қалыптасқан. Бұл – бүгінгі күнге шейін үзілмей келе жатқан тұжырым.
Бұл туралы орыстың түркітанушы ғалымы Л.Н. Гумилев «Көне түріктер» еңбегінде әлем халықтарының мифтері мен аңыздарын салыстырмалы түрде талдап жазады.
Ғалым былай дейді: «Әрбір халықтың тарихы өзінің тамырларымен бағзы замандарға қарай тереңдеп кеткенімен, күллі дәуір тарихшыларының халықтың шыққанын анықтайтын датаны (олардың пікірі бойынша) сипаттауға ұмтылатын әдеттері бар. Мысалы, римдіктер Римнің негізі салынған күнді, шартты түрде ала салған, араптардың күні нағыз шынайы – Мұхаметтің Меккеден Мединаға қашқан кезі, орыс шежірелері 862 ж. таңдап алып, орыс тарихының бастауын соған бейімдеген, француз күннамашылары «бастауды» Хлодвиг Меровингтен алады, ал тарихшылар Огюстен Тьерридің үлгісімен, 843 ж. – Ұлы Карлдың империяны бөлген кезіне телиді т.б. түріктер үшін мұндай күн 545 ж. болды» [46, б. 25].
Қай елдің мифологиясын алсақ та, өздерінің алғаш пайда болғаны жайында көптеген тұжырымдар жасайды. Көне мифтерде жаратылыстын қалай пайда болғаны туралы тұжырымдар, көне түркі әдеби ескерткіштерінде жалғасын тапқан. Түркілерді тәңірі жаратқаны туралы Білге қаған жырында:
– «Тәңірі текті, тәңір жаратқан»
– «Жоғарыда түрік Тәңірісі»
– «Тәңірі күш берген»
– «Тәңірі жарылқаған»
– «Әкем-қағанды, анам қатынды ұлықтаған Тәңірі»
– «Тәңірі, Түрік халқының атақ-даңқы өшпесін деп Тәңірі мені отырғызды»
– «Одан соң Тәңірі жарылқап, құтым-бағым бар болғандықтан, несібем бар болғандықтан, өлімші халықты тірілттім».
– «Тәңірі, жер киесіне ұшырап тасаттық беретін күні /өдіңе күні/ жау болды».
– «Тәңірі жарылқағаны үшін менің отыз үш жасымда әдейі [жауласқан] жау жоқ еді.
– «Тәңірі текті, Тәңірден жаратылған түрік Білге қаған».
– «Тәңірі жарылқағаны үшін, өзім отырған да [да] төрт тараптағыларды халық еттім, [ел етіп] ұйымдастырдым». Жырда көріп отырғанымыздай әр болар істің бастауында негізгі қозғау күші, дәнекерші Тәңірі екенін көріп отырмыз, мұндай сарындағы тіркестер «Күлтегін», «Тоныкөк» жырында да кездеседі.
Түркілердің наным-сенімі қандай және қашан, қалай пайда болғаны жайында ғалым Л.Н. Гумилевтің «Көні түркілер» ғылыми еңбегіндегі пікірлерге сүйенсек: «Түріктердің қадым заманындағы діні туралы бізге жеткен негізгі мәліметтер қытайдың «Вэушу», «Суйшу» атты шежірелерінде жазылған» [46, б. 73]. Бірақ ғалым бұл мәліміттер тым аз болғандықтан, түсінуге қиын деп тұжырымдайды.
Академик С.А. Қасқабасов «Әуелі тек шексіз, қап-қараңғы Хаос болды. Өмірдің қайнар көзі сонда жатқан. Барлығы да – бүкіл дүние мен мәңгі жасайтын құдайлар да шетсіз-шексіз Хасотан пайда болды».
«Библияда» жаһанның алғаш қалай пайда болғаны жайлы былай деп жазылған: «Оу баста құдай аспан мен жерді жаратты. Жер көрінбейтін-ді, әрі қуыс еді, әрі қараңғылық басқан түпсіз тұңғиық болатын...» [35, б. 295]. Адамзат қалай пайда болды деген сауалға әлем халықтары мифологиясында ұқсастықтар көп. Бұған ғалым да әртүрлі гипотеза яғни болжамдар арқылы дәлеледер келтіріп қарастырады.
«Атақты биолог-ғалым Эрнест Геккельдің биогенетикалық заңы бойынша, адамның ұрығы ана жатырының ішінде 9 айда адамзаттың миллиондаға жылдар бойы жәндіктен адам түріне дейін дамыған жолын өтеді екен де, адам кейпінде дүниеге келеді екен. Туғаннан кейін бала алғашқы 1 жылда адамзаттың еңбектеп жүрген кезінен тік тұра алатьын қалпына жеткенге дейінгі дәуірді қамтиды, ал одан кейінгі 2 жылда бала адамзаттың ақыл-есі бар Homa Sapiens болған замынана дейінгі уақытты өтеді.сөйтіп ана құрсағында пайда болған күннен бастап дамып, қазіргі кейпіне келген эволюиясын өтеді екен» [35, б. 296].
Баланың даму барысында құрсақта өткен әр алуан түрдегі қасиет-белгілерді бойына сіңіріп алып, сақтап қалады. Бүгінгі адамнің мінез-құлқында, сырт бейнесіндегі белгілер сол ата-бабаларынан қалған із. Бүгінгі біздің айтып жүргеніміз «ұлттық код» дегеніміздің бастауы осындай десек, қателеспейміз.
Егер адамзаттың шығу тегі бір деп тұжырым жасайтын болсақ, онда жаратылыс қалай пайда болды деген сауалдың жауабын беретін мифтердің ұқсас болуы заңдылық. Биологиялық заңдылыққа сүйенетін болсақ, тіршіліктің бастауы – су. «Су – тіршілік көзі» деген мәтел адамазттың неден пайда болғанына қатысты айтылған.
«Адам оу баста судан шыққан. Су ішінде әр алуан сипаттағы жәндіктер түрінде дамып, бірте-бірте құрлыққа шығып, басқа кейіптерге түсіп, әрі қарай дами берген. Адамзат та солай болған. Ал, дамыған, яғни Homa Sapiens болған адмның ұрығы да жатырға түскеннен соң тоғыз ай бойы су ішінде дамып жетіледі. Басқаша айтқанда, кішкене ғана нүкте (ұрық) жатырдағы су ішінде пайда болады да, бірте-бірте үлкейіп, суға симайтын көлемге жетеді, сөйтіп басқа сипатқа көшеді» [35, б. 296].
Осы айтылған мәселелер көне түркі жырларында тәптіштеп айтылмағанын жоғарыда келтірілген мысалдардан көріп отырмыз. Осыдан келіп мифологияны неліктен көне түркі әдебиетімен салыстырып отыр деген заңды сауал туындайды. Біз бұл жерде герменевтиканың заңдылығына сүйеніп, мифологиядағы мәңгілік шексіздікті көне түркі әдебиетінде көрініс тапқанын анықтап, дәлелді тұжырым жасамақпыз.
Мифологиядағы жаратылыстың қалай жаралғаны туралы, діни сенімдерде қалай берілгені туралы академик С. Қасқабасов жан-жақты талдап, тұрақты ғылыми көзқарас қалыптастырды. Талдауымызда ұққанымыздай, мұндай сюжеттер мен мотивтер қасиетті кітаптарда да жазылғаны туралы ғалым еңбегінен мысалдар келтірдік.
«Әлемдік мифологияның басты тақырыбы – дүниенің жаратылуы мен күйреуі, басты кейіпкері – жасампаз қаһарман мен құдайлар, адамдар екен де, басты сипаты – біркелкілігі болып шықты» [35, б. 239], деп мифология арқылы барша халықтың шығу тегі бір екенін айта келіп, жасампаздықты насихаттап отыр. Дүниенің жаратылуы мен күйреуі туралы мифологиялардағы идея көне түркі әдебиетінде де жалғасын табады. Мысалы, жасампаз қаһарман деп «Күлтегін» жырындағы Бумын қаған мен Істемі қаған, т.б. атауға болады. Алайда олардың ұрпағы өздеріндей болмады, білімсіз, біліксіз еді деп жазады. Бұл жерден де біз жақсылық пен жамандықтын алмасып отыратындығын көріп отырмыз. Ақ пен қараның алмасып жүруі – өмір диалектикасының заңдылығы. Бұл заңдылық бүгінгі дәуірге дейін жібін үзбей келе жатыр.
Түркілердің наным-сенімі туралы жоғарыда тарихи деректерді келтірдік. Түркілер өздері жеке мемлекет болғанға дейінгі сенімдері мен ұстанымдары жайында Л.Н. Гумилевтің еңбегінде тарихи фактілер негізінде жазылған. «Жеке тайпалар өсіп, халық болып құралады да, өздерінің діни жүйелерін еңгізеді, діни сенім-нанымның элементтері ұқсас болғанымен, олардың бір-бірімен үйлесуі әрқилы болады. Түріктердің діні де сондай болған. Бірақ ол туралы мынадай сұрақтар туады: бекзаттар мен қара халық неге бөлек табынған? Халық кімге табынған? Бекзаттар кімге жалбарынған? Егер ханның өзі жоғары дінбасы болса, халық кім болған? [46, б. 74]. Күнге табыну, Көк Тәңіріне табыну, отқа табыну, табиғатқа табыну т.б. осы секілді наным-сенімдер мифологиялық шығармалар арқылы бізге жеткен. Одан кейін бір Құдайлық кезеңге басталады. Бір құдайлық кезең болғанымен түркілердің Тәңірлік дінінің ұшқындары бүгінгі кезге дейін жеткені бізге мәлім. Өздерін көк бөрінің ұрпағы деп санап, бөрілерді қасиет тұтып, ерекше құрметтейді. Мұсылмандар Аллаға табынып сыйынса, түркілер Көк Тәңіріне сыйынған. Елінің, жерінің амандығын тілеу, жеке басының жетістігін сұрап Аллаға табыну, сыйыну діни салт болып көрінгенімен қадым заманнан келе жатқан түркілердің салты.
Достарыңызбен бөлісу: |