Зәр түзілу процесінің реттелуі. Зәр түзу орталығы сопақша мида орналасады, ол аралық мидағы су мен тұздың алмасуын реттейтін орталықпен тығыз байланыста әрекет етеді. Зәр түзу процесіне үлкен ми сыңарлары да әсер етеді.
Нефрондар қызметі рефлекторлық жолмен де, гуморальдық жолмен де реттеледі. Бүйрек жұмысы органның өзінде орналасқан сезімтал жүйке ұштарын немесе басқа рецепторларды (көру, есту, тері, проприо-, интерорецепторларды т.б.) тітіркендіргенде өзгеретіні дәлелденген. Бүйрек қызметін рефлекстік жолмен реттеуде осморецепторлар мен волюмрецепторлардың да маңызы өте зор.
Бүйрек симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелермен жүйкеленеді. Симпатикалық жүйкені тітіркендіргенде мальпигий шумақтарының қанмен жабдықталуы өзгеріп, зәрмен су азырақ, ал хлорлы натрий көбірек шығарылады. Кальцийдің кері сорылуы мен секрециясын да симпатикалық жүйке талшықтарының реттейтіні жайлы деректер бар. Кезеген жүйкені тітіркендіргенде организмнен судың бөлінуі күшейіп, азотты заттардың шығарылуы кемиді. Бүйрекке келетін симпатикалық және кезеген жүйкелерді қиып тастағанда организмнен хлорлы натрийдің бөлінуі күшейеді, ал кезеген жүйкені тітіркендіргенде ол азаяды. Вегетативтік жүйкелер бүйрек жұмысына оның қанмен жабдықталу деңгейін өзгерту арқылы әсер етеді. Зәр түзу бүйрек тамырлары тарылған, қан қысымы төмендеген кезде әлсірейді де, керісінше, бүйрек тамырлары кеңейгенде, жалпы қан қысымы жоғарылағанда - күшейеді.
Вегетативтік жүйкелер бүйрек жұмысына оның қанмен жабдықталу деңгейін өзгерту арқылы әсер етеді. Зәр түзу бүйрек тамырлары тарылған, қан қысымы төмендеген кезде әлсірейді де, керісінше, бүйрек тамырлары кеңейгенде, жалпы қан қысымы жоғарылағанда – күшейеді.
Бүйректің қызметі гуморальдық жолмен де реттеледі. Диурез қанда хлорлы натрий, несепнәр, пурин негіздері көбейсе күшейеді. Дегенмен, зәр түзу процесін реттеуде гипофиздің вазопрессин гормоны мен бүйрек үсті безінің қыртыстық затынан бөлінетін альдостерон гормоны маңызды рөл атқарады.
Организмде су тапшылығы байқалса, қан құрамында хлорлы натрий концентрациясының өсуіне байланысты ұлпалар мен ағзалардағы осморецепторлар тітіркенеді де, тітіркеніс афференттік жолмен гипоталамус арқылы нейрогипофизге бағытталады. Осының нәтижесінде вазопрессиннің бөлінуі күшейеді. Вазопрессин гиалуронидаза ферментінің түзілуін арттырады. Бұл ферменттің әсерімен бүйректің дисталдық (екінші реттік) ирек түтікшелерінің қабырғаларын тығыздап тұратын мукополисахарид - гиалурон қышқылы полимерсізденіп, түтікшелер қабырғасындағы жасушалар кеңейеді де, судың кері сіңірілу процесі күшейеді. Осының нәтижесінде организмде су қоры көбейіп, зәр түзу қарқыны күрт төмендейді (олигоурия) немесе зәр бөлу тоқтайды (анурия). Вазопрессин неғұрлым көп бөлінсе, соғұрлым гиалуронидаза мол түзіледі де, нефрон түтікшелерінің дистальдық бөлігінде судың кері сіңірілуі күшейеді. Организмде су қоры артып кетсе, вазопрессин аз бөлінеді де, гиалуронидазаның синтезі төмендейді, гиалурон қышқылы бұзылмайды, түтікшелер қабырғасы беки түседі, судың қайта сіңірілуі нашарлап, зәр түзу күшейеді. Гипоталамус зақымданса, қанға вазопрессин бөлінбейді де, зәр бөлу шамадан тыс артып кетеді (полиурия).
Зәр түзуді гуморальдық жолмен реттеу процесіне гипофизбен қатар басқа да ішкі секреция бездері қатысады. Организмге бүйрек үсті безінің адреналин гормонын аз мөлшерде ексе, нефрон шумағының қан әкететін тамырларының арнасы тарылып, фильтрациялық қысым көтеріледі, диурез күшейеді. Көп дозада адреналин қан әкелетін тамырлар арнасын да тарылтады, сондықтан зәр түзу нашарлайды.
Бүйрекүсті безінің гормондары – альдестерон, дезоксикортикостерон натрий мен хлордың реабсорбциясын күшейтеді және бүйрек түтікшелерінде калийдің реабсорбциясын баяулатады.
Қалқанша безінің гормоны тироксин судың организмінде жиналып қалуын бөгейді және белоктық алмасуды күшейтеді, соның арқасында зәрмен бірге судың және азоттық алмасудың соңғы өнімдерінің шығарылуы күшейеді.
Қалқанша серік безінің гормоны – паратгормон зәр құрамында фосфордың бөлінуін күшейтеді, бүйрек түтікшелеріндегі кальцийдің реабсорбциясына әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |