Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
140
теңіз жағасы Қырымға қарай көшкен. Темір бес мың атты әскермен, қаптаған
қоспен жұртында қалған. Ұзақ жер жүріп, аттың арқасын алдырып келген Қара
Оспан Еділдің ар жағында тұрып, Әбілқайырға бағынбай жүрген елді көрген. Ат
жалдап, сал салып бір түнде бергі жағаға өткен. Бірақ бос жатқан жұртқа
кездескен. Бұлар арғы бетке шыққандарында Алшын, Жағалбайлы ауылдарының
бергі бетке өтіп кеткенін білген. Ызаланған Қара Оспан ат сауырын құрғатпай
қайтадан Еділге салған. Бірақ бұлар бергі бетке шыққандарында көшкен ел
Жайыққа қарай бет алғанын аңғарды. Жайықтан өтіп қашқындардың соңына тағы
түсті. Тек осы арада ғана Қара Оспан батыр алдарында ел емес, әскер екенін білді.
Өзінің алданғанын ұққан Әбілқайыр қолы енді бұрынғысынан да қызулана қуды.
Бірақ Темір әскері жеткізбеді, ақырында олар Нарын құмына қарай бұрылды.
Сонда ғана Қара Оспан бұл қуғаннан дым шықпайтынын түсінді. Амал жоқ кейін
қайтуға мәжбүр болды. Жолдағы кедей ауылдардан азын-аулақ жәрдем алып,
азып-тозып өз жерлеріне жетті.
Темірдің «мүйізі шаңырақтай Әбілқайыр ханның кей батырлары Еділ,
Жайықты көрген. Одан не ұтты?» деп кекетіп жатқаны да Қара Оспанның осы
сәтсіз жорығы еді. Қара Оспанның: «Атыңның жүйріктігіне тым сене берме!
Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын болып
жүрмесін!» дегені Темір биге «Әбілқайырдан қашып құтылғаныңдай, Жәнібектен
қашып құтыла алмайсың» деп күні бұрын сес көрсетуі еді.
Темір би бұл ызғарды жақсы сезінді. Сөйтсе де өркөкірек кер мінезге салып оп-
оңай жеңіле қалғысы келмеді. «Талас әлі біткен жоқ» деген ишарат көрсетіп,
алдындағы қамшыны бір қозғап қойды.
— Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді,
енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой.
Темір бидің удай ащы тілі Қара Оспанның өңменінен өтіп кетті. «Бұнысы
Әбілқайырға қызмет істеп ештеңе өндіре алмап едің, Үйсін, енді Жәнібекке
жағынып құтырып отырсың дегені ғой!»
Қара Оспан шарт жүгініп отыра қалды. Қамшысын қозғауды да ұмытып кетті.
— әй, сен не малтаңды езіп отырсың. Маңғыт! Елінің ойын айтар Алшыннан
бір ұл тумағаны ма?
Мұнысы Темір биге «сенің бабаң Едіге Көк Ордадағы Маңғыт руынан шыққан,
Алшынның жоғын жоқтайтын сенің құқың жоқ» дегені.
Жәнібек қабағын түйіп тұнжырай қалды. «Сөз жоқ, Темір би өз үстемдігінен
айырылып, Жәнібекке Алшын руларын қосқысы келмейді. Күшің асып басып
алмасаң, жуытпайды. Ел болып бір ханға бағынудан, өз қарамағындағы жұртты өзі
билеп, ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс еткізіп отыру — Темір бидің арманы.
Бұл біздің ең осал жеріміз. Әсіресе, алыста жатқан рулар ырқымызға оңай
көнбейді, сондықтан да ананы, мынаны сылтау етіп Темір би де бірігуге қарсы
ірткі салып отыр. Біріккің келмесе «құдай алдыңнан жарылқасын!» деп қуып
шықсам ба екен? Жоқ, өйтуге болмайды. Қайткен күнде де Алшынның бүгінгі
күні ауа жайылғаны жөн емес. Бұлар көнбей қалса, сынықтан бөтеннің бәрі
жұғады, өзге рулар да олардан үлгі алуы мүмкін. Дауды ақылға салып
сабырлылықпен шешкен абзал».
