Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН



Pdf көрінісі
бет6/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   204
Байланысты:
{CF395923-CB60-413E-9F69-F9338E1D4631}

ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН  
ДӘУІРІ МЕН ДӘСТҮРІ 
 
Аннотация: мақалада ұлттық әдебиеттану ғылымындағы Сәкен Сейфуллин дәуірі мен 
дәстүрі қарастырылды. Ғалым Сәбит Жәмбектің С.Сейфуллин жөніндегі зерттеулеріндегі 
ғылыми ойлары, тұжырымдарына баға берілді. 
Тірек сөздер: дәуір, Сәкентанушы, дерек, суреткер 
 
Данышпан жазушы Л.Н.Толстой: «Адамның қоғамнан тыс болуы ақылға сыймайды», - 
[1,32]  деген  пікірі  бар.  Біз  адамның  өмірі  мен  өнегесі,  қабілеті  мен  қызметі,  адамгершілік 
асыл  қасиеттері  туралы  танымдық  тұрғыдан  зерттеулер  жүргіземіз.  Алайда  тексеріліп 
отырған  мәселеге  қатысты  дәуір  тынысы,  қоғамдық  оқиғалар,  кезеңге  қатысты  әлеуметтік 
мәселелер  туралы  толғанбайтынымыз  таңқалдырады.  Бір  кездегі  әлемге  әмірін  жүргізген 
Кеңестер  Одағы  құлап,  ел  аңсаған  егемендікті  алдық.  Кезіндегі  Кеңес  Одағына  қатысты 
«Жасасын»,  «Даңқымыз  арта  берсін»,  «Бақ-дәулетіміз  шалқи  берсін»  деп  ұрандағандардың 
өткенін  ұмытып,  жаңа  заманның  жаңалығына  қалай  қосылғанын  көзбен  көрдік.  Советтік 
дәуір  сән-салтанатын  алға  шығару  үшін  «салт-дәстүрін  ұмытып,  жұмақ  заманның  көсемі 
Ленинді құдай қылып», оның ізін жалғастырушыларды да аспаннан асырмасақ та, асқардан 
асырып тастадық. Жаңа заманда да ел басқарған көсемдерді көкке жеткізіп, одан да асырып 
жіберуге  әрекет  етіп  жатырмыз.  Біздегі  эстетикалық  таным-түсінік  өзгермей,  этикалық 
мәдениеттің  қалыптаспағанын  өмір  көрсетті.  Жаңа  заманды  айту  үшін  өткен  өмірмен 
салыстырып, келмеске кеткен Кеңес дәуірін жамандауға жарыса кірістік. Шығыс  жұлдызы 
Рудаки: «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз...Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» [1,40] , - деген сөзі 
ойға оралады. Жанталасқан уақытта жақсылық пен жамандық үнемі айқасып келеді.  
Кеңес  дәуірінің  қиянаты  мен  кесапаты,  сұрқия  саясаты  мен  дауылды  және  жылымық 
жылдары туралы толымды, тағылымды еңбектер жарық көрді. Совет үкіметі жылдарындағы 
болған, болып кеткен оқиғаларға кінә тағып, ен таңбалауға кірістік. Сол дәуірдің айтулысы 
атанып,  сөз  бастаған  шешені,  ел  бастаған  көсемі  болғандықтан  ақиық  ақын,  ірі  қайраткер 
Сәкен  Сейфуллинді  бүгінгі  жікшіл  желөкпелер  желбуаз  сөздерімен  жақтырмайтындарын 
айтты. Бұл жағдай ақынның көзі тірісінде де болған. Бірақ, ақын орынсыз кінә таққандарға 
жауабын  беріп,  айтар  уәжін  айтып  кеткен  еді.  Кеңес  туын  көтерген  Сәкеннің  қатары 
Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің неліктен ұсталып, халық жауы ретінде атылғаны 
туралы  тарихтың  шындығын  аша  алмаған  ағайын,  бүгінгі  күні  олардың  атын  өшіруге 
жанталасып жатыр. Ондай «бөзөкпелер» бұрын да болған. Оларды бөзөкпелер деудің себебін 
бірден  нақтылап,  толықтай  түсіндіре  кетейік.  Тәуелсіздік  алуымызға  себепші  болған 
«Желтоқсан  оқиғасы»  кімнің  кім  екенін  анықтап  берді.  Біздің  бүгінгі  шешен,  көсем  болып 
жүргендер  сол  кезде  жастарды  қолдауға  жарамай,  үйді-үйлерінде  тығылып,  өсек  айтып 
жатты. Ұлттың оянуына себепкер болған сол оқиғалар аяқталып, енді сол мәселеге қатысты 
«сол» бағалар беріліп, жастарды айыптап жатқанда, үкімет деңгейінде болған үлкенді-кішілі 
жиындарда  О.Сүлейменов,  Ж.Молдағалиев,  М.Шахановтардың  қарсылықты  пікірлері 
болмаса,  көпшілігі  үнсіз  қалғаны  баршаға  аян.  Ал,  тәуелсіздік  туралы,  алашшыл  әдебиет 
өкілдері жайында әңгіме басталғанда бұрынғыны мансұқтап, жаңаны жарыса жазуға кірістік. 
Кеңес дәуірінің біздің бойымызға жақсысы жұқпай, жаманы жанды арбағаны осыдан белгілі 
болды.  Жалпы  қазіргі  және  бұрынғы  қоғамды  жайлаған  –  парақорлық,  менмендік, 
сауатсыздық дертін өз кезінде социализмнің үш жауы екендігін Ленин де ескерткен еді. Сол 
дерттің асқынуы бар кінәні бұрынғыларға жауып, өздері «сүттен – ақ, судан – таза» болуды 


11 
 
басшылар  меңгеріп  алды.  Өткен  тарихқа  көз  салсаң  таңданып,  таңқаларлық  жағдайлар  жиі 
ұшырасады.  Жалпы  жиырмасыншы  ғасырдың  алғашқы  20-30  жылдары  білімге  құштар, 
дарынды  тұлғалар  көп  шыққан.  Олардың  идеялас  болуы  біріне-бірі  қарсы  шығуы  да  көпке 
мәлім.  Сөзсіз,  жиырмасыншы  ғасыр  идеялар  соғысы  астан-кестең  оқиғаларымен 
ерекшеленеді. Түркі әлемін темірқазық еткен алашшыл көсемдер мен шешендер қалыптасып, 
елдің  ертеңі  туралы  толғанды.  Отарлаудың  негізінде  зорлық-зомбылық,  теңсіздік  пен 
тексіздік  болатындығын  көрген халықтың  ашу-ызасы  шегіне  жеткен.  Бұл  қазақ  елінде  ғана 
емес,  басқада  халықтардың  басынан  өткеріп  жатқан  тағдыр  таяғы  еді.  «Тарихтың  осындай 
зобалаңына тап болған біртуар тұлғалардың тағдыры айрықша күрделі күй кешетінін бүгінгі 
ұрпақ  терең  сезініп,    парасатпен  парықтай  білуі  қажет.  Уақыт  өткен  соң  «анау  –  алай  еді, 
мынау – былай еді» деп төрелік айту немесе үкім шығару оңайдың оңайы. Ал, қаулаған өрт, 
жөңкілген сел сияқты заманалық идеологияның жалаң қылышы төбеңде ойнап тұрған шақта 
«халқым»  деп  соққан  жүрегіңе,  «елім»  деп  егілген  болмысыңа  әрі  қиянат  жасамай,    әрі 
әрекетсіз қалмай тірлік құрып көр. Мұның бір ғана жолы бар еді, ол – «түлкі заманды тазы 
болып шалу». Дәлірек айтқанда, заманмен тіл табыса жүріп халқыңа қызмет ету, халықтың 
мүшкіл халіне араша түсу»[2, 93]. Дәл осы кезеңнің күшті идеясы, халықтың талап-тілегіне 
сай  келгені  социалистік  идея  болып,  оқып,  білім  алғандар  тарапынан  насихаттала  бастады. 
Сәкен  (Сәдуақас)  Сейфуллиннің  өмір  жолы,  халықтың  тағдыры  үшін  күресі  осы  кезеңге 
қатысты  өрбіді.  Оның  ақындығы,  жазушылығы,  қайтпас  қайсар  күрескерлігі  қоғам 
қайраткері деңгейіне көтеріп, ірі мемлекет қайраткеріне дейін жеткізді. Өмірдің өзі Сәкенді 
бірде асуларға шығарса, енді бірде аяусыз сүріндірді. Көзі тірісінде Сәкен аңызға айналып, 
«халық  жауы»  ретінде  атылса  да  ұлты  ұмытпады.  Кеңес  дәуірі  Сәкеннің  қазақ  кеңес 
әдебиетінің негізін қалаушы екендігін дәлелдеп берді. Оған оның барлық өмір жолы жауап 
бере 
алатындығы 
нақтыланды. 
Сәкентанушы 
ғалымдар, 
өнер 
қайраткерлері, 
мәдениеттанушылар  легі  қалыптасты.  Дәлел  мен  деректің  жеткілікті  екендігін  Кеңес 
дәуірінде  жазылған  желөкпе  тарихта,  жарымжан  әдебиеттану  ғылымы  мен  сөз  сүлейлері 
жазған  көркем  туындылар  түсіндіріп  тұр.  Тарихи  тұлға  туралы  «Сейфолланың  Сәкені», 
«Кездеспей  кеткен  бір  бейне»,  «Сәкен  Сейфуллин»,  «Күміс  қоңырау»,  «Сәкен  Сейфуллин 
тарихи-танымдық энциклопедия», монографиялық еңбектер мен кесек-кесек роман, повесть, 
хикаялық  шығармалар  мен  көлемді  поэмалар,  балладалар  және  көптеген  естеліктер  мен 
өлеңдер жазылды. Зерделей қарағандарға Сәкеннің датталуы емес, мақталуы басым екендігін 
айқын  білінеді.  Бүгін  бұған  қатысты  «Ол  Кеңес  дәуірі  еді  ғой»  деп  жауап  беретіндер  бар. 
Халық  ұнатпағандарын  сол  дәуірде  де  айтып,  түрін  түстеп  беріп  кеткен.  Жиырмасыншы 
ғасыр соңы Кеңес дәуірінің құлауымен тынды. Марксизм  -  Ленинизмді толық түсінбей, ең 
құрмаса  Марксті  тереңдей  оқымаған,  Хрущевтан  басталып  Горбачевқа  дейінгі  жалғасқан 
құрғақ  «ура,  ура»  елдің  есін  шығарды.  Соңғы  бас  хатшының  «Қайта  құру»  деген  ұраны 
қайтадан  құлауға  себепкер  болды.  Анығында  ұлттарды  кемсітіп,  бір  ғана  ұлтқа  тәуелді 
қылған  заманның  құлауын  жалпы  халық  қуана  қарсы  алды.  Тәуелсіздігін  алған  елдің 
өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге ұмтылатыны мәлім.  
Алғашқыда тіл, дін, әдебиет  пен тарихтың  «ақтаңлақ» беттері  туралы тың бастамалар 
көтеріліп,  ізгілікті  істер  басталды.  Бірте-бірте  бұл  мәселеге  рушылдық,  жершілдіктің 
жікшілдігі енді. Көп біле бермейтін  батырлар, шешендер, көсемдер туралы беймәлім тарих 
жазылды.  Тәуелсіздігімізге  тоқтау  салғандардың  басына  Сәкен  есімін  енгізіп,  біздің 
«Қазақстандағы  өз  қандастарымыз»  да  желпінді.  Оған  қосылған  қолшоқпарлары  әлі  де 
шоқпарларын  көтеріп,  қыр  көрсетіп  келеді.  Одағай  пікірлерге  қарсы  тұрып,  Сәкеннің  сан 
қырлы талант екендігіне айтып, Кеңес заманында қателіктер әркімнің басында болғандығын 
айтқандар да болды. Бұл тұрғыда бүгінгі мерейтой иесі Жәмбек Сәбит Нұрмұхамбетұлы да 
бар  еді.  Ол  өзінің  ақиық  ақынға  арналған  ой-пікірлерінде  ХХ  ғасыр  басындағы  әдеби 
шығармашылық,  әдеби  дәстүр  мен  ұлттық  әдебиеттің  дамуына  Сәкендер  бастаған  топтың 
үлес салмағын дұрыс  саралап берді.  [38-50;  15-20]. Бұндай бағалы пікірлерге қарама-қарсы 
айтылған  жайлар  да  орнады.  Өмірде  жоқ  адамдар  туралы  көсіліп,  өтірікті  өрбіте  айту 
оңайлау  болса  керек.  Алғаш  алашшыл  айтулы  тұлғалар  ақталып,  тарихымызға  оралғанда 


12 
 
Сәкен,  Бейімбет,  Ілияс,  Сәбит,  Ғабит,  және  т.б.  енді  оқу  бағдарламаларынан  шығады 
дегендер  де  болды.  Солардың  ішінде  көбірек  шүйілгені  Сәкен  Сейфуллин  еді.  Егер  сол 
болмағанда Совет үкіметіне енбей, өз алдымызға «Алашорда мемлекеті болып тұратын едік» 
дегенді де асыға айтты. Тарихқа үкім айтып, оған тексеру жүргізу уақыт, кезең, дәуір, мезгіл 
деген  ұғымдарға  қарамайтын  сәттерді  бастан  өткеріп  жатырмыз.  Кеңес  әдебиетін 
жасаушылар «Бірыңғай ағым» теориясын қалыптастырып, көбіне дәулетті, байларды жеріне 
жеткізе  жамандауды  дәстүрге  айналдырды.  Бүгінгі  әдебиетші  ғалымдар,  жазушы-ақындар 
байларды  бірыңғай  мақтауды  бүгінгі  сөз  өнеріне  орнықтыра  бастады.  «Жалпы  бұрында  да 
және  бүгінде  де  кедейлік  жоқ  екен.  Бабаларымыз  бай,  текті,  өжет,  өнерлі  екен.  Реализмді 
кейінге ысырып, романтизмге қайта көштік».  
Көркем өнердің басты шыңы  – оның шындықты шырқата алуында.  Сәкен Сейфуллин 
жырлаған туған жер, өнер-білім, достық пен махаббат, т.б. сандаған тақырыптардың бәрінде 
де,  оның  шындықтан  алыс  кетпегендігін  ұлы  М.Әуезовтен  бастап  [4],  С.Мұқанов  [5], 
Ғ.Мүсірепов  [6],  Ғ.Мұстафин  [7],  Е.Ысмайылов  [8],  С.Қирабаев  [9],  Т.Кәкішев  [10],  т.б. 
зерттеулерінде  айтылды  [4,5,6,7,8,9,10].Солай  десек  те,  «Сәкеннің  шыншылдығы  неде?» 
деген  сауалға  көбіне  оның  төңкерісшіл  ақын  екендігін  алға  тартқан  жауаптар  көп.  Бұл 
заманның  ызғары  мен  ызбарынан  қаймыққандықтан  айтылған  саясаттанған  тұжырым. 
Біздіңше  қандай  шайырдың  шыншылдығы  –  оның  сезімталдығы  арқылы  аңғарылады. 
«Суреткер  өз  елінің,  өз  табының  сезімталы,  оның  құлағы,  көзі  мен  жүрегі»,  -  деп,  М. 
Горькийдің  айтуы  соның  дәлелі.  Шытырман  оқиғалар  ортасындағы  Сәкен  қоғамдық 
құбылыстарды  қалай  көріп,  танып-түсінсе,  солай  жырлап  шықты.  Ақынның  құдіреті 
көргенін  дәлдікпен  бере  алып,  ақ-қарасын  басқа  пенделерден  бұрын  ажыратқандығы.  Бұл 
барлық ақындарға тән қасиет. Дүние туралы барлық пенделер толғанады. Жалғанды шындық 
пен  өрлестіру  талант  тұжырымы,  ақын  шеберлігінде  жатыр.  Әйгілі  Төле  бидің  «Бидің 
айтқанын  құл  да  айтады,  бірақ  аузының  дуасы  жоқ»,-  деуі  сондықтан.  Ақын  қоғамдағы 
болып жатқан оқиғалардан бейтарап қала алмайтындығын Сәкен де көрсетті. Өзінің анасына 
арналған  алғашқы  өлеңдері,  туған  жерге  байланысты  туындыларынан  бастап  адамгершілік, 
ел  мен  жерге  деген  сүйіспеншілікті  биікке  көтере  алған.  Бұған  Сәкеннің  «Туған  жер», 
«Жазғы  кеш»,  «Нұра»,  «Боранда»,  «Бабаларыма»,  «Біздің  жақта»,  "Жазғытұры"  т.  б. 
өлендерін  атауға  болады.  Ал,  махаббат  сезімін,  сұлулықты  жырлаудағы  «Құмарым», 
«Жүрегімнің  соққаны»,  «Толқын»,  «Арқа  сұлуына»,  «Сәулем»,  «Жаңа  жыл»  т.  б. 
лирикаларынан  мәңгілік  тақырыпқа  қосқан  шайырдың  өзіне  тән  шеберлігін  танисың.  
Сәкендегі  сезім  сұрапылы,  жан  сыры  барынша  оның  лирикалық  шығармалары  арқылы 
ашылады.  Адалдық  пен  арамдық  ақынның  өмір  турасындағы  өзекті  тақырыбы  екендігі 
Сәкеннің достық-махаббат, адам және табиғат т. б. шығармаларынан анғарылатыны аян. Бұл 
мәселеде Сәкеннің «Сыр сандығы» сандаған ұрпақ санасына сәуле боларлық бір биік белес. 
Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» дегені Сәкен тарапынан 
барынша ашыла түскен. Мысалы: 
Әр адамның ішкі сыры, 
Берік қойма сақталған. 
Сол қойманың бір түкпірін, 
Достың досы – ақ ақтарған, - 
дегендегі шын достық пен жалған достықтың мән-мағынасы таразыға тамаша 
шеберлікпен тартылады. Сөйтіп, сатқындықтың кімнен шығатындығы өнер 
тілімен түсіндіріледі. 
Шырқ айналар шіркін тауық, 
Жемің болса, қолыңда. 
Қайдағысы сені тауып, 
Топырлайды жолыңда. 
«Досыңмын» деп ант береді. 
Жем іздеген жанама. 
Жем таусылса жалт береді, 


13 
 
Сенерлік  дос,  санама!,  -деуі  шын  мәніндегі  Сәкендей  турашыл,  таза,  табанды  адами 
қасиеті  жоғары  жандардың  атынан  айтылса  керек.  Ғасырға  жуық  киелі  киік  атты  жануарға 
арналған  «Ақсақ  киік»  атты  аллегориялық  тамаша  толғауы  өзіне  сай  лайықты  мақаммен 
ұрпаққа ән болып жатталып, жыр болып таралды. Ақынның көңіл толқынын танытып, терең 
тебіренісін  білдіретін  бұндай  өлеңдері  лашын,  аққу  құстарға  арналған  лирикалық  көркем 
туындыларынан  ерекше  аңғарылатындығы  ұрпақ  зердесінен  шықпақ  емес.  Рас,  Сәкен 
революция  жыршысы екендігі мәлім. Бұл тақырыпқа біреу ерте, енді бірі кеш келді. Шым-
шытырық,  аласапыран  оқиғалар  қалай  да  қоғамға  өзгеріс  керектігін  көрсетті.  Бұл  істе 
жарамсақ  өнер  өкілдері  күштілердің  қолшоқпарына  айналса,  ел  қамын,  азаттық  жолын 
іздегендердің өзі түрлі бағыт-бағдар ұстады. Заман ағымы сан тарау жолдарды алға тартып, 
тура  даңғылдың  табылуы  таңдауға  түсті.  Отаршылдықтан  құтылып,  жаңаша  өмірдің 
бастауын  Сәкен  атақты  «Балуан  шолақ»  өлеңінде  де  көрсеткен  еді.  Отарлаудан  кейінгі 
замандағы  өркениетке  жеткен  Европаның  сұғанақтығын,  Азияға  көз  тігуіндегі  астарлы 
саясатты  тап  басып  сипаттаған  «Азия»,  «Қара  бүркіт»  өлеңдері  бұл  күнде  С.Сейфуллин 
шығармаларына енбей қалған.  
Мәселен, «Азия» өлеңінде: 
«Сұм Европа! Арам, залым тас болдың, 
Бүліншілік, жауыздыққа бас болдың. 
Адамзатқа жол көрсеткен ерлерге,  
Мұнша  неге,  уа,  Европа  қас  болдың?»,  -  десе:  «Қара  бүркітте»  осы  пікір  одан  әрі 
жалғасады: 
«Көп қорқау сыртыңнан жүр тісін қайрап,  
Борсықтар жорғалап жүр іші қайнап, 
Інінде қара жылан жатыр бұғып, 
«Шақсам» деп, аңдып сені, көзі жайнап». 
Бұл  ақынның  Азияға  қатысты  ұстанымы.  Бұдан  кейінгі  туындылары  оқу-білімге 
арналды. Тақырыптық жағынан Сәкеннің оку-білім туралы түсінігі Ыбырай, Сұлтанмахмұт, 
Сәбит  Дөнентаев  және  т.  б.  үндеседі.  Қазақ  поэзиясының  майталманы  Мағжан  ла  бұл 
тақырыпқа теріс карамаған. Ақынның революцияға арналған өлендерінде де оқу-білім қалыс 
қалмайды.  Төңкерістің  сол  арқылы  баянды  болатындығы  тұжырымдалады.  Бұған  оның 
«Жолдастар»,  «Кімде  кімнің  тасқын  судай  қайраты»,  «Кел,  жігіттер»,  «Жас  қазақ 
марсельезасы»  және  Ленинге  арналған  өлең-жырлары  дәлел  бола  алады.  Революция 
жеңісінен  кейінгі  түрлі  өзгерістердің  бәрі  де  өнер-білім  жетістігі  болып  ақын  өлеңдерінде 
мақтанышпен  жырланады.  Отарба,  автомобиль,  трактор,  аэроплан,  т.  б.  Сәкен  өлендерінен 
табылуы бұған айғақ. 
Қазіргі  көзқарас  тұрғысынан  Сәкеннің  төнкеріске  қатысты  туындыларының  құны 
арзан,  айтары  айғай-шу,  даңғаза  дақпырт  екендігі  туралы  пайымдаулар  барлығын  несіне 
жасырайык.  Бұдан  «Сәкеннің  беделі  түсіп,  шыққан  биігі  аласарып  қалатын  болды-ау»  деп 
алаңдайтындардың  көп  екені  тағы  да  аян.  Ашу-ызадан  айбарлы  сес  көрсету  сәттері  де 
кездесіп  қалатыны  бар.  Керек  десеңіз,  осы  істе  дүрдараз  болып,  бір-бірімен  аралары 
алшақтап  бара  жатқан  жандар  да  баршылық.  Ақын  қаламынан  туған  төңкеріс  тақырыбы 
негізінен бүгінгі таңдағы жершілдік, жікшілдік, рушылдық т. б. астамшылықпен байланысып 
жатыр.  Бүгінгі  біздің  көріп  жүргеніміз  оның  қасында  түк  те  емес.  Екінші,  Сәкенді 
төңкерісшіл  кылған  бұл  қоғамның  өзі  еді.  Қамауға  алынып,  азапты  жолдардан  өткен  ақын 
шығармашылығы бұдан әрі біржола өршелене түсті. Керек десеңіз, бұл істе Сәкеннің көркем 
сөздегі барлық қырын ашады. 
Ақын Сәкен енді журналист, прозайк, драматург, педагог т. б. өнерімен танылды. Ақын 
ретінде көлемді поэмалар жазса, драматург ретіндегі шығармалары сахнаға шықты. Асығыс 
естелік,  романдар  жазылды.  Көлемді  әңгіме,  повесть,  новеллалары  жарыққа  шығып  жатты. 
Соның бәрінде де революция ісі мен жеңісі қалыс қалмады. Бұл тұста ұлтжанды тұлғалардың 
бірі  таза  ұлтшылдық  бағытқа  түссе,  келесілері  төңкерісшіл  ақындар  болып  қалыптасты. 
«Төңкерісшіл  ақындар»  деп  қанша  қараласақ  та  ұлтын  мүлде  ұмытып,  тілі  мен  ғұрып-


14 
 
салтына  сатқындық  жасағаны  болған  жоқ.  Туған  халқына  сәуле  түсірудің  жолын  іздеп, 
аласұрып, шатасуы көп шытырман жолдан өтті. Құлай сенген жаңа үкіметтен үмітінің отын 
жағып,  ел  басқарған  Сәкен  өзінің  басқару  ісін  «Кеңселерде  іс  қазақ  тілінде  жүрсін»  , 
«Қазақты қазақ дейік» деген ұлтына адалдығымен бастады. Бұл тұрғыда алаштың айтулысы 
Әлімхан Ермековтің : «Сәкенді  «Қызылдар»  жағында, ал бізді  «Алашорда» жағында болды 
демесеңдер, Сәкен бізден гөрі әлдеқайда ұлтшыл еді» дегені әділ айтылған ақиқат.  
Алаштың  айтулылары  А.  Байтұрсынов,  М.  Жұмабаев,  М.  Дулатовтар  шығысы  шырақ 
тұтып, түбі бір түркі әлемін темірқазық етсе, өркениетке тез жетудің төте жолын Европадан 
іздегендер батысқа біржола бет бұрды. Сөзсіз, Сәкен Батыстың бұқарашыл бағытын қостады. 
Бірлік  пен  теңдік,  азаттық  пен  бостандыққа  шақырған  ұрандар  халықтан  қолдау  тапқаны 
шындық.  Мәселен,    сол  «керемет»  идеяның  жүзеге  асырылуы  каншама  кесапат  әкеліп, 
айтушылардың  өзін  сан  соқтырды.  Сенгенінен  секем  алдыртып,  әділдік  туралы  толғаныс 
теңіздей  толқыды.  Сәкен  бұл  кезеңде  бұқара  халықтың  көксеген  арман-тілегі  жүзеге  аспай 
жатқанын  журналист,  жазушы  және  ақын  ретінде  сынады.  Оның  қаламынан  «Тұрмыс 
толқынында», «Қызыл ат» т. б. туындылар жазылды. Қаншама айтыстар өтіп, әміршіл өктем 
саясат  Сәкенге  өз  дегенін  істетті.  Өз  қолымен  құрған  жаңа  қоғам  өзектен  итеріп,  ұлтшыл, 
алашордашыл  деген  ат  тағып,  ақыры  «халық  жауы»  деген  қорытынды  жасап,  соңында 
аярлықпен  атты.  Атқызғандар  алақан  соғып,  ерін  жоктаған  есіл  елдің  есі  жиылмай,  азалы 
әнін  әлі  айтып  келеді.  Жұрт  жазушының  «Жұбату»,  «Кыр  балалары»,  «Сырын  білмей  – 
сыртына сенбе», «Бандыны қуған Хамит», «Айша», т. б. әңгіме-повестерін, «Кеңселерде істі 
қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Ашық хат», «Түркияның жайы», «Шаш қырқу туралы» т. б. 
жазғандарын оқып өзді-өзін жұбатты. 
Ақын  келмеске  кетті.  Өнер  өрені  өмірден  өтсе  де,  көңілден  кетпеді.  Сандаған  ұрпақ 
Сәкенге  деген  өз  сезімін  білдіріп,  таланттың  көркемдік  дәрежесі  жоғары  шығармаларын 
асыра  айтып,  ағат  деген  кемшіл  тұстарына  үңіле  бастады.  Әділі  солай…Төрт  құбыласы 
түгел,  фәниден  шатаспай  өткен  пенде  жоқ.  Жұмыр  басты  пенделерден  оқшау  тұрған 
Сәкеннің жетпес жетістіктерін жеткізе алмай келе жатқанымыз болмаса… 
Сейфолланың Сәкені өмірге келу мен өмірден өту барын ерте түсінген. 
Келте ғұмырдың мән-мағынасын өлеңмен түйіндеген. 
Адам керуен, өмір жол, 
Ешкімге жат із емес. 
Жолмен көшкен керуеннің, 
Алды-артыда біз емес, - деп, сөз түйінін былайша тұжырымдайды: 
«Керуен көшер, керуен қонар –  
Үйреншікті әңгіме. 
Бізден қалар талай белгі,  
Кейінгіге, мәңгіге».  
Бұл  өзінің  өнеріне  сенген  Сәкеннің  сөзі.  Таразыға  қалай  салсақ  та,  айтулы  азаматтың 
өнердің  жүгін  ақын,  сазгер,  жазушы,  мәдениеттанушы,  әнші-күйші  болып  өткергені  аян. 
Бұған  оның  қоғамдық  ісін,  қайтпас  қайраткерлігін  қосыңыз.  Қайран  қайсарым,  шіркін 
адастырмас шырағым дегенді қайталайсың. Иә, солай, солай бола бермек.  
Бұл дарынның дәуірі мен өшпес өнердегі дәстүрі. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1  Даналардан шыққан сөз: Нақылдар жинағы. – Алматы: Мектеп, 1987. – 383 б. 
2  Жарқырайды Жаңарқаның жұлдызы. Қарағанды: «Болашақ-Баспа» РББ, 2009. – 314 б. 
3  Сәбит Жәнбек «Тұрсынбек Кәкішұлы және қазақ әдебиеттану ғылымының дамуы». – Көкшетау: 2007 
– Б.38-50; Сәбит Жәнбек «Сәкен Жүнісов және ұлттық мәдениет». – Көкшетау, 2007. 15-20бб. 
4  Әуезов М. Шыншыл тәкаббар ақын//Соц.Қазақстан. 1936. 12 шілде. 
5  Мұқанов  С.  Қазақ  әдебиетінде  жаңа  эра//С.Сейфуллин  энциклопедиясы.  –  Алматы:  «Темірқазық» 
баспасы, 2010. – Б.9-11. 

Мусрепов Г. Вдохновение борьбы и творчество. Правда.1964. 25 октябрь. 

Мустафин Ғ. Ой әуендері. – Алматы: Жазушы, 1978. – Б.269-271. 

Ысмайлов Е. Ақын және революция. – Алматы: 1964. – 320 б. 


15 
 

Қирабаев С. Сәкен Сейфуллин. – Астана: Фоллант, 2002. – 225 б. 
10  Кәкішұлы Т. Мағжан – Сәкен. – Алматы: Қазақ унив-ті, 1999. – 448 б. 
 
ӘОЖ 81’342.003.23 
ЖАҚЫПОВ ЖАНТАС АЛТАЙҰЛЫ 
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,  
Нұр-Сұлтан, Қазақстан  


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет