Атау септігінің ежелгі грамматикалық формалары.
Реконструкцияланған –ан, -ун, -ин тұлғалары аса ежелгі ортақ есім көрсеткіштері болған. Түркі тілдерінің дамуының алғашқы кезеңінде бұл жұрнақтар есімнен есім, етістіктен есім тудырып, аса белсенді болған. Олар есім көрсеткіші болумен қатар атау септігінің тұлғасы қызметін атқарған. Бұл жұрнақтардың түп негізінде «зат, нәрсе» ұғымдары жатыр.
Уақыт өте келе бұл жұрнақтар сыртқы пішінін өзгертіп, түрлі вариантта қалыптасқан. Қазақ тілінде: ан-ан, ен; ун-ұн, үн, ын, ін; ин-ін, ын; Яғни ан, ун, ин тұлғаларының қазақ тілінде ан, ен, ын, ін варианттары жиі пайдаланылады.
Н дыбысының тарихи даму негізінде ң дыбысына айналғанын ескерсек, қазақ тіліндегі аң, ең, ың, ің формалары да ежелгі форманың варианттары.
Архетип болатын ан, ун, ин тұлғалары зат есім көрсеткіші болумен қатар, атау септік тұлғасы да болады. Алайда, тек зат есімнен туындаған атаулар ғана атау септігінде тұрған. Мысалы: қой-қой, қой+ун (бір қора қой), қой+ын (қой жылы).
Уақыт өте келе –ан, -ун, -ин формасы грамматикалық тұлға болудан қалып, ыдырап, өлі формаға айналған.
Қазақ тілінде осы формалардың сарқыншақтарына назар аударайық:
Есімнен есім, етістіктен есім жасайтын –ан, -ун, -ин формалары өлі тұлғаға айналғаннан кейін түбірге тұтастай сіңісіп кеткен:
Ан: апан, аран, ұран
Ен: изен, өзен, жиен
Ын: жиын
Ін: егін, ерін, тігін
Аң: тозаң, долаң, бұлаң
Ең: кезең, белең
Ің: ірің т.б.
Есімнен есім, етістіктен есім жасайтын –ан, -ун, -ин формалары үнемдеу заңының әсеріне ұшырап, мүлде жойылып кеткен. Мысалы: көне түркі жазба ескерткіштерінде алп+ын, оқ+ун, келин+ун, йалғыз+ун.
Есімнен есім, етістіктен есім жасайтын –ан, -ун, -ин формалары үнемдеу заңының әсеріне жартылай ұшырап, жаңаша қалыптасқан. Басқаша айтқанда, -а, -у, -и формалары түбірге әбден сіңісіп, н дыбысы жойылып кеткен. Мысалы: орта-ортан, бота-ботан, асты-астын, үсті-үстін;
Есімнен есім, етістіктен есім жасайтын –ан, -ун, -ин формалары әләк және тәуелдік жалғауларға айналған.
Қазіргі қазақ тілінде тәуелдік жалғауының ІІІ жағының жекеше түрінің формасы – -ы(-і). Бірақ мұның -сы(-сі) варианты бар. Дегенмен әуелде тәуелдік жалғауында ешқандай жақтық көрсеткіш болмаған. Жақтық көрсеткіштерді ол мен, сен, ол жіктеу есімдіктерімен жиі тіркеуінің нәтижесінде қабылдап алған. Тәуелдік жалғауының соңғы дыбысы н үшінші жақта үнемдеу заңының әсерінен түсіріліп айтылып, -ы(-і) түрінде қалыптасқан:
А. қаған+ын үчүн
І. қаған+ын+ын
Б. қаған+ын+қа
Т. қаған+ын
Ж. қаған+ын-та
Ш. қаған+ын+тан
К. қаған+ын бирла [1,47]
Ежелгі дәуірдегі септелу жүйесіне назар аударсақ, қазіргі дәуірдегі септелу жүйесінен өзгеше мына ерекшеліктерді байқаймыз:
1) тәуелдіктің н дыбысы атау септігінде кейбір реттерде (қазіргі тілдердегідей) түсіріліп айтылмайды; 2) атау, табыс, көмектес септіктерінің көрсеткіштері бірдей: -ын. (Ал қазақ тілінде атау – қаған+ы, табыс – қаған+ы+н, көмектес – қаған+ы+мен); 3) ілік септігінің жалғауы тәуелдік жалғауына ұқсас: -ын (қазақ тілінде: -ның/-нің); 4) жеті септіктің жетеуінде де тәуелдіктің толық формасы қандай болғандығын анық та айқын көрсетеді.
Негіз тілде тәуелдік жалғауының үшінші жағының көне формасы -ы(-і) емес, -ын(-ін) болғандығының дәлелі. Түркі халықтарының ата-тегі қалдырған жазба мұралардың ең ескісі – орхон-енисей ескерткіштерінде тәуелдік жалғауының үшінші жағының толық формасы, шылаулардың, көмекші сөздердің алдында келген жағдайда, атау септігінде сақталып қалған. Мысалдар келтірелік.
Теңри йарылқадуқын үчүн өзүм қутум бар үчүн қаған олуртым (Тәңірі жарылқағандығынан, өзімнің бақытым бар болғандығынан қаған болдым) [2,288]. Осы сөйлемдегі «йарылқадуқ+ын үчүн» шылаулы тіркесі тәуелдік жалғауының үшінші жағында тұр. Себебі, І жақ – йарылқадуқ+ым үчүн, ІІ жақ – йарылқадуқ+ың үчүн, ІІІ жақ – йарылқадуқ+ын үчүн. Қазақшаға «жарылқағандығы үшін» болып аударылады. Бұдан аффикс құрамындағы н дыбысының кейін түсіп қалғандығы анық байқалып тұр.
Қазіргі түркі тілдерінде тәуелдік жалғауы ІІІ жағының -ы(-і), -сы(-сі) варианттары ғана емес, -у(-ү), -су(-сү) сияқты варианттары да бар екені белгілі. Сонда у~ы, ү~і сәйкестіктеріндегі қай дыбыс архетип? Мұны анықтау үшін бізге тарихи құбылыс – сингармониялық варианттар көмекке келеді. Жуан түбірлер мен жіңішке түбірлер немесе жуан қосымшалар мен жіңішке қосымшалар арасындағы сәйкестіктерді, әдетте, сингармониялық варианттар деп атайды. Мұндай сәйкестіктер ашық-қысаң, еріндік-езулік дауыстылардың арасында да бола береді. Мысалы, а~ы: дарылды-дырылды, балбыра-былбыра; о~е: одырай-едірей; а~о: жаңқа-жоңқа; ы~ү: бықсы-бүксі; ұ~ү: ұңғыүңгі; а~е: қауақ-кеуек; о~ө: доңғалақ-дөңгелек, т.б. Егер ескерткіштердегі «қулақ» сөзін қазақ тіліндегі «құлақ» сөзімен салыстырсақ, у дауыстысының ұ-ға айналғанын байқау қиын емес. «Шұңғыл көз» тіркесін, оның жіңішке варианты «шүңгіл көз» тіркесімен салыстырсақ, ұ~ү сәйкестігін ажырата аламыз. Демек, у>ұ>ү. Дәл осы тіркесте жуан ы жіңішке і-ге айналған: ы>і. Осы заңдылықтың негізінде тәуелдік жалғауы ІІІ жағының ескі формасы ун(-үн), -сун(-сүн), кейінірек пайда болған формасы -ы(-і), -су(-сү) деп тұжырым жасай аламыз. Түркі тілдеріндегі бүкіл жуан түбірлер мен жіңішке түбірлерді өзара салыстырғанымызда тіл білімі үшін аса маңызды мынадай жаңалық ашылды: диахрония дәуірінде бірыңғай жуан дауыстылар ғана өмір сүрген болса, синхрония дәуірінде олардың үстіне динамикалық дамудың жемісі – ұяң дауыссыздар мен жіңішке дауыстылар келіп қосылған. Қорыта айтқанда, түркі тілдеріндегі тәуелдік жалғауы ІІІ жағының ежелгі формасы – *ун. Ал -сун, су, -сү, -у, -ү, -ы, -і, -сы, -сі т.б. тілдің тарихи дамуы барысында бірте-бірте пайда болған туынды варианттар.
Тәуелдік жалғауы неліктен өзіне жақтық мағыналарды қосып алған? Жан-жақты, әр тарапты зерттеулер мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік беріп отыр: тәуелдік мағына беретін тәуелдік жалғауының ежелгі дәуірде бір ғана формасы болған. Ол -*ун. Диахрония дәуірінде – бірыңғай қатаң дауыссыздар мен бірыңғай жуан дауыстылар өмір сүріп тұрған кезеңде – ең алдымен, еріндік у дауыстысы езулік ы дауыстысына ауысқан: у>ы. Мысалы, балуқ-балық (қала), улуғ-ұлығ (ұлы), оғул-оғыл (ұл), уруш-ұрыс, т.б. Ұяң дауыссыздар мен жіңішке дауыстылар пайда болған кезеңде у>ү-ге, ы>і-ге жіңішкерген. Қазақ тілінде осылайша -ын(-ін) варианты қолданысқа түскен. Яғни -*ун(-үн)>-ын(ін).
Ежелгі дәуірде тәуелдік жалғауының бір ғана формасы болған болса, қазіргі дәуірде тәуелдік мағынамен қатар жақтық мағына беретін үш бірдей формасы бар.
Сонда аталған тәуелдік жалғаулары қазіргі күйге келу үшін қандай жолдардан өткен?
Мәселе мынада: тәуелдік жалғауы түркі тілдерінде әуелден бар еді: формасы -ун (варианттары -ын, -үн, -ін). Ежелде мұның жақтық мағыналары да, жақтық формалары да болмаған. Тәуелдік жалғауының үшінші жағының көне формасы деп жүргеніміз де осы -ун (-ын, -үн, -ін). Жақтық нышандар, сөз жоқ, жіктеу есімдіктерінің тікелей әсерінен пайда болған. Екі грамматикалық мағынаның – 1) тәуелдік, 2) жақтық мағынаның бір-біріне сіңісуі де осы себептен. Жіктеу есімдіктерінің тәуелдеулі сөзден кейін тұруы – тарихи факт. Ежелгі замандарда анықтауыш анықталатын сөзден кейін тұрған (ай жарық, кеш жарық, таң жарық, алтын сары, ай сұлу, күн сұлу т.б.). Жіктеу есімдіктерінің баяндауыш бола алатын сөзден кейін тұруы да мұның айқын мысалы. Біз өз тарапымыздан мынадай болжам ұсынамыз:
ІІ. Қолың саның ІІІ. Қолы аның Қазіргі дәуірде: І. Менің қолым ІІ. Сенің қолың ІІІ. Оның қолы керткішінде «менің» деудің орнына – мен+им.
«Мен» сөзіндегі м дыбысы ілік жалғауына әсер етіп қоймаған, үнемі тіркесіп, қатар жұмсалатын -ын тәуелдік жалғауына да ықпал жасалған. Соның салдарынан қолым маным тіркесі өмірге келген. Тарихи даму барысында түркі тілдерінде анықтауыштар анықталатын сөздердің алдына көшкенде қалыптасқан формалар сол күйінде қалып қойған: басқаша айтқанда, -маным қолым. ІІ жақта ілік жалғауының соңғы дыбысының ықпалы болды: қолың саның болып үндесті. Өйткені дыбыстар бір-біріне жақыннан ғана емес, алыстан да ықпал жасай береді. Мұның айқын мысалы – маным. н-нің ң болып өзгеруінде етістіктің шартты райы жіктелу үлгісінің де қосқан үлесі бар сияқты. Ол әуелі ауызекі тілде барса мен > барсам, барса сен > барсаң болып қалыптасады. Соңғы мысалда сөз арасында екі «са» бунағы айтылуға қиындық келтіргеннен кейін, гаплология заңына орай, біреуі қысқарғанға ұқсайды. Осылайша ң екінші жақтың көрсеткіші есебінде тілде бекіген-ді. Тәуелдіктің І, ІІ жақ жалғаулары мен шартты райдың І,ІІ жақта жіктелу үлгісінің ұқсас болуында қалайда байқала бермейтін бір сыр бар. Тілде тәуелдік жалғауларына қарағанда жіктік жалғауларының көбірек қолданыста болатынын ескерсек, шартты райдың жіктелуінің бұрынырақ қалыптасуы және өзге категорияларға ықпал жасауы заңды. Сөйтіп, әуелде өз алдына тәуелсіз өмір сүрген грамматикалық тәуелдік мағына мен жіктеу есімдіктеріндегі грамматикалық жақтық мағына бір-біріне ажырамастай болып сіңіскеннен кейін арнаулы тәуелдік жалғауларын берді.
Тәуелдік жалғауының көне формасы бір кездегі атау септігінің көрсеткіші болатын. Жоғарыда тәуелдік жалғауының ең көне формасы *-ун (варианттары -ын, -үн, -ін) екендігін дәлелдедік. Дәл осы форма бағзы заманда атау септігінің көрсеткіші ретінде қызмет еткен. Мұны біз көне түркі жазба ескерткіштерінің материалдары арқылы дәлелдей аламыз. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі қой, төр, бар, аш, тоқ, қос т.б. – ескі, ежелгі нұсқаларда – қойун, төрүн, барын, ашын, тоқын, қосын.
Арнайы шұғылданған зерттеушінің мұндай сөздердің елеулі тобын тарихи дереккөздер арқылы анықтай алатынына күман жоқ. Өз заманында *-ун есім көрсеткіші болған. Атау септігінде жұмсалуының мәні осында.
Ерте дәуірлерде енген кірме сөздер де атау септігінің формасы *-ун (варианттары *-ын, -үн, -ін) болғандығына куәлік береді. Мысалға орыс тіліндегі самовар сөзі қазақ тіліне самауыр формасында енген. Дәл осы сөз Батыс Қазақстан облысында самаурын түрінде де айтылады. Араб тілінде Зул-Карнай «қос мүйізді» деген ұғым береді. Қазақ тілінде бұл сөз – Зұлқарнайын. Бұған атау септігінің көне формасы XVI-XVII ғасырларға дейін сақталған деген қорытынды шығаруға болады.
Егер атау септігінің ежелгі формасы *-ун (варианттары -ын, -ін, -үн) болса, біздің заманымызда ол форма қалай жойылып кеткен деген сұрақ пайда болады. Атау септігінің нақты формасы тілдің сөздік қоры аз, жұтаң кезінде өмір сүрген. Сөздік қордың баюы, қоғамдық өмірдің күрделенуіне байланысты сөздік құрамға топ-тобымен жаңа сөздердің қосылуы жағдайды өзгерткен. Атау септігінің формасы ыдырай бастаған. Ол құлын, жұлын, таутаурын, мойын, қытын, ауырын, табын, жақын сияқты толып жатқан сөздердің түбіріне сіңісіп кеткен болса, енді бір алуан сөздер үнемдеу заңының әсеріне ұшыраған. Сөйтіп, *-ун есім көрсеткіші болудан қалған. Ал изафеттік тіркестердегі *-ун формасы ілік септігінің формасы мен тәуелдік жалғауының ІІІ жақ формасына айналған. Атау септігі формасының өзге септік формаларының қалыптасуына қалай әсер еткені жөнінде келесі мақаламызда баяндағалы отырмыз.
Әдебиеттер
Сағындықұлы Б. Қазақ тілінің тарихы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011.
Айдаров Г. Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VIII века. – Алма-Ата: Наука, 1971. – 376 б.
Достарыңызбен бөлісу: |