Алма Қыраубаева шығыстық Қисса-дастандар


«ҚИССА-ДАСТАННЫҢ»  ХІХ–ХХ



Pdf көрінісі
бет10/17
Дата03.03.2017
өлшемі1,39 Mb.
#7010
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17

«ҚИССА-ДАСТАННЫҢ»  ХІХ–ХХ  
ҒАСЫРДЫҢ БАС  КЕЗІНДЕГІ  ƏДЕБИЕТТЕ 
ДАМЫП-ҚАЛЫПТАСУЫ
Орта  ғасырда, «түрік  Оянушылығы»  дəуірінде,  əсіресе 
ХІІІ-ХІV  ғасырларда  Алтын  Орда  əдебиетінде  үрдіс  болған 
нəзира  дəстүрі  «қисса-хикаят», «қисса-дастан»  жанрын  ту-
дырып, дамытты. Түрік Оянушылығы сол тарихқа қозғау са-
лып,  іле-шала  қазақтың  Көк  Ордасының  тігілуіне  зиялы 
қауымды  рухани  жағынан  дайындауға  ат  салысса,  Оянудың 
əдебиеттегі  көрінісі  болған  нəзира  дəстүрі  қазақ  хандығы 
тұсындағы  əдебиетте  уақытша  қажетсіну  шеңберінен  шы-
ғып  кеткендей  болды  (Бейнелеп  айтсақ:  Сандық  түбінде 
ұмыт  қалған,  молданың  сұлулап  қиған  қауырсын  қаламын 
елестетеді).
Қазақ  хандығы  тұсында  тарих  (ХV-ХVІІ  ғ.)  өрлік  рухқа 
толы Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет жырларын туғызды. От-
ты  жырлардан:  жасқанбай,  кеудесін  кере  сөйлеудің,  елдік 
тірлік  пен  бірліктің  ірілігін  көреміз.  Бұл  уақыттағы  əде-
биеттің  негізгі  жанры  «толғау»  болды.  Жыраулық  поэзия 
дамыды.  Іргесін  жаңадан  бекітіп  жатқан  тəуелсіз  қазақ  хан-
дығының  көкейкесті  мəселелерін  шұғыл  жеткізіп  отыруға 
қажеттілік əдебиетте өз жанрын туғызды. 
ХVІІІ  ғасыр  əдебиеті  жыраулық  поэзияның  рухын  сақтай 
отырып,  бодандық  мəселесін  сөз  ете  бастады.  Бодандық 
бұлты  қоюланған  ХІХ  ғасырдың  екінші  жартысынан  бастап 
əдебиетте  қазақтың  ұлт тық  Оянушылығының  бір  көрінісі 
ретінде  ХІІІ-ХІV  ғасырлардағы  нəзира  дəстүрі  қайтадан  же-
дел  дами  бастайды.  Нəзиралық  əдеби  тəсіл  мен  машықтың 
негізгі  жанры  қисса-дастандар  болды.  Ұлттық  Оянушылық-
тың  жан-жақты  дамуының  бір  жағында  Абай  бастаған,  ұлт-
тық  сананы  жаңаша  дамытудың  бағыты  тұрса,  екінші  жа-
ғында  қазақи  салт-сана  мен  имандылықтан  айырылып  қал-
маудың  жолын  ескілікті  дəстүрлерден  іздеген  ақындар  тобы 
жинақталады.  ХХ  ға сырдың  бас  кезінде  көбейе  түсті.  Олар 
қазақтың  ежелгі  жазба  əдеби  үрдісін  жақсы  білетін,  мифтік 
сюжеттер мен Құран хикаяларын, Əли мен Рабғузидің «Қисса 
Жүсіп», «Қисас-ул  əнбиаларын»  оқып  көрген,  Низами  мен 
Құтбтың  «Хұсрау-Шырынымен»  таныс,  Сағди  мен  Сəйф 
Сараи «Гүлстанын» естіп-білген, «Мың бір түн», «Тотынама», 
«Шаһнама»  оқиғаларын  жаттап  өскен  ақындар  еді.  Үлгі 
алған,  оқыған  мектебі  дəстүрлі  классикалық  түрік,  араб-
парсы  əдебиеті  болған.  Мысалы:  Жүсіпбек  Шайхұсламұлы 
(1854-1936),  Ақылбек  Сабалұлы (1880-1919), Кашафуддин 
Шаһмарданұлы (1840-1910), Шəді  Жəңгірұлы (1865-1916), 
Əсет Найманбайұлы (1867-1922), Əріп Тəңірбергенұлы (1856-
1924),  Мəшһүр  Жүсіп  Көпейұлы (1857-1931), Ақыт  Улым-
жыұлы,  Кете  Жүсіп  Ешниязұлы (1871-1927), Мəулікей  Жұ-
машұлы, Жүсіп Таубайұлы (1882-1916), Мансұр Бегежанұлы 
(1875-1933),  Ораз  молда,  Молда  Мұса,  Мəделі  қожа,  Тұр-
мағамбет  жəне  басқа  көптеген  нəзирашыл  қиссашы  ақындар 
шығармалары елеулі рухани қызмет атқарды. 
М.Əуезов: «... Олардан  қалған  мұра 120 поэма  еді» 
(Əуезов  М., 1946-34), – деп  жазады. (шамасы,  тақырыптық 
қайталауларды  ескер меген  болар).  Ə.Жиреншин: «Б.А.Дорн-
ның  жазуына  қарағанда, «Азия»  баспаханасы 1801 жылдан 
бастап 1829 жылға дейін 91 атаулы кітап шығарған. Ал, про-
фессор  А.Ф.Катановтың  жазуынша, 1800 жылдан 1956 жыл-

189
188
ға дейінгі мерзімде университет баспасынан 114 кітап басы-
лып  шыққан  көрінеді.  Сөйтіп,  бұл  кездегі  екі  баспахананың 
шығарған кітаптары екі жүзден асқан. Осы жерде ескертетін 
бір  жай  бар.  Ол – 1824 жылы  университет  баспаханасының 
өртенгені.  Сол  апатта  көптеген  архив  документтері  мен 
бірсыпыра  кітаптар  өртенген.  Сондықтан,  Дорн  мен  Ката-
новтың  есебі  дəл  болуы  ықтимал», – дейді  (Жиреншин  Ə., 
1971-37).
Соңғы  жылдардағы  зерттеп  қарастырудың  нəтижесіне  ой 
жүгіртсек, қисса-дастан ауқымының анағұрлым аумақты еке-
ніне  көз  жеткіземіз.  Бір  ғана  Ақылбек  Сабалұлы  Турабаев 
Семей  облысы,  Қарқаралы  уезі,  Ақбота  болысының  №7 
ауылында  тұрып,  Қазан  университеті  баспасының  иесі  Ш. 
Құсайыновқа 1913-1916 жылдарға  дейін 106 қисса  жазып 
тапсырған  екен.  Оның  ішінде: «Ибраһим  қиссасы», «Ысма-
ғұл қиссасы», «Кесік бас», «Шаһнама», «Сұм заман», «Адам 
қиссасы», «Дандан  ғашық», «Хикмет-Нығмет», «Қырық  уə-
зір», «Марғұба қатын», «Ғабділкəміл мен Мəлике қыз», «Са-
дуақас», «Махтубат  сөзі», «Алтын  балық», «Ахирет  Ғали», 
«Ғажет тағуат», «Таһир-Зуһра», «Бозжігіт», «Хикмет», «Ғибрат 
нама», «Ақылбек  Сабал», «Баһауаш  Жомарт», «Жағымпаз 
уəзір», «Саудагер», «Сұлу жігіт», «Ахтам-Сахаба» қиссалары 
бар.  Оның  бірнешеуі  ғана  басылып  шыққан.  Сондай-ақ,  Қа-
заннан 1911 жылы  басылған  «Мағшұқ  намесі»  бар  (Шафи-
ғов  М.,  Алманов  Ə.).  Бұған  Шəдінің: «Балғам  Бағұр», «Бəр-
сиса», «Хайбар», «Назым», «Чəһар  дəуріш», «Хикаят  Хали-
фа  һарон-ар-Рашид», «Қамұрұззаман», «Хатымтайдың  хи-
каясы», «Хикаят  Уəрақа  Күлше», «Харұнның  жер  жұтқан 
оқиғасы»  қиссаларын  (бұлардан  басқа  қолжазба  күйінде 
қалғандары да бар). (Келімбетов Н., 1974);
Жүсіпбек Шайхұсламұлының: «Сал-сал», «Зарқұм», «Жү-
сіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық», «Шəкірт-Шəкірат», «Дариға 
қыз», «Кербаланың  шөлі», «Қасым-Жомарт»  қиссаларын 
қоссақ;
Кашафуддин  Шаһмарданұлының: «Қисса-и  Жəмшид», 
«Қисса  Бəдр», «Қисса-и  Хикмет», «Шаһмахмұд», «Қисса-и 
ұхұд», «Хатымтай жомарт», «Абулхарис», «Дұхтар Гүлəнда», 
«Сұлу  қыз  уа  Хаммал», «Қисса-и  Ахад», «Халуа  Фұрұш», 
т.б.  Еске  алсақ,  Ақыт  қажының: «Əбият  Ғақлия», «Қисса-и 
Жаһаншаһ  Тамұзшаһ», «Тəржмə-и-Ақыт», «Ахуал  қиямат» 
қиссаларын, Əріптің: «Зияда Шаһмұрат», Мəшһүр Жүсіптің: 
«Гүлшат  Шеризат»,  Əсеттің  «Ер  Шеризат», «Жамсап», «Пе-
ризат», «Ағаш  ат»,  Шаһниғмет  Шаһсейітовтың: «Хұршаһра 
қыз»  т.б.  толып  жатқан  қиссаларды,  Қытайдан  шыққан  «Қа-
зақ  қис саларының» 12 томын  (Бейжин. 1986) қосайық.  Сон-
дай-ақ,  Семей  уезі  Семейтау  болысы 8 ауылдың  Доланды 
стансысының  тұрғыны  Ілияс  Ысмағұлұлы  Молдажанов  де-
ген  кісінің: «Ғибрат  Нама», «Мұса  нама», «Ақтам  сөзі», 
«Жүніс қиссасы», «Алтын киік», «Сəдуақас», «Жалғыз бас», 
т.б. қиссалары бар екен. 
Ə.Жиреншиннің «Қазақ кітаптарының тарихынан» (1971) 
атты  кітабынан  қарағанымызда,  тек  Қазан  университеті  мен 
Кəрімовтер  баспаханасының  өзінен  шыққан  отыз  шақты  кі-
таптардың  тізімін  кездестірдік.  Сондай-ақ,  Н.Сəбитовтың 
«Қазақ  əдебиетінің  библиографиялық  көрсеткіші» (1948), 
«Қазақ  қолжазбаларының  сипаттамасында» (1976) да  біраз 
дүниелер  қозғаусыз  жатыр.  Қазаннан 1911 жылы  басыл-
ған  «Мағшұқ  наменің»  сыртында  енді  басылатын 21 кітап-
тың  тізімі, «Қисса  Тəмимдардың»  соңында 41 қиссаның  ті-
зімі  берілгенін  көрдік.  Олардың  ішінде: «Ақыт  уəлəд  яғни 

191
190
Тамұзшаһ», «һамра  Хұсрау  патша», «Зейне-Зайыб», «Иран-
дустан», «Қисса Қаһарман», «Қисса Тəжбахт», «Шаһизинда», 
«Ораз  молланың  жаңа  баспасы», «Қисса  Наунаруан  əділ-
дер» бар. Қазан, Тəшкент баспаларын түгендейтін болсақ, мың-
ға  жуық  мол  дүние  шығып  қалуы  мүмкін.  Яғни,  əдебиеті-
міздің бұл саласы – ұшы-қиырсыз, кең-мол рухани қазына.
Əл-Фараби  университетінің  «Қазақ  əдебиетінің  тарихы 
мен  сыны»  кафедрасының  меңгерушісі,  профессор  Тұрсын-
бек Кəкішев 1993 жылы Қытайға барған сапарынан «Мұра», 
«Шалғын»  журналдарын  жəне  Бейжиндегі  ұлттар  баспасы-
нан  шыққан  «Қазақ  қиссалары»  атты  кітаптарды  алып 
келген  еді.  Ол  кісіге  мың  да  бір  рахмет,  оқуға  берген  осы 
материалдарына қарай отырып, қазақ қиссаларының мол қо-
ры  Қытайда  да  жиналғандығына  тəнті  болдық.  Бір  қызығы, 
Қазақстандағы  əдеби  еңбектерде  көзге  түспегендері  де  бар. 
Мысалы: «Самұрық», «Қырық  уəзір», «Бақтиярдың  бір  бұ-
тағы», «Ақбазархан», «Ғарып патша», «Мұрат Салих пен Ма -
ғырипа», «Ер Бекзат», «Ғалым қыз Буадат», т.б. Қиссаға жат-
паса  да,  Ақыт  қажының  өмірінен  деректер  беретіндігімен 
құнды «Қажы баян» бар. 
ХІХ-ХХ  ғасыр  басындағы  əдебиетте  ХІІІ-ХІV  ғасырдағы 
қисса-дастан  дəстүріндегі  əділ  патшаны,  тəуелсіздікті,  адам-
шылықты,  шынайы  сүйіспеншілікті  аңсау  арналары  ары  қа-
рай  жалғасты. «Осындай  Шығыс  шығармаларын,  сюжетте-
рін,  варианттарын  қазақ  топырағына  əкелуші  қиссашы,  дас-
таншылар  жалғыз  қиссаны  ғана  қуып  кетпей,  өздері  де  ірі 
білімпаздар  болып,  сан  алуан  тақырыптарға  қалам  тербеді, 
халықты  өнер-білімге  шақырды.  Ауыз  əдебиетінің  үлгілерін 
жинаушы,  аудармашы,  бастырушы  жəне  жырлаушы  болды», 
– дейді Ө.Күмісбаев (1994-51).
Осы  дəуірдегі  қазақ  қисса-дастандарын  жинақтай  келген-
де,  оны  жүйелеу  мəселесі  əлі  бір  ізге  түспегенін  көреміз. 
Қазақтың  төл  романдық  дастандарынан  арнайы  жұмыс  жаз-
ған  Б.Əзірбаева  үш  топқа  бөледі (1990-25): 1. Ислам  дінін 
уағыздайтын дастандар: «Сал-сал», «Сейітбаттал», «Зарқұм». 
2.  Ертегілік-аңыздық  жəне  ғашықтық  дастандар: «Сей-
фүлмəлік», «Бозжігіт», «Абдулхарис», т.б.
3.  Шығыс  сюжетіне  жырланғанымен,  қазақтың  төл  туын-
дысындай  болып  кеткен  дастандар: «Мұңлық-Зарлық», 
«Шəкір-Шəкірат».
Ал,  Ө.Күмісбаев  «Қиссалар  жəне  кəтаби  ақындар»  деген 
зерттеуінде  төрт  топқа  жіктейді.  Бірінші – дидактикалық-
лирикалық  дастандар: «Лəйлі-Мəжнүн», «Жүсіп-Зылиха», 
«Мұңлық-Зарлық»,  т.б.  Екінші – діни  бағыттағы  дастандар: 
«Сал-сал», «Сейітбаттал», «Жұмжұма», «Зарқұм»,  т.б. 
Үшіншісі – қиял-ғажайып,  фантастикалық  шығармалар: 
«Шаһмаран», «Абушаһма», «Шəкір-Шəкірат». Төртінші – ба-
тырлықты,  ерлікті  жырлайтын  дастандар: «Рүстем-Дастан», 
«Ескендір», «Қисса Бахрам», т.б. (ХХ ғасырдың... 1994-290).
Жалпы  алғанда,  бұл  мəселенің  əлі  бас-аяғы  толық  көрін-
беген,  нақты  зерттелмеген,  ауқымы  анықталмаған.  Сондық-
тан, біз ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қисса-дастандарды: «Мың 
бір  түн», «Тотынама»  желілері, «Шаһнама»  желілері  жəне 
Орта  Азиялық  желілер  деп  бөліп  қарастырғанды  жөн  көріп 
отырмыз.  Сондай-ақ, «Бақтиярдың  қырық  бұтағы»  туралы 
əңгімелейміз.  Бұлайша  бөлу  ХІХ-ХХ  ғасыр  басындағы  əде-
биеттегі  қисса-дастан  сюжеттерінің  төркіні  мен  қалыптасу 
үрдісін анықтауға септігі тиеді деген ойдамыз. 

193
192
«МЫҢ  БІР  ТҮН»  ЖЕЛІЛЕРІ
«Мың  бір  түнді»  Еуропа  елдерінің  тануы  Энно  Литман-
ның (дат тілінде 1921-1923), Галланның (француз 1703-1713), 
Алексей  Филатовтың (1763-1771) есімдерімен  байланысты. 
Орыс тілінде толық аудармасын 1929-1938 жылдар арасында 
М.А.Салье  жасаған. «Мың  бір  түн»  Еуропа  адамын  орта 
ғасырдағы  шығыс  елдерінің  əлеуметтік  өмірінен  алынған 
ақпарат  қазынасы  ретінде  аса  қызықтырды  жəне  экзотика-
лық  мағынасымен,  романтикалық  əсерімен  тартымды  болға-
ны  сөзсіз.  Бұл  жағынан  қазақ  оқырмандарының  қызығушы-
лығын  Қалмақан  Əбдіқадыровтың (1903-1964) аудармалары 
толығымен  қанағаттандырады  (Мың  бір  түн. 1945-1955; 
1961-1962; 1993).
«Мың  бір  түн»  сюжеттері  қазіргі  біз  білетін  жүйеге  түс-
кенше бірнеше қалыптасу кезеңінен өткен:
1. Арабтың ежелгі аңыз-əңгімелері.
2.  Индия  сюжеттерінің  элементі  айқын  көрінетін  парсы-
ның  «Мың  ертегісінің»  негізінде  Х  ғасырдың  маңайында 
түзіле бастауы. 
3.  Х-ХІІ  ғасырда  Бағдат  төңірегінде  тараған  əңгімелер-
дің жинақталуы.
4. ХІ ғасырдан бастап, ХІІІ-ХІV ғасырларға дейін Египет-
те  шығарылған  əңгімелермен  байытылып,  ХV-ХVІІІ  ғасыр-
ларда  толық  нұсқасының  қалыптасуы  (Герхардт  М., 1984-
13).  Осы  уақыттар  арасында  ертегінің  сюжетін  мың  бірге 
толықтыру  мақсатында  көптеген  əңгімелер  қосылған. «Мың 
бір  түн»  мың  жылға  жуық  уақытта  түзілген  ғаламат  шығар-
ма (Х-ХVІІІ ғ.).
Жұмыстың  екінші  тарауынан  көрінгендей,  Х-ХІV  ғасыр-
дағы  түрік  ақындарының  шығармаларынан  əлі  «Мың  бір 
түн» сюжеттерінің орын алмауы ол кезде қалыптасып, тарап 
үлгермегенінің бір айғағы болса керек.
«Мың  бір  түн»  сюжеттерінен  шығыс  елдеріне  кең  тара-
ған  саласы – ғашықтық  оқиғалары.  Олардың  ұзын  саны 
жиырмадан  асады.  Зерттеушілер  (М.Герхардт)  бұл  əңгіме-
лердің  төркіні  парсының  «Мың  ертегісінен»  алынғандығын 
айтады. 
«Мың  бір  түннің»  ғашықтар  оқиғасы  таныс  емес  алыс 
елдің ханшасына, əдетте патша қызы, екінші бір алыс елдегі 
ханзада  немесе  патшазаданың  көрмей-ақ,  сырттай  ғашық 
болу  желісіне  құрылады.  Осы  жағрапиялық  екі  шеттегі  екі 
кейіпкердің  бір-біріне  жету  жолындағы  мақсатты  жəне  қызу 
қозғалыстағы  іс-əрекеті  баяндалады.  Оның  айқын  мысалы: 
«Зергер мен сұлу қыз» (Мың бір түн. 1993-3-226). Онда зер-
гер  бір  досының  үйінен  қабырғаға  салынған  əдемі  қыздың 
суретін көреді де, есінен танып ғашық болады. Көңілін сұрай 
келген  досы  суретті  салған  адамды  тауып,  хат  жазып,  қыз-
дың  Кашмир  əншісі  екенін  біледі.  Зергер  Шираздан  Каш-
мирге келіп, ақылы мен айласының арқасында қызды алады. 
Күшті  қыз  бен  Ғажамның  шаһзадасы  Баһрамда  (Мың  бір 
түн. 1993-3-251) кейіпкер  батыр  да  күшті  қыздың  даңқын 
сырттай  естіп,  іздеп  келеді.  Екеуі  жекпе-жекке  шыққанда 
«қыз  бетіндегі  пердесін  сыпырып  жіберіп,  бетін  айдай  жар -
қыратып күлімдей, күрек тісін ақ-сита қойғанда, жігіт балқы-
ған  күмістей  еріп,  қызды  босатып  жібереді».  Қыз  соны  пай-
даланып,  Баһрамды  аттан  аударып  алып,  маңдайына  таңба-
сын  баса  салыпты.  Жолы  болмаған  Баһрам  ақыры,  шал  кей-
піне  түсіп,  қыз  сарайына  бағбан  болып  орналасып,  сүйгенін 
қолға түсіреді.
Сырттай  ғашық  болу  сюжеттерінде  суретте  көрген  қыз 

195
194
бірден, «тағдырдың  талайы», «тағдырдың  салғаны»  деп  қа-
былданып,  мінезі,  тəрбиесі,  т.б.  ескеріліп  жатпастан,  қаһар-
ман онымен қалай да қосылуға міндетті болады. 
«Қамұрұззаман» (Мың бір түн. 1993-2-11) атты ұзақ əңгі-
меде:  Мəлік  Шаһраманның  Құдайдан  тілеп  алған  жалғыз 
ұлы  Қамұрұззаман  əкесінің  үйлендірмекші  болғанына  еш 
көнбейді. Ақыры көнбеген баласын қаматып қойып:
Жүсібінен айырылған кəрі Жақып,
Жылай-жылай қос көзі түскен ағып, – 
деп,  өзін  Жақыпқа  теңеп,  ұйқысыз  түндерін  өткізеді  (Қамұ-
рұззаман Жүсіпке ұқсас, өте сұлу болады). Жын патшасының 
қызы  Маймина – Деһнаш  деген  диюдан  əкесі  жеті  сарай 
салдырып  берген  Мəлике  Бадор  деген  қыздың  жайын  есіте-
ді.  Қыз  да  ешкімге  күйеуге  шықпайды  екен.  Екеуін  де  көр-
ген дию бір-біріне көтеріп апарып көрсеткенде, қыз: «Бақша 
аңсаған  бұлбұл  болсаң,  қонатын  гүлің – мен  боламын», – 
дейді.  Екі  ғашық  бірін-бірі  таба  алмай,  ауырып  өлетін  бола-
ды.  Қыз  жағынан  іздеп  шыққан  Мырзуан  Қамұрұззаманды 
тауып,  ауру  қызға  тəуіп  болып  барып  көрініп,  одан  соң  да 
талай  оқиғаны  басынан  өткеріп,  Мəлике  Бұдұр  мен  Қамұ-
рұззаман қосылады. 
Ауру  болған  Мəликені  аяп,  оның  емшектес  ағасы  Мыр-
зуан  дүниені  кезіп,  дəру  іздеп  шығады.  Қамұрұззаман  деген 
шаһзаданың  да  осындай  ауруға  шалдыққаны  құлағына  тиіп, 
оны  іздеп  тауып,  Мəликенің  машақатын  айтып,  өзімен  бірге 
ертіп  алады.  Тəуіп  болып  киініп,  өлгелі  жатқан  Мəликенің 
алдына келгенде, ол бірден таниды. Некеленіп, жеті күн той 
жасап, мақсат орындалған соң, еліне қайтуға рұқсат сұрайды. 
Оқиғаның екінші бөлімі Мəликенің мақпалға түйіп, дене-
сіне  сақтап  жүретін  асыл  тасы  жоғалуынан  басталады.  Оны 
бір  торғай  алып  ұшып,  соңынан  қуа-қуа  Қамұрұззаман  да 
белгісіз  бір  қалаға  келеді.  Ол  қаладан  жылына  бір-ақ  рет 
кеме жүреді екен, келер жылды күтіп жатып қалады.
Мəлике  Бұдұр  болса, «күйеуім  жоғалды  десем,  елден 
береке  кетер», – деп  күйеуінің  киімін  киіп,  елді  бастап  кө-
шеді. Əлденеше күн жүріп, теңіз жағасындағы бір қалаға ке-
леді. Қаланың аты – Анбус, патшасы – Арманус екен. Оның 
бойжеткен  қызы – Наятіл-Нафис,  ерекше  Қамұрұззаман  бо-
лып киінген Мəликеге ғашық болып, əкесі екеуін қосады. Мə-
лике  шын  сырын  қыздың  өзіне  айтармын  деген  оймен  келі-
седі.  Келіспесе,  бұл  жерден  құтылу  оңай  болмайтын. «Алты 
ай  баққан  арықтай  мəпелеп  отырған  сұлуды  мына  түріктің 
жүгермегі  алатын  болды-ау», – десіпті  арманда  қалған  боз-
балалар.  Наятіл-Нафиске  еріксіз  қосақталған  Мəлике  бір 
күні жасын төгіп жіберіп, қыз екенін айтады, содан екеуі дос 
болып, жоғалған күйеуі табылғанша, сыр шашпайды.
Осыдан  соң  оқиғаның  үшінші  бөлімі  басталады.  Ол  екі 
əйелден туған балалары – Асғат пен Əжмат туралы. Айта кету 
керек, «Қамұрұззаманның»  соңғы  екі  бөлімі  бірінші  бөлі-
міне  қарағанда,  əлсіздеу,  қисынсыздау  шыққан.  Сондықтан, 
қазақ қиссаларында негізінен бірінші бөлім жырланады. 
«Мың  бір  түндегі»  ғашықтық  туралы  əңгімелердің  бір-
азында бір-бірімен түсінісе алмаған, немесе ата-анасы қарсы 
болып  қоспаған  оқиғалар  суреттеледі.  Соның  нəтижесінде 
кейде ғашықтар мерт болады. Сондай ғашықтардың ең таны-
малы – Лəйлі мен Мəжнүн. Герхардттың дəлелінше, олардың 
«Мың  бір  түнге»  кірмей  қалу  себебі  кітапты  құрастырушы-
лар  тым  танымал  əңгімені  алғысы  келмеуінен  деп  көрсетеді 
(Герхардт  М., 1984-111). Бірақ  ғашықтықтан  өлгендер  ту-
ралы хикаялар бар: «Ғашықтық туралы əңгіме», «Қасым мен 

197
196
Ғадының  əңгімесі», «Меккеге  барған  поп  туралы  əңгіме». 
Бұл əңгімелердің жүйесі «Лəйлі-Мəжнүнге» ұқсас. 
«Қасым бин Ғадының əңгімесінде» қорадан жүгіріп шық-
қан  қыз  бəйіт  айтып  отырған  жігітке  құшағын  жая  жүгіреді. 
Қызды көріп жігіт те ұмтылады. Бірақ жан-жағындағы адам-
дар  екеуін  айырып,  жібермейді.  Олар  бар  пəрменімен  ұмты-
лып  келіп,  құшақтасқан  күйі  жан  тапсырады.  Сөйтсе,  екеуі 
ағайын  адамдардың  балалары  екен,  қосылуға  рұқсат  берме-
гендіктен өліп кеткен. 
Бұл  сынды  əңгімелердегі  кейіпкердің  іс-əрекеті  де  өзін-
ше  батырлыққа  жатады.  Ол – əрекет  батырлығы  емес,  сезім 
батырлығы.  Онда  ғашықтық – соңғы  меже.  Ал,  алдыңғы 
топтағы  парсы  сюжеттерінің  негізінде  қалыптасқан  «Мың 
бір  түндік»  əңгімелерде  қаһарман  сүй-геніне  жету  үшін 
амал-айла  тауып  күреседі.  Араб  əңгімелері  оған  қарағанда 
пассивтеу екен  (Герхардт М.).
Қайғылы  ғашықтық  сюжетін  жырлаған  ақынның  бірі – 
Шəкəрім.  Шəкəрімнің  «Лəйлі-Мəжнүні» 1907 жылы  жазы-
лып, 1922-23 жылдары  «Шолпан»  журналында,  одан  кейін 
С.Сейфуллиннің  алғы  сөзімен 1935 жылы  жарыққа  шыққан 
екен.  Бұл  дастанның  Шəкəрім  жазғанға  дейін  де  қазақ  ара-
сында  айтылып,  жазылып  танымал  болғандығы  анық. «Лəй-
лі-Мəжнүннің»  бір  нұсқасы 1902 жылы  Қазаннан  басылып 
та  шыққаны  белгілі («Мəшһүр  ғашық – мағшұқ  Лəйлі  мен 
Мəжнүн  хикаясы».  Ш.  Құсайынов  мұрагерлері  Қазанда 
университет  баспасынан  шығарған).  Бірақ,  ақынның  олар-
мен  қандайлық  таныс  болғандығы  əзірге  мəлім  емес,  өз  сө-
зіне  жүгінсек,  тікелей  Физулиден  алған (1494-1556), 17000 
жол өлеңнен тұратын дастан (Сатбаева Ш.Х., 1993-78).
Автор  дастанның  кіріспесінде  өзі  жақсы  білетін  шығыс 
ақындарын  көпшілікке  санамалап,  таныстырып  өтеді.  Кей 
қазақ  біле  бермейтін  əлемге  сөз  нұрын  жайған  алыптармен 
таныстыруы ақынның ағартушылық ниетінен туған:
Бұрынғы бəйітшіні білемісің?
Мен айтсам, оны кім деп күлемісің.
«Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншімбай», – деп,
Түк білмей онан өзге жүремісің.
Науаи, Сағди, Шəмси, Физули бар,
Сайхали, Қожа, Хафиз, Фердаусилар...
Бəйітші елден асқан шешен болып, 
Əлемге сөздің нұрын жайған солар.
