Астрономияның шығу тарихы мен дамуының негізгі этаптары. Астрономия - ерте дамыған ежелгі ғылымдардың бірі. Алғашқы астрономиялық жазбалар б.э.д. VIII ғасырларға сәйкес келеді. Бірақ бұдан үш мың жыл бұрынғы Египет ғұламаларының Ніл өзенінің тасуы ең жарық жұлдыз – Сириустың таңертеңгі тууымен қабат келгені туралы жазған еңбектері белгілі. Осы арқылы олар тропиктік жылдың ұзақтығын дәл анықтай білген.
Біздің эрамыздан екі мың жыл бұрын Қытай оқымыстыларының Күн мен Айдың қозғалысын дәл есептегендері соншалықты, олар Күн және Ай тұтылуларын тура анықтап отырған.
Әрине, астрономиялық зерттеулер адам өміріндегі мұқтаждықтан шыққан. Алғашқы қауымдық кезеңіндегі көшпелі тайпалар үшін көш бағытын анықтау үшін Күн, Ай және жұлдыздардың көмегі зор болды. Әртүрлі жыл мезгілдерінің ауысуын білу жер өңдеуші диқандардың да аспан денелерінің қозғалысын бақылаудың қажет екендігіне көздерін жеткізді. Жыл мезгілдерінің ауысуы аспанда белгілі бір шоқжұлдыздардың пайда болуына байланысты екендігі адамдарға ертеден белгілі болды. Кейіннен, қоғамның дамуына байланысты, уақытты өлшеудің қажет екендігі календардың шығуына, жыл санаудың шығуына әкелді.
Қоғамдық қатынастар дамыған сайын астрономия алдына шешуі қиын жаңа мәселелер мен проблемалар туа бастады. Астрономия енді жай ғана бақыланатын емес, жоғары дәлдіктегі есептеулерді қажет ететін ғылым саласына айналды. Осыған байланысты қарапайым астрономиялық құралдар мен аспаптар пайда бола бастады. Бақылау нәтижелерінен дұрыс қорытындылар жасау үшін оларды өңдеудің математикалық әдістерін жетілдіру қажет болды.
Біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырда Грецияда астрономия алдыңғы қатардағы дамыған ғылымдардың бірі болды. Сол кездегі ұлы астроном Гиппарх планеталар қозғалысын түсіндіру үшін эпициклдердің геометриялық теориясын жасады. Кейіннен бұл теория бірнеше ғасыр бойы астрономияда қолданылған Птоломейдің геоцентрлік системасының негізі болды. Орта ғасырдағы феодализмнің дамуы және діннің ықпалының күшті болуы Европада жаратылыстану ғылымдарының дамуын тоқтатып тастады. Астрономиялық зерттеулер де тоқтап, олар бірнеше ғасыр бойы тек планеталар қозғалысын бақылаумен шектелді. Геоцентрлік системаның қате екендігі Коперниктің гелиоцентрлік ілімімен дәлелденді.
Бұл кезде астрономия Азия елдерінде дамуын тоқтатқан жоқ. Ол Аль-Баттани (850-929 жж), Бируни (973-1048 жж), Ұлықбек (1394-1449 жж) сияқты т.б. ғалымдардың еңбектерінде жарық көрді.
Капитализмнің дамуы, теңізде жүзудің дамуы, жаңа жерлерді жаулап алу, қазба байлықтарды іздеу жаратылыстану ғылымдарының қайта дамуына әкелді. Осы уақытқа дейінгі жинақталған бақылау материалдары және өндірістік күштердің дамуы астрономияда революциялық өзгерістердің қажет екендігіне көз жеткізді. Себебі, жаңа жерлерді игеру үшін құрылған экспедициялар Птоломей құрған геоцентрлік система теориясының дәл емес екендігін көрсетті.
Астрономияда революцияны поляк ғалымы Николай Коперник (1473-1543 жж) жасады. Ол өз өмірінің соңғы жылы жариялаған еңбегінде дүниенің жаңа гелиоцентрлік системасын ашып кетті. Коперниктің жаңалығы астрономияның даму барысында мүлдем жаңа кезеңге әкелді. 1609-1618 жылдары планеталардың қозғалыс заңдары ашылды, ал 1987 ж. Ньютон бүкіләлемдік тартылыс заңын ашты.
Достарыңызбен бөлісу: |