VI-XII ғасырлардағы қалалар Орта ғасырларда әкімшілік, сауда-экономикалық орталық болған қалалар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қалыптасты. Қазақстандағы орта ғасырлардағы қалалардың бірнеше бөліктері болды.
Шахристан – қала билеушілері, ақсүйектер мен діни қызметкерлердің тұрағы.
Рабад – қаланың қолөнершілері мен саудагерлері тұратын бөлігі.
Цитадель – қаланың қорғаныс бөлігі, яғни қамал мен бекіністер.
VI-XII ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі ірі қалалар: Мерке, Аспара, Суяб, Үзкент, Сауран, Құлан, Талкиіз, Қойлық, Тараз, Отырар, Қарнақ, Ашнас, Баршынкент, Сығанақ, Испиджаб, Весидж, Шауғар, Иасы (Түркістан), Баласағұн, Орда т. б. Археологтар Қазақстан жерінен 60-тан астам қала орнын анықтаған.
Қала әкімшілігі. Орта ғасырлардағы қалалардың көбі тәуелсіз өмір сүрген. Әр қаланың жеке билік жүргізетін билеушілері болған. Билеушілердің титулы әр түрлі, мысалы Кермикент билеушісі – кутеген-лабан, Барысханда – манап, Науакентте – ялан-шах, Семекнада билеуші инал-тегін деп аталған.
Қала халқы. Қалаларда халық біршама қоныстанды. Сонымен қатар қала халқы отырықшыға айналған көшпелілер есебінен көбейіп отырған. Испиджабта 40 мың, Отырарда 16 мың, Таразда 10 мың, Баласағұнда 10 мыңдай адам өмір сүрген (IX-XI ғасырлар)
Испиджаб. Қазіргі Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде (Сайрам) орналасқан. Бұл қала V ғасырда аса ірі мәдениет және сауда орталығы болды. Испиджабтың осындай сауда орталығы ретіндегі рөлі X-XII ғасырларда күшейді. XI ғасырда сауда айналымы үшін шығарылатын теңге сарайы Испиджабта орналасқан. Испиджаб IX-X ғасырларда Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің құрамында болды. Сонымен қатар Испиджаб ірі діни орталық болған.
Тараз. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі Тараз болды. Тараз қарахандықтар мен қарлұқтар заманында ерекше гүлденді. Бұл қала Талас деп те аталған. Тараз қаласында Бабаша хатун, Айша бибі, Қарахан кесенелері орналасқан. Тараз қаласы жайында араб саяхатшысы Әл-Макдиси: «Тараз – ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендері бар. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдында үлкен өзен ағады, өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер, өзеннен өтер өткелдері бар. Мешіт базар арасына салынған», — деп жазған.
Түркістан (Иасы). Бұл қала алғашында Шауғар деп аталған. Қалада атақты ойшыл, ислам дінінің білгірі Қожа Ахмет Иассауи өмір сүрген (кейіннен Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темір Ахмет Иассауиге VII ғасырда мазар салдырған.) Қаланың Қазақстан мен Орта Азияның діни орталығы ретіндегі беделі өсе берді.
Сығанақ – Сырдария бойында орналасқан ірі сауда орталығы. VII ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақтардың саяси орталығы болды.
Баласағұн – ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Бұл қала Шу өзенінің бойында орналасқан. Жалпы зерттеулер бойынша Баласағұн қаласы V ғасырда пайда болған. Бір кездері Баласағұн қарлұқтар мен қарақытайлардың астанасы болған. Баласағұнда ұлы ақын, ғалым Махмұд Қашғари еңбек еткен және ақын Жүсіп Баласағұн туған. Баласағұн қаласы Ақтөбе деп аталған.