Аталған  ақындардың  біразы  өз  замандарында  «Лəйлі-
Мəжнүнді»  жыр  еткен.  Низами,  Əмір  Хұсрау  Дехлеви, 
Əбдірахман Жəми, Науаилердің «Лəйлі-Мəжнүні» бар. 
Лəйлі  мен  Мəжнүн  шығыс  əдебиетінде  ертегілік  кейіп-
кер  емес,  əдеби  кейіпкер  деп  есептелінеді.  Олар  жайында 
соншама  дастан,  аңыздар  бар.  Аңыздардың  бірінде  былай 
айтылады (Сəйф Сараидың «Гүлстанында» (ХІV ғ.):
Бір  патша  Лəйлі-Мəжнүн  оқиғасын  естіп,  ғашықтық  аза-
бын  осыншама  тартқан  қандай  адамдар  екен,  бірін-бірі  ын-
тық  қылған  неткен  жандар  екенін  білейін  деп,  іздетеді. 
Екеуін  тауып  əкелген  соң,  таңдана  Лəйліге  қарапты.  Қараса, 
өз  кəнизектерінен  асып  кеткен  сұлулығы  жоқ  сияқты.  Мұны 
байқаған  Мəжнүн  сонда: «Уа,  патшам,  Лəйліге  менің  көзім-
мен қараңызшы», – депті (Ежелгі дəуірдегі... 1991).
Осы  аңызда  Шəкəрім  өзінің  қара  сөзінде: «...патша  іздеп 
барып,  Лəйліні  көрсе:  жүзі  жансыз  қарасұрлау,  өткір  қара 
көзді,  нəзік  қана  əйел  екен.  Патша  Мəжнүнге  қайтып  келіп: 
«Лəйліде  сонша  қызығарлық  сұлулық  жоқ  қой?  Шын  сұлу 

199
198
болса,  оған  жанның  бəрі  құмар  болмас  па  еді?», – дегенде, 
Мəжнүн  айтыпты: «Əр  ақылды  адам  əлемнің  қиын  сырын 
түгел  аша  алмайды...  Лəйлінің  анық  нұрын  көрем  десеңіз, 
менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен ойласаңыз...» – деп 
дамытады. 
«Лəйлі-Мəжнүннің»  Фазыл  Иулдаш  ұғлы  жырлаған  өз-
бекше нұсқасында да осы оқиғаны дастанның ішінде береді. 
Ондағы  патша – һарон  Рашид  (Лайли  ва  Мажнун. 1968-20). 
Мəжнүн  патшаға: «Сен  айтқан  бес  жүз  кəнизакты  Лəйлінің 
басқан ізіне алмаймын», – дейді. 
Шəкəрім «Лəйлі-Мəжнүнді», «Жүсіп-Зылиха» сияқты, бас-
қа  да  қиссаларды  қоса  оқып-біліп  жазғандығын,  сюжетін-
дегі  кейбір  ортақ  ұқсастықтарын  байқауға  болады.  Тегінде 
Мəжнүнді  Жүсіпке  ұқсату  жалғыз  Шəкəрім  ғана  емес,  оған 
дейінгі  ақындар  берген  бағыт  болса  керек.  Түркімен  ақыны 
Андалыбтың  «Лəйлə-Мəжнүнін»  қарағанымызда,  онда  ол: 
«Ол оглан зыяда хошшсурат ве махталгат, он дерди гижəнин 
айы  дек,  анық  йұзиде  хұсны – Юсуп  пейда  болды», – деген 
жолдар  бар  (Дессанлар.1982-8).  Андалыб  өлеңге  қара  сөз 
араластыра отырып жазған. 
Дастанның  оқиғасы  əдеттегідей,  перзентке  зарығу  желі-
сінен басталады:
Ерапта бір бай болды дəулеті асқан,
Саудасы əр патшамен араласқан.
Құдайдан бір мирасқор бала сұрап,
Малының садақаға көбін шашқан.
Одан ары қарайғы сюжет желісі көпшілікке танымал (Кү-
місбаев  Ө., 1996-236-246). Кейінгі  оқиғаларында  Лəйлі  мен 
Мəжнүннің  көптеген  қиыншылықтармен  бір-біріне  жолық-
қаны,  жазысқан  хаттары,  зарлары  баяндалады.  Қаза  болған 
Лəйлінің  соңынан: «Өлсек  те  бірге  өлейік,  көрде  бірге  бо-
лайық», – деген  Лəйлінің  хатын  алып,  Мəжнүн  Лəйлінің  қа-
бірінің  басына  барады.  Көзден  қанды  жасын  ағызып,  енді 
тірліктің  керегі  жоқ  деп  тұрғанда,  ғашығының  қабірі  қақ 
айырылып  Мəжнүн  барып,  Лəйлінің  жанына  жатқан  соң, 
қайта жабылып қалады. Екі ғашық о дүниеде қосылыпты. 
Қайыстың (Мəжнүн) Лəйліге туа сала ынтық болуы: «Адам 
Құдай-дың  құдыретін  танып,  оны  сүю  арқылы  махаббатты 
біледі. «Сүйіспендік,  əр  нəрсенің  себебі  Құдайдан»  дейтін 
орта  ғасыр  əдебиетінде  айтылатын  ойлардан  шыққан.  Шек-
тен  тыс  идеал  махаббатты  жеріне  жеткізе  суреттеу  үшін 
ерекше  оқиғаларды  қосады.  Ол  екі  нəрестенің  бір-біріне 
ынтықтығы,  ғашықтардың  бір-біріне  жақындайын  десе,  де-
несінің өртеніп, лапылдап жана бастауы – сезім шынайылы-
ғын  дəлелдеу  үшін  қолданылатын  өзіндік  тəсілдер.  Осыған 
ұқсас көрініс «Жүсіп-Зылихада» бар еді. Онда Зылиха өзінің 
Жүсіпке  ғашықтығын  дəлелдеу  үшін  оның  қамшысын  қо-
лына  алып, «уһ!» – дегенде,  іштен  шыққан  жалыны  қамшы-
ның  алтын  сабын  ерітеді.  Кейіпкердің  аузынан  жалын  шы-
ғуы, зарлап жылауы, көзінен аққан жасының қан болып ағуы 
дастан  жанрына  тəн  суреттеуге  жатады.  Бүгінгі  оқушыға 
тосын  болып  көрінетін  ежелгі  қалыпты  суреттеудің  өзі  Шə-
кəрім қаламында қазақ ұғымына лайықты, əсерлі шығады:
Дертіме табылмайды, сізден айла, 
Кісендеп жынды десең мені байла.
Аузынан аһ дегенде жалын шығып,
Деді де талып кетті «Лəйлі-Лəйлі!»
«Лəйлі-Мəжнүннің» тағы бір ерекшілігі – мұнда кейіпкер-

201
200
дің  сырт  келбетін  суреттеуге  мəн  бермейді.  Əдеттегідей  ас-
пан  денелерінің  нышанын,  небір  тамылжыған  көркем  те-
ңеулерді  тізіп  жатпайды.  Оның  себебі  екі  ғашық  бірін-бірі 
көріп  ұнатқан  емес,  о  баста  Құдайдың  құдыретімен  ынтық 
болып туғандар. Кішкентай нəресте Қайысты көрген дəрігер 
бірден-ақ: «Бір түрлі жүрегінде қайғысы бар», – дейді. 
Шəкəрімнің  «Лəйлі-Мəжнүн»  дастаны  аударма  емес. 
Ежелгі  əдебиетіміздің  нəзира  дəстүрін  ХХ  ғасыр  басындағы 
қазақ  əдебиетіне  жалғастырып,  талантты  ақындық  қуаттан 
туған шығарма. 
Дастанды  оқи  отырып,  Мəжнүннің  көрген  қиындығы 
мен  тартқан  зары  Шəкəрімнің  өз  жан  азабымен  үндестік  та-
батынын  аңғарамыз. «Мəжнүн  барға  ғашық  болса,  мен  жоқ-
қа  ғашық  болдым,  менің  қайғым  одан  да  асып  кеткен  жоқ 
па?» – дейді.  Шəкəрімнің  іздегені:  əділет,  бостандық,  терең 
ғылым.  Ақынның  кіршіксіз  жүрегі – кіршіксіз  Лəйлі-Мəж-
нүн  махаббатымен  үндеседі  де,  əділдік  таппай,  өліп  тынған 
екі ғашықтың жолын құптап:
Басында Мəжнүн болды барға ғашық,
Жолында бір Лəйлінің жанталасып,
Мен сорлы жоққа ғашық болып өттім,
Менікі кеткен жоқ па онан да асып?
Ақ жүрек, ғаділетке қолым жетпей,
Қу жаным, қуарып жүр өліп кетпей.
Ішінде көп арамның жүргенімше,
Құдайым тез алса екен тентіретпей, –
дейді (Құдайбердиев Ш., 1988-397-398).
«Мың  бір  түндегі»  тағы  бір  ғашықтық  оқиғалар  тобында 
əңгіменің  аяғы  жақсылықпен,  ғашықтардың  қосылуымен  бі-
теді.  Бірақ  оған  басқа  біреудің,  не  қайырымды  патшаның 
көмегімен жетеді. Ал, негізгі қаһарман өз бетімен айлы-шар-
ғы  іздемейді.  Онда  адамдар  арасындағы  қарым-қатынасты, 
мінез,  сезім  иірімдерін  суреттеуге  көп  көңіл  бөлінеді.  Бұлар 
Бағдат  ертегілері  тобына  жатады.  Өйткені,  мұндағы  іс-əре-
кеттер Бағдат жерінде өтеді. 
Ғашықтар  қиыншылықпен  күресіп  жатпайды,  оны  шешу 
үшін  оқиғаға  басқа  бір  кейіпкер  араласады.  Бұл  əңгімелерде 
оқиға  шектеулі  жағрапиялық  төңіректе  (Бағдатта)  болады. 
Бұл  тақылеттес  əңгімелерге: «Нұр  ад-дин  Əли», «Ғаним», 
«Əли  ибн  Баккар», «Джубайыр  ибн  Умайыр  жəне  Бұдұр» 
жатады.  Бұл  сюжеттерде  шым-шытырық  оқиғалар  шиеленісі 
болмаса  да,  сезім  иірімдері,  жан  дүние  өзгерістері,  қам-
қарекеттер жақсы көрінеді. 
Қайраткер  əйел  бейнесі  «Баһрамдағы»  патша  қызы  бол-
са, «Əлішер мен Зұмұрұдта» – Зұмұрұд, «Нұраддин мен Мə-
риямда» – Мəриям  өз  мақсатына  жету  жолында  күресуші 
əйелдер. 
«Мың  бір  түннің»  көптеген  əңгімелері  саяхат  жайлы 
болып келеді. Саяхат оқиғасы теңіз арқылы немесе құрғақта, 
ауада  диюлар  немесе  самұрық  құс  т.б.  мифтік  кейіпкерлер-
дің  көмегімен  өтеді.  Мысалы: «Сейфүлмəлік», «Хасен  зер-
гер» əңгімелерінде саяхат оқиғалары араласқан.
«Сейфүлмəлікте»  Ғасым  патша  алысқа  жүзе  алатын  қы-
рық кеме құрастырып, Шын қаласына қарай бет алады (Мың 
бір  түн. 4-46). «Хасен  зергерде»:  Басралық  зергер  Хасанға
бір  ажамдық  «мыстан  алтын  шығаруды  үйретпекші  болып, 
алдап халуа беріп, ұйықтатып тастайды: «Арабтың нанға ал-
данған күшігі! Сені қолға түсіру үшін қанша əуре бодым. То-
рыма енді ғана түстің бе?» – дейді де, есінен танған зергерді 

203
202
кемеге салып алып белгісіз жаққа алып кетеді (Сонда. 4-76). 
Баһрам (Ажам) мыс табағын қағып-қағып жібергенде, керіліп 
жатқан даланың шетінен шаң бұрқ етіп, алдына үш түйе ке-
ліп  шөге  қалады  (мифтік  көлік).  Сол  бетімен  жеті  күн  жол 
жүріп,  Жабал-Асхаб  тауына  əкеледі.  Тау  төбесінен  химияға 
қажетті  ағаштарды  тастатып  алып: «Енді  сондағы  қураған 
сүйектің бірі болып қала бер!» – деп түсірмей, тастап кетеді.
«Саяхатшы Синдбад» («Сандыбадтың жеті сапары») əңгі-
мелері  арабтың  ІХ-ХІV  ғасырлардағы  жағрапиялық  əдебие-
тімен  байланысты  туған.  Орта  ғасыр  арабтары  керемет  сая-
хатшы, көпестер болған (Гейхардт М., 1984-171).
«Сандыбадтың  жеті  сапары» – өз  заманында  жазылған 
жекелеген  кітаптардан  алынып  құрастырылған  қызықты  хи-
кая.  Бір  қызығы,  оған  негіз  болған  кітаптардың  көпшілігі 
тарихи  өмірін  тоқтатқан  да,  соның  бəрін  жинақтап  айтқан 
Сандыбад  бүгінге  дейін  оқырманынан  айырылмай  келеді. 
Сандыбадқа  негіз  болғандар: «Қысқаша  ғажайыптар  баяны» 
(ІХ  ғ.), «Үнді  ғажайыптары» (Х  ғ.), «Қытай  мен  Индияны 
сипаттау» (ІХ  ғ.) (Сонда. 1984-210). Бұл  кітаптарда  теңізші 
əңгімелері  фантастика  түрінде  берілген. «Сандыбадқа»  ғы-
лыми  еңбектер  дерегі  де  кірген  екен:  Ибн  Хордадбектің 
(ІХ  ғ.) «Жолдар  мен  патшалықтар», «Масудидің» (Х  ғ.)  эн-
циклопедиялық  шығармалары. «Сандыбадта»  шындық  пен 
қиял  оқиғалары  араласа  кіріккен.  Бірнеше  эпизодтары  Грю-
небаумның  мақаласында  грек  əдеби  нұсқаларына  ұқсас  деп 
дəлелденген (Арабская... 1978). Мысалы: 
1.  Кеменің  келіп  тоқтаған  жері – балықтың  жоны  болып 
шығуы:
Сандыбад  əкесінен  қалған  қазынаны  босқа  шашқанша, 
сапар шегейін деп, желкенді кемеге мініп, саяхатқа шығады. 
Бір күні кеме аралға келіп тоқтайды. От жағып, тамағын іше 
бергенде, бір кемеші айқай салады:
–  Кемедегілер,  құрымай  тұрғанда,  кемеге  жүгіріңдер! 
Арал  дегеніміз  арқасын  қайыр  басқан  балық  екен,  жаққан 
оттарыңнан  жоны  қызып  қозғалып  барады...  Құрыдық  енді, 
тездет! (Сандыбадтың бірінші сапары. Мың бір түн. 9-139).
2. Адам жегіш мақұлық:
Сандыбад екінші сапарда көрген бейнетін ұмытып, кемеге 
мініп,  тағы  саяхатқа  шығады.  Дауыл  айдап  маймылдар  елі-
не  əкеледі. «Ішінде  сары  көзді,  қара  бетті,  арыстан  жалды 
үлкендері келіп, кеменің арқанын тісімен қырқып жібереді. 
Бір кезде гүрілдеген бір үн естіледі. Басын көтерсе: «Бойы 
бəйтеректей,  бейнесі  адам  сияқты,  көзі  шамдай  жанып,  тісі 
қабанның  тісіндей  айқасып,  екі  құлағы  салпылдап  жерге 
сүйретіліп,  бір  жан  келді.  Қол-аяғының  тырнағы  бүркіттің 
тұяғындай», – бір  мақұлық  келеді.  Ол  мұрнын  пысылдатып, 
алдымен  Сандыбадты  ұстап,  бүйірін,  құйрығын  ұстап  көріп, 
қой  көрген  қасапшыдай  салмақтайды.  Бəрін  салмақтап  бо-
лып,  семіздеу  кеме  бастығын  көтеріп,  тасқа  алып  ұрады. 
«Жарылған  қарбыздай,  басының  мылжа-мылжасы  шығады. 
Істікті  кеңірдегінен  сұғып,  құйрығынан  бір-ақ  шығарады». 
Қақтап жейді. Күніне бір адамнан жеп, тауысып бара жатқан 
соң: «Екі темір істікті отқа қыздырып, əбден қызған соң, екі 
көзіне апарып бойлата сұғып жібереді» (Сандыбадтың үшін-
ші сапары) (Мың бір түн. 3-151).
Осыған  ұқсас  оқиға  «Сейфүлмəлікте»  де  бар:  Сейфүлмə-
ліктің  досы  Сағадат  тау  аралап  жүріп,  құлаған  құдықтай 
көзі үңірейген бір пəлеге кездеседі. Ол ұстап алған адамына 
бір  аяқ  сүт  беріп,  соқыр  қылады  екен  де,  үңгірге  қамап,  се-
міртіп  жейді  екен.  Сағадат  оның  берген  сүтін  ішпей,  шұң-

205
204
қырға  құя  береді  де,  дəу  бір  мес  шарап  ішіп,  қорылдап  ұй-
қыға  кеткен  кезде: «Жанып  тұрған  оттан  екі  шаланы  алып 
барып,  қорқаудың  екі  көзіне  баса  қояды.  Екі  көзі  де  ағып 
түсе қалады» (Мың бір түн. 4-64). 
Еуропа  зерттеушілері  бұл  əңгімені  Гомердің  «Одиссея-
сының»  Сириялық  аудармаларынан  алынған  деген  пікірде 
(Герхардт. М.). Олар түрік əдебиетінің тарихын білген болса, 
«Қорқыт  ата  кітабындағы» «Төбекөз  дəуді  өлтірген  батыр-
ға» ұқсас екенін де айтқан болар еді. «Қорқыт ата» мен грек 
əңгімелеріндегі ежелгі мифтердің түп-төркіні бір екені анық. 
«Қорқыт  атада»: «Басат  (Бисат – Ə.Қоңыратбаев  аудар-
масында.  Қорқыт... 1986) Төбекөздің  бас  жағына  барып, 
бақылап, көзінің еттен жаралғанын білді.
–  Ей,  кəриялар,  пышақты  ошақтағы  отқа  тығыңдар,  қыз-
сын, – дейді.  Пышақ  əбден  қызған  соң,  Басат  қолына  алады 
да,  Мұхаммедке  иман  келтірді,  пышақты  Төбекөздің  көзіне 
қатты  тыққаны  соншалық,  оның  көзі  ағып  түсті» (Қорқыт... 
1994-125).
«Сандыбадтағы»  адам  жегіш  мақұлық  «Сейфүлмəлік» 
қиссасында:
«Сол мақұлықтың есектей бастары бар,
Адамдай беті, көзі, қастары бар.
Аяқ-қолы, тұлғасы, бейне аралдай,
Тілін адам білмейді нəжіс мордар.
***
Көп болды қайғым менің, басым аман,
Сен үшін ойдан азып болдым жаман.
Екеуі қасымдағы семірген соң,
Сол дұшпан сойып жеді ақыр заман», –
деп келеді (Ғашық... 1976-148). 
Енді Сандыбадтың маймылдар еліне келуіне назар аудар-
сақ,  ол  оқиға  «Сейфүлмəлік»  қиссасынан  орын  алғанын  кө-
реміз.  Онда  Сандыбад  сияқты,  Сейфүлмəлік  те  маймылдар 
еліне тап болады:
«Неше күн бишаралар тағы жүрді,
Неше ай жүріп мехнатпен ғұмыр сүрді.
Ішінде ол аралдың қисабы жоқ,
Құдайым қалың маймыл кез келтірді.
Маймылдар құтқармайды қисапсыз көп,
О-дағы дəндеген жұрт адамды жеп,
Үшеуін тағы байлап алып келді,
Шаһарын айтады екен Хəмдуна деп». 
(Ғашық... 1976-113).
Осы  үзінділерге  қарай  отырып, «Сейфүлмəлік»  қисса-
сында  «Мың  бір  түннің»  Сандыбад  оқиғалары  да  қосымша 
əдемі пайдаланылғанын көреміз.
3.  Антрооргтар  (Еуропалықтар  ұғымында) – Жалаңаш 
диюлар  (Қ.Əбдіқадыров)  оқиғасы  да  сириялық  «Одиссея-
дан» алынған (Герхардт М., 1984-212).
Сандыбад  төртінші  сапарында  дауыл  айдаған  кемемен 
бір  жазираға  тап  болады.  Сөйтсе,  ол  жалаңаш  диюлар  ме-
кені  екен.  Былдырлаған  тілінен  түк  ұқпайды.  Алуан  түрлі 
жапырақ  жамылған  патшасы  бар  екен: «Біз  сияқты  кездес-
кен адамды патшасына əкеліп, ол тамағын беріп, майын жақ-
қан соң, сау адам есалаң болып, бергенді жеп семіреді екен. 
Содан  кейін  сойып,  етін  қақтап  жеп,  той  жасайды  екен» 
(Ғашық... 1976-110).
Осы  оқиға  «Сейфүлмəлік»  қиссасында  зергерлер  елі  бо-
лып суреттеледі:

207
206
«Теңізде бір арал бар хақ жаратқан,
Адам жеп зəңгі дұшпан қанға батқан.
Қақтап жеп адам етін отыр екен,
Қуанып сақ-сақ күлер қаһар атқан».
(Ғашық... 1976-110).
Саяхатшы  Сандыбад  əңгімелері  Бағдат-Басра  сияқты  ке-
межайлары бар, теңізші, саяхатшы, көпестердің жиылған же-
рінде  туған  болуы  мүмкін.  Жоғарыда  көрсетілген  еуропа-
лық зерттеушілердің пікіріне тоқаталсақ, ІХ-Х ғасырдың ма-
ңайында (одан ерте емес) жинақтала бастаған əңгімелер.
«Мың бір түннің» тағы біраз оқиғалары: болған жері, дере-
гі белгісіз таза қиялдан туған. Оның кейіпкерлері – жын, дию 
болып  келеді. «Мың  бір  түннің»  бастамасында-ақ  бір  сұлу 
əйелді сандыққа салып алып жүрген дию туралы айтылады:
«Аздап  дем  алып  отырғанда,  теңізден  төбесі  көкті  тіре-
гендей  бір  дию,  қолтығына  темір  сандықты  қысып  алып, 
шаһзадалар  отырған  ағаштың  тап  түбіне  қарай  келе  береді. 
Диюды  көріп  үрейлері  ұшып,  басқа  қашатын  жер  таба  ал-
май, екеуі ағаштың басына шықты».
«Жеті уəзірдің əңгімесінде»: «Бір патшаның Құдайдан ті-
леп алған баласын бір уəзірі алдап, айдалаға қаңғытып жібе-
реді. Патша өлген соң өзі таққа ие болуға құштар болыпты:
«Сахарада  жындар  бар,  орманда  арыстан  бар,  тауда  аю 
бар,  баланы  аңға  алып  шығып,  солардың  ортасына  апарсам, 
бірі болмаса бірі құртар. Соларға алып барайын депті» (Мың 
бір түн. 3-211).
Айтқанындай-ақ, түнімен қаңғып, басы ауған жаққа жүре 
берген  шаһзада  ойраны  шыққан  ескі  қаланың  орнына  тап 
болады.  Қорғанның  түбінде  сұлу  қыз  жолығып,  оны  артына 
міңгестіріп  алады.  Демалуға  аттан  түскен  қыз: «...отырған 
жерінен  қыз  болып  тұрмады, – көзі  шаладай  шатынап,  мұр-
ны  орақтай  оралып,  аузы  ақсиған,  жын  ба,  əйтеуір  бір  бəле-
нің  түсіне  кірді  де,  аттың  үстінен  шаһзаданы  жұлып  алды», 
– дейді (Сонда).
Осы  сияқты,  жын,  дию  араласқан  оқиғалар: «Əбу-Мұ-
хаммед-жалқау», «Аджиб пен Ғариб», «Көпес пен жын», т.б. 
кездеседі. 
«Сейфүлмəлікте»  Үнді  патшасы  Тəжүл-Мүліктің  қызы 
Дəулет ханымды жындардың Арзық патшасының баласы ұр-
лап  əкетеді.  Оның  тек  тағын  күзететін  алты  мың  əскері  бар. 
Жынның  мекені – Қылзам  қаласы  Үндіден 120 күндік  жол 
екен. 
Жынның шешесі сəуегейлерді жинап, бал аштырғанда: 
«Мұның  өлімі  адамның  шаһзадаларынан  болады», – де-
ген  соң,  сиқыршыларды  жинап,  баланы  шымшық  суретіне 
келтіріп,  кішкене  құтыға  салып,  теңіз  түбіне  жайғастырады. 
Оны  теңіздің  түбінен  тек  Сүлейменнің  жүзігін  суға  салып 
тұрып: «Осы  жүзіктегі  қасиетті  аттардың  құрметі  үшін 
Арзық  патшаның  баласының  аруағына  əпер!» – десе  ғана 
алуға болады екен. 
«Құтыны  сындырып,  кішкене  шымшық  торғайды  қолына 
ұстайды.  Сол  кезде  көкті  жаңғыртқан  үнмен  құс  қанаты-
ның  суылы  шықты.  Қалтыраған  қатты  үн: – Уа,  шаһзада, 
жанымды  қалдыра  көр!  Мен  барлық  мақсатыңа  жетуіңе  се-
бепші  болайын... – деді.  Ол  үнді  естіген  Дəулетханымның 
үрейі  ұшып: – Торғайды  тез  өлтіріп  жібер!  Жын  келіп  қал-
ды», – дейді.  Сейфүлмəлік  торғайдың  мойнын  жұлып  алды. 
Суыл  да,  үн  де  басылып,  жынның  денесі  өртеніп,  бір  уыс 
күл болды» (Мың бір түн. 4-58-59).
Сейфүлмəліктің  жынды  өлтіруі  оның  жаны  құтының 

209
208
ішіндегі торғайда болуы «Ер Төстік» ертегісіне ұқсас екенін 
көреміз.  Мұның  өзі  «Ер  Төстіктің»  оқиға  желілерін  «Мың 
бір түннен» қарастыру керек дейтін ойға жетелейді.
Сөзіміз  дəлелдірек  болу  үшін,  тағы  бір  «Ер  Төстік»  пен 
«Мың бір түн» сюжеттерінің екі тамшыдай ұқсас тұсына на-
зар аударайық:
Кітаптың  «Мəлике-Маран» (Жылан  əйел)  атты  əңгіме-
сінде  Жамсап  деген  жігіт  жер  астында  жылан  патшалығына 
тап болады:
«Айналасына  қараса,  күрсілердің  үстіне  ұзындығы  жүз 
кез  келетін  жыландар  жайғасып  алыпты,  су  жақтан  толып 
жатқан  ұсақ  жыландар  ирелеңдеп  келе  жатыр.  Олардың  ар-
тынан үлкен жыланның бірі төбесіне зүбəржат табақ көтеріп, 
тура  таққа  қарай  келе  жатты...  Табақта  айнадай  жарқ-жұрқ 
еткен  кішкене  бір  ақ  жылан  жатыр.  Оның  беті  адам  сияқты. 
Онан шыққан үнді естіп, барлық жылан күрсілерінен түсіп, ақ 
жыланға бас иді... Табақтағы жылан олардың отыруына рұқ-
сат  еткендей  ишарат  көрсетті,  жыландар  орындарына  жай-
ғасты. Жылан Жамсапқа қарап:
–  Мейман,  сіз  қайдан  келдіңіз? – деді  (Мың  бір  түн. 2-
437).  Соңында  Жамсап  жер  үстіне  қайтуға  рұқсат  сұрайды. 
Оқиғаның  бұл  тұсы  тура  «Ер  Төстік»  ертегісіндей  екені  көп 
дəлел  керек  етпейді.  Осындай  эпизодтар  «Сандыбадтың 
жеті сапарында» да бар екенін айтып өттік. 
«Қамұрұззаманда»  Деһнаш  дию  мен  Маймина  жын  екеу-
леп  Қамұрұззаман  мен  Мəлике  Бұдұрдың  қосылуына  себеп 
болады.  Ұйқыдағы  Мəлике  қызды  басқа  бір  шаһардан  кө-
шіріп əкеліп, қасына жатқыза салады. Жын жігітті бүрге боп 
оятады: «Ол оянып, қасында қызды көрді. Торғынға оранып, 
əтірі  танау  атып  тұр.  Кеудесіне  төңкерілген  екі  күміс  кесе-
дей қос алмасы көйлегін көтеріп, көз тартады. Маңдайын бас-
қан  кекілі  қара  судың  майда  толқынындай  бұйраланып,  тұ-
лымдап  тұр.  Жарқыраған  беті  күлімдеп,  құбылып,  сызатта-
нып  ашылған  жұқа  ернінен  маржандай  жарқырап  күрек  тісі 
көрінеді» (Сонда. 2-23). Шəдінің  «Хикаят  Қамұрұззаманын-
да» Мəлике Бұдұр – Сəида болып айтылады (Келімбетов Н., 
1974-87).
Жындар  бұдан  соң  Мəликенің  қасына  дəл  осылай  Қамұ-
рұззаманды  əкеліп,  қыз  бен  жігіттің  танысуына  себеп  бола-
ды. Сөйтіп жындар бұл сюжетте қайырымдылық істейді. 
«Қамұрұззаманның»  Пекинде  басылған  тағы  бір  нұсқасы 
бар  екен.  Ол  «Шалғын»  журналының 1985 жылғы  үшінші 
санында  Домалай  Нəсеұлының  тапсыруымен  бастырылған. 
Қисса,  əсілі, «Бақтиярдың  қырық  бұтағының»  бірі  болса 
керек.  Оқиға  «Мың  бір  түндегідей»,  Қамұрұззаманның  көп 
оқып  көргенінен  əйелдің  еркекке  опасыздық  жасайтынын 
біліп,  бойдақ  өтуге  бел  байлауынан  басталады.  Əкесі  оны 
зынданға  жаптырады.  Пері  патшасының  қызы  Гүлнəрайым 
көріп, Қашқаш жəне Дəһнус жын перілерге баяндайды. Арғы 
оқиғалары,  біз  бұрын  айтып  кеткендей,  бірдей  шығып  оты-
рады. Тек қыз ағасының аты өзгеше, Сəлиік.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет