«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін!»
М.Жұмабаев
Тамыры терең жайылған, қиыр даланы төске алып, Еуразияның кіндігінен орын тепкен, кең байтақ қазақ жері, тарихы терең қойнауда жатқан,баға жетпес қазыналы, Мұхтарша айтқанда «қырқасынан қыран ұшқан» тұңғиық табиғатқа ие қазақ даласы қазіргі таңда даму сатысынң жоғарғы шебінде жүргені айқын. Сара жол салып берген Сақ бабамыздың дәуірінен кейін қанша дәуір өтсе де, еліміз әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған, мәртебесі биік, мерейі асқақ, тағылымы мен толғауы мол, болашаққа байыппен белін буып аттанып отырған, әлемнің іргесі биік елдерімен терезесі тең мемлекетке айналып отыр.Бұның барлығы, әрине, алдымен жаратушы Алланың, содан соң елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал салиқалы саясатының арқасында деп білемін.
Әрине, мұндай дәрежеге қол жеткізудің жолында еліміздің әрбір азаматының еңбектері сіңді.Олардың әрбірі қиналып, ауыр жұмыс істеген жоқ, жай ғана еліне деген, жеріне деген сыйластығын,құрметін, бәрінен бұрын, еліне деген ыстық патриоттық сезімін айқындап, даму қағидасын ұстана білді.Осының бәрін бір сөзбен айтқанда, халқымыз ел арасында өз елінің нағыз паториоты бола білгендігінің нәтижесінде біз қиындықтың барлығын жеңе білдік. «Тілінен айрылған ұлт – ұлт болып жасай алмайды» дегендей, ана тілімізді ардақтап, баба салтымызды сақтай білдік. Осылайша біз тәуелсіз мемлекетке айналдық.
Демек алдағы болашақтың бастауы боларлық мүмкіндік «көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалыны бар, ары жанынан қымбат болған» жастарымыздың еншісінде.
Жастар - болашақтың алтын діңгегі, болашаққа бастар нақты істердің темірқазығы. Ал жастар қолдауы – мемлекеттің даму статусын жоғары көтеретін, әлемдік аренадағы еліміздің асқақ беделін айқын көрсете алатын ерекше күш.
Кез келген ағаш тамырсыз шықпайды. Тамыры берік, мықты ағаш қана жел соғып, дауыл тұрса да құламайды, сынбайды. Сол сияқты кез келген мемлекеттің еш қиындыққа мойымай, тек қана алға бастайтын күші ол- жастар.Жастар жалыны неғұрлым жалынды әрі мығым болса, мемлекет болашағы да соғұрлым мықты, берік, тұрақты болады. Қайсы мемлекетті алсақ та, елдің дамуы саналы азаматтар қатарының көбеюімен де байланысты екені анық. Себебі болашақ – жастардың қолында. Ал осы жолда тайсалмай, елім үшін деп ерінбей еңбек ететін болсақ, өз үлесімізді қосарымыз хақ. Келешекте ел тізгінін қолға алатын жастардың барынша білімді, жан-жақты, білікті болуы қаншалықты маңызды болса, олардың Отанына деген сүйіспеншілігінің мол болуы басты қажеттілік болса керек. Демек мемлекеттің күйреуі не болмаса дамуы жастарға және олардың еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктері мен ұлттық патриоттық сезімінің деңгейіне байланысты. «Көздегені көк аспан» болған жастарымыз белсенді болса, мемлекет ешқашанда өзінің беделін жоғалтпайды. Мен жастарға сенемін!#
Біздің мемлекет осыдан 28 жыл бұрын тәуелсіздік алды. Осы жылдары Қазақстанды тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып, әлем елдері мойындаған жеке мемлекет қалыптасты. Қазақстан жер көлемі жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орын алады. Ал жер асты байлықтары жағынан әлемдегі ең бай мемлекеттер қатарында. Қазір түрлі ұлт пен ұлыс тоғысқан Қазақстанда он сегіз миллионнан аса адам тұрады. Олардың бәрі Қазақстанды өз Отаны деп санайды. Елімізде биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Себебі, еліміздің дамуы мен болашағы жастардың қолында. «Жастар жылында» елімізде жастарға көп жақсылықтар жасалып жатыр. Оларға арнап жалдамалы және шағын отбасылық пәтерлер көптеп салынуда. Ал студенттерге арнап жатақханалар салуды Елбасының өзі Үкіметке арнайы тапсырды. Егер жастарға осындай көмектер берілсе, онда олар сабақтарын жақсы оқып, болашақта жақсы маман иелері болып шығады. Сөйтіп, олардың әрқайсысы үздік маман атанып, еліміздің дамуына үлкен үлес қоса алатын болады.
Қазақ халқында жастар туралы мақал-мәтелдер өте көп. Солардың бірі – «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» дейді. Бұл мақалдан қазақ халқының әр баланы болашақ ел тұтқасы ретінде санап, балаға жас кезден құрмет көрсететінін көреміз. Осындай қалыптасқан тәртіптің арқасында қазақ халқы бірлігін сақтап, талай соғыстарда бірігіп, елін, жерін жаудан қорғады.
Одан өзге «Бала өспей ме, көкейіңді теспей ме?» деген мақал да ел жадында. Мұнда да қазақтың балаға деген құрметі айқын көрсетілген. Әр балаға осылай қарау арқылы, баланың жігерін қайрайды. Намысын оятады. Бала да ел үмітін ақтау үшін өз ісіне жауапты бола бастайды. Сөйтіп, еліне пайдалы үлкен азамат болып өсіп шығады.
Қазақ жастары отаншыл болып өседі. Өйткені, үлкендер олардың санасына кішкентай кезінен «Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол» деген сөзді сіңіріп өсіреді. Сондықтан, халыққа қызмет ету – жастар үшін ата сөзін орындау, батасын қабылдау болып табылады. Ата сөзіне, тәрбиесіне адал болуға талпынады.
Адамның жас кезінде қайратты болатыны анық. «Жас келсе іске» деген сөздің төркіні де осыған негізделген. Мемлекет жастардың қайратын босқа шашпауына, оны елге пайдалы іске бұруға бағыттап отыруы тиіс. Жастар үлкендердің ақылын ала отырып, өздері жаңа өмірді, жаңа қоғамды қалыптастыруға атсалысады.
Қазіргі жастар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуде. Мысалы, мен де қазақ тілінде ойлаймын, орыс тілінде еркін оқимын, сөйлеймін. Ағылшын тілін толық түсінемін. Тіл білу маған көп нәрсені білуге, көп нәрсені салыстыра отырып зерделеуге жол ашты. Бірақ жастар қанша тіл білсе де, өздерінің қазақ ұлтынан екенін ешқашан ұмытпаулары керек. Ендеше, біз қазақпыз десек, алдымен алған білімімізді қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі аясында қолдана алуды үйренуіміз керек. Біздің біліміміз Отанға қызмет етуге міндетті. Өзге елдерге барған кезде де ең әуелі қазақтың әдебиеті мен мәдениетін алға тарта отырып, сол арқылы өзімізге де, халқымызға да шетелдіктердің құрметін оята білу, ел мүддесіне қызмет ету – біздің басты парызымыз.
Қазір елімізде көптеген үлкен өндірістік орындар салынып жатыр. Болашақта сол өндірістерге білікті мамандар – инженерлер, шеберлер, жұмысшылар қажет болады. Елімізде денсаулықты сақтау саласы да кеңінен дамуда. Оған да жоғары білімді дәрігерлер қажет. Білім беру саласы да үздіксіз жетілуде. Оларға да білімді мұғалімдер керек болады. Ал ауыл шаруашылығы дамыған сайын оларға да зоодәрігерлер, ветеринарлар, агрономдар, жер мамандары, экологтар қажет. Жалпы, қазір мемлекеттің барлық саласына жастар келе бастады. Ендеше, қазіргі жастарға қойылатын талап өте жоғары бола түсті. Жастар соған өздерін қазірден бастап дайындауы керек.
Біздің ата-бабаларымыз бізге осындай байтақ даланы мирас етіп қалдырды. Тәуелсіз мемлекетті құрып берді. Өскелең ұрпаққа зор сенім артты. Біз – жастар, сол сенімді ақтай білуге, олардың бізге қалдырған ұлы мұрасын жалғастыра білуге тиістіміз. Бұл біз үшін зор міндет! Қазақ жастары осы үдеден абыроймен шығады деп сенемін. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» дегенде – осыны айтса керек!
Қысқа ғұмырын ел тағдырына арнап, Алаш ұранын аспандатып, халық игілігі үшін қара басын қатерге тігіп, күллі адамзаттың мүддесін көздеген Мағжан Жұмабаев замана сырын ашып, болашаққа жол сілтеген ұлт ақыны. Өмір шындығын поэзия шындығына айналдырып, таланты мен көрегендігі тоғысқан Мағжан ақынның туындыларын толыққанды талдап, санамызға сіңіре алған жоқпыз. Сондықтан зерттеген сайын зерттеуді қажет етіп, терең ойға, сырлы сезімге, тұңғиық әлемге батырып жіберетін ақын өлеңдерін жүрек түкпіріне қонақтату – бүгінгі ұрпақ, біздің еншімізде.
Әдебиеттің хaлық алдындaғы биік мақcaт-мұpaтын дұрыс түсініп бaғалаған, сөз өнерінің құнын apдақтай сыйлaған, өмір шындығын, қaт-қабат құбылыстapын оның терең мaзмұнына үңіле отырып суреттей aлған aқын жыры әрқaшан қоғaмдық, aзаматтық мәселелерді көтереді. Aқынның aзaматтық тұлғacын оның шығармалapының aзаматтық үні ғанa тaныта aлады. Осы тұрғыдан Мағжанның азаматтық үнін танытатын «Мен жастарға сенемін» өлеңі жас ұрпақтың жанына жігер, жүрегіне рух пен айбындылық, көңіліне сенім ұялатар ұлтжандылықтың ұраны дейміз. Мағжан поэзиясы енді ғасырлар бойы толассыз зерттеуге жетеді. Бұл жұмыс алаш ұлының айбынды рух атой салған «Мен жастарға сенемін» өлеңінің өзекті ойы мен қазіргі таңда елді, ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі мән-маңызын зерттеп, бүгінгі күнмен үндестік тапқан ақынның азаматтық үнін зерделеуге арналды. Ақынның бір-бір зерттеуді қажет ететін осындай рухани дүниесі қаншама?! Бұл зерттеу де сол ұлт руханиятына қосылған теңіздің тамшысындай үлес деуге болады.
«Мағжан Жұмабаев – біздің рухани өлкеміздегі қиырдан көзге түсетін, көрген көз сүйінетін биік шындарыздың бірі де бірегейі. Оны танып, оны қастерлеу – біздің елдік мәдениетіміздің анық көрсеткіші, сипаттамасы болмақ»,-деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, Мағжан ақынның азаматтық үні, ұлттық рух пен патриоттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзіндей өлең деген құдірет арқылы ұлт руханиятына қосқан үлесі бүгінгі күн тұрғысынан арнайы зерттеуді қажет етеді. Зерттеу жұмысы осы мәселені ашуға бағытталған.
Ел алдындағы басты мұрат – тәуелсіздік алып келген ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау болмақ. Ел болашағы – өскелең ұрпақты елінің көркеюіне үлес қосар азаматы етіп, ұлт болашағын тәрбиелеудегі «Мен жастарға сенемін» өлеңінің қосар үлесі мен руханият таразысынан алар салмағын екшелеп, көңіл көзінен өткізіп, мейлінше жіті зерделеп, бүгінгі күнмен сабақтастырылған.
Достарыңызбен бөлісу: |