Кенет ол басын көтеріп алды. Темірге тесіле қарады.
— Бабаң Едіге бүкіл Алтын Орданың тағдырын ойлап еді. Сен бір
Ноғайлылықтан аса алмай отырсың. Алшын елін қарамағыңнан шығаруға
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
141
жоқсың... Бірақ соныңа Алшын көне қояр ма екен? Өз тағдырын өзі шешкісі келсе,
жолын табар. Алшын қайда болады, оны болашақ көрсетер. Жә, менің айтайын
дегенім бұл емес. Басқа. Біздің жауымыз сен емессің — Әбілқайыр! Атаң Қазыны
бауыздаған сол Әбілқайырмен соғысуға келесі жаз бес сан жауынгер бересің бе?
— Беремін!
— Қалғанын кезінде көрерміз.
Темір би Жәнібектің бұл салмақты айтқан сөзінің ар жағында қандай зіл
жатқанын жақсы ұқты.
Бойын кенет бір қауіп билеп кетті. «Иә, Жәнібек хан түбі дегеніне жетпей
тоқтамайды. Сонда не болғаны, бар қазақты билемек те, біз бұның құлы
болмақпыз ба? Жоқ, Жәнібек, ол ойыңның сәті келмес. Қарамағымыздағы елді біз
де оп-оңай бере қоймаспыз. Саған үлкен хандық керек болса, бізге кіші хандық
керек! әлі алдымызда талай шайқас та, айқас та болар!».
Дәл осы кезде күншығыс жақтан құйындата шапқан салт атты көрінді. Жұрт
елегізе со жаққа қарады. Сөйткенше болған жоқ, қара терге малынған, сүліктей
жаралған астындағы баран жүйрігін Нұра етегінде отырған Жәнібек тобына
тікелей салған шапқыншы жігіттің «Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!» — деген
айқайы шықты. Отырғандар орындарынан үрпиісіп түрегелді.
— Қайдағы жау?!
— Кім келіп қалды?!
Шапқыншы — ұзын бойлы, мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан, қара торы бала
жігіт, ентелей шауып келіп, астындағы атын әзер тоқтатты. Екі бүйірінен демін
алып:
— Тақсыр хан, — деді, — Көк Жыңғыл тұсынан қалың әскер көрінді. Беті осы
Нұраның Қаратұзы. Басқарып келе жатқан Әбілқайырдың үлкен ұлы Шайх-
Хайдар мен Қарашың баһадур. Мінгендері кілең ақалтеке, текежаумыт.
Бастарындағы сеңсең бөріктері қазандай, мойындарында кілең көк темір алдаспан,
қолдарында көк темір найза. Мұздай қаруланған, түстері де суық, жүрістері де
суыт. Бие сауымындай мезгілде бұл араға да жетіп қалар.
Жәнібектің түрі де, даусы да өзгерген жоқ, әдеттегі байсалды қалпымен:
— Шамасы қанша адам екен? — деді.
— Мың қаралы.
— Көк Жыңғылдың арғы қабағында Керей мен Найманның түйелі қолы бар
емес пе еді, төтеп бере алмады ма екен? әлде аналар аңғармай қалды ма?
— Сөйткен тәрізді. Бұлар Көк Жыңғылдың теріскей жағындағы құм
арасындағы қоба жолмен өтіп кеткендей. Найман мен Керейдің қалқаны
күнгейлеу жатыр.
— Оларға хабар бердіңдер ме?
— Менің серігім соларға шапты.
Жәнібек Ордасындағы өзіне тән адамдарынан «Күзтоқсанның басында қазақ
руларының басшылары жиналып, бас қосып, бір ханға бағынып, әскер жинап,
Түркістанды басып алмақ болып жатыр» деген хабарды естіген Әбілқайыр хан.
Қазақ рулары бас қосатын кезде, бір түнде тек өзіне ғана бағынатын, кілең шаш ал
десе, бас алатын қырағы сұлжық Түрікмен, Барлас, Маңғыт руларынан құрылған
он сан жігітін, бастығы үлкен баласы Шайх-Хайдар мен ең сенімді, ер жүрек
батыры Дарвиш-Хусаин Қарашыңды Нұраның Қаратұзына аттандырған. Тек
|