Қорытынды Мектепке алғаш келген күннен бастап баланың жазуына жете көңіл бөлмеу көп жағдайда оның өз ісіне салдыр-салақ қарауына, жауапкершілікті сезінбеуіне әкеп соғады. Таза, әдемі жазуды талап ету оқушының әсемдік сезімін оятып, мінез-құлқын тәрбиелеп, жауапкершілікке, тыңғылықтылыққа, үқыптылыққа үйретеді Жас жеткіншектің көркем жазу дағдысы біртіндеп қалыптасады. Мұғалім бұл үшін жұмыстың әр түрлерін, оқыту әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланары сөзсіз. Түрлендірілген жұмыстар оқушыларды қызықтырып қана қоймайды, логикалық ойлауын арттырады. Сауат ашудың дайындық кезеңінде оқушының қол икемділігі мен көз мөлшерлеу қабілетін жетілдіру, графикалық дағдыларды қалыптастыру үшін суретті және сызықты жаттығуларды орындатады. Сонымен бірге бұл кезде штрихтау жаттығуларын орындатудың мәні зор. Мектепке алғаш келген баланың жетекші әрекеті - ойын, ал штрихтау ойын түрінде жүргізіледі. Штрихтарды өзара қосып сурет салу кезінде балалар заттардың пішінін, кұрылысын жазықтықта орналасу қалпын еркін қабылдап, «оң», «сол», «шеті», «жоғары», «төмен», «түзу», «қисық», дөңгелек» т.б. ұғымдарды меңгереді Жазуға үйретудің алғашқы күнінен бастап балаларды үзбей жазуға дағдыландыру қажет. «Үзбей жазуға жаттықтыру жұмыстары балаға қызықты тапсырма ретінде берілуі тиіс» деп бағдарламада көрсетілгендей, қызығушылықты оятатын түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізу мұғалімнен ізденушілікті талап етеді. Тәжірибеде қолданылып жүрген әртүрлі жаттығулар, айталық, әріптің түтас бейнесін көрсеттіндей суреттер салғызу, штрихтау, зат бейнесін әшекейлеу т.б. тапсырмалар оқушылардың көркем жазу дағдыларының сапасын арттырады. Мәселен, төмендегідей сабақтар арқылы саусақтарды жаттықтыруға болады: «несімен ажыратылады?» жаттығуы. Бұл жаттығу әріптерді бірдей биіктікте, бірдей қашықтықта жазуға төселдіреді. Ал, келесі жаттығу көз бен қолдың бір координацияда жұмыс жасауын қалыптастырады: көз бірінші нүктеде, қол да бірінші нүктеде, көз жоғарыда, яғни екінші нүктеде, қол жоғарыда, көз үшінші нүктеде, қол төменде.Бұл жаттығу қолды сенімді қозғауға үйретсе, «бірдей биіктікте секіру» жаттығуы әріптерді ара қашықтығын сақтап жазуға машықтандырады. Осы аталған жаттығуға орай, қолды жаттықтырудың келесі түрлерін де қолдануға болады: «Орнын белгіле» жаттығуы. Дәптерге алдын ала сөздер жазылады. Оқушылар әріп элементтерінің және әріптердің байланысу орнын белгілейді. «Әріпті тап» жаттығуы. Әріптің бір немесе екі элементі жазылады да, оқушылар қалған элементін тауып жазып көрсетеді. Баланың әлемі - бұл нақты заттың әлемі, егер баламен жақын болам десеңіз, оның жасы мен психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріңіз. Ойын түріндегі бұндай жаттығулар жас жеткіншектің ойлауын дамытып, қызығушылығын арттырады. Олай болса, баланы ойын арқылы көркем жазуға жаттықтыратын жаттығу түрлерін қолдана білу - мұғалімнің төл ісі.