Алтай өңіріне алпыс жылдан бері дəл осындай қалың қар жауғанын көрген жоқпыз



Pdf көрінісі
Дата14.10.2023
өлшемі0,6 Mb.
#114067
Байланысты:
DOC-20230912-WA0018.



Оралхан Бөкей
Қар қызы
"Алтай өңіріне алпыс жылдан бері дəл осындай қалың қар
жауғанын көрген жоқпыз",— деседі қариялар.
Расында да, бас көтертпей жауғаны соншама, есіктің алды,
қораның маңындағы қарды тазалап үлгере алмайсың, Ауыл-үйдің
арасына күреп жалғыз аяқ жол салудың өзі азабы мол жұмыс. Кейбір
салақ кісілердің бел ағашы борсыған мал қамайтын қоралары сыр беріп


алды — топ етіп төбесі ойылып түсіп жатыр. Күннің көзі жылт етіп
ашыла қалса, аппақ қардың астында бүк түсіп, қаздың
жұмыртқасыңдай томпайып-томпайып тілсіз жатқан үйлерді, сол
үйлердің қар кептелген мұржасынан жұлындай көтеріліп, жуастау
будақтаған түтінді көріп, бұл ауылдың адамдары қарға тұншығып өліп
қалмағанына тəуба жасайсыз.
Төрт түлік тебін жоқ, омалып қорада тұр. Тебінге шығарғанды
қойып, суатқа апара алмай əуре-сарсаңда жүр.
Міне, ұрланып басталып жапалақтай жауған қар мəңгілік сабырмен
аспан астын түгел жаулап алған. Аспан деп, баяғы ұғыммен айтамыз,
əйтпесе аспан жоқ, мың-миллион
— сансыз қар көбелектер ғана бір-бірін қуа жарысып, ойына келгенін
істейді. Осыншалық ғажап, құлаққа қорғасын құйғандай тыныштықты
Нұржан бұрын көрмеп еді. „Дүниеде қар жауған сəттегідей бейбіт те
тыныш өмір бар ма екен,— деп ойлады жүзін аспанға қарата. Жыбыр-
жыбыр қалықтаған қар жапалақтар бетіне асықпай келіп қонып,
жылбысқалана еріп, суға айналып бетін айғыздап аға жөнеледі. Ептеп
қытықтай ма-ау...
Өр Алтайды жайлаған үш жылғы құрғақшылықтың есесін осынау
ес жидырмай жауған қар қайтаратындай. Төпелеп жауған қар алғашында,
қызық əрі əдемі болып көрінген. Аққала жасап, асыр салып ойнаған
балалар, ұлпа мамыққа аунап жетіскен ауылдың қайқы құйрық иттері
əсіресе мəз еді. Үлкендер жағы да келесі жаздың жаңбырлы, рысты жыл
боларын сəуегейлеп, аса риза пейілде-тін. Амал не, сағынып көріскен
қардың аяғы, үлкен жұтқа айналмаса неғылсын: елді де, жан-жануарды
да əбден зықысын шығарып, мезі еткені рас еді. Борап, ұйтқып соғар
тентек мінез де танытпай, үн-түнсіз жауып алғаны ауыр екен: бірде
ұйқың келеді, бірде өз-өзіңнен жер тепкілеп айғайлағың келеді — сезімің
селт етпейтін сергелдең күй кешесің, əйтеуір, басынан кене шаққан
адамдай мең-зең, өз алдына лағып, бұйығы тартқан біреулер.


Жапалақтап жауған қардан қорғалап үйінде отыра берсе де
болушы еді, оған дəті шыдамады білем. Есіктен шыға делдиіп көкке
қараған Нұржан, тізеден асқан қарды омбылап, кеңсеге қарай тұңғыш
рет із салды. Өзінен басқаның бəрі қырылып қалғандай болып сезілген,
сөйтсе совхоздың кеңсесі бос емес. Упрай бастаған үш-төрт адам карта
ойнап отыр екен. Қуанып қалды.
— Хал қалай, бала?— деді езуіндегі темекінің сабақ жағын үзіп алып,
түкіріп тастаған бастық.
— Далада қар жауып тұр,— деді Нұржан.
— Қар бес күннен бері жауып тұр.— Упрай қолындағы қарғаның
мəткесін былғарысы жылтыраған столдың үстіне періп қалды.— Қане
сен де бір картаңды аш,— деді содан соң, қарсы алдындағы қара
жігітке. Ол осы ауылдың ақшасын есептейтін бухгалтер еді.
— Мінекейіңіз, басеке, біздікі валет.
— Түсінікті. Ар жағын ашпай-ақ қой, жарқыным. Көп болса тағы екі
валетің бар шығар. Біздікі — үш дама. Тринка заңында үш еркекті
əрқашанда үш қатын жеңеді,— деп тозығы жеткен столдың үстіндегі
ақшаны сыпырып, қалтасына салды.— Жүр, бала, сенде жұмыс бар.
Нұржан бөлімше меңгерушісіне еріп қарсыдағы кабинетке кірген.
Упрай төрдегі меншікті орнына нығыздана отырды да:— Өмірде де
солай,— деді.
— Түсінбедім,— деді Нұржан қабырғаға қатарлай тізген май-май кір
орындықтың біріне сықырлата жайғасып.
— Үш валетті үш дама əрқашанда, тіпті үйде де жеңе беретінін айтамын
да.


— Оныңыз рас.


— Оны қайдан білесің? Əлі қатын алған жоқсың.
— Сіздерді көріп те...
— Жə, шаруаға көшелік,— деп, жігіттің сөзін аяқтатпады.— Ал, бала,
жолға жинал. Сен баратын болдың.— Темекісін тұтатты да, шырпысын
сөндірместен шертіп жіберген. Мұншама дəл болар ма, қағаз қоқым
салатын шелектің ішіне сөнбей түсіп, лап етіп жана бастады. Нұржан
сөндірмекке тұра ұмтылып еді:— Тиме,— деді Упрай маңғаз үнмен.—
Жана берсін.
— Өртеніп кетерміз, аға.
— Өртеніп кетсек арман не... Кеңірдектен жауған қардың ортасынан
өрт шықса, əлемге əйгілі жаңалық болмас па еді... Сонымен...
— Сонымен, аға...
— Жаныңа тағы да екі жігітті тандап ал да, ертең ерте аттанып кет. Өзің
қалдырып кеткен сыбаға ғой, енді өзің алып кел.
— Айыртау менен басқа жұртты қабылдамай ма екен... Күздің
сылбыраңында табанымнан таусылғаным да жетер, келісімімді бере
алмаймын.
— Ол жағын біз... сізден сұрамаймыз да, шырақ... Давай, тілің мен
жағыңа сүйене бермей сапарға дайындал. Өз тракторыңа көңілің
көншімесе, осы ауылдағы он ДТ-ның көңілге жаққанын таңдап ал,
пожалыста, қолыңнан қақпаймыз.— Бұдан соң өзі ұзақ булығып жөтелді.
— Апырай, осы бір көксаулық итше еріп арылмады-ау. Тамағымды
жыбырлатады да тұрады.
— Май ерітіп ішіңіз,— деді Нұржан.


— Ендеше, сол жеңешеңнің ерітіп қойған майы суып қалар, мен
кеттім, Жолдарың болсын.
Орнынан асыға тұрып есікке беттей бергенде, əлгінде ғана кəперсіз
отырған жас жігіттің жан даусы шықты:— Ағасы, оу, ағасы! Бір минут
аялдай тұрыңызшы!
Упрай қол сағатына шапшаң қарады да:
— Тағы не?— деп сұрады шаршаңқы үнмен.— Үздік-создық қылмай
айтарыңды сразы айт, əкри.
— Мен бармаймын,— Упрай түсінбей қалды ма:
— Қайда?— деді.
— Айыртауға шөп əкелуге... басқаларды жіберіңіз. Жорғаның арқасы
құрғамайды деп, немене осы қымс етсе менен көре қаласыздар. Бұл
ауылдағы тракторист жалғыз мені бе екенмін, қазір екінің бірі міне
шабады.
— Ондай болса, жақсы.— Басын ұстап сəл ойланып тұрды да асықпай
барып „тағына" отырды. Аса сабырлылықпен жан қалтасына қол салды,
шылым алып тұтатты. Лапылдап жанған сіріңке шиін əрі-бері аунатып
отырды да, əдетінше шертіп қалды. Бірақ осы ретте бұрыштағы шелекке
жетпей-ақ сөніп қалған. Содан соң темекісін рақаттана сорды, түтінін
мүлдем жұтып қойды да, қайтара шығармаған қалпы столды алақанымен
салып қалып, айғайды сала ұшып тұрды. Тек осы сəтте ғана апандай
аузынан түтін бұрқ етіп атылды.
— Ойбай-ау, мынау не деген мылжың еді-əй, əкри... дүзге отырып-
отырып, аяқтамай айнып тұрып кетер бəдік екен-ау. Сен екінің бір
емессің, шырақ. Сен... мұқым ауданның маңдай алды механизаторысың,
білдің бе?!


— Білдім, ағасы, білдім. Бірақ...
— Бірақты қоя тұр, шырақ. Нені білдің?..
— Айыртауға мені жібермейтініңізді. Өйткені ондай қауіпті жерге
„маңдай алды" адамды айдамайды.
— Тфу, енеңді... Не деген көк ми едің.— Ерніндегі темекінің сабағын
тістеп, үзіп алды да түкіріп тастады. Бұл — бөлімше басқарушысының
ашуланғандағы əдеті еді. Маңайында ақ жоңқасы шығып жатқан
папиростың түкірінділеріне қарап, Упрайдың бір күнде неше рет
ашуланғанын санап алуға болушы еді. Ала көлеңкелеу бөлмеде екеуі де
біраз үнсіз, тым-тырыс отырып қалды. Аядай терезеден сыртқа
үңілсеңіз, жапалақтап жауған қарды ғана көресіз. Басқа дүние — қараң,
анда-санда қарсыдағы бухгалтерия бөлмесінен ауыл


азаматтарының əлденеге мəз, қарқылдап күлгені естіледі. Неге екені
белгісіз, Упрай аяқ астынанжуаси қалды. Нұржан осы кісінің қылтқып,
қысқа күнде қырық рет өзгерер мінезіне таң.
— Аға,— деді Нұржан қоңыр дауыспен.— Сіз бір нəрсені байқайсыз ба?
Мəселен, физикада мынадай заң бар.— Упрайдың алдынан бір бет ақ
қағаз жəне қызыл қарындаш алып жаза баста-ды.— Яғни заттың еркін
түсу үдеуі оның массасына тіпті де байланысты емес. Мінеки,
формуласы. Қараңыз.
Ғ-А
— Оны несіне арам тер болып айтасың. Енді елуден асқанда оқу
қонбайды маған. Менің өмір туралы өз формулам бар. Ол — адамның
қызмет істеп өсуі, тіпті де оның қабілетіне байланысты емес. Міне,
формуласы.— Нұржан ұсынған қағазға ол да жазды.— Яғни
управляющий тең — бүкіл ауылға...
У-А
Нұржан еріксіз күліп жіберді. Күліп жіберді де:— Демек, ағасы,
сау желіп тұрған техникамен Айыртаудан пішен алып келу, тіпті де
трактористердің „маңдай алды" механизаторлығына байланысты
емес. Кез келгенінің қолынан келер шаруа бұл.
— Сен осы, кімнен тудың, əкри?
— Сізден емес, əрине.
— Оны өзім де білемін... Давай сыңар езулемей жол қамына кіріс. Атаң
қазақта „Көп сөз
— боқ сөз" деген мəтел барын білесің.


— Атамыз қазақта „Ақыл адамға жас кезінде емес, қартайғанда керек"
деген сөз жəне бар.
— Атамыз қазақ тілімен орақ орған ел ғой, айтса — айтқан да шығар.—
Орнынан тұрып кетуге ыңғайланып еді.
— Оу, ағасы,— деп Нұржан қоса қимылдады.
— Не болды? Есіңе тағы бір формула түсті ме?
— Егер бір дене екінші денеге қандай күшпен əсер етсе... Жə, қойшы,
бəрібір ұқпайсыз. Айыртауға менен басқа біреуді жіберіңіз.
— Сен де сондай кері күшпен əсер етіп отыр екенсің ғой! Он жылдық
білімің бар, өзің ауылға есепшілікке де жарамай жүрсің. Ал мен
болсам халқымды жиырма жылдан бері бес-ақ класс біліммен
басқарып келемін.
— Ал сіз,— деді Нұржан жайбарақат жауап беріп,— Герон формуласын,
Ньютонның бүкіл əлемдік тартылыс заңын, қос мекенділер класын,
бақа-шаянның іш құрылысын, Абай, Жамбыл, Мұхтарлардың өмірбаян,
өлең-шығармаларын, Уругвай, Парагвай деген елдердің қай жерде
орналасқанын, тіпті жер шарында неше мұхит, неше құрлық барын...
— Жетті, жетті...— деп екі құлағын басты Упрай.— Ньютон деген
шалдың басына алма құлап, шошып оянғанын білмейді дейсің бе?
Бұрұндайда үлкен қызым турады, алдыңғы жылы барып қайтқанмын.
Нұржан ішегін басып ұзақ күлді. Қар тынымсыз жауып тұр. Қарсы
бөлме — қарқ-қарқ күліп жатыр.
Упрай бұдан соң күлкісін тыя алмай отырған Нұржанға ақыл үйрете
бастады.— Давай, сен, шырақ, күлкіні доғар, əкри. Зато, мен
шаруашылықты білемін, соғысқа барып сендей саудайыларды


қорғағанымды білемін, қысқасы — сенің Айыртауға аттанып, күзден
қалған шөпті алып келеріңді білемін!
— Соғыста мен де болғанмын, аға,— деді Нұржан.
— Кепкеніңнің басы.
— Иə, рас айтамын. Шекарада служит еттім. Соғыстан айырмашылығы
— атыспағанымыз, атысуға жібермегеніміз ғана... Отанды оқ атпай
күзету, анау-мынау соғыстан əлдеқайда қиын. Өйткені жау көзге көрініп
тұрған жоқ. Сіздер секілді „уралап", тисе терекке, тимесе бұтаққа деп,
теріс қарап, көзді жұмып оқ жаудыра берген жоқпыз...
— Осы күнгі жастар нашарлап, тұқымымыз азып барады,— деп
қолын бір-ақ сілтеді Упрай.
— Тұқымның азуы сортына байланысты ғой, аға...


Сөзден тосылды ма, əлдебір нəрсе ойына түсті ме, басқарушы терезеден
тысқа көз салып, ойланып отырып қалды. Қар тіпті үдей түскен секілді.
Адамды жындандырып жіберетіндей тыныштық орнап еді, оның өзі
ұзаққа бармады.
— Иə-ə, біз не көрмедік,— деді ауыл ағасы терең күрсініп. Қара
көлеңкелеу бөлмеде қара торы жүзі одан əрі қабарып, түтігіп
отырғандай.— Не көрмедік. Енді міне, саудың тамағын ішіп, аурудың
сөзін сөйлеген ұрпақпен ұрыссып, жүз жылға бір-ақ қартайғанымыз.
Ішкендері — алдында, ішпегендері — артында, көйлек — көк, тамақ —
тоқ.
— Таусылмаңызшы, аға, мен-ақ барайын.
— Е, бəсе,— деп қарқ ете қалды Упрай.—"Абыройлы комсомол" деп
аудандық газетке бекер жазбаған екен. Алғашында осы қиқар жігіттің
қай жері абыройлы, деп нəумезденіп жүр едім, ол ойым бекер болып
шықты.
— Одан да сол газетіңіздің жазбай-ақ қойғаны жақсы еді. Менің
фамилиямды жазып, қыздың суретін басып құдай ұрыпты.
— Мен өзіңнің суретің шығар-ау дегенмін. Осы күні қыз бен жігітті
айыру қиын болып кетті ғой. Шаштары желкесін жауып, шалбар киген
албастылар.— Булығып келген жөтелін тамағын кенеп басты.
— Жеңешемнің ерітіп қойған майы суып қалар, тоқ етеріне көшелік,
аға. Сізге қояр үш шартым бар.
— Айт, айта ғой, шырақ. Қасқалдақтың қаны, адамның жаны емес
шығар.— Орнынан тұрып, Нұржанның қасына келді.
— Біріншіден, көмекшілікке Аманжанды аламын. Ол — өте сенімді де
мықты жігіт.


— Ой, құдай-ай,— Упрай қарқ етіп күліп жіберді. Содан соң
Нұржанның арқасынан қақты.— Əкет, əкет сол итаяқ ауыз сойқанды.
Ішкі жаққа ептеп қалдырып кет өзін...
соңынан іздеп барар адам да жоқ.
— Жоғалсаң іздер адамға қай қайсымыз да зəруміз-ау, аға. Сонымен,
екінші көмекшілікке
— Бақытжан шыдас берер. Терісі қалың, толық жігіт, арық-тұрақ
біздерге жылу беріп жүрер.
Не дер екен деп басқарушының бетіне қарайын деп еді, ол терезеге
бұрылып, мықынын таяна ойланып тұр екен. Біразға дейін жауап
болмады.
— Кімді дейсің?— деп қайта сұрады сол теріс қараған қалпы.
— Бақытжанды.— Қышыған жеріне тигенін Нұржан да білді. Қасақана
қаттырақ айтты.
— Ол жігіттің өзі қалай екен, шаруаға қыры жоқ, бос белбеу, орашолақ
емес пе...
Мынадай жауапкершілігі үлкен, қиын сапарға жарар ма екен?..
— Айыртаудан шөп əкелу Сандыбадтың жетінші сапары емес шығар.
— Шырағым, Сандыбадтың сандалбайынан мың есе ауыр сапар бұл.
Жігіттің жігіті ғана төтеп бере алар. Оның үстіне биыл қыс қатты, қар
қалың. „Қар қызы..." деген бəле оянып кетіпті деп жүр ғой. Не құт, не
жұт...
— Ол жағын мен білмейді екенмін.


— Білмегенің жақсы, бəрібір осы күнгі жастар сенбейді.
— Е-е, есіме жаңа түсті... Қар қызы туралы аңызды айтасыз ғой. Күзде
Айыртауға барғанда естігенмін. Рас болса ғой, шіркін... Нұржан бұл
сөзді аһ ұрып арманмен толқып айтты.
— Рас болса, сол қызға үйленейін деп пе едің? Жə, былжырақты
қоялық, үшінші шартыңды айт, шырақ.
— Үшіншіден, ағасы, үстіңіздегі тоныңызды басыңыздағы құндыз
құлақшынды, аяғыңыздағы ақ пиманы прокатқа бере тұрасыз. Аман-
есен қайтып оралсам, өзіңізге қайтарамын...
Упрай кеңк етіп күлді. Күлді де:— Мүмкін іштəнім мен іш көйлегімді
қоса аларсың...— деп мысқылдаған.— Расында да, Қар қызын
айттыруға баратындай-ақ, үлде мен бүлдеге оранбақ-ау.


— Үлде мен бүлдеге, ағасы, тек қана бастықтар орансын деген заң
құрығалы алпыс жыл болды. Ал іш киімдеріңіз маған кеңдік жасайды.
— Ендеше, барлығы да кеңдеу...
Осы кезде есік сыңсып ашылды да, Бақытжан сығалады. Жып етіп
қайта жаба беріп еді, ары-бері теңселіп жүрген Упрай:
— Бері кел, ей,— дел дауыстап шақырды. Бірін-бірі итере
табалдырықтан аттағаи Бақытжан мен Аманжан, есік көзінде қалтиып
тұрып қалып еді.— Төрге шығыңдар, ұзынды-қысқалы қоқиқаздар,—
деп əзілдеген болды Упрай. Екеуі бірдей адымдап келіп, Нұржанның
жанына жайғасты.
— Үйіңізге барсақ қой, дəл осылай құрметтемес едіңіз,— деді Аманжан
əдеттегі шатаққа құмар морт мінезіне басып. Оның сөзін бөлімше
басшысы мүлдем естімеген.
— Мəселе былай, жігіттер,— деп төтеден бастап еді, Бақытжан да
тыныш отырмай, бір қысыр сөзді бықсыта жөнелді.
— Ағасы, жаңа сіз бізді қоқиқаз деп оскарбит еттіңіз, ондай құс барын
қайдан білесіз. Айталық, мектепте биология, зоологиядан менен артық
білетін бір оқушы болмаушы еді. Əлі есімде...
— Естелігіңді тездетіп айт, күн суық,— деді Аманжан.
— ... Əлі есімде, алтыншы класта оқып жүргенімде „көшпелі шегіртке",
„көкқасқа шегіртке" деген екі сұрақ келді. Шегіртке, — деді Упрайға
бажырая қарап,— өте мешкей болады, аға.
— Сенен де ме?— деді Аманжан тек отырмай.


— Сөзді бөлме, бұл саған қатысты мəселе емес. Айталық, бір ұрғашы
шегірткенің ұрпағы өздерінің даму мерзімінде 300 килограмнан артық
жас өсімдіктерді жейді екен. Шегіртке, жолдас управляющий, жем
талғамайтын зиянкес...
— Сонда қалай?— Упрай алақанын жая сұрады. Ғажап, не
ашуланбады, не ұрыспады, құрдасымеи қалжыңдасып отырғандай
жайбарақат та мықты жауап қайтарды.— Сендер қоқи қаз, мен —
шегіртке болғаным ба? Сол сен айтқан алтыншы класта менің ұлым да
оқиды. Кітапты үнемі дауыстап оқитын, содан естіп едім, қоқиқаздар
тамақтанған кезде жиі-жиі қарқылдаған тұрпайы үн шығарады
дегенді...
— Бір де — ноль, аға, сіздің пайдаңызға,— деді Аманжан.
— Жə, жігітгер, ойнасақ та біраз жерге бардық,— деді Упрай,— мəселе
былай...
— Мықтыларым сөз айтса, бас изеймін шыбындап...
— Қаңтардың қақаған суығында шыбындамай, сөзге қонақ бер,— деп
Бақытжанға жекіп тастады. Анау қайтып жағаласпады.
— Мəселе былай...
— Аға,— деді бағанадан бері лəм демей отырған Нұржан.— Сапар
мəселесін өзіміз-ақ реттейік. Тек, жылы киім жағын қайтеміз.
— Сен де бір қадалған жеріңнен қан алатын бəле екенсің. Жəрəйді,
менің пимамды ал. Упрай əңгіме тамам дегендей орнынан тұрды.
Шапшаң қимылдап есікке беттеді де, соңынан ілесе шығып келе
жатқан үш жігітке жалт бұрылды.
— Мен сендерді аяймын, шырақтарым. Бұл сапар — өте қауіпті екенін де


білемін, амалым қайсы,— деп алақанын жая шарасыздық қалып танытты.
— Совхоздың малы қырылып жатыр. Тіс шұқитын шөп жоқ. Үш жыл
қатарынан болған құрғақшылық есімізді шығарып жіберді. Егер дəл
осылай тағы бір жыл кəрін тіксе сырты түк, іші боқ хайуан қалмас. Ондай
жағдайда біздің жер басып жүруіміз екіталай.
Барлығы дабырласа тысқа шыққанда қардың бағанағыдан ары үдегенін
байқады. Қалың жауған кезінде төңірек қара құрықтана тұтасып,
көрінбей кетеді екен. Əп-сəтте-ақ қарайған нəрсені ақ киізге орап
тастайды. Дəл қазір жер бетінде қара түр жоқ, мұқымы — аппақ. Сол
аппақ лайсаңның ішіне енген кісі де табиғаттың əзіргі бояуына көше
жөнелді. Алғашқы қар жапалағы Нұржанның ұзын кірпігіне келіп қона
қалып еді, еріген жоқ, кірпігі қимылдаған сайын, қоса шошаңдап
көбелекше жабысып тұр.
Дүние жым-жырт. Қар қылғытып қойғандай.


— „Қар қызын" көрсеңдер сəлем айтыңдар, үш жыл кенеземді
кептіріп, қаңсытқаны да жетер. Бір шалға өкпелеймін деп, мұқым елді
қырып алмасын,— деді бөлімше басқарушысы ойын-шыны аралас.
Құндыз бөркін басынан жұлып алды да, жамбасына қағып-қағып,
қарын түсіріп қайта киді.
— „Қар қызы" деген қиссаны қайдан шығарып жүрсіндер осы. Ондай
ертекке қазір бала да сенбейді. Əйда, не тұрыс, кеттік,— деді Аманжан
тықыршып.
— Аға, сіздің үйден оразамызды ашып шықпаймыз ба?— деді
Бақытжан.— Қауіпті тапсырмамен аттанып барамыз, мүмкін, бұл
ақырғы дəміміз шығар...
— Қайдағыны оттама!— деді Упрай.
— Осы күнгі жастар бұзылған...— деді Нұржан мысқылдап.— Ал, сау
болыңыз, аға. Енді көре алмаспыз сізді. Таңертең ерте жүреміз ғой.
— Сау болыңдар. Дегенмен ақыл тапқан сендер ме деймін. Көрінгенмен
кеңірдектесіп абаласып ауылда жүргенше, айдалада ойхой дүние кешіп,
жандарың тынышталады. Менің күнім болса мынау, топалаңдардың
тұтқыны болып, өлгенше түспес қамытты мойныма іліп жүргенім...
Кейде екі қолымды төбеме қойып, басым ауған жаққа лағып кеткім
келеді... Əй, қойшы, біреудің мұңын біреу тыңдаған заман ба?..
Упрай қолын жалғыз-ақ сілтеді де, жалт бұрылып жүре берді. Жігіттер
аң-таң. Қапалақтап жауған қардың астында сүмірейіп тұрып қалған.
— Өмірде осындай да адамдар бар,— деді Нұржан, екі жағасы мен
өңіріндегі ұлпаны қағып.— Қай сөзіне сенеріңді, қай мінезіне
көнеріңді білмей дал боласың.


— Екеуіне де сен, екеуіне де сенбе,— деп жұмбақтады Бақытжан.
— Ал, не тұрыс,— деді шыдамсыз Аманжан.— Біздің үйге кеттік.
Шырмауық салып ашытқан бал сыра бар...
— Əуелі жол қамына кірісейік,— деп еді Нұржан.
— Оған кірісетін түк те жоқ. Тракторға от алдырамыз да, қайдасың Қар
қызы деп аңыратып қоямыз. Əйда, жүріңдер,— Екі жігіттің екі жеңінен
ұстап дырылдата жөнелді. Олардан басқа қыбыр еткен жан жоқ еді
далада. Əншейінде, ырбыңдап, арсылдап аяққа оралғы болар ит-екеш
итке дейін ине жұтып, қырылып қалғандай, Қарқылдап ұшар қарабайыр
қарғалар да жым-жылас. Тек қана қар — аспанда, жерде. Сол қар
мұхитының ортасында қалқаң қағып, ала жөнелген үш жігіт
Аманжанның қос бөлмелі ағаш үйлеріне жақындағанда, алдарынан атты
адам жолықты. Сауырынан қарлы су сорғалағап аттың ақ, қара, құласын
ажырату қиын, қыстап жіберген қатты жүрістен екі бүйірі солықтап,
танауы пыр-пыр етеді. Ер үстіндегі еркек таралғы бауға аяғын шірене
тіреп:
— Упрайды көрдіңдер ме?— деді.
— Осы жаңа ғана үйіне кетті,— деді Нұржан.— Асығыссыз ғой.
— Əкеңнің аузын... Асықпағанда қайтем... Мал қырылып жатыр,— деді
түтігіп.
— Кімнің əкесін ауызға ұрасыз?— деп қырсықтана сұрады Аманжан.
— Барлығының да... Осыдан үш күн бұрын қар итеріп, қойға тебін
аршып беруге бір трактор жіберем деп еді, əлі жоқ. Жаңа үйіне барсам,
тракторды қармен көміп, балаларға сырғанақ жасап беріпті де,
шалқасынан түсіп, аузынан су ағып мас болып жатыр.
— Ой, одан шығады,— деді Бақытжан.— Бəсе, өзі де, ДТ-сы да жоқ
болып кетіп еді.


— Ал енді бар үміт сендерде,— деді Қойшы жалбарына қарап.—
Сендер жүріндер. Ақысын қалтамнан да төлеймін, нəрет те
жаптырайын. Əкесінің аузын... елу шаршы шақырым жердің тебінін
аршып берді деп, қол қоймасам, атымды басқа қойыңдар.
— Бізді Айыртауға пішен əкелуге жіберіп қойды, аға. Əйтпесе келісер
едік.— Нұржан сыпайылап жауап беріп еді, анау қамшысын бір-ақ
сілтеді де, буы бұрқыраған атын екі өкпеден тебініп қалды.
— Ой, құдай-ай, сендермен қысыр əңгіме құрып тұрғанда бес-алты
тоқты өліп қалды-ау. Упрайдың өзіне малын санап беріп, басым ауған
жаққа лағып кетпесем...
Құйын-перен шапқылай жөнелді. Артында бұрқырап қар бораны қалды.
„Мұның да басы ауған жаққа лағып кету ойы бар, еріктеріне салса, бұл
ауылда бір түйір адам қалғысы жоқ,— деп ойлады Нұржан.— Сонда
қайда барады?"


Қар толастар емес... Үнсіздікті де осы қардан үйрену керек шығар...
Аманжанның шешесі дүние жүзіндегі тұйық əйел еді. Көшеде кездессе,
жоқ болмаса үйіне кір немесе үйіне келіп сəлем бергенін, сəлем алғанын
ешкім естіген емес. Ерін ұшын болар-болмас жыбырлататын да, көзінің
астымен ақырын ғана қарар еді. Тіпті ол кісінің жүріс, тұрысы ептеп
қорқыныштылау да болып көрінетін. Көрші-қолаңмен де онша араласы
жоқ, өзімен-өзі болып, ертеден қара кешке дейін қолынан тоқымасы
түспейтін. Бүкіл ауыл-аймақ шұлық, қолғап, жейде, шəлі тоқытып тыным
бермейтін. Өмірде кісінің көңілін қалдырап көрмеген ол үй шаруасына да
қарамай, елдің ісімен шұғылданып отырушы еді. Осы тым-тым ақ
пейілділігі үшін ұлы — Аманжан талай рет ұрысты да, өкпеледі де,
бəрібір қол қусырып қарап отыру қайда. Осындай, жападан-жалғыз
тоқыма тоқыған оңаша сəтінде, əлдебір əдемі де мұңлы əуенді ыңылдап,
ауыр ойға берілер еді. Қолындағы жіпке көзінің жасы сырт-сырт тамып,
қай-қайдағысы есіне түсер еді. Аманжанның анасы бұл елдің қызы емес.
Айыртау жақтан жер ауып келіпті. Сондықтан да ол əйелдің өткені
жайлы, бұл ауылда ешкім де ашып айтып бере алмас. Ал өзі күні бүгінге
дейін өмір-тарихы туралы жұмған аузын ашқан емес.
Ұлы Аманжанның кімге тартып туғанын жан адам білмейді. Ішкері
жақтан жалаңаш қойнына, кенгурудің баласындай салып əкелген қызыл
шақа ұл, бүгінде тепсе темір үзетін зіңгіттей азамат болып өсті. Бірақ
шешесінің кең пейілін бермеген, тым-тым қатал, басбұзар тентек.
Фамилиясы да шешесінің əкесіне жазылған. Аманжан ес білгеннен бері
анасына жалғыз-ақ сұрақ қойған:— Əкем қайда?— Шешесінің жауабы
да қысқа болған-ды:— Соғыста өлген...
Соғыс деген талай дүниенің астан-кестеңін шығарып қана қоймап
еді. Соғыс — талай қулық пен сұмдықты тас-талқан етті. Елдің
тəубасын есіне түсірді. Соғыс сандаған күнəны тудырды, сандаған
күнəны ақтады да. Əйтпесе 1946 жылы туған Аманжанның əкесі қалай
ғана соғыс жылдарында өліп қалады. Осындай соғыс тудырған əрі
тудырмаған, бірақ соғысқа сілтеген қисынсыздар ел ішінде көп-ақ еді...
Соның бір құрбаны, осы сырықтай ұзын бойлы, ала көзді Аманжан-


тын.
Есіктен үсті-басын қағына, жөтеліп кірген жігіттердің есендесуін бір
бұрышта, тулақ үстінде жүн түтіп отырған Үндемес шешей (ел солай
атап кеткен) ернін жыбырлатып қана алды да, қайтып тіл қатқан жоқ.
— Ол кісіге алаңдамаңдар,— деді Аманжан пештің иығындағы ағаш
күбіні еппен алып тұрып.— Ол да бір — қара тас та бір.
Оның бұл қатты сөзі Нұржанды тіксіндіріп тастады. Анасы туралы
анайы сөз айту, көргенсіздік қана емес, аса тұрпайылық еді. Бірақ
Үндемес шешей ұлына қарады да, лəм деп тіс жарған жоқ.
Үшеуі дөңгелек жозыны қоғамдай отырып, шырмауық иісі
мұрынды жарған сары сыраны біраз еңсере ішіп тастады.
— Рақат екен,— деді аузын жеңімен сүрткен Бақытжан.— Сарайым
сайрап қоя берді. Жолға аздап ала шықса қайтеді өзін...
— Қатқаныңның басы, қатып қалмай ма,— деді Аманжан.
— Шынын айтқанда, сол бір ит өлген жерге барғым келмейді,— деді
Бақытжан.— Он жыл бірге оқып, бірге өскен сендерді қимадым.
— Менің де зауқым жоқ,— деді Аманжан.— Күзде сен болдың ғой,
қандай жер екен. Елі сараң дегені рас па?
— Рас,— деді Нұржан.— Күзде үсіп-жығылып аулымызды əрең
тапқанымыз. Енді шегінетін жер жоқ. Уəдемізді беріп қойдық.
— Мына салқын сыраң басыма шыға бастады,— деді Бақытжан.


— Ал, рақмет, қайтайық,— деп Нұржан орнынан тұрды.— Жолға
дайындалу керек. Білгендей-ақ тəтеме монша жағып қой деп едім.
— Дайын болғанда хабарларсың, бəріміз де ұлы сапарға тазарып
шығалық,— деді Аманжан.


Жігіттердің шығып бара жатып „сау болыңыз" деген сөзін
жүн түткен əйел естімегендей, жауап бермеді.
Нұржанның шешесі — жастай жесір қалған адам. Бір ұл, бір қызы
бар. Екеуі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Нұржан қара торы бұйра шаш
та, қарындасы көгілдір көзді шикілі сары. Оның сырын, осы ауылдағы
сыпсыңқайлар сан-саққа жүгіртеді. Бала кезінде Нұржан талай мазаққа
ұшырап ашуланды да. Бірде „Айғай апасынан" (жұрт осылай атайтын):
„Менің əкем қайда?"— деп сұрады.
— Соғыста өлген,— деп айғайды сала жауап берді. Мың да тоғыз жүз
қырық алтыншы жылы дүниеге келген Нұржан „соғыста шейіт" болған
қайран „əкесін" содан қайтып іздегенді қойған. Бəріне де соғыста
өлгендер емес, соғыстан аман келгендер „кінəлі" екенін, кейінірек
сезді ғой.
Ал Бақытжанның майданнан қара қағаз келген əкесі осы ауылда
тірі жүр деген лақап сөз бар. Кім білсін? Бəріне де қу соғыс кінəлі...
„Айғай апасы" монша жағып қойған екен.— Қайда жүрсің қаңғырып,
— деп дүрсе қоя берді.
— Түу, естіп тұрмын ғой, осынша неге айғайлайсыз,— деді Нұржан
шешесіне кейіп.
— Өлгенің құрғыр, аспан қарға айналып кетті ғой деймін; бас
алдырмады ғой. Əлгі қарындасың сабағына əрең кетті қонышынан
қар саулап. Таза киімдеріңді дайындап қойдым...
— Аманжан мен Бақытжанды шақыра салсақ...
— Немене, шешелерінің аяғына жара шыққан ба екен, жағып берсін


моншасын. Өй, анау „үндемес шешейдің" бойында жаны бар демесең,
таңертеңнен кешке дейін астына жіберіп қойған баладай бажырайып
отырғаны. Ұлы жынданып кетпей қалай жүр.
Анасының ала құйын мінезіне əбден сыралғы болған ұлы ұлпа қарды
омбылап жүгіре жөнелді.
Қар толастар емес. Аспан жоқ. Қаптаған қар-шыбындар ғана.
Осындай қалың қар жауған күні біздің үш жігітіміз ағаштан қиып
салған моншада рақаттана жуынып, бірінің арқасын бірі ысып,
əңгімелесіп отырды. Қолдарында қайыңның бұтағынан жасалған
сыпыртқы, күйіп-жанған тасқа бір бақыр суық суды шашып қалады да,
лап етіп көтерілген ыстыққа шыдамай ырсылдап, сабана жөнеледі.
Іштеріндегі өкпесі өшпей, жүрегі күймей сабана беретін — Аманжан
болып шықты. Ана екеуі „ойбай тұншығып өлдім"— деп есікке қарай
тұра безді. Ал Аманжан болса қара тасқа аяқ-аяқ су шашып өзін-өзі
сартылдатып ұрады-ай. Есікті далдалай ашып, бастарын табалдырыққа
итше жастап, таза ауа жұтқан Нұржан мен Бақытжан құрлықта қалған
балықтай солықтайды.
— Əкең... Жанұзақ ағасына тартқан,— деді Бақытжан.— Қолына қолғап
киіп алып сабанушы еді. Ол моншаға түскен күні ұлы-жіңгір шапқын
болатын. Бір түскенде — бес сағат түсер еді тас моншаға... Отыз бес рет
сусын алдырып ішетін. Жəкеңнің он баласы монша мен үйі екі
ортасында сусын тасып, ала шапқын болып жүрер еді...
— Былжырамай жатыңдар,— деді Аманжан ырс-ырс етіп.— Жалаңаш
денелеріңе ыстық су шашып жеберемін.
— Сенен ондай ерлікті күтуге.болады,— деді Нұржан бетін суық
сумен шайып.— Ал қышуың қанса есікті ашайын.


— Тұра тұр кішкене,— деді арқасын қайыңның бүрімен осқылаған
Аманжан. Өне бойы білеу-білеу қызарып қалған екен. Қолқаны қапқан
қаңсық иіс, ыстық бумен жағаласа далаға қашып шығады. Ағаштан
өрген аласа монша өр Алтай елінің ермегі секілді еді. Таза жүруіне ғана
емес, суық тиіп тымауратса да осы тас моншаның табына жүгіретін.
Айнала толған ағаш, кесіп-кесіп тасы қызарғанша өртеп жағатын.
Шелек-шелек су тасып, таспештің үстіндегі тайқазанға құйып ысытатын.
Кейде үлкен кісілер осы су сарқылдап қайнауға айналған қазанға —
арша тастап, жуынғанда судан қош иіс шығып тұрушы еді. Жарықтық,
арша атты қасиетті өсімдік адамның денсаулығына да пайдалы деседі.


Түшкіріп, пысқырса болды қураған аршаны үгіп-үгіп газетке орап,
темекі қылып тартқан Жанұзаққа жұрт бекер күледі де...
— Уа, рақатқа бір баттым-ау,— деп, биік сəкіден қарғып жерге түскен
Аманжан беті-қолын босаға жақта құюлы тұрған суық сумен жуып,
тырайып-тырайып, салқын ауамен тыныстап жатқан жолдастарының
қасына жайғасты:— Жігіттер, кешке киноға барайық,— деді
Бақытжанның жалаңаш құйрығынан шапалақпен салып қалып. Су-су
алақан болбырап жіпсіп жатқан денені оңдырмай ысып жіберді білем,
бес саусақтың тарбиған қып-қызыл таңбасы қалды. Анау, ойбайлап атып
тұрды.
— Ой, əкең... жынданып кеттің бе, əкри. Аманжан қарқ-қарқ күлді.—
Нешауа, өкпелемей-ақ қой. Кешке киноға кіргіземін.
Дардай жігіт болса да “киноға кіргіземін” деген сөзге мəз болып,
құйрығын сипалаған күйі қайта жатты. Осы үш жігіт те бір күн қалмай
дедектеп жұмыс істейтін. Упрай мен бригадир қайда жұмсаса сонда
безектеп елпектеп отырса да, айлық табыстары алпыс-жетпіс сомнан
асқан емес. Аспайтын себебі, құрғақшылық үш жыл қатарынан болып,
жемшөп тапшылық жасауы. Бір айыр шөптің өзіндік құны бір сомға
дейін барды. Жазы ыстық, қысы қатал болды. Топырлап мал қырылды.
Сонау осыдан мың шақырым шалғайдағы тың игерілген даладан
арқалағандай болып сабан тасылды. Өзгелерден гөрі қайта осы үшеуі
табысты еді. Бес жыл қатарынан тек қана шығында отырған совхоздың
кейбір мүшелері əншейін бостан-бос, бекер істеп жүрер еді жұмысты.
Айдың аяғында:— „Бересі болып қалыппын, əкри",— деп, темекі алу
үшін əйеліне алақанын жайып, баланың ақшасын сұрайтын. Өкімет
соңғы кезде əр баланың басына пособиені көбейтіп жақсы болды.
Əсіресе ер-азаматтар жағы риза. „Шамаң келсе таба бер",— дейді,
əйелдеріне. Сельсоветтен болмаса, совхоздан қайыр жоқ, таба бер..." Ал,
обалы қане, ауыл əйелдері шамасынша-ақ босанып жатыр. Əр үйде 7-8
бала бар.


Үш жігіт буы бұрқыраған моншадан шықты. Қар əлі жауып тұр. Кешке
клубтың алдында кездеспек болып, үйді-үйіне тарады.
Қар жапалақтап жауып тұр. Толастар емес. Егер тағы да дəл осы
қарқынмен бір тəулік жауатын болса, сөз жоқ, жұт болатын сыңайы
бар.
Клубтың маңайында есік-терезеден сығалап, қар омбылап жүрген
бірен-саран балалар болмаса, ересектер жағы аз көрінеді. Клубтың дəл
маңдайында жарқыраған жетім шам жарығынан қардың саулап,
айналып ұшып жауғаны анық көрінеді де, былайғы қою қараңғылыққа
ұласқан жағынан ештеңе аңғара алмайсың. Ғайып болған аспанға
қарасаң ғана, бетіңді жыбырлата қытықтаған қар қиындыларын сезесің.
Клуб маңындағы бес тиындары болмай, киноға кіре алмай қалған
балалар, қар көбелектерін тілімен аулап мəз болады.
Нұржан есіктен қарап еді, екі жолдасы тақтай орындықта қайқайып
отыр екен, мұны көрген соң:— Кіре бер, белет алып қойғанбыз,— деді.
Клубтың ішінде үлкендер жағынан тым аз, өмір бақи кинодан
қалмайтын Жанұзақ пен Қайырлы ұста ғана тоңға оранып, қанатқа
сүйене қиқайып жатыр. Сахнаның алдында бірінің бөркін бірі
лақтырып, мойындарына қар салып, шулаған он шақты бала бар.
— Ей, шие бөрілер, шуламаңдар!— деп, Жанұзақ қоқиланған болып еді,
ешқайсысы пшту демеді де. Клуб іші салқын. Есіктен бір құшақ суық
ертіп осы ауылдың екі-үш мұғалім қызы кірді. Институт бітіріп, одан
кейін екі-үш жыл жұмыс істеп үлгерген қыздар үш жігіттен де ересектеу
еді, оларды пəлендей мəн беріп қызықтай қойған жоқ. Қоңыр түбіт
шəлілеріне жабысқан қарды қағып, босаға тұста аз-кем аялдады да,
Нұржандардың алдындағы орыңдыққа келіп қонақтады. Аманжан
жыбыршып тыныш отырмай:
— Сəлеметсіздер ме, апайлар,— деді. Ішіндегі ұзын бойлысы:


— Есенбісің, ба-у-ы-р-ым,— деп нығарлай жауаптасты. Бұдан ары
əңгіме болған жоқ. Сегіз ересек, он балаға арналған Индия киносы
басталып кетті...
Терезенің қырауы еріп, тесік жасалды. Түймедей ғана аршылған
əйнектен жалғыз көз сығалады. Əке-шешесі ақша бермеген баланың
қашанғы əдеті осы, қысы-жазы терезеге жабысып, таласып-тармаса
сығалап тұрғаны. Бұл уақиға үш жігіттің басынан да талай


өткен. Аманжан əлгі танадай тесікті құлақшынымен жауып, баланың ит
жынына тиіп еді, Нұржан ұрсып тастады:
— Өзің сығалаған тесік еді ғой, қойсаңшы,— деді.
— Ей, ұстаздар,— деді Аманжан ұзынтұра қыздың арқасынан түртіп.—
Оқушыларыңа бес тиын берсеңдерші, обал ғой.— Мұғалім-қыздар сөз
таластырмады. Бұл жігітпен дауласып береке таппасын білуші еді, лəм
деген жоқ.
Сыртта алпыс жылдан бері жаумаған қар төпелеп тұр.
Осы күні Нұржан ұйқтай алмады. Ары аунап, бері аунап, тіпті, жамбасы
талғандай болған соң, шолақ тонын жамылып тысқа шығып еді, қар толас
тапқанын сезді. Қараңғыда білінбеді де, аспанға қарап, бетін тосты, қар
ұшқыны тимеген соң ғана:— Сап болған екен,— деп шалдарша өз-өзінен
күбірледі. Қайтып келген соң да, көзі іліне қойған жоқ. Қайдағы-жайдағы
есіне түсіп басы мыңғы-дыңғы болды. Төргі бөлмеден кəперсіз ұйқтаған
шешесі мен қарындасының пысылдағаны естіледі. Бөтен дыбыс жоқ,
талықсыған тыныштық. Не заматта барып кірпігі айқасқандай болып еді,
есік сықырлап ашылып, үйге аппақ кебіні бар қыз кіргендей... Тас
қараңғы бөлменің іші жап-жарық болып кетті. Босағаға сүйеніп үндемей
тұрған қыздың көзі шырақ болып жанады. Неге екені белгісіз, Нұржан
қорыққан жоқ. Өңі ме, түсі ме ажырата алмай дел-сал жатты.
Қимылдайын деп əрекеттеніп еді, тырп ете алмады, тіл қатпақ болып еді,
жағы ашылсашы... Ақ тер, қара терге түсіп терледі. Тəңірім-ау, тіпті ояу-
ақ жатқан секілді. Əне, қыз тұр аппақ болып, міне құлағына шешесі мен
қарындасының пысылдап ұйқтағаны естілді... Ғажап! „Əй"— деді, үнін
шығара алмады. Енді не істеу керек? Бəлкім, Қар қызы деп көкіп
жүргендері осы шығар. Жүрегі тулап, алқымына кептелді. Не істеу керек?
„Əй”— үні шықпады. Қос жанары шырақ болып жанған қыз əлі тұр
босағаға мұңая сүйеніп.
Өлдім-ау дегенде қыздың сыбырлағаны естілгендей болды. „Нұ-р-ж-а-
н... сен кет бұл ауылдан, мүлдем кет, мəңгілікке кет... бұл жерде адамдар


көбейіп барады... саған еркіндік жоқ... Еркін өмір жоқ... Кеңістікке кет...
ер менің соңымнан... ер".
Өлдім-ау дегенде көзін ашып еді, қап-қараңғы түн ғана мелшиіп тұр. Еш
нəрсе жоқ.
„Уһ"— деп демін əрең алып, алақанымен маңдайындағы пыршыған
терді сүртті. Бірақ даладан соншалықты мұңлы, соншалықты аянышты
сыңси салған қыз əні талып естіледі. Əлдеқайдан, алыстан қар-қызының
боздап салған əні естіледі.
* * *
Айнала аппақ қар: ақ түтек боран, сеңдей сірестіріп қасаттап
тастаған ақсіреу кіреуке: қарасаң көз қарықтыратын шаңқан бел-белестер
əлдеқайда... Алысқа бірін-бірі қуа жарысады; ербең етер тіршіліксіз
салқын бедірейген қарлы адырлар ұлы өмір шуылынан бейхабар —
айқара жамылған ақшағи көрпесін бұйығы бүркенеді; табиғаттың күні
кешелер ғана маздаған тіршілігіне мекен-жай болған жазира жоталар
өлім тыныштығына бой алдырған да, дүниенің бар қызығынан əбден
жалыққан құмарпаз адамның, жалқы сəт талықсып кетерін еске
салғандай болады; күн таласа шыққанда осына қайғы жұтып, қар
тұтқында жатқан бейкүнə аязды аймап мың-миллион күміс ұшқындарын
сəулелендіріп, тоғыз қабат торқа астында қалтыраған Жер-Ананың ертең
туар базарлы шағының үміт отындай жарқырайтын; бүгін аспанды
саңылаусыз тұтастыра жауып тұрған қарлы жота-қыраттардың осы
сұлулығын қызғанғандай, тартып алып талақ тастапты; көкжиек жоқ:
аспан да, байтақ өңір де ақ сұр; жер жоқ, бір өңкей бой суытып, жүрек
мұздатар сұмпайы қар; еріксіз жалықтырады, еріксіз жалғызсыратады,
жүз жылға бір-ақ қартайтып кеткендей қажытады; құлазыған осына бір
түске, бір мінезге қарап тұрып, көңіліңді аяныштың аязы буып, ботадай.
боздап жылағың. келеді; ботадай боздап жылап тұрып, жаратылыстың
осыншалық қатыгездігіне налығандай əлемдегі бүкіл жақсылық пен
жамандық атаулыдан безінесің, ақша қардың ортасында меңдей қарайып


тұрған жалғыз трактор — аппақ дастарқанның үстінде жорғалаған
қоңыздай-ақ қауқарсыз, бейшара.


Ауылдан шыққандарына екі күн, барар жері сонау көрінген ақ
таудың ар жақ етегі
— онда ауылдың ала жаздай дайындаған пішені бар; соны тиеп
қайтуға барады; олар үшеу: Нұржан жəне Аманжан мен Бақытжан.
Қар мұхитты қақ жара арқырап келе жатқан тракторды Нұржан
жүргізіп отыр; астынан аязды күнгі көк темірдің ызғары өтеді; шолақ
қара тонының жағасына мойнын тыға түсіп, əлгі көріністен көзін алмай
телміріп келеді: ол қарайтын басқа еш нəрсе жоқ — айнала аппақ; тіпті
бəрі үнсіз, қасат қарды қақ жарып, бір қарқынмен бір бағытта келеді;
достарының не ойлағанын білмейді Нұржан, əйтеуір, бозарған жүздері
мұңға лайық, өзгеше көндім, өзгеше жуас, қайтпайтын сапарға
аттанғандай аянышты халде; ал өзі болса мынау ұшы-қиырсыз, еңку-еңку
қарлы адырлардың үстіндегі қыбырлап тыныш таппайтын өмір жайлы,
суық қысып ыбырсып қор болар жер жайлы, көзден де, көңілден де
шеттей бастаған мұңсыз-қамсыз балалығы жайлы ойлайтын шығар; неге
екенін білмейді; осы қу мекиен айдалада жападан-жалғыз қалып
қойғысы; қалып қойып анау аппақ кебін қардың үстіне ақпен табандаған
қара пиманың ізін тастап, мəңгі тымық, мəңгі суық шексіздікке, алдыңғы
күні белгісіз бозаң жолға шыққысы келеді; мейлі жалғызсырасын, мейлі
қар басып үсіп өлсін, мейлі азынаған қысқы өңірдің аш қасқыры жеп
кетсін — ойына алған дел-сал, ұйқылы-ояу қатал да қайырымсыз сапарға
аттансам дейді; өйткені сол бір белгісіз де шексіз кеңістікке қар қызы
шақырған.
Алпамса тауға өрлеп келеді, ақ шағылдар таусылар емес, күн түнге
ойыса бастады; аспан сұмпайы бұлттан азаттана бастады; олар əлі лəм
деместен томаға-тұйық бозарып отыр; көзі ояу, көңілдері ұйқыда;
мүмкін, олар аппақ қардың үстіндегі көктемгідей жапырағын жайған əлі
жас, əлі арманшыл, əрі күнəсіз көк өрім үш қайың шығар; қазіргі
əрқайсысының жүрегінен сағыныштың, өкініштің белгісіз, бұдан бұрын
еш жерде, ешқашан айтылмаған мұңлы да сырлы əнінің қалтырап барып,
сыңси айтылуы — сол ақша қардың үстіндегі ақ қайыңның сұп-суық жел
тербегенде шыдай алмай жылауы шығар; олар бұл ғаламда трактор


гүрілінен өзге жан жарылқар үн естіп, көз суырар қардан басқа ештеңе
көріп, бой мұздатар суықтан басқа түкті де сезініп келе жатпағаны рас;
ымырт жабылған сайын осының бəрінен — аппақ болып көсілген
көріністің өзінен айрылды; ендігі мезетте бұлттан тазарған аспан жұлдыз
таналарын тағынып, сылана бастады; олар бəрібір үнсіз; ауыздарын ашса
болды қырқысып-төбелесе жөнелетіндей қауіпті де қаныпезер отырыс;
аспанға қарады: сансыз жұлдыздар жымыңдайды — бірі сөнеді, бірі
жанады; трактордың жарығы түн түндігін тілгілеп, сонау ойда болар-
болмас жылтырағандай елес берген жетім сəулені іздеп барады; соған
асығады, жамырап табысқысы келеді; көкке қарады; жұлдыз ақты, қайда
түскені белгісіз, əйтеуір, олардан тым алыс. Қара көк аспандағы
жұлдыздар жауып тұрғандай сезінді. Астындағы темір қобдидан өткен
ызғар шекесін солқылдатқандай тісі-тісіне тимей, қалтырай бастаған
Нұржан, сол бір мағынасыз жанармен анау алдында бел-белестеніп
мінгесіп ұштаса кете барған аппақ дүниеге жиіркене қарады. Жылда,
тіпті қыстай көріп, көз қашты болған көрінісі болғанымен, дəл бүгінгідей
көңілі суынып, көкірегін ызғар қарыған жоқ еді; дүниенің осыншалық
иесіздігін тұңғыш сезінгендей зəрезеп күй кешті. Алғаш ауылдан
шыққанда ептеп желік қысқандай болған, жастық шақтың көп-көп
алаңсыздығы тағы да бір ессіздікке, мұңсыз-қамсыз жазира тірліктің
жалғыз аяқ соқпағына жетелегендей еді. Енді міне қар жамылған жұп-
жұмыр таулардың тұтқынына түскен сайын сол жылымық көңіл, сол
жылымық көңілдің шуақтары аязда үсіп өлгендей өгей өмірге тап болды;
оты жоқ, пеші жоқ жел кеулеп, ызғар буған иесіз үйдің қонағындай
шарасыздықтың шырмауында қалды. Қасаттана бастаған аппақ қарды
жарып, бағдар-бағытсыз арындап келе жатқан ДТ-57-нің қазіргі мінсіз
жүрісі ғана ендіті медет, ендігі қуат, үміт теңізін кешкен үш жігіттің —
астындағы арғымағы-тын. Елден шыққандарына екінші түн, кеше
Фадиха деген ауылға түнеп шықты да, елең-алаңнан сапарға қайта
аттанған. Алда — Қоңқай асуы.
Аспан төсі шұрқ-шұрқ тесік. Ай əлі туа қойған жоқ. Қараңғылыққа
бой бермеген адыр-қыраттар ағараң тартып, қорқыныш ұялаған
көңілге ес болғандай. Қорқыныш ұялай


бастаған көңілге ес болған ол да емес, сонау төбедегі жетім жарық.
ДТ-54 сол өлімсірей жанған жарыққа қарай өршелене өрмелеп келеді.
Түн меңдеген сайын дүрілдеген үні де жер-көкті жаңғыртып қатты
естілетіндей...
Үш жігіттің жанары да сол жалғыз жарыққа қадалған. Ендігі үміт
те, тілек те сол – жұлдыздай жылтыраған сəуледе.
ДТ-54 қайқаң қағып төбеге шыққанда, маңдайындағы қос шамы
шатырын қар басып қалған, ағаш үйді тінтіп өтті де, солқ етіп барып тұра
қалды. Қар құсып, сартылдаған жылан бауыр доңғалақтың үні сап
тыйылды. Нұржан тұтқаны төмен басып, газды азайтты да, енді не
істейміз дегендей, екі досына қарады. Олар да ошарылып, лəм деместен
шарасыз отырып қалып еді. Қар басқан үйден ешкім шықпады. Трактор
жайлап қана зіркілдеп тұр. Осы трактор үні жағаласып, сөздерін
естіртпейтін болған соң, əбден айғайлап үйренгендікі ме, Нұржан
қатарда отырған Аманжанның құлағына дыбыстады:
— Біреуіміз үйге кіріп, біліп шығайық. Қондыра ма екен?—
Аманжан оның дəл құлағының түбіне айғайлаған аузын
қолғабымен баса қойды.
— Неменеге бақырасың? Құлағымның дабыл жарғағын тесіп жібердің
ғой.— Жатып кеп ашуланды. Дəл қарсы алдарында, темір қобдиға
құйрығын қойып, мойнын тонының жағасына тығып, пысылдап
ұйқтаған Бақытжан əлгі айқайға ояна қоймағандай.
Үй жақтан тырс еткен дыбыс білінбейді. Ептеп мал ұстайды білем, қора
жақтан қойдың маңырағаны мен жылқының пысқырғаны естіледі.
Аманжан құлағын əлі шұқылап отыр:— Саңырау болып қалдым-ау
деймін.
— Неғұрлым керең болсаң — соғұрлым жақсы естисің. Саңырау болсаң


ғана сақ
жүресің,— деп күлді Нұржан. Бұдан соң екеуі де саусақтарын үрлеп,
қып-қызыл болып қалқая қатқан құлақтарын уқалады.
— Мына қыстақта тірі жан болса, көп көрген құлағымды саған-ақ кесіп
берейін, қарның ашса қақтап жерсің,— деді Аманжан.
— Сығырайып шам жанып тұр ғой.
— Ол сайтанның оты.
— Сен де қайдағыны айтасың-ау,— деп күлді Нұржан.— Кеше
Фадиха тұрғындары айтқан: Айыртаудағы асуда жалғыз үй оңаша
тұрады деп. Сол омарташы шал шығар.
— Олай деп бал ашсаң бар, біліп кел өзің. Бəлкім, түсіңе кіре беретін
періште қыз осы үйде тұратын болар.
Нұржан ойланып қалды. Есіне əлдене түскендей, жүрегі жиірек соғып,
елегізи бастады. Осы бір оқиғаны ойда жоқта есіне салғаны. Нұржанның
жарқ етіп жоғалған арман-адамын тірілткендей болды. Күннің суықтығы,
жолдың қиындығы — бəрі-бəрі иін тіресе келіп, көңілдің жайлауындағы
көктем көріністерді сүртіп, тепкілеп жоғалтқандай еді. Енді міне, бір
сəтте көктем құсындай қиқулап қайтып оралды. Өң мен түстің екі
ортасында маужырап, жалғызсырап жатып тауып алған қиял-қызынан
Нұржан алғашында қорқып-ақ қалған. Ұмытқандай болып еді, енді, əне,
тəңірім-ау, тракторды айналып, ақ көйлегін шұбалтып, сыңсып əн салып
бара жатқан жоқ па... əне...
— Əн салып кетіп барады...— деп өз-өзінен күбірлеп қалды.


— Кім кетіп барады?..— деді Аманжан рычагты тас қып ұстап,
жартылай қырау тұтқан кабина əйнегіне үңілген досына үрке қарап.
— Əнін естідің бе, əнін... Неткен ғажап дауыс.— Толқи сөйлеп,
орнынан тұра беріп еді, оны Аманжан иығынан басып отырғызып
тастады.
— Отыр! Көзіңе қос көріңді ме? Əлде жынданайын дедің бе? О, несі-ей,
лепіріп...
— Рас айтамын,— деді Нұржан үні дірілдеп.— Бейне бір ертегідей...
„Одиссей" деген киноны көріп пе едің?..
— Иə, көрдік делік. Айтпақшы, 20 тиынды сен үшін тағы да мен төлеп
едім ғой.
— Сол кинодағы төбе құйқаңды шымырлататын сиқырлы үн ше?.. Содан
бір де кем емес...
Əне... əне... тыңдашы! Керең болмасаңдар, құлақ салыңдаршы.
Осына сыңсыған мұңлы үңді — жұмбақты үнді, сиқырлы əнді
Нұржанның өзінен басқа ешкім естуі мүмкін еместігін білген жоқ еді
бейшара жігіт. Бақытжан болса қорылдап


ұйқтап отыр. Күннің суығы, қыздың əні, қайда қону керек деген үлкен
сұрақ оны ешқашан да мазаламайтындай...
— Тфу, атаңа нəлет!— деп ызадан жарылардай болып отырған
Аманжан тоқылдап қата бастаған пимасымен Бақытжанды теуіп
қалды.— Мынандай қақаған аязда қысып бара жатқан қандай ұйқы
екен. Тұр-ей, оян!— Бақытжан қор етіп барып былдырлап сөйледі,
бірақ сергіп кете алмады.
— Саппас,— деді Нұржан.— Қандай көп жасар екенсің.
— Қойыңдаршы, əкри, мен біліп отырмын,— деді Бақытжан керіліп.
— Атаңның басы біліп отырсың...
— Жұрттың бəрі сен секілді таскерең дейсің бе. Қар-қызының
даусын мен де естідім. Адамның жылағысы келеді екен.
Бұдан соң үшеуі бірдей сықсима терезесінен болар-болмас қана жарық
көрінген кішкентай үйге үнсіз телміріп аз-кем отырды. Трактор бір
қалыпты зіркілдеп жұмыс істеп тұр. Айдалада — жапан дүзде мекендеген
жалғыз үйде адам бар ма, егер бар болса дəл іргесіне келіп, трактор
дүрілдеп тұрғанда неге біреуі шықпайды далаға. Түсініксіз. Аяз буып
тұр. Бағана... жолда байқамапты, үш жігіт енді шындап жаурай бастады.
Тістері сақылдап, безгегі ұстаған адамдай ДТ-ның моторымен бірге
дірілдеп-қалшылдады. Ал қар астында жалғыз көзі жылтырап жым-жырт
жатқан жұмбақты қыстақ, жалмауыз кемпірдей жер бауырлап, сыр
бермейді-ай...
— Бір түрлі қорқынышты екен, əкри,— деді Бақытжан күрсініп. Басы
тіпті көрінбейді, тонының жағасына тығып алған. Əншейінде төртпақ,
семіз жігіт қазір бір уыс болып, бүрісіп отыр. Оның бұл бейшаралығы
Аманжанға жаққан жоқ, аяғымен бүйірінен түртіп:


— Ей, лəуқи, сен „əкри-макриіңді" қалтаңа салып ал да, анау үйдің
терезесін қақ,— деді бұйыра сөйлеп.— Бар, ұйқың ашылсын.
— Батырсың ғой, өзің бар. Шанаға тиеп алған запас жаным жоқ. Күйдіре
берме.— Бақытжан да тайынар емес, шап етіп бетінен ала түсті. Екеуінің
егесіне Нұржан араласқан жоқ еді. Бағанағы əсерден əлі де арыла алмай,
мең-зең болып отырған. Іс насырға шауып бара жатқан соң, амалсыз басу
айтты.
— Бекерден-бекер егесесіндер, жігіттер. Қорықсақ — үшеуміз де
барайық. Суықтан үсіп өліп қалмаса, тірі жан бар шығар.
Үшеуі де отырған орындарын қимағандай самарқау қозғала бастады.
— Тракторды өшіреміз бе?— деді Бақытжан қипақтап. Ондағы ойы
кабинадан ең соңы болып түсу еді.
— Əзірше тұра берсін,— деді Нұржан омбы қарға секіріп түсіп.—
Қондырмай жатса кері қайтуға тура келетін шығар.— Күйбеңдеген
Бақытжанды артынан итеріп жіберген Аманжан іле өзі де қарғыды.
Бұлар топ-топ етіп түскен тұстың қары тізеден асады екен. Бірінің
соңынан бірі еріп жүре беріп еді, ең артта тартыншақтап келе жатқан
Бақытжан:— Əй, осы жұмбақ үйіңнен қорқамын. Терезесі сығырайып,
үндемей қабатын ит секілді жымсып жатысы жаман екен... Мен...
тракторды күзете тұрсам қайтеді,— деді желкесін қаси қипақтап.
— Былжырама,— деді Аманжан арс етіп.— Темірді қасқыр жемейді.
Үйдің дəл іргесіне жеткенде үшеуі бірдей қалт тұра қалды. Трактордың
баяу зіркілінен өзге үн өлген. Сонау. оу. оу. Айыртаудың айыр өркеші екі
арасынан қылтиып, жарықтық желіндеген ай көтеріліп келеді сыздап.
Жалғыз үйдің ес болар иті де жоқ екен. Итсіз үй көңіліңе одан ары қаяу
салатындай, бір түрлі жетім, бір түрлі қоңылтақ та мұңлы екен.


Аяйсың... айдалада — аппақ қардың тұтқыны болып, адасқан
балапандай бүрісіп, жер бауырлап жатқан мүсəпір кескінін көріп жаның
ашиды. Бүгінде, адам айға ұшып жатқан заманда мəңгі мылқау тақыр
таулар бар. Кісі аяғы жете бермес жерлер бар, елден де, ұлы шулы
өмірден де жеріп, саяқ жүрер адам барына илану да қиын. Бірақ бар
екен... Киіздей тұтасқан цивилизациялы өмірімізде, осындайлық
қалтарыста ұрланып қалған тағы табиғат, жұмбақты үйлер қалғанына
шүкіршілік жасайсың. Əттең, қазіргі заманда адасып жүріп, аңшының
үйіне тап болғаннан артық бақыт бар ма, тəңірім...


Бақытжан буын-буыны дірілдеп шегіне берді:— Қорқамын, əкри...
— Неден қорқасың, шырағым. Нечего бояться!— Жер астынан
шыққандай болған осы гүрілдек үннен үшеуі бірдей селк етіп, зəрелері
қалмай шошыды. Бақытжан қатарында тұрған Нұржанды құшақтай алып
еді. Жалт қарағандарында, тура қыр желкелерінде төніп тұрған, аппақ,
еңгезердей аруақ шалды көрді. Енді-енді ғана ыңырана көтерілген ай
сəулесін емген қар өзгеше жарқырап, дүниенің баршасын ақ сүт нұрға
шомылдыра бастап еді. Сол... күні жетіп əбден толған айдың саулаған
сəулесі аппақ сақалы желбіреген аруақ-шалды аспан-əлемінен əкеліп
тастағандай əрі жат, əрі қызықты да қорқынышты еді. Үстінде ақ көйлек,
ақ дамбал жəне аяғында лыпа жоқ, тізеден қар кешіп жалаң аяқ тұр-ау
деймін. Ай астындағы ақ күміс қария үш жігітті де мықтап тұрып естен
тандырып еді. Нұржанның осы əзірде ғана көз алдынан көлбеңдеп өткен
ару қызы қас пен көздің арасында аруақ-шалға айналып-ақ кеткеніне
қайран қалды. Сасқалақтаған үш жігіт жарыса сəлем берген.
— Ассалаумағалейкум!
— Ассалаумағалейкум! — Ассалаумағалейкум!
Ал шал болса, сол жалаң аяқ, жалаң бас қар кешкен қалпы бұларға
жақындап келді де, жоқ іздеген адамдай жүздеріне үңіле қарады.
— Здравствуйте, незванные гости...
Қарсы алдарында тұрған шал өзге планетадан келген жұртшы да, көрден
көтерілген аруақ та, жалғыз көзді жалмауыз да емес, кəдімгі тіл-аузы,
қол-аяғы бар адам екеніне енді ғана илана бастаған жігіттердің өздерін
тастап кеткен шыбын жандары бойларына қайта қонғандай, жадырап
сала берді. Ең алдымен батылдық көрсеткен Бақытжан болды.
— Ақсақал, сіз орыстың ақсақалысыз ба?— Шал мырс етіп күлді де:


— Қайдан келеді? Қайда барады?— деп сұрады. Мұндайда
тықыршып тек тұрмайтын Аманжан:
— Аташка, рұқсат болса, үйіңізге кіріп жөн сұрассақ қайтеді. Масқара
жаурап тұрмыз,— деді. Бағанадан қорқып-үркіп, үйіне беттей алмай
сарсаңдағандары əншейін ғана қауқайған шал екеніне көзі жеткен соң,
еркінси бастады.
— Ну и что же,— деді шал тағы да орысшалап,— идемте, поговорим
дома...
— Сендер жүре беріңдер, мен трактордың суын ағызып, сөндіріп бір-ақ
барамын,— деді Нұржан. Қызыл сирақтан қар кешіп, үйіне беттеген
шалдың артынан Бақытжан томпаңдай жөнелді. Аманжан да ере түсіп,
қайта қайырылып келді де, Нұржанның құлағына сыбырлады:—
Тракторды сөндірмей аялдай тұрсақ қайтеді. Мынау жалаң аяқ, жалаң бас
шалыңнан қорқайын дедім. Өзі бір түрлі... былай қызық кісі екен...
— Сенің де сескенетін адамың бар екен-ау, ұзынтұра,— деп, иығынан
салып қалды да, рақаттана күлді. Өзі моторды сөндіріп, радиатордың
тығынын ағытты. Ып-ыстық су буы бұрқырап көбік қардың үстіне
сарылдап қоя берді.
— Айтпады деме,— деді Аманжан өзгеше көңілсіз қалыпта.— Менің
жүрегім жыланның жусағанын сезеді.— Қолын бір сілтеді де, шалдың
соңынан кетті.
Тракторды сөндірген соң, осына ай астында ақ кебінге оранып жатқан
қарлы адырлар жаны жай тапқандай мызғып, мəңгілік тыныштық
құшағында маужыраған. Жазығы суық демесең, қысқы табиғаттың
қазіргі келбеті керемет еді. Ару-қыздың ешкімнен именбейтін, ешкімді
менсінбейтін алқам-салқам бейбастық əрі əдемі еркін ұйқысындай еді.
Аспандағы жарықтың ай менен жер бетін бүркеген сұп-суық қардың


осыншалық жарасымдылықпен тіл табысып, бір-біріне телмірген күйі
іштей күрсінуін көріп, естігендей еді Нұржан. Зікір салған трактор үні
өшкен соң, баяғыдай бір сай-сүйегіңді сырқыратар сиқырлы əн алыстан
талып естілгендей-тін. Буын-буыны босаған Нұржан аппақ қарға
етбетінен түсіп, сол бір күншілік жерден естілген мұңды əнді тыңдап
жата бергісі келеді. Ғажап, қар əн салып жатқандай... ғажап, қар жанып
жатқандай... Нұржанның құлағына əлдебір сыбыр естілгендей.
Мен... тоңдым... мынау...
суық жалғаннан...


ыстықтықтан жаураған,
мынау қарлы өлкеде
мұзға айналып қалмаған,
адамың бар ма, айт маған...
Осы бір сыбырды, көзге көрінбейтін əлдекім айтты ма, жоқ болмаса
Нұржанның өз жүрек күбірі ме, белгісіз,— əйтеуір, естігені рас-ты.
Шыңылтыр аяз сорған жүзі бозарған, осы қалпында қардан соққан
аққаладай делдиіп қатып тұр еді. Жертағандап жатқан үйдің есігі
сықырлап ашылып:— Ей, айға бата оқып тұрсың ба, жүрсеңші,— деген
Аманжанның айғайы естілді.
Жұмбақ шалдың үйі жалғыз бөлмелі. Кіре берістегі сенек тастай
қараңғы. Нұржан есік тұтқасын сипалап жүріп əрең тапты, қайыстан
жасалған екен. Шуда-шуда суық онымен жағаласа ішке еніп, төрге дейін
өрмелеп барды да жылуға айналып жоқ болды. Бөрене үйдің іші даладан
жаурап кірген адамға ыстық болып сезілген. Үй сыланбағандықтан
дөңбек-дөңбектің арасына тығылған мүк сапсия шығып, мұрынға қаңсық
иісі келгендей болады. Қабырғаға аңның терілері ілініп, бұғының
шаңырақтай салалы мүйізі қағылған. Тақтайдан қиып жасаған нар,
нардың тұсында қос ауыз мылтық, оқшантай, патрондары көгенделген
былғары белбеу, дүрбі, аңшының тағы басқа керек-жарақтары ілулі тұр.
Кіре берістегі оң жақ бұрышта ағаш сандық, оның үстінде өлімсірей
жанған май шам, ал қабырғаға тақтайдан долбарлап жасаған сөре
қағылып, азын-аулақ ыдыс-аяқ қойылған. Ал сол жақ бұрышта аузынан
шоқ атқылап, екі бүйірі қызарған темір пеш орналасыпты. Темір пештің
ар жағында қалың тақтайдан орындық жасап орнатқан. Біздің екі
жігітіміз сол ағаш орындықтың үстінде сотталуға келгендей қаз-қатар
тізіліп отыр. Қоңырқай тартқан үйдің қазіргі сықпыты ертек секілді, ала
көлеңке тартып өзгеше бір жуас күйге шақырады-ай.
Шал əр нəрсені шұқылап: темір пешке үстеп отын салып, шамның
майын жаңартып, пештің үстіне құманға шай қойып, түнгі
тыныштығын бұзған тоқылдақ қонақтарына назар аудармай жүріп алды.


Аманжан шыдай алмады білем (шыдамсыздық оның туасы қасиеті еді)
— һм... һм,— деп жөткерінді.— А-а-та! Су бар ма екен бұл үйде?
Шөлдеп отырғаным...
Шал үндеген жоқ. Нардың үстіне жайғасты да, бес жағында ілулі
тұрған белбеуді алып, патрондарын бір-бірлеп суыра бастады. Ішінде
оғы жоқ бостары болу керек.
— Ата! Шөлдедім!— деп Аманжан айғай салғанда ғана жайбарақат
басын көтеріп тілге келді.
— Саңырау емеспін, неге бақырасың? Суықтан үсіп өлейін деп
отырып шөл қысса не дауа. Есік алдына шық та, қардан көсіп алып
асай бер.
Тағы да үнсіздік орнады, Үш жігіт сыртқы киімдерін шешпестен отыр
еді, пысынап терлей бастады. Шал бос патрондарға капсуль салып,
бытырлап өзімен-өзі, бұл үйде өзінен басқа тірі жан бар-ау деп
елемейтіңдей. Темір пеш үстіне қойған шайнек қақпағын қаққылап
қайнай бастады. Тіпті, шыдай алмады білем, жігіттер шолақ қара
тондарын амалсыздан жасқана шешті. Қақаған суықта ұйқы баса беретін
Бақытжанның буын-буыны босап, денесі балқып қалғи бастап еді. Үй
иесі тіпті итпісің, кісімісің демеген соң, қанша төзімді болса да шыдамап
еді, Нұржан:— Ата, жол соғып шаршап келіп едік. Рұқсат етсеңіз, жатып
дем алсақ...
— Пожалуста,— деді шал. Аманжанның шыдамы шарт сынды.
Албастысы ұстап орнынан атып тұрған.
— Қайда ұйқтаймыз?! Жөніңізді айтпайсыз ба? Əлде... осылай
үндемес ойнап отыра береміз бе?..— Шал самарқау қимылмен
басын көтерді.


— Неменеге кергисің-ей, жігітім? Отырғың келмесе есік əне, сыртынан
жап, жөніңді тап. Менің шөбімді əкелетіндей бұлданасың ғой. Əлде, құс
төсек берейін бе. Қисая кетіңдер отырған жерлеріңе.— Аманжан
қасындағы Нұржанның құлағына „мынау бір ит шал ғой" деп
сыбырлаған еді анау естіп қалды.


— Не балтай! Осы күніңе зар боларсың,— деп орнынан жас баладай
секіріп тұрды. Жігіттер сасыңқырап қалған. Нардан секіріп тұрған шал,
қақпағын қаққылаған құманға шыт дорбадан шымшып алып шай салды.
Дəл ортада қарағайдың түбірінен кесіп орнатқан дөрекілеу жозы бар еді,
дастарқан жасай бастады. Жалғыз ыдыс, жалғыз қасық, бір тілім нан,
суыған еліктің етін əкеліп қойды. Бұдан соң асықпай, бабымен құйып
жалғыз өзі шай іше бастаған. Ішіндегі ең ашқараған Бақытжан қалғып-
шұлғып осы көріністі байқаған жоқ-ты. Ал кешеден аш екі жігіт
сілекейлері шұбырып, жындана жаздап əрең-ақ отыр. Аманжан:— Шайға
шақырмайсыз ба. Азаннан бері нəр татқан жоқпыз.
Шал:— Əкеңнің үйіне келе жатқан жоқсың, жол азығынды ала
шықпадың ба? Аманжан:— Ер азығы мен бөрі азығы жолда деуші еді
атамыз қазақ... деп оспақтады. Шал:—: Ал мен... тіпті де қазақ
емеспін. Менің ұлтым жоқ.
Аманжан:— Оны өзім де сезіп едім,—
деп кекетті. Нұржан:— Ұлты жоқ адам
болушы ма еді...
Кержақтар секілді құлақпастағы шайды кішкентай шыны табақшаға
құйып, суытып ішеді екен,— Кім екенімді сезіп отырғандарың рас болса,
кісі басы бес сомнан ақша төлеңдер жамбас ақыға.
Аманжан ысқырып жіберді:— Мəссаған безгелдек. Құдайы
қонақтан жамбас ақы алған жаман ырымды қай қазақтан көріп
едіңіз......Бес сом... пм...
Шал:— Мен қазақ емеспін деп қазақша айттым ғой, ұғар кісіге. Так,
что гоните по пять рублей,— деп орысшаға басты. Мүдірмей таза
сөйлейді екен. Енді əңгімеге Нұржан араласа бастады:
— Қазақ болмасаңыз да, əйтеуір, адамсыз ғой. Шөп əкелуге кетіп бара


жатқан біздерде соқыр тиын болушы ма еді. Қинамаңыз, ақсақал, тұрған
бойымыз осы. Елге иек сүйеп үйренгендік ғой, əйтпесе азық-ақшасыз
сапарға шығар ма жолаушы.— Ұққан адамға Нұржанның байыпты
сөзі, майда қоңыр үні əдемі-ақ естіліп еді.
Аманжан:— Қуаласаңыз құмалақ түспейді біздерден. Өйткені
біз таң атқалы ашпыз.
— Ендеше, аяғыңдағы пимаңды шешіп бер. Жаңа екен,— деді шал
Нұржанның аяғына қысық көзін сығырайта қадап.
Ана екеуі тіпті таң қалды. Бақытжан ағаш бөренеге басын сүйеп, қорылға
басып еді.
— Мəссаған безгелдек,— деп Аманжан тағы да ысқырып қалды.—
Ақсақ иттің көңілі ар жақта.— Бұл сөзі артық екеніне артынан өкіңді.
— Подонок!— деп айғайлады шал. Көзі шатынап, қолы-басы дірілдеп
кетті.— Тілің тым-тым ұзын екен, жартысынан айрылып қалып жүрме.
— Енді Аманжан одан ары шыдас бермеген. Өзі де қаны қайнап əрең
жатыр еді, арс етіп атып тұрды.
— Мен саған пəдөнекті көрсетейін, қақбас!— Өзіне арыстандай атылған
еңгезердей жігітті шал тұрған орнынан қозғалмай тосып алды да,
жұмсала берген дəу жұмырықтан сап етіп ұстап бұрап қалды. Оң
қолымен Аманжанның шықшытынан əдейілеп ұрды. Ауыр соққы
оңдырмай тигенде шалқалап барып, ұйқтап жатқан Бақытжаннын үстіне
былш етіп құлады-ай... Бақытжан шошып оянды:— Бұл не шу, əкри. Түу-
түу ұйқтатпадыңдар ғой.— Нұржан да сасқалақтай орнынан тұра беріп
еді, шал шапшаң ұмтылып барып, қос ауызды мылтықты алып өңешін
үңірейте опыр-топыр болған жігіттерге кезеніп тұра қалды.


— А пука, не двигайтесь с места! Шүріппені басып қалсам,
шүрегейдей тыпырлап жан тапсырасыңдар.— Нұржанға алая қарап
бұйырды.— Шеш аяғыңдағы пиманы! Алдынан адам емес, аю тұрса да
сескенбейтін Аманжан: „Əкеңді, осы шалдың қолынан өлсем арманым
жоқ",— деп тепсіне тұра ұмтылып еді, оны Нұржан иығынан басып
тоқтатып тастады. Ал ішіндегі су жүрек Бақытжанда ес жоқ, көзі
бақырайып, берілдім, жаздым-жаңылдым дегендей, екі қолын бірдей
көтеріп безектейді.
— Ата..., тонет... ақсақал, менің пимамды да қоса алыңыз, алыңыз да
шыбын жанымды қалдырыңыз.— Жыламсырап аяғындағы табандаған
пимасын шеше бастап еді, шал қыржың етіп:


— Сенікі... тоңған сиырдың сирағына кигізуге де
жарамас,— деді. Нұржан:—Ақылға келсек қайтеді,
ақсақал?..
Шал:— Маған ақыл керегі жоқ, ақ қар, көк мұзда киетін су жаңа пима
керек.
Нұржан:— Өзіңіз ойлаңызшы,– деді абыржып,— мына түкірік жерге
қатып түсетін сар аязда жалаң аяқ трактор айдау мүмкін бе? Бұл
дегеніңіз бұрын-соңды болмаған жазаның ауыр түрі ғой. Бүйтіп
қинағанша атып өлтіре салыңыз. Ал сіз қызығып отырған пима тіпті де
менікі емес. | Шал:— Бір үлкен бастықтікі екенін өзім де біліп отырмын.
Сеңдер секілді сумұрындарға
мұндай байлық қайдан келсін. Жалаң аяқ қалам деп қиналма, ескілеуін
тауып беремін.— Мылтығын оқтаған күйі жанасалап барып, даңғарадай
ағаш кебежені ақтарыстырып, көнетоз, бір ақ, бір қара пима тауып
алды. Содан соң;— Мə, аяғың осыдан да жаурамайды,— деп лақтырды.
Нұржан пимасын амалсыз шешіп, ол да шалға лақтырды. Екі жақты
айырбас мұнымен де тынған жоқ еді.
— Еңді алмаған неңіз қалды, а-а-қ-сақ-ал,— деп əдейі ежіктеп
қиқарланған Аманжанға шал:— Сенің сағатың,— деді қысық көзін
күлімсіретіп.
Аманжан бұл сөзді естігенде жынданған адамдай қарқ етіп күлді. Күлді
де:— Мə, мə, мынаны аласың,— деп екі бармағын бірдей шығарды. Шал,
қолындағы мылтықты сарт-сұрт оқтаған болды да, қамаудағы
арыстандай алпарысқан Аманжанның тура маңдайынан көздеді.
Бақытжанда жан қалмады, зар еңіреп шырылдап, қасарыса қасқайып,
алдындағы аузы үңірейген мылтықтан қаймықиай жүрелеп отырған
жолдасының аяғына бас ұрды.
— Бер, бере сал, ойбай бастан құлақ садақа. Үйге барған соң өз


сағатымды берейін саған...
Аманжанның қолынан шөпілдетіп сүйіп жүр. Мынау үйрек ататындай
қос ауызды көздеген шалмен дəл қазір шатақтасудың бекершілік екенін
Нұржан да ұқты. Ыңғайы келіп жатса артынан көрер, бірақ осы сəтте
шегіне тұруы керек:— Бере сал,— деді ол да досынан өтініп.— Бере
сал.
— Өй, өңшең ғана қоян жүрек қорқақтар!— деп, тісін шақыр-шұқыр от
шығара қайрады да, білегіндегі сағатын шешіп шалға шырқатты. Анау
ет қақшыған төбеттей қағып алып еді.— Итке де темірдің керегі
болғаны да... Трактордың суын ағызбайық деп айттым бағана. Енді,
міне, жалмауыз шалдың тұтқыны болып, аждаһаның алдындағы
көжектей жаутаңдап отырғанымыз. Бұл дегенің нағыз қоңқайшылдық.
Шал елең етіп қалды. Аманжанға тесіле қараған күйі қолындағы
шошайтқан мылтығын сусытып төмен түсірді.
— Шырағым, „қоң-қай" деген сөзді кім айтты саған?— деді аса бір
таңданыспен.
— Шешем айтып отыратын. Ертеректе бір Қоңқай атты оңбаған адам
өмір сүріп еді деп...
— Шешеңнің аты кім еді?
— Онда шаруаң болмасын.
— Қызық,— деді шал басын шайқап.— Өте ғажап нəрсе...
Дегенмен мен үйге кіргізбегенімде баяғыда қиларыңмен қатып
қалар едіңдер.
— Тамақ ішпеген адамда құмалақ болушы ма еді,— деді Аманжан.
Қарулы да салалы саусақтарымен бет-аузын ысқылап тағат таппады.
Шалдың өңгере ұстаған мылтығы болмаса, əлдеқашан итше


жұлқыласа кетер
еді. Амал жоқ... Нұржан əрі-сəрі ойда.. Бағанағы бір сыбыр тағы да
естілгендей болды...
Ыстық күнде жаураған,Мынау қарлы өлкеде, Өлігі кімнің қалмаған...
— Ата, сіз кімсіз?!— деді саңқ етіп. Даусы өзгені қойып өзіне де жат
естілді. Екі жақты шиеленіс ептеп саябырсыған соң, Бақытжан қалғи
бергені сол еді, дəл құлағының түбінен естілген зор үннен шошып
оянды. Шал үндеген жоқ.
— Сен кімсің?!— деп əлгі оқыс сұрақты Аманжан да қайталады.
Əңгіменің мəніне енді ғана түсінген Бақытжан:— Ол кісі икс,— деді
есінеп. Шал мылтықты шегеге қайта ілді де, орнынан тұрды. Қызуы
қайта бастаған темір пешке бір-екі жаңқа отын тастады.
— Көріп отыр емессіңдер ме,— деді от үрлеп жүрелеген қалпы.— Екі
қол, екі аяғым бар, көзім жақсы көреді, құлағым қақасыз естиді, бəлкім,
кісіге ұқсайтын шығармын.
— Тек жүрегі ғана жоқ...— деді Аманжан.


— Жүрек дегеніңіз, қол басындай ет пе, шырағым.
— Бірақ, ата, сол қол басындай етке бүкіл жер шары сыйып тұрған жоқ
па.— Нұржанның бұл сөзі шалға əсер етті білем, ойнағандай көз қиығын
тастап біраз үнсіз отырды да:
— Адал екенсің, жігітім,— деді.— Мынау екеуінен де сен көбірек азап
шегерсің.
— Сіз нешедесіз, ата?— деді Нұржан екеу арадағы суықтық аздап
сынғандай болған соң.
— Жетпістің желкесіне міндік.
Аманжан ысқырып жіберді. Бақытжан:— Ол да ғажап емес, əкри,— деп
есіней керілді.— Қазір еркек босанып, есек есеп шығарыпты десе де
таңдануға болмас.
Шал əлденесін ұмытқандай далаға шығып кетті. Сол баяғы қалпы —
көйлек-дамбалшаң,
аяғына ештеңе кимеді. Осы бір сақалы өңірін жапқан қапсағай шал үшін
мынау
табиғаттың қысы, жазы — тіпті төрт мезгілі бірдей секілді еді. Осы
жасына дейін қыңқ
деп ауырмаған, тоңып-жаурау дегенді білмейтін, ормандағы аң екеш аң
секілді ғажап адам
еді. Елмен аралас-құраласы жоқ, қоршаудан қашып шыққан бұғыдай саяқ
ғұмыр кешті.
Сонау аппақ кеңістікке барар жол мен ызың-шу, қым-қуытты өмірдің екі
ортасында
шекара, бекет іспетті, міне жарты ғасыр, осы жаман үйінде жападан-


жалғыз тіршілік
құруда. Қыста аң аулайды, жазда омарта ұстайды. Бір қызығы, осына
жетім шал ұстаған
аңның терісін аудан, тіпті облыс басшыларының үстінен, ал жесең дəмі
аузыңнан
кетпейтін балын əрқайсысының үйінен көруге болар еді. Шыр етіп жерге
түскеннен
бастап қоғам үшін, өзге біреулер үшін шырпы басын сыңдырып көрмеген
Қоңқайда еңбек
кітапшасы деген атымен жоқ-ты. Ешбір жерге өтініш жазып жұмысқа
тұрған емес;
ешқашан да жиналысқа қатысып, тіпті үйлену, шілдехана секілді жиын-
тойда болған емес.
Осы елдің тойын қойып, топырақты өліміне қатыспаған каңғыбас
Қоңқайда дін, идея, бір
нəрсеге сену секілді үлкен ұғымдар атымен ада — өзімен-өзі, оқшау өмір
сүріп жетпістен
асып барады. Колхоздастыру, ұлы Отан соғысы, тағы басқа саяси
науқаңдар, жалпақ елдің
басына төнген қауіп, ұлы мерекелер, сүйіншілі қуаныштар Қоңқай үшін
бес тиындық
құны жоқ — əншейін еріккеннің ермегі-сынды дүниелер еді. Ес
білгеннен бері шындап
жылап, не рақаттана күліп көрмеген; мынау өмірде бар-жоғы белгісіз
құрып бітуге
айналған, сирек кездесетін аң секілді тіршілік кешкен біреу еді... Ал ол
үшін де былайғы


адамзаттың бар-жоғы қажетсіз, өз қара басының амандығын тілеген
қызық көзқарастағы
кісі. Біз көп айта берер гуманизм, рухани байлық, адамдардың өзара
қарым-қатынасы,
„Біріміз — бəріміз үшін, бəріміз — біріміз үшін” деген ұран, қоғамнан,
ортадан тысқары
өмір сүре алмау ұғымы бəр-бəрін тəрк етіп, өз жанын да сақтап, аштан
өліп, көштен
қалмай келе жатқан жұмбақты адам еді. Ең қызығы, осы Қоңқай,
ешқашан да үлкен өмірге
барып, адамдарды кісінеп іздемейтін, қайта сол адамдар Қоңқайдың
ұрлық өмірін
қызғанғандай өздері қуып келіп, тыныштығын бұзар еді... Енді міне,
сойталдай-сойталдай
үш жігіт қарап жүрмей, торға келіп түскені. Демек, Қоңқай оларсыз өмір
сүре алады екен,
ал олар... Қоңқайсыз өмір сүре алмайды екен...
Шал əлі оралған жоқ. Үш жігіт ол шығып кеткен соң сілейіп үнсіз
отырып қалып еді. Əсіресе тап қалғандары, шалдың, сақтық көрсетіп
мылтығын ала кетпеуі... əне қанатта ілулі тұр.
— Бізге тамақ бермей ме екен, əкри,— деді тағы да аз-кем
тыныштыққа масайып, маужырай бастаған Бақытжан.
— Атаңның басы,— деді Аманжан. Содан соң тұлан тұтып,
Бақытжанның талтайып созып жіберген аяғын теуіп қалды.— Ары
тартшы шуаш сасытпай. Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына...


— Ар жағы түсінікті,— деді Бақытжан оның сөзін бөліп.— Тазы ашуын
тырнадан алады. Жетпістегі жетім шалдан жеген жұдырықтың
қарымтасын менен қайтарайын деп пе едің, əкри.
— Ырылдаса бермеңдер,— деді Нұржан.— Не істейміз, соны
ойласаңдаршы.
— Артты қысқаннан артық айла жоқ.— Бақытжан не айтса да жыны
қозып отыратын Аманжан тағы да сақылдай бастады.


— Оу, өңкей ғана су жүрек қолабалар-ай. Сендермен сергелдеңге
түсірген қай құдай екен:.. Алжып өлейін деп отырған шалға үш
жігіттің шамасы келмеу деген не сұмдық. Бақытжан:— Осы күнгі əр
шалдың қуаты жүз аттың. күшіне тең. Үңдемей отырып-ақ үніңді
өшіре қояды... Баяғыда бір соғыстың түтінін иіскеп келдік деп, жер
жебір, жекен суыңа жетеді, əкри...
— Олай болса олардан құтылу абзал. Бəрібір жол бермейді екен,
тартып алу керек.— Орнынан атып тұрып, ілулі тұрған мылтыққа
ұмтылды. Бақытжан баж ете қалды:— Сотталамыз, ойбай. Осы күні
адам түгіл, аю атсаң да штраф салады.
Аманжан:— Бұл жерде сот жоқ. Сүйегін қарға көміп тастаймыз.
Нұржан:— Сот — қайда да сот. Сеніңше, заң қыста аю секілді
ұйқтап қала ма? Бақытжан:— Соны айтамын-ау. Қайдағы бір
қайыршы — шал үшін көзіміз көгеріп түрмеде отырсақ... Құрысын,
жатқан жыланның қүйрығын баспайық.
Аманжан:— Ал бұл қоғам үшін өлі ет секілді, керексіз адам. Қолқасын
суырып қолына берсек, өкімет бізге сыйлық беруі керек. Бірақ... өзін
бір жерден... көрген секілдімін...
Мылтықты көлденең ұстаған күйі ойланып тұрып қалып еді.
Нұржан:— Пиғылы жаттың бəрін ата берсек адамдарды азайтып
алармыз...
— Құдайдың құдір-е-е-теее,— деп Бақытжан айғай салды.— Не деген
ұқсастық. Бағанағы қорқынышты, өздерінің өлім мен өмірдің екі
ортасында отырғаны, осы үйден, тіпті мынау атаңа нəлет ішкері жақтан
тірі қайта ма, жоқ па — осының бəрін бір сəтке ұмытып баяғыша —
ауылдағыша еліре жөнеген Бақытжан талайға дейін таңдайын қағып
тамсанып отырып алды. Екі жігіт аң-таң.— Ей, Нұржан, құйт сен, құйт
сенбе, мен бір ұлы жаңалық аштым,— деп мəз болып, алақанын


шапаттады.— Анау Аманжанға дұрыстап қарашы өзің... иегіне сақал
жапсыр да, көз алдыңа шалды елестет... Айнымаған атамыз...
Нұржан:— Қайдағы атамыз?
Бақытжан:— Қоңқай атамызды айтамын. Керемет ұқсастық емес пе...
Нұржан:— Расында да.— Таң қала күліп жіберді. Тізесіне көлденең
тастаған мылтықтың стволын сипап отырған Аманжан анықтап қараған
адамға, шынында да, Қоңқай шалға қатты ұқсайтын еді.
Бақытжан:— ...Жас кезінде осындай-ақ болған шығар...— Басын
шайқап, таңырқағанын қоймаған соң Аманжан бұлқан-талқан
ашуланды. Алғашында қалжыңдайтын шығар деп өзі де ыржалаңдай
бастап еді, ана екеуі шындап жатқан соң:— Оттапсыңдар!— деп
ақырып қолындағы Қоңқайдың мылтығын енді екеуіне кезеді.— Егер
ондай ұсақ-түйек ұқсастықтың бəрін жіпке тізе берсек, онда сен... онда
сен... (айтсам ба, айтпасам ба дегендей тұтығып қалды).
— Немене... „онда сен"— деп шаңқ етті Бақытжан. Оның не айтқалы
отырғанын өзі де іштей сезіп, осына бала жасынан бері итше сүмеңдеп
соңынан қалмай еріп келе жатқан қаңқу сөзді тағы да естірін біліп,
іштей дайындала бастап еді...
— Онда сен... Упрайға ұқсайсың! Яғни бөлімше басқарушысының
аузынан түсе қалғандайсың!— деп тісін егеді. Бақытжанның көзінен жас
ыршып кетіп еді. Осы өмірінің жазылмас жарасы секілді індет-сөзді
басқа-басқа, дəл Аманжанның аузынан естимін деп ойлады ма. Жоқ,
ешқашанда... Үш ұйқтаса түсіне кірмеген. Тамам бала... „шата-шата",
„бастықтың баласы"— деп тілін шығарып, санын шапалақтап
мазақтағанда осы екі досы
— Нұржан мен Аманжан ара түспеуші ме еді... Иə, сөйтетін... Құдай-
ау, тіпті айтқысы келіп, тілі қышығанның өзінде мынау қиын-қыстау


сəтте, ұлы сапарда шыдай тұруы, аузын буа тұруы керек еді ғой.
— Тапқан екенсің мені таптырған адамды!— деп соншалық бір көз
ілеспес шапшаңдықпен Аманжанға тұра ұмтылды. Бірақ істің насырға
шабарын сезген Нұржан, аяғынан қағып шалып жықты да, жібермей
ұстап қалды. Ал ашуға булыққан Аманжанның шүріппені басып қалуы
əбден мүмкін еді...
— Жетет!— деп жекіді Нұржан.— Ауылдан аттанарда, моншаның
ішінде отырып берген ант қайда. „Өлсек те бір-бірімізді тастамайық",—
деп қол алыстық. Енді міне... балапан


қораздай қоқиланып шыға келеміз... Өттерің жарылып кетсе де айтайын,
үшеуімізде де шикілік бар. Бұл шикілік соғыс жылы, соғыстан кейін
туғандардың бірсыпырасында бар. Шал əлі жоқ. Əлде сыртта бітпей
қалған шаруасы болды ма, əлде қайтер екен деп, жігіттерді сынағаны ма,
көпке дейін үйге кірмей далада жүріп алды. Май шамның білтесі жана-
жана, еріп көлкілдеп тұрған майға жетіп, лапылдай бастаған. Əлгі
сөзден кейін үшеуі де қабақтарын түйе ойланып, үнсіз отырып қалып
еді. Май шамның лапылдай бастағанын көрген Нұржан орнынан тұрып
барды да, майға малтып шуатылған шүберек білтені суырып, шыны
тарелканың шетіне шығарып қойды. Содан соң өзі орнына қайта отыра
беріп:
— Айтыңдаршы,— деді ана екеуіне кезек қарап,— Айтыңдаршы,
əкеміз соғысқа қай жылы кетті?
Екеуі бірдей жарыса:— 1942 жылдың
күзінде — деді. Нұржан:— Өте жақсы. Ал
қара қағаз қашан келді?
Екеуі бірдей жарыса:— 1943 жылдың қысында... Сталинград
түбінде ерлікпен қаза тауыпты.
Нұржан:— Өте жақсы. Ал енді біздер дүниеге қашан келдік?—
Аманжан шалдың нарын сықырлата қозғап, маңдайын уқалады.
Бақытжан өп-өтірік жөтелді. Бəлкім ұялғандығы болар. Неменеге
ұялады екен?..
Нұржан:— Ə-ə, үндемейсіңдер ме? Олай болса ащы шындықты мен
айтайын сендерге...
Анау екеуі бірдей селк етіп, салбыраңқырап кеткен басын кегжең еткізіп
көтеріп алды. Нұржан:— мың да тоғыз жүз қырық алтыншы жылдың
күзінде... келіппіз осынау б-а-қы-т-ты өмірге... Түн жамылып отырмыз
ғой, ағымыздан жарылайықшы, жігіттер, сонда біз əкелеріміз соғыста


аттанған соңғы үш-төрт жылда қайда жүрдік?
— Сендерді білмеймін,— деді Бақытжан желкесін қасып,— өзім
əкемді майданға алып кеткенде іште қалыппын... Шешем солай
деген...
Аманжан қарқ етіп күліп жіберді.
— Ляуқи неме, төрт жыл бойы шешеңнің ішінде жатқан екенсің ғой ха...
ха...
Нұржан:— Ал енді осыған, осы трагедияға айыптымыз ба? Жоқ болмаса,
қандай да бір жолмен бізді жарық дүниеге əкелген анамызды кінəлар ма
едік.— Өңі сұп-сұр болып, дірілдеп кетті. Достары аға трактористің
ашуланғанын тұңғыш рет көруі еді, таңырқай қарады.— Жоқ, жарқыным,
соғыс кезінде немесе соғыстан соң туғандар бір-біріне ұқсап жатса оған
балалар əсте де кінəлы емес. Ендеше, оған ешбір қорланудың да, ұялудың
да қажеті жоқ. Конечно в этом мире нам трудно будет жить, но за то мы
получили жизнь. Мы
— дети войны. Мы — законное дитя эпохи.
— Ұрлықтан тапқан ұрпақтармыз,— деді Аманжан күрсініп. Осы кезде
алдыңғы сеңкенің арғы есігі тықырлады. Сол тықырды естіген үш жігіт
елеңдесіп қалды. Өз үйінде емес, дүние жүзіндегі қатыгез əрі мықты
шалдың лашығында түнеп отырғандарын енді ғана түсінгендей
сасқалақтап бір-біріне қараған. Аманжан жалма-жан мылтыққа
жармасты. Есік ашылды да бір құшақ отыны бар шал кірді. Қақ төрде
өзіне қарап мылтық кезенген Аманжанды көрмегендей, құшағындағы
қар-қар жаңқаларды пештің қанат іргесіне тастай берді. Содан соң
асықпай, саспай темір пештің қақпағын ашып, қып-қызыл шоғы жайнап
жатқан оттың көмейін көсеп, отын салды. Оның əр қалт еткен қимылын
аңдып тұрған Аманжан шалдың осыншалық саспастығына жыны келді
білем, затворды сарт-сұрт еткізіп, атуға дайындалды. Шал сонда да
сасқан жоқ. Ал орындықта зəре-құты қалмай бақырайып отырған екі
жігіт демдерін ішіне алып қатқан да қалған.


— Оғы жоқ мылтықты оқтанып қайтесің,– деді орнынан тұрып, ыдыс-
аяқ жаққа беттеген Қоңқай.— Егер мені шын атып өлтіргің келсе, анау
бас жағыңдағы дайын патронды ал да, оқта.— Əй, сенен ондай ерлік
шықпас,— деді содан соң.— Мені көздеп тұрып, анау өз жолдастарыңа
тигізіп аласың ба деп қорқамын.
— Сен секілді аң атып үйренбесем де, адам атып көрейін.— Шегеде
ілулі тұрған белбеуді шапшаң жұлып алып, қаз-қатар тізілген патронның
бірін оқтады да, шалды қайта көздеді. Қоңқай бəрібір елең ғұрлы
көрмеді.


— Қой, Аманхан!— деді Нұржан.
— Былшылдамай тыныш отырыңдар,— деді көзі қанталаған Аманжан.—
Дыбыр етсеңдер, сендерді де сұлатып саламын.
— Ең алдымен қоян атып үйренсең еді, ұлым.— Қоңқай мысқылдап
күлді. Сасар емес.
— Ерегестірмеңізші, ата, ашумен атып жіберер, мінезі шатақ еді.—
Бақытжанның даусы жалынышты əрі қорқынышты шықты. Қоңқай
қыңбады. Шуатылған ұзын ақкөйлегінің етегін көтерді де, дамбалының
ышқырынан қыстырған трубкасын алды. Ышқырын тағы да сипалап
жүріп, махорка салған дорбасын тауып, трубкаға толтырып нығай
бастады. „Не деген нерв,— деп ойлады Нұржан.— Темірден
жаратылған шығар".
— Ойлан, Аманжан, ойлан,— деді тістеніп, не істерін білмей отырған
Нұржан.— Адам ату оңай емес.
— Азамат соғысында, Отан соғысында бір-бірін қалай атты адамдар.
Сол үшін батыр болды, омыраулары орден-медальға толды. Немене
ондай ерлік біздің қолдан келмей ме?!— Долданып, аузынан ақ көбік
атып тұр.
— Олар жау еді ғой,— деді Нұржан.
— Мына шал жау емес деп кім айтты. Фашистерден əлдеқайда қауіпті.
Ал иманыңды оқы, қақпасым.
Бес-ақ қадам жерде трубкасын пештен алған шалмен тұтатып міз бақпай
тұрған Қоңқайды бейне жүз метрде тұрғандай тым ұзақ көздеді. Рас,
атып-ақ салғысы келді. Амал не, көздеген сайын көзі қарауытыл,
шүріппеге тиген саусақтан жан кеткендей. Өне бойы өз-өзінен қалтырап,


буыны босай берді. Қоңқай қысық көзін бағжаң еткізіп, алая қарағанда,
Аманжанның қолындағы қос ауыз мылтық салдыр-гүлдір етіп жерге
түсіп-ақ кетіп еді. Шала басылып тұрған шүріппе салмақпен түскенде
өзінен-өзі тарс етіп атылып, қоянның құмалағындай оқ шалды жанай өтіп
есікке тиген. Ағаш есік шалқасынан ашылғанда. аядай үйге саулап суық
кіре бастаған. Шал оқ тиіп ашылып кеткен есікті қайта жауып, тиегін
салды.
— Осы қақбасты бір жерден көрген секілдімін. Қайдан? Жүзі өте таныс.
— Аманжан шөкелеп отыра кетті де, өз тізесін өз ұрғылады.— Неге ата
алмадым, құдай-ау, неге? Əлгінде мылтық саңқ еткенде Нұржан
жанарын жаба қойып еді, көзін қайта ашқанда шал тірі, ағаш кебеженің
үстінде трубкасын сорып жайбарақат отыр. Бақытжан бүк түсіп
солқылдап жылап жатыр: „Тəңірім-ау, көрсетпегенің көп екен ғой. Енді
қайттік?" Сəл тыныштық орнады. Тыныштық орнату үшін бейне бір
мылтық атылуы керек секілді...
жарасымды, жуас тыныштық. Нұржан:— Сіз кімсіз, ата?! Шал:— Мен
— Қоңқаймын. Нұржан:— Аты аңызға айналған қатыгез Қоңқай бұдан
елу жыл бұрын жер жастанған еді ғой.
Шал:— Ол үлкен — Қоңқай, ал мен — кіші Қоңқаймын. Біздің
ұрпақ ешқашан да құрымақ емес...
Нұржан:— Үлкенінен тұқым қалған жоқ. Өмір бақи жалғыз өтіп,
көмусіз қалды деп естігенмін...
Шал:— Қоңқайлар ұлын жасырын өсіреді. Өйткені ұлы
жорықшылар мен атақты байлардан қалған ендігі тұяқ біздерміз.
Нұржан:— Ал, сіз ше, сіз жалғызсыз ғой...
Шал:— Мен де ұрпақсыз емеспін. Оны уақыт көрсетер. Иə, солай


шырағым, текті тұқым тентіреп жүрсе де, өз тегін айналып табады.
Мынау ағаш лашықтың оты сөнбейді ешқашан. Анау Айыртаудың қос
өркешін — Ата қоңқай, Бала Қоңқай деп мен емес, ел атайды.—
Трубканы сорған қалпы орнынан тұрып, ағаш нардың ірге жағына қол
жүгіртті. Транзистор алып шығып əрі-бері бұрап, əр түрлі тілде сөйлеген
түрлі толқындарды ұстай бастады.
— Ақсақал,— деді Нұржан шалдың бала секілді қолындары
транзистормен шұқыланып отырған сықпытына қайран қала қарап.—
Ақсақал, дүниенің төрт бұрышында не болып жатқанын біле, сезе
отырып, осыншалық саяқ, оңаша тірлік кешуіңізге не жорық?


— Өйткені мен адамдар жиналған тобырды иттің етінен ары жек көрем,
— деді Қоңқай. Өлдім дегенде бір əуен ұстады-ау. Тағы да Алла
Пугачеваның əндерінің бірі екен. Қоңыр мұң, албасты ашу, өкпе-наз,
өжеттік — бəрі-бəрі астаса келе, адам бойындағы рухани ауруды айдан
шығарар қуатты да нəзік тағы əн, мəдениетті дауысты үй ішіндегі үш
жігіт, бір шал ден қоя тыңдап, жалқы сəт тым-тырыс отырып қалып еді.
Сонау ат тұяғы əрең жетер ішкері жақтағы адасқан қаздай жападан-
жалғыз ұрлық өмір кешкен Қоңқайдың қыстағында Алланың əні тіпті
құлпырып, сай-сүйегіңді сырқырата шырқалады екен. Шалдың да сүйсіне
тыңдайтын жалғыз əншісі, осы „əн салғыш əйел" секілді. Əннің аяғы
дарақыланған күлкімен аяқталды. Осынысымен құдіретті еді.— Мықты
қатын,— деді шал күрсініп. Содан соң өзі-өзінен шаңқ етіп.— Жоқ! Ұлы
Қоңқай жаққан от ешқашанда сөнбек емес!— деді жанары ұшқындап.
Пышақпен тіле салғандай жалғыз сызықтанған қысық көздің осыншама
аясы кеңіп үлкейгеніне жігіттер аң-таң аңырайып қарап қалған.— Ол —
жалқы да болса жақсылар жаққан от. Егер шын білгілерің келсе айтайын:
Қоңқай орталарыңда, Қоңқай жер шарының түкпір-түкпірінде, Қоңқай...
əркімнің қарақан басында, лүпілдеп соққан жүрегінде, өз шыққан тауым
биік болсын дер тілегінде. Тек қана бір-бірінен жасқана жасырады.—
Қолы қалтылдап орнынан тұрып кетті. Осы қалпында жындана бастаған
деп ойлауға əбден болар еді. Бірақ ол сап-сау, сырғауылдай ұзын қарулы
саусақтарымен үш жігітті кезек нұсқап саңқылдап тұр.— Қоңқай
дегеніміз сен,— деді Нұржанға. Мына сен,— деді Аманжанға.— Мына
сен,— деді көзі іліне беріп шалдың айғайынан оянған Бақытжанға.—
Ауыздарыңнан ана сүті кетпей жатып үлкендермен алысасыңдар. Елу
жыл бойы осы Айыртауда — арыстандай айбат шегіп, ошағымның отын
сөндірмей отырмын. Ешкім де қолымнан қағып, бетімнен алып көрген
жоқ... Мені бүкіл аудан, қала берді, облыс басшылары біледі. Ал сендер
білімсіздік таныттыңдар...— Нұржан шалдың сөзін бөлді.
— Ақсақал, кешіріңіз, бірақ сіздің ошақтан жалғыз-ақ түтін ұшпай ма?..
Қоңқай:— Жалғыз түтін де — түтін. Мені, əйтеуір, бір күні бір
Қоңқай өзі іздеп келіп табады.


— Бірақ ол қандай түтін,— деп күрсінді Нұржан.—Если бы от горя дым
шел, как от огня, мраком был бы мир оплошным — не было бы дня.
— Баяғыда,— деді Бақытжан өзінің əлі де тірі екенін дəлелдегісі
келгендей есінеп.— Біздің ауылда бір шал: „Қазаққа ассалаумағалейкум
деп амандассаң бір самаурын шайым кетеді",— деп ешкімнің сəлемін
алып, есендеспейтін... Жарықтық өлгенде үш-ақ адам топырақ салды.
Шал кебеженің қақпағын аңырайта ашып, ішінен құңдыздың,
бұлғынның, суырдың, тиынның, қасқыр мен аюдың терісін сілкіп-сілкіп
шығара бастады. Осыншалық байлықты бұрынды-соңды көрмеген
жігітгер кебеже ақтарып отырған Қоңқайдың қасына қалай барып
қалғаңдарын өздері де сезбеп еді. Елдің алды болып, еңбектеп келген
Бақытжан:— Міне байлық,— деді басын шайқап. Аманжан ысқырып
жіберді.
— Міне осылар барда,— деді шал қолыңдағы бұлғынның түгі жылт-
жылт еткен терісін сипап,— Көктен құдай, жерден шұнай алмайды.
Білгілерің келсе аудан, облыстардағы мұқым қаратаяқтың басындағы
бөрік, əйелдерінің жағасы — мен атқан аңның терісі. Ал тері-терсектің
барған сайын алтынға айналып бара жатқаны белгілі.
— Түсінік-те-е-ее,— деді Аманжан ысқырып.— Пара деші, п-а-а-ра!
— Иə, пара, шырағым.— Шал терілерді орнына қайта жайғастыра
бастады.— Бергенді, алғанды кім жек көрсін. Егер осы үшеуіңді
өлтіріп тастасам да, осы терілердің күшімен сотталмай құтылып
кетеріме кəміл сенемін.
Бақытжан:— Ты — мне, я — тебе дейсіз ғой.
Шал:— XIX ғасырдың орта кезінде Көкшетау дуанының аға сұлтаны
болған Зілқараның Əлібек есімді баласы қылмысты болып, абақтыға


түссе, атасы Тұрлыбек Петерборға барады да, „ақ патшаға" жолығып,
сұлулығы сүліктей меңсіз қара қырық сəйгүлікті параға өткізіп, інісін
итжеккенге айдатудан аман алып қалған екен...


Нұржан:— Кісі өлтірген адамды пара алып, айыбын кешірген
патшаның өзі соучастник болып қалды ғой қылмыстыға.
Шал:— Ондай соучастниктерді есептей берсек, есеп-шоттың тасы
жетпейді, шырағым. Бақытжан:— Сонда қалай, бізден алғаныңыз да
пара ма?
Шал:— Баламысың деген, менің алғаным жамбас ақы. Оны пұлды
өкіметтің қонақ үйіне де төлемейсіңдер ме... Егер осы Кіші Қоңқай
асуында, жалғыз үй мен отырмасам, баяғыда үсіп өлмес пе едіңдер.
Өрімталдай өмірлерің үшін берген пима мен сағатты бұлдасаңдар, мə,
өздерің алыңдар. Қайтер екен деп, əдейі сынап едім, тым-тым
дүниеқоңыз екенсіңдер.— Орнынан атып тұрды да, пима мен сағатты
жігіттердің өзіне лақтырып жіберді. Содан соң „мені де сағынатын күн
туар"— деп күбірлеп, нарға қисайды.
— Қайтқан малға— береке,— деп, Аманжан сағатын құлағына тосып
тыңдап көрді де, қолына тағып алды. Нұржан əрі-сəрі ойда еді.
Шалдың мінез-құлқына түсінбей дал!
— Ата,— деді жуас үнмен.— Егер шын қызықсаңыз, алыңыз пиманы.
Мен сіздің ескіңізді киейін... Тек менікі емес еді деген сөз ғой... алыңыз...
— Рақмет,— деді шал төсегін қамдап.— Бұл үйде көрпе-жастық жоқ.
Төр алдына жантая кетіңдер. Үй жылы ғой.— Бағанағыдай емес, даусы
жұмсақ, қамқорлық байқалған соң жігіттер де мойындарынан мың
батпан жүк түскендей жеңілейіп қалған. Май шам өлімсірей жанып тұр.
Əсіресе Бақытжанның қабағы енді ғана ашылып еді.
— Адамзаттың бүкіл тірлігіне қайранмын,— деді төр алдына еңбектеп
жетіп. Жіңішке ағаш орындық белін əбден талдырып тастаса керек,
бірден құлай жығылды да, екі қолын басына жастап, төбеге телмірген
күйі əңгімесін жалғастырды.— Əлденеге асығады, əкри, басын қатырып


əлденені іздеп келіп жүргені... Сонда деймін-ау, қайда асығамыз, қайда
бара жатырмыз? Неменені тіміскілеп итше іздейміз?
Нұржан:— Жұрттың бəрі сен секілді ұйқылы-ояу өтуі керек пе екен
өмірден.
Бақытжан:— Əй, қойшы, аяқ астынан абыз бола қалмай,— деп қолын
бір-ақ сілтеді. Басын көтеріп, малдас құра отырды.— Бозамық дүние, ақ
қар, көк мұздың бетімен бос, қаңсыған, итаяқ болып қалған ағаш шананы
сүйреп тентірегенге мəз боламысың. Бос шана сүйрету үшін ешқандай
ақылдың, философияның қажеті жоқ.
Аманжан:—Мына маубастың тілі шығайын деді.— Өзі шолақ
тонын жамылып Бақытжанның жанына жайғаса бастаған.
Бақытжан:— Жоқ, енді, менің миым жетпеді делік... Өздерің
айтыңдаршы,— деп қызыңды.— Қайда барамыз, осы? Ау,
ағайын, қайда қаңғып барамыз, əкри? Нұржан:— Шөп əкелуге...
Бақытжан:— Ал əкелдік... тоист апардық аман-есен делік. Содан соң?..
Аманжан:— Содан соң тағы да шөпке... Қысқасы, совхоз қайда жұмсаса
— сонда...
Бақытжан:— Ə, солай ма... Өзің де білмейсің қайда барарыңды,
өзгелер біледі. Қалай айдаса — солай жосимыз. Қалай жетелесе —
солай ереміз соқыр ботадайын... Адамнын басы — алланың добы
деуші еді бұрынғылар, енді Упрайдың добы болдық.
Аманжан:— Ей, лəуқи, сен осы үйде қалсаң, қайтеді, пікірлерің бір
қазанда қайнай алады екен, ə.— Мысқылдағаны. Бірақ одан Бақытжан
қыңған да жоқ.
Бақытжан:— Сендердің қалғыларың келмей отырғаны. Əттең,


қарындарынды шермитіп бір тойғызса; сүйресе де шықпас едіңдер бұл
үйден.— Ақсақал,— деді төсегіне тас бүркеніп жатып қалған шалды
мазалап.— Айтыңызшы, біз осында мүлдем қалып, паштый балаңыз
болсақ, қалай қарар едіңіз?
Шал:— Алла сақтасын. Осыдан үш жыл бұрын қасқырдың үш
бөлтірігін асыраймын деп, жалғыз сиырымды жарып кеткен.
Бақытжан:— Бөлтірік жарып кетсе, біз жеп кетер едік. Ақсақал,
айтыңызшы, жетпіс жасаған сіз, осыншалық мол қуат, тепсе темір
үзер қайратты қайдан алдыңыз?
— Шал:— Табиғаттан...
Бақытжан:— Ал біз турникке асыламыз келіп, тыртыңдап жүгіреміз
келіп, гимнастика жасаймыз. Ақыр аяғы міне төрінен көрі жуық
сізден таяқ жейміз.


Шал күлді. Күлді де айтты:— Марал корень, золотой корень, жень-шень,
бұғының еті мен мүйізінің қаны, аюдың еті — таза ауа, бастығы жоқ өмір
— міне осылар менің гимнастикаларым.
— Ей, шал,— деп керілді Аманжан.— Сол кормыңнан бізді де
кормиттасаң қайтеді. Сағатымды сыйлайын.
Бақытжан білгішсінді:— Корым емес, ақымақ,— к-о-р-е-нь...
қазақшасы тамыр. Ал сен жем жегің келеді.
Аманжан:— Какая разница. Жейтін нəрсенің
төркіні — бір. Бақытжан:— Ендеше, бүгіннен
бастап шөп же.
Аманжан:— Совхоздың малына жетпейді, əйтпесе жер едім.
— Адамдар мінезіне мен де қайранмын, шырақ.— Солардан, ұлардай
шулаған адамдардан қанша жан ұшыра қашсаң, да, қыр соңына түсіп
тауып алады. Тып-тыныш оңаша өмірінің айдынына тас лақтырады. Мен
— өзіммін, басқа емеспін, ендеше, өзімше өмір сүріп, өз мекенімді, яғни
өз мемлекетімді құрғым келеді. Мынау қараша үй — менің кішкентай
ғана, қарлығаштың ұясындай мемлекетім, қара басымның жалғыз
еркіндігі. Бұл — Кіші Қоңқай мемлекеті, түсіндіңдер ме!— Шал шаптыға
айғайлап, басын қақшаң еткізіп көтеріп алды. Қысық көзінің шарасы
үлкейіп, біреу қолқасын суыра бастағандай ақиып кеткен. Қорқынышты,
аса қорқынышты түрі бұзылып, бақсылығы қозғандай сақылдады-ай.
Бірақ əр ойын, сөзін шегелеп, зердеңе ұрғылап əкеліп қондырғандай
түсінікті жеткізді.— Сол қарлығаштың ұясындай мекенімнің,
қауіпсіздігін көзімнің қарашығындай күзетіп, суверенитетін сақтау үшін
елу жыл алысқанмен — алыстым, атысқанмен — атыстым. Бұл — менің
жанымның (кеудесін ұрды), рухымның, жүрегімнің, тіпті бүкіл
бостандығымның Отаны. Ал сол титімдей мемлекет, от жаққан
отанымның, шекара — табалдырығын бұзғаңдарға қасық қаным
қалғанша аямаймын, майдандасамын. Ал былшылдамай ұйқтаңдар.


Таңертең Айыртаудан асатын төте жолды нұсқап жіберемін.— Тас
бүркеніп жатып қалды. Жатып қалса да қол-аяғы дірілдеп, күбірлеп
сөйлейді: „Мені де сағынатын күн туар... Қоңқайлар ұрпағы өлмек емес,
мəңгі жасайды. Өйткені Қоңқайлар адамзаттың өздері үшін керек..."
Шал тақыр басын бөстектің, шетінен қылтитты:–темір пешке оттық
салып май шамды сөндіріңдер,— деп бұйырды да, қайтадан жоқ болды.
Бүркеніп, бір уыс болып ұйқтайтын кісі екен.
Ана екеуі — Аманжан мен Бақытжан жатып қалды да, Нұржан далаға
шықты. Үркер төбеден ауып кеткен екен. Аспан ашық. Түн суық. Ақ
сүттенген ай аспаннан мөлие қарап, жерге секіріп түскісі келетіндей.
Алғашында „иш-ай" деп қалған Нұржан үйдің іргесінде қалқайып тұрған
трактордың жанына барғысы келді де, қар омбылаудан қорынды. Жым-
жырт. Дүниенің барлығы үсіп өліп, жарықтық ай құран оқыған ақ сəлделі
молда, ал сонау жұлдыздар жаназаға жиналған мұсылмандар іспетті еді.
Ауылда басқаша болатын: сиыры мөңіреп, əтеші шақырып, иті ұлып —
өзінше ұлар-шу болып жататын. Ішсе де мас, ішпесе де Хамиттың жаман
гармошкасын құлаштай тартып, ауылды басына көтере шырқар айғай əні
— мынау жер бетінде адам атты — екі аяқты, жұмыр басты ақыл иесі
барын еске салғандай, жанына жақын естілуші еді. Ал қаладағы ызың-
шу, қым-қуыт өмір өз алдына...
Мұнда ше? Мұнда — кісіні ес-ақылдан айырып, керең ғылып тастар
тыныштық. Дүние жүзіндегі ең таза, ең тыныш жер — осы Айыртау
сын-ды. Осындай құлақкесті тыныштықтан, елсіздіктен құсаланбай
жалғыздан жалғыз жарты ғасыр, тіпті одан да көп уақыт ғұмыр кешкен
Қоңқай шалдың ұрлық тірлігіне қайран қалуға болушы еді. Шекспирді,
Толстой мен Хэмингуэйді білмей жетпіс жыл өмір сүру деген не
сұмдық?.. Данышпандық деген ұғымның шартты екенін осы Қоңқай шал
сайқымазақтау үшін жер басып жүрген секілді. Иə, адам баласы барған
сайын, төрт құбыласы теңелген сайын ескі өмірді, баяғы арбамен қоян
қуған заманын сағынар. Бəлкім, табиғатқа қайтадан жақындау дегеніміз
осы шығар... Осы шығар...


Есік ашылып, сыртқа қақырынып-түкірініп шал шықты. Нұржан далада
көбірек айналып қалған соң, жасаған сақтығы болар.


— Неғып айға қарап телміріп тұрсың?— деді.
— Жəй, өзім, ақсақал. Ұйқтар алдында өстіп, таза ауа жұтып, бой
сергітетінім бар».
— Жөн-жөн, бар, ұйықта,— деді де үйге жапсарлас салынған қораның
ішіне кіріп кетті. Нұржан əрі-бері тосып еді, шықпады. Əуестік жеңдеп,
білдірмей есігінен сығалады, бəрібір ештеңе көре алмады. Қараңғыға көзі
үйренгенде ғана барып, сонау төменнен — жер астынан жарық
сəулеленгенін байқады. Сөйтсе, қораның, ішінен қазылған жертөле бар
ексн. Шешінген судан тайынбас дегендей, тəуекел деп жақындай түсті.
Жертөленің қақпағы ашылып, төмен түсер саты бар екен. Май шам онда
да жанып тұр. Қоңқай шалдың көлеңкесі абажадай болып көрінеді. Өзі
самогон ба, сыра ма, əйтеуір, сарғыштау сусынды, дəу ағаш шелектің
шүмегінен ағызып алып, сіміріп отыр. Байлықтың, көкесін Нұржан, осы
жер астындағы үйден көрді. Адамның жанынан өзгенің бəрі бар
сықылданды көзіне. Тіпті шындап іздесе, адамның жаны да табылар ма
деп қалды. Сонда оның есіне баяғыдағы бір ауылда естіген əңгіме
оралып еді. Өзі құралпы Орынбай деген жас жігіт, бөлімшеде есепші
болып істейтін. Осы өткен жазда өздері келе жатқан Айыртаудың арғы
бетінен пішен дайындаған. Сонда əңгімеден əңгіме шығып, Орынбай бір
сырдың шетін қылтитқан. Айыртаудың асуында бір жұмбақ шал бар екен.
Өзі талай кісінің, атуға болмайтын аңның обалына қалған жауыз көрінеді.
Керек десең паспорты да жоқ. Бірақ ешкімнен қорықпайды.
Қорықпайтын себебі, оны бүкіл аудан, облыс басшылары жақсы біледі-
мыс. Білетін себебі, əлгі шал оларды аңның терісі, дəрі-дəрмекпен
қамтамасыз етеді екен. Бір үлкен қызметтегі кісі аты жаман аурудан
өлгелі жатқаңда, вертолетпен ұшып келіп, əлгі шалдың үйінде ай жатып
емделіпті... Жазылыпты. Егер шын ниет қылса, өлген адамды тірілтіп
алатын көрінеді. Əуелі... шамасы тайып, қуатынан айрылған дөкейлер
ептеп əлгіден... қоздыратын бір пəле бар екен ғой, содан да алып тұрады
дейді... Əрине, содан соң ол шал құдайдың өзін тыңдамайды. Бірақ өзі
керемет қатыгез, қанішер көрінеді...
— „Бұл сол шал болды"— деп ойлаған Нұржан шегіне берем дегенде,
жер үйдің, ішіне жылқының тоң боп домаланған қиын құлатып алды.


Шал селк етіп, жоғары қарады да, май шамды үрлеп сөндіре салды.
Бірақ „бұл кім?"— деп дауыстамады. Кім екені бесенеден белгілі...
Осы күні түнде Нұржан да, Нұржанды аңдыған шал да көз ілген жоқ.
Бірімен-бірі іштей арбасып, іштей атысып жатыр еді.
Шал ойлады:— „Үш жігіттің ішіндегі ең қауіптісі — Нұржан. Қалған
екеуі, көзінің алдындағыны ғана көретін дарақылау, ойлары таяз. Не
істеу керек? Айыртаудан асатын төте жол бар деп, жөн сілтеп жіберсем
ғой, үшеуі де құриды. Ал айналма жолға түсірсем аман-есен жетеді.
Аман-есен жеткен соң, менің бүкіл сырымды,байлығымды мұқым елге
жаяды. Жайғанына қорықпаспын, ұрлыққа түсуі мүмкін ғой. Не істеу
керек?"
Жігіттер шаршап келіп қатты ұйқтап қалған еді, таңертең жұлқылап
жүріп Қоңқайдың өзі оятты. Нұржан да əбден таң сыз бергенде көз
іліндіргенді. Орындарынан атып-атып тұрған трактористер, беті-қолын
жумастан далаға шықты. Аппақ шағырмақ қардың ортасында меңдей
болып қарайып ДТ-54 тұр, қасқыр жемепті. Моторды қыздырып,
жанармайды жылыту үшін шалдан отын сұрап еді, қарсылық білдірген
жоқ. Темір пештің үстіне бір шелек су құйып қойып, оны да ысытып
радиаторына құйды. Көп əуреленген жоқ, тракторды əп-сəтте от
алдырып, енді аттанамыз деп жатқанда, Нұржан шалдан ендігі бағыттың
ыңғайын сұрады.
— Алдарыңда екі жол бар,— деді шал қабырғасын тырт-тырт қасып.—
Біреуі алыс та болса — жақын. Екіншісі жақын — жақын да болса —
алыс. Егер Айыртауды айналып жүрсеңдер өте ұзақ жүресіңдер... Ал
мынау бір — Үлкен Қоңқай асуы арқылы жүрсеңдер, екі-үш сағатта
іздеген шөптің үстінен түсесіңдер. Шөпті аман-есен тиеп алып, қайтарда
Айыртауды айналып желе-жортып ауылдарыңа барасыңдар. Сондықтан
менің ақылым — үлкен Қоңқай арқылы асудан өту. Тракторларың
мықты, дендерің сау, сайдың тасыңдай жас жігіттерсіңдер, қиындық
деген не тəйірі.




— Олай болса, сіздің сөзіңізге сендік, ақсақал,— деді Нұржан
трактордың жылан бауыр табанына шыға беріп.
— Енді, өздерің біліңдер... шырақтарым. Пайғамбар жасынан асқанда,
ақыл айтып, жол көрсеткеннен өзге не қалды дейсің...
— Қуатыңыздың қаншалықты екенін түнде көрдік қой,— деді Бақытжан.
— Құр ауыз аттандырдың, шал,— деді Аманжан.— Бəрібір түбі сенің
үйіңнен шай ішпей қоймаймын. Қайтарда соға алмасам да, келесі жазда,
əдейі іздеп келермін...
— Мылтық көздеуді үйрене кел,— деді шал мысқылдап.— Жекпе-жек
шыққандай болсақ, өкініп жүрме.
— Оған дейін өзің де алжып өлерсің.— Шалдың көзі бағжаң ете қалды.
— Қайсымыздын бұрын өлерімізді бір тəңір білер,— деп көкке қарады.
— Ал, хош болыңыз,— деді Нұржан тракторды жылдамдыққа салып.
— Сау болыңыз,— деді Бақытжан ыржиып. Осы үйден аман аттанғанына
шексіз қуанышта еді. Аманжан қоштасқан жоқ. Сұп-сұр болып
Нұржанның жанына отыра кетті. Аппақ қардың арасына сіңіп, бергі
белестен асып, көзден ғайып болғанша Қоңқай тұрған орнынан
тапжылмай, соңдарынан қарады-ай. Əбден ғайып болғанда ғана:—
"Топырақтарың торқа болсын",— деп бетін сипады да, қораның ішінен
қазып, бетін сабанмен бүркеген жертөлесінің кеспелдектей құлыбын
сылдырлатып аша бастады. Ендігі сəтте елу жыл тірнектеп жинаған
қазынасы тығылған жердің астына түсті де кетті...
Өлерін сезсе, осы жеті қат жердің астындағы қоймасына келіп, баяғыда
əзірлеп қойған мұз астауға жатпақ. Дұрыстап жатып алған соң, қол жетер
жердегі тиекті төмен қарай басып қалады. Сол шақта мұның үстіне əдейі


үйіп, іліндіріп қойған топырақ құлайды. Жер ойылып түскен соң, қораны
да жауып қалады қымтап. Ал содан кейін Қоңқай мен байлықты тауып
көрсін... Ешбір адам таба алмайды. Тек мың жылдан соң... Мың жылдан
соң...
Əзірше өлім тиегін баспайды, сыра ашытылған ағаш күбінің тығынын
ғана ашады. Əбден ашуы жеткен сырадан сыңғытып ұзақ ішті...
Ішкері жаққа Нұржанның осыменен екінші рет келуі. Жаздай жаңбыр
жаумай, құрғақшылық болып „Алтай" совхозының бүкіл шабындығы
ақтаңлағы шығып, күйіп кеткен соң сыпыра тау арасы, топырағы
құнарлы əрі қыстың күні қар қалың түседі, сөйтіп, ылғалы мол
сақталатын Хатынь өзені жағынан шөп шапқан. Қазақстанның бір
пұшпағында түтін түтеткен бұл совхоздың жері Алтай тауларымен
жарыса, жағаласа барып, сонау Таулы Алтай өлкесінің аймағымен
шектелетін. Россия мен Қазақстанды атақты шың Мұзтаудан бастау
алатын ағыны қатты Хатынь өзені бөліп жатар еді. Бұл жақ басқа
ауданның жері, бір түкпірінде, тым шалғайда болғандықтан, „Ішкері жақ"
деп атап кеткен. Құрғақшылык не істетпейді адамдарға. Айдап осы
Хатынь жағалауына алып келген. Ауылдан шыққан атты адам екі-үш
қонып əрең жетер осыншалық алыста жатқан тегін жердің шабындығына
дəніккеніне екінші жыл. Жаз шыға тауды шыр айналып, машина
жолымен келетін, ай бойы пішен дайындап, маялап үйетін. Сонан соң
жер қата машинамен тасып жеткізіп алатын. Нұржан Хатынь жаққа
алғаш рет күздің қара суығында келген... Машинамен шөп тиеуге
келген... Бірақ ала жаздай арпалысып дайындаған шөптің тең жартысын
ғана тиеп үлгерді, ізінше жаңбыр жауып кеткен...
жаңбыр жауып кеткен соң, шөптің біразы алынбай қысқа қалып қойған.
Енді мінеки, тау асып, трактор шанасымен тасып алуға келе жатқан
беттері.
Көк түнек аспанда, сонау қарлы адырларды жиектей батысқа жылыстаған
жарықтық күн салқын сəулемен жасқана қарайтын. Үш жігіт таңертең


шалдың үйінен шыққалы лəм деп тіл катыспаған еді. Түнеп
шыққандарына рақмет айтып, қара су ұрттамастан ерте тұрып аттанып
кеткен. Əсіресе іштері қалтырап, жылан жұтқандай тіс-тісіне тимей
сақылдап келе жатқандары — ыстықты аңсаған асқазанның көтерілісі еді.
Бұрынғыдан əлдеқайда аласарып, қол созымда ғана тегенедей төңкеріліп
тұрған аспан, ол да бір түрлі көңілсіз, өз-өзінен жүдеу, өз-өзінен
жабыңқы тартқан. Өз-өзінен жүдеу тартқан аспан ғана емес, таң атқанша
бір-бірімен төбелесіп шыққандай тоң теріс томаға-тұйық отырған үш
жігіт те.


Əрқайсысы өз ойын малта ғып сорып отыр. Қазір Нұржанның орнына
трактор айдап келе жатқан Аманжанның ашаң тартқан екі жағы жалғыз-
ақ күнде суалып, түгі едірейіп, жансыздана бастаған. Ал оның қасында
қысқа мойнын шолақ қара тонының жағасына тығып, ұйқылы-ояу
мəңгіріп отырған Бақытжан тіпті баяғыда өліп, қатып қалғандай құр
сүлдері, жайнап тұрар дөңгелек беті қан-сөлсіз бозаң, бұрынғыдай емес,
сопайып ұзарып кеткен секілді. Оларға қарсы қарап, темір жəшіктің
үстінде отырған Нұржан достарының тіршілік оты қоламталана, сөнуге
айналған дидарына тесіліп ұзақ қарады: жиырмадан жаңа ғана асқан жас
жігіттердің жүзінде уағына жетпей қартаюдың алғашқы белгілері бар еді.
Сырттан гөрі трактордың кабинасы əлдеқайда суық, төрт бұрыштана —
камера іспетті қоршаған көк темірге саусағың тисе қарып түседі.
Мотордан шыққан болымсыз жылу əлгі дүмбілез темірдің астында
тұншығып, алқынғандай еді, деміккендей еді. Бу болып ұшады. Дүниенің
ызғарынан гөрі, жігіттердің өз арасындағы суықтық жаныңды
қарығандай еді. Ұрсып-таласпай осыншалық бітеу мінезбен оңаша отыру
жүйкелеп, жалықтырды білем, қос рычакты кезекпе-кезек тартқылап,
газды азайтып, көбейтіп, толассыз қимыл үстінде келе жатқан Аманжан
жын соққандай айғай салды. Ал қалған екеуі оқыс үнге селк етіп есі
шыға шошынып қалған. Аманжан тағы айқай салды. — Ау-у-у...а...
Аюдай ұйқтап жатқан алып дөңдер қыбырлап, ерекше үн қосқандай.
Газды басып-басып қалып, жын ұрғандай айғайлаған жігітті Нұржан
жынданып кетті деп ойласа керек:
— Тоқта! Тракторды тоқтат!— Солқ етіп барып тоқтаған ДТ-ның
ішіндегі үш жігіт қопақ қаға екпінге еріп, изектесіп қалды да, арқаларын
темірге соға солқ етіп қайта отырды. Сəл үнсіздік басты. Сосын Нұржан
Аманжанға аса бір қажыспен қарады.
— Не болды?
Бұл сұрақты естімегендей меңірейіп отыра берді. Суалған, түк-түк ат
жағындағы қырау шалған түгі бұрынғыдан ары қалыңдап, қорқынышпен


үрпиеді. Кіреукеленген көзінде сəуле жоқ, жараның орнындай
шүңірейеді. Ал қоңқақ мұрны мен өрескел үлкен аузы ол да жансыз,
ағаштан ойып жасай салғандай ебедейсіз. Түйіліп біраз отырды да:— Не
дедің?
— деп, Нұржанға қайыра сұрақ қойды.
— Неге айғай салдың деймін?
— Қашан?
Нұржан өзін-өзі зорлағандай еріксіз күліп жіберді. Бұдан соң бір-бірінің
иығынан май сіңіп, тот басқан зілдей алақандарымен салып-салып
қалып, жамырап бəрі күлді. Міне, екінші түн тоң болып қатқан көңіл
жіпсіп, трактор ішіне жеңіл нұр тараған. Алып-қашпа сезім ол да
қаймақшып қата бастаған-ды. Əне, жібігендей болды. Себепсіз, айтпай
түсіндірген күлкінің маздаған отына жылынған үшеуі алдарында не
күтіп тұрғанынан бейхабар, осы сəттің шуағына таласа ұмтылған. Бұдан
соң Нұржан неге айқайлағанын айтпады, қалғандары тақаулап сұрамады.
Жым-жырт, жұмбақты сапарға қайта аттанған. Бірақ дүние бірте-бірте
тағы да суына бастады. Суықтың ең қаттысы — үнсіздік екенін енді ғана
ұққандай Нұржан ыңылдап əлдебір əннің əуенін айтқан болды. Оның
мұрнының астынан ғана сыздықтап, бір түрлі түсініксіздеу шыққан үні
ана Аманжан мене Бақытжанға естілмеді білем, назар аударып
елеңдеместен, не қосылып ерместен ой орманына сіңіп, жалғызсырап
адаса бастаған. Айнала аппақ қар, ұшы-қиыры таусылмайтын ақ шаңқан
қар, жансыз аспан, жанарсыз күн... Олар сүрлеу, жолсыз бағана, жалғыз
үйлі жалғыз шал Қоңқай сілтеп жіберген бағытпен тұспалдап қана келе
жатқан. Əзірше қар астында жасырынып жатқан ұры тас, жықпыл-
ұрасыз еш нəрсеге ұрынбай аман-есен келеді. Сонау... оу, айыр өркеш ақ
таудың арғы етегінде иен қыстақ, пішен үйілген жер бар. Пəле-жаладан
сақтап, дəм тартып жете қалса, трактордың шанасына тотияйындай
көкпеңбек шөпті тиеп алады да, кері боздақтатады, асығады... Ауылда ай
мен күндей жары күтіп, қойғаны суып бара жатқандай асығады...
Осындай шаттыққа толы шақта тракторға қос қанат бітсе дейсің, бірақ ол
жарықтық өмір бақида ұша ала ма?.. Бұ жалғанда ұша алмайтындар
қандай көп еді...




Нені жəне неге ыңылдап отырғанын өзі де білмейді. Мүмкін, жан
дүниесін жайлай бастаған жалғыздықтан (үшеуі болса да) азар да безер
екі қолын төбесіне қойып қашып, мұңлылау əуенмен маңайына
жолатпай, айдап, қуғысы келгені ме; əлде ой деген түпсіз тұңғиық
жылымнан құтылып шығудың соңғы амалы осы ма, əйтеуір, көңілінде
тобықтай болып, түйнектеле қатқан мұз тоңдырған сайын ызың-ызың
əуенге басады-ай...
Нұржанның көңіліндегі тобықтай əлгі мұз дəл бүгін де, кеше де, тіпті
былтыр да емес, анау бір жылы — шілденің ми қайнатар ыстығында
қатқан еді... Содан бері ызғар шашып, еңсесін басады да жүреді. Өзі
күлгенімен, көзі күлмей, қуанғанымен, уана алмай дүниедегі ең қимасын
мəңгілікке жоғалтқандай бұйығы тартып, өз-өзінен қорынатын, өз-өзінен
шошынатын. Ол жоғалтқан заты — өзі екенін сезді ме? Сезбегені ғой,
əйтпеген күнде ел көшкендей болған жанын жарылқар алданыш іздемес
пе еді, өз-өзін алдамас па еді? Əскерден есен-сау оралып, тракторға
мінгеніне екінші жыл толды, бəрібір осынау шалғайдағы Европада,
Шығыс Германияда жүргендей өн бойын сағыныш билеп, əлденеге
асығады, əлдекімді сарыла күтеді. Мынау кең-мол пішілген кең-мол
дүниеге сыймағандай өзін артық сезінген немесе осына далиып жатқан
жап-жалпақ жапаннан құйрық басып демалар, ентігін басар жер таба
алмағандай өгейсіген.
Екі жастың біріне толмай, осыншалық қожырап, ерте... тым ерте түңілуі,
ешкімге — өмірге де, өзгеге де салмақ артпайтын, тек бар кінəні өзінің
қара басынан іздеп, мінез-құлқының ауырлығынан көретін, басқаны емес
тек өзін — Нұржанжанды ғана жазғыратын. Балалық шаққа бəрі-бəрі
жарасымды екен: асыр салып ойнады, күлді, жылады, алаңсыз, жоқтан
өзгеге қуанды да, алғы күндерінен асығып үлкен жақсылық, оқыс
жаңалық күтті. Алғашында он жылдықты бітірсе болды, қирататындай
деміге өтеп келсе болды, тасып-шалқып ғұмыр кешетіндей үміт емшегін
жəне де армансыз еміп еді. Енді міне, анау айыр өркеш ақ тауды асса,
арманына жететіндей тұнжырап, тұп-тұнық аспанның астында қар
теңізінің жалғыз жетім қайығындай — ескексіз; желкенсіз қайығындай
қалықтап жүзіп келеді. Мынау аппақ дүниенің... мінсіз бетіндегі жалғыз
ноқат — меңі іспетті трактор шынында да қар теңізінде малтып келе


жатқандай еді. Шынжыр табаны көрінбей, тек түтіні ғана жіңішкелене
будақтап, көгілдір аспанға сіңіп, лезде жоқ болады. Баяғыда Нұржанның
апасы айтып отыратын: бұл дүниеде қуған да алда, қашқан да алда деп.
Сол бір астарлылау сөздің мəнін енді түсінгендей-ді. Қуып жете алмас,
қашып құтыла алмас тағдырдың айтағына үріп, айдағанына көнген
көнтері тірліктен тізгін үзді құтылып көрші, жоқ болмаса жан ұшыра
ұмтылшы — жақындасаң алыстап, алыстасаң жақындайтын сағым
бақыттың ұшпағына шықтым деген тірі пенде бар ма тəйірі: өмір бойы
бір нəрсе жетпей өте шығар адам баласы — өзінің аз ба, көп пе
ғұмырында зар еңіреп іздегені қанағат, тоқтам екенін ылғи да кеш
түсініп, көзін жұмады-ай... Нұржан болса өмірдің бірде-бір жұмбағын
шеше алған жоқ əлі. Тек əрбір ірілі-уақты оқиғаға таңдай қағып,
таңданып, „неге олай екенін", яғни ақ деп жүргені — қара, ал қара дегені
ақ екенін түсіне алмай басын қатырып ойлай берер еді.
Қар жамылған айнала күн сəулесімен шағылысып жанарды жейді. Ессіз,
иесіз тау-таудың бəрінен өлдім-талдым деп құдайдың зорына ассаң,
екіншісі тұрады кел-кел деп шақырып. Үш жігіт енді келе жатқан
бағыттарының дұрыс-бұрыстығына күмəндана бастаған.
Жолдың осыншалық ұзақ болуы мүмкін емес...
—Тоқтатшы,— деді Аманжанға.— Аздап аялдап, оң-солымызды танып
алайық.
Трактор тоқтады. Бірақ моторы толассыз соққан жүрек секілді дамыл
таппай жұмыс істеп тұр. Қонақтаған тауықтай бүрісіп отырған
Бақытжанға да жан біте бастады. Талықсып барып ұйқы жеңдеді ме
екен, аздап қалғып алған-ау. Екі көзі қанталап, не болды дегендей
аналарға жалтақ-жалтақ қарайды. Алғашқы сөзі:
— Жеттік пе?— болды. Ежелден ұрт мінезді Аманжан шам шақыра
жауап берген:— Атаңның басы жеттің!


— Дегенмен қай тұста тұрмыз өзі,— деді құрдасының сөзін ауыр
алмаған ол жан-жағына қарап.


— Білсек — тұрамыз ба? Ит біле ме, тоңқайып-тоңқайып етегін түріп
тастап, артын көрсетіп жатқан таудан өзге қыбыр еткен жан, ербиген бұта
жоқ,—деді Аманжан əлі де өз-өзінен ашуланып. Адасыңқырап
кеткендерін ол бағана сезгендей. Тек анау екеуі кəперсіз отырған соң
пысықсымаған. Енді екі жігіт жарыса Нұржанға қараған. Бір күн болса да
трактордың нағыз иесі, жолбасшы жігіт осытын. Ол болса үнсіз. Кабина
тұтқынынан босап шынжыр табанға шықты да, ақ қардың бетіне қос
сызық тастаған артқа, сонсоң жан-жағына сығырая қарады-ай... Қырдан
ойға түсіп кеткен соң, нысаналап келе жатқан Айыртау да көзден
тасаланып көрінбей қалған-ды. Ал аспан мелшиіп, табалағандай, міз
бағар емес. Етекке түскен соң күн де ақ жиек тау иығына тым-тым
тақалып, енді болмаса батып кетердей мінбелеп тұр. Не бір ербиген
қарағай, не бір қараған — бұтасыз —"Ішкері жақтың" қыл-қыбырсыз
көсе таулары бар сырын ішіне бүгіп, сыздауықтай сызданады. Алтай
сілемдерінің дəл осы тұсы қас қылғандай не себептен тақыр, таза,
тайгасыз жалаңаш екені түсініксіз.
— Не істейміз?— деді Аманжан гүр етіп. Оған тағы да ешкім жауап
берген жоқ. Сəл үнсіздік биледі.
— Алғаш бағытымызбен жүре берейік. Сенің жүрегің, яғни интуицияң
бір нəрсені сезген шығар,— деді Нұржан қабағы қарс жабылып түтіккен
досының суық жүзіне қарап.— Əкел, тракторды өзім жүргізейін.
— Мейлің, тек адассақ сен жауап бересің,— деді де орнынан тұрды
Аманжан. Бақытжан екі жаққа да қосылған жоқ, сол үндемеген қалпында
қайтадан қалғи бастаған еді. Трактор тұтқасы өз қолына тиген соң, дəл
алдарында аспанға салынған баспалдақтай шаншыла көтерілген тауға
өрмелей жөнелді. Əлгінде ол отырған темір жəшік енді Аманжан
еншісіне тиіп, осынау ұзақ та ауыр сапардан жерігендей кежегесі кейін
тартып, тұлан тұтқан кейіпте үнсіз отыр. Бақытжан болса анау аппақ тау
үстеріне құлап кетсе де, сезбес сезіммен қалғып-шұлғиды. ДТ
қарағайдан қиып жасаған жалғыз шананы əрең сүйреп, қоп-қошқыл түтін
бүркіп, арқырайды. Тіке тартқан тау қайқаңы төменде тұрғанда
жайпақтау секілді еді, өрлеген сайын биіктеп, құзарлана берді. Нұржан


газды толқындата, үзіп-үзіп басып, қиялай тартып, ирек-ирек сызық
тастай, аспанға беттеген. Тау басы жеткізер емес. Анда-санда тіркеудегі
шананың амандығын тексеріп, сығырайған терезеден артына қарап
қояды. Бауыры аласа, ауыр шана қасаттана бастаған жентек-жентек қар
жинап, алқымына кептеп үйеді де, қасарысқан немені тапалап, басып-
жаншып өте шығады. Сайлау жерге күн сəулесі түспей көлеңке ұйып
жатқан, трактор өрлеген сайын жарықтық күн де биіктеп, тау аласара
берді. Сазарған дүниенің тыныштығын трактор даусы бұзып, серейіп,
өлімге бойұсынған айнала күрк-күрк жөтеліп, ұйқысынан оянған кəрі
шалдай еді. Көксау таудың деміккен демі ызғарлана қойны-қонышыңды
қуалайтын. Əлгінде тау табанында тұрғанда ептеп жылымық сезілген,
биіктеген сайын ауа да салқындай түсті. Түстіктен ескен қызыл жел бар,
бетті қариды. Үш жігіт тау желкесіне шыққанда өре түрегеліп, кабинадан
бастарын шығара алға қарады — тағы да дəл осы табандарын тіреп
тұрған таудан айнымайтын тағы бір тау тұрған мен мұндалап. Үшеуі
бірдей келіскендей ысқырып жіберді де, орындарына сылқ етіп отыра
кетті. Арып-ашып алдағы асуға ілінгенде сол асудың ар жағында жұмақ
күтіп тұрғандай асығып еді, енді міне не қыстау, не ағаш жоқ, жұп-
жұмыр жұмыртқа — тағы бір тау қасқаяды. Тау мен адам арасындағы
соғыс толастар емес...
— Енді не істейміз?— деді шыдамсыз Аманжан. Бақытжан əдетінше
үнсіз отыр.
— Білмеймін,— деді Нұржан қажығандай күрсініп.— Жазды күні
болса айнытпай табар едім. Қазір бір-бірінен айырмасы болсашы.
Жұмыртқа секілді.
— Онда да əр тауықтың емес, бір тауықтың жұмыртқасы, мен үшін ең
соңғы тау — осы секілді,— деді Аманжан қалтасынан „Прима" темекісін
алып. Енді бəрібір дегендей шылымын асықпай тұтатты да:— Ей,
талтаймай, аяғыңды жиып отыршы, қатыныңның төсегінде отырғандай
шірейсің ғой,— деп Бақытжанның қатып қалған пимасын өзінің тоң


болып серейген пимасымен тоқ еткізіп теуіп жіберді. Ол үндеген
жоқ, əдетінше бақырайып бір қарады да, аяғын жиып алды.
— Енді не істейміз?— деп Нұржан сұрады. Жауап болмаған соң,
тракторды жылдамдыққа салып, газды басты.— Не болса да тоқтамай
жүре беру керек.
— Жылжи бергеннің жазасын жағар май таусылғанда тартасың,— деді
темекісін құшырлана сорған Аманжан. Бұдан əрі ешқайсысы сөйлеген
жоқ. ДТ жаңа ғана əзер шыққан алып таудан төмен қарай сырғып, құлай
бастады. Теріскей жағында ұра-жыра бар, оқта-текте тас кездесіп, бұра
тарта берді. Нұржан енді андағайлап, газды басқанды қойып, сақтыққа
көшкен. Екі-үш рет шақұр-шұқыр тас тиіп, солқ етіп жыраға түсіп кеткен
соң, жылдамдығын азайтты. Таудың орта беліне келгенде Нұржан өз-
өзінен елегізіп, артына жалт қарап еді, тіркеудегі қар сыпырған шананы
көре алмады. Алғашында өз көзіне өзі сенбей тракторды тағы да
баяулатып, артына қарады. Жоқ. Тормозды басып, газды азайтты. Бұдан
соң жылдамдықты шапшаң айырды да, жылан бауыр табанға қарғып
шығып, келген ізіне қарады. Жүз метрден астам қашықтықта қарға батып
жатқан шананы көрді. Аузына алғаш түскен сөз:
— Тфу! Атаңа нəлет!— болды. Бұл кезде Аманжан кабинаның келесі
есігін шиқылдата ашып, шынжыр табанның үстінде ағытылып қалған
шанаға түксие қарап тұр еді. Бақытжан қаперсіз қалғып, селт етпей
отыр.
— Давай назад! Тракторды шұғыл бұр да, артқа тарт!
— Оны өзім де біліп тұрмын, бірақ сол қияға қайта өрлеп шыға аламыз
ба?
— Тəуекел,— деді Аманжан,— оған жетер тросымыз жоқ, бəрібір бару
керек. Орындарына қайта отырып, қасат қарды қақ айыра шыр айналып
кері бұрылды. Бірақ он қадамнан аса алмай, бір орында итіңдеп шыр


айналып тұрып алды. Қанша жан ұшыра ілгері ұмтылғанымен, тіп-тік
жалама бет беттетпеді, тайғанақтап қарға адым жылжи алмады. Нұржан
екеуі алма-кезек ауысып, рычагты оңды-солды тартқылап, газды өлердей
күшейтсе де еш нəтижесіз, бурадай бұлқынып, аш қасқырдай жентектеп
қар шашқаны болмаса, бір орында шыр көбелек айнала берген шынжыр
табандар.
— Болмайды, беттетер емес,— деді Нұржан.
— Қане маған берші,— деді Аманжан алақанына түкіріп.
— Өзің тартпайсың ғой. Газды сен бассаң да, мен бассам да — моторы
біреу.
— Енді не істейміз?— деді Аманжан көзі алайып. Сонан соң əлі де ес-
ақылдан айрыла маужыраған Бақытжанды бүйірден түйіп қап:
— Ей, қой күзетіп келдің бе, əлде жау түсіріп келдің бе, тым болмағанда
ояу отырсаңшы.
— Əкіри, қызықсыңдар, мен бəрін біліп отырмын. Шананы жаяу сүйреп
кел дейсіңдер ме? Ондай күш болса осында отырар ма едім, сендерден
сөз естіп,— деп мойнын жағасына тыға түсіп, былқ етпестен қалғи
берген.
Айнала аппақ қар, күн таудың ар жағына сусып түсіп барады. Сай-
саланы көлеңке басып, аспан көбең тартқан. Көп кешікпей келер түннің
хабаршысыңдай бір суық ызғар соғып, онсыз да жетімсіреген көңілді
кеулейді-ай. Жел кеулеген сайын мұржадан уілдеген үн шығатындай. Не
істерін білмей, шарасыздыққа ұшыраған үш жігіт тағы да амалдары
əбден таусылып, сəл-пəл үнсіз қалып еді. Сол үнсіздікті Аманжанның
гүрілдеген жуан даусы бұзды:
— Етекке түсіп, тауды шыр айналып, келген ізімізді қуалай қыр
желкесінен келсек қайтеді.


— Əкіри, ол да ақыл,— деп Бақытжан тұңғыш рет пікірін айтты.— Вот
башка.
— Сай табаны қандай күйде екенін қайдан білеміз. Қардың асты
толған тас немесе сор батпақ болса...
— Қыста батпақ болушы ма еді, əкіри,— деді Бақытжан қарап отырмай.
— Тып-тыныш қалғи бергенің жақсы еді, бекер-ақ ояттым,— деді
Нұржан.— Сонау етектегі сиырдың сілекейіндей шұбырған буды
көрдің бе, сол жерде қардың астында қатпай жылып ағып жатқан
бұлақ бар. Ал бұл жақтың бұлағы қыстыгүні де батпақты


келеді, өйткені қар қалың түседі. Былайша айтқанда, үстінде көрпесі
бар, су миым,— деді Аманжан.
Бақытжан:— Ұлы мəртебелі мырзам, құлдыққа бас идік, өзі білмесе де
елге ақыл айту — қазақтың қасиетті өнері.
Келген жолымен кері орала алмай кешті батырды. Ары тарт, бері тартпен
өзара керісіп те алды. Шапшыма тауға қарсы салған трактор „менің
шамам жетпейді" дегендей, тұрған орнынан тырп етпестен шыр көбелек
айнала берді, айнала берді. Айдала аппақ таудың бауырында арпалысып,
күресіп жүрген үш жігітті мазақтай күліп, күн ұясына бағана кіріп
кеткен. Ендігі мезетте ымырт үйіріліп, қас қарая бастап еді. Əуелі
оңтүстік шығыстан жалғыз жұлдыз туып, тау-таудың шығыс жақ жиегі
ағараң тартқан. Бүгін ақпанның орталаған кезі, жарықтық ай дүниені ақ
нұрға бөлеп тұрған əдемі шағы еді. Алыса-алыса əбден дымы құрып,
амалы таусылғандай үш жігіт енді өлмес күннің қамын ойлаған. Ішкері
жақтың түкірік қатып түсер сақылдаған сары аязы буып, аппақ дүниенің
жалмауыз түні иектей бастады. От жағып жылынайын десе, жуық
маңайда тіс шұқыр ағаш жақ, өңкей бір жұп-жұмыр тақыр тауларға қарап
тұрып қарның ашып, қасқырша ұлығың немесе ботадай боздап жылағың
келеді. Əлемнің осыншалық қатыгез, жанға жат, тəнге салқын сезілуі —
жиырмадан жаңа ғана асқан үш бойдақты ал дегенде жасытып тастады.
Еш айла-əрекетсіз болдырған пішінде сұлқ отырды: əлдекімді жазғырды,
əлдекімге кіжініп, балағаттады. Трактор зірк-зірк етіп екі иығы селкілдеп
жұмыс істеп тұр, бір қалыпты гүріл, ыңқылын тыңдап отыра берсең от
алып емес, жылағандай қай-қайдағынды есіңе салады; көңіліңді
шабақтап, жанарыңнан жас тамады, жанарыңнан тамған жас қар бетіне
мұз моншаққа айналып түсер еді, бойдан жылу, жүректен жігер біртіндеп
сусып қаша бастағанда арғы дүниеге армансыз аттанып-ақ кетер
бұйығылау əрі шым-шым жылымық нұр себелеп, ұйқың келе бастайды
екен. Бірақ мынау ақ қар, көксіреу мұзды тауда өмір бақи да ұйқыға
жеңдіруге болмайтын еді.
— А... а... а... у... а!— Аманжан қақ маңдайынан əлдекім салып қалғандай
айғай салып, орнынан атып тұрды. Төбесін кабинаға жаман соқты. Оқыс


дауыстан ана екеуі де шошына өре түрегелген. Дəл осы жолы „неге
айқайладың, жын ұрды ма" деп ешкім айыптаған жоқ.
— Сен бақырып жібермегенде осы отырған қалпымызда қатып
қалады екенбіз,— деді Нұржан күліп.
— Жаңа ғана көзім іліне беріп еді... Əкри, қояншығың бір басылмады-ау,
— деп күңкілдеді Бақытжан.
— Не істейміз?— деді Аманжан есін жиып.— Тілімді тістеп алғанымды.
— Өздерің біліңдер... Менің міндетім ере беру,— деді Бақытжан есінеп-
құсынап.
— Сен немене, көшке ерген итпісің?— деді Нұржан.
Сонау қарсы жақтағы аппақ таудың ар жағынан ыңырана көтеріліп, бұп-
буаз ай туып келе жатты. Əлгінде ғана ымырт жабылып, кеспірі кете
бастаған қысқы өлке тілмен жеткізгісіз күміс нұрға шомылып, сиқырлы
да сайқал қылықпен жарқырап-жайнап түрленді-ай. Сол сүт дүние-ақ
шаңқан əлемнің арғы бір түкпірінен сыңсыған, қорлана жылаған үн
келетіндей, талып-талып əрең жететіндей. Дəместем күрсініп, дəместем
жөтелген бұлың-бұлың тау қоршауында қалған үш жігіт қаз-қатар
шынжыр табанға шығып, туған айды жалқы сəт құмарпаз көңілмен
қызықтап қалғандай қасқая қарсы алып, серейіп тұрысып қалған.
— Осының бəрі бекершілік,— деді Аманжан ауыр күрсініп.— Бəрібір
баяғыдай емес, онда жаз еді ғой... Оның не айтқысы келгенін, тіпті не
ойлағанын қалған екеуі ұққан да, ұқпағанын қайырып сұраған да жоқ.
— Мұндай əдемі көрініс енді қайталана ма, жоқ па, кім білсін. Қане
үшеуміз де анамызды еске алайықшы,— деді Бақытжан жыламсырап.
Аманжан:— Неге анамызды ғана...


— Басқа кіміміз бар. Ұлы ұрыстың ұрлық ұрпақтарымыз. Үшеуінің де
құлағына: „Тоңып жүрсің-ау, құлыным",— деп шешелері
сыбырлағандай болды.


— Қандай тамаша,— деп елеуреді Бақытжан осынау ақ шаңқан айлы
түнге шын сүйсінгенін жасыра алмай. Оның жүрегі өз-өзінен толқып,
белгісіз бір жағалауға шақырғандай-тын.— Рас, айтамын, достарым,
айналаңа қарашы, ғажап емес пе? Əдемі емес пе? Ертек сынды дүние.
Ақ боз атқа ақ шана жегіп, мынау кілегей қардың бетімен ағызар ма
еді... Əттең...
Өмір бойы қалғып отыратын жолдасының оқыстан оянып кеткен
көңіл толқынын түсінбеді ме:— Сенен осындай сезімталдықты
күтпеп едім,— деп Нұржан ағынан жарылды.
Бақытжан:— Бетперде ғана, шын адам соның ар жағында, деген екен бір
данышпан. Аманжан:— Сенің ол данышпаның оттаған екен, ендеше.
„Адам бір боқ көтерген — боқтың қабы"— деген біздің Абай ақсақал.—
Жөтел булықтырып, тамағын кенеп алды да,— бəрі бекершілдік. Бүгін
алдасаң, ертең — алданасың. Баяғыда... мүлдем басқаша еді ғой. Ол
шақта жаз болатын. Ал мен уыздай жас едім,— деп жұмбақтылау
күрсінді. Бақытжан:— Қазір қартайып тұрсың ба? Бар болғаны жиырма
үштен астық.
Аманжан:— Иə, достарым, біздер бос шана сүйреткен, сондықтан
жасына жетпей қартайған сақалы жоқ шалдармыз.
Нұржан:— Балалықтың базарлы күндерімен жылап қоштасқалы қашан.
— Ол да əсерленіп, көңілі бір түрлі алабұртып отыр еді.— Шынында да,
баяғыдай емес... бір түрлі жанға — жат, тəнге — салқын.
Бақытжан:— Мынау аппақ дүние... Сұп-суық.
— Бақытжан:— Кімдерге — суық, кімдерге — ыстық, өмірге
өкпелеуге болмайды. Нұржан:— Ендеше, тракторды сөндірмей
болмайды... Бақытжан:— Неге? Аманжан:— Біздің түбімізге жетіп,
шашымызды ағартатын сенің осы „неге?"— деген сауалың шығар.


Бақытжан:— Өмірдің өзі осы сұрақтан тұрмай ма?
— Жанармай таусылып қалса, ертең мынау ит өлген жерден шыға
алмай, сеспей қатпаймыз ба?— деді Нұржан.
— Мен де бекер сұрап отырғаным жоқ. Осы бірдеме айтсам, шаптарыңа
шоқ түскендей, тулайтындарың не? Моторды өшірсек трактордың суы
қатып қалмай ма?. Содан соң радиатормен мəңгілікке қоштаса бер. Ал
радиатормен қоштасқаның — өміріңмен қоштасқаның.— Бақытжан ана
екеуі аузын ашса тағы да дауласайын деп, іштей ширығып дайындалып
еді, олар үндемеді. Өйткені Бақытжанның „таптым" деген логикасы
бұлар үшін əлімсақтан белгілі қарапайым нəрсе. Ендеше, бас қатырып,
дəлелдеп қайтеді... Басқа ғой жандарын қинап отырған... басқа-суды
ағызарлары сөзсіз. Бірақ ертең қалай қыздырады тракторды, радиаторға
құятын ыстық суды қайдан алады?..
Шарасыздықтың торына қайта қамалып, асығыс көтерілген айдан
жылу дəметкендей телміріп біраз тұрды.
— Ура!— деді Бақытжан теріден тігілген биялайын бір-біріне ұрып. Өзі
жерге ұшып түсе жаздады.— Ура! Ананы қарандар. От көрінеді.
Ол нұсқаған жаққа жалт қарасып еді, сол бүйірдегі аласалау таудың
иығында бір нəрсе жылтырап жанып тұр екен. Алғашында шынымен
от екен деп ойлап қалған, от болған күннің өзінде тым-тым алыста еді.
— От емес,— деді Аманжан саспай,— таудың көк желкесінде қай
ағайының қазан асып жатыр еді. Жұлдыздың шеті.
Мылқау үнсіздік қайта басты. Тек ДТ-54 қана дамыл таппай зіркілдейді.
Ақшарбыланған айналадан өлімнің суық иісі сезілгендей бір түрлі


қорқынышты, самсап шыққан жансыз жұлдыз, қиналған, азап шеккен
адамзат үшін осыншалық пайдасыздығын сезінгендей жасқана
жымыңдайды. Нұржан ақ түс — сəулені тұңғыш рет өлердей жек көрді.
Бойын ептеп қорқыныш билеген. Ол осалдығын жолдастарына сездіргісі
келмеді. Сол секілді ол алғаш рет қарнының ашқанын сезінді, жылы
төсек, ыстық сорпаны сағынды, жұтқынып барып өз əбестігін жөткірініп
жасырды. Ат жалын тартып мінгеннен бері жақсы менен жаманның, ақ
пен қараның екеу арасына шекара қойып көрмеген ұлан өмірдің
тауқыметі


үлкенге де, кішіге де ортақ, бас та, жас та талғамайтын оспадарлығын əрі
əділдігін бағамдаған. Бағамдап тұрып, əр нəрсе өз тұсында керемет
екеніне ой көзін жіберген. Соғысқа барып бір құлағын беріп қайтқан
бригадир Қадыл қанша рет жер-жебір, жекен суына жетіп ұрсып еді-ау.
Айтары жалғыз сөз болатын:— Біз не көрмедік, жаумен алыстық.
Жамбастан сыз, аяқтан ызғар өтті. Жоқшылықтың зардабын тарттық. Иə,
біз не көрмедік. Кейінгі жастар ғой мұңсыз-қамсыз, күнде ойын, күнде
той, еркелеп-есіріп жүріп жатқан. Енді ойлап тұрса, онысы бекер,
əншейін бая-шая байбалам екен. „Біз не көрмедік? Ендеше, мына біз не
көрмедік? Ендеше, мына біз, бейбіт өмірдің сіз көзге шұқып, жазғыра
берер ерке ұлдары не көрмедік? Қайда қиындық — сонда жатыр.
Айқайлаған үнімізді естіп, кеңірдектен қар кешіп, бойымыз суып бара
жатқанын кім естіп, көріп тұр бұл жалғанда",— деп айтқысы-ақ келді.
— Не істеу керек?!— деді Аманжан тісін шақыр-шұқыр қайрап.—
Не істеу керек? Айтсаңшы, аға тракториссің ғой.— Нұржанға
шүйлікті.
— Өздерің біл, əкіри,— деді Бақытжан,— қарным аша бастады.
Ішімде бір кесек мұз жатқандай.
— Тракторды сөндіреміз,— деп кесіп айтты Нұржан. Бұдан соң газдың
тұтқасын төмен баса салды. Аппақ саумал сімірген айналаны құлақ
кесті тыныштық басты. Жым-жырт, жұмбақты дүние. Тіршіліктің күйін
шертіп тұрған аппақ дүниенің... бетіндегі қара ноқат мүлдем үзілді —
бір сəтке көз жұмып өлді. Нағыз суық енді ғана басталғандай.
Оның не ойлағанын айтпай түсінген Аманжан:— Суын ағызайық,— деп
трактордан қарғып түсті. Онық артынан екеуі де секірген. Омбы карды
кешіп барып, тығынын ағытып жібергенде ып-ыстық су сарылдап, тиген
жерін ерітіп, буы бұрқырап аға жөнелді. Бұл қалпында алып бір өгіз зəр
жіберіп тұрғандай еді. Қолғаптарын шешіп-шешіп жіберіп, үшеуі бірдей
еңкейіп ыстық суға қалтырай мұздаған қолдарын жуды.


— Қандай рақат, ішер ме еді?— деді Бақытжан мəз болып.— Ішіміздегі
мұз ерір еді, əкри.
— Сенің асқазаның ДТ-нікінен əлдеқайда мықты, ішсең —іш,— деп
азғырды Аманжан.
— Тапқан екенсің ақымақты. Ертең осы суға зар боламыз.
— Алдыменен сол ертеңге жетіп алайық,— деді Аманжан.
— Бір амалы табылар,— деді Нұржан. Бұдан соң үшеуі бірдей кейін
шегініп, жып-жылы қолдарын қойындарына тығып жіберді.
Ауыздарынан ұшқан бу ай сəулесінде көк түтін болып будақтайды.
Белуардан қар кешіп келді де, трактордың табанына секіріп қайта
шықты.
Əншейінде аузына маржан салғандай, қалғып, үн-түнсіз отыра беретін
Бақытжан тым-тым сөзшең болып кетті. Əлде ішкі бір қорқынышын
жасырғаны ма, əлде шарасыздықтың торына қамалған соң, „енді бəрібір"
деген тəуекелі ме? Кім білсін. Қазір де трактор табанына қарғып қайта
шыға салысымен; екі қолын кезек сермеп:— Қар — мұхит; трактор —
кеме, үш батыр айқасқа шықты тілсіз жаумен,— деп елеуреп, тақпақтай
жөнелді.
— Атаңның басы,— деді Аманжан ит жыны ұстап.— Аппақ
дастарқанның бетіндегі сасық қоңызбыз. Тарақанбыз өрмекшінің торына
шырмалған. Қанатын əумесер бала жұлып алған дəрменсіз шыбынбыз.
Тырбанамыз келіп, содан соң... тырапай асамыз...
Үнсіздік басты. Алыстан... тым-тым алыстан шыңшыңдаған бір сыңсу
талып жеткендей. Сол жұмбақ үнді тек қана Нұржан естіп, елегізеді.
— Апамдар тамағын ішіп баяғыда жатып қалған шығар,— деді
Бақытжан аяқ астынан мұңға беріліп.— Сендерге бекер ердім, əкри...
„Ойбай, мына тұрған жер, шауып барып алып келеміз",— деген соң...


— Сені қойып, өзім де өкініп отырмын,— деді Аманжан оның сөзін
бөліп. Үнінде зіл, əлдекімге кіжіну бар.— Осының бəрі Қоңқай
қақбастың кесірі... Қысты күні бұл кербаққан тұстан Айыртауға асар
жол жоғын сезіп едім.
— Сезсең неге айтпадың?— Бақытжан шап ете қалды.— Сол үйден
ауылға кері қайтып кетсек, төбемізге шай қайнатардай шошындың...
Ендігі мұрнымыз шуылдап өз


отымыздың басында, сораптап сорпа ішіп отырар едік. Енді міне...
айдала, аппақ қар, қырық градус суықта бойымыз суып бара жатқаны.—
Оның көзіне тығылып жас келіп қалып еді, ол осалдығын жасырған жоқ,
кемсеңдеп қоя берді.— Құдайым-ай, елден екі елі ажырауға болмайды
екен-ау...— Оған қой деп жұбату айтқан ешкім болмады. Əркім өз
ойымен арпалысып отыр еді.
Аманжан:— Əттең, бəрі кеш,— деді тісін шықырлата қайрап.— Бір
сұмдықтың боларын жүрегім сезіп еді. Сенгім келмеп еді сол шалға. Енді
міне адалдықтан адасып отырмыз. Əкеңнің... сол Қоңқайдан бастап,
бүкіл əлемді трактормен таптап өтер ме едім.— Көңілі қанша пəс
болғанымен, Аманжанның сөзіне еріксіз күліп жіберді Бақытжан. Мырс
етті де:
— „Гарющиің" жетпейді ғой,— деді.
Аманжан:— Жоқ, одан басқа да бір нəрсе жетпейді. Арам өлгенше —
айғайлап өлейін — а-а-а-а-у-у-ы-а! Мен тоңып, жылынарға — от, ішерге
— ас таба алмай отырмын, ей, адамдар! Естимісіңдер, менің үнімді!—
Ол құлағын тосып, тың-тыңдаған болды да қайта кіжінді. Жұдырығын
түйіп, əлдекімге айбат шекті.— Ə-ə, үндемейсіңдер ме, қол ұшын беруге
қорқасыңдар, ə! „Біз не көрмедік",— деп кеудесін қағатын, ей, ағалар,
ха-ха-ха, ендеше, мына біз не көрмедік.— Дəу жұдырығымен
кабинаның темірін қойып-қойып қалды. Қолының ауырғанына да
қараған жоқ. Кеудесін қысқан ұлы долылық дес бермей, қанын сақ-сұрқ
қайнатып еді...
Бақытжан:— Өле қалсақ бір-бірімізге топырақ та сала алмайтын болдық-
ау.
Аманжан:— Ничего, қар саламыз ха-ха-ха... Не деген сорлы пенде
деген...
— Жетті! Ажалдан бұрын алжымайық!— деп жекіді Нұржан.


Аманжан:— Мынау кабина емес — камера секілді. Ал сен, жолдас а-а-аға
тракторист,
надзирательге ұқсап кеттің; пм, далада бұдан гөрі жылырақ шығар. Не,
істейміз?
Босатыңдар мына түрмеден.— Кабина қабырғасын тағы да ұрғылай
жөнелді.
Бақытжан:— Өздерің біліңдер, əкри. Мен глубоки ұйқыға кеттім.
Айтатын сəлемдерің жоқ
па! Чао! Хай!
— Мынадай суықта бір минут те көзі ілуге болмайды,— деді
Нұржан.— Трактордың ығын тазалап, қасат қар ойып əкеліп, үйшік
қалап алайық. Қардың іші жылы болады.
— Астымыздан сыз өтпей ме?— деді Бақытжан қалыпты сақтығына
басып. Мінезі ауыр, көп сөйлей бермейтін Нұржан досының шолақ
ойлылығына жыны келді білем:— Трактордың бесеткасын төсемейміз
бе... артымызға,— деп зілдене тіл қатып еді, ол бір күн болса да аға
тракторшы санайтын Нұржанның ыңғайына көшіп:— Өздерің біліңдер,
— деп жығыла салды.
— Ал не тұрыс, қар оялық,— деп алдымен Аманжан қарғып түсті.
Бірінің артынан бірі жерге секірген олар бейне парашютпен қарғығандай
топ-топ етіп құлап жатыр. Ызғырық жел үріп, беріштенген сеңдей
сірескен қарды күректеп, балталап ойып, суық қарып маңқайып тұрған
ДТ-ның ығына қалап, үй жасай бастады. Саусақтары тоңазығанымен,
қапшағай қимылдап, бірсіндеп енді бойлары жылып, ептеп тер шыққан.
Жан дəрменге түсіп, қар үйшікті əп-сəтте жасап алды. Трактордың əбден
май сіңген отырғышын, арқалығын шығарып əкеліп төсеніш жасады.
Денесі жылыған жігіттердің көңілі көтеріңкі, бір-бірін итермелеп, асыр
салып ойнады.


— Ұядай,— деді Аманжан гүжілдеп.— Тамақ табылса қыстап шығуға
болады.
Үшеуі қатарласа жата-жата кетті.
— Əйтеуір, қара басып ұйқтап қалып жүрмейік,— деді Нұржан.
Бақытжан айтты:— Ұйқтамайтын болсақ, иесіне үй жасадық.
Аманжан айтты:— Тоңбас үшін, ақымақ. Нұржан айтты:— Əсте
ұйқтауға болмайды, үсіп өлеміз. Бұдан əрі Аманжан темекісін
тұтатып еді, ала көлеңке қар үйшіктің ішін сəуле тіміскеледі.
— Темекіңді бықсытып кеп тарта берме, əкри,— деп Бақытжан
қылжыңдаған болды,— үйімізді өртеп жібересің.
— Оттама,— деді теріс қарап бүк түсіп жатып.— Темекіден
өртенбейді мұндай үй, сен шығарған газдан өртенеді.


— Таздан тарақ, бізден газ қалғалы қашан?— деді Бақытжан. Одан əрі
қар үйшіктің ішінде бөтен əңгіме болған жоқ, əркім өз ойымен оңаша
қалған. Алыстан... тым алыстан...
аш қасқырдың ұлығаны естіледі. Сол бір айлы түнде тараған жат үнді
Бақытжан да естіп, елегізеді білем, қорқынышын қалжыңға
айналдырды.
— Тракторыңды қасқыр жеп кетпесін,— деп жырқ етіп өзі күлді — өп-
өтірік күлді. Онысы оғаштау көрінді. Аманжан темекісін құшырлана
сорып, қайтадан бері аунап түсті де:
— Оттапсың, ең əуелі ішіміздегі семіз, майтыққан көтендей сені
жейді,— деді. Осынау сырықтай ұзын, ат жақты, қара сұр құрдасынан
сескенуші еді, шаптығып бетінен алған жоқ, бірақ сөзден есесін
жібермейді.
— Аш қасқыр семіз, арық деп таңдап жүреді дейсің бе. Сенің де
сорпалығың бар,— деді. Нұржан ауыр ойда еді. Қайта-қайта көзіне
тығыла берген ұйқыны уқалап қуып, əр нəрсенің басынан бір шалып,
көз ілмей сандалып жатқан. Осындайда, қолың тимей жанталасқан
сəтте, маза бермес ойдың да түбі тайыздап, қаңсып қалары бар.
Əскери қызметте жүрген екі жылын есіне түсіріп көріп еді, құр əурешілік
болды — көз алдына күзетте тұрған азапты түн ғана елестеді де, тек сол
кірпік қақпастан қақайып тұрған сəті ғана... тіпті көзі уақ-уақ жұмылып,
қалғи берген соң, Аманжаннан шылым сұрап тартып еді, үйренбеген соң
ба, қолқасына түтін кептеліп, қақалып-шашалып мазасы кетті.
— Жігіттер, ұйқтап қалмайық,— деді сонсоң дауыстап.— Далаға
шығып, əрі-бері алысып ойнасақ қайтеді. Ұйқымыз қашып, бойымыз
жылысын,— деді.


— Ол да ақыл,— деп Аманжан темекісінің тұқылын сөндірді де,
еңкеңдей шегініп тысқа шықты.
— Төбелесейік, шын айтамын, жылынатын түріміз жоқ, төбелесейік,
— деп жалынды Аманжан жұдырығын бір-біріне ұрғылап, тісінен от
шығара қайрап.
— Мен ондай ойынға қатыса алмаймын, əкри,— деп Бақытжан
тайсақтай берді. Нұржан айтты:
— Біздің шамамыз саған жетпейді ғой.
— Екеуің жабыласыңдар,— деді соғысқа əзірленген Аманжан. Ал,
қане, келіңдер. Жасасын төбелес, ура!
Бақытжан:— Ə, олай болса можно. Ей, Нұржан, сен алдынан шық, мен
артын орайын...
позиция керек.
Нұржан күліп:— Почему мен алдынан, сен артынан...
Бақытжан:— Себебі мен адамдардың артынан бас салғанды
тəуір көремін. Нұржан:— Иə, əркімнің өз тəсілі бар. Мен-ақ
бетпе-бет барайын.
Аманжан қолын көтеріп:— Тоқтаңдар-тоқтаңдар, мұнымыз нағыз
төбелес бола алмайын деп тұр. Күліп жүріп жұдырықтасқанның мəні
жоқ,— деп тоқтатты.— Содан соң, сендер маған бүкіл тактикаларынды
сездіріп алдыңдар. Қазір мен мощный қорғанысқа кетемін де, арқамды
тракторға тіреп тұрып, жақындағаныңның жағыңнан ұра берем. Давайте,
ребята, шын мəніндегі қанды сойқан бастау үшін ар-намысқа тиіп ыза
келтірер балағат сөзбен атысайық əуелі. Давайте достар (көзі жайнап,
екілене сілкінді) айызымыз қанғанша бір боқтасайық. Ешкім де көріп,
естіп тұрған жоқ.


Нұржан:— Ендеше, мұндай спектакльге мен үзілді-кесілді
қатыспаймын,— деп азарда-безер болды.
Бақытжан:— Ең алдымен ит болып бастайық,
қызық болсын. Аманжан түсінбей қалды:— Итше
бастағаны қалай? Бақытжан:— Мəселен, жер
тарпып үреміз.
Аманжан:— Үрсек үрейік... ав,
ав, ав! Бақытжан:— Ав болса
— ав!
Екеуі бір-біріне ырсылдап ит болып үріп жүр. Бір-біріне жер тарпып, тап-
тап береді.


— Болды, болды. Сенен жап-жақсы төбет шығып кетуі мүмкін екен.
Енді, бала, қазақтың бұрынғы билеріндей жүгініске отырып,
балағатымызды бастап кетеміз. Қамшы орнына биялай тастаймыз,—
деді Бақытжан.
Аманжан:— Ол қырыңа да көндік.— Айызы қана риза болып жүр.
Бақытжан:— Жарайды, ендеше,— деп алға суырылып шықты да,
мықынын таяна жүгініп отырды.— Екі рольді бір өзім-ақ ойнайын. Ей,
Аманжан, кел жүгініске, құтырған бурадай жыныңды шашпай тыңда
мені. Ал, бастадым: Итаяқтай болған аузыңды, құрықтай сорайған
бойыңды, қорадағы қойыңды, түк ойламайтын ойыңды, кірпідей
тікірейген шашыңды, шақшадай болған басыңды... ана жеріңді, мына
жеріңді... пəлен етейін, түген етейін... (ентігіп) общем ұрайын... Уһ,
жіпсіп кеттім ғой, ішпей-жемей албатты балағаттасқан қиын екен...
Аманжан тамағын кенеп, дайындалып, ол да жүгініп отыр:— Ал,
ляуқиым, енді сен тыңда; Ей, Бақытжан, күжірейген мойныңды, стол
үстіндегі дойбыңды... ұрым-бұтақ, зау-затыңды двайной, тройной
ұрайын... мə, қамшым, сен сөйле.— Қолғабын қарсыдағы „биге" тастады.
Нұржан екеуінің балағатын тыңдап, рақаттана күліп:
— Баяғының билері де дəл осылай айтыспаған шығар. Бақытжан
қызына бастады:— Ендеше, Нұреке, алдияр тақсыр,төбе биіміз сенсің...
Біздің жанымызда баяғының биі жіп есе алмай-ды.
Нұржан:— Оу, бүгінгі заманның шешендері сендер болсаңдар онда...
Онда құмырсқа қуырып же десеңші...
Бақытжан:— Ей, Аманжан, „ДТ"-ның аты — трактор, арба емес, шана
азды дейсің бе, шананың аты — шана, қол шана емес, сенбесең жатыр
əне; əлде Нұржан азды дейсің бе, азған да озған жоқ, Нұржанның аты —
тракторист — директор емес; ал, боқтасуға келсек: шай ішетін кесеңді,


сиыр сауып жүрген...
Аманжанның көзі шатынай айғай салды:— Не?! Əкені айтсақ
та, шеше жағына барыспайық.
Зулаған қалпымен барып шəниіп тұрған аласа бойлы, төртбақ досының
шықшытын ала бір періп, қалпақтай ұшырды. Төбелес басталды!
Орнынан баж-бұж етіп, қармана тұрған ол жан-жағынан қару іздеп
көріп еді, көзіне қардан басқа еш нəрсе іліге қоймады.
— Əкеңнің аузын ұрайын, сволыш, ойнайды екен десем, шындап жүр
ғой.— Одан соң жерден уыстап бір-екі рет жентек-жентек қар лақтырды
да, жүгірген бойы талтая серейіп тұрған Аманжанды тебе бергенде,
соншалық бір қапшағай шапшаңдықпен аяғынан сарт етіп ұстап бұрап
қалғанында тағы да қиралаңдап құлап қалды. Істің насырға шабу қаупі
тұрған соң:— Қойыңдар! Жетті енді! Үсіп өлсек те, төбелеспейік! Айуан
болып кеттіңдер ме!— деп ара түсіп еді, қаны қарайып, ұрынарға қара
таба алмай, күші асып-тасып, өзіне лайық білекті жау іздеп аласұрған
Аманжан оны да бар пəрменімен ұрып өтті. Көзінің оты жарқ етіп басы
зеңіп кеткен Нұржан соққы қаншалық ауыр болғанмен, тыраң етіп
құлаған жоқ. Не істерін білмей аз-кем ойланып тұрды да, жынданған
Аманжанның қарға аунап қыңсылап жатқан Бақытжанды аямай
тепкілегенін көріп айғай салды:— Тоқтат! Фашист болып кеттің бе?
— Мен сендерге фашистің не екенін көрсетейін. Əйтеуір, арам өлеміз!
Бəрібір үсіп
өлеміз,— деп кіжінген Аманжан ендігі сəтте өзіне қарғыған. Қорғанбаса
болмайтын еді. Қарадан-қарап жүріп бір нəрсені бүлдіргісі, қиратқысы
келіп қышына беретін Аманжанның қолына дəл қазір мылтық берсең
екеуін де қызыл ала қан қылып, атып тастары шексіз еді. Адам
бойындағы асау қан түйіршіктері қозып, жауыздықтың сойқанды
соғысына шақырады екен-ау. Зұлымдық əр адамда, əр ұлтта барын
байымдаған Нұржан жоқ. Досының екінші соққысы тигенде өзінің де


қаны тасып, басына шыққаны сонша, сонсоң өне бойы қалшылдап,
қарсы ұмтылғаны, ұп-ұзын құрдасын ішінен періп, ыңқ етіп ауырсына
еңкейіп қалғанда, əскерде үйренген тəсілі бойынша көк желкеден
ұрғаны, сонсоң өзі құламай тəлтіректеп тұрған жігіттің қылтасынан
теуіп құлатып, құлап бара жатқан сəтінде секіріп барып қос аяқтап
бөкседен тепкені, бұдан соң көзіне қан


құйыла долданып, əлі құрып бүк түскен бейшара Аманжанды бір теуіп
кеткені тек ашуы
сабасына түсіп, өлердей өкініп еді. Үшеуінің де ұйқысы қайтып келмеді
не
тіл қатысқан жоқ, сұлап-сұлап дүмбілез күй кешкен. Енді үш күн бойы
ұйқтамауға
жетерлік олжалы ой тауып еді.
Дүние ақ шаңқан... Кешелер соғып өткен ақ түтек боранның
сарқындысы, сеңдей сірестіріп қасаттап тастаған ақ сіреу кіреуке... ақ
таулар... алысқа... əлдеқайда бірін-бірі қуа жарысқан. Ербең етер
тіршіліксіз, салқын сазарған қалпы адырлар ұлы өмір шуылынан
бейхабар — айқара жамылған ақ кебінін бүрісе бүркенеді. Айлы
түннің астында аруақтай созылған суық... аса қытымыр дүние... түн
ортасы ауғанша жақ ашпастан жайрап неге төбелескендерін, кімді-кім
ұрғанын уайымдап жатты да, басқа...
бұған дейін кешкен өмірдің, тəтті бір лəззатты сəтін есіне алысқан...
Ондай қымбат минуттар Нұржанда жоқ-ты, сыпыра жайдақ, тіршіліктің
қамымен өте шыққан сұрқайлау еді... Əлі күнге ешбір қыздың бетіне
қарап күйдім-жандым деп ғашық болып көрген жоқ-ты. Емірене еске
алар енді несі қалды. Мынау қалтарыста қаңғыған иен жерге қарашаның
қара суығында, бұдан бұрын да бір рет дəм тартып келіп еді-ау. Онда
олар көп жігіт болатын, машинаға мініп, тау айналып, қара жолмен
келген. Иə, онда олар көп еді, сойталдай-сойталдай он жігіт... шөп тиеуге
келген. Алғашқы күні бес машинаға тиер-тиместен күн жауып кеткен.
Сонсоң, барлық машинаны қайтарып, ең соңында өздері жаяу қайтқан.
Иə, сонда өздері мінген автомашина белуардан батпаққа батып қалып,
қайтып шығара алмап еді... Сіркіреп қара күздің ақ жаңбыры толассыз
жауған. Не паналар үй, не ағаш жоқ, құдайдың қу мекиен даласында
қалған он жігіт екі кештің арасында он шақырым алыстағы Огневка
деген селоға жаяу тартқан... Қарсыдан шаба жауған желді нөсер
өңменінен өтер суық еді. Үстерінде тек күпəйкесі ғана бар жігіттер керзі
етіктерін қорқылдатып, түбі тесіліп кеткен аспанды, биылғы қуаңшылық


жылды, жаздай бір тамбай қойып, күзде сорғалаған жаңбырды, ауданнан
жүз шақырым шалғайдан шөп дайындаған басшыларды оңдырмай
балағаттаған... Шелектеп жауған жанбырдың астында көзге түртсе
көрінбейтін қараңғылықты жамылып, батпақ кешкен жігіттер сонадайдан
сығырая шақырған болымсыз жарықты бетке ала безектеп еді. Əудем
жерде ғана көз қыса қылымсыған Огневканың бұлар асыққан сайын
алыстап, жеткізбей қашқаны, ал қарашаның ең соңғы желді нөсері
сабалап, мойнынан кірген су қойын-қонышысын қуалап етігіне
сорғалағаны, тісі-тісіне тимей сақылдап сұмдық тоңғаны, осына
сүңгілескен азапты халдің қайтіп қайталанбауын, мынау кері баққан
ішкері жақта ат басындай алтын бар десе де қайта айналып келмеуін
тілеген өз-өзіне ант еткен, сылп-сылп басып, жолсыз, жөнсіз жортқан он
жігіт ауыл шетіндегі тілдей көпірді əрең дегенде сипалап тауып,
құндыздай шұбап өте береміз дегенде кеңірдектен келетін өзеншеге
Нұржан аяғы тайып кетіп, оңбай құлап еді... Жар жиегіндегі талды
паналап, жүзіп жүрген тамам үйректі үркіте былш етіп құлаған
Нұржанды Қайкен мен Ақай зорға дегенде шығарып алып еді. Құйрық
басып отырып, етігіне толған суды төгіп тастар құрғақ жер жоқ,
ылжыраған сусіңді дүниені тағы да лағынеттеуде, шылпылдатып ілгері
тарта берген. Бұлар келіп жеткенше ауылға сіңіп үлгерген қалған
жетеуінен айрылып қалған да, мұқым Огневкадан есігін қақпаған үй
қалдырмаған. Бірақ көше-көшені жездей қақтап, аралап шықса да, бірде-
бір үй түнеуге рұқсатын бермеп еді. Су тышқандай сүмірейген үш жігіт
адамдардан осыншалық мерездік, жатпейіл, масқара қатыгездікті бұрын
əсте байқамай, тіпті мүлдем күтпей келіп, өз бастарына сарт етіп тигенде
ғана барып, суына түңіліп еді-ау. Жоқшылық кезінде, тіпті күні кешегі
соғыста адамдар дəл осылайша қатыбастанып, жат бауыр болған жоқ
шығар. Əлде бұл жұрт тым-тым тойынып кетті ме, кекірігі азып,
кекіреледі ме, мүмкін, жеті қат түн ішіндегі ұрылар деп сенбеді ме?!
Қайдам, əйтеуір, Нұржан осы жиырмадан жаңа асқан жасында тұңғыш
рет адамдарды жеккөре безініп еді... Бар болсаң көре алмас, жоқ болсаң
бере алмас ағайын шыр айналып келгенде, қара басының қамын күйттеп
кетері рас та... Сонымен, үш жігіт Қайкен, Ақай, Нұржан өлген жыландай
шұбатыла қоныс тепкен Огневканың басына түсіп, аяғына дейін əр үйдің
есігін тартып, терезесін қағып шықты. Ешқайсысы қондырмады.
Ауылдың шетіндегі оқшаулау


орналасқан ақырғы үйдің есігін тықылдатып еді — ар жағынан əйелдің
„кто?" деген жіңішке даусы естілді де, ізінше өзі шықты. Пұшпақ-
пұшпағынан су сорғалаған үш жігітті көргенде алғашында аңтарыла
сескеніп қалды да, „сіздерге кім керек?" деді. Ақай ана екеуінен гөрі
пысықтау еді:
— Өтінемін, жылаймын, құдай үшін түнетіп шығыңыздар, Қарағай
ауданының жұмысшыларымыз, машинамыз батып, жаяу қалдық.
Бармаған үй, тартпаған тұтқамыз жоқ, ешкім жолатпады, бір
қайырымдылық жасаңыздар, үсіп өлуге жеттік, босағадан ары аспайық,
тек бойымыз жылынса болды,— деп зарлай жөнелді. Төргі бөлмеден ер
адамның үні естілді. Əйел бұл мəселені жалғыз өзі шешуге батылы
бармады білем, қайта кіріп, күйеуі болар, əлдекіммен ақылдасты. Содан
кейін ғана есікті айқара ашып:— Кіріңіздер,— деді күлімсірей.
„Кіріңіздер"— Нұржан үшін бұл жалғанда осы сөзден құдіретті, осы
сөзден ыстық, əрі ардақты ұғым жоқ шығар. „Кіріңіздер"— қандай
ғажап! Осы ізгі ниеттен соң өліп кетсең де не арман. „Кіріңіздер"—
адамзаттың қолы жасаған бүкіл арамдықты ақтап қалар ықыласты пейіл-
ай.
Қарапайым жиналған ұядай жылы қос бөлмелі шағын үйге кіргендерінде
əбден сілікпесі шыға тоңған жігіттердің су тамшылаған мұрындарын
орыс көжесінің ашқылтым иісі жарды. Жүз жылға бірақ қартайған
мүшкіл хал, жүз жылға қайта жасарғандай қуана толықсыған-ай!
Табалдырықтан аттауын аттаса да, не ары емес, не бері емес, ошарылып
қалған жасқаншақ жолаушыларға ірге жақтағы нардың үстінде малдас
құра отырған шегір көз, сары шашты орыс:— Төрге шығыңдар,— деп
қазақ тілінде ілтипат білдірді.— Алдымен сырт киімдеріңді шешіп, суын
сығыңдар да, пештің ығына жайыңдар, ұялмаңдар. Состиып, ит көрген
ешкідей тұра берудің ендігі реті жоқ еді. Іштеріндегі ересегі Ақай бастап
шоланға шығып, сырт киімдерін шешіп, екеулеп бұрап, суын сықты.
Нұржан жалма-жан отыра қалып керзі етігіндегі шүлпілдеп тұрған суды
төкті. Түнгі қонақтарының əр қимылын қалт жібермей баққан үйдің иесі
əйеліне тамақ əзірле деп əмір берді. Төргі бөлмеден шаштары үрпиіп екі-
үш баланың басы көрініп еді, ұйқтаңдар, кісі көрмеп пе едіңдер — деп
зекіді. Буы бұрқыраған жоян табақ борщ алдарына келгенде анасынан


қайта туғандай жасады-ай. Пештен жаңа ғана алған ып-ыстық нан,
пештен осы əзірде ғана алған ып-ыстық көжені азып-тозып келген үш
жігіт мұрындары шуылдап армансыз ішіп-жеді-ай. Үнемі қылтылдап
тұрар пенде шіркіннің көңілі бағана жақсылық атаулымен қайтып
оңалмастай болып зəрезептене жеріген еді, енді міне сол екі қолды
төбеге қоя безінген адамдардан айтып жеткізгісіз дарқан көңіл тауып,
паналап отыр. Жұмыр басты пенденің бəр-бəрі бірдей еместігіне
имандай иланды-ай. Қаужаң-қаужаң тамақ жеп, ар жағына ел қонып,
суық сорған денелері қызына бастаған жолаушылар нардың үстінде
қозғалмай отырған орысқа түстеп қарап еді, өз көздеріне өздері сенбей
қайран қала таңырқады. Бірақ ешқайсысы да сездірген жоқ, іштерінен
тынып, үнсіз түсініскен. Үй иесі орыстың екі аяғы тізесінен жоқ,
томардай шолақ екен. Дегенмен, ол да жігіттерді ыңғайсыз əсерден өзі-ақ
арылтқысы келді ме:— Екі аяқты Гитлер алып қалған. 1945 жылғы 8
майда минаға түсіп қалдым,— деді. Ол бұл сөзді немкетті, бүгін күн
бұлтты екен дегендей жай айта салып еді.
— Мен сол ГДР-да служить еттім,— деді Нұржан тек отырмай.
Өзін Ретивых деп таныстырған мүгедекке қарап.
— Қалай, ұнады ма?— деді.
— Халқы таза, тиянақты, біздей емес пысық.
— Бірақ дүние жүзіндегі атақты данышпандар да, атаңа нəлет
жауыздық та сол сен мақтаған халықтан шығып жатыр-ау,— деп
əлдене ойына оралғандай күрсіңді.— Ал, жатып демалыңдар,
шаршаған шығарсыңдар. Биылғы құрғақшылық сендердің
аудандарыңа қатты тиді ғой.
— Өзі соңғы жылдары табиғат та өзгеріп барады-ау,— деді бағанадан
жақ ашпай тосырқаңқырап отырған Ақай. Жылы үй маужыратып,
ыстық көже буынына түсті ме, Қайкен изек қағып, қалғи бастаған.


— Өзгерген ауа райы ғана ма екен, ел де баяғыдай емес... Құдайын
ұмыта бастады,— деді Ретивых жұп-жұмыр шолақ тізесін сипап.
Мүмкін, əлі де сыздап ауыра ма, əлде бұрыннан сипай-сипай əдеттеніп
кетті ме белгісіз.
— Ол өзгерісті осы жолы көрдік,— деді Ақай.— Сіз болмағанда таң
атқанша жауынның астында қалар едік.
— Жалпақ жерден қаға беріс, тым шалғайда тірлік құрған адамдар
тағыланып, бөтен мінез танытары рас. Ауыл-үймен араласпаған
семьяның баласы да кісі жатырқағыш келмей ме. Бұл ауылда тек кілең
кержақтар ғана емес, кержақ болып кеткен қазақтар да баршылық,— деді
де, қонақтар шамданып қалды ма дегендей, əңгімесін əзілге шаптырды.
— Жамандық пен жақсылық адамдардың қанына емес, жанына ұя салған
ғой. Неғұрлым байыған, тұрмысы түзелген сайын тəубесін ұмытқыш
келеді. Екі аяғым бар болса, мен де қондырмас па едім, қайтер едім, а,
Маша?!
Ыбырсыған ыдыс-аяқты жуып, бəкін-шүкін үй ішінің шаруасымен
жүрген толық əйел жымиып күлді де:
— Уыздай жас кезіңде, иə, сау кезіңде сенен қатал, сенен тəкаппар
ешкім жоқ болатын. Патшаға сəлем бермеуші едің. Мені де
менсінбегенсің. Соғысқа дейін соңыңнан ермеген қыз қалып па еді. Сені
қармағыма түсірген соғысқа рақмет,— деді жарасымды, əрі жайдары
мінезбен. Бəрі жамырап күлді. Қалғып отырған Қайкен де түкке
түсінбесе де, өз алдына ыржалақтаған-ды.
Ол жатқан соң да көпке дейін ұйқтай алмады. Көз алдынан нардың
үстінде Будда құдайы сынды қасқайып, жүрелей отырған Ретивых
көлденеңдеп кетпеп еді. Жер бетінде мүгедектер болмаса көз еті өскен
жұрт ұяттан баяғыда жұрдай болар-ау деп ойлады. Жер бетіндегі адамдар
тек бір-бірі үшін ғана туарын ойлады. Жер бетіндегі адамдардың өлісі
тірісінен, тірісі өлісінен айырмашылығы жоқ па екен деп ойлады. Жер


бетіндегі қыбырлап өмір сүріп жүрген адамдардың тек қызық үшін ғана
емес, қайғыны да қарсы ала білер қарапайымдылығын ойлады. Сол
іспетті жер бетіндегі адамдардың қайратына қайран қалды. Неге екені
белгісіз, оның есіне сексенге келген əжесі түсті. Өткен жылы басқыштан
құлап, аяғын сындырып алған. Сонда ауданнан келген жедел жəрдемге
салып жатқанда əжесі: „Əй, Нұржан,— деп еді,— сынған аяғымның басы
теріс бұралып қалды, былқылдатпай ауната салшы",— деп еді күліп.
Сонда əжесінің қайраты бұған үлкен медет болған. Жəне сол
мықтылықты маған дарыта көр деп іштей тілеген-ді. Қарашаның нөсері
толастамай ең соңғы əнін айтып, таң атқанша той тойлап еді. Шатырға
тиіп тасырлап, терезені сабалап, жым-жырт жатқан жуас халінің мазасын
алады. Кейде нөсер қайдағы-жайдағы оқиғаны еске салып, белгісіздеу
мұңға, алыстап құспен бірге қайтып кеткен арманыңды шақырғандай
болады. Сол ұзатылған қыздай сыңсып кеткен арманың қанаты талғандай
жақындап, жабырқау тартқан жаныңа қауырсынымен су себелегендей ме,
əлде тағатсыз қаққан қанатының суылы естілгендей ме, əлде мəңгілікке
— құзарға құлап өліп тынғандай ма... əлемнің түкпір-түкпірінде не
болып жатқанынан бейхабар, дел-сал ұрлық өмір кешкен шағын ауылдың
өз мерекесі, өз қасіреті — өзінде. Үлкен картаның бетінде жоқ. оған
симай қалған кішкентай ауылдың əрқашанда үлкен арманы болушы еді.
Тағы да таң атып, ертең басталғанда берекелі үйдің шайына қанып,
рақметін айтып сыртқа шыққанда үш жігіт тағы да сарсаңға қалған-ды.
Бұлардың бар-жоғын ескермей, жарыла қашқан жеті жолдасы алаң-
елеңнен тұрып, ойға түсер трактордың тележкасына мініп кетіпті. Ары
жүгіріп, бері жүгіріп, амалы таусылған үшеуін тау арасындағы танымас
ел Огневканың дəмі жібермеді. Етекке түсер көлік жоқ, сəтсіздік деген
аяқ астынан, тілеп те, сұрап та алмайсың. Огневка — сонау етектегі
Қайыңды колхозының бір бригадасы. Қыс бойы, тіпті осы қараша айынан
кейін трактор болмаса, машина қатынай алмайды. Жері қара топырақты
болған соң, егін бітік, пішен қалың шығады. Себезгілеп жаңбыр жауса,
қою батпақтан аяқ алып жүру зор, қыста қар қалың жауып, көктем кеш
шығады, күз тым ерте түсетін. Жол қатынасы қиын болған соң, Қайыңды
колхозы бұл ішкері жақтың мол байлығын дер кезінде жинап үлгермей,
ысырапқа ұшырата берген соң, көп назар аудармай, „өздері білсінге"
көшуші еді. Солтүстігінде атақты Хатынь өзені, оңтүстігі




Бұқтырма, екі өзеннің ортасындағы иен жер тегін байлық, күйсіз күн
кешіп,
ұмытылғандай жетімсіреп жатушы еді. Ал Огневка ең алыс, шеткері
ауылдың бірінен
саналатын да, Үлкен жердің қөп-көп жаңалығынан кереңдеу, томаға-
тұйық.
Огневкалықтардың мінез-құлқы да қызық екенін Нұржан сол жолғы
сапарында аңғарған.
Əркім күйбең қағып, өз шаруасымен əуре. Іргесінен бөтен кісіні қойып,
сап түзеп
сарбаздар өтіп бара жатса да бас көтеріп қарамайды. Содан соң берген
сəлеміңді
саңыраудай алмайды екен. Ал аспан ойылып жерге құласа да елең
етпейтін немкеттілік
сананың тасемендігі — қатал табиғаттың өзінен жұқты ма десең, жаз
айында осы өлкеден
сұлу, тамылжыған жанатты жерді тек түсіңде ғана көрмесең басқа жақтан
таба алмайсың.
Сойталдай үш жігіт бригаданың кеңсесіне барып еді, аядай бөлмені көк
түтін қылып
ыстаған бір топ жігіт отыр екен. Кіріп келгендерге самарқау мойнын
бұрды да, доминосын
сартылдап ойнай берді. Есік көзінде делдиіп əрі-бері тұрған соң, Ақай екі
күн бойы
тастамай арқалап жүрген дорбасын қолтығына қысып:— Бұл ауылдың
бастығы кім
екен?— деді. Ешкім тіл қатқан жоқ. Ойын жалғаса берді. Ақай даусын
қаттырақ шығарып:


— Бұл ауылда бастық бар ма?— деді. Ұзын бойлы, арық орыс алайып
бір қарады да:— Неге бақырасың, бұл ауылда саңырау да, бастық та жоқ,
— деді күркіреп. Оның қарсысындағы тығыршықтай қара қазақ:—
Бригадир таңертең колхоз орталығына кеткен. Сендерге не керек?—
деді.
— Ойға түсер трактор бар ма? Соның жөнін білейік деп едік,
ағасы,— деп Нұржан кішірейе сұрады.
— Кешке екі трактор түседі.— Əлгі қазақ жөнін айтты.— Тоссаңдар,
ала кетер, бəлкім. Бұдан əрі əңгіме созылмады, үш жігіт ізінше қайта
шықты. Шыққанымен жандарын қоярға жер таппады. Еру бола тұрар
жылы баспана іздегендей еді. Мүгедек Ретивыхтің үйіне қайта
барудың реті жоқ. Сандалып, батпақ кешіп көп жүрді. Осындайда қас
қылғандай уақыт шіркін өтпей-ақ қояды-ау.
— Бір бөлке нан сұрап жесек қайтеді,— деді аңқаулау Қайкен.
— Атаңның басы, ақша бермесең татырмайды да. Былтыр келгенде де
аштан өліп қала жаздағанбыз,— деді Ақай. Үшеуі енді үсіп-жығылып
тұра бергенше ермек іздейік деп ат қора жаққа барған. Аласа бойлы,
шоқша сақалды қазақтың шалын көріп, əкесін кезіктіргендей қуана
сəлем берді.
— Ассалаумағалейкум, ақсақал!.
Шал бұлардың бетіне бажырая қарады да:
— Здравствуйте,— деді.
— Мына шал сақалы бар демесең, қазақша білмейді. Бүлдірмей тұрғанда
қашайық,— деді Ақай. Осы кезде ат қораның арғы түкпірінен шыға
келген сары қарын орыс кемпірі айғайды салды:— Что стоишь, старый


черт...
Былайырақ ұзап шыққан соң Ақай айтты:— Баяғыда өкімет орнамай
тұрғанда ішкері жақтың кержақ байларына көп қазақ жалға кетті деген,
содан қалған жұрнақ қой. Құр бекер сандалумен кеш болды. Үшеуі
қайткен күнде ойға түсетін тракторға ілініп кетудің қамына кірісті.
Қызулау трактористер ақысын бермесеңдер отырғызбаймыз деп əуре
салды. Үйлерінен асығыс шығып даяр машинаға отыра салған
жігіттердің қалтасында көк тиын жоқ еді, не істерлерін білмей
сасқалақтады. Осы кезде Ақай айтты: Мен мына дорбаны бекер арқалап
жүр дейсіңдер ме? Ішінде үш-төрт килограмм қойдың жүні бар, бір
əжетке жарар деп сала салып едім. Соны көрсетейік.
Ішіп алған масаң трактористер Ақай берген жүнге келісті. Тек кабинада
орын жоқ, оған картошка тиелген, соқаға отырыңдар,— деген соң,
кешелер ғана сүдігер жыртып, батпақ қатқан соқаға атша мініп секектеп
таудан түсіп еді түн жамылып. Міне, сол ішкері жақтың дəмі енді қыста
тағы да бұйырды. Егер бұйырса...
Қайда қарасаң да аппақ қар: сеңдей сіресіп қасаттанған қар; қарасаң
көз қарықтыратын шаңқан бел-белестер, ербең етер тіршіліксіз салқын
бедірейген дүмбілез таулар.
Тым шалғайдан сарын естіледі...


Достарым ұйқтап қалмады ма деп тың тыңдап еді, мұрындарын қайта-
қайта тартып,
бүрісіп ояу жатыр екен, қуанып кетті. Бірақ ешқайсысы да əлгі бір сəттегі
ашу-ызадан
айыға алмағандай. „Төбелесіп алғанымыз тым нəтижесіз болмады-ау",—
деп ойлады
Нұржан. Бұдан соң ол сонау бір көктемде, алғаш əскерден келген
шақтағы оқиғаны есіне түсірді. Көзін жұма тəтті бір əсермен қайта...
қайта елестетті. Қандай əдемі көрініс еді. Қандай ғажап дүние еді... Иə,
онда көктем еді ғой... онда көктем болатын... көк-жасыл əлем болатын.
Онда аппақ қар да, аппақ қардың ортасында меңдей болып қарайып
тұрған трактор да, мынау бүйірі бүлкілдеп, уайым уыстап жатқан екі
досы да, алыстан... тым жырақтан ұлыған аш қасқырдың үні де... азапты
жүріс, азынаған ой да
— бəрі-бəрі, бəрі-бəрі жоқ, тек өзі ғана... тек өзі ғана... тек өзі ғана ма еді.
Баяғыда аспан не деген түпсіз, көкжиек не деген шексіз еді: өз
ойымменен өзім арпалысып жатып, күннің еңкейгенін, енді түнгі ұйқысы
— ұясына бататынын, сонымен бірге бүгінгімен бақилыққа
қоштасатынымды, бірақ жылдар сусып өткен сайын дəл осылай қыстан
қалған маяның үстінде көкке қарап шалқамнан жатқан жалқы сəттік
оңаша күйімді сағынатынымды байқадым ба сонда; ой дегенің сол аспан,
сол көкжиек сияқты шексіз де шетсіз емес пе; ендеше, жүз рет
ойлағанша, көз шалқыған, батар күннің нұрына балқыған көктемнің
кербез келбетіне бір рет қарағаным ғанибет емес пе; араға талай жылдар
салып, туған аулыңа қайтып оралсаң, көзіңе көрінгеннің бəрі-бəрін
аймалап сүйіп, айналып-толғанып, жылтырап айрылып қоштасарсың;
əмбе мынау көктем сені дүниеге тағы бір тудырып, бұдан бұрынғы, бұдан
кейінгі өміріңнің айтып өтер əсем əніндей, жүрегіңнің нəзік қылын
шерткен; жаңа ғана қаушағын ашқан қыр гүлі, жапырақ жайған жас
қайың, мөңкіп ағар таудың ерке бұлағы, тəй-тəй басқан үкілі жас бота,
енесін қақтай емген қара қасқа құлын, туған жеріне қайтып оралған аққу-


қаз мазасыз тірліктен шаршаған жанымды жаңғыртқан: даланың балдай
тəтті ауасын кеуде кере жұтып жіберсең, сарайың ашылып, өз-өзіңнен,
мейлі мақау болсаң да, əйтеуір, бір əнді емін-еркін шырқағың келер,
таласып байып батар күн мен жатқан маяның көлеңкесін ұзартып, көгі
енді ғана тебіндей бастаған төбелерді маздатқан; таласып байып батар
күн бар аймақты алтынмен аптап, өмір шаттығының салтанатты
шатырына айналдырады; таласып байып батар күнге қарсы жүріп келе
жатқан Қыз шөп үстіндегі Мені байқамай көзінде күннің қып-қызыл
алауы секіріп ойнап, Мен өмір бақида естімеген, əрі нəзік, əрі сыршыл
əуенді ыңылдаған еді; ауылдан қырға ұзап шығып, сұғанақ көздер
тұтқынынан босап, оңаша қалған жас Қыз алтын ағыстың ортасында
жүзген аққуға ұқсайды; мынау көктемнің бір бөлігіндей болып өзінің
алаңсыз көңіл күйіне еркелегендей еді-ау; ол жаратушысын да,
жарылқаушысын да білмейді, тек қана, əйтеуір, бір ғайыптан пайда
болған, ессіз қуаныш құшағына алып, əлдилеп тербейді, əлдеқандай сұлу
һəм сыршыл дүниеден сыбырлап əңгіме айтады; рақаттың, бақыттың буы
өне бойын қытықтайды; мен ғана кереметпін, мен ғана асқан сұлумын
деген тəкаппар сезім жетегіндегі ару өң мен түстің екі арасындағы
бейкүнə масаң халде еді; ол əндеткен күйі Мен жатқан маяның жанына
келіп тоқтады; Қыздың осынау оңаша алаңсыз еркіндігін үркітіп алмас
үшін иісі бұрқырап жатқан сарғылтым шөпке бұға түсіп едім ғой; жас
Қыз күн нұрымен шағылысып, сынаптай толқыған бұлақ суын ішкен
алтын киікке айналған; жұқалаң көгілдір көйлектің тарлау тігілісі балғын
дененің əр мүшесін айқындап, алқына соққан жүректің лүпілінен
жыртылардай болады; не ұзын, не қысқа емес қою шаш бұйралана
қобырап, ашық маңдайды қызғана жасырады; ал енді ғана мүсіндене
бастаған тіп-тік балтыр миуа ормандарда сирек кездесетін қос қайыңның
сүмбіл бітіміндей; ал тал шыбықтай бұралған талдырмаш бел үп етіп
самал тұрса майысатындай; ал батар күннің батсайы бояуын жағынған
жібек мойын, баян төс пен қара көз — менің де, сенің де тек түсіңде ғана
көріп, эпостық жырлардан ғана оқитын ертек сынды, сиқырлы əмбе
сымбатты теңдесіз сұлулық; күн батты, сонда да оның қара көзі мен
садақтың оғындай кірпіктеріндегі нұр жоғалған жоқ, күн əулиенің түнді
сəулелендіруге қалдырған аманатындай, мен демімді ішіме алып, қыбыр
етпестен жатқаным; қыз күліп аққан бұлаққа аяғын салып, тəтті арман,
биік қиял қанатында отырған; ол енді ыңылдап айтқан əуенді доғарып,
өзгеше əдем мұңға бөленген; бейбітшілік, бақыт, қуаныш — деген




ұғымның нағыз мəнін де, сəнін де мен осы қыздың бойынан таптым:
қарабарқындана бастаған көктем кешінде екі тізесін құшақтай отырған
осынау қыз, мүмкін, жылдар бойы тылсымнан, ертеңімнен немесе
ертегіден іздеп жүрген махаббатым ба еді: мен сонда дүниеде дəл осы
қыздай сұлу, дəл осы қыздай əнші, дəл осы қыздай бақытты адам жоқ деп
білдім; оқыстан пайда болған күнəсі жоқ мөлдір сүйіспеншілігімнен
шошындым да; енді қалған өмірімнің мəйегі, жер қойнына кіргенше
айтып өтер дұғасы — тек сенсің, намаздыгер-намаз шам арасында
ғайыптан туған көктем — қыз деп едім-ау; сен маған бұдан екі жыл
бұрын неге жолықпадың... жүрегім тоқтап қалған секілді: əлдекім түпсіз
зынданға тастап жіберген секілді; көзімді жұмдым — бəрібір қарабарқын
кешті нұрландырған көк көйлекті көктем-қызды көрдім, əне, қос қанаты
бар қалықтап ұшып барады, əне, оқыстан киліккен қара құс іліп алды да
көз көріп, құлақ естімейтін алысқа алып ұшып кетті... шошынып барып
көзімді аштым: көктем-қыздың періштеге балаған иығына қолын салып,
жыртың-жыртың күліп тұрған дарақы жас жігітті көрдім, икеміне
беріліңкіремеген қыздың қолынан жұлқа тартып, мен үшін белгілі əрі
белгісіз жаққа өзімсіне жүр-жүрлеп, қоюлана бастаған қараңғылыққа
сіңіп бара жатты, орнымнан атып тұрып, соңдарынан қуғым келді;
қызғаныштан өртенген жүрегімді жұлып алып, солқылдап тұрып ағыл-
тегіл жылағым келді; бірақ кейінгі кезде орныққан ақыл меңдеді ме əлде
ежелгі дəрменсіздігім тұсау болды ма — көкірегім қарс айрылып,
өкінгенім болмаса, батылым жетпеді: шалқамнан түсіп қара көк аспанға
қараймын; жұлдыздар жыпырлап молайған, тым биіктен қызықтырып,
көз қысады, əне, жұлдыз ақты — еш нəрсе ойлап үлгере алмадым; тағы
да... маған жұлдыздар жауып тұрғандай болып сезілді: ұстайын дедім —
аузымды аштым, алақанымды жайдым — маңайламады: салқын да
саябыр тартқан дала бейқам, төсінде болып жатқан сан қуаныштан, сан
өкініштен бейхабар; жаңа ғана бар жастығымды, бар махаббатым мен
базарымды ұрлап, көз алдымда қолтықтап кеткен танымайтын сары ауыз
жігітті күні бүгінге дейін өлердей жек көремін, менікі əншейін жалған
құмарлық емес, көктемгі бейуақытта туған шыншыл сезімнің айында-
жылында, не басыма іс түскенде, не көрер таңды көзіммен атқызып
сырқаттанғанда, санамда жалқы сəт сəулеленіп, сонсоң ғайып болар
рухани пірге деген ұлы ынтызарлық болар... мен білемін „— құмарлық
кеме желкендерін кеулейтін жел секілді — кейде, ол да суға батырады,
бірақ ол онсыз жүзе де алмас еді"— менің ойым мен бойымды билеген


əсте де ондай сезім емес, іңірдің өзіндей келте де кемеңгер, мəңгі
толастамас жұмбақ сүйіспеншілік; аспанға қарап шалқамнан жатырмын:
мұрынға кепкен шөптің иісі келеді, жұлдыздар ағып тұр; ауыл жақтан:
Нұржан... деп шақырған анамның үйреншікті айқайы естілген, Нұржан...
үйге қайт... құлыным...
— Иə, сонда аспан не деген түпсіз еді, көкжиек не деген шексіз еді...
шексіз еді...
Қайда қарасаң да аппақ қар сеңдей сірескен, тұтаса қасаттанған суық
дүние... Алыстан — тым шалғайдан қыздың сыңсыта салған əні келді
құлаққа...
Күндізгі дүрдараздықтан соң Аманжан да кірпігіне кірпігі айқаспай
бадырайып жатыр еді. Əбден май сіңді болған сабалақ жүнді шолақ қара
тонды қаусырына түсіп сонау бір шақтағы... жадыраған жаздағы оқиғаны
есіне алды. Есіне алып еді, бойына жылу тарап, екі тізесінің тоңғаны
бəсеңсігендей болды. Адамның ойына осындайда тек естен кетпес
өмірінің əдемі сəт елестері қандай жақсы... Иə, онда жайма-шуақ жаз еді-
ау, жаз болатын, жайлау болатын:
„. Тақымымыздағы ат арқырай кісінеп қоя берді.
Кешкі сауын бітіп, ағытып жіберген құлын енесімен табысып,
жылқылардың алды қарағайлы беткейге жосыла өріп барады екен;
оқта-текте үйірін қызғанысып, алакөз боп тебіскен айғырлардың шаң-
шұң даусы шығады; ондай сəтте төрт қанатты киіз үйдің алдында
тұрған жылқышы „ай-үй" деп арашалай айғай салады; үйдің қыр
жағына қағылған мама-ағашқа атымызды байлап, үйге беттедік;
жылқышы қонақжай адам екен, ізгі ниет білдіре есендесті; киіз үйден
сабаға сар-сұр құйып жатқан саумал даусы, аяқ-табақтың сылдыры
естіледі; бірте-бірте үйіріле берген ымырт ұзап бара жатқан
жылқылардың қалың қарасын ғана көзге сүлделендіріп, жерошақтағы
бықсып жанған




оттың сəулесін айқындай түседі; сонау алып бурадай шөгіп жатар таудың
қыр желкесіне күміс шеге қағылды, ол түн — арудың алғашқы хабаршы
жұлдызы — қойшы жұлдыз, өріске беттеген жылқының пысқырынған-
осқырынғаны естілмей, ендігі сəтте көзден тасалана бастады, тек анда-
санда алакөз боп кетіскен айғырлардың ғана жан айқайы шығады; енді
үйден гүрпілдете піскен сабаның даусы шықты; алыстан... анау бұйығы-
бұйығы жүндес жотаның ар жағынан „Жолдаяқ, Жолдаяқ" деп шақырған
қыз үні естіледі; оның жіңішке де жарасымды даусы қараңғылық ұйып,
қалғи бастаған тау аңғарын жаңғырықтырады; алаңсыз арманшыл
қыздың жалғызсырағандағы бар ермегі — сол Жолдыаяқ-ау деп
ойладым; екі қолын артына ұстап, жылқылар ұзаған жақтан екі көзін
алмай тұрған жылқышы елең етіп: „Ақбілек қой, қойшылардан келе
жатқан",— деді; біз үйге кірдік; саба пісіп тұрған сұңғақ бойлы əдеміше
əйел имене есендесті де, іркілместен қымыз құю қамына кірісті; бетінде
майы жүзген қымызды сыңғыта ішіп жібергенде көзіміз шырадай жанып
қоя берді; екі-үш кеседен кейін жаздың күшті қымызы бойымызды
қыздырып, бүкіл көрініс қайта жасарды, біз өзімізді өзгеше көңілді,
сергек сезіндік, үй иесі əңгімешіл адам екен, ауыз жаппай сөйлеп отыр;
сырттан ат дүбірі естілді де, əлдебір əннің əуенін ыңылдап, əлдекім кірді
үйге; ол күпəйкесінің жан қалтасына қолын салған күйі босағаға сүйеніп,
қалт тұрып қалды; сымдай ғып киіп алған қара шалбар, басына ораған
жұқалтаң қызыл жаулық, күпəйкесінің жағасынан əнтек көрінген ақ
кеудешенің жағасы — бəр-бəрін сұмдық шапшаң əрі тінте шолып
шықтым да от қызуы мен ондық шамның сəулесі нұрландырған жүзіне
үңілдім; білмеймін, мүмкін, қымыз қыздырып, көзім бұлдырап отыр ма,
əлде ес білгеннен бермен ойша қиялымнан, əсіресе алдағы күндерімнен
толассыз іздейтін, бірақ ол не — адам ба, періште ме,— өзім де сезініп
білмейтін жұмбақты бейне, сағыныш дейтін буалдыр сағымның
арасынан жалт еткені ме; аса тұрпайы, əрі жалынышты көзбен қарасам
керек; екеуміздің де жанарымыз жалт етіп, былайғы жұрт есін жиып
алғанша қарасып, һəм іштей ұғысып та үлгердік; маған оның еш
аламанға ұқсамайтын табиғи дидарына енді бір қарауды жазбапты; əкесі
— Ақбілек, қымыз ішіп ал да, жылқыны Ешкіөлгенге бұрып жібер,—
деді; ол қымыз ішкен жоқ, үндемеген қалпы оқыс бұрылып шығып кетті;
мен жаңа ғана жасқанып кеткен кірпігімді қайта көтергенімде босаға бос


тұрды; бірақ Ақбілектің бейнесін ойша елестеттім: маған ол сол босағада
қолын қалтасына салып, əлі тұрғандай сезіледі; маған ол дүлей
таулардың ортасында нажағай отымен түскен көк жасынға, жүрегімді
ұстарамен тіліп өткен қасапшыға ұқсады; неге екенін білмеймін, оны да,
өзімді де, тіпті тіршілікшіл əлемнің басы толып, жүрегім айныды;
жылқышының əйелі айтты: Ақбілек оқуға түсе алмады, сосын əкесіне
қолғабыс жасап жүргені ғой: „Оқып керегі не деп ойлаймын,— оқып
керегі не", егер мен оны осына жайлаудағы қымыз иісі аңқыған киіз
үйдің босағасынан емес, қаладан: парктен, театрдан, биойнақтан көрсем,
дəл осыншалық тəтті мұңмен əсерленіп, дəл осылай сұлу күйінде
елестете алмас едім; мен оны тіпті басқаша көруге құштар емеспін, онда
ол бүкіл таңғажайып жаратылысынан айрылып, үстіне күпəйке емес,
əшекейлі жалтырауық көйлек киген сайын жарасымнан жұрдай боп,
бетіне опа жаққан сайын қартаятын — сонсоң масқара бұзылып, күнəға
бататындай еді; оқып керегі не, оқып керегі не", бірақ мен мынаған да
өкіндім: табиғаттың таза сұлулығын, табиғат өз уысынан-ақ
шығармайды-ау, ал көп əдемілікті біз, болмаған соң, қолдан жасаймыз;
Ақбілектей қыз, бəлкім, жүз жылда бір-ақ рет туар, əттең, соның өзінде
байқамаймыз, не ескермейміз — тағы таудың арасында тасаланып қалар;
мəңгіге ұмытылады; қимайсың, қиналасың — дəрменің жоқ, дəрмен бар-
ау, көзді жұмып көлге секірер ерлігің болмаған соң осылайша санамен
ғана сандалып аялайсың... аялайсың, керегі не осының... сонсоң,
сорлықтың бəрін табыстырмас тағдырға телеміз; жылқылы ауылдан ұзап,
қалың .. қарағайлы өңкейген жотаны аса беріп, сонау Ешкіөлгеннің
баурайынан сыңсыта шырқаған əн құйылды құлаққа! Ал мен Ақбілектің
əнін тыңдап, ойға шомдым; ал жол серіктерім түнгі əнге əрі-бері құлақ
түрді де, бірі „Жылқышының қызына зоотехник қырындап жүрген
көрінеді",— деп еді, екіншісі: „Ол иттің əйелі, екі баласы бар емес пе",—
деді əлденеге өкінгендей кейіспен; сосын екеуі де терең күрсінді: аспанға


қарадым: жап-жарық секілді, қаланың бір өшіп, бір жанған сансыз
оттарына өте ұқсайды екен; жұлдыз ақты: Ешкіөлгеннің ар жағына асып,
ал қараланып жатқан қара жерге қарс кіріп кеткендей болды; маған
жұлдыздар жауып тұрғандай сезілді; аузымды аштым, алақанымды
жайдым — дарымады, жаздың жанға жайлы жұмсақ түні болса да
қалтырап, тоңази бастадым; Ешкіөлген жақтан естілген əн бəсеңсіп,
арқырай кісінеген айғыр даусы тау-тасты ұзақ жаңғырықтырады-ай...
„Зоотехник қандай адам екен? Жоқ дегенде осының да бақыты
бұйырмады-ау"— астымдағы атты қамшымен сауырлап салып жібердім
— жазықсыз сабадым...
Қара көк аспан гауһарға малынып тұр.
Амалым не, менен алыс... Менен алыс нəрселер көп, бəр-бəріне қолың
жете бермейді. Жан дүнием əн салып тұрарын былайғы жұрт біле ме, тоң
мойын, ұр да жық деп ойлайды. Ал мен қысастықпен əдейі істеймін,
ерегесіп істеймін... ерегесіп... қандай рақат жай... жылы дүние... жылы-
жылы... Құдай-ау, сол жылқышының қызы қайда? Тағы таудың арасында
мəңгілікке адасып қала ма? Мынау сай-сүйегіңді сырқырата салған əн,
сол қыздың мұң-зары болмасын... Əне, жерошақта маздап от жанды.
Ыстықтадым... Əне, ол маған сапырып-сапырып қымыз құйды... Неткен
жылы дүние... адам тоңғанда ғана жылынады екен-ау... Рақатын-ай...
ыстығын-ай...
Қайда көз салсаң да, сеңдей сірескен, қасаттана қатқан суық дүние...
Бақытжан да көз іле алмады.
Ол енді былтыр қалада қалып қоймай, ауылға бекер оралғанына өкінді,
иə, сонда қалып-ақ қоюы керек еді... Бекер оралды ауылға... Онда қоңыр
күз еді... Бекер оралды ауылға... бекер...
„Ағыл-тегіс адам-ағыс.


Арпалысқан адам-ағыстың ортасындағы биойнақ қайрандап қалған кеме
секілді; кеменің үсті толған тағы да адам, быжынаған жастар; бақтың
даңғарадай дарбазасынан кіре сала-ақ ілгерінді-кейінді сабылған
жүздеген қыз-жігіттің ортасына түсіп, əп-сəтте басың айналып, есіңнен
ауысар едің, əлдеқандай желік пайда болып, шаршы топтың ортасындағы
бəстестердей елігер едің; төбеңнен төнген сансыз шамдар көздің жауын
алса, „чачалаған" ышқынды музыка үні құлақ тұндырар; барын киіп,
бақанын қолына алып шыққан қыз-жігіт жаздың мол-мол қызығы ағаш
жапырақтарындай мінтеліп, күздің сұрғылтым жуас күндеріне ойыса
бастаған соң, мейлінше ұтып қалуға жанталасқан сыңайлы; сəулесімен
жарқыраған көздерден жастықтың оты ұшқын атқанымен, ептеп суық
сорып бозарған беттер бəрі бір қоңыр күзді еске салады; оқта-текте
теректің сап-сары жапырағы қалбалақтай ұшып, оны əркім жерге
түсірмей ұстап алуға тырысады; осы көрініске қарап тұрып, жас
шіркіннің бүкіл сəн-салтанаты сұр бұлт, қыраулы ызғардан қашып келіп,
мынау аядай баққа жасырынғандай əсерде қаласың; əр ағаштың түбінде
үйір құрып, шылым шегіп тұрған ақ шалбар, қайыс белбеу
бозбалалардың тоқ күлкі, дарақы дауыстарына сыңғырлаған əдемі күлкі
араласады; самаладай самсаған электр шамы аспан барын, сол аспанда
сансыз жұлдыз барын ұмыттырған; адамдардың осыншалық мол болып
көрінуі — бақ аядай тар еді, есіктен кірген бетте би алаңын айналып
өтесің де, əлгіндегі орныңа қайта келесің, осылайша шыр айнала бересің,
айналған сайын жаңа таныс тауып, əрі-беріден соң жүз танысың
көбейеді; менің бұл қалаға оқуға түсуге келгеніме көп болған жоқ,
үшінші күн; сондығы болар, бəрі бейтаныс, жұрт не істесе соны істеп,
биойнақты бір-екі рет орағытып та үлгердім; биге зауқым жоқ, байқамай
біреудің қызын шақырып қойсам, тəртіпсіз ұлдар сабап та жіберуі
ықтимал ғой, сонымен он шақты рет айналған соң, осы ермектің өзі мезі
етті, ал жергілікті жастар жалыға қоятын емес; менің бір байқағаным,
менен өзгенің қай-қайсысы да екі-екіден, үш-үштен қыдырыстайды, тек
анау бір қолында шиыршықтап ұстаған қолшатыры бар қыз ешкімге
жуымай, ешкім жуымай, адасқан қаздай сыңар жүр; əншейінде өзінен
сұлуырақ құрбысын көргенде қипалақтап қалар қыздар да, қызылды
көргенде қызынбай тұра алмайтын жігіттер де оқшау жаратылған асқан
көркем анау бір тотыны елемеуі, тіпті қағып-соғып көз қырын да салмай
өте шығуы мені қайран қалдырды; сəулелі шамның саулаған


нұрымен тайталасқан келбетті дидар. Қолдан соққандай қиқы-шойқысыз
əсем мүсін,
келісті де кербез жүріс, əсіресе шырадай жанған қайқы кірпікті шуақты
көз — періштенің
өзін де жолдан тайдыратыңдай-тын; адам-ағыстың толқынында аспай-
саспай бөлекше
жүзген қоңыр-қаз іспетті; не бір қатыгез, қайырымсыз адам, не бір қайғы
жұтқан қасіретті
адам ғана дəл осылай — дүниедегі қызықтың бəрін тəрік етіп қу бас
болып қалмақ;
мүмкін, аяғының мүкісі, бетінің тыртығы бар шығар, сұлулық дегеннің
өзі көңіл күйге,
сезініп-түйсінуге байланысты шарттылық қой, жо-жоқ, мүлдем басқа...
Жұмбақ
жаратылған жан екен... Мен мынадай ойға келдім... өз сұлулығымен
жұртты тəнті қылған,
бұлдай білген жəне өзіне тең таба алмай, осында жүргеннің бəрінен
жиіркенген, тым-тым
биіктегі — қол жетпес құздардағы еңліккүл; жігіт-желең əрі-бері
жанталасып иектейді де,
шамасы мен өрісі жетпейтінін білген соң, бос əурешілікті қояды; ал ол
одан сайын
асқақтап биіктей береді, осынау жайнаған келбет, жарасымды
кербездіктің кермиығына ер
салар, құзарына қол салар ер жүрек „альпинист" жоқ бұл қалада! Олай
болса, көп
үміткерлердің бірі ретінде неге тəуекел деп тас жұтпаймын; қыз деген
халық бейтаныс


жігітке үйірсек болмаушы ма еді... Түсіріп-ақ кетермін... Мына тұрған
шөп желкелердің
өзегін өрт жаласын; бұған дейінгі бар тəжірибемді жинақтап, сымдай боп
киліктім:
„Қарындас, жалғыз неге жүрсіз, қасқыр жеп қойса қайтесіз",— бұл тауып
айтқандағым
еді; ол үндеген жоқ, итпісің, кісімісің деп бетіме де қарамады, томаға-
тұйық, ауыр ойға
берілгендей асықпай-саспай аялдайды: „Қарындас... а... қарындас,
танысып қоялық,
есіміңіз кім?"— Ол лəм демеді, отты жанарына ақыл ұялап алысқа
қарайды; шулы
дүниеден бөлінген мақау кейіпте; мен жарбаңдап үш рет ере айналып
шықтым биойнақты,
бірақ бəрі бос əурешілдік, танымайтын көшке ілескен адасқан күшіктей
аянышты халге
түстім; өз-өзімнен ыңғайсызданып іштей ұялып та келемін; ал дегенде
бойымды билеген
есер сезім, ұшқалақ ой қыз жанында қадірім қашқан сайын берекесі
кетіп, мөңіреп
жұртына қайтып, шым-шымдап ақылға ұласты; енді мен де үн-түнсіз
оған қосылып алып
айнала беруге бел байладым; бағанағы өз бетімен лағып жүрген қыз-
жігіттер жапа-
тармағай бізге назар аудара бастады, бір-біріне ымдап-нұсқап, кейбірі
күліп, кейбірі басын
шайқасты; мені бұл жағдай қатты қуантты: „тіл табыспасам да, ерке
қыздың жанына еріп


жүруімнің өзі ерлік емес пе", жігіттер маған емес, мен жігіттерге,
олардың дəрменсіз
ынжықтығына күлдім; бесінші рет айналып бара жатқанымызда
жұмбақты сұлудың тілі
шықты: „бекер əуре боласыз, бекер..."— оның үнінде сенімсіздік пен
жатбауырлықтың
жүрек суытар салқыны бар еді, бірақ сонда да өркөкірек желіктің
əупіріміне басып, төбем
көкке жеткендей қуанышты үнмен: „мен Сіз секілді біреудің үкілі
ботасымын, сырт
көзден ұят қой, жерге қаратпай ілтипат білдіріңіз"— деп сайрадым; əттең,
осындай
тəкаппар адам болады екен-ау, жұмған аузын ашсашы; біз тағы да үнсіз
аяңдап келеміз;
мен болмасам оның жалығатын түрі жоқ əзірге; жұрт тарқауға айналды
да, жұмбақ қыз
шығар есікке беттеді; мен сонда да қалмай, қосарлана жөнелдім; есіктен
шыға бергенде
бір бұрыштан қарқылдаған қатты күлкі естілді; мұның екеумізге
бағышталған аяр күлкі
екенін білмедім, білсем де: өздерінің қолы жетпеген соң қызғанады,—
деп ойладым;
қыздың қапсарынан қалмай, үйіне еріп келемін; ол бағанағы бір сөзден
соң қайтып
үндемеген; аспанға қарады, солай ұзақ жүрді; мен де көкке телміріп,
жанымдағы қыздың
жан сырын ұғуға арпалысып келемін; өтірігім бе, шыным ба, күні бүгінге
дейін білмеймін,


лекітіп келген жүрек толқуымды жасыра алмай сөйлеп-ақ жібердім:
„айнам, Сіз ал қара
аспанды нұрландырған жұлдыз сияқтысыз, бірақ тым алыстасыз,
сондықтан да сұлусыз,
қадірлісіз; дегенмен, адамның қуаты жетпейтіннің бəрі-бəрі керемет емес
қой; неғұрлым
адамзаттан алшақтасаңыз, солғұрлым көзден тасаланып, тіпті
ұмытыласыз, сонсоң
асылдың өзіне күмəн келтіре бастамақпыз; қаншама тағыланып, ел-
жұрттан жерінсеңіз де,
түбінде айналып табар қазығымыз бар ғой; жалғыздық құдайға ғана
жарасады дейді, қоса
ағарар қосақ таппай жер қойнына кірем дейсіз бе, əйтеуір, біреудің жары
боларыңыз хақ;
мүмкін Сіз өмір бойы іздеп келген немесе іздеп өтер елес адамыңызды
ренжітіп келе
жатырмысыз, мүмкін, ол адам — мен болармын, ойланыңызшы, осы
қылығыңыз үшін
ғұмырлыққа өкініп өтпейсіз бе? Білемін, қыздар, əсіресе қазақ қыздарына
салиқалы,


салмақты, əм кербез де керім болу керек, бұрынғы өткен апаларымыздың
осы бір қасиетін жойып алмай, жаңғырту керек те шығар, түсінемін,
бірақ мен Сізді түсінбеймін; Сіз, айталық, мұзға қатырған тірі гүлсіз,
енді жүз жылдан соң мұзды қайта ерітіп, тіршілікке қайта қосу керек
шығар, құдая, оған менің дəтім, жасым жетер ме; Сіз, айталық, түн аруы
Ай-ақ болыңыз, құдай-ау, оған да адам қонып жатыр емес пе; Сіз,
айталық, ауру болыңыз, құдай-ау, мен ондайдан безер ме екенмін, қайта
бұрынғыдан əлдеқайда аялап, бауырыма алмаймын ба, соның өзі жақсы;
Сізді мен алақаныма салып ардақтап, жұмыр жерді шыр айналып
емдетер едім, осылайша шаршаудан махаббаттың сарқылмас қуатын,
жалықпас лəззаттын алар едім; Сіз, айталық, менің жарым бола
қалсаңыз, егер бірге тұруға келіспесеңіз, некелесіп алып ауылға
аттанайын, сөйтейін, айнам, алыстан сағынысайық, сосын алаулы
қимастықпен еңіреп қайта табысайық; байқаймын, Сіз мені жоғалтып
аласыз; "жоқ, Сіз мені жоғалтып аласыз, жетер енді, бəрі
бекершілдік!"— деген дауыстан селк етіп есімді жисам, қыз өз үйінің
баспалдағында тұр екен; сосын жалт бұрылды да, үйіне кіріп кетті; мұң
қабыздаған бота көзінде бір тамшы жас бар-ау... жүріс тоқтап, кісі аяғы
басылған тыныш көшемен сырп-сырп аяңдап жалғыз қайттым;
бағанадағы шамдар əуе жұлдызымен тайталасады; анда-санда мен
секілді жалғыз-жаяу кезігеді; күздің сызы қойнынан кіріп, балақтан
шығады; аспанға қараймын: жұлдыздар бейне жауып тұрған сияқтанады;
аузымды аштым, алақанымды жайдым — жоламады; жұмбақ қызды
іздеген көңіл осылайша жападан-жалғыз мəңгі шексіздікке жүре бергісі,
жүре бергісі келеді...
Ертеңгі күні кешке баққа тағы келдім, кешегі мінсіз сұлуымды —
өзімнің ғана тəкаппар аяулымды жолықтыруға аңсарлымын; дарбазаға
жақындай бергенде быжылдап жедел жəрдем келді де, аппақ боп
сұлаған қызды көтеріп сала берді; бұл — жұмбақ қыз еді...
— Малика ғой, байғұстың талма ауруы жазылмай-ақ қойды,— деген
дауыстар күз желіндей ызыңдап күні бүгінге дейін құлағымнан
кетпейді... Бірақ мен оны ұмытуым мүмкін емес еді... Əне, ол жалғыз өзі
мен білмейтін, бірақ, əйтеуір, түбі бармай қалмайтын қара түнек сапарға
аттанды...


Ағыл-тегіл адам-ағыс.
Қарасаң бас айналады... Мен сол уақиғадан соң, ол қалада қала
алмадым... Содан бері көзімді жұмсам болды, аппақ қылып сұлатып,
сол қол шатырлы сұлу қызды жедел жəрдемге салып жатады. Өз-
өзімнен шошынып, көзімді ашып жіберемін. Ал қазір оны еске алу
тіпті де қорқынышты емес, ол мені əне қол бұлғап шақырады.
Əне, ымдап шақырады, артынан ере
бергім келеді. Қандай рақат, жып-жылы
дүние... жып-жылы...
Екі жолдасым мені ылғи ұйқтап отырадыға жориды, ал мен тіпті де
қалғып емес, жо-жоқ, көзімді жұмып, қол шатырлы қызды есіме
аламын, өйткені оны шын сүйіп едім, бұйырмады... қандай жылы,
ыстықтай бастадым, маздатып от жаққан кім? Құдай-ау, біз қайда
жатырмыз осы... ыстықтадым..."
Ал қара аспандағы ай өзінің қызуы жоқ нұрын қаншама саулатып
төккенімен, Алтайдың қырық градус суығы қылқындырған қарлы өлке,
тас болып қатқан қалпы, ешкімге керексіз қор күйді бастан кешіп, мəңгі
тыныштықтың құшағында тырп етпей өліп жатыр еді. Жарықтық ай да
қатып қалғандай, кеңістікті шарбылаған аяз ауаның ар жағында,
тұтқында тұр. Аппақ түн қаншалық əдемі болса, соншалық қатыгез суық
еді. „Көретініңді көрмей, көрге кірмейсің",— деген сөз тегі рас екен, қар
іннің ішінде серейіп ұйқылы-ояу, маужырап, тоң теріс жатқан үш жігіт
ұйқыға жеңдірмейік деп ой таусағанымен, біртіндеп барып, ұйқы-
дұшпанның қойнына кіре беріп еді. Өлі мен тірінің екі арасында
тербеліп, дел-сал халде жатқан... Құдай-ау, өңдері ме, əлде түстері ме...
Аппақ киіз үй... аппақ... төр алдындағы төсекте мамыққа оранып, рақатқа
кенеліп жатыр екен дейді. Ортада — жерошақта лаулап от жанады...
Тозақтың оты ма, жұмақтың оты ма белгісіз... Міне, есік сықырлап
ашылды да, қолдарына шырақ ұстаған екі қыз кірді. Үстеріне қара


жамылған...
Бірі — жылқышының қызы,екіншісі — қол шатырлы қыз. Дəл, осы осы
мезетте соншалықты жұмбақты, соншалықты сиқырлы əуен естілгендей
болды. Тəңірім-ау, өндері ме, түстері ме?..


Жылқышының қызы бір басып, екі басып жақындап келді —
Аманжанның дəл жанына келді. Қолынан тартып тұрғызды. Жігіт мең-
зен.
— Тұр, жаным, басыңды көтер,— деді жылқышының қызы.— Саған
айтар сырым бар".— Таң-тамаша қалып, қыздың бетіне қараған
Аманжан:—"Айта алмайтын шындығы, аша бермес сыры болмаса, адам
несіне жер басып жүреді,— деді таңырқап. Сонда ғана, енді ғана
танығандай.— Құдай-ау, сенбісің шыныменен".
Қыздың оттай жанған саусақтары бетіне тиді, ептеп сипады: „Менмін.
Біз екеуміз бар сырымызды, бар шындығымызды айта беруімізге
болады. Шын ғашық адамдар тек арғы дүниеде ғана қосылады".
Аманжан əлі аң-таң: „Сонда қалай? Біз жер астында жүрміз бе?"
Жылқышының қызы: „— Иə, жер астындамыз..."
Аманжан: „— Сен қашан келдің бұл жаққа?"
Жылқышының қызы: „Зоотехник алдап, абыройымды
төккен соң..." Аманжан:—"Біліп едім, сезіп еді
жүрегім. Есіңде ме?.." Жылқышының қызы: „— Иə,
бəрі есімде".
Аманжан:— „Ол кезде жайма-шуақ жаз еді..."
Жылқышының қызы: „— Қыс жер үстінде ғана, жаным. Мұнда жаз.
Жер астына қар жаумайды. Мəңгі жылылық".
Аманжан есеңгіреп, қара көйлекті қыздың құшағында былқ-сылқ
отыр: „— Біз өлікпіз бе?"— деп сұрайды. Жылқышының қызы оны
аймалап, мұз болып қатып, жансыздана бастаған бетінен сүйеді.


— „Жоқ-жоқ, жаным, біз мəңгі тіріміз. Өйткені біз ғашықпыз бір-
бірімізге... ғашық жандар өлмейді. Ромео мен Джульетта, Лəйлі-
Мəжнүн, Қозы мен Баян, бəрі-бəрі — жер бетінде арманына жете
алмағандардың барлығы осында..."
Аманжан қыздың сүйемелдеуімен орнынан тұрады: „— Олай
болса... соларға барып қосылайықшы",— Екеуі қол ұстасып, киіз
үйден шығады. Тəңірім-ау, қайда барады, қайда?! Өңі ме, түсі ме?..
Киіздің дəл төріне салынған құс төсекте, үлде мен бүлдеге оранып,
рақаттың алтын бесігінде тербеліп жатқан Бақытжан осы жиырмадан
асқан жасына дейін осыншалық керемет бақытқа кенеліп, осыншалық
жұмсақ та жайлы мамық төсекке жатпаған шығар-ау... Шалқасынан
түсіп, сойған қой терісіне оранып, буланғандай балбыраған... Дүниеде
ең қимасы ұйқы еді, оның да күні туып, құдайы бір жасады. Бас
жағында тотыдайын таранып, маңдайын алақанымен сипап отырған ару
— баяғыда қаладағы күзгі паркте жолықтырған қол
шатырлы қыз — Малика екен-ау, қандай рақат...
— Тұр, басыңды көтер. Бұл менмін ғой. Танымай қалғаның ба, қол
шатырлы қызбын
ғой,— дейді мұздай бастаған бетіне ернін тигізіп.— Сені ертіп
кетуге əдейі келдім, жаным.— Аймалап, басын сүйемелдейді.
Бақытжан таң-тамаша.
Бақытжан: „— Тəңірім-ау, өңім бе, түсім бе? Мен қайда жатырмын.
Не деген ыстық дүние... үй ме бұл?"
Қол шатырлы қыз: „— Бұл — Жер-Ананың ыстық құшағы. Анаң да қара


жер, атаң да қара жер... жер..."
Бақытжан есіне əлдене түскендей: „— Иə, иə, сені жедел жəрдем алып
кеткен".
Қол шатырлы қыз: „— Жедел жəрдем мені осында — жер асты еліне
əкеліп тастаған...
Мəңгілікке əкеліп тастаған. Ол шақта сарғайған күз еді..."
Бақытжан: „— Рас, күз болатын, қазір қыс. Суық. Бірақ ыстықтап
отырмын".
Қол шатырлы қыз: „— Бұл елде күз болмайды... Өйткені біз жер
астыңда жүрміз... мəңгі жылы жүрміз. Енді сен ешқандай тоңбайсың...
Жүр менімен,— адал сүйетінің рас болса, ер соңымнан".— Жас ботадай
буын-буыны дірілдеп, тəлтіректеген Бақытжанды қолтығынан сүйеп
жетелейді.
Бақытжан: „— Қайда, қай жаққа барамыз?!"— Жүрексіне
тартыншақтайды.


Қол шатырлы қыз: „Сұрқай күзі, суық қысы, сұмдық адамдары жоқ,
ғашықтар елі, махаббат патшалық құрған — о дүниеге... Жер бетінде бір-
біріне қосыла алмаған Ромео — Джульетта, Лəйлі — Мəжнүн, Қыз Жібек
— Төлеген, барлығы сол жақта".
Бақытжан: „Сонда қалай, біз де өлікке айналамыз ба?" Қол шатырлы
қыз: „— Жоқ, күнім.— Құшақтайды— Жоқ, біздер ол жақта мəңгі
жасап өтеміз. Сен бұған дейін өліп келген едің, енді бүгіннен бастап
тіріміз... тіріміз... жүр ғашықтар мекеніне, жүр..." Бақытжан жүрексіне
ереді: „Тек, асықпайықшы..."— Екеуі ақырын-ақырын басып, ақ отаудан
шығып бара жатады. Алыстан... тым-тым шалғайдан сыңсып салған
мұңлы əуен естіледі. Құдай-ау, қайда жатыр? Қайда барады? Өңі ме,
түсі ме? Не деген күйіп-жанған дүние...
Айнала аппақ қар, сеңдей сіресіп тұтаса қатқан суық дүние.
Көк тəңірісінде еркін жүзген ай астында аяз сорып, маңқайған бітеу
таудың ортасында тұтқын болып — қозыдай қарайып қауқарсыз трактор
тұр. Буланып барып, суық ұрған темірін қырау тұтып, түртіп қалсаң
қарып түсетін ашу-пошым алып адамның қартайып, қайғы ойлағанда
ақырғы рет сілтеніп, түйіліп қалған дəу жұдырығындай кекті бітім.
Ұшқан құс, жүгірген аң, қыбыр етер тірлік иесін аяз шалып, үсіп өліп
қалғандай — өлі тыныштық. Сазарған ақ түннің, əйтеуір, бір тұсынан
атом ғасырының аш қасқыры ұлыды ма, өлім үніндей — қорқынышты
ұлу естіледі еміс-еміс. Тек сол ұлу ғана бүгінгі зəрлі түннің жаршысы.
Міне, аш ішекше шұбатылып таусылып бітпейтін қыстың ұза-а-қ түнінде
қардан жасап алған үйшікте бүк түсіп, ой еміп жатқан үш жігіттің əдемі
қиялы қанша сипалап жылытқанымен, маужыратып апарып — бірте-
бірте үсік үйіне əлдилеп, алдап-сулап кіргізе берген. Аса қаталдықпен
тісін қайрап, тілін жалақтатқан ажал-арыстан ол да араны ашылып,
уыздай жас олжасын қызықтауға сақадай-сай еді. Жүректерін ептеп
жылытпалаған əлгі əсершіл көңілдің тəтті естелігі байырқалап барып,
жұқалаң тартып, суыған... Сонсоң бүкіл денелері қызынып, буын-
буындарын ала бастап еді. Буын-буындарын ала бастаған суық енді қан
тамырларына шауып, қуалап, мəпелеп еркелеткендей сайқалдықпен
ұйқтатады, жабырқаңқы жанын тербеп, уатады... уатады...


Нұржан серейіп, ағаштанып қата бастаған аяқ-қолының шым-шымдап
жылығанына таң қалды. Қызық... бейне бір құс төсек, мамыққа оранып
жатқандай бой-бойы балбырап, бүкіл денесі талмау тартты да., қызық...
үлкен башпайынан, саусақ-саусағынан өзгеше бір қытық жүріп,
дызылдап қышығандай ма-ау; ал өзі бұрынғыдан ары бүрісіп, қол-аяғын
бауырына жиыра түсті; ол өзін бейне бір қар-үйшікте емес, қозының
аппақ жүнінен басқан алты қанатты ақ ордада жатқандай үлкен рақат
күйде сезінген. Аманжан да, Бақытжан да жоқ, тек жалғыз өзі — біз өзі
ғана... табаны тызылдап тағы дуылдады-ай: жер-ошақтағы лаулап
жанған от қыздырғандай ма-ау; екі тізесін бауырына алып, əлгі табанын
күйдірген оттан қаша ма-ау... Не деген ертек сықылды еркін дүние,
есеңгіреген хал; не деген жас сəбидің ұйқысындай бейбіт дүние, не
деген аппақ... сүт дүние... Нұржан ақ қозының жүнінен басқан отауда
рақаттың алтын астауында тыныштық күйін кешіп, жұмылған көзін
ашуға қимай, жұмылған көзін ашса, енді-енді ғана емін-еркін сезіне
бастаған бақытқа, рақатқа толы ұйқылы-ояу халінен мүлдем айрылып
қалам ба деп шошынған. Ол тіпті дəл осылай бүктетіле иленіп жата
бергенше тұрайын деп қанша ма талпынса да, жатқан жерінен тырп етіп
қозғалуға шамасы жетпеді. Əлдекім албастыдай кеудесінен басып
қозғалтпаған. Сонсоң ол тым құрығанда оң жамбасына аунап түспекке
əрекет қылып еді, ол ойынан да дəнеңе шықпады. Айқайлап Аманжан
мен Бақытжанды шақырды. Оларда да, өзінде де үн жоқ — тұншыққан
тыныштық. Осы кезде ақ қозының жүнінен жасалған ақ отауға үстінде
қып-қызыл кебіні бар Қар қызы кірді. Кірді де төр алдында қол-аяғын
таңып тастағандай қор болып сұлай жатқан Нұржанның басын көтеріп:
„Тұр, тұр, жігітім, таң атты, күн шықты",— деді жалынып.
Нұржан өз басын көтеруге қанша əрекет жасаса да, тас байлап
тастағандай, қозғалта алмады: „— Сен кімсің? Əлде періште, əлде
адам..."— деді ернін зорға қимылдатып. Қар қызы: „— Қар
қызымын..."


Нұржан əлі маужырап жатыр:— „Қар қызы... Мынау сұп-суық өлкеде
сыңсытып əн
салатыи ару сен екенсің ғой".
Қар қызы: „— Иə, менмін".
Нұржан қуанып кетті: „— Сенің мұңлы əніңді жер бетінде тек мен ғана
ести алатынымды білесің бе? Тек мен ғана тыңдай аламын".
Қар қызы: „Егер оны білмесем, іздеп келер ме едім".
Нұржан жанында отырған аппақ қызды бауырына тартып, аймалайды:
„— Көп іздедім ғой өзіңді... КӨП іздедім. Шаршадым, шаршатты мені.
Айыртауда Қар қызы бар екен, қыста қарлы шағылдардың арасында көзге
көрінбей əн салып жүреді екен де, жаз шыға жетіқат жер астында сіңіп
кетеді екен,— деген аңызды талай-талай естісем де, іштей иланбаушы
едім. Енді міне, өзіңді көріп отырмын. Қандай сұлусың".
— Қар қызы: „Қандай сұлу болсам — сондай суықпын".
Нұржан қыздың алақанын бетіне басады: „— Рас суықсың. Неге солай
екен?"
Қар қызы: „— Мені адамдар мəңгілікке өкпелеткен".
Нұржан: „— Адамдарың кім сонда?"
Қар қызы: „— Қоңқай шал..."
Нұржан: „— Ол адам емес, Қоңқай ғой".
Қар қызы: „— Қоңқайлар да адам. Олар керек. Олар жастарды адастыру
үшін жаратылған. Ал адамдар ең əуелі адасып алмаса, бірін-бірі əсте де
іздеп таба алмас еді..."
Нұржан: „— Рас айтасың, егер сол Қоңқай шал адастырмаса, сені
ешқашанда іздеп таба алмас едім".


Қар қызы: „— Егер сол шал болмаса, мен дəл осылай мəңгі-бақи
адасып, зар илеп, зар жұтып өтпес едім. Сен менің тілімді алсаң, қазір
орныңнан атып тұр да, анау екі жолдасыңды қуып жетіп, ертіп қайт,
кері қайтар". Нұржан: „— Олар қайда кетті?"
Қар қызы: „Қол-аяғын үсік ұрған екеуі, жер асты еліне беттеп барады".
Нұржан ойланып қалады: „...Мен дəл қазір орнымнан тұрып кетсем...
Сені қайтып көре алмай қалармын. Сол жер асты еліне саған еріп менің
де барғым келеді. Шын бақыт, шын махаббат, нағыз бостандық — жер
астында ғана..."
Қар қызы: „— Мені сүйетінің рас болса, келе көрме бұл жаққа".—
Екі қолын сермеп зерезеп болып безектейді.
Нұржан: „— Неге? Неге? Неге?"
Қар қызы: „— Өйткені екеуміз қосылып қоямыз".
Нұржан: „— Қосылсақ ше? Біз ғашық жандармыз ғой".
Қар қызы: „— Шын ғашық о дүниеде де қосылмауы керек. Бірге тұрсақ
бəрібір ұрысып қаламыз. Қозы мен Баян арыз беріп баяғыда ажырасып
кеткен. Өйткені Адам, қайда да адам: жер бетінде де, жер астында да,
тіпті көк тəңірісінде де... бəрі бір адам". Нұржан жалбарынып жылап
жібереді: „— Махаббат ше? Махаббат!"
Қар қызы: „— Жоқ болған соң да махаббатқа тым ынтызармыз. Егер
зəуде бар болса, баяғыда жек көріп кетер едік. Нағыз махаббат жер
астында да жоқ. Тұр! Егіле бермей, еңсеңді көтер.— Қолынан
тартады.— Үсік шала бастаған екі досыңды оят. Сен секідді жігіттер
жер астына ғана емес, жер бетіне керек. Тұр! Тұр! Тұр!"
Ол Қар қызы емес. Нұржанның тамырында аласұрып, аязбен айқасқан,


үсікке бой бермей жанталасқан қып-қызыл қаны, тулап соққан жүрегі
еді...
Өлдім дегенде тыныштықтың бұғауын үзіп, орнынан атып тұрды! Аласа
қаланған қар үңгірдің төбесіне төбесі тиіп құлап қалды. Өздерінің өне
бойынан жан кетіп, үсікке ұрына бастағандарын сезді де, жалп етіп
құлаған қардың астында қалған Аманжан мен Бақытжанды жұлқылап,
тіпті тепкілеп оята бастады. Жан дəрменде екі беттерінен ұрғылап,
шымшылап жүріп, əрең естерін жиғызды. Ербиіп-ербиіп орындарынан
көтерем сиырдай кирелеңдей көтерілді де, сылқ етіп қайта құлады.
Нұржан жанталаса айғайлап:— Тұрыңдар! Жүгіріңдер! Үсіп өліп қала
жаздаппыз! Ұйқтауға болмайды!— деп жұлмалайды екі жолдасын.


Аманжан:— Түн ортасында оятқаның не-ей, жау шапты ма? Бақытжан:—
Кішкене ұйқтай тұрайыншы, əкри.— Былқ-сылқ етіп əрең тұр.
Нұржан:— Ұйқтауға болмайды. Үсіп өліп қаламыз.— Аяқ-қолдары
дуылдап, ашығанын енді ғана сезген екі жігіт Нұржанның ырқына көне
бастады.
Олар енді аласұрып жаттығу жасауға кірісті. Нұржан команда беріп жүр.
— Тұрыңдар!— Тұрады.
— Отырыңдар!— Отырады.
— Тұрыңдар!
— Отырыңдар!
— Ал енді тракторды шыр айналып жүгірейік.— Тізелерінен қар кешіп
жүгіре бастайды.
— Ал енді беті-қолымызды қармен ысқылайық.
— Ал енді айқайлап күлейік. Қане, күлейікші бір, жолдастар.
Күлейік! Күлейік! Бүкіл əлем күңіренсін... Ха-ха-ха...
––Ха...ха...ха...
––Ха...ха...ха...
Бүкіл əлем „ха-ха-ха-ға" айналып кетті.
Үшеуі есі ауысқан адамдай кеңірдек жырта сақылдап қарқылдап, қар
тепкілеп күлді-ай...— өмір үшін, өмір үнін естірте қасақана күлді...
— Не деген тамаша өмір? Ха-ха,— деді Аманжан арпалысып.—
Күлген адамның бəрі бақытты емес, ха-ха...


Аюдай қорбаңдап, ай астында жанталасқан жігіттерді көрген
көлденең көз болса, жын ұрған екен деп ойлар еді.
— Қане, жігіттер,— деді Бақытжан екі досының қолынан тартып.—
Билейікші бір айызды қандырып. Өзіміз үшін. Сүйіп қосыла алмаған
қыздарымыз үшін.
Аткөпір қарды тепкілеп, арсыл-гүрсіл билей бастады.
— Ал енді, жігіттер, енді құшақтасып, ыстық-ыстық сүйісейік,— деді
ентігін зорға басқан Нұржан.— Бұдан кейін қолымыз тие ме, тимей ме?
Тіпті бұдан соң бір-бірімізді дəл қазіргідей қимас көңілмен жақсы көре
аламыз ба?
Үшеуі жүз жылдан соң жолыққандай құшақтары айқасып сүйіседі.
— Сүйіскеннің бəрі махаббат, құшақтасқанның бəрі адал дос емес,—
деп, Аманжан былш еткізіп түкіріп, биялайымен аузын сүртіп тастады.—
Өне бойым бір түрлі жыбырлап, қышындыра бастады.
— Таң атқанша шыдайық,— деді Бақытжан.
— Таң атқан соң қайын жұрағатыңның үйіне барасың ба?..
— Дегенмен күн шығады ғой.
— Ой, сол күніңді!— деп Аманжан тісін қайрады.
— Күнге тіл тигізуге болмайды,— деді Бақытжан.— Саған керек
жоқ болғанымен, өзгелерге керек.


— Тұрмаңдар, қимылдаңдар,— деп Нұржан екі жігітті итеріп-итеріп
қалды. Қызық, серейіп тұрған Аманжан екпінімен ұшып түсті. Бірақ
Нұржанға ашуланған жоқ. Орнынан қайтадан қарғып тұрды да, көзі
шатынып, аузынан бу бұрқыраған қалпы қолын сермеп:— Ел үшін алға?
Ура, жолдастар!— деді жан даусы шыға.
— Совхоз үшін! Отделение үшін. Жасасын управляющий!— деді елірген
Бақытжан.
— Бəрібір үлкен башпайымда жан жоқ,— деді Аманжан ентігін басып.—
Өне бойы бірте-бірте қызына бастағандай.
— Мен аман секілдімін,— деді Бақытжан алқынып.
— Сен семізсің, суық майыңнан өткенше көктем шығады-ау,— деп
қалжыңдады Нұржан. Үшеуі айызы қана тағы күлді.
Алайда Аманжанның халі бəрінен де мүшкіл еді, қол-аяғы, тіпті бүкіл
денесін біртіндеп үсік шала бастаған сықылды. Сақылдап күліп тұрды
да, бір уақытта өз-өзінен бұлқынып, үстіндегі киімін асығыс шеше
бастады. Алғашында Нұржан қалжыңдайтын шығар деп
мəн бермеді де тонын, сонан соң пиджагын шешіп, енді көйлегін
сыпыра бергенде ұстай алды.
— Аманжан деймін, не болды саған?!
— Ештеңе емес, ана қараңдаршы, костер жанып тұр... Фу, атаңа нəлет...
ыстықтадым,— деп Нұржанның қолынан жұлқынып шығып, секіріп
билей бастады.— О, жарықтықтың лапылдауын-ай... Келіңдер қане,
отты айналып армансыз бір билейік, достар. Лаула костер! Лаула қар
үстінде жанған от!— Сақ-сақ күліп, ырғып ойнай берді.— Сендер де
шешініңдер!
— Ұстайық,— деді Нұржан.— Ұстап алып, денесін қармен ысқыламаса


болмайды.
— Ұстай алмайсыңдар,— деді Аманжан мазақтап.— Айналайын жарық
от? Күйдірші? Өртеші! Өртеп жіберші, анау қар бетінде қаптаған қара
мысықтарды — (екі жігіттен бастап санайды)... бір мысық, екі мысық,
үш мысық, мың-миллион мысық... Жер бетінің бəрі мияулаған
мысықтар...
Бақытжан жыламсырап қоя берді:— Алла, тағалам-ай, не жазып едік
саған... қор болдық-
ау...
— Тұр орныңнан!— деп айғай салды Нұржан.— Азамат емеспісің.
Ептеп есі ауыса бастаған Аманжанды екеуі екі жағынан шап беріп ұстап
алып еді, қарулы жігіт біразға дейін бой бермеді. Бұдан соң тракторды от
алдыратын қайыс белбеуді алып келіп аяғын тұсап барып, бірі кеудесіне
мініп отырды да, екіншісі Аманжанның өн бойын қармен ысқылай
бастады.
— Əттең, қаздың майы болар ма еді. Қолдырай бастаған өне бойын
сылап тастайтын,— деді Бақытжан.
— Қоя беріндер!— деді жұлқынып.— Жаурадым. Құтырып
кеттіңдер ме. Шешіңдер аяғымды. Өзім-ақ...
Əйтседе үсті-басы қолдырап үсіне бастаған Аманжанды тырп еткізбей
басып отырып, етін ұзақ ысқылап барып əрең босатты. Бұдан соң
шапшаң киіндіріп, ана екеуі бір-біріне лақтыра итеріп, қызу қимылға
түсірді.


Арпалыспен бірер сағат уақыт əп-сəтте өте шықты. Аманжан үсік шалған
денесіндегі мұздай бастаған қан лүпілдеп қайта қозғалысқа түскен соң,
расында да, бусанып терлеген. Қайратты жігіт ес-ақылын да əп-сəтте
жинап үлгеріп еді.
— Рақмет, достарым,— деді жүріп,— сендер болмасаңдар жынданып
кете жаздадым-ау. Қызық, тап ортамызда лапылдап от жанып тұрғандай
елестеп кетті. Ал киімдерімді қалай шешкенімді өзім де білмедім.
— Енді əрқайсымыз бір-бірімізге сақ болайық. Біреуіміз шешіне
бастасақ болды, қарға екпетінен салып, құйрығынан шапалақтап, бір
қабат терісі сыпырылып қалғанша ысқылаймыз, əкіри,— деді
Бақытжан секіріп жүріп.
— Сен бəрімізді алдыңа салып барып үсисің,— деді Аманжан.— Терің
киттің терісінен бір кем емес.
Жер-жаһан аппақ қар: сеңдей сіресіп, тұтаса қатқан суық дүние... Түпсіз
ал қара көк аспанда мың-миллион жұлдыз, жамбасқа ауа бастаған ай,
батыс көкжиекке сусып түсе бастаған шоқ үркер ай сəулесімен
аймаласып жатқан, құмары əлі тарқамаған, мауқы əлі басылмаған
тойымсыз. Қорқатын сол қардың көйлегінің дал-дұлын шығарып, ырқына
көнбей, дегенін істемей, қашып құтылудың амалын іздеп арпалысқан
адамдар — ай сəулесінің астында секіріп ойнап, сеңдей билеп құтырған
үш жігіт... өмірдің мəнін түсініп, махаббаттың, шын бақыттың не екенін
парықтамаған жас буын — енесін іздеп зарлаған жас бота...
Жұмыр жер аппақ қар: суық əлем, сол суық əлемнің бір пұшпағында
өлім мен өмірдің қақпақылына айналып, шыбын жаны шырқыраған
жиырмадан жаңа асқан үш бойдақ; қолында қаруы, алдында атысар
жауы жоқ, өз-өзінен жынданған, өз-өзімен майдандасқан мақтаулы
бейбіт күннің үш солдаты... үш қояншық, үш есалаң — үш батыр...


Қаңтардың ұза-а-қ түні таусылар емес. Мəңгі қозғалысқа түсіп,
шапшаң қимылмен шаршаса да, шапқылай берген соң жігіттердің
тоңдана бастаған денесіне жылу тарап,


маңдайлары жіпсиін деген. Тоқылдап қатқан пималарын шешіп жіберіп,
бір-бірінің аяғын қармен ысқылап еді, енді башпайларына да жан кіріп,
қан жүгірген. Бойлары жылығанмен, ыстықты аңсаған ішкі сарайы сол
— салқын қалпында, темір құбырдың аяз сорып, жел кеулеп
уілдегеніндей құлазыңқы. Көңілдегі түйткіл мұз ери қоймаған...
Ертеңгі суішкіліктеріне аса сенімді емес. Жиырмасыншы ғасырдың
аш қасқыры тіпті жақыннан ұлығандай...
— Ана қара!— деді Бақытжан ышқына айғайлап.— Ананы қараңдар, бес-
алты ит тұр.
— Атаңның басы,— деді ауыр мінезді Аманжан бəрібір саспай.
— Иен тауда ит жүр деген. Ол — қасқыр! Біздің жаназамызды шығаруға
келген, дəретіңді алып, иманыңды үйіре бер.
Расында да, шана ағытылып қалған жоғарыда құлақтарын тіге селтиіп-
селтиіп бір үйір қасқыр тұр еді аңдып. Нұржан тұңғыш рет зəресі ұша
қорықты. Бірақ жолдастарына сыр білдірген жоқ:
— Сіріңке жақ!— деді Аманжанға. Содан соң өзі трактор
кабинасындағы темір қобдидан май сіңді шоқпыт алып, солярка ағызып
еді, түтіктері қатып қалған екен, тамбады. Əдемілеп тұрып балағаттады
да, əлгі май-май шүберектің өзін тұтатпаққа əрекет жасаған. Жарты
қорап сіріңкені түгесіп барып, əрең бықсып жанған алауды оңды-солды
былғап айғайлап-айбар жасағанда, шоқиып-шоқиып отырған қасқырлар
жылыстап, шегініп барып, қайта аңдыды.
— Бəрібір тракторға жолай алмайды,— деп жұбатқан Бақытжан
өзін-өзі.— Темірден қорқатын шығар, əкіри.
— Атаңның басы,— деді Аманжан шырт түкіріп.— Ашыққан қасқыр
сені түгіл, тракторыңның өзін асап қояр. Баяғыда Қара далада пəсепте


жүрген кезімізде бір шелек автолымызды ішіп кеткен.
— Сен де соғасың!— деді Нұржан.— Адам даусынан үркетін болу
керек.— Қосылып тұрып, баяғыда, мектептің көркемөнерпаздар
үйірмесіндегі хорда айтқандай шырқайықшы бір. Келіңдер!
Шырқайық... шырқайық (өне бойы дірілдей бастаған еді, əлде
қорқыныштан, əлде тоңғаннан).
— Қасқырды өлең айтып қуғанды қай атаңнан көріп ең.— Бұл сөзді
Аманжан ашу шақыра айтып еді.
— Сонымен қасекеңдерге концерт қойып беретін болдық. Мен
барып билет сатып келейін,— деп батырсынды Бақытжан.
Олар қасқырдан көз алмай іштерінен ептеп ыңылдай бастаған. Бір
уақытта Бақытжан жан ұшыра бақырып жіберді:
— Əне, əне, əкіри. Бізге қарай жақындап келеді.— Зар еңіреп жылап
жіберді.— Ойбай! Апа!
— Шырқайық!
— Шырқасақ шырқайық!
Əн басталды. Еш адам ұғып болмайтын, қызық əн басталды: бірдің
басы, бірдің аяғы түсініксіз, ішіп алған удай мас кісінің сандырағы
секілді иір-иір, үзік-үзік қожыраған сұрықсыз əуен, балдыр-батпақ
сөз əрі тамаша сөз.
Нұржан қасындағы сөнуге айналып, түтіндеген шүберекті қасқырларға
қарай лақтырып жіберіп, өз омырауын өзі сабалай шертіп, азандап қоя
берді:


...Өлсем орным қара жер — сыз болмай ма... ...Мыңмен жалғыз алыстым,
кінə қойма...
Аманжанның əні:
Аппақ қар, аш қасқыр, оу, оу... Аппақ қар, аш қасқыр, оу, оу... Аппақ
қар, аш қасқыр, оу, оу...
Бақытжанның əні:
Апам-ай, апам, апам-ай... Жалғызың қор боп қала ма-ай. Апам-ай, апам,
апам-ай... Енді
қайттім қорқам-ай...
Қорқып-үрку сезімдері өлген, іштеріндегі ең ер жүрек, ең қатал Аманжан
қолғабын шешіп стақан жасады да өтірік арақ құйып, тост көтерді.


— Ал енді, жолдастар, қасекеңдердің бізді ұмытпай, ел аралап,
шаруашылықпен, халықтың тұрмыс-халімен танысқаны үшін, жас
өспірім жастарға жасаған əкелік қамқорлықтары үшін; осы
қасекеңдер болмаса таңымыз атар ма, күніміз шығар ма еді, өзімізді
ап деп асап қоярын біле тұра мақтамасқа амалымыз бар ма? Ал,
ағалар, сіздер үшін алып қоялық!— Шығыстан, Айыртаудың
оңтүстігінен таң білінді!
Шығыстан, қыземшектенген қарлы төбелердің ар жағынан сызат берген
айналайын таң, құланиектене ағараң тартты. Ағараң тартып, түн
пердесін сыпырғанша, тамағы кеберсіп, дауыстары қарлыққанша əн
салған үш жігіт бір үйір аш қасқырды хормен шығарып салған. Сонда
жігітгер қаз-қатар трактор табанына шығып тұрып айтқан ең соңғы трио
əн мынау еді:
Болдық қой бар өнерді тауысқандай; Мерт болдық айға шауып
арыстандай, Ат жалын тартып мінген бұла шақта, Шықылықтап көзге
түстік сауысқандай, уа сауысқандай, тра-та-та, ха-лал-ай,
сауысқандай немесе арыстандай...
— Интересно,— деді Бақытжан.— Бүгінгі қасқырлар жемейді, бірақ
масқара қорқытады.
— Ура, таң атты!
Бəрі құлақшындарын аспанға атып, уралайды.
— Бəрібір батыр атағын бермейді,— деді Аманжан мұңайып.
— Өйткені біздің ерлігімізді көріп тұрған ешкім жоқ,— деді Бақытжан.
— Көріп тұрса да бермейді,— деді Аманжан.— Өйткені біздің де,
трактордың да қанаты жоқ, жоқ... ешқашан да ұша алмаймыз. Ұшу үшін
туатындар бар. Біз — бауырымен жорғалаушылармыз.


Иə, таңның атқаны даусыз еді. Түні бойы жемтік аңдығандай қыдиып
жігіттердің зəре-құтын алған аш бөрілер құйрықтарын бұтына қысып,
таудан асып, қаша ұзай кеткен. Дегенмен аш қасқырдың да пайдасы
тимей қалған жоқ. Алтайдың қырық градус суығында қасат қар, ақырған
аязда үсікке шалдырмай, таң атқанша арпалыстырып, əн салдырған.
Пенде дегеннің итжанды емес пе, „Адам үш күнде көрге де үйренеді"
деген осы, таудың қақаған суығы мен тілі жалақтаған бөрісінен кезек
қорғанып, тағы бір күнді қарсы алған. Бірақ алда əлі де ұшы-қиырсыз
күрес күтіп тұрған-ды. Түндегі дүрдараздықты қасқыр жеп кетті де, тек
сол бір өзара түсінбеушіліктің куəсы іспетті, аппақ қардың бетінде
мұрындарынан аққан қып-қызыл қан қатып жатқан. Көзге күйік қылып,
көңілге қаяу салдырмайын деді ме, Нұржан аяғымен теуіп-теуіп, қармен
көміп тастаған. Əрине, алғашқы сөз: „Енді не істейміз" деген сұрақтан
басталды. Қырау басып, мұздап тұрған трактордың шынжыр табанын
тепкілеп, əр тетігін шұқылап, бас-басына шыр айналып шықты.
— Қарным ашты,— деді Бақытжан əдетінше. Оның ойланбай айта салар
əр сөзі шаншудай тиер Аманжан мырс етіп, мысқылдай күлді де:
— Шошқа өлгелі жатса да, қорс еткенін қоймайды,— деп темекісін
тұтатты. Нұржан сым темірдің басына шүберек байлап, алау жасап əлек.
— Тракторды қыздыру үшін екі кубометр отын, сақылдап қайнаған екі-
үш шелек ыстық су керек,— деді.
— Ауылда, үйдің іргесінде тұрғанда құдайдың зорына от алдырушы
еді. Итаяқ болып қалды деші.— Бақытжан уайым білдірді.
— Солярканы жылытып алсақ бірдеме болар еді...
— Құр сөзбен трактор қыздырылмайды. Давайте іске кірісейік.—
Аманжан май жүретін жез түтіктерді ұстап, жабысып-жабысып тұрған
қарын сыпырып тазалап, алақанымен жылыта бастаған. Дүниедегі
жамандық пен жақсылықты жұрттан бұрын көретін көреген Бақытжан


тағы да айқайлап жіберді.
— Ананы қараңдар! Тал өсіп тұр!— Ол нұсқаған жаққа жапа-
тармағай жалт қарағанда кеше апақ-сапақта байқамаған екен, бұлар
қонып шыққан таудың теріскейінде тарбая өскен талды көреді. Бұл
„Ішкері жаққа" өткелі алғашқы кезіктірген ағаш еді, сүреңсіз


өмірдің көз сүріндірер тұңғыш қарайғаны болған соң ба, қысқы
жолаушылардың есі шыға қуанғаны рас-ты. Тəулік бойы нəр татпай,
сілікпесі шыға шаршаған, зықысы кетіп жаураған жігіттер дəл қазіргі
сəтте əр ербиген бұта, ербең етер жан-жануар көрсе, мың жасары хақ еді.
Тіпті біле білген адамға түндегі қасқырдың өзі ес болды. Жарықтық
күннің құлағы Айыртаудың иығынан қылтиғанда бұлауға түсіп қалжа
жегендей, əлгі қалжыраған жігіттеріміз қағанағы қарқ риза көңілмен
алақайлап еді.
— Айналайын, Күн!
— Жүр, Баке,— деді Аманжан қолына балта алып,— жүр, қасат қардың
бетімен еңбектеп барып, анау талды отындыққа қиып əкелейік.
— Үйден шыққанда тракторист едік зіңгіттей-зіңгіттей, одан Қоңқай
мемлекетінің тұтқыны болдық, одан түні бойы қасқырларға концерт
қойып, артист болдық, енді міне альпиниске айналдық...— деді
Бақытжан.
— Енді бір күн далада қалсақ, кері маймылға айналып кетеміз, саспа,
— деп арқасынан қақты Аманжан.
— Тіпті соның өзі жақсы. Кейде адам болып жаралғаныма өкінемін де.
— Адам болып жетістіріп жүргенің шамалы еді. Айда, кеттік. Бақытжан
барғысы келмей қипақтап аз-кем тұрды да, досының алая қараған көзіне
көзі түсіп, əлгі ойынан лезде айныды. Боран соғып, əбден беріштеп,
шегеленіп қалған қар бетімен тау басына қарай жорғалай жөнелген
екеуінің соңынан үнсіз қарап ұзатқан Нұржан:— Жақсы, жігіттер!— деді
күбірлеп. Өзі трактор кабинасын ақтарып, асай-мұсайын əзірлей бастады.
Қар бетінде қарайған екеудің жылжығанынан тайғанақтап төмен
сусығаны көп. Жел үріп, жылтырата қатырған тайғақ тым қатыгез, тым


қазымыр еді. Алда келе жатқан Аманжан бейне бір альпинистер секілді
балтамен ойып шұңқырлап, басқыш жасайды да, табанын тіреп, ізін
басқан Бақытжанға белбеуін лақтырды. Ол қатарласқан соң, тағы да алға,
құзар тауға шабуылдайды да итпектеп өрмелейді... Екеуі де алты
айрығынан тер сорғалап ыстықтады. Өне бойынан бұрқырап бу шығады.
Ойдан қараған кісіге өртеніп тұрғандай-тын. Картерді шұқылап, екі
досының қимылынан көз жазып қалып еді, бір нəрсе дəл жанынан төмен
қарай сонау шатқалға зу етіп ағып өтті. Ол не болды екен деп ойлап
үлгергенше, жоғарыдан дауыс естілді.
— Қолаба, лаухи, ынжық. Жат солай сай табанында! Аманжанның
лақтырған белбеуін қақши берем деп оқыстан айрылып қалған
Бақытжан айнадай жарқыраған қар бетіне жұп-жұмсақ құйрығы тиген
соң, қол шана тепкендей сырғанап кеткен екен. Анау оған қарап
алаңдамады, дұрыстап тұрып балағаттады да, өзі өрмелей берді. Бұдан
соң өр жақтан тағы да дауыстады.
— Нұржан, ау, Нұржан, сен оған назар аударма, өзі келеді ит болып,
бойында шыбын жаны болса.
Балтаның даусы естілді. Ол талға есен жетіп, қия бастаған екен. Бұдан
соң буда-буда бұтақты құшақтаған ол оқтай зымырап кеше трактор
шиырлап қазып тастаған қазан шұңқырға гүрс ете қалды. Нұржан
серігінің ептілігі мен қапшағай шапшаңдығына таң қалды əрі шын
көңілінен риза болды. „Есірік болмай, ер болмайды" деген сөздің
жаны бар.
Тоңазыған жас тал бықсып тұтана қоймады. Үстіне ептеп еріп, мөлт-
мөлт тамып тұрған солярка тиген соң ғана жылбысқылана жанғансымақ
болған. Əлгі отты трактордың құйрық жақ астындағы бакқа қойып,
мыжырайған май-май шелекке толтыра қар нығады да, əлгі болар-
болмас түтінденген оттың жанына тақады.


— Мұнымыздан түк те шықпайды, — деді Аманжан.
— Солярка жібіген соң үстіне құйып, менің пиджагымды жағайық.
Сендердікінен гөрі ескілеу ғой,— деді Нұржан.
— Анау ляухидің тонының ішіне киген желеткесі бар, соны қоса өртеу
керек, əйтпесе бір шелек қарды қайнатып, салқындатқышқа құю мүмкін
емес.
––Ең əуелі оның өзін шақырып əкелу керек.


— Келеді өзі!— Зілдене айтты. Бақытжанды не себептен суқаны
сүймейтінін Нұржан білмейді. Түнде ретін тауып, сабап та алды.
— Дегенмен сен барып шығарып əкел,— деді.— Тосып отырамыз ба
осылай.
Орнынан керенау көтеріліп бара жатып:— Барсам да тек желеткесі үшін
барамын,— деді. Содан соң қолына сүймен алып, секіріп барып қатқан
қарға жалп етіп отыра кетіп еді, етекке қарай сырғанай жөнелді. От жаға
алмай күйбеңдеген Нұржанның құлағына сай жақтан баж-бүж еткен
дауыс тағы естілді. Бақытжан алда, Аманжан соңында, сүйменді таяныш
қыла өрмелеп келеді. Бақытжанның не себептен жан даусы шыққанын
түсіне алмады. Трактор жанына келіп жеткенде желкелей нұқып,
ұшырып түсірді де: — Ляухи, неғып бүгежектеп жатып алды десем,
бізден жасырып құрт жеп отыр.
Нұржан рас па дегендей оған қарап еді, ұрты томпайып, сілекейі шұбыра
жалмаң-жалмаң еткенін көріп шындап түңілді.
— Ұят екен,— деді.— Соғыс болса немесе ашаршылық болса қайтер
едің. Қасқыр да қас қылмайды жолдасына деген қайда? Апаң қалтаңа
салып берген бір уыс малта қыстан шығарады дедің бе?
— Қызғанғандарың осы болса мə, алыңдар, талап жеңдер, тіпті
қарындарың ашып бара жатса мені сойып, қақтаңдар,— деп
қалтасынан алған малтаны шашып жіберді. Бірақ Нұржан да, Аманжан
да міз бақпады. Аппақ қардың бетінде бір уыс малта бытырай
шашылып жатты. Ешқайсысы еңкейіп алмады да.
— Шеш желеткеңді,— деп əмір берді. Бақытжан үнсіз шешіне бастады.
Жанармай жіпсіген соң пиджак пен желеткенің үстіне малшыта құйып,
лап еткізіп тұтатты. Өмір оты лаулады! Тіршілік басталды! От тиген
жігіттердің бетінен қан, от тиген жез түтіктерден май жүгірді. Бірер


шелек қар қайнатып, салқындатқыштың мұз қабыршықтанған өңешіне
құйды. Картердің майы жібіді! Жанармай тиген соң бағанағы шылқыған
жас тал да сытырлай жанды! Күн жарықтық арқан бойы көтеріліп,
жанарыңды жалайтын сəулемен мұқым маңай, айнала — аппақ қар
əйнектей жарқырады-ай. Шыңылтыр аяздың астында шыны уатып
тастағандай шағылыса ойнайды... Өзінің қыңыр қылығына өкініп, сең
боп қатқан ұяты ол да жібіді білем, Бақытжан мұрны қанағанша дедектеп
жұмыс істеді. Қайыс белдікті дөңгелек от алдырғышқа орап əкеп,
түйіншегін ілгішіне іліп, кезек-кезек тарта берген соң ең алдымен пускаш
тырылдап іске қосылды да, ақыреттей жайылып, суық жүзбен сыздана
сазарған ақшағыл тауларды жаңғырықтырып, трактор от алды. Біразға
дейін көксау тигендей қақалып-шашалып бабы болмады. Нұржан барып
газдың тұтқасын басып қалып еді, өкіріп-өкіріп түні бойғы өксігін құсып
тастап, баяғы əуеніне басып, əуеулей əнін шырқады-ай... Жасасын өмір!
Жасасын, жастар! Жасасын, жаса-сын, жасасын!..
Жігіттер оны-мұны, керек-жарағын темір қобдиына бақшалап тұрып
салды, отырғыш пен
арқалықты қар үйшіктің астынан аршып алып, орнына қойды. Кабинаға
қарғып мініп,
„жолымызды оңғара көр" деп күбірлеп сапарға, тіршілік жорығына
аттанды əне! Не болса
да тəуекел жасап, мынау таудың балағындағы өзекшені құлдап, мынау
мекен болған ақ
тауды шыр айнала орап, келген іздерімен жоғарыда қалған шананың қыр
желкесінен
түспекке ниет білдірді.
Бірақ Нұржаннын бұл ұсынысына Аманжан үзілді-кесілді қарсы болды.
— Есіміз барда — елімізді табайық,— деді ол.
— Сен қалай ойлайсың?— деді Аманжан.


— Сен қалай ойласаң — солай ойлаймын,— деді Бақытжан.
— Түу... ит арқасы қияннан күн демей, түн демей бар ауыртпалықты
арқалап шыққанда, жол ортадан қайтып кетуге дəтім шыдамайды. Ел-
жұрттан ұят.— Аға трактористің бұл сөзіне Аманжанның күлкісі келді.
— Пах., хи-хи... шіркіннің елден ұяла қалғаны-ай... Ұлыған қасқыр,
ұйтқыған боранға бесіктен белі жаңа шыққан біздерді алдап-арбап айдап
салғанда, сол елің... ұялмайды, біз


ұялуымыз керек! Айда, былжырақты қойып тракторға мініңдер. Күн
барда етекке түсіп алайық.— Өзі қарғып трактордын табанына
шықты.
— Асықпа, жігітім, дауысқа саламыз,— деді Нұржан.— Одыраңдама
соқырым, баланы басып кетесін деген екен баяғыда біреу.
— Пах! Бейне бір кинодағыдай. Комсомол жиналысын ашамыз деші.
— Ар-ұят жиналысы.
— Хватит!— деп айғай салды Аманжан.— Шалтай-балтайды қойыңдар.
Екі тəулік алысқанда ар-ұятымнан айрылып қалғанмын. Ал қарыз алуға
əркімнің өз қара басына жетпей жүр.— Мойнының тамырлары білеудей
болып ісініп шыға келді. Адамдардың мінез-қүлқы қызық қой: қазір
былай, қазір олай. Ал Аманжан өз айтқанына көнбесең, басын кесіп
алсаң да ұстанғанынан таймайтындардың бірі-тін. Суық қатты қысқанда
торс-торс айрылатын қара жердің өзі іспетті, жан дүниесіне,
психологиясына сай келмейтін нəрсе болмаса ешкімнің айтқанына көніп,
айдағанына жүрмейтін ол, қазіргі дау-дамайда сөзсіз жеңем деп ойлады.
Екі күн бойы өлім мен өмірдің қақпақылы болып, қар-қатынның
тұтқынынан енді босандым ба дегенде, жалғыз шана шөп үшін ажалға
бастарын тігу — барып тұрған ақымақтық деп ойлады. Жо-жоқ,
патриоттық рух, жауапкершілік сезімі Аманжанда да сөнген жоқ, бірақ
көзсіз ерліктің заманы емес қой бұл. Не істесең де ақыл, айла керек.
Ол əсіресе кешеден, шалмен арбасудан кейін, қатты өзгеріп кетіп еді.
Неге екенін кім білсін, Бақытжан бағанағы бір құрт мəселесінен кейін,
өз-өзінен ол да өзгеріп сала берген. Əсіресе Нұржанның кеудесіне
тонның ішінен киген пиджагын шешіп отқа тастап, дірдектеп тұрған
кейпін көрген сəттен бастап, жан дүниесіне, психологиясына сай
келмейтін нəрсе болса шыдамы тарс айрылар еді. Өз ырқымен болмаса
ешкімнің айтқанына қөніп, айдағанына жүрмейтін ол, қазіргі дау-
дамайда сөзсіз жеңем деп ойлады. Екі күн бойы өлім мен өмірдің
қақпақылы болып, қар-қатынның тұтқынынан енді босандым ба дегенде,


жалғыз шана шөп үшін ажалға бастарын тігу–барып тұрған ақымақтық
деп ойлады. Жо-жоқ патриоттық рух жауапкершілік сезімі Аманжанда да
сөнген жоқ, бірақ көзсіз ерліктін заманы емес қой бұл. Не істесен де
ақыл, айла керек.
Ол əсіресе кешеден, шалмен арбасудан кейін қатты өзгеріп кетіп еді.
Неге екенін кім білсін, Бақытжан бағанағы бір құрт мəселесінен кейін,
өз-өзінен ол да өзгеріп сала берген. Əсіресе Нұржанның кеудесіне
тонның ішінен киген пиджагын шешіп отқа тастап, дірдектеп тұрған
кейпін көрген сəттен бастап, жан дүниесіне тамаша сəуле тарап еді.
Күпірлікке толы күндерімен мүлдем қоштасқандай, адамгершілік,
достық, қимастық деген түсініктердің мəнін шындап парықтағандай
болған. Бір бағытқа — бір мақсатпен аттанған адамдар арасында қара
суды бөліп ұрттар қоян-қолтық ынтымақ болмайынша, ілгерілеу мүмкін
еместігін ұққан. Анау үзеңгілес келе жатқан достарының тотыққан мыс
түсті шаршаңқы дидарына ұзақ үңіліп, оларды енді ғана танығандай,
олармен енді ғана шындап достасқандай балаша қуанған. Əрі өзінің кеше
түнде оңбай таяқ жегеніне тіпті өкінген жоқ, қайта „өзіме де сол керек"
деп өз-өзін табалаған. Ер-азамат не майданда, не жорықта сыналады
деген осы. Ол — Бақытжан осынау қар шағылдардың арасынан
достарын ғана емес, өзін де іздеп тауып алғандай еді. Ол ұлы жаңалық
ашты — өзін ашты...
Қоңқай шалмен арадағы қақтығыстан соң, мінезі күрт өзгерген Аманжан
ғана. Не көрінді?
— „Ляуқисың, ұйқышылсың, тамақсаусың",— деп мені келемеждегенде
патефондай сайраушы едің, бір бармағымды бүгіп жүрдім деші... Бірінің
жүнін бірі жұлып жеп қоғам малы тұр маңырап.— Бақытжанның бұл
жалынды сөзі, шынында да, əбес естіліп еді, əсіресе ақ қар, көк мұздың
ортасында, тіс-тісіне тимей бүрсеңдеп, екі тəулік нəр татпаған ішектері
итше ұлып жатқанда... Аманжан, ішін басып қатты күлгені соншама,
трактордың шынжыр табаны солқылдап кетті.
— Пах-пах, шіркіннің патриотын-ай, ха-ха у-у-ішегім-ай... Павка
Корчагин ортамызда жүр екен ғой...— Күлкісін шорт тыйды да, арс етіп


жекіді.— Ляуқи неме, қоғамға мал керек болғанда, адам керек жоқ па?!
А! Аштықтан, лажсыздықтан бір-бірімізді тірідей жегелі тұрып,
жалынды сөздер айтамыз. Жалынды сөз жанымызды алып қала алмайды,


жарқыным. Насихатшым мен лекторым жанымнан табылып рақат
болды-ау. Құлағымның етін қоғамтанудан беретін ызылдақ мұғалім жеп
еді... енді міне...
Дем алған сайын ауыздарынан будақ-будақ бу шыққан үш жігітке
сонадайдан қарап тұрып, іштері өртеніп тұр-ау деп ойлауға болушы еді.
Ал олардың сырты қалтырағанмен, жан дүниелері лапылдап жанып
жатқаны рас-ты. Аманжанның ашуланып айтқан сөзінен соң, не істерін
білмей біраз ойланып, үнсіз қалған. Қазіргі жағдайды салмақтап қараса,
Аманжанның сөзін де теріс дей алмас еді. Не істеу керек мұндайда? Жан
бағып ауылға тайып тұрса, неге келдің деп айыпқа тартпас.
Қар шағылдардың арасынан, Қар қызының сыңсыта салған мұңлы əні
естілгендей...
— Ауылға бір айыр болса да пішен апармай, кері оралмаймыз. Қазір
тауды шыр айналып, анау шананың желкесінен түсеміз. Осы пікірге
қосылам дегендерің қол көтеріңдер,— деп кесіп айтты Нұржан. Ары
тарт, бері тартпен ырылдасып тұра берсе, қыстың келте күні қазір-ақ
батып кетер.
— Ол үшін тағы да екі тəулік керек. Ондай жас жұтар тəуекелге сенің
қарның, трактордың майы шыдамас,— деді Аманжан.
— Егер сенің барғың келмесе, осы жерде қала бер. Маневрді біз өзіміз-ақ
жасап келеміз. Нұржан мен Бақытжан қол көтерді. Осы кезде Аманжан
тракторды сөндіріп жіберді де, екі мықынын таяна талтайып, гусеницаны
солқылдата ойнап, тісі ақсиып тұра қалған.
— Бұға берсе — сұға беруге əбден үйренгенсіңдер,— деді қарға шырт
түкіріп.— Ал енді тырп етіп көріңдерші. Ең əуелі екеуіңді, содан соң
өзім қан болайын.— Қалтасынан бəкісін суырып алды. Екі жігіт шошына
қарап қалған. Басқа-басқа, дəл осыны күтпеп еді. Бір жасынан бірге


өскен дос, замандас, ағайындас... тағысын, тағылар — бəр-бəрі быт-шыт,
бəр-бəрі бекер, əншейін қайғы-мұңсыз ерігіп жүргенде айтылар шартты
ұғым екеніне Нұржанның көзі тұңғыш рет жеткен еді. Ендеше, анау
ауылда іздеп барар кімі қалды? Қай екі туып, бір қалғаны бар. Шешесі
ме, қарындасы ма? Олар өз күнін өзі, Нұржансыз-ақ көре береді. Тəңірім-
ау, Нұржанның осы екі жігіттен басқа кімі бар еді? „Аманжан, сен...
осындай ма едің?.. Пышақ жұмсағаны несі... Жо-жоқ, ауылға енді қайтып
бармау керек екен. Не болса да осына қар-елінде, адамдары аз кеңістікте
өлу лазым екен..."
— Надоели вы мне, надоели!— деп кеңірдегін созып бақырған
Аманжанның өрескел үні оның ойын бұзды. Бұлардан сəл биікте,
шынжыр табанда тұрған оның көзі от шаша бағжаң еткенде,
Нұржанның алдында бірге өсіп, біте қайнасқан жан досы емес, Қоңқай
шал тұрғандай жүрегі дір ете қалды.— Вот так надоели мне все люди.
Все человечество!
— Мынаның орысшасы ничауа екен, а Нұржан,— деп Бақытжан
əзілге шаптырып еді, Аманжан тебініп:
— Ыржақтама,— деді.— Боқ-жыныңды ақтара салармын. Упрай əкеңе
қош деуге шамаң келмей қалар, ойнастан туған шата неме!..
— А-а!— деп аңырып тұрып қалған Бақытжан денесін тоқ соққандай
əсерде басын қос қолдап қысқан қалпы, осыншалық ауыр сөзді көтере
алмағандай шөкелеп отыра берді. Екі көзіне қан тола бастаған. „Шата"
дейді-ау. Осы бір қаңқау сөз үшін өзінен ары намыстанып, талай баланың
мұрнын дал қылған Аманжан, енді міне, ес біліп ер жеткенде, беті былш
етпей өзі айтып тұр. Нендей бір тылсым күш, орнынан тік көтерді де,
арсылдап тұрған алып Аманжанға қарай атып жіберді. Əлемде менен
мықты ешкім жоқ деп əспенсіп тұрған жігітгің ең əуелі қолындағы
пышағы шыр етіп ұшып, қарға сіңіп жоқ болды да, өзі кескен теректей
сұлап түсті. Міне керемет! Соққы қай жерінен тиді, оны Аманжан да,
тіпті осы əрекетті баққан Нұржан да байқамай қалып еді. Жалғыз-ақ


сəтте жеңіске жеткен Бақытжан трактор табанына қарғып шықты.
Қарғып шықты да:— Үндемегенге үрулеріңді қоймадыңдар. Сендерден
келген кереметті көріп алдым,— деді саспай сөйлеп.— Қоңқай шалдан
қорық, қасқыр мен аяздан, аштықтан қорық, енді Аманжаннан шошып
сүрген өмірдің ішін ұрайын. Ей, Нұржан, тракторға от алдыр. Шанаға
барамыз. Ана қабаған ит жатсын солай бұралып. Моншада берген антты
бұзған адамның тартар жазасы — осы.— Кішкене қайыс жіпті Нұржанға
лақтырды.


— Жеңдік деп тұрсыңдар ғой. Мə, мə...— деп саусағын шығарды
Аманжан. Тұрайын деп екі-үш рет талпынып еді, бүйірі удай ашып
көтертпейді. „Атаңа налет қай жерімнен ұрған" деп ыңырси күбірледі.—
Бəрібір ажалдарың менен... бүгін болмаса ер-тең, ертең болмаса — арғы
күні.
Трактор дырылдап ала жөнелді. Қанша төзімді, кең пейіл, жүрегі
жұмсақ болғанымен, Нұржан біржола түңілгендей еді, ДТ-ға қарғып
мінді де, моторды жылдамдыққа қосып, рычагты тартып қалды.
— Кеттік!— деді жанына жайғасқан Бақытжанға,
— Кеттік!— деді ол да. Апай-топайы шыққан жентек-жентек қардың
үстінде белі кеткен сиырдай кирелеңдеп Аманжан қалды. Бірақ ол:
„Тоқта, мені ала кетіңдер",— деп жалынбады. Көзі қанталаған қалпы,
қақпанға түскен қасқырдай мəңгілік кекпен, арлан ашумен қалды.
Денесінің ауырғанына, суықтың өткеніне қараған жоқ, сол құлап түскен
қалпында — мызғымай, өжет бітім, бітіспес өшпенділікпен қалды.
Трактор етекке құлдап, ұзап кеткен соң, қорлана жылады. Сай-сүйегі
сырқырап, қолқасы қопарыла еңкілдеді. Көз жасы ақша қардың бетіне
мұз-моншаққа айналып түсіп жатыр. Басқа-басқа, дəл Бақытжаннан
осындай соққы жеймін деп ойлады ма. Мұрны пысылдап, қалғып-
шұлғып отыратын боқ қарын емес пе еді. Жо-о-оқ, бұл ойлағандай емес
екен. Түйе бойына сеніп құр қалыптының кері осы да... Суықтан
домбығып, қызарып кеткен саусақтарын жеңімен сүртіп үрледі де,
қойнына тықты. Сон-ау-оу ойға мойнын созып қарап еді, белуардан қар
кешкен трактор түтіні будақтап, саймен ылдилап шырқап барады екен.
Тоқтаусыз зырылдайды. Мына екпініне қарағанда жалғыз-ақ сағаттың
ішінде тауды шыр айналып, қарға қақалып жатқан шананың қыр
желкесіне жетіп келер түрі бар. Аманжан достарына ермей қалып
қойғанына, өзінің оңбай қателескеніне өкінді. Енді онда жалғыз-ақ амал
қалып еді. Ол — анау екі жүз метр жоғарыда жатқан шанаға өрлеп барып,
екі жігітті тосып отыру. Кешірім өтіну. Оған Аманжанның намысы жібере
қойса... Сонда не істеу керек? Ызғарлы тыныштық. Тырс еткен үн жоқ.
Дүниеде өлі тыныштықтан қорқынышты не бар екен?


Кеше бұлар топшылағандай сай табаны сор, қойтасты кедір-бұдыр оппа
емес екен. Ол да болса алғашқы сəттіліктің басы еді. Шынжыр табаннан
асып, қабыршықтана беріштенген қар сеңін қақ жарып, жүзе жөнелген.
Кешегі көкіректерін ыңғырудай кеулеген жат сезім, жабайы қылық
сейіліп, ұлы бір майданға аттанғандай түстері əрі түйілген, əрі өзі
күшіне имандай сенген қайсарлы, əрі қасіретті. Шындай өшіккен
адамның қасақана жасар ерегеспе долылығы бар. Түңіліп барып, үмітін
үзіп барып, өз тілеуін өзі ғана тілер-жалғыздықтың, жанашырсыз
жетімдіктің зарын тартып, запысын шеккен қайран көзсіз ерлік-ай,
өлімді тек осылайша, осындай көкпері, асау мінезбен ғана жеңе аласың...
Айнала аппақ қар: сеңдей сіресіп, тұтаса қатқан суық дүние.
— Нұржан,— деді Бақытжан томаға-тұйық трактор жүргізіп отырған
мұңлылау жүзіне қарап.
–Ау.
— Үсік шалынған адам ыстықтап, үстіндегі бар киімін шеше бастайтыны
рас-ау деймін...
Түнде менің бойым енді ғана жылып, күйіп-жана бастаған шағымда,
Қол шатырлы қыз келіп, жетелей жөнелді. Сен сирағымнан жұлып
ояттың, əйтпегенде бүгін серейіп қатып жатар едік.
Олар біразға дейін тағы да үнсіз отырды. Анда-санда қар астында
жасырынып жатқан ұры тасқа табаны шақ ете қалған ДТ-54-те мін жоқ,
зырлап-ақ келеді. Кеше əзер деп асқан тауды шыр айналып орап, өз
іздеріне қайта түскенде қыстың қысқа күні еңкейе беріп еді.
— Тоңған жоқсың ба?— деді Нұржан пиджагы мен желеткесін
солярка құйып жаққандары есіне оралып.
— Қалтырағаным болмаса, қыж-қыж қайнап отырмын,— деді


Бақытжан күліп.— Таңертеңгіден қалтамның түбінде бір малта қалып
қойыпты, ұят болмаса бөліп кемірсек қайтеді.


Нұржан оның, қипақтаған мүсəпірлеу кейпіне қарап күліп
жіберді. Несіне қыбыжықтайсың, əкел.
Қалтада жүре-жүре əбден саталақтанған малтаны екі жігіт кезек-кезек
кеміре бастады.
Мақау да дүлей таудың мазасын алып,
зəресін ұшырған ДТ-54 күні кеше ғана дəл осы мезгілде өзі салған орма
жолмен қайқая
өрлеп бара жатты.
Қасаттанған қарға батып, қатыңқырап қалған ағаш шананы айналып өтіп
шегінді де, солқ етіп тоқтады. Трактор тоқтар-тоқтамастан жерге қарғып
түскен Бақытжан қолымен ымдап; əлі де шегіне түс деген белгі жасап
үлгерді. Ал өзі шананың зілдей ауыр темір мұрындығын мықшыңдап
көтеріп, ілгешек тесігіне дəл келтірді. Қарды тепкілеп тиекті іздеп еді,
таппаған соң, дауыстады:— Гусеницаның палцысын əкелмесең, тиек
жоғалып қалыпты,— деді. Нұржан лақтырған саусақ темірді тесікке
тығып, балтамен ұрып кіргізді. Одан соң, көз ілеспейтін шапшаңдықпен
кабинаға қайта секіріп мініп:— Бісмілла, ал аттандық!:— деп көзінен от
шаша алға қарады.
Кешеден бері ит əуреге түсірген кері баққан шананы сүйреген ДТ-54
еңіске қарай құйрығына шелек байлаған атша зымырай жөнелген. Тəулік
бойы өлім мен өмірдің арасында өткен асқаралы күреске
мойымағандар... жеңіске жетті. Олардың ендігі мақсаты
— Айыртаудың арғы етегіндегі Огневка аулына ілігу. Сонда түнеп
шығып, жөн сұрап, күзден қалған шөптің негізгі жобасын табу. Сөйтіп,
бір мая шөпті шанаға ыңырандыра тиеп, асу арқылы емес, ауыл-
ауылдың арасын қосып жатқан күре жолмен шеңбер жасап айналып, есі
барында елін табу. Əрине, ұзақ та болса — қысқа жол тек сол болмақ.
Шананы аман-есен тіркеп алып, көңілдері хош қалпымен жоғарыдан
төмен құлдилағанда Аманжан бағанағы орнында əлі жатыр еді.


Сонадайдан қарағанда, қар үстінде қарайған адамды тірі деп, топшылау
мүмкін емес. Алғашында ашумен, қырсығып жатқан шығар деп мəн
бермеп еді, тіпті тура қасына келгенше қыбыр етпеген соң, шошынысып
қалған.
— Мертігіп қалмасын,— деді Нұржан.
— Сүйек сындырар соққы менің қолымнан қайдан келсін.
Монтансып жатқан шығар. ДТ-54 — тапалап кетердей болып,
тұмсығының алдына келіп тоқтағанда да Аманжан тырп етпеген.
Сол, алысқа... қар басқан таулардан жоқ іздегендей, қадала қарайды.
Кабинаның есігі ашылып, Нұржанның басы қылтиды.
— Тұр енді, астыңнан суық өтеді. Кеттік,— деп дауыстады. Аманжан
үндеген жоқ, бедірейген қалпы — сұп-сұр болып жата берді. Трактордан
қарғып түсіп, қасына келген Нұржанға назар салмады. Қолынан тартып:
— Жүр деймін. Өкпеге қисақ та, өлімге қиямыз ба бір-бірімізді. Ағаттық
сенен де, бізден де кетті. Кінəласар тұс бұл емес.
Бұл кезде Бақытжан да шыдай алмай жетіп келіп қалып еді.
— Битке өкпелеп тонымды отқа салмаймын,— деп керги тұрды
орнынан. Бірақ Аманжанның, осыншалық, аяғының басын қайқайтып
кімге бұлданатынын екі жолдасы түсіне алмады. Сондықтан да əлгі бір
ауыр сөзі көңілдеріне келмеді. Үйден үшеу болып шығып, екеу болып
оралу мүмкін емес, ертең Аманжан олай-бұлай болып кетсе, тағы да
екеуі жауап беретіні шəксіз. Ендеше, Аманжан бұлданбағанда — кім
бұлданады. Бірақ аққу, шортан, шаяндай əрқайсымыз əр жаққа тартып,
шалқасынан түсер шатаққа баруға құқымыз бар ғой. Тым құрығанда
осыны түсінбегені ренжітіп еді Нұржанды. Өзінің жүрегі бос, тым-тым
көңілшек, ақша қардай тазалығына тұңғыш рет жыны келді. Аманжан
тракторға керенау көтеріліп, үйреншікті орнына шалқалай жайғасты да,
көпке дейін əңгімеге араласпай томаға-тұйық оңаша отырды. Ең
алғашқы сұрағы да түйеден түскендей еді.


— Ей, ляуқи,— деді Бақытжанға. Бұрын аяқ алдында, темір жəшіктің
үстінде бүрісіп, қалғып отыратын оны аяғымен бүйірінен түртіп
қалушы еді, бағанағы соққы есінен əлі кете қоймаған секілді...— Сен...
оқтай атылған шапшаңдықты, кереметтей ауыр соққыны қайдан
үйрендің?..


Мойнын ішіне алып, трактор ырғағымен басы изектеп отырған
Бақытжан мырс етіп күліп жіберді.
— Қайдағыны сұрайсың-ау. Қалай атылғанымды, қалай, қай жеріңнен
ұрғанымды өзім де білмеймін. Сенің аузыңнан өмір бақида естімеген
сөзің шыққанда, миым ып-ыстық болып кетті де, бір тылсым күш
орнымнан жұлып алып, лақтырды да жіберді...
— Сенбеймін,— деді Аманжан темекі іздеп, қалтасын қарманып.—
Бəрібір сенбеймін. Нұржан үйреткен шығар. Екеуің маған жабылу үшін
ертеден дайындалып жүргендеріңді сезуші едім.
— Ондай арам пиғылға барма,— деді Нұржан.— Сенде бес — бересі,
алты — аласымыз бар ма. Жоқ болмаса, əкемізді сен өлтіріп пе едің...
— Рас-ау,— деп қалды Бақытжан қопаңдап.
Айнала аппақ қар. Қақаған аяз. ДТ-54 — еңіске қарап, табанынан қар
боратып зырлап келеді. Алыстан, қар шағылдардың арасынан...
сыңсыта салған, мұңлы əн еміс-еміс естілгендей...
Айыртаудан батыс жақ сайлауына ілінгенде сонадайдан қараңдай жүрген
адамның сүлдесі болжанды. Үшеуінің де көздеріне жас ала қуанған сəті
осы еді. Ақ қар, көк мұздың ортасында адасып, сергелдеңге түскен азапқа
толы күндер мен түндердің алғашқы адамын аймалап, сүюге бар.
— Ура, əкіри!— деді жас балаша мəз болған орнынан қарғып тұрып.
Басын кабинаның аласа төбесіне тоқ еткізіп соғып, тілін тістеп алса да
ауырсынбады.— Құмардан шыға бір рет сорар шайы бар болса, не
арман... Өкінішсіз көз жұмар едім.
— Əй, қайдам, шылымыңды езуге қыстыра сала тамақ, қыз іздер ме едің.


— Бақытжан бұл болымсыздау қалжыңыма ашуланып қалмады ма деп
бетіне жалт қараған. Бірақ оның тоттанған қара күрең жүзінде майда
ғана жымиыс бар екен.
— Ол да ғажап емес, пенде дегенің мəңгі қанағатсыз ғой,— деді
салмақпен. Нұржан болса трактор құлағымен алысып отырып, екі
досының жалғыз-ақ күнде күрт өзгерген мінезіне қайран қалды.
Жігітгер жақындағанда тотияйындай көкпеңбек шөпті күрт- күрт жеп,
кəперсіз тұрған ат қос құлағын тіге осқырынып еді, иесі қолындағы
күрегін тастай бере ұмтылып, тізгінге жармасты. Қардың астында
жұмыртқадай жұмырланып жатқан отау шөптің қарын жартылай ашып,
шанаға бірер айыр тастап үлгеріпті. Трактордан қарғып-қарғып түскен
соқталдай үш жігіт жарыса:
––Ассалаумағалейкум!— деп жамырай амандасты. Алпысты
алқымдаған мұртты адам алғашында көктен құлағандай сап ете қалған
жолаушылардан сескеніп қалғаны рас еді. Жау емес, ұрымтал келген
ұры емес, уыздай ғана жас қазақ балалары екеніне көзі жеткен соң,
қарсы жүріп, қолын беріп есендесті.
— Иə, жол болсын, шырақтарым, қайдан жүрсіңдер?
— Сіздерге көрші Қарағай ауданының жұмысшыларымыз, Фадиханы
асып, күзден қалған пішенді алып қайтуға келеміз.
— Жөн, жөн,— деді ол күрегін қайта алып.— Бірақ қыстыгүні
Фадихадан тура тау асып түсер жол жоқ еді. Қалай ғана қамалып
қалмай шықтыңдар?
— Ендеше, сол жолды біз салдық, ақсақал,— деді Аманжан.
— Шынында да, бұларың ерлік екен,— деді ол. Алақанына шырт


түкіріп, маяның қарын тазалауға кірісті.— Бұл жолмен қыстыгүні
бұрынды-соңды ешкім жүріп көрген жоқ.
— Түнде қонған үйдің иесі: „Осы Айыртаудан асуға болады; жол
сайрап жатыр, мен алдыңғы күні ғана-ақ қарап келдім",— деп жөн
сілтеген соң жол қысқартайық деп тəуекелге басып едік, адаса
жаздағанымыз рас, ақсақал,— деп, Нұржан шынын айтты. Шал
мұртын сипап, басын шайқады.
— Жөн сілтеген адамның аты-жөнін білесіңдер ме?
— Білмегенде. Ол кісі бізді таң атқанша тұтқында ұстады. Есімі —
Қоңқай.


— Əй, атаңа нəлет-ай!— деді шал бір күрек қарды құшырлана
лақтырып жіберіп.— Осыдан үш-төрт жыл бұрын тағы бір қызды
алдап, анау құзардың шатқалында ат-шанасымен қатып қалып еді.
Мысық тілеуінен айнымаған деші. Қонған кісіден ақы алатын ауруы
да қалмаған шығар. Ол жалмауыздың маңдайына адамды
алжастыруды жазған. Қоңқай адастырады, мен тауып аламын. Өзіне
өкіметтің де, құдайдың да тісі батпай-ақ қойды.
— Беріп едік алмады,— деді Бақытжан. Бұдан соң, трактордан өз
күректерін əкеліп, шалға көмектесе бастады. Енді шалдың күрегіне
Нұржан жармасты.— „Жақсы" кісі екен...
— Рақмет, шырақтарым. Ол шалға құдай бірдеңе берейін деген екен...—
деп белін жазған ол əлі де Қоңқайдың иттігіне налыған сыңаймен:—
Асудың дəл аузында жалғыз үй боп отырып алады да, əрі-бері өткен
жүргіншілерді теспей сорады. Маған салса баяғыда атып тастар едім,
құтырған иттей қыңсылатып. Сендер шөп үйген жерден сəл қиыс,
батысқа ойысып кетіпсіңдер,— деді көзін сығырайта тауға қарап.— Бүгін
біздің үйге еру болыңдар, ертең ерте өзім ертіп апарамын. Мықынын
таянып тұрған Аманжан:— Ей, шал, темекің бар ма?— деді.
— Жоқ, шырағым, насыбай атсаң берейін.
— „Боқ жаман емес, жоқ жаман" депті қарға,— деді де шалдың
шақшасына қол созды.
— Əй, шырағым,— деді шал жап-жас жігіттің тік сөйлегенін
жақтырмай.— Қызымды алмасаң, алма, бірақ жамандама деген сөз
жəне бар.
— Оның сондай — əкесіндей адаммен қалжыңдасатын əдеті бар. Əсіресе
шалдарды көрсе, көзі қанталап шыға келеді.—Бақытжан жуып-шайған
болды.
— Əзілің жарасса, атаңмен ойна. Көңіліме дік алып тұрған жоқпын... Е,


қалай екен, бəлем. Енді ішің өткенше түшкіресің... Мұрнына атқан
насыбайды сіңбіріп, түшкіріп-пысқырған Аманжанға бəрі мазақтай зілсіз
күлді.
— Насыбайы құрысын,— деді ол тынышы кетіп.— Танауым
қаңсып түсіп қалса да, жолайтын дүние емес екен.
— Өзіңе де сол керек, əкіри,— деді Бақытжан.— Кешегі менің есемді
ақсақал қайтарды. Ақылың енді кірген шығар.
— Ата, (бұл сөзді Нұржан айтқан) ат-шанасына шоқайтқанша бір отау
пішеніңізді трактор шанасына бір-ақ тиесек, əуре болып қайта-қайта
келіп жүресіз бе?
— Қайдан білейін, қарағым, өздерің жол сорып, аяз сорып шаршап
келесіңдер.
— Түк етпейді, кімдерге кетпеген есіл еңбек.— Бұл сөзді есін əрең жиған
Аманжан айтты; Қарап тұра беруді əбес көрді ме, ол да амалсыз күрек
алды қолына.
— Жақындат тракторды,— деді Бақытжан шіреніп,— Ұрыста — тұрыс
жоқ.
Сойталдай үш жігіт жəне шал бір отау шөпті трактордың бөренеден
қиып жасаған дəу шанасына əп-сəтте тиеп алды.
Айнала аппақ қар, сеңдей сіресіп, тұтаса қатқан суық дүние...
Алыстан, қар шағылдардан естілетін мұңлы əн, бірте-бірте жақындай
түскендей...
Айыртауды етектеп қыстаққа келіп жеткенде көз байланған. Шанадағы
шөпті қораға
түсіріп, трактордың суын ағызып, жалғыз бөлмелі сығырайған терезесі


бар ағаш үйге
кіргенде, қас
қарайып, көз байланған, бұл үй үш жігітке кең сарайдай көрінді.
Ықтасынға салынған
қыстақта жұпынылау өмір болғанымен, үлкен жүрек кең пейіл
аңғарылған.
Бұл жердің құлаққа ұрған танадай тыныш тірлігін тек ұзыннан-ұзақ
созылған жабық қорадағы мөңіреген сиыр мен бұзаудың азан-қазан үні
бұзады екен. Бұл жердің тағы бір ерекшелігі — қыстақ жанынан буы
бұрқырап, жылып ағар бұлақ, бойы тал-терекпен көмкерілген жəне
оңтүстіктегі биік таудың теріскейі — ағашты, тегінде, Алтайдың қалың
орманы осы тұстан басталатындай. Егер дəл осы қыстақтан тұп-тура
солтүстікке бет түзесеңіз, атақты ХаТЫНЬ өзеніне ат басын тірейсіз, ар
жағы Россия. „Ішкері жақ" деп аталар бұл өңірдің ала-бөтен ерекшелігі
де сол — Алтайдың басқа жерлеріндей емес, əзірше құйқасы
бұзылмаған тың: аяз аз тиген, ағашы мен аңы да əзірге аман. Қысы
қатал, жазы жайсаң таудың тағы табиғаты техника ырқына көніп, бағына
қойған жоқ. Соңғы


құрғақшылыққа ұшыраған үш жылда сонау Бұктырма бойын жайлаған
тамам ел
қиындығына қарамастан мал азығын дайындап, шамасы жеткенше тасып
əкетіп жүр.
Келімді-кетімді кісі мен жолаушылардың жаққан отын сөндірмей, осына
шалғайдағы
Алтайдың сыңсыған жынысы талай рет өртке шалынды. Өткен жазда
мұқым тегіс жанып,
жүздеген солдат келіп əрең өшірген. Дегенмен соңғы бес жылда
жарықтық ішкі
Алатайдан да күй кете бастап еді.
Алқа-қотан қоғамдаса дастарқанға отырғанда үй иесі шал айтты:
— Жергілікті халық бұл жерді Бекалқа деп атайды. Үлкен Нарын
ауданының ең алыстағы қыстағында біз отырмыз. Бізден ары ел жоқ —
иен. Ел жоқ деген де мүлдем адамсыз емес, таулы Алтай өлкесіне дейін
ара-тұра аңшылар кездеседі немесе бұл жердің табиғатын қызықтап
жүрген туристер жаз айында шұбырып жатады.
Ағаш үйдің тері қаптаған есігін сықырлатып кіріп-шығып шəй жасап
жүрген кемпір аса пысық адам емес секілді-ау. Бəлкім, қарттықтан ба,
мүмкін, салақтықтан ба, түтіні басылмаған ескі жез самаурынды əрең
дегенде қайнатып əкеліп еді. Ішіп-жемнің берекесі де онша болмады. Бір
жарым тəулік нəр татпай, үсіп-жығылып келген үш жігіт жылы үй, құрт-
ірімшік қосқан ыстық шайдың өзіне масайып, терлеп-тепшіп өлердей
сораптаған. Əрі-беріден соң, манаурап, ұйқылары келе бастады. Əсіресе
мұрнының үсті шып-шып терлеген Бақытжан қалғып кетіп, қолындағы
кесесін түсіріп ала жаздайды.
— Адам баласы көрге кіргенше не көрмейді, шырақтарым,— деп, шал
шалқалап жүкке арқасын тірей отырып насыбайын баппен атады,— бəрі


де тіршіліктің қамы, үйреніп кеткендіктен бе, мал бақпасақ отыра
алмаймыз. Қолына қарап, асырап-сақта деп бұлданып жатып алар
ұлымыз жоқ, жалғыз қызымыз бар, оған да обал болды, шырғалап бізді
тастап ешқайда кете алмайды. Оған да обал...
Иə, өлмейін деп өкпе жеген заман да... Əй, кемпір,— деді сонсоң
дауыстап,— Алмажан бүгін кешікті ғой, жас бұзаулармен алысып жүр-
ау, жалғызым.
Тек Нұржан ғана болмаса, ана екеуі шалдың əңгімесін зауықсыздау
тыңдады. Бақытжан бағана жантайып жатып қалған. Аманжан, ол да
шұлғып, екі көзі қанталап, үсік денесін ашыта ма қыржиып мазасы
болмай отыр. Бұрыш жақтағы темір пештің оты маздай жанып, екі
бүйірі нарттай қызарып кеткен. Болар-болмас сəуле шашқан
шаңырақсыз шамның жарығы ала көлеңке үйдің мұңлылау
шырақшысы. Іргеде ескі ағаш төсек тұр. Сол төсектің басына қыздың
киім-кешегі ілінген. Ал əлгі төсек тірелген қабырғада ақ матаға
кестеленіп салынған көк кептердің суреті кағылған. Нұржанның ойын
айтпай-ақ оқығандай шал:— Алмажанның көгершіні ғой,— деді қанатқа
қағылған суретке қарап.— Жарығым, өзі де тордағы құс секілді
жалығады. Əйтеуір, бар ермегі — кітап, күндіз-түні бас алмай оқи
береді. Қыста туған он шақты сауын сиыр бар, сүтін сауып, анау ойдағы
Огневкаға шанамен апарамыз. Соның бəрін Алмажанның жалғыз өзі
атқарады. Былтыр мектепті бітірген соң, тиын-сиынды жиып берейік,
қалаға оқуға бар десек, көнбеді. „Сендерді кімге тастап кетем",— дейді,
жарығым...
— Дегенмен, қиындау, ақсақал, қиындау. Жас жүрегі екі жастың
біріне келмей құсаға толады ғой,— деді Нұржан.
— Енді қайтеміз... Үлкен жерден қаға беріс, тау арасында жатырмыз.
Кейде ақымақ болса да адамдарды, көрсоқыр болса да көрші-қолаңды
сағынасың. Осыншама саяқ тартып жүре берсек, Қоңқайға айналып
кетерміз деп шошынамын.


Нұржан айтты:— Үлкен жерді аңсап та керегі жоқ-ау. Өйткені үлкен
елдің — үлкен дауы болады... Ал Қоңқайдың тірлігі басқа ақсақал. Ол
кісі жалғыздығым — еркіндігім деп, алдына келсе тістеп, артына келсе
теуіп ешкімді маңайлатпайды.
Сиыршы шал насыбайын құшырлана иіскеп отырып айтты:—
Оттапты. Көпшіліктен қорқады ғой, қорқады қорқауың... Ол да бір
көзге шыққан сүйел. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыздың обалына
қалды.
Жігіт елең ете түсті:— Сол оқиғаның анық-қанығын айтып беріңізші?—
деп шалға қолқа салды.— Біздің жақта əркім əр саққа жүгірткені
болмаса, шындығын ешкім білмейді. Екі жігіт пысылдап ұйқтап жатыр.
Кемпір кіріп-шығып жүр.


Үй иесі əңгімесін бастады:— Балам, ол бір қорқынышты оқиға. Осыдан
екі-үш жыл бұрын, он сегіз жасар жолаушы қыз жөн сұрап Қоңқайға
жолығады. Қыстақтағы шешесі қатты ауырып, ат-шанасымен Үлкен
жердегі ауруханаға апарады да, қайтарында əлгі жалмауыз шалдың
жалғыз үйіне тап болады: Шалдан: „Ата, асуда жол бар ма, тау айналып
жүргенше тіке тартып кетейін деп едім. Асығыспын, ата, қорада қамаулы
қой қалып еді",— деп ақыл күтеді. Бұғының қанын ішіп, көзі қарайып
отырған шал əлгі қызды тарпа бас салып, жұлмалай бастайды... Түн
ішінде шырылдап əрең дегенде жалаңаш, жалаң аяқ қашып шыққан қыз...
ақ қар, көк мұздың арасында адасып, тіпті ызым-ғайым жоқ болған. Не
бөрі жегенін, не үсіп өлгенін күні бүгінге дейін ешкім білмейді.
Кейбіреулер айтады: „Ол қыз қарға айналып кетіпті. Қыста осы тауды
шарлап əн салып жүреді екен де," жаз шыға жер астына түсіп кетеді
екен". Анау бір күні біздің кемпір айтады, өтірік-шынын қайдам (кемпір
далаға шығып кетті.) Қораның сыртына дəрет сындыруға шықсам, аппақ
күміс шашы бар... (ойланып) иə, бейне бір қардан жасалғандай, сұп-
сұңғақ, қыз тұр. Шошынып шалқамнан құлап қалдым дейді. Ол да мені
көріп қолтығымнан көтеріп орнымнан тұрғызып, жанары мөлдіреп
қарады да: „Елге, адамдарға сəлем айт, апа, енді мен ешқашан да адам
болғым келмейді",— деп, зым-зия жоқ болып кетті. Жүзін анық байқай
алмай қалдым. Бетінде ақ торғын пердесі бар дейді бəйбішем. Əрине, мен
сенбедім. Ал, кемпірім: „Пайғамбар жасына келгенде өтірік айтып не
көрінді",— деп ант-су ішеді.
Кемпір бір құшақ отыны бар қайта кірді. Шалының сөзшең болып
кеткенін жақтырмады білем:
–– Қақсамай, балаларға ұйқы бер,— деді.
— Былтыр қыста елікке қақпан құрдым. Құдайдың құдіреті, қақпанға
түскен елікті белгісіз біреу босатып жіберіпті. Адам дейін десем, жаңа
жауған қарда ізі жоқ. Егер түн ортасы ауа далаға шықсаң, біреу əн
салып жүргендей сыңсыған дауыс естисің.. Қызық, əйтеуір. Өз
қызымызды да түн баласында ұзатпай, үйге қамап ұстайтын болдық.
Анау...


төр алдындағы бейнесі жіппен өрнектелген сол — Қар қызы.
Алмажанның ойлап тауып жүргені ғой...
Нұржан қар қызының төрдегі суретін жаңа байқап, таңырқай қарады.
— Шынында да, ертек сынды ғажап дүние екен. Сол жұмбақ қыз
менің де түсіме кіріп жүр.
— Алмажан да „түсімнен шықпайды, тіпті сырлас болып кеттім",—
дейді. Ал менің түсіме бір рет те кірген емес, шырағым.
— Мен бір нəрсеге қайран қаламын,— деді Нұржан майда қоңыр үнмен.
Шаршаңқы тартқан жүзі ала көлеңкелі үйде анық ажарын
болжатпағанмен, осына жас жігіттің ойшылдығын, əр нəрсенің
байыбына бармай тынбайтын мазасыздықтың нышандарын сезуге
болушы еді. Насыбайын атып, малдас құрып отырған шалдың көкейін
тескен Нұржанның жасына сай келмейтін көшелігі, сыпайы ашықтығы,
балаша аңқау тазалығы-тын. „Əттең, осындай ұлым болса",— деп арман
қылар азаматың осындай-ақ болар. Сиыршы өз-өзінен күрсінді де,
жігіттің сөзіне ден қойды.— Қар басқан қатпарлы жота, қарағайлы ақ
таулардың ортасында екі адам мекен етесіздер.
Айыртаудың күнгей бетінде — Қоңқай, теріскейде — Сіз. Екі түтін —
екі басқа мінез, екі басқа тірлік... Осы бір, үш қайнаса сорпасы қосылмас
мүлдем жат бөтендік арасын тау бөліп жатқан Алтайды қойып, қаз-қатар
автобуста келе жатқан қала халқында қаншалықты мол десеңізші... Мен
оған əсте де таң қалмаймын, менің таң-тамаша қалатыным, Сіздің, ата,
осынау иен жер ит арқасы қиян айдалада отырғаныңыз. Қоңқайдың жөні
бір басқа.
— Мен, шырағым, Қоңқай үшін отырмын,— деді сиыршы.
— Түсінбедім ғой.


— Түсінбейтін не бар. Ол адастырады, мен тауып аламыи. Монданақтай
жердің бетін, бір жақсы, бір жамандық жайлаған. Ал егер мен осы
Айыртаудан көшіп кетсем, Қоңқай


зəлімнің жеңгені гой. Осылайша андысып өмір жалғасады. Тегінде,
сенің де өз Қоңқайың бар. Басқалардың да...
— Қызық пікір екен,— деді Нұржан ойланып. Алабарқын үйде
күреңіткен жүзінде тағдырдың көп-көп қойнау, қалтарыстарын
түсіне алмай, өз-өзінен көндігу, мезгілсіз жүдеу бар.
— Жатып, дем алсаңдаршы. Əй, шал, ертегің аяқталса балаға маза бер,—
деп кемпірі алая бір қарады да, ыдыс-аяқты жинастыра бастады. Екі
жігіт кəперсіз ұйқтап жатыр.
— Қазір-қазір, бəйбіше. Төсегіңді қамдай бер, мен сенен бір нəрсе
сұрайын деп едім, ұлым,— деді Нұржанға,— анау жігіт неше жаста?
— Қайсысы?
— Анау, ұзын бойлы, сүйегі ірісі.
— Ə-ə, Аманжан ба?.. Менімен жасты, жалпы, осы үшеуміз де
даңқұрдаспыз — жиырма үштен астық. Қартайып барамыз, ақсақал.
— Қарттықтың аулы сендерді қойып, маған да алыс... Шешесі тірі ғой
ана жігіттің?
— Тірі. Бірақ аурушаң. Көп сөйлемейтін тұйық кісі.
— Құдайдың құдіреті, сол жігітті алғаш көргенде, жасарып кеткен
Қоңқай екен деп қалдым. Тура аузынан түсе қалғандай...
— Сіз де қайдағыны айттыңыз-ау, ата. Кісіге кісі ұқсай бермей ме...
Айталық, Бақытжан біздің ауылдың бастығынан айнымаса, бағана мені
сізге ұқсайсың дейді жігіттер. Куəға тартар əкеміз жоқ, үндемей көне
береміз,— деді күліп.


— Мен сендердің ауылдарыңда екі-ақ рет болғанмын... Иə, адамға адам
ұқсай береді...
Бірақ менің ойыма осыдан жиырма төрт жыл бұрынғы бір оқиға түсіп
отырғаны... Иə-иə, ол 1945 жылдың жаз айы болатын.
— Əй, зар жақ шал, түн ортасы болды, жатсаңдаршы енді,— деді кемпірі
біржола кейіп.— Арғы бетте қалған ұлыңды енді іздеп отырсың ба?..
— Қазір, бəйбіше, қазір... Күбір-күбір сөйлесер кісі таба алмай зерігеміз,
ұлым. Жылқы екеш-жылқы да күмбір-күмбір кісінесіп, сауырынын
қасысар үйірін іздейді. Азбан болып кетсек те Үлкен жерге қарап
азынайтынымыз қалмаған.
— О не дегеніңіз, ата, айта беріңіз. Мен тіпті тегіннен ұйқыға жоқпын.
— Ол жақсы əдет. О дүниеде мəңгі ұйқтайтын болған соң, бұл дүниеде аз
ұйқтаған лазым. Сонымен осыдан 24 жыл бұрын кержақ аулы
Огневкадан бір қыз жоғалды. Бəріміз ат сабылтып іздеп таба алмағанбыз.
Онда да дəл осындай қақаған қыс еді. Бір-екі жыл өткен соң, өліп
қалдыға жорып қойдық. Бірақ кейін бір сыбыс естілді. Қоңқай үйіне
қыстатып шығарған екен де, екі қабат болған соң, „Қоңқайлар ұрпағы
көкек секілді, өз баласын өзгеге асыратып өсірмесе, жұрт тұқымын
құртады" деп, арғы беттегі ауылға апарып тастаған екен. Тіпті, Қар қызы
туралы аңыз сол кезден бері ел аузында...
Ұйқыдағы Аманжан тісін шықырлата қайрап ары аунап түсті.
— Қызық екен...— Нұржан Аманжанға үрке қарады.
— Үй іші қоңыр, жаяу шам бірде өртейтіндей екіленіп, енді бірде
өшетіндей əлсіреп жанып, шалқып тұр. Бөренелі бөлмеде жібектей
іңірлік сəт бар. Тау қуысындағы қыстақ жалпақ жаһанның ұмыт


қалдырған жетім қозысындай бұйығы, ұйқы құшағында еді. Бəкін-
шүкін шаруасын тамамдаған сіріңке қара кемпір жатар орын қамдады.
— Ал, балалар,— деп қолын таянып, орнынан тұрды шал.— Шаршап
келдіңдер, жатып демалыңдар.
Кескен теректей сұлап қалған екі досын түртіп оятып, далаға ертіп
шықты. Айыртаудың кепештігінен сығалаған ай нұр шаша бастапты. Түн
суық. Үшеуі бірдей „ища-ай" деп тітіренді. Достары сып етіп, ит
қабатындай үйге қайта кіріп кеткен соң да Нұржан сыртта көп тұрып
қалған. Қызық, бір түрлі ұйқысы келер емес, шаршағаны да білінбейді.
Аяңдап қарауыта созылған қора жаққа барғысы келді. Бірақ жүрек
құрғыр дауаламаған. Аяз қарыған тракторды бір айналып шығып, тағы да
жас бұзаудың мөңіреген үні шыққан қора жаққа қарады. Ербең еткен
адамсыз жым-жырт дүние... Айнала аппақ қар. Таудың теріскейіндегі
барағы — орман қорқынышпен түнереді. Ағаш үйдің терезесінен


жылтылдаған əлсіз сəуле əне, жалп етіп сөнді. Тегі, кемпір керосині
таусылып қалар деп сөндіріп тастаған болу керек. Нұржан ертеңгі
сапарларын ойлады. Шалдың айтуына қарағанда тым алыс емес, осы
ашамайлы өзекпен өрлей берсе Айыртаудың арғы тұмсығында ғана екен.
Күзді күні жер қарада келгенде бəр-бəрі мүлдем басқаша сықылды еді.
Онда олар мынау Бекалқа деген қыстақты көрмеген. Басқа жолмен
жүріпті. Нұржанның бұдан əрі мелшиіп тұра беруге шыдамы жетпеді.
Күрең қабақпен түнерген тау арасынан қуалап үзіліп-үзіліп соққан суық
жел өне бойын қалтыратып жіберіп еді. Кеше, иен таудың басында
қалайша үсіп өліп қалмағандарына қайран қала есікке беттеген. Есіктің
тұтқасынан енді ғана ұстай бергенінде өліктей сұлаған қора тұстан
созылта шырқаған əн естілді. Сол тұтқаны шеңгелдеп ұстаған күйі қалт
тұрып қалған ол əн əуеніне еріксіз құлақ түріп еді. Ай астында күміс
нұрға шомылған еңселі таудың, үрей ұялаған қойнауынан суырыла
шыққан қыз даусы нəзік те еркін самғаумен түнгі ауада бозторғайдай
шырылдап, іліне, мəңгілікке қатып қалғандай еді. Үміт пен қауіп кезек
жеңіскен əннің қаяулы шырқаушысы кім? Əлде транзистор ма ойнап
тұрған, əлде əлгінде ғана əкесі күрсіне еске алған сауыншы қыз Алмажан
ба? Кім болса да жалғыздықтан, өгей өмірден мұңдықты күй кешкен
жанның, жалыққанда, тілдесіп сөйлесер, сыбырласып сырласар адам
іздеп шарқ ұрған көңілін əнмен əлдилеген, сабыр сақтап, сап-сап
жүрегім деген өз-өзін жұбатуы, өз-өзін уатуы. Тербетер кісі табылмай,
өзін-өзі шайқап, ырғалып, өксіп барып ұйқтап қалар сəбидің əлсіз əрекеті
секілді. Осына оқыстан туған таңсық күй еліктіріп, солай қарай
жетелегендей еді, бірақ табиғатынан салмақты жігіт, алыстан тыңдап,
аяғын аттап баса алмады. Сəл қимылдаса, жаңа ғана басталған əсем
əннен айрылып қалардай, қаздиып көп тұрды. Неге екені белгісіз, оның
көз алдына кеше түнде „тұр-тұрлап" оятқан Қар қызы елестеді. Əлде əн
салып, аппақ нұрда жүзіп жүрген сол — Қар қызы шығар. Əн толастап,
үйге кіріп, төрге төселген төсекке жатқан соң да, əлдекімді тосқандай
елегізіп, көз шырымын ала алмады. Екі досы мен шал-кемпір
мұрындары пысылдап, терең ұйқыға кеткен. Темір пешке жатарда ғана
толтырып отын салып қойған секілді; маздап, шоқ атып жанады. Үй іші
алагеуім. Іргедегі көгершіннен „кілемі" бар ағаш төсек бос тұр. Нұржан
дəл сол ағаш төсектің түбінде еденде жатыр еді.


Шалдың осы ертекке бергісіз əңгімесін тыңдағанда, Нұржанның
жүрегін „əттең, сол Қар қызын бір көрсем" деген қиял тербеген, əрі
өзінің жебеушісі санаған. Іштей аңқау көңілмен иланған да. „Егер өтірік
болса, мені үсікке шалдырмай түнде түртіп оятқан қыз кім?"
Қазір, сол Қар қызын сағынғандай арманды ойда жатыр. „Бəлкім, əлгінде
əн салған Алмажан емес, ол Қар қызы шығар... Ол да мүмкін,— бұл
жалғанда мүмкін емес нəрсе бар ма?.. Бəлкім, шалдың Қар қызы деп
сандырақтап жүргені жалғыздыққа шыдай алмай күйіп-жанған соң,
жалаң аяқ, жалаң бас, аппақ іш көйлегімен далаға атып шығып, тізеден
қар кешіп, алаулаған ыстық жалынын мұздатып, əн салатын өз қызы —
Алмажан шығар...
Ол да мүмкін; бұл əлемде мүмкін емес нəрсе бар ма, тəйірі. Өң мен
түстің, ұйқы мен ояудын арасындағы жұмбақ хал... пештің оты
маздап жанады, шал оянып кемпіріне күбірледі:— Алмажан бүгін
кешікті ғой, жарығым. Алмажан кешікті ғой...
Алма-а-жан... Айнала аппақ қар... Тізеден қар кешіп, əн салған Қар қызы.
Нұржан елегізеді, сағынады. Жоқ, сағынбайтын, сағымдай ұстатпайтын
əлденені іздейді, үміттенеді; жүз жыл өтер, мың жыл өтер, Нұржан,
əйтеуір, сол Қар қызын іздеп таппай қоймайды... Трактормен бүкіл
Алтайдың қарын тазалап шықса да табады... Ол енді Қоңқай атты шалды
қарғап-сілей бастады. „Бəсе, көзі жаман еді, жылт-жылт еткен, енді бір
рет жолым түсіп бара қалсам, ДТ-мен жаман үйіңді түйіп құлатармын...
Қайтарда күре жолмен қайтамыз, ол өтірікші шалға енді қайтып жолыға
алмаспыз. Қар қызы... Ол қандай екен?.. бармысың бұл өмірде,
жоқпысың?.. Жылы жерде еріп кететін шығар, қызық...
Жаздыгүні жер астына түсіп кететіні рас па екен. Алмажан кешікті ғой,
Ал-ма-а-жан, ол қандай екен?.. Ертең ерте тұрып көрермін...
Жалғызсыратпай, ала кетсем ауылға, əй, əке-шешесі бəрібір
жібермейтін шығар.


Мұқым өмір: аппақ қар, сеңдей сірескен ақ сіреу суық дүние, тізеден қар
кешкен жалаң аяқ, жалаң бас безектеген қар қызы... дірілдеп тоңады,
ыстықтап əн салады, даусы қандай ғажап, кісінің жылағысы келеді,
кісінің жылағысы келеді; құлағына күмбірлеген əлдебір үн келеді:
„Алмажан, кешікті ғой, қайда жүр",— дейді; Нұржанның көз алдына
аппақ қардан жаратылған ақ сүмбіле қыз елестейді; „Алмажан, қайда
жүр... Алмажан кешікті...
Алма-жан... Ал... ма-жан..." осынау дауыс ызың-ызың қайталанды-ай,
құлағын тас қып бітеді, бəрібір естиді; май шам өлеусірей жанады;
мұрынға өзгеше: шамның ба, темір пеште қоздай жанған оттың ба,
əйтеуір, қаңсық иіс келеді; киіз тұтқан есік ашылғандай болды; əлдекім
кірді; сыртқы киімдерін шешті; теріс қарап отырып сылпылдатып тамақ
ішкендей болды; Нұржан енді көрпенің шетінен ақырын жасқана
сығалады, бірақ келген адамның еркек-əйелін айыра алмады; өйткені:
жүзін əлі көрген жоқ; ол енді тағы да шешінді: сонда ғана топ-толық ақ
балтырға көзі түскен; ол май шамды ақырын үрлеп сөндірді де, төсегіне
беттеді; ол дəл Нұржан жақ іргедегі сықырлауық ағаш төсекте жатады
екен; пештің аузынан саулаған сəулеге балтыры шағылысып, жігіттің
басын басып кетердей өте жақындап төсекке келді де, аяғын салбыратып,
əрі-бері отырды: күрсіңді; сосын жатты; Нұржан өп-өтірік пыс-пыс етіп
ұйықтады; сосын көзін сығырайтып болар-болмас ашады да, ақ балтырға
қызыға қарайды; шаршаған көңілге ойда жоқта құйылған жұмбақты нұр
аяз қарыған сезімін жылатады; қыбыр-қыбыр тіріле бастаған сезім тұла
бойын маздатады; ол енді ыстықтады; мұрнын тартып, жөткірініп, ояу
жатқанын жасырудан қалды; ал қыздың жиі-жиі алған демі бетін
шарпығандай болды; олар осылайша іштей арбасып, темір пештегі от
сөнгенше жатты, бетін бір нəрсе жыбырлатқандай болды; ақырын ұстап
еді төсектен құлаған қыздың қолаң шашы екен: өне бойын қытық билеп,
жүзін көрмеген сауыншы қыздың шашынан сипады, ол үндеген жоқ:
бірдеме десе қазіргі өзінің де, мынау жас жігіттің де жүрегін билеген
əдемі əрі аяулы халін үркітіп алардай, ал үркітіп алса енді жүз жылда да,
мың жылда да таба алмасын, ғұмыр бойы зар жұтып іздеп қана өтерін,
осынау жұлдызды түнді жамылып келіп, қонған жалғыз түндік бақыт
құсын (бəлкім, махаббат құсы) мəңгіге ұшырып алармын деп ойлады
білем; ол тылсым күшпен Нұржанды өзіне жақындата түсті, өзі де құлап


кетердей болып төсектің шетінде жатыр, ол мынау іргесінде жатқан
жігітті білмейді, осы жасына дейін өңі түгіл, түсінде де көрген жоқ, бірақ
дүниедегі ең қимасындай, ертеңді-кеш зарыға күткен, жылдар бойы
іздеген адамын тапқандай, таңғажайып қуанышпен келіп, сиырдың сүті
мен қыстың аязы жарған қатқылдау алақанын бетіне басты, Нұржан да
шыдай алмады-ау, ол да трактордың рычагы қажаған күс-күс қолын
қыздың ып-ыстық қойнына апарды; ол енді жігіт бетіндегі саусақтарын
жылжытып, кір басып білтеленген шашын салалады; əлемде осына тарақ
тимей ұйпаланған шаштан керемет, осына жанармай мен күн нұры
сіңген, суық сорған беттей əдемі нəрсе жоқ шығар оған; өйткені Нұржан
да осылайша шексіз бір құштарлықтың, көзсіз ынтызарлықтың
құшағында еді (сезім ортақ болса керек) енді ол күс-күс алақанымен түн
қызының, бəлкім, Қар қызының көзін ақырын ғана сипады; құдай-ау, екі
көз, ол өмір бақида көрмеген жұмбақты жанар ағыл-тегіл жасқа толы; ол
ағыл-тегіл жылап жатыр, əлгінде қос анарына қолы тигенде от көсеп
алғандай болған денесі аса салқын қандылықпен ақылға, аяушылыққа,
қыздың да, өзінің де адасқан арманшыл жүрегін мүсіркеуге көшті;
екеуінің қазіргі халі: ұзақ жолдан — аппақ қар басқан қысқы адырда
арып-ашып бір-бірін іздеп келе жатқан екі жастың бұл дүниемен
қоштасар сəтіндегі ең алғашқы, уа ең ақырғы жалған жолығуындайтын;
олар қар жамылған асқардан аса алмай ұзақ тырмысқандай, көктемді
көксеген жүректі алқындыра күресті; бірақ маңдайға екі сызылмайтын
тағдыр сопағы тек осы Айыртауды-Қоңқай асуын басып өтпейінше
табыспайтындай еді; міне, олар сол құзардың ұшпа басында тұр:
айғайлап бір-бірін шақырады — үндері шықсашы, қолдарын созады —
саусағы енді жанаса бергенде, сырғып төмен құлағандай... мүмкін, енді
мың жылда да аппақ қарды сықырлатып, қол ұстаса қатар сапар шеге
алмайтын шығар... бəлкім, ол екеуі тек қана арғы дүниеде, мүлдем
тоқтаған тіршілікті əрмен қарай жалғастырып, рақаттың мұздан жасалған
бесігіне бірге бөленетін шығар, иə, сонда ол екеуін ақ киімді, ақ
шылауышты


Қар — ана ұзақ тербеп ұйқтатады... оның пейіштен ескен лептей əсем
əлдиі жер бетінде бір-бірін іздеп өтер ғашықтардың жерастында
табысып, жұмақтан айтар сəлеміне айналады... Шашын салалаған ып-
ыстық, алақанға ернін басып, есінен айрыла ұзақ сүйді...
Нұржанның дел-сал талаусыраған масаң тыныштығын қыздың ақырын
айтқан қоңыр үні бұзды:— Сіз кімсіз, аға?!
Ол да сыбырлап:— Аппақ қардың үстімен бос шана сүйреткен
боздақпын...— деді жүрегі дірілдей.
Алмажан:— Бос шананы неге сүйрейсіз?
Нұржан:— Сүйре!— деді, сүйрейміз. Ал, мен Сізді білем, əкең айтқан...
Алмажан:— Ал, мен Сізді баяғыдан... жер жаралмай тұрғаннан білем.
Бағана, сиыр қораға шөп түсіріп жүргендеріңізде тағы бір рет — тіпті
тым жақыннан көрдім. Таң қалдым, ылғи түсіме кіретін, үнемі
қиялымнан іздейтін беймəлім жігіттің Сізге ұқсағанына қайран қалдым.
Нұржан:— Мен де... мен де Сізді көп іздедім ғой, құрбым...
Алмажан:— Сіздің іздегеніңіз Қар қызы емес пе?..
Нұржан алақанымен қыздың көзін тағы да сипайды.— Жанарыңызда жас
бар ғой.
Шаршадыңыз ба мынау аппақ суық дүниеден...
Алмажан да жігіттін көзін сипайды:— Сіз де жылап жатырсыз.
Шаршатқаны-ау, мынау аппақ суық дүние... Сіз білесіз бе, атам мен
апамның Қар қызы деп жүргені — менмін. Иə-иə, іргеңізде жатқан сол
аты аңызға айналған Қар қызы...
Нұржан шошып қалып, басын қақшаң еткізе көтеріп еді.


— Мүмкін емес... Ол өлген! Қарға айналып кеткен... Мүмкін, емес, ол
жəй ертек қана...— деді зəрезап болып.
Алмажан да басын көтеріп алды.
–– Қорықпаңызшы... Мен қорыққандардың қорғаны болуға жаралған
адаммын...
— Сіз шынымен-ақ адамсыз ба?!— Нұржан есі шыға сұрады. Алмажан:
— Иə, адаммын!.. Енді екеуі өз төсектерінде тізелерін құшақтап отырды.
Қалған кісілер қалың ұйқыда. Бұлардың сыбыр-күбіріне оянар емес.
Нұржан:— Сонда қалай, Сіз шал-кемпірдің баласы емессіз бе?
Алмажан:— Анамыз бала көтермеген кісі... Мен... сол түні адасып кеткен
Қар қызымын...
Боранды түнде үсік ұрып, кірпігім ғана қимылдап, қарға көміліп жатқан
жерімнен осы үйдегі Ата тауып алды. Жан адамға сездірмей бір жыл
бағып-қақты. Кейін... ауруханадағы шешемнің қайтыс болғанын естідім...
„Шешеден қыз қалмасын, түйеден тұз қалмасын" деген емес пе, алыстан
қосылар ағайын болғанмен, ет жақыным жоқ, елге қайтудың ешбір
қисынын таппадым. Содан бері тіпті тірі адамнын бетіне қарағым
келмейді. Екі аяқты атаулының бəр-бəрінен көңілім қалды да, үстіме
аппақ көйлек киіп қырға шығып əн саламын... Ал Қар қызы туралы
аңызды өзім ойлап таптым. Атам екеуміз əдейі ел-жұртқа таратып
жібердік. Міне, содан бері күндіз — сауыншы, түнде — Қар қызы
бейнесінде жүрмін... Кейде жападан-жалғыз жата беруге шыдамай,
мынау ағаш үйден атып шығып, тізеден қар кешіп алаулаған ыстығымды
басамын... Бəлкім, сізді іздеген сезімнің сергелдеңі шығар...
— Ғажап екен!.. Бəрі түсімдегідей!— деді жүрегі атша тулаған
Нұржан.— Қар үйшікте жатып үсуге айналғанымда „тұр-тұрлап" мені
оятқан да сіз бе?


— Ол мен емеспін. Менің кісім, менің, ием, яғни менің елесім. Сол
түні Сізді қатты сағындым, көп ойладым. Аяғыма шаңғы іліп алып,
тау-тасты кезіп əн салдым. Өзім осында жүрсем де, елесімді сізге
жібердім. Сізді мен бұрын көрмеді деп ойлайсыз ба?
— Əрине, көрген жоқсыз?
— Көргенмін,— деді күліп.— Күзді күні машинаға шөп тиеп
жүргендеріңізде көргенмін...
Тура жаныңызға бардым, бірақ сіз байқамадыңыз. Міне, содан бері
сенсеңіз, есімнен ешбір шықпадыңыз... Содан соң, шыдай алмай əнімді
сіздің ауылға жібердім. Осында, мынау жетім қыстаққа жетелеп келген
де, сол — менің сағынышым... Қазір өзім осында отырсам да, елесім
сонау ақ қар, көк мұз шомылған қарлы тауларда сыңсып əн салып жүр.


— Ол да мүмкін-ау...
— Кеше Сіз менің түсіме кірдіңіз.
— Сіз де... Сіз менің бетімнен сипап оятып жібердіңіз, қолымнан тартып
тұрғыздыңыз.
— Ол мен емес, менің елесім ғой... Сізді оятуға əдейі жібергенім.
Алмажан кеше көрген түсін толқып, өзгеше мұңмен айтты:— ...Ұзақ
жолдан екеуміз де шаршап-шалдығып келе жатырмыз екен деймін...
Үстімізде ақ кебіннен өзге еш нəрсе жоқ
— жалаң аяқ, жалаң баспыз. Мойнымызға іліп алған шана — сол шанада
Қоңқай, тағы бір жігіт отырады... Келе жатқанда да қатар, қол ұстасып
емес, сіз шығыстан, мен батыстан бір-бірімізге қарама-қарсы жүреміз.
Алдымыздан қар басқан тау кездеседі. Ол — Қоңқайтауы екен... Сол
таудың екі жағынан тырмысып өрмелейміз, ұшар басына енді-енді іліне
берген кезде сырғанап төмен түсеміз... Мойнымызға қылғындыра іліп
алған шана...
Сол шанадағы „қоңқайдар" қарқ-қарқ күліп біздерді қамшының астына
алады... Сүйрей алмай жан теріміз шығады... Сол уақытта Қар қызы
келеді де мойнымызды қылғындырған шананың бас жібін қиып жібереді.
Қоңқайлар сол шанамен ағып құзға құлайды... Содан соң екеумізді аппақ
күміс шанаға, үлде мен бүлдеге орап отырғызады да, барлық адамзат
сүйреп бүкіл əлемді шарлап, аралатады екен деймін... Ғажап, екеумізді
барша адам атаулы шанаға жегіп сүйреп жүр... сүйреп жүр, сүйреп жүр...
Жақыннан... тым жақыннан қар қызының сыңсыта салған, мұңлы əні
естіледі. Нұржанның өне бойы, арасанға шомылғандай балбырап, көзі
іліне берді.
— Қатты шаршаған екенсіз, аға,— деді оның көрпесін қымтай жапқан
Алмажан.— Шаршаған екенсіз... Шаршатқан екен... Сырымды бекер-ақ


айттым. Қар қызына сүйіспеншілігі бұрынғыша арман қиялында қалуы
керек еді. Енді ондай сезімнен айрылды ол.
Таңертең ояна келсе, төсек бос жатыр; аппақ қардың арасында адасып
жүргенде жұлдызбен бірге жауып түскен ақпанның бір тал гүлі жоқ,
елең-алаңнан тұрып, сиыр саууға кетсе керек; жастығы шылқыған су,
түсінде жылағанға ұқсайды.
Тағы да бозамық сапарға аттанды, енді ол орнын Аманжанға беріп, өзі
темір жəшіктің үстіне теріс қарап отырды; трактор орнынан қозғала
бергенде, қыстақтың қалың қырау басқан терезесі алдымен ноқаттанып,
сосын бірте-бірте кеңейіп дөп-дөңгелек болып тазарды; еріген əйнектен
дөп-дөңгелек қап-қара мөлдіреген жалғыз көз көрінді. Нұржан оны таса
болғанша, өзінің əйнектен қараған қара көзіндей кішірейіп, алысқа ұзап,
аппақ қардың ішіне əбден сіңгенше жанарымен шығарып тұрғанын
сезді; түн қараңғысында Нұржанға оның дидарын, тіпті екінші көзін
көруді жазбады, мүмкін, соқыр шығар, бірақ ол үшін оның шолпан
жұлдыздай жарқыраған жалғыз жанары да жететін еді. Сол жалғыз
жанар арқылы жұмбақ қыздың дидары, беймəлім қыздың айдалада —
аппақ қардың арасында адасып жүрген теңдесіз жетім сұлулығын
рухани қуат етті; күні бүгінге дейін сол еңбектен жаралған алақанның
жылуы жалыққан, тəңірім-ау, кейде бір шаршаған жанын жаннатқа, сол
жаққа Қар қызының отанына жүр-жүрлейді...
Олар үнсіз келеді. Үндесе қызыл шеке болып төбелесетіндей. Нұржан
быршып терлеп, ал жанындағы екеуі дір-дір етіп тоңады, өйткені олар
өмірде Алмажандай Қар қызы барын білмейді — алға қарап отыр;
Нұржан Алмажандай түрін көрмеген қимасынан бірте-бірте алыстап
мəңгіге қоштасып барады; өйткені ол артқа қарап отыр...
Бүкіл əлем аппақ қардың астында жатыр... құлаққа сызылта салған
мұңға толы əн келеді, мүмкін, адасып жүрген Қар қызының сыңсуы
шығар...


Қар қызы... Ол қандай екен? Бармысың мынау жалған дүниеде, əлде
жоқпысың?.. Əлемнің əйнегін қырау басқан, айнала аппақ қар, сеңдей
сірестіріп қасаттап тастаған ақсіреу кіреуке, қарасаң көз қарықтыратын
шаңқан бел-белестер əлдеқайда... алысқа бірін-бірі қуалап жарысады;
ербең етер тіршіліксіз салқын бедірейген қарлы адырлар ұлы өмір
шуылынан бейхабар-айқара жамылған ақшағи көрпесін қымтап, күрк-
күрк жөтеледі — мəңгілік тымаудан бүткіл табиғат арыла алмағандай...


Нəн шана шөпті толтыра тиеп алып, қар-теңізінде жүзіп келе жатқан
ДТ-54 маркалы
тракторы үш-төрт күнгі тыныштықтан, иесіз кеңістіктен əбден
шаршағандай, сонау
ауылға — Үлкен өмірге асығыс аттанып барады. Кабинадағы үш жігіт
осы айналаны
қоршаған аппақ тауларға тілсіз телміріп, əрқайсысы өз ойын малталап
отыр. Жарықтық,
техникада мін жоқ, шөп тиелген шананы мықшия тартып, əзірше сыр
бермей келеді. Ұзақ
жол, ауыр сапарға сыр беріп алған, тек адамдар ғана еді... тракторды
Нұржанның өзі
жүргізіп отыратын. Түнде қонып шыққан қыстақтың өкпе тұсына
келгенде, тормозды табанымен кілт тоқтатты да, газды азайтты. Есіне
əлдене түскендей,
қабағын түйе сəл үнсіз отырып қалды да:
— Ал, достарым, айып етпеңдер, мен сендермен қоштасайын деп
отырмын,— деді екі жолдасының суық сорған жүзіне кезек қарай.—
Бала жастан бірге ойнап, бірге өсіп едік, артық-ауыз айтылған сөз болса,
кешіріңдер. Өмір атты ұзақ сапарды бірге бастасақ та, бірге аяқтау
мүмкін емес екен. Мен осы жерде — Қар қызы мекенінде мүлдем
қаламын, мал-жанның күйзелмеуі үшін қаламын. Егер мен осынау
кеңістікте қалмасам Қар қызы өкпелейді. Ал ол өкпелесе, бүкіл халық
оның кəріне жолығады... Қайыр!
— Шөп тиелгеи шананы сүйреп өту біздің мойнымызға жазылған
шығар. Қалам десең — қарсы емеспін. Қар қызы еліне де еркек керек-
ау,– деді Бақытжан. Аманжан қол беріп қоштаспады, „сау бол" деп
үндемеді. Сол түйілген қалпы меңірейіп отырып қалған.


— Бар ескертерім,— деді трактордан омбы қарға қарғып түскен
соң Нұржан.— Қанаттарыңмен ұшсаңдар да, құйрықтарыңды
ұмытпаңдар.
Аппақ қардың бетіндегі меңдей болып, көкжиекке сіңіп барады, əне...
Əлемнің əйнегін қырау басқан, айнала аппақ қар, сеңдей сірестіріп,
қасаттап тастаған ақсіреу кіреуке, қарасаң көз қарықтыратын шаңқан
бел-белестер əлдеқайда... Алысқа бір-бірін қуалап жарысады. Ербең етер
тіршілік белгісі жоқ, салқын бедірейген аязды аймақ. Бұлар Қоңқай
асуынын өкпе тұсынан айналып өтіп бара жатыр еді.
ДТ-54-тің рычагын енді Аманжан ұстап отырған. Табанымен
тормозды басты да, тракторды тоқтатты.
— Ал, Бəке,— деді жанында қалғыңқырап отырған Бақытжанды
шынтағымен түртіп.— Мынау қарғыс атқан жерде қалып коюға мен де
бел байлап тұрмын. Мүмкін, аз жылға, бəлкім, мəңгілікке, əзірше өзім
де білмеймін... Тағдырдың жазуы осы шығар. Қоңқай шалдан не
жеңілем, не жеңем, не соның жолын қуып кетермін, əйтеуір, Үлкен
өмірге барғым келмейді. Үлкен өмірге кішкентай адамдар ғана сыя
алады... Хош. Ендігі келгеніңде бұл жер — Аманжан асуы аталады.
Трактордан секіріп түсті де, əлі тышқан ізі түспеген тап-таза тың
қарды омбылап, тау басына қарай тырмыса өрлеп бара жатты.
Алғашында меңірейіп тұрып қалған Бақытжанның көзі ашып, жанарына
жас үйірілді. Жиырма жыл бір-бірінен екі елі ажырамаған достарын,
мынау аппақ кеңістіктің əр жеріне бытырата таратып, ауылға соқа басы
қалай ғана қайта алады. Бірақ өз-өзінен мүжіліп, ақ қар, көк мұзды аязды
аймақта тұра беруге əсте де болмайды, тек қана алға жүру керек,
толассыз мəңгілік қимыл керек...

Document Outline

  • Start


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет