Д. Исабеков шығармаларындағы мәдени коннотацияның коммуникативтік мәні
Ұлттық тарихымызда маңызды орын алатын дін, діл, әдебиет, мәдениет, әдет-ғұрып сынды рухани құндылықтардың бәрі де тіл арқылы, сөз арқылы танылып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ұлттық сана-сезімді қалыптастырып отыр. Белгілі тілтанушы ғалым Б. Қалиұлы тіл мен рухтың, тіл мен халықтың, тіл мен мәдениеттің байланысы жөнінде мынадай тұжырымды пікір айтады: «Тіл – халықтың бүкіл өмірінің айнасы. Ол (тіл) халықтың ақыл-ойы мен сана сезімінің, мәдениетінің барлық жауһарлары жинақталған мұражайы, асыл қазынасы, алтын қоры. Өмірді тілден артық бейнелейтін, тілден артық сипаттайтын ешнәрсе жоқ» [112, 141 б.]. Бұл тұжырымның мәнін Ю.Н. Карауловтың мына пікірі бекіте түседі: «Білім жиынтығы (қоғам, адамзат) бекітілген және тұрақты нәрсе ретінде тек тілдің көмегімен және тек мәтіндерде ғана жиналып, тұрақтанбайды, сайып келгенде, бүкіл мәдениет, өркениеттің барлық өнімдері, қалалардың сәулеті, көліктер, көпірлер, симфониялар, ұшақтар, тұрмыстық техника, жиһаз және ғарыштық зымырандар сияқты әрбір артефакт, таным әрекетінің объектісі болған әрбір табиғи феномен оның іске асырылуы мен материализациясы болып табылады. Бірақ бұл субъектілік және объективті тезаурустарда көрініс беретін анизотропты кеңістік өздігінен белсенді емес, оның өзіндік қозғалысы және өсу себептері жоқ. Белсенділік субъектінің қасиеті және тезаурус облыстары арасындағы қозғалыс болып табылады, оның серпіні индивидтің өзекті көрсететін болмыс бейнесінің (оның фрагментінің, оның элементінің) және бұрын оның субъектілі тезаурусында қалыптасқан бейненің үйлесімсіздігімен, сәйкессіздігімен түсіндіріледі», дейді [113, 174 б.]. Демек, кез келген халықтың көне тарихының қатпарлары мен қоғамдық-мәдени өмірінің ерекшеліктері, ең алдымен, көркем сөзде, мәтінде көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, Д. Исабеков шығармаларында да рухани және материалдық лексиканы құрайтын туыстық атаулардың, өлшем атаулары мен киелі сандар жүйесінің, діни лексиканың, киім-кешек, ыдыс-аяқ, ас-тағам және қару-жарақ атауларының, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет- ғұрпын, наным-сенімін бейнелейтін этнографиялық деректердің автор мақсатына сай көркем мәтін кестесінде өзіндік комуникативтік қызметі ерекше. Жазушының қай шығармасын алсақ та – нағыз қазақи өмір, қазақи шынайылық, қазақи тұрмыс-тіршілік, қазақи таным-түсінік, бір сөзбен айтқанда, қазақилықтың иісі аңқып тұрған ұлттық бояуы қанық туындылар [114, 32 б.].
Белгілі бір халықтың тұрмыс-тіршілігінен, мәдениетінен, салт-санасынан, т.б. ерекшеліктерінен ақпарат беретін тілдік бірліктер этнолингвистика ғылымында реалия, логоэпистема, лакун, т.б. терминдермен аталып жүр. Профессор Ә. Әлметова аталған терминдердің негізгі ерекшеліктерін және
оларға тілтанушы, мәдениеттанушы ғалымдардың берген анықтамаларын саралай келе, бұл ұғымдарды аялық білімнің бір түрі деп санайды: «Реалия – белгілі бір ғана ұлттың өміріне, тұрмысына тән олардың материалдық, рухани мәдениеттерін және тарихи-әлеуметтік дамуын көрсететін сөздер мен сөз тіркестері» [115, 190 б.]. Реалиялар тілде, бір жағынан, белгілі бір этникалық топтың ғасырлар бойғы жинақтаған тәжірибесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кумулятивтік қызмет атқарса, екінші жағынан, көркем шығармаларда қолданылу арқылы мәтіннің эмоционалды-экспрессивті мәнін күшейтетін стилистикалық қызметімен ерекшеленеді. Осыған орай Ә. Әлметова әртүрлі мәдениеттер мен тілдерді салыстыра келіп, реалияларды былайша бөліп көрсетеді:
Тек қана бір тілге тән реалиялар, басқа тілде мүлдем жоқ: Қазақ тіліндегі үйге кірген адамға «Нан ауыз тиіңіз деу» (басқа тілде жоқ).
Екі тілде де кездесетін реалиялар. Бірақ біреуінде ол қосымша мағынаға ие. Қазақ халқында шай ішу шөл басумен бірге тамақтану ұғымын берсе, өзбек халқында шайхана – шөл басу мағынасында ғана.
Әртүрлі қоғамда ұқсас функциялар әртүрлі реалиялар арқылы жүзеге асады: Қазақ тілінде сарыауыз балапан фразеологизмі орыс тіліндегі у него молоко на губах не обсохло фразеологизміне сәйкес келеді.
Әр тілдегі ұқсас реалиялар өз ұлтына тән мағыналық бояумен ерекшеленеді: Орыс тіліндегі Отбивать хлеб фразеологизмі «зорлық жасау» мағынасын берсе, қазақ тіліндегі Нанынан айырды тіркесі «жұмыссыз қалдырды» деген мағынаны береді [115,184 б.].
Ғалымдар мұндай реалияларды тіл мен мәдениеттің тоғысынан, сабақтастығынан туындаған сөздер ретінде қарай отырып, оларды этнографиялық, фольклорлық, мифологиялық, тұрмыстық, қоғамдық-саяси, тарихи, ономастикалық, т.б. топтарға бөледі. Д. Исабеков шығармаларынан қазақ халқының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін танытатын реалияларды жиі ұшыратамыз. Жазушының тілдік коды арқылы біз, яғни оқырман «оның» мәтіннен тыс болмысы мен танымын, мәдениетін түсінеміз, автор арқылы сол заманның, ұлттың, жалпы қазақ халқының өзіне тән мәдениетін көреміз. Мысалы: «– Күнім-ай, әшейін. Бір кесе айран да ішпеді-ау! Сен шал бүлдіріп келгенсің ғой, баланы түн ішінде әбігерге салып. Ертең ертемен сонау Байырқұмға жүреді екен тағы. Е, құдай, өзің жар бола көр әйтеуір. Жол- жөнекей бірдеңеге ұрынып қалмаса жарар еді» [93, 20 б.]. Бұл мәтіннен қазақтың қашанда Алладан жақсылықты, қамқорлықты, тыныштықты ғана тілеген наным-сенімі көрінеді. Алла, құдай, тәңір, жаратқан, жасаған ұғымдары бір-біріне эквивалент синоним ретінде жұмсала береді.
«Қанағат қарын тойғызар» дейтін қазақтың құдайға шүкіршілігін айтып,
«барға қанағат» деп тіршілігін жасайтын атадан балаға дарыған қасиетін, қазақтың қанына сіңген шүкіршілік сезімін Д. Исабеков шығармаларына арқау еткен. «Екі қария қуаныштан жүректері жарыла жаздап есікке жарыса ұмтылады. Қартайғанда ата-ана перзентінің алдында бала болады екен-ау!
Достарыңызбен бөлісу: |