Internet – түрлі хаттамалармен жұмыс істейтін, әр түрлі есептеу машиналарын байланыстыратын, мәліметтерді тасығыштардың (телефон сымдары, оптикалық талшық, радиомодемдер, т.б.) барлық түрлерімен тасымалдайтын компьютерлік желілердің бірлестігі. Оның өзінің атауы “желі арасында” мағынасын білдіреді. Желілерді біріктіру үлкен мүмкіндіктерге ие болады. Өз компьютерінен кез келген Internet абоненті басқа қалаға мәліметтерді жібере алады, Вашингтондағы Конгрес кітапханасының каталогын көре алады, Нью–Йорктағы Метрополитен музейінің соңғы көрмесінің суреттерімен таныса алады, IEEE конференциясына және әр түрлі мемлекеттердің желі абоненттерімен ойындарға қатыса алады. Internet – тің аса маңызды ерекшелігі - оның әр түрлі желілерді біріктіре отыра ешқандай иерархияны құрмайтыны, желіге қосылған барлық компьютерлер тең құқықты.
Internet-тің негізін жоғары жылдамдықты кеңарналы желілер құрайды, тәуелсіз желілер кеңарналы желілерге NAP (Network Access Point) желілік қатынау нүктелері арқылы қосылады. Тәуелсіз желілер дербес жүйелер түрінде қарастырылады, себебі олардың өзіндік әкімшілік басқаруы және маршруттау хаттамалары бар. Дербес жүйелер ретінде ірі ұлттық желілер болады, мысалы – европалық EUNet, Ресей университеттерінің RUNet желілері. Кейбір дербес жүйелер Internet желісіне қатынау қызметін көрсетуге мамандандырылған компаниялар құрады, оларды провайдерлер деп атайды (мысалы, АҚШ-та UUNET, Ресейде Relcom).
Internet-те алмасу режімдері, хаттамалары және адресациялау. Internet жүйесіне қосылу әртүрлі әдістермен жүзеге асады, ондай әдістер:
- электрондық пошта (E-mail);
- телеконференция (UseNet);
- қашықтан қатынас құру (TelNet);
- файлдарды іздеу және жеткізу (FTP);
- мәтіндік файлдарды меню жүйесі көмегімен іздеу және жеткізу (Gopher);
- құжаттарды гипермәтіндік сілтемелердің көмегімен іздеу және жеткізу немесе бүкіл әлемдік өрмек (WWW – World Wide Web).
Аумақты желілерде ақпарат алмасудың екі режімі бар – on-line және off-line. On-line – желіге қосылып тұрып бірігіп жұмыс істеу режімі, диалогтық режім. Off-line – желіге қосылмай жұмыс атқару режімі, электрондық пошта арқылы жөнелтетін мәліметтерді даярлау. On-line режімі – телефонмен сөйлесуге ұқсас, off-line режімі – поштамен хат алмасуға ұқсас.
Internet жүйесінде қолданылатын негізгі хаттамалар – TCP/IP (Trans-mission Control Protocol/Internet Protocol) хаттамалар жиынтығы. IP – желілік деңгей, TCP – көліктік деңгей хаттамалары. Арналық және физикалық деңгейде мәліметтер жеткізу орталарының бар көптеген стандарттарын қолдайды, мысалы ЖЕЖ үшін – Ethernet және FDDI немесе ауқымды желілер үшін – X.25 және ISDN. Қолданбалы деңгейдегі маңызды хаттамалар – қашықтан басқару хаттамасы telnet, файлдарды жеткізу хаттамасы FTP, гипермәтінді жеткізу хаттамасы HTTP, электрондық пошта хаттамалары SMTP, POP, IMAP, MIME, желілік құрылғыларды басқару хаттамасы SNMP.
Internet жүйесіне қосылған әрбір компьютер өзінің ерекше IP-адресіне ие болады. IP-адрес – ұзындығы 32 бит, әрқайсысы 8 биттік 4 бөліктен тұратын желілік адрес. Ол екі бөліктен – желі адресі және осы желідегі хост адресінен тұрады. Хост (host - қожайын) – желіге тікелей қосылған, өзіндік адресі бар компьютер. Сандық IP-адрестерді адамдар қолдануға ыңғайсыз болғандықтан, IP-адрестерге символдық аттарды сәйкес қоятын механизм қолданылады, оны домендік аттар жүйесі (DNS – domain name system) деп атайды. Мұндай жүйеде пайдаланушы адресі екі бөліктен тұрады:
<пайдаланушы идентификаторы>@<домен аты>
Пайдаланушы идентификаторы және домен аты өзара нүктемен ажыратылған бірнеше бөліктерден тұруы мүмкін. Домен атында негізгісі түпкі домен, әры қарай бірінші, екінші, үшінші деңгейлі домендер орналасады. Түпкі доменді InterNic таратады, бірінші деңгей әр мемлекет, келесі деңгей мекемелер типі үшін, т.с.с. тағайындалады, мысалы: kz –Казақстан, ru – Ресей, su – постсовет мемлекеттері үшін, ca –Канада, uk – Ұлыбритания, us – АҚШ, ua – Украина, de – Германия мемлекеттері үшін анықталған ішкі домендер.
Мекемелерге сәйкестікті анықтайтын ішкі домендер үш символдан тұрады, мысалы: com – коммерциялық мекемелер, edu – білім беру және ғылыми мекемелер, gov – мемлекеттік мекемелер, mil — әскери мекемелер, net – желілік мекемелер, org – басқа мекемелер үшін. Екінші деңгейдегі ішкі домен қала, аймақ аттарын белгілейді.
2017-2018 оқу жылы
Достарыңызбен бөлісу: |