Сәукеле кигізу Сәукеле кигізу (салт). «Қара мақпал сәукеле, шашың басар жар жар ау» (жар жар). Өмірде қазақ салт дәстүрлерінің түрлері көп. Соның ішінде қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бір бөлек. Себебі сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті. Ол бұлғақтап өскен оң жақтағы және ақ босаға аттар арасындағы қимас та қызықты кездің ескерткіші. Бұл аз болса келіншекке сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат. Бұған құда құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды. Сәукелелі келіншек ажарлы да базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Жас отау, сәукелелі келіншек, ойын сауық, көңілді күлкі жаңа өмірдің бақыт есігін ашқандай әсер етеді. Сәукеле туралы бірер сөз. Сәукеле келіншек киімі. Ол бас киім ғана емес қазақ сән салтанатының, салт дәстүрінің мәдениеі мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілерімен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс! ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре бес жүз байталға бағалаған.
Жасау Жасау(салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс аяқ, төсек орын, киім кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады. Жігіт түйе «Жігіт түйе» (дәстүр). Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер тұрман әкеледі. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.
Сүт ақы Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады.