қоғам (адамзат, Отан, жанұя, ұжым, т.б.) алдындағы борыш пен жауапкершілік,
білім алудың әлеуметтік маңызын түсіну жауапкершілігі.
2) Қоғамдағы өзінің орнын табу (Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш... Дүниеге кетігін тап та, бар - қалан!»)
белгілі бір мақсатқа жету,
басқа адамдардың ішінен белгілі бір позицияны иемдену,
қоғамда беделге, материалдық құндылықтарға, атақ, лауазым, абырой, даңққа, мақтау мен марапаттауға ұмтылу.
3) Әлеуметтік қарым-қатынас
қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынас құру,
қарым-қатынастың тиімді тәсілдерін меңгеру.
Әрбір үйренушінің оқу мен үйренуге (алдағы сабаққа, қарастырылатын тақырыпқа, өткізілетін шараға, т.б.) деген қызығушылығын бірінші мезетте оның жеке тұлғасына, жеке өміріне, жеке басының мұң-мұқтаждарына, қажеттіліктеріне және мүдделеріне жүгіну арқылы ғана оятуға болады.
Студенттер әр сабақ пен тақырыптың өз өміріне, оның ішінде өзінің тұлға және маман ретінде дамуына тікелей қатысы бар болып, елеулі пайда әкелетіндігін білгенде ған таным процесіне белсене араласады. Сол себепті де студенттің «МЕН» сезімі арқылы оның оқу материалына қызығушылығын тудыруға болады.
Қызығушылықты ояту дегеніміз оқуға деген «тәбетті» шақыру іспеттес, онсыз білімнің «сіңірілетіні» екіталай немесе «сіңірілу» саналы және ерікті түрде болмайды. Үйренуші игерілетін білімге тек өзінің тікелей қатысы бар екендігін сезінгенде ғана оған именуге, зер салуға, оны қарастыруға дайын болады. Басқаша сөзбен айтқанда, қызығушылықты ояту дегеніміз қажеттіліктерді айқындау.
Қызығушылықты ояту арқылы үйренушілерді келесідей әрекеттерге баулуға болады: 1. Үйренушілер өздерінің бұрынғы жеке білімін айқындайды. Бұл үшін үйренушілер қарастырылатын тақырыпты жеке тәжірибесі тұрғысынан ой елегінен өткізіп, ол бойынша не білетіндігін естеріне түсіреді, оларды талдайды. Бұл әрекет оларды белсенді жұмысқа ынталандырады және өздерінің бұрынырақ алған білімдеріне баға беруге шақырады, өйткені мұнда әр үйренуші «Мен осы тақырып бойынша не білемін? Менің білетінім қандай дәрежеде екен? Менің есімде нендей білім жатталып қалды екен? Ол маған қалайша қажет болып еді?» сияқты сұрақтарға жауап береді. Осы арқылы студент бұрынғы білімін жаңа біліммен салыстырып, байланыстырады. Осы әрекеттер арқылы ол жаңа білімді игеруге ынталанады, онда қызығушылық пайда болады. Студент жаңа білімнің бұрынғы білім негізінде қалыптасатындығына көзін жеткізеді, әр білім алдыңғы білімнің жалғасы екендігін және білім игеру ісінің үздіксіз процесс екендігін түсінеді. Өз кезегінде бұл тұжырымдар студенттің өз біліміне деген жауапкершілігін арттыра түседі.
Жаңа тақырып студенттерге таныс болмаса да, оның бұрында кезікпегенін айқындау ісі белсенді жұмысқа жетелейді. Мұнда «Бұл не нәрсе екен? Мұны білу керек те болар? Қалайша білуге болады?» сынды ойлар мен мақсаттар студенттерді алға бағыттайды, олардың жаңа тақырыпқа деген құлшынысының себепкері болады.