Ана сүті "Қыз ұзату" салты кезінде құдалар тарапынан әкелінетін ең басты, жолы бөлек кәде сыйды "сүт ақы" дейді. Оны "ана сүті" деп те атайды. Яғни, келген құдалар қыздың анасына "сүт ақысын" төлейді
Ана сүті "Қыз ұзату" салты кезінде құдалар тарапынан әкелінетін ең басты, жолы бөлек кәде сыйды "сүт ақы" дейді. Оны "ана сүті" деп те атайды. Яғни, келген құдалар қыздың анасына "сүт ақысын" төлейді. Әлдилеп ақ сүтін беріп өсіргені үшін қыздың анасына кәде беріп, батасын алады. Бұрынғы заманда ол бір түйе немесе ат болған. Дегенмен Қазақстанның әр аймағы бұл дәстүрді өзінше өткізеді.
Қалың мал «Қалың мал» (дәстүр, кәде). «Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С.Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» днп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», « отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», « жиырма жеті», « он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты. Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев).