Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
83
менің шешімім дұрыс па? Тұтқыннан абайсызда айрылып қалғаны үшін кешегі
серігіме бүгін мұндай қарғы тағуым жөн бе? Опасыз дүние! Опасыз адам баласы!
Қолыңда күшің болса сені ардақтайды, мадақтайды. Күшің кетсінші... Бүгін ханым
десе, ертең харам дейді... Бірақ бұған өкпелеуге болмайды. Адам баласы осылай
жаратылған, осылай өледі» Әбілқайыр басын иді.
— Кіргізіңдер.
Үйге екі адам екі жағынан қолтықтап Оспан-Қожаны алып кірді. Дәйекші
бұрын да шыр бітпеген арық болатын. Сол себептен кейде оны жұрт Инелік деп
атайтын. Он жылдан бері тарамыс денелі Инелікке хан көзі қанша үйренгенмен,
мына алдында тұрған селеуіттен шошып кетті. Иә, бұл адам емес, адамның
селеуіті еді. Арса-арса сүйегіне құр терісі жабысқан, көзін біреу ойып алғандай
шүңірейіп кеткен. Құдық түбінде жылтыраған су тәрізді, сонау көз түбіндегі
тереңде бірдеме жылтырайды. Екі ұрты ұзақ аурудан қайтыс болған адамның
ұртындай қушиып біткен. Жағы жағына тиіп жатыр... Тозығы жетіп, бүрісе қалған
кәрі беті тиіп кетсең жыртылғалы тұр. Ал бұдан көп жыл бұрын... жоқ, жоқ.
Әбілқайыр хан өткен күндерде өзіне жақсылық істеген адамдардың қызметін есіне
түсіргісі келмейді. Әр нәрсе өз кезінде. Өткеннің бәрін есіңе түсіре берсең...
бүгінгіге не қалады? Кеше жақсылық істесе, бүгін жамандыққа барып отыр. Әр іс
өзінің мезгілінде деп бағалануы керек. Өткен жақсылықпен қазіргі жамандықты
жапсам хан бола алар ма едім? Иә, он жеті жасар Әбілқайыр Орда-Базарда хандық
құрып отырған Жұмадүктің қолында тәлім-тәрбие алып, әскер басқаруды, ел
билеуді үйренді ғой. Он алты жасқа келгенде сол кездегі бүкіл Дәшті Қыпшақ
руларын басқарып, Жұмадүк ханның оң қолы болған, Маңғыт руынан шыққан
атақты Едіге батырдың баласы, Ақсақ Темір ұрпақтарына бүйідей тиген Қазы биді
өлтірді. Әрине оны бұл жалғыз өзі өлтірген жоқ, Қазыға қарсы әмірлер мен
сұлтандарды жинап, солармен бірге бауыздады. Жұмадүк ханның қаһарынан
қорқып соңынан ерген Дәшті Қыпшақтың біраз әскерімен өзінің туған шаһары
Тараға қашты. Артынан жетпіс мың әскермен қуып шыққан Жұмадүк ханмен қан
майданда бетпе-бет кездесіп, оның басын алды. Содан бері Әбілқайыр өзіне
жақсылық істеген, талай қиын-қыстау қатерлі өткелдерден алып шыққан, бірақ
артынан сәл мүлт басқан талай серіктерін оп-оңай су түбіне жіберді емес пе?
Осындай қанқұйлы болмасаң, хан тағында отыра алмайсың. Өзгеге аяушылық
еткен Ұлықбек не болды? Ақырында өз баласының қолынан ажал тапты. Жоқ,
алтын таққа ие болғың келсе, жолыңды кесіп өтерін білсең, туған балаң болса да
аяма. Айдаладағы бір дәйекші сөз бе екен? Алтын тақ пен аяушылықтың бірі бар
жерде, екіншісі өмір сүре алмайды.
Оспан-Қожаның бір жақсылығы ұмытылған тарих. «Ал, қазір сенің білетінің
оның жаңа тарихы — істеген қастығы. Жақсылығы үшін дер кезінде сен де оған
жақсы қарағансың, ал жамандығы үшін сен енді оған жаман қарауға тиістісің! Бұл
өмір заңы!»
Өзімен-өзі болып кеткен ханның ойын кенет Оспан-Қожа бөліп жіберді.
— Хан ием, — деді ол тұншыға қырылдай сөйлеп, — егер сен қазір мені
босатсаң, бәрібір мен саған рақметімді айтпаймын. Енді менің күнім біткен. Алла-
тағаланың жазғанын ешбір хан бұза алмайды, ал менің көп болса бір жұмалық
тіршілігім қалды. Сенен сол бір апталық тіршілікті сұрап алғым келмейді, сен хан
болсаң да... қалған күнімді одан артық ұзарта алмайсың... Қысқартам десең —
еркің... Бірақ сенен сұрарым басқа...
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
84
— Не сұрамақсың?
— Сұрарым — менің сөзімді тыңдап шық.
— Жақсы.
— Алдымен саған неге адал қызмет істеп келдім, соны біл. Есі дұрыс адам
Ұлықбек мырза тәрізді әділетті жанды өзің тәрізді қатыгез ханға айырбастамас
болар. Мен айырбастадым. Соның себебін есті.
— Жарайды, естиін.
— Жошының бесінші баласы Сайбаннан Бәниел баһадур туады, одан Иіс-Бұғы,
Иіс-Бұғы ұрпағы Абдол оғлан, одан Мөңке Темір хан, одан Фулат оғлан, Фулат
оғланнан Ибрагим оғлан, одан Дәулет-Шайхы оғлан, Дәулет-Шайхы оғланынан
өзің — Әбілқайыр хан тудың... Сенің он атаңдай менің де он атам болған... Бірақ
олардың аттарын ешкім білмейді. Білудің де қажеті жоқ. Сендер хансыңдар да, біз
құлмыз. Мен ата таластырып тұрғаным жоқ, айтарым басқа. Ұлы Шыңғыс хан
тұқымымыз десеңдер де, сендердің де іштеріңде құлдарды да адам санағандары
болған. Соның бірі сенің жетінші атаң Иіс-Бұғы сұлтан. О кісі хан тағына жеткен
жоқ, бірақ жауынгер адам екен. Осы Иіс-Бұғының құлы менің жетінші атам Қара
Нар деседі. Шамасына қарамай көжеге де қаймақ тұрады. Құл екенін місе тұтпай
бұ кісі де орасан батыр болыпты. Бір қанды айқаста өзінің төресін — Иіс-Бұғыны
жау қоршауынан құтқарам деп жүріп, қолға түсіпті. Бұл ұрыста жалғыз менің
бабам Қара Нар ғана емес, одан нәсілі де атақ-бағы да жоғары талай бекзадалар
тұтқын бопты. Ұрыс бітіп, екі жақ бітімге келіпті. Жеңген жау қолға түскендерді
бәлен қара төлеуін беріп, сатып аласыңдар дейді. Кей сыпайылардың құны он
жылқы болса, бір сұлтанның бағасы жүз жылқыға бағаланыпты. Ал сол айқаста
аса ерлік көрсеткен үш батырдың әрқайсысының құны үш сұлтанның құны депті.
Соның бірі менің жетінші атам Қара Нар екен. Қазақтың белгілі руларынан
шыққан ана екі батырды, жау жағының сұрағанын беріп елдері тез-ақ босатып
алыпты. Ал менің жетінші атам құлды кім үш жүз жылқы төлеп қайтарсын? Руы
жоқ сорлы, қатын-баласын қия алмай қан жылайды. Бірақ шабыншылыққа іліккен
ел орталарынан мал шығарып құнын төлей алмайды. Құлдардың аяқтарына кісен
салып, жаулары Қытайға апарып сатпақ боп ыңғайланады. Дәл осы сәтте Иіс-Бұғы
сұлтан келеді. Сөз айтпай үш жүз мақпал қара асыл жылқысын айдап беріп, өзін
ажалдан алып қалған құлды босатып алады. Қатын-баласына қосылып көзайым
боған Қара Нар Иіс-Бұғының аяғына жығылады. Жеті атаңның жеті ұрпағым құлы
болып өтсін дейді. Жеті атаң үрім-бұтағымды қойдай бауыздап жатса, қыңқ етіп
үн шығармауын, өзімнің ұрпағыма өсиет етіп кетем деп ант береді. Міне, сол Қара
Нардың жетінші ұрпағы мен боламын. Менімен сенің атаңа берген Қара Нардың
ұрпағының анты бітеді. Құлдың намысы хандікінен кем емес. Атамның антына кір
келтірмейін деп, бар қиянатыңа көне бергем.
Әбілқайыр мырс-мырс күлді.
— Сенің үкіміңді Қара Нар бабаң атам заманда айтқан болса, менің үкімім тек
сол үкімді орындау болып шығады екен ғой.
— Ол солай. Мені өз қолыңмен бауыздасаң да, құдай алдында сұрауым жоқ.
Оның үстіне күнәм бар.
— Қандай күнәң бар?
— Батыр Саянды қашырып жіберген менмін.
|