Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
155
қолданылмады! Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін
кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ
па! Бері көш десе, әрі көшкен ауылдардың басына хан нөкерлері сырық ойнатып,
сырмағын жүндей түтті емес пе? Қаншама мал барымталанып алынды! Қаншама
ел ата
мекен жерін тастап, жаңа қонысқа қонды!
Жәнібек осының бәрін неге істеді. Бұлай ету оған оңайға түсті ме? Сол үшін де
Қотан қарт өлер алдында:
«Жәнібектің сырты ғана күлкі-әзілді паш еткен.
Мезгілі көп оңаша қап жас төккен» —
деп бекер айтқан ба? Ал сонда өз елін өзі қанға бояғаны жөн бе? Бұл Жәнібекке
қатты батты. Кей күні құса боп, төсек тартып жатып та қалады. Өз бетімен тағы
болып өскен руларды айтқанына көндіре алмай, кейде тарығатын да, тіпті бағзы
бір жағдайда соңынан ерген аяулы адамдардың орынсыз қылығына жаны күйіп,
оңашада қалың қайғыға беріледі. Бірақ хан Жәнібек бір хадисті жақсы түсінетін.
Тоғай арасында өскен күйкі шөп малға ас болмайды. Ал қыршын, қопа
арасындағы шытыр, көкпек малды тек апатқа ұшыратады. Сол себепті ел бірлігіне
кесірі тиетін жанды Жәнібек өз аузынан үкім айтып, дарға астырса өкінбейді,
мұндайда ол табансыздық көрсетпейді. Өйткені үлкен
арман құрбандықсыз
орындалмайды — бұл ханға да белгілі қағида. Осындай қатаң саясаттың
арқасында Жәнібек далиып жатқан Дәшті Қыпшақ даласын тегіс өзіне қаратпақ
болды. Содан кейін барып ол қазақ хандығына Түркістан өлкесі мен Еділ өзенінің
бойындағы Кіші жүздің асау руларын бағындырсам деген ізгі мұратына кірісуді
ойлады.
Мұндай шешімге келген Жәнібек, ең алдымен өз ойын ағасы Керей балалары
мен өз балаларының таразысына салмақ. «Бар ауыр қанды жорықты қай тұстан
бастау керек? Күншығыстан ба, күнбатыстан ба?»
Жошы ұрпағы, Бадықтан туған Орыс ханның жеті ұлы болған;
Тоқты-Қия,
Құтлық-Бұғы, Тұғылық-Болат, Құйыршық, Тоқта-Болат, Сейдахмет, Сейтәлі.
Тоқты-Қиядан — Болат, Болаттан — Керей.
Құйыршықтан — Барақ хан, Барақ ханнан — Жәнібек.
Сөйтіп Жәнібек пен Керей бір атадан шөбере туыс.
Керейдің төрт баласы бар: Бұрындық, Шайхым, Санджор-Жақан, Жақан-
Бахты.
Жәнібек ханнан тоғыз бала: Жиренше, Махмұт, Қасым, әдік, Жаныш, Қамбар,
Тыныш, Ұснақ, Жәдік.
Шөбере туыс Керей мен Жәнібектен тараған осыншама баладан ата жолын
қуып жауға шабар әке жолын қуып баққа таласары алтау. Керейден —Бұрындық,
Жәнібектен — Махмұт, Қасым, Қамбар, әдік, Жәдік.
Қазақ ханының тағына ие болар деп Жәнібектің әсіресе үміттенері Қасым.
Қасым қазір жиырма алтыда. Ұзын бойлы,
кең жаурын, қара торы пішінді жігіт.
Қалың қабағының астынан үлкен қоңыр көзі адамға әрқашан да ойлана қарайды.
Он бесінен көкпарға, күреске түскен. Әзірге жамбасы жерге тимеген балуан. Жау
жүректігі мен ақылдылығына қарап, хан болуға лайық, әрқашанда сабырлы деп
ойлайтын Жәнібек. Қасымды ханның өзге балаларынан артық көрер тағы бір
себебі бар. Қасымның шешесі Жаған-бике Жәнібектің жеті қатынының ішінде ең