Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
60
мұндай жаза айтуға Сүйіншік көнбесе? Онда Күшкінші сұлтан бар емес пе? Жоқ,
Сүйіншіктің үкімімен өлуі керек! Сүйіншік жалғыз менің ғана емес, Рабиу-
Сұлтан-Бегімнің де ең жақсы көрер кенжесі! Жақсы көрер адамның сілтеген таяғы
жау таяғынан анағұрлым ауыр тиеді».
Әбілқайыр күміс қоңырауды қақты. Батыр Саяннан айрылып қалғаны үшін
хан үкімін күтіп Оспан-Қожа дәйекші зынданында жатқан. Үйге Бақты-Қожа
уәзірдің өзі кірді.
Хан есік алдында әмір күтіп тұрған уәзірді жоғары жақтағы кілемнің үстіне
апарып отырғызды. Әбілқайыр енді бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі емес, түнде
үй тонауға шыққан ұрыдай сыбырлай сөйледі. Бақты-Қожа уәзір хан сөзін кейде
естіп, кейде естімесе де, оның жұқа ернінің қимылдауынан, көзінде кенет жарқ ете
қалған рақымсыз оттан Әбілқайыр ойының бәрін түсінгені көрініп тұр. «Дұрыс,
хан ием, дұрыс!» деп кеудесінде тулай жөнелген
қуаныш толқынын баса алмай,
кенет дауыстап жібере жаздайды да, дер кезінде өзін-өзі әзер ұстап қалады. Жан-
жағынан діншіл, есуас топтың таспен шөкелеп жатқан Рабиу сұлудың қан-қан
болған суретін бір мезет ол көз алдына елестетеді де, ішінен «Сол керек саған
Темірлан қаншығы. Мені уәзір еткізбеймін деп бекер жанталаспаған екенсің, енді
айыбыңның есесін өзім қайтарамын» дейді.
— Анасының күнәкар екеніне баласының көзін жеткізу керек. Сөйткен күнде
ғана өлім жазасын Сүйіншік сұлтанға айтқызған лауазым, — деп Әбілқайыр хан
сыбырлауын тоқтатты.
— Құп, тақсыр, әміріңіз орындалады, — деп уәзір басын иді. Сөйдеді де бұ да
сыбырлады. —
Рабиу ханым жазасын айттыңыз, ал Ақжол биді қайтеміз? Батыр
Саянды қашыруда оның да күнәсі бар...
Күні-түні ақыл-ойын кіші бәйбішесіне деген өшпендік билеп кеткен хан, уәзір
сөзін бірден түсінбеді. Ұғып еді, көңілінде үнсіз жатқан күдік кенет шағатын
жыландай жиырыла қалды.
Бақты-Қожа бұл сұрақты бекер бергенін артынан ұқты. Көңілге кірген түйткіл,
қылаң берген жаумен тең. Ақжол би де бұның бас уәзір болмауына көп ой салған.
Бақты-Қожа: «Ақжолға өш екені ханның өзіне аян, содан сескеніп Рабиу-Сұлтан-
Бегім ханымға деген ойымның беті ашылып қалмаса нетсін? Рабиу-Сұлтан-
Бегімнің де мені бас уәзір еткіздіргісі келмегені өзіне мәлім...» деді ішінен.
Әбілқайырдың сезіктеніп қалғаны да рас еді. Рабиу-Сұлтан-Бегім мен
Ақжолды осы уәзірге бекер тапсырдым ба, қалай? Өш аламын деп тым асығыс
кетер ме екен? Бірақ әлгіде ғана жыландай, ой түкпірінде шумақтала қалған күдік
бұдан әрі жазылып енді қимылдамады, сол жиырылған қалпында қала берді.
Рабиу-Бикеге деген көптен көкірегінде ұялаған сенімсіздік бұрынғысынан да
күшейе түсті. Енді ол: «Бәсе, Ақжолдың тағдырын қалай шешу керек?» деп бір
ашуға бір ашуды қосты. «Батыр Саянды құтқарушының бірі Ақжол би екені
сөзсіз. Және Рабиу-Сұлтан-Бегім бәйбішеммен
байланысуларына қарағанда,
Арғынның бұл жүйрігі дүбірді алыстан қозғаған секілді. Маған деген көрлерін
тереңнен қазайын деген бе, қалай? Иә, солай тәрізді. Мұндай жағдайда Ақжолды
аяудың қажеті бар ма? Ақжолды аямау деген сөз, Жәнібек пен Керейдің
шаңырағын ортасына түсірумен бірдей. Арғын биінен алынған өш, Керей мен
Жәнібектен алынған өш!».
Орыс хан ұрпақтарының есімі аузына түсіп еді,
Мұхамед-Шайбаниға қараған
Бұрындықтың кейпі қайтадан көз алдында елестей қалды. «Біз Жошы тұқымының