Қарахан әулетінің хандықтары
Биыл республикалық көлемде аталынып өтетін Қазақ хандығының 550
жылдық мерейтойы қарсаңында бұрыннан қазақ жерінде құрылған
мемлекеттік құрылымдар тарихына да жете көңіл бөлінгені дұрыс. Өйткені
олардың барлығы да кейін құрылған Қазақ хандығының қалыптасуына түрлі
дәрежеде ықпал етті. Сондай мемлекеттің бірі — кезінде дамыған өркениетті
Қарахандар әулетінің негізін салған және оның ыдырауы нәтижесінде
Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында бірнеше хандықтар құрып, кейін
қазақ хандығы мен қазақ халқының қалыптасуына зор үлес қосқан қарлық ру-
тайпаларының конфедерациясы еді. Бұл мәселеге қалам тартқан тарихшы
ғалымдардың пікірлеріне көз жүгіртсек, ғалым М. Ақынжанов: «Қазақ
халқына негізінен алғаш ұйытқы болған Түргеш пен Қарлық одағы болды», —
деп жазады. Қарлық кағанатының қазақ халқын құрудағы рөлін жоғары
бағалай келіп, түркі және моңғол шежірелерін жетік білетін моңғолдық қазақ
ғалымы Ислам Қабышұлы былай дейді: «... қарлық одағының тұсында қазақ
халқы өзінің осы күнгі қазақ атымен аталды. Оның IX-X ғасырларда өз алдына
жеке халық болып құрала бастағаны анықталды. Оның экономикалық
тұтастығы, мәдениет және қоныс бірлігі бар еді. Ал мәдениет бар жерде мінез-
құлық бірлігі болатыны да даусыз.
Сондықтан тұтас бір халықтық белгілері бар деп саналады. Бұл, әрине, халық
болып құралудың бастамасы. Осы қарлық кезінде ізі салынған халықтың
ұйытқысы жойылып кетпей баянды болып қалды. Бұл ұйытқыны сырттан
келген шапқыншылар да бұза алмады. 1140 жылғы қидан, 1203-1220 жылғы
моңғол-татар шапқыншылығы да бұл бірлікті ыдырата алмады. Сөйтіп, 1218-
1380 жылдарда әр жердегі қазақтар қайта бас қосқанда сол қарлық атымен
емес қазақ атымен біріккен-ді». Шынында да қарлықтар басмылдар,
ұйғырлармен біріге отырып 742 жылы Шығыс Түрік қағанатының саяси
үстемдігін күйреткеннен соң, 746 жылы Жетісуға қоныс аударып, батысқа
қарай Фараб (Отырар) өңірін қоса жайлаған еді.
Осы кезде бұл өңірде геосаяси жағдай өте күрделі-тін. Оңтүстіктен Араб
халифаты, ал шығыстан Қытайдың Тан империясынан қауіп төнді. Осы өңірде
екі империялық күштердің мүдделері түйіскен болатын. Тан әскерлері Суябты
басып алып, батысқа қарай Шашқа (Ташкент) жеткен еді. Бұл жерде батыстан
ілгерілеп келе жатқан арабтардың мүдделеріне қайшы келді. Сөйтіп, 751
жылы екі империялық күштердің шешуші шайқасы Талас өзені бойындағы
Атлах қаласының маңайында өтті. Екі үлкен армия бес күндей бір-біріне бата
алмай қарсы тұрған кезде Тан әскерінің тылынан қарлықтар шабуыл жасаған.
Сол кезде арабтар да шабуылға шығып, қытай әскерінің тас-талқанын
шығарған. Араб тарихшысы әл-Асирдің айтуынша, осы шайқаста
қытайлықтар 50 мың әскерінен айырылып, 20 мыңдайы тұтқындалған.
Өкінішке орай, қарлықтардың Атлах шайқасындағы рөлі деректерде белгілі
болса да, 1996 жылы шыққан Қазақстан тарихының төрт томдық академиялық
басылымында айтылмай кеткен. Қазіргі жазылып жатқан көптомдықта бұл
жағдай ескерілуі тиіс деген пікірдеміз. Өйткені Атлах шайқасы ортағасырлық
дәуірдегі Орталық Азия мемлекеттері мен халықтарының саяси және мәдени
тарихында өте үлкен маңызды рөл атқарды. Осы шайқастан кейін Қытай
империясына өзінің Орталық Азия аумағындағы белсенді геосаяси
мүдделерінен бірнеше жүзжылдықтар бойы бас тартуға тура келді. Оның
есесіне араб-мұсылман өркениеті орнығып, аймақтың одан кейінгі тағдыр-
талайында өшпес із қалдырды. VIII-X ғасырлар аралығында қарлық ру-
тайпалары Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына, Балхаштан
Ыстықкөлге дейін Іле, Шу, Талас өзендерінің жазықтарында, Хан Тәңірінің
етегінде, Исфиджабтан (Сайрам) Отырарға дейінгі аралықты алып жатты, яғни
араб географы ибн Хаукалдың (Х ғ.) айтуынша, шығысынан батысына дейін
жүріп өту үшін 30 күн керек болған. Кейінгі арнайы тарихи зерттеулерде
қарахандардың қарлықтар мемлекетіне кірген тайпалардан шыққаны
тұжырымды айтылады.
Әсіресе қарлықтар конфедерациясына кірген шігіл, яғма, тухси тайпалары
Қарахандар мемлекетін құруда ерекше көзге түседі. Тарих сахнасына VI-VII
ғасырларда шыққан үш қарлықтардың ( моула-бұлақ, чисы, ташлык) бір
тайпасы чисы — чигиль, шігіл еді. Кейін шігілдер көбейіп, өз алдына жеке
шықса да үнемі қарлықтардың өзге ру-тайпалары-мен бірге тағдырлас болды.
Ортағасырлық деректер бойынша шігілдер Іле мен Сырдарияның оңтүстігінде,
Ыстықкөлдің айналасы мен одан батыста, ал кей ретте оңтүстік-шығысқа
қарай орналасқан.
Бұл жерлер сол кезеңдегі қарлықтардың да қоныс тепкен мекендері болып
саналады. Жалпы шігілдер мен қарлықтардың бір-бірімен этникалық және
саяси тұрғыдан тығыз байланыста болғандығы зерттеулерде дәлелденген.
Қарлықтардың оңтүстігінде, Нарын өзенінің бас жағынан оңтүстікке қарай
Қашғар жерін алып жатқан яғмалықтардың бір шеті қимақтармен
шектеседі. 840 жылы қарлықтар мен қырғыздардан жеңілген ұйғыр
қағанатының (немесе тоғыз-оғыздар) ішінен бөлініп қарлықтарға кеткен сол
яғмалардың бір бөлігі еді. Өйткені 15 тайпаның Тарбағатайда орналасқаны,
яғни қарлықтар мен қимақтар арасына сәйкес келеді. Уақыт өткен сайын
яғмалықтардың бір бөлігі Іле өзені арқылы Ыстықкөлге дейін барып,
қарлықтармен аралас отырды.
Тарихи географиялық еңбектерде тухси тайпасының да қарлықтармен бірге
Хан Тәңірі тауының батыс жақ етегінде орналасқаны хабарланады. Сонымен
қарлықтардың этникалық даму үрдісі Қарахандар әулетіне ұласуға дейін
үш кезеңнен өткені байқалады. 1. VII-VIII ғасырларда үш тайпадан құралған
«үш қарлық» бірлестігі атауымен Түрік қағанаты үстемдігіне қарсы
күресушілердің бірі болды. Бұл кезде қарлық құрамына бұлақ, шігіл және
ташлы тайпалары кіргені белгілі. 2. VIII ғасырдың ортасынан бастап
қарлықтар батысқа жылжып, бұрынғы «Он оқ елі» мен түргештердің арғу
және тохси ру-тайпаларын біріктіріп, конфедерация құрады. Осы кезеңде
қарлық бірлестігінің кұрамында тоғыз ру-тайпалық топ болғаны мәлім. 3. ІХ-
XI ғасырларда қарлық конфедерациясындағы тайпалар өзара аралас
орналасқан шігіл, оғыз, яғма, тохси және соғдылармен үздіксіз этносаяси және
шаруашылық тұрғыдан қарым-қатынаста болды. Қандай да бір
конфедерациялық мемлекетте басқаратын хан мен мұраға берілетін билік
шығатын этнос болады. Міне, осы этнос қарлықтар еді. Конфедерациялық сол
мемлекеттің ішкі құрылымына да тиесілі. Ел бірнеше уделдік бөліктерден
тұрып, олардың тәуелділік деңгейі жоғарғы билеушінің жеке басының іс-
қызметіне байланысты болды. Қарахандар мемлекетінің пайда болуы туралы
қазіргі тарихнама бұрынғы Кеңес дәуірінің идеологиялық сарынынан арыла
қойған жоқ. Оның бірден-бір көрінісі — біздің мемлекеттілігіміздің тарихын
әлі де үзік-үзік етіп көрсету. Оның «ортақ сцена-риясы»: ортағасырлық түркі
дәуіріндегі мемле-кеттер тарихын жазғанда бәрі де құлап, жойылып, оның
орнына басқа мемлекеттер пайда болады. Олардың бір-бірімен жалғасып,
эволюциялық даму үрдісінде болғандығына тиісті көңіл аударылмайды.
Бұл Қарахандар мемлекетінің пайда болуы туралы тарихнамада да көрініс
береді. Әдетте қалыптасқан тарихнамада Қарлық мемлекеті 940 жылы
Қашғардың түрік билеушілерінің Баласағұнды басып алуына байланысты
Қарлық мемлекеті құлады делінеді. Ал Қарахан мемлекетінің тарихы
942 жылдан, яғни Сатук Боғра ханның Баласағұн билеушісін құлатып, өзін
қаған ретінде жариялағанынан басталады деп көрсетеді. Шын мәнісінде,
былай болған еді: 840 жылы қарлықтардың жабғуы, Испид-жабты билеуші
Білге Күл Қадыр Қара хан қаған атағын алып, халыққа жария етті. Міне, осы
кезден бастап қарлық мемлекетін билеушілер өздерін Қарахан әулетіненбіз
деп санай бастады. Бұл 840 жыл. Ал дәстүрлі тарихнамада Қарахандар әулетін
Сатук Абд ал-Керимнің исламды қабылдап, қаған ретінде өзін жариялануынан
бастайды. Қайсысы дұрыс? Біздіңше, Қарахандар әулетінің билігін
840 жылдан, яғни Білге Күл Қадыр Қара хан қағаннан бастаған тарихи әділдік
болар еді. Өйткені алғашқысы мен кейінгісінің арасындағы айырмашылық —
тек ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдауда ғана. Дінді қабылдау
бүтіндей мемлекетті, оның басқару институттарын түбірімен өзгертеді деген
тұжырым тудырмауы керек. Білге Қүл Қадыр Қара хан өлгеннен кейін
қағанаттағы билік оның екі баласының қолына көшті: Базыр Арслан хан —
Баласағұнды, ал Оғұлшақ Қадыр хан Таразды билей бастады. Таразды
саманилік Исмаил ибн Ахмад басып алғаннан кейін (893 ж.) Оғұлшақ
Қашғарға кетуге мәжбүр болды. 904 жылы ол Саманилер иелігіне шабуыл
жасады. Оғұлшақтың немере інісі Сатұқ Боғра хан (915–955) Қарахандардың
мұсылмандық әулетінің негізін салушы болды. Бұл жерде ерекше ден қоятын
жағдай: тарихнамада қалыптасқандай Сатұқ Боғра хан жалпы Қарахан
әулетінің негізін салушы емес, оның тек мұсылмандық бағытын бастаушы
ретінде қарастыру керек. Кезінде орыс ғалымы В. Григорьев хандарында
«қара» атағы болуына байланысты «Қараханидтер мемлекеті» деп, тарихи
еңбектерде бұл атауды орнықтырды. Алайда, оның тек шартты атау екендігі
белгілі. Қарахандар мемлекетінің құрылуы мәселесінде талас пікірлер әлі
толастаған жоқ. Осы мәселені анықтау үшін әуелі «қара» атағы мен
«Қарахандар әулетінің» пайда болу және оның тарих сахнасына шығу
мәселелеріне тоқталу қажет. «Қара хан» титулын алғаш түркілер хандығында
Бумын (Момын) қағанның үшінші ұлы Тобо (Тобық) хан (572-581 жж.) алған
еді.
Ол өте батыл да ержүрек және дипломатиялық шеберлігі зор, қытайға
да салық төлеткен, түркілер мемле-кетінің территориясын батысында да және
шығысында да мейлінше ұлғайтып, Сасанидтік Иран мен Византия
империясымен дәрежесін тең ұстаған хан еді. Қытай транскрипциясы негізінде
Л. Н. Гумилев бұл ханның түркі тіліндегі атын «табақ», аңдық стилінде
«Арсила» (Арыстан) екенін анықтаған. Қазақ тілінде де «тобық» — «табақ»,
(орысшада да «чаша» — «табақ») мағынасын береді. Ол кезде Тобо хан
буддизмді қабылдап, осы діннің дәстүрі бойынша қолына табақ және жуан
таяқ ұстаған. Қазақ шежіресінде де бұл жағдай көрініс береді. Мысалы, Арғын
шежіресінде Момын анадан туған тобықты — «жуан таяқ тобықты» деп
аталған. Византиялық тарихшы Менандр да Тобо ханды аңдық стилінде
«Арсила», яғни «Арыстан» атауымен жазған. IX ғасырдың жартысы мен X
ғасырда қарлық «жабғуы» атауының орнына «қара» атағы қолданылды. Бұл —
Білге Күл Қадырханның өзін қаған деп жариялау уақытымен сәйкес келеді.
Қарлықтардың астанасы болып табылатын Баласағұнда билеушілердің
тұратын жері «Қара Орда» немесе «Күз Орда» деп аталды. Орда орналасқан
тауға қарап қарлықтар: «Мұнда барлығынан жоғары иеміз тұрады», — деп
жалбарынатын болған. Бұл ретте ал-Масудидің мына сөздерін келтірген
орынды: Хакандардың хаканы солардан (қарлықтардан) болды, ол түріктердің
басты мемлекеттерін және олардың патшаларын өз қол астына бағындырды.
Афрасиаб ат-Түркі де осы хакандар-дан шықты..., Шана (яғни Ашна)
да солардан (қарлықтардан) болды. Ортағасырлық тарихшы Жамал Карши:
«Қарахандардың мұсылмандық әулетін құрушы Сатук Абд ал-Керимнің атасы
қарлық қағаны Білге Күл Қадыр хан болды», — деп жазады. Батысы мен
Шығысында — Жетісу мен Сырдың орта ағысына дейін, солтүстіктен
оңтүстігіне, яғни Балқаштан Ыстықкөлге дейінгі ұланғайыр территорияны
алып жатқан, батыстан шығысқа кесіп өту үшін 30 күн керек болатын, жерінде
25-тен астам қаласы бар, отырықшылық пен көшпелілердің өзара
ықпалдастығын және Ұлы Жібек жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету
арқылы сол кездегі Орталық Азияда озық мәдениет құрған, 751 жылғы Атлах
шайқасында (Қытай мен Араб халифаты) шешуші рөл атқарып, мұсылман
өркениетінің Орталық Азияда түпкілікті орнығуына да өз үлесін қосқан осы
қарлықтар болатын. IX ғасырдың ортасына қарай Қарлықтардың тарих
сахнасына шығуынан бастап, олардың Орталық Азияда саяси үстемдікке қол
жеткізуі мен моңғол шапқыншылығына дейінгі тарихын зерттеудің қазіргі
түркі тілдес халықтар үшін маңызы зор. Қарлықтардың ру-тайпалық одақтары
Қарахандар мемлекетін құруда басты рөл атқара отырып, моңғол
шапқыншылығынан кейінгі дәуірде қазақ, өзбек, қырғыз және т. б. Орталық
Азия халықтарының қалыптасуына ықпал етті. Қарахандар әулеті тұсындағы
қарлық көшпелілерінің отырықшылығы жоғары дамыған аудандардан
(жайылымдардың тарылуына байланысты) бөлініп шығып, өздерінің
жекелеген еркін иеліктерін құруы да кейін қазақ, қырғыз, өзбек,
хандықтарының пайда болуын тездеткен іс-әрекет ретінде қарастыруға
мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қазақ халқының шығу тегі мен оның этногенетикалық
үдерістерімен тығыз байланысты қарлықтар мен Қарахандар әулетінің дәуірі
Қазақстан тарихының әлі жете зерттеліне қоймаған кезеңімен сәйкес келуі бұл
тақырыптың өзектілігін көрсетеді. Әлеуметтік-саяси шиеленістердің себептері
мен нәтижелеріне келсек, осы уақытқа дейінгі тарихнамада көшпенділер мен
отырықшылдардың қатынасы мәселесінде өзара ықпалдастығы біршама
жақсы зерттелгенімен, олардың әлеуметтік-экономикалық дамудың бір
кезеңінде бір-бірінен алшақтауы немесе бөлінуі мәселесіне және оның
себептеріне жеткілікті мән беріле қойған жоқ.
Бұл мәселені дұрыс қойып, оны шешу қазірде қазақтар және олардың ата-
бабаларының таза көшпенділер болды ма немесе жартылай көшпенді болды
ма деген сұраққа түпкілікті жауап беруге көмектеседі. Бұл проблеманы
шешудің жолын Қарахандар мемлекетінің әлеуметтік-саяси тарихы
мысалында анық көруге болады. Қарахандар әулеті құрған мемлекеттің
құрамында болған көшпелілігі басым қарлық, оғыз ру-тайпаларының (кейін
қазақ, өзбек, түркмен және қырғыз халықтарын қалыптастырған) өздерінің
елдік болмысы мен тыныс-тіршілігін және еркіндігін сақтап қалу үшін үнемі
күрес жағдайында болды.
Қарахандар әулетінің екіге бөлінуі, олардың үнемі таққа талас-тартыстары,
оның үстіне селжұқтардың көтеріліп, билік басына келуі көшпелі түркі ру-
тайпаларының құрған ел іргесіне үлкен қауіп төндірді. Қарахандар, одан кейін
селжұқтар құрған иеліктің билеушілері әскерінің бір бөлігі осы көшпелі түркі
ру-тайпаларының конфедерациясынан жасақталған болатын. Осы қызметі
және төлеген салықтары (белгілі мөлшерде мал басы) үшін оларға жайылымға
және басқа шаруашылықтар жүргізуге жер берілді. Бірақ қарахандар мен
селжұқтар әулеттерінің үнемі саяси талас-тартыстары көшпелілердің әскери
қызметтегілері мен дәстүрлі шаруашылығына көп зардаптарын тигізді.
Әдетте, осы кезеңді зерттеушілердің назарында қарахандар мен селжұқтар
әулеттерінің саяси күрестері болады да, саяси оқиғалардың себеп-салдарына
белгілі бір дәрежеде ықпал еткен әлеуметтік-экономикалық факторға
байланысты шешуші рөл атқарған көшпелі түркі ру-тайпаларының іс-
әрекеттері тыс қалады.
Сондықтан да бұл мәселені ортағасырлық көшпенділер мен
отырықшылдықтың арақатынасы тарихының «ақтаңдағы» десе де болады.
Бізге белгілі, көшпелі шаруашылық жалпы мемлекеттегі қалалардың
гүлденуіне, сауда-саттықтың дамуына, сол кездегі «Ұлы Жібек» жолының
бұрынғыдай өркениеттік рөлін қамтамасыз етуіне үздіксіз үлес қосып отырды.
Сонымен қоса, көшпелілердің жан басы мен мал басы өсіп, бұрынғы бөлініп
берілген жерлер таршылық етіп, жайылымды кеңейту қажет болды.
Мұның өзі сол кездегі отырықшылдықтағы жер иеленудің икталық
қатынастарын барынша дамытқан қарахандар мен селжұқтар әулеттерінің
билеушілерімен саяси-әлеуметтік қайшылықтарға, тіпті тікелей әскери-соғыс
қақтығыстарына әкеліп соқтырды. Тіпті, мемлекет билеушілерінің
көшпелілермен мұндай қайшылықтарды дұрыс жолмен шеше алмауы сол
мемлекеттің ақыр аяғында күйреуіне әкелетін.
Дәл осы жағдай селжұқ билеушілері мен көшпелілігі басым оғыз-қарлық ру-
тайпалары арасында туындаған саяси-әлеуметтік қарама-қайшылықтар
нәтижесінде қалыптасты. Енді осыны сол кезеңдегі тарихи оқиғалар мен
нақтылы деректер негізінде қарастырып көрелік. Зерттеулерде
дәлелденгендей, ортағасырлық түркі мемлекеттерінің ең өркениеттісі және
дамуы тұрғысынан ең алдыңғы қатарлысы — Қарахандар әулеті мемлекетінің
негізін салған қарлық ру-тайпаларының конфедерациясы болатын. Қарахандар
мемлекеті өз дамуының гүлдену кезіне жеткен кезде қоғамдағы еңбек
бөлінісінің үрдісі жеделдеді және шаруашылықтың дамуы барысында түскен
салықтан билеушілер тобы мол байлыққа кенелді.
Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан түркілерге салық (мараи) мөлшері
ұлғайды. Селжұқ билеушілеріне көшпелілер жайылым мен су көздері үшін
салық төледі. Бұрын әскери қызметке тартылған көшпелілер енді қатардағы
тәуелді салық төлеушілерге айналды. Сөйтіп, жеңімпаздардың тұқымы мен
мұрагерлері және ірі империяның негізін салушылар ендігі жерде өздері
бағындырған Хорасан мен Иранның салық төлеуші тұрғындарының қатарын
толықтырып, өздерінің бұрынғы еркіндігінен айырылды. Бұл, әрине,
еркіндікті сүйген көшпелі түркілердің селжұқ империясының әскери-
әкімшілік және мемлекеттік фискалдық аппарат жүйесіне үлкен наразылығын
тудырды. Жоғарыда орын алған жағдай халықтың ауызша тарих айту
дәстүрінде де орын алған.
Мысалы, қилы заманды басынан кешірген оғыздардың тағдыр-талайы Қорқыт
Ата кітабындағы «Басаттың Төбекөзді өлтірген әңгімесінің баянында» көрініс
беретінін айта кеткен жөн. Әңгіме сюжеті Қиян Селжұқтың інісі Басаттың
Төбекөзді жеңіп, оғыздар (қарлықтарды кейбір деректерде үш оғыз деп
атаған — С. С.) мерейін үстем еткені туралы оқиғалардан құрылған.
Алғашында оғыздар ішінен шыққан селжұқтар, кейін империялық мемлекет
құрған Санжар сұлтан өз билігінің соңғы кезеңінде оғыз-қарлық
конфедерациясындағы көшпелі ру-тайпаларға қатты қысымшылық (салық
мөлшерінің шектен тыс ұлғаюы мен жайылымның тарылуы) көрсетті.
Қорқыт Ата кітабындағы Төбекөз тұлғасы сол кезде селжұқтар империясын
басқарған сұлтан Санжар болуы кәдік. Оғыздар атынан Қорқыт Ата Төбекөзге
барып, салық мөлшерін азайтуға келісім жасасуға тырысады. Салық түрі жазба
деректердегідей мал басымен (қой) белгіленген. Сонымен қатар, жазба
деректерден бір артықшылығы Қорқыт Ата кітабында көшпелілердің сұлтан
әскеріне ер адамды беру міндеткерлігі де аталған. Мұның өзі тарихта
әлденеше рет қайталанғанындай, көшпелілердің басты мұраты — мәңгі ел,
мәңгі еркіндік пен тәуелсіздік болып қала беретіндігін тағы да айшықтады.
Сонымен, жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды, көшпелілер мен
отырықшылдығы аралас ортағасырлық мемлекетте қоғамның белгілі бір
дамыған кезеңінде жер иеленуші отырықшыл қауым мен мал
шаруашылығымен айналысатын көшпелілер арасында жер үшін бәсекелестік
туындайды.
Егер мемлекетті басқарушылар бұл мәселені дұрыс шеше алмаса
бәсекелестіктің арты саяси қақтығыстарға ұласып, мемлекеттің әлсіреуіне
және аталған шаруашылық түрлерімен айналысушылардың бір-бірінен
бөлінуіне алып келеді. Дәл осындай жағдай Қарахандар мемлекетінде орын
алып, көшпелілігі басым рулардың бөлінуіне, сөйтіп, олардың өздерінің
тәуелсіз хандықтарының пайда болуына алып келді.
Нәтижесінде, Шыңғыс хан жорығының алдында Қарахандар мемлекетінен
бөлініп шыққан, негізінен жартылай көшпелі қарлықтардан тұратын Қаялық,
Хазар-қарлық және Алмалық хандықтары пайда болған еді. Алайда, бұл
хандықтардың өзіндік тарихнамасы болмағандықтан тарихта «ақтаңдақ»
ретінде қалып отыр. Оның бер жағында осы кезде басталған Шыңғыс ханның
жорықтарының әсерінен Орталық Азия «сеңдей соғылысқан» заманды бастан
кешірген болатын.
Сатай СЫЗДЫҚОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Достарыңызбен бөлісу: |