Бір бөлмеде екеуміз ғанамыз. Мен бүк түсіп, теріс қарап жатырмын. Қоңыр гитарасының құлақ күйін қайта-қайта келтіріп, анда-санда дауысын кенеп қойғанымен Табылдың әні әзірге естілген жоқ.
Жаңа ғана жан сырын айтып жылап алған. Ол бүгін Ажарымен қоштасты. Мәңгілікке! Өзінің айтуынша солай. Екеуінің махаббатына ессіз қызығатынмын. Екі жыл әскерде жүргенде Табылдың көңілінде талай ән күмбірлеткен, қара баланың музасына айналған қыздың енді біздің үйге келмейтіні маған да ауыр тиді. Аңқылдаған ашық мінезді қыз еді... Ақ көңілдің артынан ерген сөз ақыры аяулы махаббатты да астаң-кестең еткендей ғой...
Табыл қоңыр гитарасын әлі бұрап отыр. Мен әлі бүк түсіп жатырмын. Мұндайда жұбататын сөз де айта алмайды екенсің. Өздерінің шешімдері. Досымның көңілі алай-дүлей, жаны өртеніп жатыр. Не дейсің мұндайда? Бір кезде қоңыр гитараға жан біткендей болды. Әлдебір белгісіз әуен ақырын басталды да әнге айналып сала берді.
…Жағалап сайран көлдің сыз кемерін,
Сезіп ем күз келерін, күз келерін…
Әйтседе сезбейсің-ау өзіңді ойлап,
Бұлқынып жүрегімнің… іздегенін…»
Шерхан Мұртаза «Теке бұрқақ»
Басы төсіне салбырап отырған Шолақ шопан ұйқыдан оянғандай селк етті. Кереге тастың басына қарады. Өз көзін тырналап қайта қарады.
Кереге тастың басына ғайыптан орасан зор керіскедей ескерткіш орнап қалғандай. «Елес пе?!» — деп көзін жалғыз қолымен тағы сүртті.
Аппақ алып қасқыр алдыңғы аяқтарын көсіліп жіберіп, арыстай болып жатыр. Аумаған Мысыр сфинксі сияқты.
Кенет тас мүсін тіл қатты.
— Амансың ба, Шолақ?! Біз көріспегелі талай заман болды.
Шолақ шопан атын тебініп, тұра қашпақ болып еді, Бірақ орнынан қозғала алмай, сілейді де қалды.
Аппақ мүсін тағы да тіл қатты:
— Қорықпа, Шолақ бауыр! Мен саған тиіспеймін. Мен Көк бөрімін. Сенің пірің боламын. Баяғы-баяғы жаугершілік заманда сен жұртта қалған жап-жалаңаш нәресте едің. Сені мен асырап алғанмын. Сен Ана бөрінің, қасиетті Құртқаның емшегін еміп, ер жеткенсің. Ұмыттың ба?
Ұмыттың, тауфихсыз! Жер беті мыңғырған қызыл киік, ақбөкен болар еді. Біз, Бөрі тұқымы сол жабайы аңдардың ақсақ-тоқсақ, ауруын азық етіп, дүниені ластан, ауру-сырқаудан тазартып жүрген дәруіштер едік. Сендер, тауфихсыз, тарих танымас қосаяқтылар киік тұқымын қырып біттіңдер! Көкбөрілер қалдығы адамдардың асыранды малына амалсыздан, лажы жоқтықтан тиіседі. Соны түсінбей өз Піріңді өзің жау көрдің.
— Абайла, Шолақ! Сені асырап адам еткен көк бөрінің құдіретті Пірі ұрып кетпесін. Жер бетінен Көк бөрі тұқымы үзілсе, сен, Адам, тап-тақыр жетім қаласың…
Шолақ шопан Кереге тастың басына қарап еді — жым-жылас. Арыстай аппақ арланның орнынан еріген қардың буы бұрқырайды.
— Сірә, мені бірдеңе шалықтаған шығар, — деп Шолақ шопан торы атты қос өкпеден тепкілеп, домбаздай салған мұржасынан түтіні будақтаған үйіне қарай шаба жөнелді.