Алтын Орда ыдыраған кезде, яғни ХІV ғасырдың соңына қарай «ноғайлы жұртына» жататын ру-тайпалардың үлкен бөлігі маңғыт тайпасының және осы тайпаның билеушісі Едігенің бастауымен Ноғай ордасының негізін қалады
Алтын Орда ыдыраған кезде, яғни ХІV ғасырдың соңына қарай «ноғайлы жұртына» жататын ру-тайпалардың үлкен бөлігі маңғыт тайпасының және осы тайпаның билеушісі Едігенің бастауымен Ноғай ордасының негізін қалады. Осы орайда ескере кететін бір мәселе – сол кезеңде Едіге есімді бірнеше тұлғаның болуы. Атап айтсақ, оның алғашқысы Едіге Танашұлы, Әмір-Темір жорықтарына қатысып, Ұлытауда жерленген. Екінші Едіге – Ноғай ордасын негіздеген Едіге Балташықұлы, үшінші Едіге – Әмір-Темірге туыс Барлас Едіге, төртінші Едіге – Тәуке ханға жақын болған Едіге би.
Біз соның ішінде Ноғай Ордасын негізін салған – Едіге Балташықұлы турасында әңгімелейміз. Оның есімі тарихи деректерде 1376 жылдан бастап кездеседі. Ол алғаш Ақ Орда ханы Орысқа қызмет жасады, одан соң Бұқарада Темірден пана тапқан Тоқтамысқа келді. Алайда 1389 жылы Тоқтамыспен жанжалдасып қалған ол Әмір-Темірге қайтып келіп, 1391 жылы соның жағында, Тоқтамысқа қарсы соғысты. Бірақ Едіге Әмір-Темірге бүтіндей беріле қойған жоқ. Жорықтан қайтар жолда ол, өзінің руластарына жаушы жіберіп, оларды Әмір-Темір әскерлері жүретін жолдан аулаққа көшіріп жіберді.
Біздің ойымызша, Едіге мұндай әрекеттерге өзінің маңғыт жұртының мүддесін қорғау мақсатымен барған. Болашақ Ноғай ордасының негізін қалаған маңғыт жұрты бұл кезде, яғни ХV-ХVІ ғасырларда Еділдің батысында көшіп-қонып жүрген атамекендерінен – шығысқа, Жайық пен Ембінің арасына қоныс аударып, осылайша, өздерінің көсемі Едігенің ақылымен осы тұста Кубан далаларын жаулаған Әмір-Темірдің тонаушылық әрекеттерінен сытылып кетті. Мұның өзі о баста Түркістан аймағынан солтүстік Қырым аймағына қоныс аударған маңғыттардың кері көшулері еді.
Осылайша, Едіге бастаған маңғыттар өздерінің ру-тайпаларын топтастыра түсті. Алғаш Алтын Орданың мұрагері болып табылатын Үлкен Орданың және одан төменде орналасқан Алтын Ордадан бөлініп кеткен Астрахан хандығының аймағында аса ықпалды болған маңғыттар (ноғайлар) Едігенің ұлы Нұр ад-диннің кезінде (1426-1440 жж.) дербес мемлекет құрды. Жалпы, Еділ-Жайық аймағындағы маңғыттардың Сараймен теке-тірестерінің ашықтан-ашық күшейе түсуі Алтын Ордада Ұлы Мұхаммед (1428-1430 жж.) билік құрған тұста күшейе түсті. Одан соң қысқа мерзімге билік құрған Кіші Мұхаммедтің (1430 ж.) ұлдары Ахмед пен Махмұдтың тұсында және Жошы ұлысының Еділден шығысқа қарайғы өзбектер мен маңғыттар аймағына билік жасаған, кейініректе Жәнібек пен Керей бастаған қазақ сұлтандарының ата жауына айналған Шайбан тұқымы Әбілқайыр ханның (1428-1440 жылдардың соңы) билігі кезінде мүлдем өршіп кетті.
Айта кетер бір маңызды мәселе, Жошының бесінші баласы Шайбаннан тараған тұқымның Жошының үлкен ұлы Еженнен тараған ұрпақ билейтін Ақ Орда аймағында таққа отыруға ешқандай құқығы жоқ еді. Басқасын былай қойғанда мұның өзі үлкен ұлға билік беретін Шыңғыс ханның «Жасақ» заңын көпе-көрнеу бұрмалау болатын еді. Алайда оңтүстіктен басталған Әмір-Темірдің жорықтары Ақ Орда ұлысын күйретіп, Ежен ұрпақтарының билікке барар жолдарын мүлде кесіп тастады. Мұның өзі Шайбан ұрпақтарының, дәлірек айтар болсақ, Мұхамед Қожа, Әбілқайыр, Жұмадық тәрізді ықпалды тұлғалардың Ақ Орда аймағында таққа таластарын өршітті. Маңғыттар (Бешулы-маңғыт, Исаби-маңғыт, Қара-маңғыт, Шигасан-маңғыт) билеушісі Нұр ад-динұлы Уақастың және оның ықпалындағы өзбек тайпаларының (татар-өзбек, алшын, байұлы, қаңлы-кіштек, құрық-қаңлы, қатаған, керейт, қара қыпшақ, сары қыпшақ, қоңырат, ақбұт-найман, қара найман, кигачлы-найман, кушу-найман, тараклы-найман, урман-найман, қостамғалы-тама, ябы-тама, бағалы-уйшун, телеу, ұйғұр) қолдауымен Әбілқайырды таққа отырғызды.
Дәл осы уақытта, яғни 1430 жылдардың басында Әбілқайырдың беклербегі Уақас (Еуропа деректерінде Ваккас) Алтын Орданың мұрагері Үлкен Орданың тағының мұрагерлері Махмұд пен Ахмедті талқандап, шығыстағы Ноғай ордасының күшеюіне жол ашты. Оның ұлдары Мұса би мен Жаңбыршы (Ямгурши-мирза) би Жошы ұлысының сол қанатындағы бұрынғы Ақ Орда аймағында Ноғай ордасын орнықтырды. Бірақ Ноғай мырзалары қанша қуатты болса да, Шыңғыс тұқымына жатпайтындықтан, Әбілқайыр хандығын мойындауға мәжбүр болды. Маңғыттардың қолдауымен Әбілқайыр өзінің қарсыласы Мұхамед Қожаның солтүстіктегі астанасы Тара (Тюмень) қаласына басып кіріп, дара билігін орнатты. Бұл мемлекет, негізінен, өзбектер мен маңғыттардан құралғандықтан тарихи әдебиетте кейде «Маңғырт жұрты» немесе «Көшпелі өзбектер ұлысы» деп те аталады. Бірақ Ақ Орда тағының заңды мұрагерлері Жәнібек пен Керей бастаған сұлтандар, негізінен, маңғыт мырзаларының қолдауымен күшпен құрылған Әбілқайыр мемлекетін мойындамады. Сондықтан да олар бастаған тайпалар бұл мемлекет аумағынан көшіп, Моғолстан өңіріндегі, Шу мен Талас өзендері аралығындағы дулат бауырларының атамекеніне қоныстанды. Өздерінің соңдарына түскен Әбілқайыр жорықта опат болған соң, Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын құрды.
ХVІ ғасырдың басында аталған маңғыт билерінің, әсіресе Мұса бидің тәуелсіз саясатының арқасында Ноғай ордасы өзінің аймағы, әскері, әкімшілігі бар дербес саяси құрылымға айналып, енді маңғыт әмірлері тіптен «осы өңірге хан боламын» дегендердің тағдырын шешетін күшке айналды. Мысалы, 1470 жылы олар Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбанидің таққа отыруына тікелей себепкер болды. Мұса би бастаған маңғыт мырзаларын ептілікпен өзінің ықпалында ұстай білген Мұхаммед Шайбани алғашқы қазақ ханы Керейдің және оның ұлы Мұрындықтың ұзақ жылдарға созылған табанды шайқастарының нәтижесінде ығысып, Мәуереннахрға қоныс аударуға мәжбүр болды. ХVІ ғасырда Ноғай ордасының негізін қалаған маңғыттардың едәуір бөлігі Қырым түбегінен солтүстіктегі аймақтарға қоныс аударды. Осында топтасқан маңғыттар Мансұрұлы әулетінің билігін орнықтырды. Маңғыт билерінің ықпалдарын Қазан, Астрахан және Сібір жұрттары да айқын сезінді.
Алайда Мұса биден кейін Ноғай ордасының әлсіреу кезеңі басталды. Сарайшықты өзінің резиденциясына айналдырған әз-Жәнібек өзіне қарасты тайпаларды ноғайлар арасынан қазақ арасына көшіріп алды. 1472 жылы Мұрындық ханның тұсында Қасым сұлтан бастаған қазақ әскерлері Ноғай аймағына басып кірді және Мұрындық хан Сарайшықты тағы да өзінің астанасына айналдырды. Ноғайларды қазақтарға қарсы күресте әлсірете түскен, олардың ұзақ жылдар бойы сенімді әріптесіне айналған Мұхамед Шайбанидің Иран шахы Исмайл Сефевидің қолынан қаза табуы болды. Осындай жағдайда 1519 жылдан бастап Қасым хан маңғыттарды бағындыруға біржолата кірісті. Ол Қазақ хандығының батыстағы шекарасын Жайық өзеніне дейін жылжытты.
Бірақ мұндай жетістікті одан кейін Қазақ хандығын билеген Тахир қолда ұстап тұра алмады. Оның әлсіздігін пайдаланған Мұса мен Алшағыр бидің балалары Қазақ хандығын Қыпшақ даласынан қайта ығыстырып шығарды. Тахир хан Жетісуға барып тығылды. Мұның өзі Ноғай ордасын қайта күшейтті. Ноғай ордасының айбаты 1530-1540 жылдары барынша артып, ол енді Қазақ хандығын ғана емес, Башқұрт жерін де өзінің ықпалында ұстады. Алайда мұндай өрлеу ұзаққа созыла қойған жоқ. ХVІ ғасырдың орта шенінде ноғай мырзаларының билікке таласқан қырғындары қайта басталды және нәтижесінде Исмайыл жеңіске жетті. Дегенмен де ол енді түрлі топтарға бөлініп кеткен ноғай тайпаларының басын бір мемлекетке біріктіре алған жоқ. Оның қол астындағы жұрт Үлкен Ноғайлы деп аталса, ал солтүстік батыс Кавказда Кіші Ноғайлы жұрты пайда болды. Бұл, шынында да, қуатты Ноғай ордасының бөлшектенуі және күйреуі еді.
Бір орталыққа бағынудан қол үзіп кеткен ноғайлар көрші жұрттардың аймақтарына бытырай қоныс аударды. Ноғай жұртының орнында енді ұсақ-ұсақ Едисан, Едишкул, Буджақ тәрізді майда ордалар қалды. Ал ноғай көшпелілері болса тағы да, топтасып, қарақалпақ этносын құрады. Ұзақ жылдар қатар өмір сүрген шығыстағы қазақтар да көрші ноғайлардың кейбір этноқұрылымдарын қабылдады. Он сан коғайлардың Алтыұл ұлысының үлгісімен қазақтарда Алты сан Алаш қауымдастығы қалыптасты. Ноғай көсемдерінің бірі – Жаңбыршы бидің жауынгер ұлының Алаш атанғанын да білеміз. Бір бөлігі ноғайларға кірген керейт, тама, телеу тайпалары ноғайлардың едисан (жетісан) тайпалық одағының үлгісімен қазақтың Жетіру одағының қалыптасуына түрткі болды. Қазақ пен ноғайдың рухани жақындығының жарқын көрінісі болған, екі жұртқа ортақ «Ноғайлы жырлары» әлі де талай ұрпақты ерлік пен елдікке тәрбиелей береді.