АТА ЖҰРТ –
«МӘҢГІЛІК ЕЛ»
ИДЕЯСЫНЫҢ БЕРІК
ТҰҒЫРЫ
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №6 (164). 2016
6
Ата жұрт – «Мәңгілік Ел» идеясының берік тұғыры
пікірі бар» [3, 103] – деген тұжырым жасайды.
Біздіңше ақын пікірі көбіне туған жерге деген
жанашырлық жайдан келіп қорытылады.
Мұрат ақын тұсында қазақ жері мәселесінің
ушығып-ақ тұрған кезі-тін. Орыс отаршылары
қазақ жеріне сұғына еніп, ішкі жақтың көбіне
бекініс салып, қазақ жерін түгел жаулап алған
тұс еді. Ресей қазақ жерін мемлекеттік меншік
ретінде қарай бастады. Бұрынғы уставтар,
ережелер түрлі заң актілерінде қазақ жерінің
мемлекеттік меншіктігі туралы сөз қозғамаса,
1868 жылғы 21 октябрьде шыққан «Басқару ту-
ралы уақытша Ережеден» бастап қазақ жерлері
мемлекеттік деп таныла бастады. Және ол 1968
жылы нақты ашық айтылған [4, 424].
Ресейдегі ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы
шаруалар басыбайлылығы жойылғаннан кейін
тыс аймақтардағы жерлерді олардың өз бетінше
басып алулары белең ала бастады. Алғашқы өз
бетінше көшіп келіп, жер алушылар Ақмола
облысының Көкшетау уезіндегі Саумалкөл
көлінің маңайынан жер алған Тобыл, Пермнің
шаруалары болды [4, 446]. Сонымен бірге осы
кезде қазақ жеріндегі Ресей әскери күштерінің іс-
әрекеттері күшейе түсті. Тіпті Ресейдің өзге отар
жеріне қарағанда, дала өлкесін басқару жүйесі
тікелей соғыс министрлігінің иелігіне берілді
[4, 438]. Қазақстаннның батысын «бақылау» –
қадағалау үшін құрылған Орынбор әскері округі
1865 жылдан өз жұмысын екпіндете бастап,
Торғай, Ырғыз, Ойыл, Ақтөбе бекіністерін тырп
еткізбей ұстаса, 1880 жыл ол жойылып, Торғай,
Орал облыстары Қазан әскери округына беріліп,
ол 1917 жылға дейін сол қалпын сақтады. Мұның
бәрі Мұрат ақын тұсында қазақ даласының
қандай қыспаққа түскендігін нақты айғақтайды.
Осы бір ұлт тағдырының кермеге ілінген
қиын кезеңінде бір-бірінен айырылмастай
бірлікке айналған екі мәселе тоғысып жатты. Ол
ел тағдыры мен жер тағдыры еді. Ен жайлаған
жерінің етегі тарыла бастаған қазақ енді елдігінен
айрылудың аз-ақ алдында тұр еді. Мұрат ақынды
да замандастарының санасын ел мен жердің
қасиетін қастерлеуге үгіттеуге ұмтылдырған да
сонау тығырыққа тірелген жайдың қасіреті еді.
Өйткені қазақ мүдесі ең әуелі жермен тығыз
байланысты. Сонау Асан қайғы абыздан бергі
уақыттан айтар ойдың өзегіне айналған жер,
Мұрат заманында жан күңіренісі мен жүрек
шеріне айналды. «Мәңгілік Елдік» көлден бұл-
бұл ұшқандай күй кештік.
Асан атадай Мәңгілік Елдің мекеніне ай-
налар жерұйықты іздей жөнелер заман әдірә
қалғалы қашан. Енді тек зар мен шердің уы-
тын жүрекке жайып, сілкінер сәттің толғағына
қол жеткізу ғана қалған-ды. Күңіреніс қоз-
ғалысқа ұласса, мәңгілік елдікті аңсаған ақын
арманының орындалғаны. Міне жердің Мұрат
шығармашылығы мен ақындық ұстанымының
«Мәңгілік Ел» идеясының тұғырнамасына
айналуының сыры осында жатыр.
Бізге жеткен Мұрат ақын мұрасының дені
айтыс өлеңдері. Осынау айтыс өлеңдерінің
өзінен-ақ Мұраттың ел қамын жеп, жұрт жайын
ойлаған ақын екендігін аңғару аса қиын емес.
Мәселен ол Тыныштықпен айтысында:
Құрттың-ау білмей айтып амалымды-ай,
Халқымнаң шүкір етем аманын-ай.
Халық болып өз еркімен көшетұғын
Қазақ-ау күнің бар ма баяғыдай? [5, 49],
деген сияқты еркіндікті аңсаған өзекті ойын
айтыс шумақтарына кіріктіріп жіберіп отыра-
ды. Айтыс өлеңдері арқылы ол шынай ақындық
өнер мектебінен дәріс алған. Сөйтіп кейінгі
кең алқымды, кемел ағынды толғауларға барар
баспалдақтар дайындығынан өткен. Ғалым Ы.
Дүйсенбаев Мұрат ақынның кеңестік кезеңде
жөнді ауызға ілінбей жүруінің екі түрлі себебі
бар деп жобалайды. «Оның біреуі: патша
үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатын
күшейе түсуіне байланысты Мұрат ақынның
кейбір шығармаларында орыс атаулыға
қарсы сарынның белгілі орын алуы. Екіншісі:
ақынның кесек шығармаларының дені Едігенің
ұрпақтарына арналуы» [6, 66].
Басты себеп, осының біріншісі екендігіне
ешкімнің таласы болмаса керекті. Елін, жерін
сүйген ақынның жерін тоздырған, елін аздырған
орыс деген де қаны қарайып қалатыны белгілі
жайт. Ол тегіннен – тегін емес, шындықты нәрсе.
Жоғарыда біз айтқан жер мәселесінің Мұрат
шығармашылығының басты арқауы екендігін
кезінде М. Әуезовте жіті аңғарып, алғашқы
боп ой айтқан. «Мұрат зар заман ақындарының
ішінде патша саясатының бір тарауына көп
көңіл бөлген ақын. Ол тарауы қазақтың жері
алынуы болатын. Сондықтан бұл ақын көп
жырында қоныс пен өрістің жоқшысы бола-
ды» [1, 215], – дейді Мұхаң бұл жайында. Бізде
Мұрат шығармашылығындағы «Мәңгілік Ел»
идеясының осы төңіректен сараптамақпыз.
Ы. Дүйсенбаев Мұрат шығармашылығы
үшке бөліп қарайды: «Біріншісі – ақынның
бізге келіп жеткен азды-көпті өлең-толғаулары;
екіншісі – «Үш қиян» «Сарыарқа», «Қарасай
Қази» толғау поэмалары; Үшіншісі – «айтыста-
ры» [6, 68].
ISSN 1563-0223 KazNU Bulletin. Philology series. №6 (164). 2016
7
Әбдиманұлы Ө.
ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының
алдына қойған ұлы мақсаттардың бір жер
мәселесі болса, сол жердің зарын осы Мұраттан
терең жырлаған ақын жоқ. Ы. Дүйсенбаев атаған
«Үш қиян», «Сарыарқа» датандары – осынау жер
қайғысын ел қайғысына айналдыра жырлаған
толғамды да толғаулы дүниелер.
Мұрат өлеңдерінен азаттықты аңсаған ел
мұң-мұқтажы сезіліп-ақ тұрады. Мысалы шағын
ғана «Әттең бір қапы дүние-ай» термесінде
бүгінде орыс жайлаған жерлердің баяғыда
кімдердің болғандығын түгендей келіп:
Бұрынғы өткен заманда,
Ел қорғаны барында
Белгілі екен ерлерге
Жаудың келер шамасы.
Қоныстың бәрін жоғалтқан
Ноғайлы, қазақ надан жұрт
Бірлігіңнің кемісі.
Ақыр түпке келгенде
Бәрін де алды түп-түгел
Көкала шекпен жез түйме
Аузы түкті орысы [5, 110] –
деп, туған жердің жаттың қолжаулығына
айналғандығына өкініш білдіреді. Мұнда ақын
екі нәрсеге назар аударған. Біріншісі жердің та-
рихи мұрагері кімдікі екендігі алғашқы бөлікте
нақтыланса, соңғысында сол жерден бірлік
жоқтан айрылғандықты ызалы кекпен айту
бар. Ақын ойының тоқ етер түйіні «бірлігінің
кемісі» – жұрт надандығының белгісі. Бірлікті
ел, тірлікті жұрт болса қонысты жоғалту бол-
мас еді дегенді ұғымға сіңіру, бүгінгіні бірлікке
шақыру. «Бірлік басы – береке екенін» санаға
құю. Сол арқылы туған жерді тұғыр еткен елдің
«Мәңгілік Елдікке» шақыру.
Мұрат шығармашылығын алғаш рет елге
танытушы Халел Досмұхамедов: «Мұраттың
өлеңдерінде патша үкіметінің қазаққа жұмсаған
саясаты анық байқалады. Үкіметтің жақсы
жерлерді тартып алғаны, ел қамын жегендердің
қуылғаны, өлтірілгені анық айтылады» [2, 94]
– деген екен. Мұны Мұрат творчествосының
табиғатын тап басып тану деп білеміз. Жал-
пы Мұрат шығармашылығы жәй ғана «мың
ойбайдың» бірі емес, отаршылдық сұрқын
әшкерелеуі басым «ойбай»! Бұл бағыттағы оның
зор шығармалары – «Үш қиян» мен «Сарыарқа»
бұлар – ішкі бірлігін бұзбастай жымдасқан,
жырланар тақырыбы, айтар ойы ортақ туын-
дылар. Мұнда «Малым –жанымның садағасы,
жаным-арымның садағасы» деп малға қарап,
жан баққан халықтың табиғаттан келген апатпен
бірге отаршылдық тұралатқан аянышты халінің
ащы шындығы жырланады. «Үш қиянның» өзегі
– отаршылдық кесепаты болса, «Сарыарқаның»
басты арқауы – Жұт.
«Үш қиянның» шығу тарихын Халел
Досмұхамедұлы былайша баяндайды: «Бұл
өлең жаңа низам жүріп, ел «штатқа» келіп,
енді оязнай, болыс, ауылнайлар билей бастаған
заманның түріне айтылған. Айтылуы 184-73
жылдың шамасында болған» [7, 106].
«Үш қиян» ел тарихы, жер тарихы, сол
жердің Мұрат заманындағы шын мәніндегі
Мәңгілік мұрагері – қазақ деген халықтың
талқыға түскен тағдыры туралы толғау-дастан.
Мұрат шығармашылығын зар заманның өзге
ақындарымен салыстыра отырып, оның Шор-
танбайлардан айырмашылығын С. Мұқанов:
«Шортанбай өзінің барлық шығармаларына
теманы өзі жасаған дәуірден тапқан, өз дәуірі
мен бұрынғы дәуірге де, соңғы дәуірге де
құлашын созбаған, ақындық дарынын заманның
жағдайына ғана арнаған ақын, ал, Мұрат – өз
заманының мұңын мұңдаумен қатар, елінің арғы
тарихына үңіліп, өз заманының ғана емес, өткен
тарихтың хал-жағдайында жырлаған ақын» [8,
154], – деп біледі.
Шындығы солай. Мұрат – бүгіннің белгісін
кешегіден тауып, өткеннің сабағын бүгінмен
салғастырып, ел тарихын, жер тарихын тереңінен
тартып, болашағын болжай білген ақын. Ел
аузындағы аңыз, ескі шежіре, жыр-дастандарда
айтылған өз жұртына қатысты қандай да бір
дерек көзі Мұрат назарынан тыс қалған емес.
Ескіні аруақ шақырар, рух түлетер күш деп
біледі ақын. Сондықтанда оны жаңғыртып оты-
ру ләзім. Оның « Үш қиянынан» ежелгінің ел
рухын көтерер өрелі жырының сарыны белгі
береді.
«Үш қиян» ә, дегеннен-ақ, күдігі көп бол-
жалды ойдан басталады. Ескі тарихты жырлау
ақынға сол үшін қажет. «Еділ-жайық екі су, Бұл
қазақтың жері еді», деп бастаған ақын, күдігін
бірден алға тартады. Бұл жерді мекендеген
елдің бір кездегі жіберген қателігінің бүгінде
қайталануы мүмкін екендігін еске салады:
Еділ-Жайық екі су
Бұл қазақтың жері еді-ау...
Хан төркіні деген тау
Тәмам батыр жиналып
Кеңес құрған төбе еді.
Солдатқа беріп баласын,
Мойнына кірес салдырған
Бұрынғы өткен заманда
Шерқұтты деген ел еді.
Бұл қонысқа отырсаң
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №6 (164). 2016
8
Ата жұрт – «Мәңгілік Ел» идеясының берік тұғыры
Бұлай болып тұрғанда
Жылдан-жылға жақындап,
Сол бізге таман келеді [5, 129].
Өйткені замана ауыспалы. Ел тірлігі, бірлігі
оңбаған кезде басқа талай күн туған. Міне,
Мұрат меңзеуінде соның қайталанбауын тілеу
бар. Еділ-Жайық жеті жұрт кеткен, яғни ел
жеті рет ауысып бірінің орнына бірі келген
жер. Жәңгірхан туралы зерттеу жазған Мере-
ке Құлкеновпен ақын Рахымжан Отарбаев бұл
жеті жұртты былайша көрсетеді: «Кәрі құлақ
шежіре мен тарихи жылнамаларға арқа сүйей
сөйлесек, біздің жыл санауымызға дейінгі VIII-
III ғасырлар аралығында бұл жерді иран тілдес
скиф-сарматтар мен аландар қоныстаныпты.
Кейінгі кезек былай өрбісе керек. Угро-фин
тайпасы мен Венгрлер, біздің дәуіріміздің IV-
XV ғасырларында түркі тілдес гундар мен
аварлар, хазар, пойнек пен қыпшақтар, ХІІ-XV
ғасырларда моңғол хандары орда тікті. Олардың
өкшесін баса кеп, ноғай мырзалары мен Қазақ
хандары қанат жайды. Х-ХVІІ ғасырда түркмен,
қарақалпақ, башқұрт халқы жайлады. Осы
аталған халықтың бір бөлігін Кубаньға, екінші
жартысын Арал теңізі маңына ығыстырып ХVІІ
ғасырдаң 30-жылдары қалмақтар кеп орнықты.
Қытайдан қашып, бас сауғалаған бұл шұбырынды
Бұхар мен Самар даласын қоныстанған жетінші
жұрт болатын» [9, 170 б.]. Әрине, жазушы
мен ақынның шалқымалы ойларының мәйегін
алып сараптасақ, мұнда да бір шындық бар.
Осы авторлардың айтуы бойынша 1801 жылы
Бөкей сұлтан орыс патшасы Павел рұқсатымен,
қалмақтан қалған осы жұртта Бөкей ортасының
іргесін қалайды. Тарих сабағы санадан кетпеске
керек. Мұрат ақынның айтпағы осы.
Адыра қалғыр, үш қиян.
Қайырсыз екен
Қайырсыз неге десеңіз.
Үшеуінің ара бойынан
Жеті жұрт кетіп жол салған.
Біздер де солай болармыз,
Артық па едік олардан?! [5, 130].
Ақын елге ескертпе жасап, мына жердің
тарихында талай аумалы-төкпелі кезеңнің
болғанын, оның әлі де қайталану мүмкіндігі бар
екенін еске салады. Оның «үш қиян» тарихына
шолу жасаудағы мақсаты осы. Содан шығарып
бүгінгі қауіпті бағытын бағдарлайды.
Еділді тартып алғаны
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Маңғыстаудың үш түбек
Оныдағы алғаны.
Үргеніш пен Бұхарға
Арбасын сүйреп барғаны,
Қоныстың бар ма қалғаны? [5, 143-194].
Мұрат зарының шындығы осыдан келіп
шығады. Ол– қазақ деген халыққа басар жер,
барар тау қалмай бара жатқандығы. Жермен
бірге замана тарылуда. Ақын енді осының
мәнісін тануға ұмтылады. Жерді тарылтқан,
елді аздырған отаршылдықтың басқа салған
нәубеті. Осыған кім кінәлі?! Кейінгі М. Дулатов
алға тартқан «бұл жайға қалай кірдік?» деген
сұрақтың жауабы қалай болмақ. Бұған айыпты
заман ба, адам ба?... Мұрат шешімінше адам.
Бәйіт еттім бұл сөзді
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Бұның бәрі адамнан [63, 144].
Мұрат поэзиясында Шортанбай Дулаттар-
дағы жалпылықтан жалқылыққа ауысу бар
екенін, оның кінәрәтті заманнан емес, адамнан
көруі нақтылыққа жақын екенін алғаш аңғарған
тағыда М. Әуезов. Ғұлама бұл туралы мына-
дай қорытынды жасайды: «Бұ да (Мұрат Ө.Ә.)
азған заманның белгісін айта келіп, заман неден
бұзылғанына шешу айтады. Шешуі Шортанбай-
ша табиғат бұзылғандықтан, дін жағынан емес.
Табиғат бұрынғы қалпында заманды бұзған
қазақтың өз қауымы» [1, 216].
Міне осы арадан Мұрат шығармашылығының
шымырлаған шындығы ашылып, өзіндік
жұмбағы шешіле бастайды. Мұратты толған-
дарған «неге?» деген сұрақтың жауабы алға
шығады. Ақын енді замана адамының жанына
үңіледі, оның сыртын ғана емес, ішін де ашады.
Адамның азған белгісі –
Екі кісі дауласса,
Тату бол деп айтпайды.
... Қайыр кетіп қазаннан,
Қуат кетіп азғаннан,
Мұсылманның баласы
Қашуды қойды арамнан.
Шапағат, қайыр қалмады
Жақын жуық жараннан [5, 144].
Мұрат түсінігіндегі азған адамның белгісі
осындай. Мұндадағы бірліктің кенеуі кетуі,
ISSN 1563-0223 KazNU Bulletin. Philology series. №6 (164). 2016
9
Әбдиманұлы Ө.
имандылықтың жоқтығы ауызға алынады.
Адам ның бір-біріне жаулық көзқарасы оның
ішкі әлеміндегі өзгеріске тығыз байланысты.
Мұрат пайымында өз кезеңіндегі адамдардың
жан дүниесін жеке бастың өзіндік қажеттілігі
жаулап алған. Жұрт қамын ойлау екінің бірінде
жоқ, жекеліктің жемтігіне айналған қуыс
кеуделік ғана бар, Ал ондай жан үшін өз жай-
күйін ұғынып, еркіндіктің етегінен ұстау емес,
қу тіршілік ыңыршағын айналдырған күн көріс
қамы басты мәселеге айналған. Мұратты шо-
шытатын да, шошынары да осы. Ал мақсат елге
ес алдыру, ой салу. Қажет болса кек пен ызадан
тұтанған от жалынның шоғын үрлеу.
Мұраттың ең бір қиналар тұсы қарапайым
халықты жөнге салар, алға бастар, көшбасшы
тұлға жоқтығы. Адамы азған заманның бір
белгісін ақын осыдан да таниды. Бүгінгі ел сөзін
сөйлейді деген азаматтың Мұрат сипаттауындағы
сиқы мынау:
Киім кисе жеңі жоқ,
Етегі бар да белі жоқ,
Бармақ сияр жері жоқ.
Қатпа болған түйедей
Киеңкі болған биедей
Ел биледі бір сымпыс
Екі бұты тарылған [5, 144-145].
«Атқа мінген жігітте // Қалмады нәрсе
қарардай» дегендей, орыстың өнегесіне елтіп
қалған мына сиықты адамнан ел аманатын
ақтауды күтудің өзі күнә емес пе?! Азуы алты
қарыс отаршыл елдің тісінде кетіп қалмаудың
қамын жасау бұлардың қолынан келе қоюы
неғайбыл. Сондықтан да ақын:
Дұшпан – тазы, біз-түлкі,
Қашсаң ерікке қоймайды,
Үйге кірсек суырып,
Бір бәлеге жолықтық
Құлғанадай қадалған [5, 145] –
деп, айлалы да әккі жаудың замананы меңгерген
залымдығына қарсы келер айла таппай қиналады.
«Бір пәледен мың пәле // Туып кетті балалап» –
деп қайран жоқтығына күйінеді.
Ақын қаупінің ең зоры – ертеңгі ұрпақ қамы.
«Мәңгілік Елдік» идеясының түйінді тұжырымы
осы. Бүгінгінің белгісі ертеңге мирас болып
қалама деп сескенеді ақын. «Заманы мұндай
сұм болған заманының адамына» бүгінгі емес,
ертеңгінің болжалын жеткізгісі келеді. Және
ақын – ертеңнің елесіне айқын да анық жорамал
жасап, айнадағыдай айнытпастай көрсетеді.
Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін.
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып
Бұза ма деп реңін [5, 147].
Сөйтіп өзі көкірек көзімен болжай алған
заманның сүреңінен қатты шошынады.
Ақынның «Үш қиян» атты іргелі толғауын-
дағы айтпағы не, түйіні қандай десек, ол елдің
мұң-зарын ащы да болса орайы келер шындық-
пен көрсете отырып, отаршылдық қамытын ки-
ген елінің рухын көтеру. Ескідегі елдігін, кешегі
ерлігін жырлап, бүгінгі күй кетпес күйе, өшпес
дақ емес екендігін еске салу. Сөз құдіретінің
санаға сілкініс, ойға өзгеріс әкелер қуаты арқылы
жүректегі сезімді, көңілдегі кекті қозғау. Келе-
шекке үмітпен қарату.
Мұрат ақынның «Үш қияны» бізге аяқталмай
қалған туынды ұқсап көрінеді. Сондықтан ақын
жырының тұжырымды тиянағын нақтылау
қиындау. Айтар ойдың аңғары отаршылдық сыр-
сипатына ойысқан «Адыра қалғыр, заманның, //
Мен жаратпаймын сүреңін...» деген тұста шорт
үзіледі. «Үш қиян» ұзақты жыр-дастанның бізге
жеткен үзік-сілемі секілді.
Мұраттың жер тағдырын ел тағдырымен
ұштастыра жырлап, ел намысын жаныған жалын
жыры – «Сарыарқа» толғауы. Бұл толғаудың
шығу тарихын Х. Досмұхамедұлы қазақтың той-
бастар салтымен байланыстырады. 1880 жылда-
ры нағашы жұрты Адай ішінде жүрген Мұрат
жалғыздығын бетіне басқан елге туған жерге
деген сағынышын жеткізіп, осы «Сарыарқаны»
шығарады [7, 119]. Батыс өңірінің тарихы мен
өнерінің білгірлерінің бірі Берік Қорқытов Мұрат
өлеңдері жинағындағы «Сарыарқа» толғауының
түсініктемесінде бұны басқаша түсіндіреді.
Оның дерегінше ол тойбастау үшін айтылмаған,
Адай елінің үлкен жиынында қаңғырып келген
деген қаңқуды естіп, «іштей тынып, ширығып
жүрген Мұрат осы «Сары арқасын» жырлайды»
[63, 158 б.]. Сөйтіп ел жақсылары алдында туған
жерін жырлау арқылы халық басындағы зар-
мұңды жеткізеді. Ал бұл «Сарыарқаның» жер
атауы ретіндегі мағынасы бар ма деген де, ғалым
А. Шәріптің осыған қатысты түрлі пікірлерді
салғастыра келіп: «Ол – Жем, Сағыз, Елек,
Қобда, Ойыл, т.б. ірілі-уақты өзендер айқұш-
ұйқыш тамырлана ағып жатқан қазіргі Ақтөбе,
Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының бір-
қатар бөлігін қамтитын аймақ» [10, 56 б.]
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №6 (164). 2016
10
Ата жұрт – «Мәңгілік Ел» идеясының берік тұғыры
– деген қорытындысына келісуге болады.
Толғаудың шыққан жеріне орай айтылған
ғалым Қ. Мәдібайдың: «Сарыарқа толғауының
атауындағы Арқа сөзі – Атырау жағын білдіреді.
Маңғыстаулықтар Атырау жақты Арқа дейді
екен» [11, 145 б.] – деген дерегіне де құлақ
қоймасқа болмайды. Қай «Сарыарқа» болмасын
оның астарында туған жердің еркін жайлаған
кезеңнің сағынышы жатыр. Ендеше «Сарыарқа»
еркіндік аңсаған елдің түп мақсатының «Мәңгілік
Елдіктің» символдық көрінісі десе болғандай.
«Сарыарқа» толғауында да «Үш қияндағы»
жеті жұрт көшкен қайырсыз мекеннің сарыны
бар. Бірақ арғы тарих көп сөз болмай, алыстағы
өткеннен, бергі жақындағы бастан кешкен
қасіретті жырлау басым келеді. Жеті жұрт
көшкен қоныстың ақыры қазаққа қайыр бол-
май, орысқа бұйырғаны ақынның іштегі ызасын
сыртқа шығарады. Ақын жырында жер мен ер
тағдыры егіз өрімде өріледі.
Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,
Сарытау, Аштарханның жерін де алды...
Тәмамы су мен нуды орыс ұстап,
Қазақтың содан жұтап шашылғаны.
Қуалап Исатайды өлтірген соң
Заманның сонан бері тарылғаны.
Онды алды-үш Ой мауыт, тоғыз Торғай
Кең қоныс мұсылманға қалынбады.
Үш қиян-жеті жұртты тоздырған жер
Жер үшін қайы жоқ тарылмалы.
Шекшекей, Құтым қашып, Әбенді ұстап,
Ерлерге ерегіскен не қылмады?!
Ерлігі бір қазақтың, Махамбеттей
Оны да аңсыз жерде жағымдады [5, 199].
Ақынның «Сарыарқаны» шығарған сәттегі
ішкі қыжылы «Бұл сөзді бәйіт еттім мұңданғаннан,
// Заманға тура билік тыңдалмаған» деген жол-
дардан айқын аңғарылады. Оның жер тағдырын
кешегі өткен ер Исатай мен от ауызды, орақ тілді
Махамбет тағдырымен байланыстыра беруі ел
қамы деп еңіреп өткен ерлердің аруағын еске
алу емес. Исатай, Махамбет өлімі – алынбаған
кектің, жазылмас жараның белгісі. Намысты ел
соны қуарға керек. Елді тұлғасынан айырып,
енді тоз-тозын шығаруға айналған отаршыл
елден енді күтер ештеңе жоқ. Ендігі жол – тек
қарсылықты бас көтеру. Тұлпар мініп, ту алып
айқасқа шығу.
«Сарыарқада» ақын «жеті кетуді» қайта-
қайта еске алады.
Бұл жерден дін мұсылман жеті кетті,
Біреуі екі келіп, екі кетті...
Жылады кетерінде шайқыларым,
Қайғының сонда білдім айтыларын.
Қонысты жұрттан қалған менікі деп
Бұл күнде ие болған қайсыларың?! [5, 203]
Мұрат айтар ойдың аңғары қайда ауғанын
осы жолдар білдіреді. «Сарыарқаға» мұсылман
жеті кетіп, алты оралған екен. Ендеше үміт
үзілмеуіне мүмкіндік бар емес пе? Дүние аумалы-
төкпелі, ту ұстар ер табылса, жерге ие табыла-
рында күмән жоқ. Ақын меңзеуі осыған саяды.
Бұл енді «Мәңгілік елдіктің» үмітті бекемі.
Мұрат күйзелісін әкелген зор кесапат басы
– ел егесінің жоқтығы деп біледі. Ер мен елдің
бірлік тұтқасы – ел егесі хан. Хандықтың жой-
ылуы, елдіктің жойылуының басы еді. Ақын
осыны баса айтып, нақтылай түседі. Орыс от-
аршылдары өзінің әккі саясатын әуелі хандықты
жоюдан бастады, хандық жойылса, елдік жойы-
ларын, елдік жойылса, жерге иелік тарыларын
жақсы білген олар зымиян саясатты осылай
жүзеге асырды. Бұл туралы Мұрат ақын:
Әуелі Әлім менен Табынды алды,
Тоздырып ақсүйектің тағын да алды.
Әленді Күсеппенен Сібірге айдап,
Бұл жұрттың қара түгіл ханын да алды.
Қазақтың хан-шегесі, жер-мұрасы,
Тағынан хан тайған соң бақыры қалды [5, 198].
Абылайдан кейін қазақта хандықтың бағы
тайғандағы шындық. Ел бірлігінің тұтқасы
хандықты жоймай, отарлау саясатының жүзеге
асуы оңай болмайтындығын білген Ресей
әкімшілігі хандықтан құтылудың жолын үнемі
іздестірумен болғанды. 1781 жылы Абылай
дүниеден өткеннен кейін оның үлкен бала-
сы Уәлихан сайланса, Ресей империясы 1915
жылы оның бедел-билігін әлсірету мақсатында
орта жүзде екінші хан етіп Бөкей сұлтанды
тағайындайды. Алайда 1817 Бөкей, 1819
жылы Уәли қайтыс болған соң Орта жүзде хан
бекітілмейді [4, 161 б.]. Бұдан соң қазақ даласын
басқару түрлі әкімшілік өзгерістерге ұшырады.
Мұраттың тілге тиек етіп отырғаны осы
жайт. Ел иесі иеліктен кеткен соң, жер киесінің
кетері анық. Еділ-Жайық арасын еркін жайлаған
қазақ жұрты ендігі заманның не боларын білмей,
дел-сал күйді кешкен тұс еді бұл.
Кейбір зерттеулерде Мұрат ақын ұсынған
жол басқа жерге қоныс аудару, Асан қайғы
іспетті «Жерұйық» іздеу деп біледі. Халел
Досмұхамедұлынан бастау алатын бұл ойды
Х. Сүйіншәлиев, Б. Омаров сынды ғалымдар
құптап, қолдайды. Әрқайсысының кезек-кезе-
гімен келетін тұжырымдары мынадай: «Мұрат-
ISSN 1563-0223 KazNU Bulletin. Philology series. №6 (164). 2016
11
Әбдиманұлы Ө.
тың ұлы сарыны-құтсыз қонысты тастау керек»
[7, 104 б.], «Еділ мен Жайық өлкесінің қазақ
үшін кеңшңлңк қоныс болмайтынын» айтып,
көшуді уағыздады» (12, 623) «Мұраттың» «Үш
қияны» да «Сарыарқасы да» құтсыз қонысты
тастау идеясына негізделген» [33, 114 б.] Осы
зар заман ақындары ішінде күрескерлік рухы
биік, өкініші мен наласы мол болғанымен, елдік
идеясы айқыны Мұрат ақын. «Үш қиян» мен
«Сарыарқада» жеті жұрт көшкен жұрт тарихын
қайта-қайта ауызға алғанда, Мұрат өткеннің
қатесін қайталамауды еске салады.
Ақын дүниетанымындағы ерекшелік ол –
ерлікті күрестің жоқшысы. Мұрат кетуді емес,
күресті аңсайды. Жеңіліске ұшырағанмен, елі
мен жер үшін талай батыр қан төккен, азаттық
үшін арпалысып өткен ата-мекенді тастап
кетейін дегендік қандай ақылға симақ. Әрине,
бұл қоныстың қайырсыздығы мен құтсыздығына
егілу бар, бірақ еңкейу жоқ. Адамзат баласына
тән туып-өскен жерді қадір тұту дәстүрін Мұрат
таным-түсінігі жоққа шығармайды. Ол жерден
ығыстырылған ел қасіретін жырлай отырып,
оған деген өзінің сүйіспеншілігін, қимастық
сезімін қатар өріп отырады. Ендеше Мұрат жыр-
ларында «Мәңгілік Елдікті» аңсау ғана емес,
оған деген сенім басым.
Онда жер тағдыры толғандырған перзенттік
парыз сарыны, кіндік қаны тамған қасиетті
жерді басқыншы жаудан қорғау идеясы басым.
«Үш қиянда»:
Ердің соңы Исатай
Ерліктің туын тіккен жер,
Жауды басқа тепкен жер.
Махамбетін ертіп ап
Жәңгірге шеп құрған жер.
...Атамыз қазақ баласы
Қонып мекен еткен жер.
...Аузы түкті кәпірдің,
Басы шоқты қалмақтың
Қанын судай төккен жер.
...Енді қайтып келер ме
Бастан өткен сол күндер.
Немесе «Сарыарқадағы»:
Баласы мұсылманның нашарланды
Кең қоныс қайдан іздеп таптырады
Жылады кетерінде шайқыларым,
Қайғының сонда білдім айтыларын.
Қонысты жұртта қалған менікі деп
Бұл күнде ие болған қайсыларың?! [5, 195] –
деген жолдар бізді жоғарыдағы пікірімізді қуат-
тайды.
Жалпы Мұрат ақын поэзиясы – ХІХ
ғасыр дың екінші жартысындағы әдебиеттегі
«Мәңгілік Ел» идеясын өзек жарды ащы зармен
жырлап, көкірекке тұнған шер мен ылықсыған
ызаны қайратты кекке айналдырған аруақты
жыр. Оның туындылары тарихи шындығымен,
саяси мәнімен бірге көркемдік сапасымен де
шоқтықтанып, ерекшеленіп тұрады. Ақын ел
тағдыры, жер тағдырының қасіретті кезеңін
жырлау арқылы оянар санаға ой салып, кекті
жүректің қыжылына шоқ тастады. Мұрат
жырлары – құрғақ ойбайдың белгісі емес, езілген
елдің көз жасынан құрыш болып құйылған кектің
жыры. Ел-жер деген Мұрат сарыны ХХ ғасыр
басындағы саяси қозғалыстың тарих сахнасына
шығуына, қазақ зиялыларының ынтымақты
тірлікке, басқосқан бірлікке келуіне игі әсері
болғанын, Мәңгілік Елдік рухты көтергенін
жоққа шығара алмаймыз. Ең бастысы Мұрат
поэзиясының еркіндікті аңсаған азатшыл дәстүрі
ХХ ғасыр поэзиясында жаңаша жаңғырып,
жаңашыл ойға азық болғаны шындық.
Достарыңызбен бөлісу: |