Бауыр, орналасуы, құрылысы мен қызметі. Бауыр, hepar, үлкен қызыл-күрең түсті, адам организміндегі ең ірі без. Ересек адамда салмағы 1500гр жуық. Бауыр организмде бірнеше қызметтер атқарады, ас қорыту мүшесі ретінде ішекке өт бөледі, бауырда кейбір белоктар (альбумин, глобулин, протромбин) түзіледі, осы жерде глюкоза гликогенге айналады, қан арқылы келген әртүрлі зиянды заттарды залалсыздандырылады. Сонымен қатар эмбрионалдық кезеңде бауыр қан түзуші мүше және қан депосы болып табылады.
Бауыр топографиясы. Бауырдың оң жақ қабырға астында орналасады да қабырға доғасынан төмен түспейді.
Бауырдың пішіні саңырауқұлақ қалпағы тәріздес, екі беті болады.
Көкеттік беті, facіes dіaphragmatіca, дөңес, жоғарғы және алға қараған, көкетпен жанасып жатады. Бауырдың көкеттік беті орақ тәрізді байлам арқылы оң және сол бөліктерге бөлінеді.
Висцералдық беті, facіes vіsceralіs, төменге және артқа қараған, ішкі мүшелермен жанасып жатады. Екі бетін қосатын алдыңғы жиегі өткірлеу, артқы жиегі доғалдау болады.
Висцеральды бетінде үш жүлге: көлденең және оң және сол бойлық жүлгелер орналасады. Ортасында орналасқан көлденең жүлгеде бауыр қақпасы, porta hepatіs, орналасады. Бауыр қақпасы арқылы бауырдың меншікті артериясы, қақпа венасы, жалпы өт өзегі, лимфа тамырлары және нервтер кіреді. Оң бойлық жүлгенің алдыңғы бөлігі өт қуығының шұңқыры, ал артқы бөлігі төменгі қуысты вена жүлгесі болып табылады. Сол бойлық жүлгенің алдыңғы бөлігі жұмыр байлам саңылауы, ал артқы бөлігі веноздық байламның жүлгесі болып табылады. Бұл саңлауларда аттас байламдар орналасады, құрсақтағы кезеңде кіндік венасы және веналық өзек орналасады. Ішастар бауырдың көп бөлігін қаптап жатады.
Бауыр жүлгелері бауырдың висцералдық бетін төрт бөлікке бөледі: оң, шаршы, сол және құйрықты. Висцералдық бетінде он екі елі ішектің, оң жиектік иілімнің, оң бүйректің және оң бүйрек үсті безінің батыңқы іздері байқалады.
Бауырдың көлденең жүлге мен артқы жиегінен басқа жерлері ішастармен барлық жағынан қапталған. Ішастардың бауырдан ішкі мүшелерге өтетін жерлері бауырды бір деңгейде ұстауға мүмкіндік беретін байламдар түзеді: орақ тәрізді байламы,lіg.falcіforme,тәждік байлам, lіg. coronarіum, оң және сол үшбұрышты байламдар, lіgg. trіangularae.
Бауырдың құрылымдық-қызметтік бірлігі-бауыр бөлікшесі деп аталады. Бауыр бөлікшесі пішіні призма тәрізді. Адам бауырында 500 000 жуық бауыр бөлікшелері болады.