Формалин – формальдегидтің 37% ерітіндісі. Күшті дезинфекциялық әсер көрсетеді. 0,5-5% ерітінділері қолғаптарды, дренаждарды, құрал-саймандарды залалсыздандыру үшін қолданылады. Антипаразитарлы зат ретінде эхинококкозды емдеуде тиімді, сонымен бірге биопсиялық препараттарды тұрақтандыру үшін қолданылады. Құрғақ күйінде газды залалсыздырғыштарда оптикалық құрал-саймандарды (лапароскоптар, эндоскоптар және т.б.) өңдеу үшін қолданылады.
Лизол – күшті дезинфекциялық әсер көрсетеді. 2% ерітіндісі күтім заттарын, бөлмелерді, ластанған құрал-саймандарды өңдеу үшін пайдаланылады.
Фенолдар
Карбол қышқылы – күшті дезинфекциялық әсері бар. Қазіргі кезде тек басқа заттардың құрамында ғана қолданылады. Мысал ретінде, үштік ерітінді – 20г. формалиннен, 10г. карбол қышқылынан, 30г. сода мен дистиллденген судан тұрады. Құрал-саймандарды, күтім заттарын өңдеуде пайдаланылады.
Бояғыштар
Бриллиант жасылы – жараларды сырттай өңдеу үшін қолданылатын антисептикалық зат. Бұрын Баккал әдісі бойынша операциялық алаңды өңдеуде пайдаланылған.
Метилен көгі – сыртқа және ішке пайдаланылатын антисептикалық зат. Жараларды жуып-шаю үшін, сонымен қатар урологиялық тәжірибеде қуыққа шығарылатын боялған зәр арқылы бүйректің қызметін анықтауда; хирургияда – жыланкөздерді кесіп алып тастағанда, олардың өзегін сырлау үшін қолданылады.
Қышқылдар
Бор қышқылы – сыртқы қолдануға арналған антисептикалық зат. 2-4% ерітінділері жараларды жуып шаюда пайдаланылады. Көк-іріңді таяқшаны жоятын өте күшті әсері бар.
Салицил қышқылы – сыртқы қолдануға арналған антисептикалық зат. Іріңді жараларды емдеуде пайдаланылады.
Сілтілер
Мүсәтір спирті – сыртқы қолдануға арналған антисептикалық зат. Бұрын Спасокуккоцкий-Кочергин әдісі бойынша хирургтың қолын өңдеуде пайдаланылған.