Алты алаш ардақтаған-Шортанбай



Дата20.12.2023
өлшемі29,2 Kb.
#141580
түріСтатья
Байланысты:
Мұсағалиева Аруна мақала


Алты алаш ардақтаған-Шортанбай
Мұсағалиева А.Ж.
Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университеті
Мақала XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Шортанбай Қанайұлына арналған.Автор оның ең маңызды шығармаларында ақын өмір сүрген және жасаған өте күрделі кезеңнің суреті көрініс тапқанын атап көрсетеді.Ақын өз заманының тарихи оқиғаларына риза болмай,жарқын болашаққа сенім артты.Мақалада Шортанбайдың шығармалары ұлттық бояуға бай,жоғары көркемдікке толы екендігі баса айтылған.
Статья посвящена выдающемуся представителю казахской литературы XIX века Шортанбаю Канаевичу.Автор подчеркивает, что в его наиболее важных произведениях отражена картина очень сложного периода, в котором жил и создавался поэт.Поэт недоволен историческими событиями своего времени и рассчитывал на светлое будущее.В статье подчеркивается,что произведения Шортанбая богаты национальным колоритом, наполнены высокой живописностью.
The article is devoted to the outstanding representative of the Kazakh literature of the XIX century, Shortanbai Kanaevich.The author emphasizes that his most important works reflect the picture of a very difficult period in which the poet lived and was created.The poet is dissatisfied with the historical events of his time and hoped for a bright future.The article emphasizes that the works of Shortanbai are rich in national flavor, filled with high picturesqueness.

XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын, өзіндік сөз өрнегін аманат етіп өткен өнерпаз. Туған елінің тарихи тағдырын болжап,халқының басына түсіп жатқан ауыртпалықтардың сырын ақтарып, көкірегі қарс айырылып,қасірет шеккен дәуірінің тамаша жырау-ақыны. Замана құбылысы шындығына өз түсінігі тұрғысынан үкім шығарып,іргесі сөгіліп, реңі кетіп жатқан қоғамдық құрылыс пен ата-баба салтының жоғын жоқтап, зар шеккен ақ ниетті адал жан. Түгел қазақ жұртына әйгілі тереңнен тебіренген ойлы, сырлы толғаулардың иегері. Қезіндегі қоғамдық қайшылықтардың бет пердесін ашып, оған қарсы саяси күрес жүргізе де білген қайраткер.Бала кезінен Шортанбай өзі туған Түркістан шаһарының топырағында оқып,білім алған зерделі жас халықтық дәстүрде өнерлі,өнегелі өлке мәдениетін жете игеруге талыптанып,көреген көзді,парасатты ақыл иелеріне жақын жүріп,жақсылар қатарына ерте ілескен.Шортанбай ақындығының дәуірлеген тұсы қазақ елінің дағдарысқа душар болған аса ауыр кезеңі еді.Туған елі Россия патшалығына отар,тәуелді,бұратана өлке боп,өзінің иегерлегінен мүлде айырылды.Бергенін қолынан,бермесін жолынан алды.Халық басына ауыр күн туды.Сол кезеңде Шортанбай жан-жақты талан-таражға душар болып жатқан туған елінің ауыр тағдырын тайға таңба басқандай бейнелей алды.Шортанбай шығармаларының басты мотиві-заман,қоғам,халық тұрмысы,ел өмірі,жер,қоныс қысымы,отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы,жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері-сатқын ел билеушілер,бұзақы топтар,т.б:
Сорлы қазақ қамалып,
Тарылды кең қоныстар
Апырау,елге болыс,би
Дұрыс бастық болар ма,
Ұрлықтың етін қақтаған
Жығып салар дүреге
Қызыққан соң параға.
Шортанбай шынайы сыншы ретінде,оның бағалауынша,ол жасаған заман бұзылған,зарлы-шерлі заман.
“Мына заман қай заман-
Азусызға тар заман,
Азулыға бар заман..”-деп күйінеді.Ақын пайымдауынша тіршілік өмірдің санаулы екенін ескертіп,өлмей тұрғанда,басыңа заман ақыр төнбей тірі жүргенде адам баласы жақсылық,ізгілік жолында аянбай қызмет етіп,адамдық парызын,құдай алдындағы құлшылық міндетін атқаруға тиісті.Тірі пенде үшін иман парыз деп Шортанбай шығармаларында сыр шертеді:
Құдай деген момынның,
Аузынан кетпес тобасы.
Иманы бардың белгісі,
Тілінен тамар шарбаты.
Шортанбай сол себепті опасыз билерді,қайырсыз байларды,жылпостарды иманы жоқ арсыздар деп өлтіре сынайды. Шортанбай төгіліп тұрған иман жүзді жан, ол өлеңінде өзімен-өзі сырласады, іштей мұңайады, іштей қайғы жеп, қасірет шегеді. Алланың ақ жүзін қайтып көремін, күнәм басымнан асады, қайткенде ғана тазарамын деп мың ойланып, жүз толғанады. Осы ойларын ақын өзінің алдындағы ұстазы Қожа Ахмет Иасауи секілді өлеңмен сөйлетеді:
Арам сулы балаға,
Атаның сөзі ұнамас.
Заманақыр боларда
Алуан-алуан жай шықты:
Қайыры жоқ бай шықты,
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп түсер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
Менің түсінігімше, Шортанбай ұлы ақын, ол айналадағы қым-қуыт өтіп жатқан аласапыран дүниенің бәрін теп-тегіс екі көзімен бірдей көріп тұр, қос жанарымен бірдей бақылап тұр. Сол алған әсерін төкпей-шашпай өлеңмен толғап, көпшілік қауымға жар салады. Әрбір сөзінде бір ғана шындық бар, тіпті,сол Шортанбай ақын біздің арамызда қатар жүріп: "қайыры жоқ елдің ішін дүрліктіріп ала тайдай бүлдіріп жатқан ақшаның көзімен көріп,қолымен ұстап тұрғандай толғайды!Ақынның халыққа өте танымал кітабы Қазан қаласында басылған "Қисса - и Шортанбай, Шортанбайдың бала зары" атты дүниесі. Ақынның бұл жинағы бастан-аяқ Алланың ақ жолын жырлайды, сол қастерлі жолды ұстай алмағандықтан заманның азғанын, жердің тозғанын, ел-жұртта береке-бірліктің қалмағанын терең толғапты. Халықтан құттың кеткенін ақын имандылықтың азайғанынан деп ұғады, хақтың жолымен түзу жүрмегендіктен енді жақсы заман келмейді деп торығады,оның себебін де өзі толғайды.
Шортанбай адамдардың әлеуметтік топқа бөлінуі олардың шыққан тегіне сәйкес болу керек деп есептеді.Заманның бұзылғанына наразы болған ақын әуелгі заманның енді қайта келмейтіндігіне, «құдасы жоқ құлдың,
қонысы жоқ байдың» озатынына, «байдың тілін жарлы алмай, ханның тілі қара алмай» өздері де жөнін біле алмайтынына қынжылыс білдіреді. «Заман оңайлар еді,бірақ оған әуелден бас білдірдің» деп осы жағдайға душар еткендерге ренішін айтады.Елде ұрлық пен парақорлықтың, өсек пен жалақорлықтың көбеюін, ұлы атасын сыйламаған, атасы батасын бермеген әлеуметтік құбылысты заманақырға теңеген.Шортанбай оның себебін патша өкіметінің отарлау саясатынан іздейді. Шортанбай ақырзаманды бүкіл адамзат ұрпағының жойылуы дейді. Оның ойынша, ақырзаман бұрынғы әдет-ғұрыптың бұзылуы, адамдар арасындағы сыйластықтың,бауырмалдықтың азаюы, әркімнің өз басын күйттеуі, қазақ халқының өз еркіндігінен айырылуы, орысқа бодан болуы.
Хандық билікті аңсаған ақын «Жандарал ұлығың, майыр сынғаның болды», «кәпірді піріндей тілмәшті жеңгендей дуанды үйіндей көрдің», енді сені күтіп «абақты тұр қасында, қазылған қара көріндей» деп сақтандырады. Шортанбай басқа халықтың заңдары мен тұрмыс ерекшеліктерінің екінші халыққа күшпен енгізілуінің қаншалықты қатерлі екендігін түсіндіреді. Ғасырлар бойы қалыптасқан биліктің, әдеп-ғұрыптың кенеттен өзгеріске ұшырауын ол халықтың адамгершілік нормаларын бұзатын құбылыс ретінде бағалады. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын батыл айыптады,бұл жағдайдан шығудың жолдарын іздеп арпалысты.
Шортанбайға бір ауыр тиген оқиға - Кенесары ханның өлімі. Бұл жағдай халқының еркіндігін аңсаған Шортанбайға да жаман әсер етті. Сондықтан да ол Кенесары мен Наурызбайдың ерлік істерін әрі жоқтай, әрі дәріптей жырлады. Ақынның «Көз көрген қазақ батыры» жыры - Кенесары хан мен Наурызбай батыр туралы арнау жоқтау мазмұнындағы толғау. Шортанбай Кенесарының, Наурызбайдың халқының бостандығы, тәуелсіздігі үшін арпалысып, бастарын өлімге қиған ерлік, батырлық, мәрттік өнегелерін дәріптей, мақтаныш сезімімен жырлайды:
Көз көрген қазақ батыры,
Алысқа кеткен дабыры.
Хан Кенедей ер қайда!
Шейіт боп біткен тағдыры!…
Наурызбай төре ер еді,
Өн бойы өнер, сері еді.
Күркіреп солар тұрғанда
Қазақты жау жеңбеді.
Хан Кене арадан кеткен соң, «орысқа қазақ қараған» заман басталып, енді алладан жәрдем тілеумен күн кешкеннен басқа амал қалмағанын айтып, ақын шерлі сырын ағытады.
Өмірінің соңғы айларында науқасы меңдей түскен Шортанбай өзінің толғақты ойларын қағазға түсірген. Жасы егде тартқан, әрі ауру жеңе бастаған ақынның жырлары көбінесе халқына, замандастарына, кейінгі ұрпаққа арнау, қоштасу, аманат айту сарынында жазылған.«Өлер зар» жинағында бірнеше өлең өзара байланыстырылып берілген. Қара өлеңмен орындалған шағын кіріспеде Шортанбайдың Семей қаласына барып қайтқан сапары сөз болады.Бірде кеш түсіп кетіп, оның ел таба алмай жапан далаға түнегені баян етіледі. Түнгі түсінде ақын жүзі суық екі адамды көреді. Оның бірі жандылардың жанын алатын Әзірейілдің өзі екен. Ол Шортанбайға:
Өлгенде имансыз құл жолда қалған,
Мен - Ғазрайыл, пенденің жанын алған.
Шүкір қыл, иман айтып, Шортанбайым,
Құдайдан жетті бұйрық - келді саған,дейді де ғайып болады.Бұл дүниеден үмітін үзіп, өлім күтіп отырған ақын өз басынан кешкендерін түгел тізіп, ағайын-туысқандармен және дос-жарандарымен қоштасқан екен.
Қорытындылай келе,Шортанбай Қанайұлының ұлылығы - оның айтқанының заманнан заманға ұласып жатуында.Жыраудың сонау XIX ғасырда жазғандары бүгінгі және келер уақытқа дөп келгендей. Сондықтан да халық ақынды қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді. Шортанбайдың тағы да бір ұтымды жағы: ол халықтың бай ауыз әдебиеті дәстүрінен қол үзбей, өзінің шығармаларында оны әрі молынан, әрі еркін пайдалана білуінде болып отыр. Сондықтан ақын өзінің көзқарасын, яки белгілі бір ұстаған идеясын көпшілікке әрдайым ұтымды жеткізуге ұмтылады,халыққа ұғымды тілмен сөйлеуге тырысады. Кезінде Шортанбай есімінің ел арасына кеңінен тарап кетуі де осыдан болса керек.Қайталап айтсақ, ол әлеуметтік келелі мәселелерге ерекше көңіл бөліп, оларға өз шығармаларынан мол орын берді; заманасының көлеңке жақтарын көре де, тани да біліп, қатты
сынға алды; кейбір жеке өлең-толғауларында сатира дәрежесіне көтерілді. Шортанбай өз шығармаларында заманның кескін-келбетін дәл басып, нақты көрінісін жасаған шыншыл ақын ретінде танылды. Өзінің болмыс-бітіміндегі көріпкелдік қасиетінің арқасында бұлыңғыр болашақты айна қатесіз болжай білген әулиелік қасиетімен ерекшеленді. Өлеңдерінің ою-өрнегін қиюластыра білген, мазмұн мен маңызды ұштастыра білген шебер ақын болды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Мұқанов С. Халық мұрасы: Тарихтық-этнографиялық шолу. - Алматы: Жазушы, 200. - 283-б.
2. Зар заман: Жыр толғаулар / Құраст. С.Дәуітов. - Алматы: Жалын, 1993. - 176 б.
3. Жеті ғасыр жырлайды: Екі томдық. - 1-т. - Алматы: Жазушы, 2004. - 400 б.
4.Жүністегі К.Тар заман: Екі актілі, алты көріністі трагедия // Арқа.
5. Шортанбай. Келер заман // Жұлдыз. -- 1992. - № 12. - 130-134 -б.-- 1993. -- № 2. - 32-48-б.
6. Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры: Қазақ әдебиеті тарихынан очерктер. - Алматы: Жазушы, 1970. - 63 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет