Диспутты өткізу 1. Кіріспе - Жүргізуші пікірталасты ашып, оның тақырыбы мен мақсаттарын хабарлап, оларға түсініктеме береді.
- Пікірталаста сарапшылар (немесе төрешілер) алқасын да сайлауға болады. Олардың қатарына оқытушылар, мамандар, пікірталасқа қатынаспайтын студенттер кіреді. Сарапшылар пікірталастың жеңімпазын анықтаумен айналыспай, пікірсайыста туындауы мүмкін мәселелерді шешіп, ережелердің қадағалануын бақылайды.
- Жүргізуші пікірталасқа қатысушы жақтарды көрермендерге таныстырып, пікірталас ережелері мен регламентін жариялайды. Осыдан кейін ол сөз сөйлеу ретін анықтайды (жеребе тастап, немесе алдымен сөзді қандай да болмасын көзқарасты жақтаушыларға береді: мұндайда қарсы шығушылар сөз кезегін екінші болып алады).
2. Бірінші позицияны жақтаушылардың сөзі - Алдымен бірінші позицияны жақтаушы (шешен, спикер) сөйлеп, топ пікірін белгіленген уақыт аумағында (мәселен, 3 минут) келтіреді, оны түсіндіреді, дәлелдейді.
- Оның сөзінен кейін екінші пікірді жақтаушылар сұрақтар қояды да, спикер берілген сұрақтарға жауап береді.
- Келесі кезек қарсы көзқарас ұстанған жаққа беріліп, оның өкілі бірінші жақтың позициясының кемшіліктері мен олқылықтарына тоқталып, олардың көтерген проблемасы бойынша басқа шешім ұсынып, қарсыластарына тағы да сұрақтар қояды (бұл әрекетке уақыт азырақ беріледі, мәселен, 2 минут).
- Бірінші көзқарасты ұстанушылар өз позициясын нақтылай түсіп, сұрақтарға жауап береді (2 минут).
3. Екінші позицияны жақтаушылардың сөзі - Енді тура сол ретпен екінші позицияны жақтаушы (шешен, спикер) сөйлеп, өз пікірін белгіленген уақыт аумағында (3 минут) түсіндіреді және дәлелдейді.
- Оның сөзінен кейін бірінші пікірді жақтаушылар спикерге сұрақтар қояды да, спикер берілген сұрақтарға жауап береді.
- Кезек бірінші көзқарас ұстанған жаққа беріліп, оның өкілі қарсы жақтың позициясына тоқталып, солардың көтерген проблемсы бойынша басқа шешім ұсынып, қарсыластарына тағы да сұрақтар қояды (2 минут).
- Екінші көзқарасты ұстанушылар өз позициясын нақтылай түсіп, сұрақтарға жауап береді (2 минут).