Ата заң-ел келешегінің кепілі



Дата25.11.2022
өлшемі18,3 Kb.
#52709
Байланысты:
әдебиет эссе


Ата заң-ел келешегінің кепілі
(Эссе)

Аумағы ұшқан құстың қанатымен, жер апшысын қуырған тұлпар тұяғының дүбірімен өлшенген кең де келісті өлкені мекендеген қазақ халқы, ел болып егемендік алып, еңсесін тік ұстап, туын көтеріп 1995 жылы тамыз айының 30 күні тәуелсіз ел — Қазақстан Республикасының Ата Заңын (конституциясын) қабылдап, үш жүз жылдан аса уақыт еркіндігінің темір құрсауы қамытына айналған бодандықтан құтылып, тарихтың жаңа үрдісіне бет бұрып, бостандық, тәуелсіздік жолына түстік. Ғасырлар тоғысында асқақтай көтерілген Тәуелсіздік туы ел өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Сан жүз жылдар бойы ата-бабамыз армандаған егемендікке қол жеткіздік. Ішкі-сыртқы саясатымызды ұлттық мүдде арнасында жүргізіп, демократиялық даму жолына түстік. Зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың берік іргетасын қалап, өркениет көшінің бел ортасынан орын алғанымызды бүкіл әлем жұртшылығы мойындауда.


Өндірістегі іркілістер мен дағдарыстарға қарамастан Республика тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсуде. Халықаралық аренадағы, экономикадағы, әлеуметтік-тұрмыстық саладағы қол жеткен оң жетістіктеріміздің барлығы мемлекеттігіміздің сара саясатын айқындап берген Ата Заңымыз — Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады.
Негізгі мақсатымыз егеменді еліміздің ертеңгі жарқын болашағы-білімді жастарымызды отан сүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу болып табылады. Қазағымыздың намысын биік ту ретінде жоғары ұстайтын, ата бабамыздың салып кеткен сара жолын білімімен, жауапкершілікпен, намысқойлықпен өткеріп, келешек ұрпаққа мирас ретінде қалдыру бүгінгі жастардың міндеті.
Осынау қол жеткізген жетістіктерді баянды ете отырып оны ары қарай жалғастыру, елінің ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың және бүгінгі білім алып отырған жастарымыздың абыройлы борышы екендігі даусыз.
Күн суыта құстар жылы жаққа ұшар болса, бозторғай өзінің жылы ұясын, Отанын тастап, өзге тіршілік иелері секілді жылы жаққа ұшпайды екен. Туған ұясыныңың суығы мен ыстығына бірдей көнген сол елеусіз бозторғай әрекеті – көз алдыма бейне бір қазақ еліндей елестейді. Еліміз басынан нелер заманды өткермеді. Қаншама қантөгіс,нәубет, зобалаң, ашаршылық, көтеріліс, жер үшін талас, ел үшін болған күрес, қазақтың ешқашан еңсесін түсірмеген. Әрқашан озбырлық танытқан тағдыр қиыншылығына мойымаған қазақ бүгінгі күні сол табанды әрекетінің жемісін ала алды деп айтсақ, артық болмас. 
Тәуелсіздік алғалы бері еліміз жаңа, заңғар, биік белестерге қол жеткізді. Соның бірі әрі бірегейі - азаттықты айқындайтын, дербес мемлекет екендігімізді көрсететін аса бағалы құжат – Ата Заңымыз. Заң деген ұғым менің түсінігімде, ең бірінші Бауыржан атамыз айтпақшы, тәртіптен басталған. Тарихымыздағы “Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы”, «Жеті жарғы» деген заң жинақтары - біздер үшін әлі күнге дейін өшпес, асыл да құнды мұра. Сол заңдардың жалғасы болып келе жатқан қазіргі Ата Заңымыз - бейбітшілігіміздің белгісі, барлық заңдарымыздың Темірқазығы, тәуелсіздігіміздің тірегі. Заң деген - асыл да құнды дүние, біздің тұрмыс - тіршілігіміздің куәсі, салтымыздың айнасы, қоғамымыздың берік тұтқасы. Сондықтан да, адамзат баласының әрбірі сол заңға бағынуға және оны қалтқысыз орындауға құқылы. Заңды құрметтеуге, оны оқып- үйренуге және әр уақытта намысымыздың туы ретінде бағамдауға міндеттіміз! Мен тәуелсіз, азат елдің ұланы ретінде өз замандастарымды заң аясында еңбек етуге шақырар едім. Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына жиырма алты жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген, айдарынан жел ескен айбынды елімнің келешегі нұрлы да жарқын боларына кәміл сенемін!
Шағын эссемді түйіндей келе айтарым, Ата заңымыздың ел келешегінің, баянды тәуелсіздігіміздің кемел кепілі екендігін жадымыздан шығармай, тек алға басу біздің міндетіміз деп білемін.
Халық өзі дауыс беріп қабылдаған заңын әрдайым әділ деп есептейді. Заңға құрмет болмайынша, оны қастерлеу ішкі қажеттілікке айналмайынша, заңның құдіреті шамалы болады. Конституция мәртебелі болуы үшін, оның принциптері, қағидалары қоғам, мемлекет, халық өкіметінің туы, қазығы, мәні болуға тиіс. Күллі адамзат баласы табиғат заңына бағынғандай, Ата Заңымызды құрметтеп, қастерлейік! Ата Заңым, сен менің әрқашан да намысымның айбыны болып қаласың!

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет