Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат»
Жаз. Жайлау. Шұбала қонған киіз үйлер. Қанаттас бір ауылға апам мені жетелеп, қыдырыстап келген. Үш-төрт әйел үйде шай ішіп әңгімелесіп отыр да, мен сыртта асық ойнаған балалардың қасында қызықтап қарап тұрмын.
Ересектеу баланың бірі кенет иығымнан жұлқып қалды:
— Әне, сені тастап, шешең кетіп бара жатыр!
Ауылдың ортасын қақ жарып, тарам-тарам соқпақ жол өтеді. Сол жолмен түйеге мінгескен екі әйел соқтырып кетіп барады. Екеуі де кимешек киген. Артындағысы аумаған менің шешем. Мені бөтен ауылда қалдырып, жөнеп барады.
Мен шешемнен өлмей қалармын.
— Ала! Ала! — деп артынан қуып бердім. Құлындағы дауысым Құдайға жетіп, бақырып жүгіріп келем. Аяулы шешемнің маған бұрылып қарағысы да келмейді.
— Aпa! Апа!
Бақырудан өңешім жыртыла жаздайды. Жол шетіндегі үйлердің адамдары бәрі маған қарап қалған. Тек шешем ғана қарамайды. Ұзын аяқтарымен тайраңдай желген жүрдек түйе оңайлықпен жеткізбейді.
Бір әйел көлденеңнен дауыстап:
— Әй, қатын, балаң жылап келеді! — деді.
Шешем енді ғана маған жалт бұрылып қарады.
Сөйтсем, шешем деп жылап келе жатқан адамым мүлдем бөтен… Алдындағысы да мен танымайтын басқа әйел.
Өз шешем сол әлгі шай ішкен үйде отыр.
Мысал
Оспанхан Әубәкіров
Мені көрсеңдер қашыңдар
О, құдірет-ай!
Жұрттың басы кәдімгі бас секілді.
Ал менің антұрған басым
Өзіме қас секілді, –
Қайдағы бәлеге бейім тұрады,
«Кім жақсылық істейді?» десе,
Жұрттың соңында қалып кейін тұрады.
Арамдықты айнытпай сезе қалады.
«Кім иттік істейді» десе,
Азаннан тұрып кеп кезек алады.
Иттігі сол емес пе,
Көрмеген дауға айғақ болады.
Қаны қарайған пышаққа қайрақ болады.
«Анау сені сүйтем» деді,
Қолыма түссе шашлық жасап,
Секесуілдің шоғына қақтап үйтем» деді, – деп,
Есінеп жүрген екеуді жұлыстырып,
Жоқ жерде жұмыс құрып,
Тұнытқты лайлап сапырып кетеді.
Түбі керек бола ма деп,
Миллициясын да шақырып кетеді.
Біреуді өсіру жайлы сөз болса,
Сондай бір сөзге кез болса,
Өй, ол қояншықты білемін,
Қазанын шағып, кескілеп кілемін,
Әйелін балконнан лақтырып,
Шешесін балағаттап,
Әкесін құлаққа ұрған,
Осы кеше ғана көрдім,
«Құритын болдым» деп жылап тұрған, – деп
Үміт туғызып отырған адамға
Күдік туғызып,
Артынан жар, алдынан құдық құрғызып,
Танымайтын, білмейтін адамына,
Өрт қойып қадамына,
Жұрттың ақ пікірін ірітіп кетеді.
Мұнысына алтын тапқандай қуанып,
Ойламаған жерде бір «ұтып» кетеді.
Міне, осындай басым бар.
Жан сақтағыларың келсе,
Мені көрсеңдер, қашыңдар!
Достарыңызбен бөлісу: |