Архетип жəне көркем шығармашылықтағы «түпсана»



бет2/3
Дата02.06.2023
өлшемі0,64 Mb.
#98368
1   2   3
Негізгі бөлімі
Юнг «архетип идеясы» жүріп өткен мыңжылдықтар жолын жоққа шығармайды. Өзін жаңалық ашушы ретінде көрсетуден аулақ, тек жалғастырушы екендігіне назар аудартқысы келген. Ғалым «алғашқы образдар қиялға ерік берілгенде көрінетінін жəне бұл жерде архетип ұғымының сипаттық қолданысы шығатынын» мысалға келтіре отырып: «Мен бұл фактіні келтіріп отырған алғашқы адам емеспін. Бұл құрмет Платонға тиесілі. «Қарапайым идеялардың» кеңінен таралғандығына назар аудартқан, этнология аймағындағы тұңғыш зерттеуші Адольф Бастиан еді. Кейін Дюркгеймнің ізбасарлары — Юбер мен Мосс атты екі ғалым қиялдың «категориялары» жайлы айтты. «Бейсаналық ойлау» деп аталатын бейсаналық тұрғыдан бейімделуді алғаш Герман Узенер байқады. «Бұл жаңалықтарға менің қатысым болса, ол — архетиптердің тек дəстүр, тіл жəне миграцияда ғана таралмаған, архетип қандай да бір сыртқы əсерсіз кез келген уақытта, кез келген жерде пайда болатындығын көрсеткенімде», — деп ағынан жарылады [2; 215–216]. «Кез келген уақытта, кез келген жерде пайда болатын» архетип бұған дейін жазылған жəне бұдан кейін де жазылатын көркем шығармаларға назар аудартады. Қайнар бастаудағы ақпарат тек пошымын өзгертіп, қайта жаңғыра бермек.
Зерттеу жұмысының ежелгі дəуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі архетиптердің генезисі мен əртүрлі архетиптік кешендерді анықтауда негізгі мақсаттардың біріне жету жолында жинақтаған «архетип» жайлы мағлұматтарды Батыс ғылымындағы «архетип» негіздемесі жəне орыс əдебиеттануындағы «архетиптік» бастаулар деп ішінара екіге бөліп қарастырдық.
«Архетиптің» қайнар бастауы, негіздемесі Батыс ғылымына тиесілі.
Ұзақ уақыт бойы «архетип» ұғымы классикалық «идея» ұғымымен синоним болды. Платонның пікірінше, əр ұғым — болмысқа, ерекше мəнге ие. Бұл мəндер — идея (немесе түрлер) деп аталады. Идея — бұл шынайы болмыс. Идеялардың ешқайсысы пайда болмайды жəне жойылмайды, бір- бірінен алшақ емес. Олар сезіммен қабылданбайды, тек терең оймен ғана ашылады. Əр идея əр нəрсенің алғашқы үлгісі (парадигма) сынды. Яғни, əр нəрсе идеяның өзі секілді. Платонның идеялары жоғарғы идеямен түйінделген идеялардың иерархиясын құрайды (Демиург –> əлемдік жан –> төрт күш (жер, су, ауа, от) — денелік табиғат). «Идеялар туралы білім адам жанында бұрын көрген естелік ретінде сақталады. Адам жаны сезімдік образдарға берілгендіктен естеліктер ұмтылады, бірақ кейін қайтадан өмірге келеді. Жаңа білімді игеру дегеніміз — туа біткен жалпы ұғымдарды еске түсіру немесе көкірек көзінің ашылуы арқылы түйсіну деп аталады», — дейді [3; 171].
Платон «көкірек көзінің ашылуын» ойлаудың табиғи тəсілі деп атады. Бұл тұрғыдан келгенде Анаксагор екеуінің материалдық сипат алғанға дейінгі «тұқым-эмбриондар», заттардың идеясы жайлы түсініктері өте ұқсас. Екеуі де «өмір мен өлім — бұл бұрыннан бар «эйдос», «тұқым» элементтерінің қосылуы мен бөлінуі ғана» деген тұжырым айтқан. Тек Платонның ілімі аспан денелерінен бастап адамға қарай ауысуға басымдылық берген. Яғни, адамның жердегі тұрмысын аспани құбылыстармен түсіндіргісі келген. Ғалымның идея туралы ілімін түсіндіретін «Мемлекет» атты жетінші кітабында айтылатын атақты «Үңгір туралы мифі» сөзіміздің дəлелі бола алады. «Адамның жердегі тұрмысы — қараңғы үңгірдің қабырғасына түсіп тұрған жарықтағы көлеңке сынды, шынайы өмір үңгірдің сыртында», — дейді Платон [4; 254].
«Тұқым-эмбриондар» туралы ой Эпикурға: «заттар образ қалыптастыратын атомдар кешенін бөледі. Образдардың қалыптасу жолы біздің сезімдерімізге тікелей əрі дəл əсер етуі арқылы іске асады» деген тұжырым жасауға мүмкіндік берді. Ол осы тұжырымнан ақиқаттың үш «өлшемін (критерий)» шығарады.
Бірінші өлшем — Объективті (бəз қалпында қабылдау);
Екінші өлшем — Пролепсис (сезім əсерлері қалдырған іздер);
Үшінші өлшем — «Лəззат» жəне «азап» сезімдері.
Яғни, Эпикур теориясы Платон мен Аристотельдің теориясын біріктіреді (Аристотель «жалпыдан — жалқыға» қатынасын назарға ала отырып заттардың пайда болу ұғымдары арқылы олардың мəні мен мазмұнын білуге болады деген).
Кейін, орта ғасырларда реализм пайда болды. Олар эмпирикалық əлемдегі жекелеген заттар емес, тек жалпы ұғымдар немесе универсалиялар ғана ақиқатқа ие деген ұстанымды алға тартты. Универсалияның бар екендігі ешкімге күмəн тудырмаса да, көптеген даулы сұрақтардың пайда болуына əсер етті. Универсалиялар ұғымын «заттар пайда болғанға дейінгі» (Джон Скот Эриуген), «заттардың ішіндегі» (Фома Аквинский), «заттардан кейінгі» (Локк) ақылмен қалыптасқан немесе қарапайым «заттар атаулары» (номиналистер, Оккам, Росцелин) деп түсіндірген пікірлер бар [4; 468].
Иоанн Скот Эриуген «Табиғатты бөлу туралы» еңбегінде алғашқы үлгі жайлы ойларын ортаға тастап, «Архетип» деген сөзді алғаш рет пайдаланған. Ол «табиғат өздігінен жаратылды ма, əлде жаратушының əсері бар ма?» деген сұраққа жауап іздей келе:

  1. Табиғат жаратылмаған жəне жаратушы — бұл Құдай.

  2. Табиғат жаратылған жəне жаратушы — бұл Логос немесе ішінде барлық заттардың архетиптері бар Құдайдың құдыреті (архетип сөзі тұңғыш рет осы сөйлемде пайдаланылған — Автор). «Ондағы бар нəрсе ешқашан жойылмайды — бұл мəңгілік өмір». Бұл жерде автор табиғи заттарды жəне тылсым дүниелерді бір уақытта жарата алатын əлдебір субстанция туралы айтып тұр.

  3. Табиғат жаратылған, бірақ өзі жарата алмайды. Бұл кеңістік пен уақыт бойынша құрылған əлем.

  4. Табиғат жаратылмаған жəне жарата алмайды... Бəрі Құдайдың ішінде, һəм Құдай бəрінің ішінде болады. Яғни бастапқы архетиптер Құдайдың айналасында жəне Құдайда шоғырланады [5; 95].

Түпкі бейне, алғашқы бейне жайында Бонавентура (əлемді тұрақты символдар жүйесі ретінде бейнелейтін дəстүр), Аверроэст (адам интелектісінің бірлігі [5; 124], Сент-Августин (жаралғанда барлық мүмкіндіктердің «дəндері отырғызылған» [5; 193]) сынды ғалымда өз теорияларын ұсынады.
Corpus Hermeticum (шамамен б.з. ІІІ ғасырында жазылған, XIV ғасырда Фицино аударған) Құдайды «архетиптік жарық» ретінде бейнелейді. Бұл Құдайдың бүкіл əлемнің прототипі екенін білдіреді [5; 230]. Фицино еңбегінде: «универсумның көрінуі магиялық жады негізінде жатыр, оны зерттеу əдісі бұл тəжірибеден кейін жадыда қалған архетип-образдарды анықтады» деп жазады. Дж.Бруно «Идея көлеңкелері» кітабында идея көлеңкелері танымға сыймайды, олар магиялық образдар, Құдайдың ақыл-ойының шапағы, барлық материалдық заттар олардың көшірмелері екенін айтты [6; 22].
Кез келген зат өзінде бар дүниемен дамиды. Дəннің (тұқымның) ішіндегі өсуіне əсер ететін күшті Парацельс «архео» деп атаған. Архео — бұл материяның өмірлік бастауын ұйымдастыратын аристотельдік форманың материалдандырылған бір түрі. Парацельс оны «қырнап-жону» əрекетімен салыстырады: «бізді Құдай қалыптастырды, содан кейін өмір қырнап-жонады» [6; 62].
Декарт «Меннің» ойлаушы болмыс ретінде көптеген идеяларға толы екенін байқайды. Ол идеялардың үш түрін ажыратады:

  • туа біткен, адам сана-сезімі арқылы өз ішінен табады;

  • жүре пайда болған, адамға сырттан келіп, мүлдем басқа нəрселерге жүгіндіреді;

  • жаратылған, өзі құрастырып алған [6; 201].

Лейбниц идеялар тұқым сынды адамға туа бітеді де, тəжірибе арқылы анықтала түсетін қабілет, икемділік сынды уақыт өте айқын көріне бастайды деген. Ол кейін Платонның «еске түсіру» жайлы айтқанының негізі бар екенін мойындап, тіпті одан зоры «адам жанына бəрі мəлім» [6; 295] екенін айтты. Бұл Платон ілімінің жаңа мəн-мағынасы еді.
Малбранштың «Сұхбаттарында»: «Құдай — бұл əлемді құрайтын жəне біздің тəніміз өмір сүретін материяның архетипі, ол біздің барлық шындық идеяларын қамтиды» [6; 227].
Осылайша, Декарт, Лейбниц, Мальбранш, Паракельс жəне Бруно архетиптердің шығу тегін «құдайлыққа» тіреген. Дегенмен, схоластикада «архетиптер — бұл адамның санасында таңбаланған жəне пайым жасауына көмектесетін табиғи образдар» деген пікір де бар (мысалы, Шербург Гербер).
Локк қарапайым идеялардың екі түрі — сезіну мен рефлексивті идеялар бар деп жазған. Беркли «Treatise Concerning the Principles of Human Knowledge» («Адам білімінің принциптері туралы трактаты») еңбегінде: «...барлық мағынаға ие болған сөздер идеяларды белгілеуге қызмет етеді. Кез келген білім біздің идеяларымызбен жүзеге асырылады. Барлық идеялар сыртқы немесе ішкі əлемде пайда болады. Егер сырттан пайда болса, онда олар сезім мүшелерінен пайда болғаны, яғни, «сезіну» деп аталады. Егер олар іштен пайда болса, онда ол ақыл-ойдың əрекетін білдіреді жəне ойлар деп аталады» деген [7; 139].
Гельветиус физикалық сезінушілік пен есте сақтау қабілеті немесе тек сезімталдықтың өзі барлық идеялардың қалыптасуына себеп болатындығын дəлелдеді [6; 506].
Вольтер: «...адамдардың іс-əрекеттері ешқашан еркін болмайды. Іс-əрекет сөзсіз темпераменттің, пайда болған идеялардың, бақыт туралы ұғымдардың салдары. Бір сөзбен айтқанда, алған тəрбиеге, келтірілген мысалдарға, өмірлік тəжірибеге негізделген көзқарас» деген [6; 510].
Біз ежелгі, ортағасырлық мен жаңа дəуірдегі ең ірі философтардың сөздерін келтірдік. Бірақ бұл архетипті туралы жазған, айтқан, əлдебір ұғыммен салыстыру үшін қолданған ғалымдар қатарының толық тізімі емес. Гераклит, Прокл, Плотин, Филон Александрийский, Дионисий Ареопагит, Авиценна, ибн Араби, Сухраварди, Вико, У.Блейк, Т.Тейлор, Карус, Гартман, Экхарт — бұл толық тізімнің бір ширегі ғана.
Ғылым қанатын кеңге жая бастаған кезде «идеяның» құндылығы біршама төмендеді. «Идея» ұғымының мазмұнында архетиптің метафизикалық құндылығы да жатқаны мəлім. Себебі, «идея» танымның ішкі шарты ретінде — «ойға» айналады. Спиноза өз тұжырымда: «идеяны» жанда пайда болатын ой ретінде қабылдаймын», — дейді [8]. Кант архетипті «априорлы идеялар» деп ақыл-ойдың шектеулі категориясына жатқызған. Архетип Дюркгеймнің «ұжымдық идеяларымен», бихевиористердің «мінез-құлық үлгілерімен», И.Г. Ламберттің «жан түкпірінде жатқан ұғымдарды» білдіретін аффективті белгілерімен, Ф.Шеллингтің «бейсаналы-интуитивті алғашқы образдарымен» ұқсас, мəндес екенін атап өткіміз келеді. Ол Гетенің «алғыфеномендеріне» («прафеномендерге») жақын. Ақын «Орфикалық ілкі етістіктер» өлеңінде келесі ұлы күштерді көрсеткен:

  1. тұлға перісі;

  2. энтелехия идеясы;

  3. тихе (тағдыр), өмірдің шешуші сəттерінің жиынтығы ретінде;

  4. эрос, еркін жəне көңілді шешім мағынасындағы махаббат ретінде;

  5. ананка, нақты өмірлік жағдайлардан туындайтын қажеттілік ретінде;

  6. эльпис, болашақ бостандық пен дамудың үміті ретінде.

Мифологиялық зерттеулерде архетиптер «мотивтер» деп аталды; алғашқы қауым психологиясы Леви-Брюль енгізген «ұжымдық идеялар» ұғымына сəйкес келеді, ал салыстырмалы дінтану саласында оларды Хуберт пен Мосс «қиял категориялары» ретінде анықтады. Адольф Бастиан оларды «бастапқы ойлар» жəне «қарапайым идеялар» деп атады.
Жоғарыда келтірілген мысалдар К.Г. Юнгтің кең ауқымды «архетиптік бағыттың» жалғастырушысы болғандығын айқындайды.
К.Г. Юнгтің жазбаларында архетиптердің сипаттамалары мүлде өзгеше. Себебі, оның əр жұмысы архетиптің бір қырын, қасиетін ашуға жəне нақты анықтама беруге бағытталған. ХХ ғасырдың көптеген зерттеушілері архетипке қызығушылық танытты. Архетип көбінесе психологияның, мифологияның, символиканың категориясы ретінде зерттеледі. Бұл жайында аса маңызды еңбек жазған Е.М. Мелетинский өз еңбектерінде З.Фрейд, О.Ранк, Э.Нейман, Ш.Бодуэн, Дж.Кэмбелла, Ж.Дюран сынды ғалымдарға сілтеме жасайды [9; 5–14]. Германиядағы менталисттік мектебі мен АҚШ-тағы Жаңа сын қазіргі əдебиеттегі көркем шығармашылық ежелгі мифтердің прасимволдарының ретроспективті көрінуі тұрғысынан зерттеулер жүргізген. Э.Нойман «Сананың шығу тегі жəне тарихы» (1949) кітабы бойынша архетиптер — трансперсональды доминанттар деп көрсетілген. Ж.Дюран «Қиялдың антропологиялық құрылымдары» (1969) еңбегінде алғашқы құрылымдық схемалардың əсерінен символдар — сөзге, архетиптер — идеяларға айналады. Осылайша символдар, архетиптер жəне схемалардың динамикалық жүйесі баяндаушылыққа айналады деп санайды.
Бұл дегеніңіз, символикалық интерпретация туындының мəнін ішінен емес, шығармадан тыс, онда қолданылған образдардың бастапқы мағынасынан тапты. Өнер туындысы адамзат жасаған үлкен мифтің мəтіні ретінде қарастырылды, онда психоаналитикалық архетиптерге негізделген санаулы ғана шешуші əрекеттер сансыз нұсқада ұсынылған [10; 199–200].
Нортроп Фрай мифология мен жүйені, архетип жəне құрылымды біріктіре отырып, əдебиет тарихына жаңаша көзқараспен қарау керектігін ұсынды. Оның пікірінше, əдебиет — бұл алғашқы қауым мəдениетінен табуға болатын салыстырмалы түрде шектеулі жəне қарапайым формулалардың біте қайнауы. Біз оған қайта-қайта орала беретініміздің себебі: əдебиет — бейсаналық ілкі тип процестеріне байланған типологиялық кері байланыс жүйесі. Əдеби мотив, сюжет немесе əрекет мифпен анықталады.
Бұдан шығаратын қорытынды: мифология — бұл шығармашылықтың құрылымдық принципі. Миф — архетип.
Фрай өнердің негізгі бес поэтикалық режимін анықтады:

  • миф, романсеро (аңыз, ертегі, аңыз əңгіме);

  • жоғары еліктеу формасы (эпос, трагедия);

  • төмен еліктеу формасы (комедия, реалистік проза);

  • ирониялық поэзия.

Ол тіпті бүкіл көркем шығарманың «орталық мифін» анықтайды. «Орталық миф» — кейіпкердің шытырманға толы саяхатқа аттануы туралы аңыз. Ол табиғи циклдармен жəне «Алтын ғасырды аңсау» туралы арманмен тікелей байланысты. Əдебиет тарихы архетиптерді зерттеу тұрғысынан келгенде «əдеби антропологияға» айналады: əдеби шығармалар шарттарға, шарттар жанрға, жанрлар алғашқы үлгіге, яғни архетиптерге иек артты.
Мод Бодкин «ұжымдық-мифологиялық» рух ұғымының негізінде психологиялық-əдебиеттік типология құруға əрекет жасады. Ол өткен ғасырдың 30-шы жылдары поэзиядағы архетиптік модельдерді ұжымдық дəстүр мен жеке өмірдің белгілері ретінде түсіндіруге талпыныс жасады. Оның типологиясына Батыстың көптеген зерттеушілері сүйенді [10; 200–204].
К.Леви-Стросс «Құрылымдық этнология» еңбегі арқылы Юнг пен Фрайдың архетиптік мифологиясына қарсы бола тұрып, мифті ұжымдық сананың негізгі мазмұны, тұрақты құрылымдардың негізі деп талдаған.
Мифтің архетиптілігін Э.Кассирер, К.Кереньи, Э.Ньюман, Г.Циммер, Ж.Дюран, Дж.Кэмпбелл, Д.Миллер жəне басқалар қолдады. Қазіргі ғылыми орта архетиптер теориясын ғалым Мирчи Элиаде (архетип — үлгі, еліктеу моделі [11; 210]) еңбектері арқылы кеңінен тануда. Сонымен қатар, архетипті Сабина Шпильрайнның «мұраға қалған образдар», Дж.Кэмпбеллдің «тəжірибелер ізі» немесе Станислав Грофтың «пренатальды (туу алдындағы) матрицалар» түсініктері ғылыми кеңістікке кеңінен танымал деп ойлаймыз. Э.Самуэлстің зерттеулерінің арқасында біз этологтардың, биологтардың, нейрологтардың, структуралистердің, батыстың түрлі мектептері өкілдерінің [12] зерттеу аясындағы алғашқы үлгі жайлы құнды ақпараттарға қол жеткізе аламыз.
Келтірілген мысалдарды қорыта айтқанда, философиялық-архетиптік ілім сан-алуан мектептер мен бағыттардан өтіп, ғылымға кең қанат жайды. Əдетте, Батыс ғылымында философиялық- архетиптік көзқарас əдебиеттен бөлек емес, қатар өмір сүреді.
Енді кезекте «архетип» ұғымының орыс əдебиеттануындағы зерттелу тарихына қысқаша тоқталып өтсек. Тарихи жағдайларға байланысты отандық ғылым жəне мəдениет Кеңес Одағымен тығыз байланыста болғандықтан бізге «архетип» туралы негізгі зерттеулер орыс əдебиеттанушыларының еңбегі арқылы жетіп отырды. Басқаша айтқанда, Кеңес Одағының сүзгісінен өтіп отырған жұмыстар ғана қолжетімді болды. Алайда, бұл орыс əдебиеттанушыларының «архетип» теориясына көп үлес қоспады, іргелі зерттеулер жүргізбеді деген сөз емес.
ХХ ғасырдың ортасына дейін орыс ғалымдарының барлығы дерлік Платонның ізбасарлары болды деп айтуға негіз бар. Мысалы, М.В. Ломоносов логикалық ілімін «қарапайым идея» деп аталатын ұғыммен бастады [13; 100]. Сол сияқты Григорий Сковороданың [6; 470] «идея» жайлы тұжырымдарын айтуға болады. Мұның себебі, XIX ғасырдың басында университеттер мен рухани академиялардың философиялық курстарына Платон философиясын зерттеу пəні енгізілгеннен деп болжаймыз. Сол кезеңде көптеген журналдарда Платон туралы мақалалар жарияланып жатты. Мысалы, А.А. Григорьев (1822–1864) «бейсаналық шығармашылық» жайлы алғашқы зерттеулер жүргізіп, «аватар» атты жаңа терминді енгізді. Ғалым аватар терминін мына үш пунктпен түсіндіруге тырысқан.

  1. тұңғиыққа бату, трансформация; көркем ойдың пайда болуы мен апогейі, бірқатар өзгерістерге ұшырауы.

  2. дүниежүзілік əдеби ағза.

  3. туғызушы «орталығы» бар əдеби дəуір.

«Ай астында ештеңе жаңа емес. Өнер жаңа дегенді білмейді, бірақ ол бесік жырындай ескіні біледі» [14; 240–243].
А.Ф. Лосев «Күнгілік мифологиясы» кітабында архетиптің пəлсапаға негізделген
тұжырымдамасы мен қос таңба (немесе екінші дəрежелі таңба) ұғымын ұсынды.
Біз архетип теориясының қалыптасуындағы Юнгтің орнын төмендетуден де, асыра көрсетуден де аулақпыз. Тек «архетип идеясының» антикадан ХХ ғасырға дейінгі түрлі саладағы (əсіресе философиядағы) ізденістер мен түйсінулердің «жалпы сұлбасын» жасауда Юнгтің теориясы орасан зор орын алатынын атап өткіміз келеді. Себебі, ол өзіне дейінгі архетипке қатысты барлық арналарды тоғыстыра отырып, оны психология, мифология призмасынан өткізген. Яғни, трансцендентті немесе таңғажайып деген түсініктерді адами өлшемге түсірген. Юнг «призмасынан» өткен архетип ғылымның əртүрлі саласындағы «архетип идеясының» векторлық жолын көрсетіп берді. Олар:

  1. антикалық «арғыбастау»;

  2. тұрмыстағы (быть) «логостардың дəні»;

  3. Платондық «эйдос»;

  4. Августиндік құдайлық «сана»;

  5. Лейбництік «монад»;

  6. Канттық «интеллект-арғыобраз»;

  7. Гетелік «арғыфеномен»;

  8. В.Розановтық «сана схемасы»;

  9. П.Флоренскийлік «заттардың ноуманальді дəндері»;

  10. Вяч. Иванов пен С.Булгакованың Юнгқа дейінгі ұжымдық бейсаналық аналогы ретіндегі «əлемдік жан», т.с.с.

Юнг пен оның жолын жалғастырушылардың психоаналитикалық сферасына енбеген көптеген аспектілер бар. Сондықтан, архетип бастауларының ғылыми даму жолындағы «жалпы сұлба» тек тарихи-теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, салалық (мамандандырылған) архетип теориясы үшін аса маңызды. Сол салалардың бірі, біздің жағдайымызда — əдебиет туралы ғылым.
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде жарыққа шыққан «Батыстық ойлаудың тарихы» атты іргелі еңбекте: «...батыстық дүниетаным антикалық оқулардағы архетиптік мазмұннан басталған жəне ХХ ғасырда Юнг пен оның мұрагерлерінің архетип теориясымен аяқталған...» [15; 9] — делінген. Антикадағы дүниетанудың ғылыми жəне көркемдік ерекшелігі зерттеушілерді əлі күнге дейін таңғалдырып келеді. «...Əлемді архетиптік принциптерге сүйене отырып түйсіну ешқашан өзгермек емес. Бұл тенденция гомерлік эпостан бастап, бүкіл грек мəдениеті жүріп өткен жолдан анық көрінеді... Оның түп төркінінде ғарышқа алғашқы болмыс немесе трансцендентті алғашқы ұстанымдар ретінде қарау жатыр» [15; 9].
М.Элиаде атап өткендей, ежелгі платоншылар мен Блаженный Августиннің «архетип» туралы түсінігі Юнг жəне оның жолын жалғастырушылардың еңбектерінде түбегейлі өзгеріске ұшыраған. «Бүгінгі күні бұл сөз Юнгтің арқасында мүлде басқа мағынаға ие болды» [16; 30]; «Екеуі (Платон мен Юнг) айтқан терминнің мағынасы емес, тек дыбысталуы ғана ұқсас» [16; 116]. Кейін бұл пікірді басқа да ғалымдар қуаттады.
«Архе» сөзін гректер көбінесе, əрине эстетикалық категориядан қарағанда, «бастау» мағынасында пайдаланған. Сонымен қатар, бұл сөзге кейде «принцип» мəнін де жүктеп отырған. Екеуін де белгілі бір «элементпен» жалғап айтқан. «Бастау» сөзіне от, су, жер, ауа сынды алғашқы бастаулардың арақатынасы арқылы қараған. Платонда «бастау» ұғымы алғашқы бастаулардан ажырап, жанға қатысты айтылады. Антикада «arche» дегеніміз алғашқы бастаулардың ауысу кезеңдерінің принциптерін анықтаса, Платонда оның өзі қалай пайда болды деген сұраққа жауап іздейді. Грек ғалымы үшін кез келген затқа: «бұл ешқандай басталусыз бұрыннан болған ба (көкке қатысты айтып отыр, — Автор), əлде қандай да бір басталудан пайда болған ба?» сұрақ қою керекпіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет