Ќан жїйесі физиологиясы



бет62/128
Дата31.12.2021
өлшемі6,9 Mb.
#23273
түріОқулық
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   128
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы

Құс терісінің туындылары. Құс терісі өзінің туындыларымен: қауырсындар, құйыршық безі, құс тырнақтарының аралықтарындағы терілі жарғақтар, терінің мүйізді туындылары (мүйіз тұмсық, мүйіз тырнақ, аяқ жіліншігі мен тырнағының мүйізді қабыршығы) мен құс айдары, сырғалық, сақалдық және күрке тауықтың қауырсынсыз бас-мойын аумағы терісіндегі шорлықпен ерекшеленеді. Құс терісінде бауырымен жорғалаушылар терісіндегідей, май және тер бездері болмайды. Құс терісінде тек, құйымшақ омыртқалар аумағындағы май бөлетін - құйыршық безі болады. Ол, әсіресе, суда тіршілік ететін құстарда жақсы жетілген. Құйыршық безі – түрі өзгерген май безінің жиынтығы. Құйыршық безінде балапан құстардың қаңқа сүйектерінің дамуына керекті D дәрмендәрісі қорға жиналады екен. Құйыршық безін сылып тастаса, онда балапандар сүйектерінің жетілуі тоқтап, қаңқа сүйектерінде рахит ауруына тән белгілер пайда болады.

Құс терісінің қауырсындары. Қауырсын жабыны құстарды бауырымен жорғалаушылар мен сүт қоректілерден ерекшелендіретін терінің ең маңызды құрылымдық элементінің бірі болып табылады. Қауырсын жабыны организмді қоршаған ортаның жағымсыз факторларының (суық, ылғалдылық) әсерінен қорғайды, жылу реттегіштік, сезімталдық және т.б. қызмет атқарады. Қауырсынның жеке түрлері құстың ұшуында маңызды рөл атқарса, кейбіреулері құстың қосалқы жыныс белігісі болып табылады.

Қауырсындар - терінің сыртқы жамылғысы. Денедегі орналасу орындарына, құрылысына, желпуішінің пішініне және қызметіне байланысты құс қауырсындары: пішіндік (кескіндік) қауырсындар және мамық қауырсындар болып екі топқа бөлінеді.

Пішіндік қауырсындар - құс денесіндегі қауырсындардың негізін құрап, құстың дене бітімі мен пішінін анықтайды. Бұлар қатты сояудан және тығыз келген желпуіштен тұрады. Пішіндік қауырсындарға: жамылғы, желпуіш және бағыттаушы қауырсындары жатады.

Мамық қауырсындар - майда жұмсақ болып келеді. Олар жамылғы қауырсындардың астында орналасады. Бұлардың сояулары өте жіңішке болып келеді де, желпуіш сәулелерінде қармақша ілгектер болмайды. Мамық қауырсындар құстарға дене қызуын сақтап, бірқалыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Мамық қауырсындар, әсіресе, үйрек пен қаз денесінің төменгі беткейінде қалың болады. Жамылғы және мамық қауырсындар суда тіршілік ететін құстарда денеге тығыз жанаса орналасып, суды теріге қарай өткізбей, организмді салқын тиюден сақтайды.

Аталған негізгі қауырсындардан басқа құс терісінде, дененің белгілі-бір аумақтарында ғана кездесетін жіп тәрізді, шашақ тәрізді және қылшық тәрізді қауырсындар болады.



Құс қауырсынының сипатына қарап организмнің физиологиялық күйін бағалауға болады. Дені сау құстың қауырсыны тегіс әрі жылтыр келеді.

Жұмыртқаны жаңа жарып шыққан балапанның денесі мамықпен қапталады. Олардың түбі алғашқы қауырсын сабағына бекиді де, ал жоғарғы шашақталған ұшы терінің бетін тегіс жауып тұрады. Өсіп-даму барысында алғашқы қауырсын сабағы қауырсын қабынан көтеріле шығып, мамықты ығыстыра бастайды да, алғашқы қауырсын жабыны пайда болады. Оның қалыптасу мерзімі әр түрге және тұқымдасқа жататын жас балапандарда әртүрлі болады. Ақ леггорн тұқымдасына жататын балапандарда алғашқы қауырсын жабыны бір айлығында аяқталады да, оның екінші реттік қауырсын жабынымен алмасуы кезеңі басталады. Бұл кезең балапанның бес айлығына дейін жалғасады.

Жас және ересек құстардың денесінің беткейінде қауырсын біркелкі орналаспайды. Құрылымы мен қызметіне қарай қауырсындар жамылғы қауырсындар, мамық, жіп тәрізді, шашақ тәрізді, қылшық тәрізді қауырсындар болып жіктеледі.

Құстардың кескіндік (контурлық) қауырсындары терінің қауырсын қабатының негізгі тығыз затынан түзеді. Ол жамылғы, желпуіш және бағыттаушы қауырсындарға бөлінеді.

Жамылғы қауырсындар - бір-біріне тығыз жабыса орналасып, теріні сыртынан жаба қаптап, құс денесіне белгілі пішін береді. Олар астында орналасқан мамықпен бірге қауырсын қабатының жылу сақтаушы бөлігін құрайды. Орналасқан орнына байланысты олар төбенің, мойынның, арқаның, иықтың, жемсаудың, кеуденің, құрсақтың және қанаттың жамылғы қауырсындары болып бөлінеді. Мойын аумағындағы ұзын жамылғы қауырсынды «жал» сирақтағыларын – «балақ» деп аталады.

Қанаттың үстіңгі және астыңғы беттерінде үш түрлі: үлкен, орташа және кіші жамылғы қауырсындар болады. Жамылғы қауырсын мен мамық бірлесіп құстың майда қауырсынын құрайды, ал желпуіш және бағыттаушы қауырсындары ірі қауырсындар тобына жатады.

Желпуіш қауырсындар ауа ағымына төзімді, ұзын, серпімді, тығыз әрі берік және жалпақ болып келеді. Олар құс қанатының негізін құрайды. Бұл қауырсындар құс қанатының білек және қанат басы аумақтары терісіне бекіп, дене пішініне сәйкес сәл иіліңкі келеді. Қанат ұшының екінші және үшінші саусақ сүйектері аумағындағы желпуіш қауырсындар ірі болып келеді және олар бірінші реттік қауырсындар деп аталады. Олардың саны тауықтарда 10-12. Бірінші саусақ аумағындағы бір жерде орналасқан желпуіш қауырсындар 3-4 қанаттық деп аталады. Шынтақ сүйек аумағының жоғарғы жағына бекитін желпуіш қауырсындар майдалау болып келеді және олар екінші реттік қауырсындар деп аталады.



Бағыттаушы (құйрық) қауырсындар (10-12), көлденеңінен бір қатарға орналасып, соңғы 4-6 құйрық омыртқаларына бекиді. Бағыттаушы қауырсындардың желпеуіштері ұзын болады да, ұштары сәл сыртқа қарай иіліп тұрады (тауықтарда), ал күрке тауықтарда олар жалпақ болып келеді.

Құйрық қауырсындарының негізін жамылғы қауырсындары жауып оны құйрықүсті және құйрықасты қауырсынына бөліп тұрады.



Кейбір тауықтарда бағыттаушы қауырсындар айтарлықтай ұзын болады. Құйрық қауырсындарының ұзындығы мен саны тауықтардың тұқымына байланысты өзгеріп отырады. Құйрықсыз тауықтарда қауырсынның болмауы құйрық омыртқаларының жақсы жетілмегенін көрсетеді.

Мамық қауырсындар қысқа бағаннан және жұмсақ желпуіштен тұрады. Мамық қауырсын эмбриондық және ересек құс мамығы болып бөлінеді. Эмбриондық мамық жас балапандардың денесін жауып тұрады. Көгершіндерде ұсақ мүйізді дәндерден құралатын ұнтақты мамық болады. Ол дәндер ерекше болбыр қауырсынның ұсақталуынан пайда болады. Осы ұнтақ мамық көгершіндерде құйыршық бездің қызметін атқарады деген болжам бар. Құстардың түрі мен тұқымына байланысты мамық қауырсынның тығыздығы әртүрлі болады. Үйректер мен қаздарда мамық дененің төменгі бөлігінде жақсы жетілген.



Жіп тәрізді қауырсындар - ұзын әрі жіңішке келген шаш тәрізді сояудан тұрады, оның ұшында ілмегі мен кірпікшелері жоқ бірнеше қысқа тарамдары болады. Бұл қауырсындар шумақ түзіп, құстың бас, кеуде және мойын аумағындағы жамылғы және мамық қауырсындардың маңында орналасады.

Шашақ тәрізді қауырсындар - ұзындау әрі жіңішке келген сояулардан тұрады, оның ұшында әлсіз байланысқан мұртшалары болады және олар құйышық безінің өзегінің ашылған жерінде оны қоршай орналасады.

Қылшық тәрізді қауырсындар - түрі өзгерген қауырсын, ол желпуіші жоқ жіңішке сояудан ғана тұрады. Ол тұмсықтың түбінде, кейде тырнақтар маңында және көздің үстінгі жағында орналасады.

Құстардың түрі мен тұқымына байланысты қауырсын қабатында морфологиялық ерекшеліктер байқалады. Үйректер мен қаздар қауырсыны тауықтармен салыстырғанда тығыз болады. Сонымен қатар, ол ылғал мен ауаны нашар өткізеді. Осыған байланысты суда жүзетін құстар аязға және жоғары ылғалдылыққа төзімді болып келеді. Тауықтар қауырсынның тығыздығы олардың тұқымдық ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, ақ леггорн тауықтарында қауырсындар родайланд тұқымына қарағанда тығыз болады. Тауықтарда кескіндік қауырсындар үйректерге қарғанда ұзынырақ болып келеді. Үйректерде желпуіштер берік болады.

Құстардың түрлері мен тұқымдарына сәйкес, олардың тері жабынындағы қауырсындардың өздеріне тән түр-түсі мен реңі болады. Қауырсынның реңі, оның құрамындағы бояғыш заттарға (пигменттерге) байланысты. Пигмент меланин - құс қауырсынын қоңыр-сары не қара түске, ал липохромдар – сары, қызыл, көгілдір, немесе жасыл түске бояйды.

Құстарда қауырсынның реңі мен дұрыс өсіп-жетілуін қалқанша безінің гормондары реттеп отырады. Қалқанша безді сылып тастаған кезде дененің әртүрлі аймағында қауырсынның түсі өзгеріске ұшырайды немесе ол мүлдем түссізденеді (А.А.Бойткевич).



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   128




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет