Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам! Арнап хат жазайын деп, алдым қалам



бет3/6
Дата26.04.2023
өлшемі39,37 Kb.
#87244
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
А.Б өлеңдері

Адамдық диқаншысы
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет.
Оттай бер, жануарым екі аяқты,
Адамдық хайуанға қанша қажет?!
Жаратқан малды Құдай не керекке-
Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.
Жорта бер қамыт киіп, қамшыңды жеп,
Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.
Таяққа еті үйренген қойшы жайлап,
Көк есек қозғала ма түрткенге айдап?
Есептен алданғандай болғандар көп,
Жасықты асыл ма деп білмей қайрап.

Жұртыма
Бірлік қып іс етуге шорқақ жұртым,
Табылса оңай олжа, ортақ жұртым.
Сияқты қара қарға шуылдаған
Үрейсіз қоян жүрек қорқақ жұртым.
Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадық шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа ала керісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін өзге десе көнгішіңді.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?!

Аққу, шортан һәм шаян


Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,
Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,
Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін.
Бұлардың машақаты аз болмады,
Жұмысы орнына кеп мәз болмады.
Тартса да бар күштерін аямай-ақ,
Аслан жүк орнынан қозғалмады.
Оншама ол жүк артық ауыр емес,
Құр сырттан «пәлен» деу де тәуір емес.
Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,
Бырыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.
* * *
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.

Реклам Оқуға шақыру


Балалар!
Оқуға бар!
Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.
Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.
Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,
Оянып жан-мақұлық түнде қонған,
Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы,
Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған.
Өзенде балықшылар ау қарап жүр,
Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.
Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған.
а

Қазақ қалпы


Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тақылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала кеп
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған.
Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар бар
Есептеп азын көпке, аңқылдаған.
Қайырсыз, неше сараң байлар да бар
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып талап ойлап талпынбаған.
Солардың қатарында біз де жүрміз
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда өнерің мен біліміңнен,
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?
Бұл бір сөз қасірет етіп, хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға мал, оқығанға шен мақсұт боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет