Алтын Орданың күйреуімен монғолдардың қол астында болып келген көптеген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздікке ие болып Қазақстан жерінде жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет - Ақ Орда хандығы. 1227 жылы Жошы ханның қайтыс болуымен билік оның екінші ұлы Батудың қолына өтті. Бұл туралы Әбілғазының
«Түрік шежіресінде» мынадай дерек кездеседі: «Жошы ханның өлімін естіген
Шыңғыс хан қайғы жамылып, аза тұту жариялады. Ол Отчигинге Дешті Қыпшаққа аттанып, Жошы ханның орнына Сайын хан деген лақап атпен белгілі, оның екінші ұлы Батыны сайлап, оның бұл дәрежесін ағалары мен бүкіл әмірлеріне мойындатуды бұйырды... Бәрі бірауыздан оның билігін мойындады».
Мұрагерлік мәселесіне қатысты бұл шешім жөнінде Рашид ад-дин «Орда інісі Батының хан тағына отыруын қолдап, әкесінің тағына оны өз қолымен отырғызды», - деп жазды. Бату Шығыс Еуропаға жасаған жорығынан оралған соң өз ұлысын әке ордасынан бөліп алды. Өз ордасының батыс шекарасын Жайықпен шектеп, одан шығысқа қарайғы жерлер ағасы Орда Ежен билігіне өтті. Ақ Орданың негізін қалаған да осы Орда Ежен. Рашид ад-дин: «кімде-кім Орда ұрпағынан келіп, Баты ұрпақтарының орнына хан болып отырмайтын, өйткені олар бір- бірінен алыста болды және әрқайсысы өз ұлысының жеке билеушілері саналды», - деп көрсетеді. Ақ Орда алғаш құрылған кезде Алтын Ордаға формальды түрде тәуелді иелік болып есептелді, ал іс жүзінде өз алдына тәуелсіз саясат жүргізіп отырды.
Жер аумағы және этникалық құрамы
Ақ Орданың шекарасы батыста Жайық өзенінен шығыста Ертіске, солтүстікте Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Ақ Орданың негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ Алтайдан қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар болды.
Ақ Орданы билеген Орда Еженнің ордасы алғашында Ертіс алқабында Алакөл маңында, яғни әкесі Жошы ханның алғашқы қоныстарында болды. Ақ Орда хандарының кестесіне сүйенсек онда он бір хан билік құрған. Оларды билеген уақытына қарай мынадай ретпен тізеді: